Әңгімелер ✍️
Жанқайғы
Темірші Шыңғысхан дала империясын құра білді. «Ол өзін қорғаған, өзін асырап баққан ұлы Дала алдында мәңгілік басын иіп өтті», — деп жазылған шежіреде.
«Құпия шежіре» көне моңғол тілінде 1230 жылы Үгедей ханның тұсында Цодоо аралында жазылған. Авторы беймәлім. Тілі — көне моңғолша, қытай ироглифімен хатқа түскен. Шежіре тұңғыш рет 1979 жылы Өлгей қаласында қазақша басылып шықты. Аудармашы Мағауия Сұлтания есімді Қытайдағы жоғарғы оқу орнын тәмәмдаған көзі ашық, көкірегі ояу, моңғол қазағы. Үстінен қайта қаралған, үшінші мәрте өңделген данасын «Жұлдыз» журналына салып жіберіпті. Әлгі данасы «Жұлдыз» журналының 1990 жылғы 5 нөміріне тұтастай жарияланған еді. Көне қытай ироглифімен жазылған ежелгі моңғол шежіресінің қазіргі қазақ тіліне түскен мәтінін оқып отырып ойға шомғаным еске түседі.
1980 жылы «Құпия шежіренің» 750 жылдығы Ұлан— Баторда бүкілхалықтық мереке болып дүркіреп өтті. Сол кездегі келеңсіз — империялық қыспақтың әсерінен өз басым шақыртылып тұрып «Шежіре» тойына бара алмай қалдым. Өкініштен өзегім өртенді.
Бір кезде Александр Македонский құрған алып империя бас иесі бақи жалғанға озғасын он жылға жетпей ыдырап, бөлшектеніп кетті. Жолбарыс жүректі, білімпаз Юлий Цезарь құрған алып империя өзі өлгеннен кейін он екі жыл ғана өмір сүрді. Соңынан суға кеткен кемедей болып Рим империясы ыдырады. Жыртқыш жеп кеткен жемтік— өлік іспетті — саудырап сүйегі қалды.
Мұның керісінше, Темірші Шыңғысхан құрған ұлы далалықтар бес жүз жылға дейін дүниені ат дүбірімен сілкіп оятып тұрды. Құрбанғали Халид жазған «Тауарих хамса — бес тарих» кітабында Жошы билеген Ақ Орда ұлысы 260 жыл салтанат құрды дейді.
«Ұлы даланы көзінің қарашығындай жанталаса қорғап шығыстан сұғынған қытай богдыханына, батысынан бөркі шошаңдаған славянға, түстігінен қайқы қылышын көлденең ұстап сәлдесін шұбалтып жеткен араб халифатына жұтылып кетпей, ру— тайпалық құрылымын сақтап, ел болып, етек жауып, билер сотына құлақ ұрып ұйыса білген құпиясы неде» деп көп ойландым. Көз алдыма бабалар аруағын қайыра бір тізіліп өтті. Сонда ғой... баяғы «Моңғолдың құпия шежіресіндегі» жалғыз сөйлемге кідіріп қалдым.
Қият руынан шыққан, түрк тұқымдас Темірші Шыңғысхан бірде Цзинь империясынан, келесіде керей ханы Ван Ханнан, өзге де әскери күштен жеңіліс тапса— ақ
қол күшін тас түйін сығымдаймын, сәтсіздіктен сабақ аламын, ұлыстық жүйені жетілдіремін, орданы орнықтырамын деп Күреңқасқа сәйгүлігіне міне салып, мігірсіз жазира далаға тартып отырады екен.
Соңына аз ғана торғауыты әзер ілеседі. Темірші Шыңғысхан сол шапқаннан мол шауып, қиыр кеңісті көзіне толтырып, құлапәре құйғыта жосып өкпесі күйіп, әбден әлсіреген кезде атынан түсе қалып... селеулі, жусанды жазыққа маңдайын төсеп... ұлы Далаға мінажат етіп, тізерлеп отырып күңіреніп тұрып:
— Жанқайғым жалғыз өзің! — деп үздігіпті.
— Мәңгілік басымды иіп өтем! — деп жалбарынып бойына шымыр— шымыр күш құятын болған.
Көк бұлт болып үйіріліп, желмен жетіп, басынан, шашынан сипап, қолтығынан демеп үн қатады сонда ұлы Дала:
— Түрегел, ұлым, ұлы Далаға қандай қарыздар болсаң — ұлы Дала саған қарыздар, мерейін өсір, құлашын жаз, түпсіз аспан мен шексіз жердің қыбырлаған пенделеріне мына даланың құдіретін сездіре жүр! — деп күңірене түсіп бойына күш— қуат дарытатын болған.
Темірші Шыңғысхан кеңдікті жүрегімен сезініп қана ұлы империяның өмір жасын бес жүз жылға ұзартқан екен.
Кеңдікке бас иіп қана жанқайғысын ұмытыпты. Әркімнің жанқайғысы — туған жері, жазира даласы болғанға не жетсін, іншалла!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter