Әңгімелер ✍️
Әмір Темірмен ұстасып нең бар, ханзадам
1974 жылдың маусымында Қырымға жол алып, ондағы теңіз жағалауына орын тепкен Ялта қаласының кіндігінде төбешік үстіндегі жазушылар демалыс үйінде шығармашылықпен айналысудың сәті түсті. Қасымда зайыбым бар. Теңіздің тұзды суы иін қолтықтағы тас шемен бөгенге асылып ойнап, кейде тынымсыз ойнампаз баладай мінезге түсіп майда толқынын секіртсе, енді бірде күшті арыстан жалды толқындары жағаны қарш-қарш шайнап кісіні түршіктіре түседі. Күніге бір мезгіл теңізге шомыламыз, қалған уақыт қаланы аралауға, я болмаса бөлмеге қамалып алып қағаз шұқылауға кетеді. Аптасына бір мәрте жарты аралдың ортасындағы Бақшасарайға саяхат ұйымдастырылады екен. Баяғы Қырым хандығының ордасы орын тепкен тарихи жәдігерді, Пушкин шабытына қанат берген фонтанды көрермін деген дәмемен сол сапарға күнілгері жазылып қойғам. Көп күттірмеді. Мерзімді, уәделі уақыт келіп жетті. Демалыс үйінің басшылары саяхатқа өз-өзінен сусып тұрған су жаңа автобус бөліпті. Зайыбым жол алыс, сапардың біраз бөлігі жаяу сабылумен өтеді деген сылтаумен жүрексініп бармай қалған.
Әрқилы ұлт өкілдеріне қосылып, жасымыз, жасамысымыз бар, автобусқа үйіліп мініп Қырымның кіндік ортасына тартып кеттік. Жүйрік көлік әуелі күннің шығысын бетке алып теңізді жағалап біраз жүрді де сол жақ қабаққа көсіліп шығып алды-дағы біраздасын мидай жазыққа түсті. Жол бұралаң. Тасы, құмы араласып жалаңаштанып қалған жауыр тұста көлік мимырттап жүрісі баяулайды. Асфальты тозбаған жолда ышқынып жолды ұзарта түседі. Теңіз көп көрім артымызда сары сағымға жұтылып қала берді. Бір сағатқа жуық толассыз жосыған жүйрік сәске түсте қалың адырға келіп кірді. Тау дейтін көрініп, нұсқаланып тұрған тау емес, жайпиған жазық та емес, ұңғыл-шұңғылы азынаған жынысқа келіп кірдік. Біраздасын қара адырлар Абай, Мұхтар туып өскен Шыңғыстау бұйратына ұқсап, көзді тартып, қарақошқыл көгілдір бояуға алмасты. Сарғайған сахара таусылып, қолдың саласындай қара адыр басталды.
«Қырымның қырық батырында» жырланған көне қоныс осы. Алып кесірткенің қаңқасына ұқсап көлденең сұлай түсіп Бахшасарай тауы жатты. Былай көзге қымызға мас болып, арсасы шығып, шапанына жантайып ұйқыға кеткен кәріге ұқсайды. Жолбасшы әйел аузы-аузына жұқпай айтып келеді. Аяқ басқан сайын татар, мұсылманша жер аттарына кезігесің. Терең сай табанында Керейханның ақ сарайы, бір кезде көздің жасындай су тамшылатқан фонтандар, әуіздер, саябаққа малынған гарем, мәрмәр басқыш, шаң басқан бөлмелер көңілді әрқалай ойға жетелеп дегбіріңді ала түседі. «Мына тұста Қырым ханы елшілерді қабылдайтын болған», «мына алқапта әскерін сапқа тұрғызып жорыққа әзірленген», «алдымыздағы үлкен тау жау келгенде қашып тығылатын қорған болған...» айтып келеді, ұғындырып береді. Ой, пәлі-ай, бұл не деген мұңлы өлке еді! Жақпар тасты кесекше өріп сарай салған, сүрлеу, соқпақтарын мың бұралтып әсемдеген, әр тұста намаз оқитын мешіт сұлбасы қалқияды. Жолбасшыға сауал қоямын:
— Жер-су аттары бәрі татарша, хан ордасы мынау, мінажат етер мешіті анау, енді осы жер иесі, аңыз иесі — халық қайда?
— Азғантай татар хандығы осынау аймақты бес-алты ғасыр билеп тұрған, көріңде өкіргір Тоқтамыс хан уағында орыстардан алым-салық алған, салық төлемейсің деп орыс княздерінің басына әңгір таяқ ойнатқан, елшілерін ұстап алып жалаңаштап сабаған.
— Сол байбатшалардың тұқым-тұяғы сағымға ұқсап, буға айналып жоғалған ба?
— Көріңде өкіргір Сталин татарлардың былайғы ұрпағын Ташкент түбіне жер аударған, сазайын тартқызған сөйтіп.
Көрде тұр. Мына орыс жолбасшымыз ұлтшылдық намысымен ауырған адам болып шықты, тарихты көрнеу бұрмалап тұр. Бес-алты ғасыр бойына мына Қырымды билеп-төстеген, қамал салған, мешіт тұрғызған татар ұлысын көпе-көрнеу телпегін теріс айналдырып кигізіп әйкәпір атандырып келімсекке телиді. «Қырым» деп жер атын қойған, бойында қырым еті қалғанша азаппен, бейнетпен жүріп осынау тасты жерге су шығарған, қала салған, әуіз орнатқан, түтін түтетіп, ұрпақ қалдырған татардың тұқым-тұяғын жексұрын ете сөйлейді. Екі сөзінің бірі гарем ұстаған, ханзадасы елушақты әйел алған, мына іргедегі орыс княздерінен қоқаңдап салық алған... Бақшасарайды аралап тамашалаған соң, ұшқан тырнаша тізбектеліп, біріміздің соңымызға біріміз ілесіп түстік жақты бетке алдық. Жалғызаяқ жол тауға өрледі. Баспалдақтап көтерілген сайын қара тастың қыр арқасы биіктей берді. Көп жүріп, тізбектеліп, ақырында биік таудың басына шықтық.
Ең ғажабы, сол жағымыз тік құлама жар, көз ұшында жыланша иретіліп өзен ағады. Оң жағымыз жайпақ жота, түйетайлы күдіс бел. Жүріп келе жатқан жалғызаяқ жолды жапса табиғи қорғанның ішінде қаласыз. Биікке көтерілген кезде манағы хан ордасы, рабат, керуен сарай, үлкен тас жол түгелімен төменге лықсып, біздер биікте қалдық. Азынаған жел қалпақты ұшыра жаздайды. Ол кезде жас бикештер қуықтай шалбар кимейтін рәсім, жел кеулеген көйлектерінің етегін қолмен басып, тізесін бүгіп, бүгежектеп әлек. Жолбасшының дауысы еміс-еміс: «Тұтқиылдан күші басым жау келсе әлгі көріңде өкіргір татар ханы қатын-қалашымен осынау тау басына шығып кететін болған, соңындағы жалғыз аяқ сүрлеуге көз мергендерін қойған, сөйтіп өкшелеген жауларын бір-бірлеп атып тауысқан, тауыспаса да титығына жеткен...» Мына мырың ығыспа сөзден жалығып шеткен шығып кеткем. Шың басында тастан өріп, шегендеп салған төртқұлақ жәдігер тұр. Тұрқы кісі бойы. Тақап келіп, айнала жүріп қызықтап қарай бастадым. Бір бұрышына орысша, жәдитше жазылған темір тақта ілінген. «Тохтамыш бегім Ханша бибі» деген жазуды оқыдым. Жәдігер тасын ақырын қолмен сыйпап мінәжат еттім. Соңымнан салып ұрып жеткен жолбасшы: «Бұл Тоқтамыс ханның сүйікті қызының мазары», — деді. «Өзі қайда, қашан көз жұмғанын итім біліп пе, әйтеуір орыс княздерімен қырқысып жүргенде опат болса керек...»
Қырым жарты аралының кіндік ортасы. Аңылжыған аспан астында көсіліп жатқан адырлы тау. Оншалық биік те, үлкен де емес. Көп жері кәрі Шыңғыстауға ұқсайды. Таудан әрі бұлым-бұлым белдер, көз сүрінтпейтін көгілдір сахара, азынаған жел. Жәдігердің қуыс-қуысын еркін аралаған мұздай жел қыздың сыңсып жылағаны секілді аса мұңлы сарын шығарады екен. Тыңдап тұрып төбе құйқаң шымырлайды. Көкірегіңнен мұң оянады. «Бұл көңілсіз дүниеден көп жыл өтер. Кім білер, жабырқаңқы жазған сөзім, жібермей, көп тоқтатар оның көзін. Жолаушы жол үстінде тамаша еткен, сықылды өткен жанның бір күмбезін». Қара тастан келістіріп соққан күмбезді жәдігер. Алтын орданың іргесін бекітемін, шілдің қиындай бытырап кетуден сақтаймын деп ат үстінде жарты ғасырға жуық салпақтаған әйгілі батыр, ақсүйек Жошының тұқымы, Тойқожаның ержүрек ұлы. Ат үстінде салпақтап жүріп Әмір Темірмен төрт мәрте ұлы майданда қылыш суырып ұрысқа шыққан. Ең соңғы рет 1395 жылы долы Терек өзенінің жағасында ашық майдан ашып, жан берісіп, жан алысып жұлқысып жүріп, ақырында туы жығылды. Тоқтамыстың осынау жеңілісіне арнап шығарылған жоқтаудың өзі қалың том кітап. Осынау сырбаз әке, сардар қолбасының кіндігінен тараған Ханша Бибі арудың жер шетінде, Қырым тауының биігінде, белгісіз елдің төрінде тас жастанып жатысы мынау. Көзге сары сағым үйірілсе, көңілге қаяулы мұң жиналады. Ұлы дүбірге деген есте жоқ ескі сағыныш оянады.
Тоқтамыс — Дәшті-қыпшақ ұлысының соңғы тұлғасы. Жеті жыл бойына жалауын желбіреткен сары тақым қолбасы, көшбасшысы. Еңку-еңку жер шолып еңіреп өткен жоқшысы. Андысқан жау алмай қоймайды. Желкеден орыс княздері бұлт боп үйірілсе, түстігінен Әмір Темір сары масадай сарбазын өргізіп еш тыншытпайды, қос арыстанның қыспағында жанұшырған күдіс жонды көк бөріге ұқсады.
Асау толқынын тасқа ұрып, бүктетіле жосып жатқан Терек өзенінің жағасында самсаған сары қолды тізіп қойып, дауылпазды дүңкілдете соғып, екі жақ ұлы майданға лап қойды. Бұл 1395 жылғы сәуір айының жаңасы болатын. Кіреуке сауыт сөгіліп, жебе ысқырып, нешеме боздақ үшкір найзаға арандап ат жалын құшты. Ақырында Тоқтамыс қолы жеңіліс тапты. Бұл жеңіліс Еділ бойындағы Хажы тархан, Қазан қалаларының орыс иелігіне өтіп, Алтын орданың іргесін шайқалтып, көп ұзамай шаңырағын ортасына түсірді.
Орыс княздері еңсесін көтерді.
1410 жылғы Грюнвальд майданының орыстар пайдасына шешілуін жеделдетті.
Батыс еуропа ақсүйектерінің, корольдерінің жүрегіндегі үрейді басты, дірілді азайтты.
Әмір Темір жорығы Дәшті-қыпшақтың бәсін төмендетіп, тоз-тоз етіп, есесіне орыс ұлысының тарих алдында іргелі мемлекет болуына есік ашып берді. Кейде ойлайсың, ескіден қалмай келе жатқан, қазаққа қырсық боп жабысқан осы күнгі қазекемнің жершілдік, рушылдық ауруы Тоқтамыс қолының жеңіліс тауып, Әмір Темір қылышының үстем шығуынан басталды ма деп. Тоқтамыс пен Әмір Темір аттан түспей, еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алып жортуыл жұлқыспен жүрген кезде еуропаның ақсүйектері сарай есігін тарса жауып, мұнара көзінен дүрбі салып, маң далада бір-бірімен қанжоса болып шайнасқан ұлы даланың қос шерісін сырттан бағып:
— Шайнаса түс, күшім-күшім!.. Азулассаң азулас, бірің өліп бірің қал, шоқ-шоқ!.. — дескен.
— Қай жеңгенің біздікі! — дескен.
— Тоқтамыс жеңілсе орыстың басына бақ орнайды, берекесіз княздіктер Мәскеуге бағынады, түтіні тік шыға бастайды. Әмір Темір жеңілсе қақпамыздың алдынан ат дүбірі кетпейді, қатынымыз жалпақ бет, қысық көз перзент тууды үдетеді, — деп шыжкөбелек болысты.
Маң дала, тау бөктеріндегі сойқан соғыста Әмір Темірдің қолы тілегендей жеңіске жетіп, Тоқтамыстың туы құлады. Әйгілі Дәшті-қыпшақ жолбарысы санынан жараланып есік пен төрдей бозқасқа тұлпарды көсілтіп, гөй-гөйін салып, майдан даласын тастап, жан әупірім сытылып шыққан еді. Күн қанқызылданып батып бара жатқан. Алтын Орданың осымен күні батты, күші ыдырады. Жошы әулетінің басына бұлт үйіріліп, түлкі бұлаң, жалтақ, зобалаң заман басталды деп ат жалын құшқан Тоқтамыс өксіп-өксіп жылады. Өкпе тұстан ой-бауырымдаған жоқтау құлағында жаңғырып тұрып алды.
Сол атойлы жойқын жосқыннан бес жүз жетпіс тоғыз жыл өте... Тоқтамыстың аруағын аспандатқан, көгілдір байрағын желбіреткен биік үстінде, жел өтінде тұрмын. Айнала көгілжім кеңіс. Ханша бибінің мазарын шырқ айналып қараймын, қараймын да бес жарым ғасыр бұрынғы қанды шайқас-ұрыс дүбірін еміс-еміс естігендей сезінем. Алыс қиырларға көз саламын. Сары сағым арасынан Дәшті-қыпшақ сарбазының сұлбасын көргендей боламын, қадала-қадала жанарым талады.
— Әй, бозбала, қайдағыны ойлап қиялдап тұрып автобустан қалып қоясың, айдалада қасқырға жем боларсың, — деп жолбасшы айқай салды. Ойдан оятты. Серіктерім ұзап кетіпті. Күнқағар қалпағымды баса киіп, жалғыз аяқ сүрлеумен дедек қағып, ылдитөмен құлдыраңдай жөнелем.
Бақшасарай сапарынан еңсем езіліп, ой мүжіп оралғаным.
Қырым сапарынан бір жыл бұрын, 73 жылы ағайындардың шақыруымен отбасыммен елде демалғам. Көзтаныс кісілермен шүйіркелесу, үлкендердің қолын алу ғанибет нәрсе, бала қалпыңа қайта ораласың. Қаратаудың күнгей бетінде, Талдысу мен Ақүйік өзенінің арасында қоңторғай жұпыны ауыл — Қосүйеңкі.
Елді мекендерді ірілендіру науқаны уағында тау арасынан қоныс аударған жұрттың бас құраған тұрағы осы. Қайнар бұлақ жиегіндегі — қалқиған қарашаңырағымыз. Тақырға шашылған асықтай ақшағыл үйлер шоқ-шоқ қара ағаштың арасында көзге жылы ұшырап жырақтан шалынады. Әкем бейнеттің адамы, жер шұқып, тал көгертіп жүреді. Үй маңайы малынған өрік бауы. Іргеден сылдырап аққан бұлақ. Осы маңның барша құсы өрік бауының үстінде. Қырдан құлап келе жатқан күрең бояулы табын, жаяу көкпар, есек көкпар шауып қара жолды шаң қылған ауыл балалары, қырға шығып күн салып қараған кәриялар, көңілге ыстық, көзге жылы көрінеді.
Мұндайда ұзақты күн көргені көп әкеммен шүйіркелесіп арғы-бергіден әңгіме шертеміз. «Тоқтамыс бұлағының басына бие байлап, бір ай қымыз ашытайын, қал, қағаз сорып сарғайып кетіпсің, бәлкім қоң жинап оңаларсың, көзіңнің оты жанар», — дейді әкем, үнінде өзіме тосын уайым бар. «Тоқтамыс бұлағы деп неге аталған?» — деп сауал қоямын. «Ол жердің тарихы мол, — дейді әкем жанарына мұң ұялатып, — есте жоқ ескі мезгілде мына боз даланы дүбірге толтырып Тоқтамыс есімді хан ғұмыр кешіпті. Жорықтан қайтып келеді ме, әлде жорыққа аттанып барады ма, ол арасы бізге беймәлім, қасында қырық жігіті бар, тасты тесіп бұрқырап қайнап жатқан әлгі бұлақтың басына келіп еру боп түстіпті. Ол заманда кәрі Қаратаудың күнгей бетінде батыстағы Сырдарияға бет алып жамырай ағатын тау өзендері сарқылмаған. Қолдың саласындай адыр арасы киіздей шалғын, бөріктей шошайған шоқ-шоқ тал болған деседі. Бұл күндегі жылтыраған бұлақ басындағы ұйысқан шамалы тал сол ну жыныс тоғайдың жұқанасы бәлкім. Ой-хо-о-ой, дүние шіркін! Сонымен қасында үзеңгілес қырық сарбазы бар Тоқтамыс әлде оқыс бір дүмпуден от басқандай шошынып қашып келе ме... әлде жер түбіндегі ордасына суыт жол алды ма... ол арасы бізге беймәлім... әлгі шырайы ашық бұрқырап қайнап жатқан бұлақ басына түнепті. Жолдан қажып шаршап келген бейбақтар ер жастанып, тоқым төсеп, шырадай жанған сан миллион жұлдыз астында көсіліп жата-жата кетіседі. Ұйқы ұйығына шым батады.
Қаратаудың бұл тұсында таң алдында аспан аласарып, ай туып, жұлдыз біткен алыстап кетеді.
— Табиғаттың мына құбылысы қызық екен, — деймін әке әңгімесіне елігіп.
— Құданың құдіреті, әр тұс, әр тұстан шырақ жанғандай болып тұрған шырақ өшкесін бе, әлде түннің өзгешелігі ме, бір мезгіл аспан асты қара пүліштей күңгірттеніп кетеді.
— Міне, ғажап, талай таңды көзіммен атырып жүріп байқамаппын.
— Солай шығар. Ұзын сөздің қысқасы: шырт ұйқыда жатқан қолдың шеті қыбырлайды. Екі-үш сарбаз іштерінде жансыз екен. Сайланып жатқан жалмауыздар жатқан жерінен мысықша басып түрегеліп, шырт ұйқыда жатқан хан иемнің басын алады. Қылыштарын пәрменмен құлаштай сілтеп өңгесін де қынадай қырып салады. Шалғын жүзін қан жуады. Әлгі жансыздар бүкшең қағып, ханның, ханзаданың басын дорбасына басып, аттарына тізгін салады. Жайылымдағы міністі түре қуып бозамық айға ілесіп жосылтқаннан жосылтып қыр асады. Осы маңның диқандары ертесіне, күн көтеріле қыр беткейде пырдай болып шашылып жатқан өліктерді көріп жағасын ұстайды. Шалажансар біреуі: «Тоқтамыс қолы едік», — дейді. Әлгі пақырларды жергілікті жұрт арулап жер қойнына тапсырады. Уақытқа ешкімнің пәрмені жүрмеген. Со бір ескі түстей көне заманнан осы бұлақ Тоқтамыс аталады, қыр беткейдегі жермен жер бола бастаған қырық бейіт ханзаданың, өзге сарбаздардың мүрдесі деседі».
Әкенің қоңыр кеңесі осымен тәмәм. Ертесіне аулада жарап тұрған мініс атқа ер салып, тізгін тартып Тоқтамыс бұлағына бет алдым. Шағын ауыл — Қосүйеңкіден бір бел асса болғаны, өзім дүниеге келген Құланшы өзені Тоқтамыстан отыз шақырымдай жер. Қаратаудың бұл тұсы жайпақтанып, адырға ұласып, арық аттың қабырғасына ұқсап кетеді. Сары желіспен кезең үстіне шыға келгенімде — ойпаңнан шоқ талын шошайтып, көгістеніп Тоқтамыс бұлағы шалынды. Аңызда айтылған қырық қорым анау, шошақ басында жартылай құлаған көне мазар шошаяды. Мың жылдан бері жерді тесіп бұрқырап қайнап шығып жатқан бұлақ суы киелі. Аттан түсіп, тәу еткендей белімді бүгіп, тастай суды алақаныма көсіп бірер ұрттадым.
Өзегімнен түйір қорғасын өткендей сезілді.
Қыр беткейге, қорымдарға назар салып жүрегім езілді.
Уақыт — құдірет. Жанды, жансыздың пәрмені жүрмеген.
Оның ырқына, ырғағына мойынсұнбайтын пенде жоқ. Жалғыз ғана сол құдіретке сөзін өткізе алатын өнерлі жандар. Ескіден ой тартып тарихты шежірелеп отыратын жыршының, жазушының ғана әлгі құдіретке азды-көпті сөзі өтеді. Мына төмпешікке айналған не ғажайып тағдыр иелері көзі тірісінде: ат тұяғы қиыр кеңістің еңбегін тескен, найза ұшымен хан ордасының түңлігін түрген, құлын мүшелі, ай қабақты арулардың оттай ыстық құшағына жұтылған, тірі жүргеннің өзі жұмақ деп, көзі тірісінде шарап ішкен, бал қымызға қызынған, астам сөйлеген, батырмен белдескен, жаһілмен кетіскен, деміне нан піскен есіл ер - енді міне... бұқпа торғайға бойтаса болғандай жусанды төмпешік. Үңілген сайын шаңдақ жолдан із кескен аңшыға ұқсап жанарыма жас толады. Қиялым толқынданады.
Тарихтағы Тоқтамыс кім болған? Жошы кіндігінен тараған, Маңғыстау үстіртіне иелік еткен, Тойқожа оғланның белбаласы осы Тоқтамыс. Ол заманда Ақ Орданың тағында Орысхан отырған. Ат арқасына тақымы жабысып туған, сәйгүліктің ащы теріне шомылған жас оғлан беті жаудан қайтпайтын ержүрек болып өседі. Орысханның тұқым-тұяғынан ол заманда билік тимейтінін білген — Тоқтамыс — Мәуренахыр әміршісі Әмір Темірге ат сабылтып жетіп алдына жығылады. Қос өзеннің әміршісі оғлан жанарынан жасылдаған отты көріп, арғы бір түйсігімен дала жолбарысы алдына келіп алтын тағына сүйкеніп өткендей әсерде қалады. «Мақұл, соңыңа қол саламын, Орысханның тұқым-тұяғынан жеңіп алсаң — Отырар, Сауран, Сығанақ сенікі», — дейді. 1974 жылдың аяғында Сауран түбінде Орысханның баласы Құтлұқ Бұқамен бетпе-бет келіп жекпе-жекке шақырады. Құтлұқ жеке белдесуге шықпайды. Қан жоса шайқаста Тоқтамыс қолы дәкедей ыдырап сөгіледі, жеңіледі, Құтлұқ Бұқа өледі. Жолбарыс оғлан Самарқанға қашып барып әміршіден және жәрдем сұрайды. Екінші мәрте жойқын ұрыс Түркістанның боз жусанды даласында өтеді. Орысханның үлкен ұлы Тоқтақай Тоқтамыстың құрама қолын шемішкеше шағып, шетінен түріп даладан қуып шығады. Тоқтамыс шері Темір ордасына қайыра қашып тығылады. Толқыған Еділ бойында Алтын Орданың мәртебелі тағында, Сарай қаласында билік құрып шіреніп отырған Орысхан орнынан қозғалады. Ұлысының ішінен шыққан лаңды ойласа — ішіп отырған бал қымызы уға айналады, қойнына алған ханшасы жыланша суынады. «Болмас, болмас», — деп атқа қонып, самсаған сары қолын соңынан сүмеңдетіп Сығанаққа жол тартады. Ат тұяғы күйген шөлден өтіп ордаға жетіп жан шақырып біразырақ демалады. Әмір Темірге елші аттандырады.
— Тоқтамысты қолыма бер! — дейді.
— Бермесем неғылар ең! — дейді Әмір Темір.
— Онда қанға қан, жанға жан, қыпшақ қылышы төбеңде ойнайды.
— Тұрысатын жеріңді айт! — дейді Әмір Темір.
Орысхан самсаған қолын Сауран даласына төгіп сапқа тұрғызады. Әмір Темір сарбаздарын дариядан өткізіп Отырар жазығына шеп құрады. «Зафар-наме» кітабында жазылғандай: аралары 7 фарсақ қашықтықта жер қайысқан екі қол бір-бірінен жүрексініп, ұрыс ашуға оңтайлы мезетті күтіп табандатқан төрт ай кідіреді. Ақырында Орысхан соңынан жеткен жаушының сөзінен тіксінеді. «Сарайға ту сыртынан қауіп төнгелі тұр, орыс князі шабуыл жасамақшы», — деген хабар алады. Жер қайысқан ауыр қолды Қаракесек оғланға сеніп тапсырып аттың басын батысқа бұрады. Бұл хабарды жансыздар Әмір Темірге жылдам жеткізеді. Тоқтамысты атқа мінгізеді. Орысханның ортаншы ұлы Темірмәлік оғланның он мың қолын сол ұрыста Тоқтамыс оңай жеңіп иығы биіктейді. Көп ұзамай Орысхан өледі. 1377 жылы Темірмәлік Сауран сарайында қымызға елтіп отырған жерінен тұтқиылдан тарпа бас салып Тоқтамысты қаладан қуып шығады.
Бір жыл өте Әмір Темір Тоқтамыстың алдына қол салып ұлы сахараға қайыра аттандырады. Бұл жолы жасын жанарлы оғлан жеңіске жетеді. Осы мезеттен бастап Тоқтамыстың пиғылы өзгереді. Өзгермей қайтсін. Жер шетіндегі, Еділ бойындағы Алтын Орданың бір бөлшегін билеген Мамай Куликово даласында ормандай орыс қолынан қансырай жеңілді, бас сауғалап ордасын тастай қашты. Нәлеті-ай деген!.. желке тұста қожаңдаған Әмір Темір берісі Хорезм, әрісі ауған, дарбоздар елін қанжоса етіп иелігін кеңейтумен есі кетіп ол жүр. Кезендінің кезі, арман етіп көксеген мезеті жаңа жеткен секілді. Бұдан былай қос өзен әміршісіне жалтақтамай, аяғына бас ұрмай, Ұлы Даланы жалғыз билеуге есі кетті. Иә, сәт, иә, пірім, деп тәуекелге бас тікті. Моғолстан билеушісімен тізе қосып, ақылдасып Дәшті-қыпшақ заманын қайыра орнатты, қыл құйрықты туды аспандата көтерді. Ширек ғасырға жуық Әмір Темірге қарсы кескілескен ұрысқа белді бекем буды. 1380 жылы Сарайды, Қажы тарханды (осы күнгі Астрахань), қырымды, Мамай ордасын басып алды, 1987-88 жылдары Қамар ад-дин мен Енбе төре қолымен бірлесіп Сайрам, Ташкент, Самарқанд, Бұхар маңын сыпыра тонап, дүлей құйын өткендей жайпап шықты. Енді өзінің басты жауы Әмір Темірмен беттесетін күнді жеделдетті.
1390 жылғы қарашада Әмір Темір Сырдарияның лай суынан кешіп өтіп, жазық сахараға шығып, салбыраған қара күздің жауынына ұрынып Тоқтамыстың соңына түседі. Әйтсе де Созақ даласына іліге азық-түлігі сарқылып, ат басын кері бұрады. Ташкент маңында қысты өткізіп, азығын сайлап, жарағын қайрап, күн көзі жылт ете атқа қайыра қонады. «Зафар-наме» кітабында 1391 жылдың 19 қаңтарында атқа қонған жер қайысқан қол 29 наурызда Ұлытауға жетіп, тас мұнара орнатып, онда «осы жерден Әмір Темір өткен» деген қолтаңба жазу қалдырады. Сол жылы 18 маусым күні Құндызды өзенінің жағасында Тоқтамыс пен Әмір Темір қолы беттесіп шайқасқа енеді. Ұрыс үш күнге созылады. Тарихшылардың айтуынша үшінші күні Тоқтамыс есік пен төрдей ақбоз атын көсілтіп, беті қайта бастаған сарбаздарын жігерлендіріп, айқайын салып:
— Әмір Темір жекпе-жек, жекпе-жек! — деп қызылала шаң арасында құйындай ұйтқып жүрді деседі.
Әмір Темір жекпе-жекке шықпапты. Осы ұрыста Тоқтамыс қолы ыдырап оңбай жеңіледі.
Жеңіске жеткен Әмір Темір тартқан жебеше сол екпінімен келіп Сарай Беркені алады, ойранын салады. Еркек кіндікті түгел қырып сап, ұрғашы біткенді жиып алып әскеріне екі-үштен бөліске салады. Жеңіс тойын 26 күн тойлауға жарлық шығарады. 1395 жыл 15 сәуір күні Кавказ тауының кең аңғарында, Терек өзенінің жағасында екінші мәрте ұлы дүбір шайқас өтеді. Бұл жұлқыста Әмір Темір қолы екінші мәрте жеңіске жетеді. Тоқтамыстың соңынан түре қуып орыс жеріне енеді, Рязань, Елец қалаларын басып алып жермен-жексен етеді.
Тоқтамыс жеті жыл бойына Алтын Орданың Мамайдан кейін басынан тайған бағын қайыра орнатып, іргесін бекітіп, мәртебесін биіктетті. 1382 жылы Мәскеуге басып кіріп өртеді. Әңгіме басындағы Бақшасарай биігіне қызының басына қойылған төрт бұрышты нұсқалы жәдігер там сол жұлқысқан заманның мұңлы бір бейнесі болар, бәлкім.
Тоқтамыс қолымен жұлқыса-жұлқыса түтесі шығып, титығы құрып түгесілуге айналған Әмір Темір қайтар жолда айла ойлайды. Ат жалында ойнаған, сахараның құйынына ұқсаған, бетпе-бет келіп жұлқыссаң — жолбарысқа айналған, соңынан сүркіл салып қусаң — сағымға сіңіп жоғалған Дәшті-қыпшақтың жын-перілерін жөнге салудың бір-ақ жолы бар. Оларды күшпен, қарумен бағындыра алмайсың. Бүгін ойсырата жеңіп, қансырата сорлатып — қуып салсаң, күні ертең жарасын жалап жазып алады-дағы жер астынан шыққандай дәп желкеңнен үңірейіп жетіп кеп тұрады. Әйтпесе мынау не енді! Жорта-жорта тақымы тозды, қолы азайды. «Зафар-наме» жылнамасын ашып оқи бастаса-ақ төбе шашың тік тұрады: Моғолстанға бірінші жорығы 1371 жылғы көктемде, екінші жорығы 1371 жылғы күзде, үшінші жорығы 1975 жылы көктемде, төртінші жорығы 1376 жылғы көктемде, бесінші жорығы 1376 жылғы желтоқсанда жосқындап өтіпті. Ой, пәлі-ай деген!.. Тоқтамысқа қарсы 1388 жылы желтоқсанда атқа қонды; алтыншы жорығы 1989 жыл қаңтарда, жетінші жорығы 1389 жылы күзде... бар өмірі далалықтармен соғысам деп сарқылуға айналды. Тоқтамыстың жалғыз өзі 1390 жылдан бастап қанын сұйылтып келеді. Иә, бұл далалықтарды жөнге салудың жалғыз жолы — шариғат жолына икемдеу, түстіктен сәлдесін шұбалтып қаптап жеткен шейхтардың уағызына ұйыту, күш-жігерін тұмшалау. Қайтар жолда Түркістан қаласының іргесінде қам кесектен соғылған мазар астында төмпешікке айналып жатқан Қожа Ахмет басына мінажат еткен мезгілде санасына ой түседі. «Бұл қай шейх?» — деп сұрады уәзірінен. «Көзі тірісінде осы елге аса сыйлы болған, бұл дүниенің қызығынан о дүниенің қызығы әлдеқайда баянды, тәтті, ғажайып деп уағыз таратқан софы ақынның мазары», — деп жауап береді Шереф ед-дин әли Әзди жылнамашы. «О дүниенің қызығы мәңгілік, бұл дүниенің қызығы нәпсілік деп пе, жарықтық». «Дәп солай, жарықтығым, құдірет өзі жаратқан жеті тамұқ, жаннаттың сегіз есігін сыйпаттап хикмет жазған ақыныңыз осы!» «Қияметтің қиындығымен қорқытқан ба?» «Алланың ақ дидарынан өзгенің баршасы харам деген, жарықтығым!..» «Ендеше, мына тұсқа зәулім ғимарат орнатыңдар, софы ақынның сүйегін қайыра ашып сол ғимарат төріне мәрмәр тастан жауып жерлеңдер деп жарлық жазамын!..»
Осы жарлықпен Қожа Ахметтің басына зәулім ғимарат салуға қимыл басталды. Шираз бен Шыназ, Герат пен Балқыдан қолы күміс, ойы озық зергер ұсталар шақыртылды, қазынадан қаржы бөлінді.
Жанына жарақ байлаған сарбаздың басы жортуылда домалайды. Жанынан түңілген әміршінің ажалына тынышсыз мінезі жетеді. Бұдан былай ақыл тапқан Әмір Темір қайда шейх, қайда баб, қайда ата — солардың моласының басына ғимарат орнатып әспеттеуге күш салды. Шілдің қиындай тоза бастаған, басынан дәурені тайған Алтын Орданың баталы күнін қайта орнатамын деп Тоқтамыс ат үстінен түспей сабылды. Әмір Темір маса шыбындай гулеген сары қол жинап Қашғарға жорық жасағалы Отырар қаласының маңында ғаскер ойнатып жатты. Отырар тарханы Бердібектің үйіне түсіп, бал шәрбатынан ішіп, бозқасқасының басын мүжіп түстеніп шыққаннан кейін апта өте қызуы көтеріліп ауырып шықты. Әлде астан, әлде бұраң бел қарындастан, бір қатердің жеткені анық, жеті күн ауырып дөңбекшіп жатып 18 ақпан күні 69 жасында мәңгілікке көз жұмды.
Әлде Әмір Темірдің астыртын жарлығы болды ма, бәлкім таққа таласқан Жошы әулетінің қанына сіңген қаскөйлігі оянды ма... ол арасы бізге беймәлім... бір жыл өте, 1406 жылдың көктемінде ібір-сібір ханзадасы Шәдібек жортуыл үстінде жүрген Тоқтамысты бір түнде бауыздап өлтірді. Қайда?.. қалай?.. Мұны Шереф ад-дин әли-Әздидің «Зафар-наме» кітабынан, ибн Арабшоһтың «Әмір Темір тарихынан», Руи Гонсалес де Клавихо елшінің «Күнделігінен» іздеп таппайсыз. Иіп келтіріп айтсақ: қос шерінің жұлқысқан қан жоса майданы өткен Сығанақ пен Отырар арасында жатқан, Қаратау күнгейіндегі елеусіздеу Тоқтамыс бұлағы — мол сырдың бастау көзі болып елестейді. Ханның қанын жуған бұлақ сан ғасыр өтсе-дағы бұрқылдап қайнап жатыр. Осы жолдардың авторы туып-өскен қыр беткейдегі мол сырды бүгіп қырық төмпешікке айналып уақыттың белгі-бедері қалды. Кім біледі. Жер атауы, топонимдер — ұлтымыздың сахара иректеп жазып қалдырған тарихы, бәлкім.
Ұлықбектің қалың төрт кітаптан тұратын «Зидж» мұрасы төмендегі өлең жолымен басталады: «Келер ұрпақ, ізімізді жолдан я моладан іздеме; соңымызға қалдырған ғимараттан, қолжазбадан сүзіп табасың». Расында ғой. Алтын Орданың соңғы ұстыны Әмір Темірмен өле-өлгенше шайнасып өткен, ержүрек оғлан Тоқтамыстың сүйегі Отырар мен Сығанақтың арасын қосқан ежелгі керуен жолының бойында, тау бөктерін тесіп бұрқырап шығып жатқан бұлақ басында — топыраққа айналып жатпасын. Бұлақтың, ғасырлар көз жасының елесіндей мөлдір кәусәрдің ежелден келе жатқан аты — Тоқтамыс.
Қожа Ахметтің хикметінде мынадай сөздер бар: жаным ұшып кеудеден, қалғанда мұнда құр денем, өмірден бір күн өткенде; не қыламын құдая. Осы зар, осынау мұң сары сахараны кезген желмен қосыла ызыңдап бәйіт айтып тұрғандай сезіледі құлаққа. Ұлы Даланы уысымда ұстап, билік жүргізіп өтемін деп өмірін алыс-жұлыспен өткізген, еңіреп өткен ердің ақыры мұңға жуық. Әмір Темірмен ұстаспай, соқтықпай — жай жүру жазбапты жазмыш жазуына. Өкініштісі сол ғана!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter