14.08.2021
  272


Автор: Мағзом Сүндетов

Шайтан базар

повесть


Қалампыр түсті көнтоз қалпақ, ақшыл жарғақтанған плащ киген қара шал алдындағы жаюлы ойыншықтарынан басын көтеріп, жан-жағына таңдана көз тастады; осы сәт ол бір ғаламат дүниенің сырын ашқандай болды. Алдындағы ағаштан ойып жасаған ат та, сиыр да, түйе де көздері алайып шалға қарап қалған еді: «Біздің қожамызға не көрінді? Бұрын ондайы жоқтын», — дейтін сиқты олар да.


«Апыр-ай, ә? Қызық», — деді шал басын шайқап қойып. «Шайтын базар дей ме? Жарайды базары базар болсын, ал шайтаны несі-ай? Адамның шайтаны десе бір сәpi. Көңілге қонады. Ақ жүрек кісінің төңірегінде жалғыз-жарым шайтанның сипақтап жүруі ғажап емес. Ал базардың шайтан аталғанын кім естіген? О, тобай-ай...» Өзінің бұған шекті базардың атына қалай мән бермей келгеніне қайран.


Көлеңке ауып, күздің шағырмақ күні әжептәуір қыздыра бастағанын: әжім жайлаған маңдай, көз асты, доғал мұрнының үсті жылтырап тершігенімен де ісі жоқ. Әр тамыры кендір жіптей білеуленген тарамыс қолымен теке сақалын, мұртын сипай күлімдеп отыр. «Шынында, құдай-ау, жер жетпегендей базардың қоныс тепкен орнын айт та. Шығыс беті қалың зират. Алды айдау жол. Машина, трактор дегендерің үш қатардан жүйткіп жатыр. Ол аз десең оң бүйірін солқылдата жаншып, боздап тепловоз өтеді; соңында жылан құйрығындай шұбаған көмір, темір, сексеуіл тиеген төбесі ашық, қызғылт вагондар. Ту сырты ескі өзен, жыра-жықпыл. Күлгін түсті ағаш дуалмен қоршалған базар жоғарыдан қарағанда бәтеңкенің сыңар ұлтаны сияқты. Дені сау адам бұ жерге базар тұрғай, мал қора соқпас», — деді қарт күбірлей. Даусы шығып кеткенінен қуыстана жан-жағына жалтақтап қалды.


Ол өзі шағын базардың ішіндегі үш қатар сөренің шеткі, ұсақ-түйек, темір-терсек сататын бөлігінде отырған. Анау өрік, жиде-жеміс, бал, алма, шие сөресі м ен шеткі қауын-қарбыз, асқабақ, сәбіз жаймасы болмаса, бұл маң жұпыны, адам аяғы да сирек. Қазір күз айы ғой Көктем мен жаздағыдай май шам, пілте кімге қажет? Бау-бақ, дача дегендер де жабылды. Ел даладан қалағаны қайтты. Бала біткен оқуда, бала-бақшада. Қарттың ағаш ойыншықтарын қызықтар кім бар? Көңілі түссе, бірлі-жарым әжелер немереме деп алады. «Жарықтық әсем мал екен», — дейді олар таңдана, іле: «Отыз тиының не? Жиырма тиынға бер, төртеуін алайын», — деп үрпиіп біраз тұрады. Үрпигенінен шал оның алатынын біледі де, шалқаймай сылқ-сылқ күліп: «Ай, құрдас-ай, он тиынға бола қабақ шытасыз, ә? Немере сүйіп, мен де бір кезде бұтақ жаярмын-ау деп ойлап па едіңіз? Арманыңыз — қара сирақ балаңыздың ел қатарлы ер жетіп, азамат болуы емес пе еді. Пендешілік дегеніңіз әне сол ғой. Бұ шақта шүкіршілік етуді ұмытып тұрсыз. Құдай-й, тоба деңіз, құрдас. Иә... Енді, міне, он тиынға күйзеліп, сол қызығыңызға қимай, қиналасыз. Жә, алыңыз. Мен қияйын он тиын», — дер еді, сонда ғана қария ішінен аллаға мінәжат етіп, күбірлеп: «Жарымағыр, тарт әрі... Немеремнен он тиын аяп, мен не, пақырмын ба?!» — дейді екі сом ұсынып.


Әлдененің қорылдағаны елеңдетіп, көңілін бөліп жіберді. Қараса... Сол жақ қапталында сыпырғыш сатып отырған кемпір. Күздің мынау жұмақ, майда, жуас шуағынан маужырап, ұйықтап кеткен екен. Еш нәстеден кәпері жоқ; етжеңді сары кемпір әжімді бетінің жылтыpaп тершігенін де елейтін емес. Жағын таянып, қор-қор етеді. Қарт оятып жібергісі кеп бір тұрды да, онысынан айнып қалды. «Иә, — деді әлдене есіне енді түскендей, жүзін қариядан бұрып. — Бәрі базардан шықты-ау. Е,тәйірі-ай, айдар тағып, ат қойғыш көп қазақтың бірінің қылжағы болар. Ат үстінен атып кетер олардың әжуасы аз ба? Кім біледі? Әйтеуір осы базардың кімді де болса бір күлкіге ұрындырары бар деуші еді. Әй, қайдам?! Бекер сөз. Іліндірсе жүрміз ғой. Осының табалдырығын аттағанымыздың өзіне талай жыл. Сүріндірсе қайда?.. Қарт миығынан күле, базардың түкпіріндегі қызыл сырлы маңдайшасына «Аптека» деп жазған шағын үйге көз тастады; сонсын жан қалтасынан жиегі көкшіл жолақ, көлдей орамалын алып, әбден тершіген бетін, мойнын ысқылай сүртті. Әлденеден шаршағандай «уф» деді.


— Дүйсеке!


Қарт маңдайына қайта апара берген екі бүктеулі орамалын іркіп, дауыс шыққан жаққа бұрылды. Күпәйке киген, шомбал, жалпақ бет қызыл шырайлы жігіт екен. Қиық көзі мүлде жұмылып кеткен; ышқырлығы төмен қашып, торсыққа құйған іркіттей, қозы қарынның тең жарасы сыртында бүлк-бүлк етіп келеді. Дүйсен қарт еріксіз езу тартып қалған, ізінше жігіттің жасыл шалбарының бір балағынан күректің сабындай ағаш аяғын көріп, езуін жиып ала қойды. «Бұл анау шетте, ылғи қағажу, темір-терсек сатып отыратын бала ғой. Тәңір атсын, аты кім еді, ә? Неменеге мәз-мейрам?» Шал өзіне арсалаңдап, таяп қалған жігітке жылы шырай білдіре бұрылды.


— Қати ініңіз әке болды, Дүйсеке! Өлейін-ай!..


Ө, атың өшпегір Қати екен ғой. Ай, өзі де кісінің жадында тұратындай салмақты есім емес-ау...»


— Ат әкелер, Дүйсеке! Қобыландының өзі! Тіпті сол Қобыландыдан да мықты ма дейім.


— Жә, жә... Төгіліп-шашылмасайшы. Бауы берік болсын! Ә, бәрекелді-е!..


— Рақмет, Дүйсеке!


— Бұ нешінші балаң?


— Жетінші ғой. Е, Дүйсеке-ай, іпіңіз әлі мандытпай жүр. Берікпен ұрып алатын жердеміз. Шабыс енді түзелмесе, — деді кеңкілдей күліп. — Өй, мына кемпір неменеге ұйықтайды-ай. Оу, шеше-ау, тұрмайсыз ба? Базарға ұйықтауға келдіңіз бе, немене?


— Әй, жүгірмек, не дабырлайсың! Саңырау деймісің елді, — деп қария күңкілдей басын көтерді. Құлағының мүкістігін білдірмегенсіп жатыр. Дүйсен қартқа бір, Қатиға бір қарап ернін тыржитты. Алдындағы сыпырғыштарын жинақтап:


— Әйелі ұл тапқандай даурығып, мына делқұлы төбемізді тесе ме, қайтеді-ей, ә, — деді.


— Дәл таптың, шеше! Ұл тапты әйелім!Ұл! Өлейін-ай!


— Не дейді-әй мынау? Шын ба?


Ол Дүйсен қартқа бұрылды. Қарияның манағыдай емес жүзі жылып, қызыл тамырлана жасаураған көзінде бip мейірімділік ұшқыны білінді.


— Әрине, шын. Бұлай қалжыңдамас, қанша қылжақбас болса да, — деді Дүйсен қарт жоталы мұрнының үстін


сипалап қойып.


— Ә... Қатижан, құтты болсын! Бәсе, түбі түскен бөшкедей даңғырлауың бөтен еді-ау! Бауы берік болсын. Енді сен бізді шілдеханаңнан қалыс қалдырма!


Мұның бәрін қария бір қырдың астындағы жамағайынымен сөйлескендей айқайлап айтты; сонсын өзінің аңсыздығын бүкіл базарға жария ғып, мәз-мейрам болды. Елден бөлек көзінен жас аққанша күлетін адамдар аз ба? Тегінде ондайлар осы өздерінің неге соншалықты мәз мейрам екендерін сұрай қалсаң, кейде тіпті білмейді ептеген ұяты барлары: «Қайдам, шайтан түртті ме әйтәyip бір күлкі қысқаны», — дейді. Әрине, мына қариядай неге күлдің деп сұрау қиын: «Ә, немене! Құдаймысың күлдірмей! Неге күлдің дейді ғой-ей, жарымес! Сандалмай әрі жүр!» — дер еді ол.


Әп-сәтте басылды. Саудада достық шамалы ғой;жылы қабақ танытқаннан әріге жан баласы барыспай, өзді өздерінше жөн-жөніне тарасты. Ешкім Қатиға ырым жасап алдындағысынан жоралғы болсын деп бірдеңе ұсынбады да. Әзілкеш біреу шайтан базарға ат басын сәл іркіп, шыққандай еді; қара топырақ шаң бораннан кейін сіркіреп өткен көктем жауынындай әсер әр жанның көкірегінде қалды. Бәрі де мұның Қатиға байланыстылығын білсе де, сезбегенсіп, оңай олжа көреді; пұлсыз келген қуаныш екеш, о да бұлар үшін пайда. Тіпті шынтақтасын Дүйсен қартпен қатар отырған қария да бетін сырт алып қашып, бұлармен саудасын бітіргендей пейіл танытып тұр. «Біреудің қуанышына жайшылықта мен де осылардаймын-ау», — деп ойлады Қати іштей жиіркеніп.Дос қуанышына ортақтаса білмейміз, адамбыз дейміз. Адамбыз ба?» Жігіттің қабағына көлеңке ұялай қалғанына аңдап:


— Қати! — деді қарт күлімдей. — Ырым болсын, мынау ойыншықтың бірін ал!


— Қой, қайтесіз, Дүйсеке?!


— Ал, қысылма!


— Сөйтейін бе? Апыр-ай, қайсысын алсам,ә? Бәрі де сүп-сүйкімді, — деп Қати добалдай қолын ойыншық түйеге бір, қоянға бір созып іркіле берді.


— Таңдағаның сенікі.


Мынау тұлпарды таңдадым, Дүйсеке. Пай пай өзі де жануар сурет-ау! — дейді Қати қырылдақ даусымен таңдана тамсанып. — Жағында ине шаншыр ет жоқ Көзін айт та! Тостағандай мөлт-мөлт етуін! Ойнап тұр емес пе, Дүйсеке, ә? Баяғыда, бала күнімде осындай бір атқа шапқаным бар-тұғын. Соны қайта көргендей болдым-ау. Пай-пай мойнын-ай! Аққудың мойнындай доғаша иілуін


Көрдің бе, ә?!! Адай тұқымынан ба, жоқ әлде ахал-текеден бе? Мұндай сұлудың жалы да жібек шығар. Ай қасты қыздың сырғасындай тұяғыңнан айналдым сеңің! Әдейін-ай?...


Қазақ баласының арғымақ көрсе, ішкен асын жерге қоятын, ата қанымен біткен қасиетін білетін қарт Қатиды өлердей мақтап, өзеурей қалғанын шек көрмеді; бір түрлі іші жылып, «Тәуір бала екенсің-ау», — деп тұр. Қатидың ептеген қызғындығын сезсе де, мән бермедім.


— Дүйсеке, сіз нағыз скульпторсыз! Яғни үлкен суретші, мүсінші дегенім ғой. Шіркін, сіздей мен де ағаштан неше түрлі жан-жануарды ойып істей алсам, сауданы қазір-ақ қояр ем., — деді Қати қырылдақ даусын жұмсартпақ, тамағын үсті-үстіне кенеп. — Бұ да бір құдайдың берген өнері...


Қарамаға олпы-солпы, ожарлау демесең, мына Қатидың қолына ғана емес, тілінен де әжептәуір іс келеді білем деп қалды Дүйсен қарт. «Е, тәйірі-ай, бұ дүниеде мақтауды сүймес жан болсашы. Сөздерін қалт жібермей жұтуым-ай.Ішім жылып баратқанын қара да. Кемпірім қазіp тірі боп естіп тұрса, не дер еді? «Дүйсен-ай, елтіме. Өзің де білесің ғой кім екеніңді. Мақтағанға балбырамай жөніңе қайт. Жас емессің есірер, байқа. Әлдекімдерге ұқсап бөсіп кетсін, алжыды дер», — дейді әрине. Сонда марқұмның сөзінде маған деген зіл болсашы; күлімдейді де отырады. Мен қабағымды шытсам, ол түсінбегенсіп басын шайқап күледі». — Қати Дүйсен қарттың тәтті ойын тағы бөліп жіберді.


— Жазушы, ақын, композитор деген де — өнер иесі.Дей тұрғанмен, өлейін-ай, мүсінші бөлек. Оны орысшалап,


Не немісшелеп, не қазақшалап түсіндіріп жатпайсың. Әдемі тас, ағаш мүсін жер бетіндегі адам біткеннің көзін қуантады,. ләззатқа бөлейді. Оған көрер көз ғана керек.


— Бәлі мен, Қати-ау, сен айтып тұрғандай мүсінші емеспін ғой, — дейді Дүйсен қарт сәл ыңғайсызданып.


Өйтсе де көңілі сергіп, кәдімгідей желпініп қалды; аз-кем сырласар сәттің туғанына қуанып, бір шешіле сөйлегісі кеп кетті. — Шынымды айтсам, менің саудагерлігім шамалы.Осыны құдай ақы, сенен несін жасырайын, күн көрісім үшін істемейім. Мен өзі заводта отыз бес жыл слесарь болған адаммын. Пенсияға да бес-алты жылдың о жақ, бұ жағында шыққам. Саудагерлік тұқымымызда жоқ. Тіпті соның өзін намыс көретінмін. Қалай іліккенімді білмейім. Пенсияға шыққаннан кейін бұл өзі бір ермек, қызық сияқтанып кетті. Үйде ішім пысып өле жаздаушы-тұғым; қазір шайтан базарға тартып отырам Онда неше түрлі әңгіме естимін, сөйлесем, күлем, жүрем Шаршасам үйіме кеп тынығам.


— Ал, мынау ағаштан ойыншық жасау да сол кейінгі өнеріңіз бе? — деп қалды Қати қолындағы атты сипалай қызықтап.


— Е, бұған көп болды.


— Сонда қай жылдан бері?


— Бала кезімде де сексеуілден неше түрлі аулымыз дағы адамдардың кейпін келтіріп мүсіндейтінмін. Әрбір адам өзінше қызық; алғашында ауылдастарым: «Әй, Жарасты айнытпай келтіріпсің», — дейтін жамыраса күліп кейін өздеріне кезек жеткенде өкпелейтін болды. Мүсінделмеген адам қалмады; олардың бәрі маған қарсы кетеді, мұқатады, тіпті ажуалап бітті. Сосын тастап кеттім. Қала келдім. Заводқа орналастым, үйлі-баранды боп, отау иесі аталдым. Со кезде жаспын ба білмеймін, бәрі оң мен түстей көрінді. Онан кішкене қыз дүниеге келді Кемпірімнің көтерген құрсағының бары да, жоғы да сол. Бойжетті, күйеуге шықты. Екі жылдан соң емшектегі баласын көтеріп қайтып келді. Кемпір жылады, сықтады, өзге не бітіреді. Қызым мен істейтін заводқа орналасты.Бір жыл өтпей тағы күйеуге тиді де, кішкенесін бізге тастап Кентауға кетті. Ол кішкентай аппақ қошақан сияқты сүп-сүйкімді еді. Пісте мұрны, жазық маңдайы, жұп-жұмыр мойны айнымай әжесіне тартқан; кемпірім жас кезінде қазіргі Майрадай болатын.


Жас жарымнан асқанда тілі шықты. Анау не, мынау не деген сұрағы да көбейді. Дүкеннің ойыншығын менсінбей заводтан келісімен ағаштан Алдар Көсені, Шық бермес Шығайбайды ойып істейтінді таптым. Жылқы, түйе, сиыр, қой, ешкі өз алдына. Әлгіні жасаймын деп шұқынып жүргеннің өзі маған бір ләззәт, демалыс. Кейін әдетке айналды. Мың жасағыр бір көршім бар-тұғын. Сол көріп: «Ойбай-ау, мынауың тамаша ғой. Базарға апарып сат. Кішкентайлардың сауабын аласың. Қазіргі қала баласы мал біле ме. Мына ойыншықтарың соларға жақсы. Көрсін. Жинай беріп қайтесің, немерең әне бойжетті», — деді. Соның айтуымен базардың табалдырығын аттадым. Алғашында жаймамда ойыншық тұрмады; талап әкете берді. Сөйтіп мен де шайтан базардың бел баласы боп шыға келдім...


— Атай, мынау түйе қанша тұрады? — деді бір әлжуаз, ақ сары бала ойыншықтарға үңіле түсіп. Үлкендердің сөзін бөліп кеттім-ау дейтін емес.


— Отыз тиын.


— Оһо! Қымбат екен!


— Боқмұрын, қымбат болса бар, — деді Қати.


Бала үркектеп қалған, қарт күлімдей қорықпа дегендей ым қақты.


— Енді неғып тұрсың?


— Қой, Қати, қайтесің. Бала емес пе, — деп қарт ара түсті.


— Мен сенен сұрамаймын. Атай, анау түйені, сиырды сонсын қоянды берші.


— Оның бәрін қайтесің-ей? — деді Қати таңданып.


— Біз с натурый сурет саламыз. Дүкеннің резинка ойыншығы жарамайды.


Неге жарамайды. Өлейін-ай!


Неге, неге... Ол түйеден гөрі пілге ұсайды. А бізге нағыз түйе керек. Ну, осындай, — деді бала мұрнын бір тартып қойып. Сөйтті де, ойыншықтарын мұқият жинап, тор дорбасына салды да, теріс айналып жүре берді. Пысығын қарашы баланың», — деді Дүйсен Қатидың құлағына аузын тақай сыбырлап.


Әлдене есіне енді түскендей Қати аяқ асты асықты. Ауруханаға әйеліне тамақ апаратын уақыты боп қалыпты. Дүйсен қарт та мұнан әрі тұра алмады. Ілтифатты жылы әңгімеден кейін адамның бірін-бірі қимай, ажырасар жерде қиналатыны болады; Дүйсен қарттың да Қатидан соң қалғысы келмей жинала бастағаны да сонан; ойыншықтарын жиыстырып, қос кілтті, бүйірлі ескі қара портфеліне салды. Аузын мықтап бекітіп, ашылып кетпейтінін білсе де, белдеу кендір жібін байлады. Бәрі де күндегі үйреншікті дағдысы. Базардан шығып, автобус аялдамасына келді. Көп күттірмей автобус та көрінді. Ішінде кісі аз екен, бос орын көп. Шеткі, көлеңке бетіне жайғаса отырып алды.


«Ай, Қати», — деді өз-өзінен күбірлеп. Ол әлі сол жігіттің қуанышына ортақтасып, қуанып жүр. Қарт оның қайдағы жоқ темір-терсекті тауып, кілт ондап сататынын білетін. Кісіге жұғымтал, іскер көрінетін. Сонан ба, қарт күні бүгінге дейін оны «дүние қоңызсың-ау» деп ойлайтын жақтырмайтын.


Сөйтсе, аңқылдаған ақ көңіл екен: «Аға», — деп іш тарта бір көргеннен бар өмірін еш риясыз қарттың алдына жайып тастады. «Бағым жанбаған жанмын ғой, әйтпесе, әлдеқашан инженер боп кетпейім бе. Өзім механизатормын, сөйте жүріп, өлейін-ай, аяғымды машинаға бастырып қорландым емес пе. Бақсыз деген әне сол», — дей жөнелген сонда. «Бірде қырманда ұйқы қысып әрі шаршағасын мызғып алайыншы дедім де, бидайдың арасына кіріп ұйықтадым. Күздің қара суығында, әсіресе, түнде бидайдың арасы жып-жылы ғой. Үш күн бойы көз шырымын алмай рульде отырғаннан ба, мызғып кетіппін. «Мызғып кетіппін» деу де қиын; егіс орағының қызу кезінде шоферлер талып кеткендей болады. Менікі до сондай талмаусырау еді; есерлеу бір шофер бидайдың мен жатқан жағынан кеп, бұза жарып тоқтаған ғой. Шыбын жаным көзіме көрініп, ойбайды сап мен байғұс шұрқырап бермеймін бе?! Өлейін-ай, әлгі иттің баласы не болды демей, сасқалақтап, ал кеп менің аяғымды мипалаудан мыжғыласын... Ауруханада есімді бір-ақ жидым. Бір аяқты беріп, сыпаңдап шыға келдік. Келініңізбен де сонда таныстым. Медсестра екен. Мені көрді де, ғашық болды, өлейін-ай. Сүйем деді. Қосылдық. Қалада тұрып қалдық. Соған да қарт енді сенгендей болды; әйтсе де есіне ауылға неге қайтпадың, әке-шешең жоқ па деп сұрамағаны түсті. «Е, тәйір-ай, бір адам бір адамның өмірін бүге-шігесіне дейін біле бере ме?»


— Ақсақал, мынау сіздікі ме?


Дүйсен қарттың ойы бөлініп кетті... Жас жігіт мұның қол орамалын ұсынып тұр.


— Рақмет, айнам... Қалай түсіп қалды, е?


— Білмейім, — деді жігіт күлімдей.


— Жан қалтама салдым дегенде, сыртына тастағанмын ғой шамасы, — деп, қарт күңкілдей терезеге қарады.


— Мүмкін.


— Не дедің, балам?


— Түсіріп алуыңыз мүмкін деймін-ау.


— А...


Дүйсен қарт осы бала мені ажуалап тұрудан сау ма дегендей жалт қарады. Күнқағары үлкен, түкті ақ фуражка, қоңыр пальто киген жігіт екен. Орта бойлы, өткір қара көзді. Қолында сары портфелі бар. «Студент пе едің. Е, тәйір-ай»... — деп ойлады қарт. Ат жақты, қыр мұрынды, қиылтып қана қойған мұрты да сәнді. Өзіне жарасып тұр. Оң жақ бетіндегі болмашы, бармақ басындай тыртық шалдың есіне әлдекімді түсіріп, тіксінтіп, тастады. Мынау сол ма? Әлгі шофер бала ма? Менің Майраштайымның басын айналдырып жүрген осы ма? Қой, ол болмас?» Қарт ұрлана жігітке тағы қарап қойды. Сол сәт жанындағы адам тұрып кетті. Дүйсен қарт жігітке «отырмаймысың» дегендей ишарат қылды. Жігіт «рақмет» деп тұра берді. «Бой-сойы соған келеді. Анау мұрты да тура соныкіндей. Е, тәйір-ай, мұрт пен сақал кімде жоқ. Екінің бірі сақал мен мұрт қояды.»


Ол енді жігіттің қай институтта оқитынын сұрамақ боп, жүзін терезеден бұрып:


— Қарағым, студентпісің? — деді.


Жігіт бірден жауап бере қоймай күлімдей:


— Кешкі техникумда оқимын. Оны қайтесіз, ақсақал? — деп қалды.


— Жәй әншейін...


— А...


— Күндіз жұмыс істейсің да?


— Әрине. Кешіріңіз, менің түсетін аялдамам еді, — деді жігіт автобустың алдыңғы басын беттеп.


«Апыр-ай, кісі кісіге бұлайша ұсай берер ме? Аумаған сол. Қап жаңа кім боп істейтінін сұрамаған екем, ә? Дәп үстінен түссе ше? Қой... Құдай біледі, бұл ол емес. Едіреңдеген ала көз шофер болатын. Жоқ, оның бас қондырысы қисық бала. Мынау кісі ғой. Анау бір албасты сияқты», — деп қарт өзінің әлем-жәлем көңілін жұбатумен болды.


Автобус та ең соңғы аялдамаға қарай жүйткіп келеді.


* * *


«Сорлының тапқан палатасын қара да. Өзіндей сары қарын қатындар не болса содан жерінбей, жер талғамай-ақ терезесі көше жақ беттегі палатаға жайланса, бұл бір қаскүнем, қыңырайып аула жағындағысына жатады. Ит қорыған жерге өш. Ылғиғысы осы. Өлейін-ай... Әйел емес, тұрған бойы кесапат.


Әрі адамды діңкелетіп үшінші қатарға орналасуын қайтерсің. Не өзін, не баланды көре алмайсың. Әй, өзін қойшы, анау кішкентайымды айтсаңшы... Ішке де есепсіз, бөгде адамды кіргізбейді». Қати күңкілдеп күбір-күбір етті. Жап-жалпақ беті қызыл-күреңденіп кеткен, борша-борша тер. «Манағы шығарда тартып алған екі жүздің күші ғой. Шөліркетіп те тұр. Шіркін, бір саптыаяқ сыра болса...» Ол тамсана төңірегіне көз тастады. «Қап!.. Мына қатынның жіпсіз байлағаны-ай».


Осы қазір келіншегі қасында болса, Қати құдай ақы жер-жебіріне жете ұрысар еді; амал не, ол биікте, бұл міне, қанаты қайрылған қырандай жерде, бүйірін таянып тәлтиіп тұр. Күпәйкесінің өңір ілгегі ағытулы, бұлтиған қозы қарыны көрінеді. Әне, ол езу тартты. «Ой, дүние-ай! Бала тапқан әйел көрер көз өз-өзінен биіктеп, құлпырып сала береді-ау. Жайшылықта «қатын, қатын-ай...» деп жүресің де, ал осы шаққа жеткенде қыз күніндегі еркетотай атын атап, еріксіз бәйектейсің». Қатидың бұл өз басынан талай өткен, несін жасырады.


Ол бұрылып қала жаққа қарады. Қала үсті сұрғылт мұнар. Әр тұстан сойдақ-сойдақ завод мұржалары көрінеді; түтіндері ұйытқи құбылып, будақтап жатыр. Қати терең тыныстап қойды. «Иә, бұ жердің ауасы кең, әрі таза». Айтсаң да, қаладан тысқары, шет қой. Екі үй үш қатарлы, біреуі ғана төрт қатарлы. Перзентхана бірімен бірі шыныланған дәлізбен жалғасқан. Шығыс бетінде ғана көше бар. Айнала қалың қау, шөп өсіп кеткен. Әр тұстан тарам-тарам жалғызаяқ ешкі соқпақ түсіп қалыпты. Қазір жұмыс уағы ғой, кісі аяғы сирек. Ал бесін кезінде қолдарында буыншақ-түйіншегі бар адамдар әр жақтан қараңдап, осылай қарай ағылады. «Мына үшеуі не өлердей балажан, не жұмыстары әнебір тығыз емес жандар Мен сияқты асығатын түрлері жоқ». Қати көше жақ беттегі үш жігітке қарай жүре түсіп тоқтады. «Бергі ақ плащты, қалпақ киген ұстамды екен. Екінші қатардағы әйелімен жай сөйлесіп тұр. Анау иықты қоңыр пальтолысы да жаман болмауы керек. Үшіншісі, бәлі, анаң қара, көше жиегіндегі ағашқа шығып алыпты. Аяғын салбыратып жіберген, жағасы жайлау отыр; төртінші қатардағы біреуге:


— Көрінбейді... Жақындатшы терезеге. Көрінбейді деймін. Ә, солай... Кімге... кімге тартқан! — деп даурығады.


«Өзінен басқа бұл маңда жан жоқ сияқты. О, жынды Әке боп көрмеген ақымақ неменің айқайлауын!» Қати мыналарға қарағанда өзінің тәжірибелі әке екеніне іштей өсіп, кәдімгідей марқайып қалды.


— Сіз неғып тұрсыз, қосағасы? Терезе тұсына барсаңызшы, — деді әлдекім көңілін бөле.


Қараса... Жаңағы ақ плащты.


— Менің қатыным ауланың ішіндегісінде, — деп Қати жөнсіз жұғысқан жігітті жақтырмай сырт айнала берді.


— Е, 56-палата болды ғой.


— Оны қайдан білесіз? — деп Қати бейтаныс жігітке қарады.


— Бірде менің әйелім де соған орналасқан. Әйтпесе не, менің көріпкелім бар деймісіз.


— Жоқ... Сол палатаға менің әйелімнен басқа қатын жатпайтын-ақ шығар деуші ем. Өлейін-ай, сіздің де келіншегіңіз түсіп пе еді?!


— Қараңыз, анау жігіттің өзі есер-ау деймін. Құлап өле ме қайтеді? — деді ақ плащты таңдана.


Қати манағы ағаш үстіндегі жігіттің онан әрі өрмелеп бара жатқанын көріп, басын шайқап қойды; «әлгі екіншісі қайда?» дегендей, — пальто киген аласа бойлысын іздеп қалған, сөйтсе ол қалаға қарай кетіп барады екен... «Бұл мынандай жеңілтек емес, сабырлы-ау деймін», — деп ойлады ол.


— Сіз балаңызды көрдіңіз бе?


Ақ плащты тағы да мұның көңілін бөліп жіберді.


— Жоқ.


— Мен көрдім.


— Қуанышыңыз ұзағынан болсын. Нешіншіңіз еді? — деді Қати шекесінен қарап. Ақ плащтының бұл әрі кетсе екіншісі, не үшінші баласы екенін шамалап, қайтсе де өзін оған қарағанда тісқақты санап тұр.


— Екіншіміз.


— Е, тәйірі жас болдың ғой.


— Шамалас шығармыз. Ілкіде сіз маған үлкен көрініп едіңіз. Қазір құрдас сияқтысыз. Мен кеш үйленгем.


— Әй, қайдам, — деп Қати сыздана, кеудесін керіп жасын әзер айтып еді, ақ плащты тіпті екі ай үлкен боп шықты. — Дұрыс, құрдас... Айтпақшы, замандас не тапты?


— Қыз... Бұ да қыз болды, құрдас.Ұл күтіп ек.


Уақасы жоқ. Өлейін-ай, ұл-қыз дейтін не бар, құрдас. Замандастың саулығын тіле. Тек тым кеш үйленгендерің түсініксіз.


— Оқу қуып жүріп, уақыт өткізіп алдық. Кандидаттық қорғаймыз дедік.


— Ғалым екенсіз ғой?


— Е, қазір кім ғалым емес, — деп Қатидің құрдасы арам тер болған жанның райын танытып, түңіле қолын сілікті. Онысын Қати түсіне алмай қалып:


— Өлейін-ай, ие? Құладын, ба? — деді.


Жоқ. Қорғадым.


Е, қорғасаң бопты. Балаларың нәсібесі, қалалы жерде ақшаның зияны жоқ. Менің бір жынды құрдасым бар, колхоздағы туыстарынан пияз әкеп сатады. Сол да...


Қалада кандидаттық қорғап алсаң, сауын сиырлы болдым дей бер. Бас ауыртпайсың, ай сайын үш жүз сом келеді де тұрады дейді.


Құрдасының қабағы түйіліп қалғанын аңдап, Қати әбестігін жуып-шаюға кірісті. Өмірі ұрынып-перініп, қырын кетіп, сонысын түзетемін деп тағы да жаңа қателіктер жасап, ақтала алмай. не онысын қоймай елдің де, өзінің де жүйкесін тоздырып жүретін адамдар болады емес пе?! Қати да — солардың бірі. Өзі ойласа... бірақ ол ойламайды ғой. Әйтпесе, талай уақыты осындай ұсақ кикілжіңге рәсуа.


— Надан адам. менің о құрдасымда пәтуа жоқ. Аузына келгенді оттай береді, — деп Қати және қойды.


— Иә, ондай адамдар аз емес.


— Маймыл жігіт келе жатыр, — деді Қати ақ плащты құрдасының жеңінен тартып қалып. Өзі күлім-күлім етеді. Жылап тұрып, іле күліп жіберетін сәби сияқты. Мінезінде сәбилік те жетерлік.


Әлгінде ағашқа өрмелеген жігіттік бері бұрылғанын көріп, ақ плащты езу тартты. «Маймыл жігіт» дейді деп, Қатидің табан асты ат қойып алғанына тандана күлді.


Ақ көйлек, қара костюм киген жігіт. Көйлегінің тамақ ілгегі ағытулы. Аяқта сүйір тұмсық, қоңыр ботинка. Мойыл қара шашын бір жағына қайырған ақ сұр жүзі тершіп, бусанып келеді; келте танауы делдиіп кеткен. Көкшіл балон плащын қарына іліп алған. «Тіптен шіп-шикі бала. Осы да әке ме? Құдайым-ай». Қатидың екі көзі жігітте. Қызықтай қарайды. Үлбіреген ернінің үстінде мұрттың табы бар. Қати оны жақындағанда ғана андады.


— Салаумағалейкүм! — деді ол Қатилармен жанаса беріп.


— Әлике сәлем.


— Молда бол! Бауы берік болсын, інішек. Келін не тапты ? — деді Қати жанынан шылым алып.


Жас әке де шылымға қол созды. Қати бір талын беріп: «Сіз ше?» — деп, ақ плащты құрдасына да ишарат білдірген, ол темекі тартпайтын боп шықты. Жас әке шылымды бұрқырата сорып-сорып жіберген, түтінге шашалып, қиқылдап қалды. Көзі жасаурап өзіне-өзі әзер келді.


Әлі Қатидың сұрағына жауап жоқ. Асығатын емес. Жөтеліп болып:


— Ащы екен. Кешіріңіз, — деді.


— Темекі қашан тәтті боп еді. Ой, шіркін, осы қазір бір сапты аяқ сыраны тастап алсаң ғой. Жаның жаһаннамның жайлауына барып бір-ақ қонар еді, — деп Қати қозы қарнын сипап-сипап қойды. — Иә, сонымен келін не тапты, шайтан бала? Сөз аралатып айтпай барасың ба, қалай?


— Ұл, аға! Ат әкелер!


— Жарайсың, жігітім.


Құдайға шүкір, ағасы. Жұмысымызда шалағайлық болмайды.


— Әй, балақай, таспа! — Қати қасындағы екі қызы бар ақ плащты құрдасынан ыңғайсызданып қысылып қалды. Манағыдай емес, осы қазір қызғындығынан да айығып кеткендей. — Өлейін-ай, сөзін қарашы.


«Қош болыңдар» дегендей жас әке оң қолын жоғары көтеріп қойды да, сылқ-сылқ күліп кете барды. Екеуі оның соңынан күңкілдей қарап тұр:


— Бұ күнгінің жасы ұялмайды. Сөзін көрдіңіз бе? Өлейін-ай.


— Шіп-шикі бала.


— Иә, тым жас.


— Табиғат ана да қызық. Жаңағыдай желөкпе, жалаң аяқ перзент қадірін білмейтін балаға ұл береді. Ал мұрагер күтіп, шөлдеп отырғандардың үмітін ақтамай, жер соқтырып кетеді.


Дұрыс айтасың, құрдас. Мына менде төрт ұл, екі қыз. «Бір қыз да жетер», — деп едім, екіншісін тағы берді. Жүрегім тас төбеме шықты. Өлейін-ай... Біздің ауылда сегіз қызы бар Жаркеш деген болған. Ойбай, соның кебін киген екем деп зәрем ұшты. Үшінші рет қыз көрсетпегей деймін ішімнен. Құдай сақтап ұл тапты қатын. Енді бесеуі ұл, екі қыз.


Қати мұнымен не айтпақ болғанын, осынша неменеге мылжыңдағанын есіне түсіре алмай күмілжи тоқтады; құдайға шүкір ертең-ақ қолқанаттыққа жарайтын ұлдарым бар деп мақтанайын деген де ниеті жоқтын. Әйтеуір бір көңіл тоқтықты білдіру де емес еді. Ендеше не? О баста беті түзу болатын, қайдағы шиырға түсіп кетті. Бұл да арақ шіркіннің ісі; әйтпесе, сонау бозбала кезінде естігенін ұмытпайтын.


— Кешір, мақтанды деме, — деді ол.


— Уақасы жоқ. Аса дарынды, данышпандардың да ұлы болмаған. Маркстің, мәселенки, өзінде ылғи қыз, — деп ақ плащты жігіт көзін сығырайта ойлана іркілді. — Тегінде ой жұмысымен айналысатын дарын иелерін де ұл сирек. Тамақсау, жадағай жандарда ғой ұл.


Жігіт Қатидың қозы қарнына ұрлана көз тастады да, болмашы тамағын кенеп, әңгімесін онан әрі жалғастыр май күрт үзіп жіберді. Табиғат ана, балаға байланысты біраз сыр шертпек-тұғын; шамасы Қатиды бәрібір түсінбейді деп қорашсынған түрі бар.


— Сіз кетпеңіз. Мен кіріп медсестрамен сөйлесіп шығайын. Әйеліңізді кермей қалай қайтасыз, — деді ақ плащты Қатидің иығынан қағып. — Күтіңіз.


— Мақұл.


Қати «тамақсау», «жадағай» жаны менмін бе деп көзілдірікті жігіттің, әлгі бір байламына ренжімеді де, ыңғайына бағып, өз есебі өзіне түгел жандай кеңдік танытып қала берді. Құрдасы перзентхананың темір қақпасынан кіріп кеткесін ол төңірегіне бағдарлай көз тастап алып, сырт айнала ышқырын көтеріп қойды.


Перзентхананың қақпасынан басына дәрігердің ақ телпегін киген, халатының сыртына қоңыр плащын желең жамылған бір қыз көрінді; әлгінің қасы, көзі қап-қара, өзі ақ сары екен. Біз өкшелі туфли киген аяғы да оқтаудай; жүрісі де әдемі, кербез. Қати көйлегінің жағасын түзеп, жалма-жан ішін жинап, таралғыдай тартыла қалды. «Басын болмашы бір жанына қисайта ойланып келеді. Өлейін-ай, қандай сүйкімді еді...»


Аяғын тық-тық басып тұсынан өте берген:


— Сәлематсыз ба? — деді Қати үні дірілдеп.


— Есенбісіз...


Қыз таңдана, үлкен қара көзін төңкере тастап өте шықты. Ол тіпті мұны көрмей көктей өтіп кеткендей де болды. Қати оған кәдімгідей қорланып, әлдене айтқалы оқталған, соны сезгендей қыз қайрылып:


— Кешіріңіз, ағай, біреуді күтіп тұрсыз ба? — деді.


— Иә... Ә, жоғы, — деп Қати не айтарын білмей апалақтады.


— Қысылмаңыз, ағай, керек адамыңызды шақырып берейін.


— Қажеті жоқ. Рақмет, сізге.


— Есен болыңыз.


Дәрігер қыз жылы жымиып кетіп барады. Қати қимас құсын ұшырып алған жандай өз-өзінен өкініп, ызаланып» тұр «ағай» дейді ғой деп күбір етті. Сол сәтінде сылқ еткізіп ішіп де қоя берді.


Ол перзентхананың алдында сенделіп жүр. «Құрымағыр анау ақ плащты жігітті бекер-ақ жұмсаған екем. Ертең де күн бар емес пе еді? Ой, осы шыдамсыздығым-ай...»


— Оу, қосағасы!


«Біреу дауыстады ма?» Қати елендей жан-жанына қарады. «Өлейін-ай, мынау құрдасым ба, не дейді-ей? Шақыра ма?»


— Бермен келсеңізші!


Темір қақпаның аузында, ақ халатты бір келіншекпен сөйлесіп тұрған құрдасының екінші рет дауыстай шақыруын күтіп тұрғандай Қати бүлкектей түсіп барады. Білдірмеген боп, бір қырындай беріп, ышқырын көтеріп қойды.


— Аман ба, қарындасым?


— Есенбісіз... Сіз анау үшінші қатардағы терезеге көз салыңыз. Сол тұсқа келерсіз. Мен барып жеңгейге айтайын. Сізге балаңызды көрсетсін. Сонсын мұнан бұлай жексенбі, сенбі күндері кеп осы жердей тілдесуге болады. Дәрігерлер ұлықсат етеді. Жай күндері аула ішіне кіргізбейді.


Қазір балаларды емізіп жатыр. Терезені аштырмайды.Оған ренжімеңіз. Сізге тек көрсетер. Бүгінше соған разы болыңыз. Көп тұрмаңыз. Кезекші дәрігер көрсе, ұрсады. Келістік қой?


— Мақұл... Мақұл, айнам.


— Ұмытып кетіп, ұятқа қалдырмаңыз — қарындасыңызды, — деді құрдасы күліп.


— Нені ұмытам?


«Мынау мені әбден мақау санап, қорлады-ау», — дегендей, табан асты Қати қитықтанып, құрдасына ақия қарады. Қатты кейігенде булығып, аузына түскен бір сөзді қайталай беретін:


— Нені ұмытам? — деді тағы түтігіп. — Ұмытадың не-ей?


— Алла-ай, ренжіп қалдыңыз ба?


— Жоқ, — деп Қати әлгіндей болмай кілт етпе мінезінен ұялып, райынан тез қайтты.


Құрдасы оның жауырынынан қағып, асығыс екенін,тағы да бір соғатын жері барын айтып кетіп қалды. Көңіл кірбіңі жазыла қоймады ма, Қати құрдасына жылы ілтифат танытып, рақметін жөнді айта алмады; езу тартқан болған, онысы да келіспеді; тісі ауырған адамдай қабағы кіржиіп кетті.


Әлгінде медсестра көрсеткен терезе тұсына келген ғана көңілі сергіп, жүрегі лүпіл қағып қоя берді «Өлейін-ай, ылғи осы. Талай бала көрген әке сияқты емеспін. Әрқайсысы тұнғышымдай көңілімді қобалжытады, о несі-ей? Манағы жас әкелердікі ештеңе емес, менікі не?» Ол бедірейген суық терезелерге көзі талғанша қарап тұр. «Осылардың терезелері қызық. Өмірі абажадай боп үңірейеді де тұрады. Жапқышы да жоқ. Өй, біздің қатын да бір жайбасар. Лып етіп көтеріле қоюы қиын. Әй, тіпті сол қара басып... мынау қатын байын сағынып қалыпты ғой, — деп біреу айтар, күлер деп ұялып отырмасын. Онан о да шығады». Мойны да талды. Әйтсе де, шыдап бақты «Баяғыда үшінші баласында да өстіп дірдектетіп еді. Өзі уақыт қанша болды екен? Алты жақын-ау дейім. Қазір ел шұбырады ғой. Медсестрасы да ұшты-күйлі жоғалды., Қати жанқалтасынан көлдей орамалын алып, жасаураған көзін сүртті.


Ол басын жерден қайта көтергенде терезеден ақ шүберекке оралған бір нәрсені ұстап, күлімдеп тұрған өз келіншегін көрді; балаша қуанып, даудырлап дүниеде өзінен басқа жан жоқтай бәрін ұмытты.


— Оу, — деді Қати күлімдеп. — Аманбысың-ай, қатын! Мен... Менмін! Қатиыңмын ғой!


Әрине жабық терезеде әйелі не дегенін естіген жоқ. Күйеуінің қуанып кеткенін аңдап, езу тартты. Қазақ әйелі ұл балаға қуанбайтын еркек жоғын біледі; ал сондай қуаныш әкелген әйелде күйеуінің алдында бөлек бір наз, насаттану болады. Осы қазір Қатидің шұғылалы келіншегінің шұғылалы көзінде соның бәрі де бар.


— Қалың... Қалың қалай дейім, қатын?


Айтпағы көп-тұғын, мұнан өзге сөзі құрымағыр аузына түспей, діңкелетіп тұр. «Қалың қалай?» — дегеніңе әйелі жаман емеспін деп басын изеп, езу тартты. «Ащы-тұщыны бірге көріп, қас-қабақты бағып, танып келе жатқан әйелің деген сол-ау; емеуріннен түсініп, қалт жібермейді». Қати әйеліне іші жылып, бір түрлі сағынып, жетім көңілі жылынғандай болды. Тағы да ол келіншегі қуанғандай жақсы-жақсы сөздер айтайын деп еді, ойына ештеңе оралмады. Құдай жарылқап есіне Дүйсен қарт берген ойыншық арғымақ түсті; жалма-жан күпәйкесінің жан қалтасынан соны шығарып, ораған ақ қағазын сыдырып жырта бастады. Әйелі езуін жиып: «Бұнысы несі?» — деп таңданa қарап қалған, арасынан ойыншық шыққанда қуана күліп жіберді. Түсінгенін білдіре, қолындағы баласын жоғары көтерді.


— Айналайын, қатыным! Түсінді... түсінді! Бәсе, Қатидың қатыны ақылсыз болмаса игі еді... Дүйсен қарт!..Дүйсен қарт ырым етіп берді! Түсінбедің бе?


Қати иегін сипап шал дегенді бейнеледі. Базарда ойыншық сататын дегенді де ишараттап білдірді; перзентхананың ауласының іші оған бір республикалық театрдың сахнасы сияқты; аяғын алшаңдай басып, ойнап жүр.


— Ә, түсіндің бе! Міне сол... Балаң батыр болсын дейді! Иә-иә!.. Рақмет дейсің бе оған? Иә-иә, айтам! Сен... сен,қатын, балаларды уайымдама! Бәрі де жақсы! Кеше Амангелдінің мұғаліміне жолықтым! Түсінбедің бе?


Қати баласының бойын бейнелеп кіндік тұсын сызып көрсетті.


— Амангелді!.. Түсіндің ғой? Мұғалімі ата-анаңды ертіп кел депті! Мен бардым! Жо-жоқ, ішпей... ішпей, түк татпай бардым! Неге деймісің? Жаман алыпты. Иә-иә, жаман. Бүгін... Бүгін бала жуан үш әкелді! Түсіндің бе? Өзгесі жақсы... А?.. Жарайд, жарайды... Баланы көрсете ғой.


Әйелі үшінші қатардағы сәбидің жүзін күйеуінің көре алмасын сезді ме, ең әуелі өз маңдайын ұстап, ауада бір шеңбер сызды. Онысы жазық маңдай, балпиған ірі дегені екенін Қати түсінді.


— Ох, құлыным, көкесіне тартқан екен ғой! Жүзін... Жүзін... көрсетші!


Сәби оралған, ақ матаны әйел терезеге жақындатты.Қати ақ матаның арасынан бір қара ноқатты көрді. Әйелі тағы да әлденені ымдап, ишарат жасауға кірісті.


— Нағыз Қобыланды десейші! Жарайсың, қатын! Әдейін-ай!.. Танауы келтелеу деймісің? Е, нағашылары да құр алақан қалмаған екен. Жарайды, жарайды... кетейін. Сен де дем ал!


Әйелі сау бол, балаларға қара деп ым жасап жатыр.


— Жақсы! Мақұл, мақұл!


Перзентхананың ауласынан шығып, үйге бет алғандағана Қати әлгі медсестраға рақмет айтпағаны, әйелінен не жегісі келетінін сұрамағаны есіне түсті; сәл опынып, іркілді де, жүріп кетті. «Танауы келте деді-ау, ә? Айнымаған нағашылары болды. Көрдің бе, қырсықтардың жабысқан жерін. Өлейін-ай... Жә, мейліші. Солар сияқты бір мал дәрігері, не шопыр болар. Баяғыда апам: — Сенің танауың кішкентай күніңде келте еді, — дейтұғын. кейін мұныкі де менікі сияқты өсетін шығар, кім біледі. Әлгі қатынға уайымдамай-ақ қой деу керек еді. Әй, сол тіпті інілеріме тартты деп қуанып тұрмасын. Өлейін-ай, oндайы жоқ-тын. Маңдайы енді өз тұқымымдікі. Бәрінен де қажеті маңдай ғой».


Қати бұған іштей қуанып қалды.


* * *


Кейде адам басына ойдағы жоқ бір нәрсенің кіріп алып шықпайтыны болады. Ал енді өзің жек көретін, кездеспесе игі еді деп жүрген жанға ұқсас кісі жолықса ше? Оның күндердің күнінде шайтан түртіп, жамағайын да емес, ет жақының болуынан секемің бар делік, сонда қайттың? Бойыңа ас батып, қаннен-қаперсіз ұйықтай алар ма ең? Міне, Дүйсен қарттың да кешкі асын жөндеп іше алмай, жатса, көзі ілінбей әңкі-тәңкісі шығып, басы қаңғып отырғаны сонан. Қолындағы жалғыз немересі, осы ошақтың қуанышы Майражаны жасаған дәмді кеспені де,шайды да дұрыс іше алмады. Сәби сияқты бүлкілдеп, себепсізден-себепсіз Майраға өкпелегені несі! Жарайды, неге ренжіп жүргенін өзі білетін шығар, ал Майра ше? Ол білді ме, сезді ме? «Жазығым не енді, көкетай-ау», — деп күйзелді-ау. Әрине, шешесінің жоқтығы, жетімдігі есіне түсті.


Атасына қараған күні құрысын; қас пен қабағын бағып, бар адал жанымен аңқылдап, алдынан есік ашқанда, бұл бір тас құдайыңдай сұрланып өте берді. Түс бермеді.


Шалдың көз алдына аңырып, не істерін білмей тұрып қалған немересі елес берді. Шайдан кейін ол кешкі мектебіне сабағына кетті. «Көке, ауырып отырсаң, бүгінше бармай-ақ қояйын, — деп еді, жөн-жосықсыз тұлданып барқылдап: «Мен өледі деймісің, жүре бер», — деді. Неге айтты? Неге ренжітті? Жазығы не? Ең жақын бауыр етің тұрғай, жақсы достың көңілін қалдырудың өзі ауыр. Ал жалғыз көзіңнің қарашығындай немереңді ренжітсең ше? Жүрегің бұра тартып қатты сыздайды-ақ екен. Осы бір сезім Дүйсен қарттың есіне марқұм анасын түсірді. Онда ол бала еді. Болмашыға тіл алмай қасарып, жатып қалған. Ертеңіне шешесі салқын рай танытқанда қатты күйзелді Дәп қазіргідей жүрегі сыздап қоя берді.


Енді, міне, немересінің сабақтан тез қайтуын тілейді. Әнтектігін жуып-шайғысы келеді. Онысын қалай істейді? Не дейді? Әзірше оған о да жұмбақ. Қарт бөлме ішін кезіп кетті. Бұ да бұрын оның әдетінде жоқтұғын. Үйі де әне бір кең емес-тін. Төргі немересі жататын бөлме аядай, тіптен шағын. Кереует пен кішкене жазу үстелі әзер сиып тұр. Көгілдір шілтер ұстаған жалғыз терезесі бар. Ауызғы бөлме онан гөрі әжептәуір кең. Онда екі басы ақ мұнаралы темір кереует, қалайымен қаптаған сандық, терезенің алдында кішкене үстел мен аласа орындық сән түзейді. Төрде көлдей қара ала қошқар мүйіз оюы бар текемет, оның үстінде шаршы кілем жаюлы жатыр. Дүйсен қарт әрлі-берлі сенделіп-сенделіп, ақыры төрдегі текеметке кеп қисайды. Ұйқысы келмесе де, көзін жұмды; ештеме ойламауға тырысты. Әйтсе де, манағы автобустағы жігіт жадынан шықпай-ақ қойды...


Есіктің қоңырауы шылдыр ете түсті. «Бұ кім болды екен? Әрине Майраш емес. Оның қайтатын уақыты болған жоқ. Оған әлі бір сағат бар. Е, тәйір-ай, мына жаңа көршінің қатыны шығар. Ылғи осы кезде, не сәбіз, не қызыл бұрыш сұрай келеді». Дүйсен қарт бәкісін тастай беріп, «қазір-қазір»... — деп аптыға есікке ұмтылды.


Ашып жіберіп, қалтиып тұрды да қалды. Сәлден соң ғана өзіне-өзі кеп:


— Майраш... Ә, кіріңдер! Мынау қай бала? — деді. Майраның қасында бүгін автобуста өзі керетін ақ фуражкалы, мұртты жігіт тұр.


— Мен, ата, Майраның досымын...


— Неғып тұрсың, Майра, төрлет демеймісің, — деді қарт жігіттің сөзін тыңдағысы келмей, қиыстана, сырт айналып.


Жігіт қарттың соңынан ілесе кірді. Майра есіктің жақтауына сүйеніп тұрып қалды.


— Сөйле, балам!


— Ата, мен жетім жігітпін. Әке де, шеше де жоқ.Осындайда сөзімді сөйлеп, ере келер ағамның да болмағаныма жаныма батады. Біз Майра екеуміз бір-бірімізді ұнатамыз.


— Екеуің келіссеңдер, менен несіне сұрап тұрсыңдар.


— Ата, сен тек ренжімеші. Сені өле-өлгенімше тастамаймын, — деді Майра қартты құшақ тай алып.


Дүйсен қарттың жүрегі бұра тартып, қатты сыздап кетті. Көз алдына кемпірі екеуінің арасында, екі қолын бауырына алып пыс-пыс етіп жататын сәби елестеп өтті.


Сол мынау... Майра.Ұлықсат ет деп тұр. «Не дейін, кемпірім-ау?» — дей берді күбірлеп...


Шошына оянды; көзі ілініп кеткен екен.. «Ойпыр-ай», — деді ол апалақтап. «Қой, өйтіп ол ертіп келмес, Қазақта жоқ рәсім ғой. Түске не кірмейді, тәйірі» Мұның бәрі түс болғанына қуанып отыр. Әлсін-әлі «уф» деп қояды. «Бәрі... Бәрі өзімнен. Мені ұрып өлтіретін адам жоқ. Өзімнен. Шайтан базардың бірдеңеге ұрындырарын білмеп пе ем? Шайтан ұялаған жерде не жүрмейді. Шайтан базар деп тегін аталмаған екенсің де. Қызының базар десе, ішкелі отырған асын жерге қоятындай болғанын есіне алғысы келмеді. Әйтсе де онан құтылмады. Сұғанақ ой мысқылдай еніп, үйіріп жүре берді. «Иә, бәрі неден басталып еді...?» Бірде екі аяғы бастырмай, үш күндей төсек тартты. Өмірінде істемегені — жалғыз немересі Майраны базарға жұмсады. «Ойыншықтарды сен сатып кел. Бүгін демалысың ғой», — деп жатып жалынды. Әкесі де, анасы да, ағасы да болған атасының көңілін қимай Майра, әрі ұяттан жер бола жаздады: «Ата, бұның бізге керегі не? Мен жұмыс істеймін. Сіздің пенсияңыз бар. Екеумізге жетпей ме?» — деген-ді. Шал көнбеді. Майра амалсыз қара портфельді қолына алды. Есіктің тұтқасын ұстай берген қызын тоқтатып:


— Майражан, сен автобусқа мінбе. Ұзақ жүресің. Әрі кісі көп. Сен анау қалтарыс көшедегі жүк машинасының гаражын білесің ғой. Сол жерге шығып тұр. Мен күнде сөйтем. Олардың бәрі де базардың үстімен өтеді. Қолыңды көтерсең, кез келгені әкетеді, — деген болатын.


— Мақұл, ата, — деп Майра шығып кетті.


Сол сол-ақ екен, есік жабылысымен көңілі әлденеге жабырқап сала берді: «Бекер-ақ жібердім-ау. Тіптен шикі бала еді», — дегендей өкініш тыныш таптырмады. Үйде жападан-жалғыз қалған адамның басына не келіп, не кетпейді. Жаңағы өкініштің аяғы секемдікке ойысты. «Шоферлердің көпшілігі жас, қылжақбас жігіттер. Әлдене деп Майрашты ұялта ма? Ойнаған боп намысына тисе ше?» Немересін жұмсағаны бар болсын, Дүйсен қарт сол күні кешке дейін төңбекшіп аласұрып шықты. Майра ойыншықтың тең жарты сын сатыпты.


Кейін Майра шайтан базарға қамшы салдырмай өзі баратын болды. Оған Дүйсен қарт күліп те жүрді. «Байқа, Шайтан базардың белгілі адамдарының бірі боп кетпе», — деп те қойды. Сенбі, жексенбіні айтпағанда Майра кешкі, кезекті жұмысынан соң, бір күн үйде дем алатын. Енді со күні де әдемі киініп, Дүйсен қарт айтпай-ақ жинала бастайтынды тапты. Сонан секемденген шал қызының ізіне түсті. Бұл бір күздің қоңыр салқын, алабұлтты күні еді.


Miнe, ол үйден шықты. Жүз қадамдай алда Майра кетіп барады. Әне, ол автобус аялдамасынан асты. «Ой, ақылдым... Ботақаным менің. Көрдің бе, анау көптің бірі құсап аялдамада селкілдемей гаражға беттегенін. Дұрыс... Бәрекелді? Көшенің бергі қалтарысына тоқтады. Гараждан жаңа шыққан машина сол жерге ғана аялдай алады. Онан әрі де ұлықсат жоқ». Дүйсен қарттың көңілі орнығып, кейін үйге қайтқалы ыңғайланғаны сол еді; бір ғажап жайға түсіне алмай іркілді. Гараждан VIII машина шықты Майра әлгінің біріне де қол көтермеді. Тұсына келген машинадан сырт айналады. Бұнысы несі? Бұған не болған? Машина таңдап тұрудан cay ма?» Гараждың аузынан дүрдиген жиырма тонналық ауыр машина көрінді. Әлгі төңіректің бәрін көгілдір түтінге бөлеп, арылдап Майраның тұсына кеп кілт тұра қалды. Дүйсен таңдана үңіліп, ештеңе көре алмады. Өзге машиналардағыдай емес, мұның кабинасы да бір бүйір, өте биікте екен. Шалдың көргені қол... бір-ақ қол. Иә-иә... Кәдімгі ер адамның қайратты қолы. Әлгі кабина есігінен бүркіттің аяғынша тарбиып шықты да, аппақ бір қозыны көтергендей Майраны ішке тартып әкетті. Сарт етіп іле кабина есігі жабылды да, машина жүріп кетті. «Суға кеткен тал қармар» деген рас-ау дейім. Дүйсен қарт жүгіріп кеп гараждан шыққан тағы бір машинаға қол көтеріп, мініп алды. «Қамшыны басшы. балам», — деді шыдамай. Бұ такси емес. Жүк машинасы екенін де ұмытты. Отырғызғанының өзіне шүкірлік етпей: «Қатты жүр», — деп әмір еткені ыңғайсыз болғанын сезініп қипақтай бастады:


— Таңның атысы, күннің батысы қыруар жұмыс. Бір мігір жоқ. Сонда да бітпейді. Өзімсініп, баламдай көріп айтқаным ғой. Көңіліңе алма, қарағым.


— Уақасы жоқ, ата.


— Е, айнам, түсінсең бопты.


— Сізді «Шайтан базардан» түсірейін бе?


— Иә... Оны қайдан білесің?


— Бұрын да маған отырғансыз, ата.


— Сөйтіп пе ем?


— Иә... Кейде мен ата сізден гөрі басқа біреудің отырғанын іштей тілейім. Сізді әрине жек көргеннен емес. Теріс түсінбеңіз. Сіз де жігіт болдыңыз ғой. Менің... Мен әлгінде сіз отырған жерден бір қызды көрушi ем. Сұмдық-ай сүйем... Өзі әлі жас. Он жетіде. Қыр мұрынды, көзі қап-қара қарақаттай. Шашы да төгіліп тұр. Нағыз ертегіде суреттелетін сұлу. Амал не, ол менің машинам а мінбейді. Анау жиырма бес тонналықта кетіп барады. Көремісіз? Өзі де ұшыртып. Маңытар түрі жоқ қой, ей.


Шикіл сары, әлжуаз шофер жігіт иегімен алдағы машинаны меңзеді.


— Көріп тұрмын, — деді Дүйсен қарт, — Саған неге отырмайды?


— Білмейім.


— Сұрамадың ба?


— Не деп? Қалай? Сонсын жерде жүрекке бұйрық жүре ме? Ол анау жігітті ұнатады.


— Ұнатады?


— Иә... Несіне таңданасыз?


— Оның сенен несі артық — деді Дүйсен қарт бәрін біліп алмаққа бекініп.


— Әрине, артық ештеңесі жоқ. Ол көп болса техникумда оқитын шығар.Өзі боксер. Сонысы болмаса.


— Боксер дейді? Әлгі дамбалмен жүріп жұдырықтасатын ба? — деп Дүйсен қарт түк білмегенсіп, қулана қарады.


— Сіз де айтасыз-ay, ата.


Шофер жігіт күліп алды. Жанынан шылымын шығарып, шалға ұсынып еді, ол тартпайтындығын білдіре қолымен ишарат етті. Іші өртеніп бара жатса да, сыр бермей отыр. Жалғыз немересінің бойжетіп қалғанына да енді көзі жеткендей. «Жо-жоқ, ол мүмкін емес, — дейді іштей тістеніп. — Мен... Мен онан айрылмаймын...»


— Ол өзі бір өткір, қайсар жігіт. Детдомда өскен. Мына қыз да жетім көрінеді. Кәрі шал атасы бар дей ме, қалай.


— Ым...


— Боксер болса, ол жігітке мін емес, ата. Палуан деген сияқты ғой.


— Жігіттің аты кім?


— Оны қайтесіз?


— Тек сұрап отырғаным да.


— А... Мұрат. Ата, сіз осы жерден түсіңіз. Базардың алдына машинаны тоқтатпайды. Автоинспектор бар, — деді жігіт жол жиегіне қарай машинасын баяулата тоқтатып жатып.


— Жарайды, қарағым. Рақмет, жасың ұзақ болсын.


Дүйсен қарт базарға кірмеді. Ойқастап әрлі-берлі алдынан екі өтті. Бой тасалана мойнын созып қарап еді; Майраға көзі түспеді. «Әлгі машинадан түспегені ме? Қайда кетті?» Енді ол сақтықты қойып, базарды көзімен шарлап шықты. Оған да місе тұтпай, ішке кіргелі оқтала берген, анадайдан Майра көрінді. Қасында бір жігіт.Әлденеге мәз боп күліп келеді. Екі беті бал-бұл жанып: «Әй, Мұрат», — дейді. Үнінде жігітке деген бір ыстық ықылас, мейірім бар. Тіпті атасын аңдайтын емес. Дүйсен қарт ұрлық істегендей жалт беріп, сырт айналып кетті. Әне, олар бұның тұсынан өтті. Ығы-жығы халықтың арасынан төбелері ғана көрініп барады. Ақ фуражкалы, мұртты жігіт масаттана «менің қызымды көрдіңдер ме?» — дегендей, жан-жағына қарап қояды. «Майра оны машинасына дейін шығарып салмақшы ғой, шамасы», — деп ойлады қарт немере қызын мұрттыдан қызғана. Машина өзі базардың тұсынан өтіп кетіп тоқтаған екен.


Майраның қайтып келе жатқанын,езуіндегі сембеген күлкінің шуағын кергенде, қарттың жүзі шыдамады; бұрылып кейін қарай жүре берді. Дүйсен қарттың өзі ойласа, Майра әлі сәби. Ал бойжеткен күнде оның теңі бұл емес. Ерен ақылды, сұлу жігіт болуға тиіс. «Менің барым да, базарым да сенсің, қызым. Анау жігітіңді көрдім, саған лайықсыз», — десем бе деп ойлады. Бірақ қалай көрдіңіз десе, не дейді? Мені аңдыған екенсіз ғой, ата, деп қалса, жер болмай ма?


Дүйсен қарт онысынан табан асты айныды. «Майраға сыр бермей, жазылдым, тәуірмін. Ертең өзім шығам», — деп отырды. «Әбден айықпай тұрып, қайталап қалмаңыз», — деген Майра қамқорлай, ол көнбеді. Міне, бүгін бір жұма өзі базарға шығып жүр. Майра үйде. Жұмысынан келе кешкі мектебінің сабағын даярлауға отырады. Жетіде сабаққа барып, дәл онда келеді. Дүйсен қарттың да жүрегі орнына түсіп, көңілі жайланған. Анау жігіт көз жазып қалды, не күдер үзді-ау деген үмітте еді, жаңа автобуста соған ұқсас баланы көргенде, не істерін білмегенін қайтерсің. Ол аз дегендей көзі ілініп кеткенде түсінде көріп, көңілін әлем-жәлем етпеді ме? «Қой, не болса содан үркіп, секемдене бермейінші. Тұрайын. Бұ не шалжию. Майрашжанның да қайтатын уағы жақындап қалды», — деп күңкілдей сөйлеп орнынан тұрды. Терезе алдындағы үстеліне отырып, қалайы қасықтай ыңғайлы, өткір бәкісін қолына алды. Құшырлана жонып, түйе жасамақ болған, әлгі өз-өзінен адам бейнесіне ұқсай берді.


Шал мырс етті. Манағы мұртты жігіт ойына оралып. жадынан шықпай-ақ қойды; еркін билеп барады. Қарт іркілмей соның ыңғайына бақты. Miнe, ғажап... Mүсін қиылған қара мұртты жігіттен айнымайды. Шүңіректеу көзі де, басындағы фуражкасы да, оң жаң беттегі тыртығы да сонікі. Шал әлденеге айызы қанғандай сылқ-сылқ күлді. «Тоқтай тұр, бала, алла қосса ертең сені де шайтан базарға апарып салармын», — деп қойды.


* * *


— Шал... Оу, шал.


Дүйсен қарт қарсы алдында тұрған орта бойлы, ұзын сұрғылт плащты, басында күн қағары алақандай фуражкасы бар бадырақ көз шалды аңдайтын емес: тіпті оның төңірегіне таңдана қарағанын да, қою ақ қылау мұртын сипап, қызыл шырайлы жүзі күреңіте күлімдегенін де байқаған жоқ. Қоңыр қалпағын көзіне түсіріңкіреп жіберген, төмен қарап отыр. Терең ой үстінде; қабағы түнере түйіліп кеткен. «Қызым-ай, қара көзіңнің суық тартқаны несі? Неге жиі күрсінесің? Үндемейсің. Сыңғыраған күлкің де азайды. Жұмыстан келісімен ұзақ-ұзақ әңгіме айтушы ең, о да қалды. Бір-бірімізді жатсынатын болғанымыз ба? Тәңірім-ау, кім үшін жүрміз? Есімізді жиып, өзімізге-өзіміз келейікші. Шырқымызды бұзған мұртты жігітті де, базарды да бір сәтке ұмытайықшы. Meн, әрине, әжеңдей сенің жаныңды түсінбейтін шығармын. Әйтсе де, онан кем сені сүйем бе? Өзің ойлашы, сенен қымбат менің нем бар? Сүйенішім де өзің емеспісің? Тек күрсіне бермеші, ботам. Кәрі жүрегімді сыздатып қинамашы. Сен әлі сәбисің ғой...»


— Дүйсен-ай!..


Ол селт етіп, шошына басын жердей жұлып алды. Апалақтай жайма үстіндегі ойыншы қатарына көзін жүгіртіп өтті. «Бәрі орнында. Кім дауыстаған?» Сол есін жия алмаған күйі күлімдеп тұрған қызыл шырайлы шалға жөнді назар салмай:


— Сізге не керек еді? — деді самарқау.


— О, тәңір атсын?! Алжасудан саумысың-ей?!


Мұртты шал еш риясыз, шалқақтай күліп жіберді.


— Мұқан?.. Ойбай-ау, сенбісің-ай. Қайдан жүрсің,ә?


Талай жыл заводта бірге істеген токарь Мұқан пенсияға шыққаннан кейін, Көкшетауға еліне көшіп кеткен.


Екі ұлы да ауыл шаруашылық институтын бітіріп, сол жақта жұмыста деп Дүйсен ести-тұғын; енді міне бұлар да со жаққа буынып-түйініп, жүргелі жиналып отыр. Иә, Мұқан алғаш немере көріп, шал аталғанда құтты болсын айтқаны да есінде. Жол жүрерден үш-төрт күн бұрын Мұқанды кемпірімен Дүйсен қонаққа шақырды. О кезде кемпірі бар; марқұм Мұқанның әйелін құшақтап, қимай көзіне жас алғанды. Сөйтсе, ол мәңгі қоштасқан екен ғой. Сонда немере бағып, елде тұратындарын, мал ұстап, бақ өсіретіндерін айтып, жазға салым қыдырып келіндер демеп пе еді. Дәм тартпады. Көп кешікпей кемпірі де жіңішке аурудан дүние салды.


Міне, мынау сол Мұқан.


— Балалар осында жұмысқа ауысып, қайта көшіп келдік. Екі апта болды. Сіздікіне соғып ек, базарға кетті деді.


— Кім айтты? Майраш па? Неге отырмадыңдар. Майраш маған келіп айтатын еді ғой.


— Жоқ. Майраш емес. Базарда деген көршің. Есіктерің құлыптаулы екен.


— Ә... — Дүйсен қарттың қабағы түйіле түсіп, қайта жазылды.


— Мынау баяғы Майрашқа істеп жүрген ойыншықтарың ба?


— Е, еріккеннің ермегі де. Өзге не дейсің.


Дүйсен қарттың бұл саудагерлік өмірінде қатты бір қысылғаны еді; саудагерлік қазақтың қанына біткен ата кәсібі емес; әрі еркекпін дегеннің ұстанар тірлігі деп білмейтін елге жат қылық, қор адамның ісі саналатын. Мұқанмен сондай бейшара шағында, кездейсоқ ұшырасқаннан ба, жүрек түкпірінде бала жасынан ана сүтімен еніп, беріш боп қатып жатқан со бір ескі, ұлттық ұят оянып кетті.


— Баяғы сол ағаштан түйін түйетін шеберлігің. Елде таптырмайтын жансың-ау. Әдемі ер-тұрман, киіз үйдің сүйегін жасайтын мықтының өзі болар ең. Шопандар сені алақандарына салып әлпештер еді. Темір мен кенептен жасаған киіз үйлерді көрсең, өзің шыдап отыра алмайсың, — деді Мұқан досының қысылып қалғанын сезіп, әңгімеге тартып.


— Ата, — деп анадай жерде осқырынып тұрған қара бала арадан киіп, әңгімесін бөліп жіберді. Жұқа қоңыр пальто, ақ көйлек киіп, қызыл галстук тағыныпты. Оның кімді «ата» дегенін аңдамай Дүйсен қарт:


— Балам, қайсысын аласың? Бағасы бірдей, отыз тиын, — деді.


— Маған керек емес.


Бала состиып, жақтырмай қарады. Кекіл шашын басын кекжең еткізіп кейін қайырған болды. Дүйсен қарт мынау баланың Мұқанның немересі екенін енді аңдап, ұяттан не істерін білмеді; әбден жер болды.


Иә, бүгін күн ұзағына ісінің бір сәті келген емес; қырын кетуін көрмеймісің. «Әйтпесе сыйлас досының немересіне ойыншық сатпақ па еді? Аңысын-аңдамай ма? Алатын адам өзі де сұрайды ғой. Сатқанда сол ойыншықтан байи ма? Неме керек? «Қарағым, ұнатқаныңды алшы», — десе қайтетін еді! Шынымен алжасқаны ма? Бұнысы не?» Дүйсен тершіп кеткен маңдайын сүртті. Терең күрсініп қойды. Күздің шағырмақ шуағынан жаны жүдеп, ол досына күйзеле қарады.


— Базардан қашан қайтасың, Дүйсен?


— Жоқ... Кетуім керек. Мұқа, біздікіне барамыз. Отырайықшы. Көп болды ғой көріспе генімізге.


— Жүр, ендеше.


— Қазір... Айналайын, сыйлағаным болсын, таңдағандарыңды алшы. Ініңе берерсің. Мен де сенің атаңмын. Қара басып танымай қалғаным.


— Ал... Алсайшы, атаң ал дегенде.


— Рақмет, ата. — Бала ұзақ таңдаған жоқ; шеткергі қызыл түлкіні алды. Қара көзінде қуаныш сәулесі жылт етті. Айналдыра қарап, қызықтай бастады.


Өмірі өзі жасаған ойыншықтарға көңілі бітпейтін Дүйсен қарт мына баланың табан асты өзгеріп сала бергеніне ілкіде таңданса, енді соған іштей қуанып тұр. Жалтақ-жалтақ Мұқан құрдасына қарап қояды; көз айналасындағы балапан әжімнің әр талына шуақ жүгіріп, күлім-күлім етеді.


Мұқан досының қазіргі жан-дүниесін түсінді; өйткені көпті көрген көне көз емес пе? Туған жерде, елде де өнерлі жандармен табақтас болғаны бар. Әлі есінде, бірде баласының мектептес ақын досы кеп, апталап бұның үйінде жатты. Сол жігіт сұлу Көкшеге, тың игерушілерге арнап өлең жазып, онысын дабырлап Мұқанға оқитын да отыратын; кейде өз өлеңіне өзі сәбише қуанып, ішіп алса, жылап-сықтап, мәре-сәре болатын; жас ақынның балаң мінезі Мұқан қартқа ерсі де көрінетін; бертін келе оның елжірлігін де, елпілдектігін де елемей, тіпті бірге қуанып, тауып айтқан әр сөзіне сүйсінетінді тапты. Өзі де әлденені күбірлеп, ұйқастырам деп әлектенетінді шығарды. Абайдан өзге ақынды білмейтін ол өлең құмар боп алды. Көзәйнегін киіп, күмбірлеп, күңіреніп кеп оқиды. «Кәрі боз қартайғанда жорға шықты», — дегендейін, көзің сіркеленгенде боздап, дабдырғаныңа жол болсын, — деп кемпірінің зілсіз қағытқанын да елемейтің. Міне, енді сол бір ақынның балаң мінезін құрдасынан көріп тұр. Дыз етпе елікпелігі жоқ Мұқан қарт сабыр сақтаса да, құрдасына ырзалығын, әлгіндегі ағат ойын, саудагер санап қабақ шытып қалғанын жуып-шаймаққа көшті.


— Немеремді қатты қуанттың-ау, Дүйсен. Ырзалығымды қалай білдірсем.


— Қой әрі... Сандалмашы.


Дүйсен сезіктене езуін жиып алды; құрдасының мынау қағытуы, не қалжыңы екенін біле алмай дал. Кекетіндісі болса қайтты? Ол алдындағы ойыншықтарды аяусыз уыстай жинастырып, қара сөмкесіне сала бастады. Мына қалпында бәрінің ойран-ботқасын шығаратын түрі бар.


— Ой, жарымағыр, ақырын... Қиратамысың?! — деді Мұқан ақырын Дүйсеннің шынтағынан ұстап. — Мен адалымды айтқам, тағы да жамандыққа жорыдың-ау. Түсінбедің бе, қалай? Кекесінді мен білмейім. Бұның — өнер. Соған көзім жетті. Сені осыдан бір пайда тауып, дүние жиып жүр дегенім емес. Шын сүйіндім.


Көңіл шіркін кіршең-ау. Әп-сәтте тозаңданып, көлеңке үйіріліп қалады. Адамдай кінәмшіл болсашы; жүдей түскен Дүйсен қайта сергіп жүзі жылып келеді. Ойыншықтарды бір-бірлеп, асықпай жинастыра бастады.


— Ата, жүрмейміз бе?


Мұқан қарттың немересі аузын бұртитып, көз астынан қарап тұр.


— Қазір. Сабыр етсейші.


— Иә, жүрелік.


Дүйсен қара портфелін қолтығына қысып алды. Сонсын күндегі дағдысынша оны-пұны ұсақ-түйек сатып, іргелес тұрған кемпірмен де, қарсы беттегі сөреде жиде-жемісін жайып қойып, бұлардан көз алмай отырған қыз-келіншектермен де жылы езу тарта қоштасты.


Міне, олар базардан да шықты. Ақырын аяңдап, үн-түнсіз келеді. Жандарынан азынап үлкенді-кішілі машиналар өтіп жатыр. Ызы-қиқу, ың-жың. Мұқанның не мересі әу-дем жер алда кетіп барады. Жалтақ-жалтақ артына қарап қояды.


— Майрашжан оқи ма? Неге үндемейсің? Өзің мәңгіріп тұрсың ғой.


— Кешкісін оқиды. Күндіз жұмыста.


— А...


— Үйге барғасын сөйлесерміз. Мынау көшеде ештеңе естіртпейді.


— А?


— Мынау машиналар естіртпейді дейім.


— Иә, машина көбейіп кеткен екен.


— Өте көп.


— Дүйсен-ай, біздікіне барайық. Кемпірім сені көріп бір қуансын.


— Жо-жоқ.


— Жоқ емес. Біздікіне барамыз.


— Ерулік бермеймін бе?


— Е, қойшы... Кейін көрерміз, — деді Мұқан қолын сілкіп. — Сөзді қой. Жүр.


— Мақұл.


— Ата, әне автобус!


Бала кейінде келе жатқан автобусты қолын шошайта көрсетіп дауыстап тұр.


— Тез, Тез! Жүгірсеңдерші!


— Өзің жүгіре бер! Біз асықпай барамыз, — деді Мұқан мұртын сипай күлімдеп.


— Жарайд, ата.


Аялдамаға қарай бала құлдыраңдай жүгіре жөнелді. Әне, ол көшенің бұрышына жетпей, машинаның ара-арасымен қиғаш тартып барады. Анау қызыл автобустан өзге көлік жоқ тай асығыс; шоферлердің үсті-үстіне машиналарын безектетіп жатқанымен ісі жоқ. Мұқан да ұлықсат ете қойғанына өкініп, балапанын қорғаған торғайдай шырпыр болды.


— Көзіңе қара! Әй, ақырын. Мынау қайтеді-ей, — деді Мұқан безектеп.


Бала аман-есен өтіп кетті.


— Өй, тентек, — деп қалды қарт жүрегі орнына түсіп.


Дүйсен қарт оянып кетті.Оянып кетіп, ол ілкіде өзінің қайда жатқанын біле алмай дал болды. «Бұнда кім әкелді?Қайдамын мен?».Сәлден соң оң мен солын ажыратып, өзіне-өзі келе бастады.Ойына арақ ішкені түсті, ал ішкен күні түн жарасында осылайша оянып алып,қайтып ұйықтамай төсекте дөңбекшумен таңды көзінен атыратын қашанғы әдеті. Со құрымағырды ұрттайын демейді-ау, өстіп бір реті кеп қалады. Мұқанмен кездесем деп ойлап па? Қанша әңгіме айтылды. Иә, Мұқан нағыз дос. Әйелі де... құрдас жақсы адам. «Үйленуің керек», — дейді. «Үйлену... Кімге үйленем? Майраш ше? Ол не дейді? Ай, қойшы, енді төсек жаңғыртып мархабат таппаспын. Майрашқа деген ренішімді де былшылдап айтып, нем бар еді? Жалғызымды өзім жамандағандай болдым-ау. «Бойжетіпті ғой, теңі табылса бағын байлама», — дейді. Оның әлі бала екенін бұлар қайдан білсін».


«Сен қызыңды жігіт атаулыдан қызғанып жүруден саумысың? — дейді Мұқан. Білмеймін. Әйтеуір жамандыққа қимаймын. Әлі сәби ғой Майрашым. Не түсінеді? Не біледі? Не көрді? Кемпірім тірі болса, оның жайын күні-түні ойлап осылай дөңбекшір ме ем. Еркек кіндік те емес. Айналып-толғанғаннан өзге не ақыл берем?..»


Ол кең бөлменің қақ төрінде жалғыз жатыр. Іргелес екі бөлмеде Мұқан кемпірі мен немерелері, келіні, баласы. Мынау қонақ бөлме. Терезесі үлкен. Көшедегі шамның көмескі жарығы шұбар ала боп, қарсы қабырғаға түсіп тұр. Далада жаңбыр сіркірей бастаған сияқты; терезе шынысын жауын тамшысының сырт-сырт шерткені естіледі. Дүйсен терең күрсіне аунап түсті; енді бетін іргеге қарай беріп жатыр. «Қайда кеткенімді Майражанға айтпап ем. Қалалы жер. «Қайда жүр екен» деп қой ол қорықты».


Ойына анау мұртты шофер жігіт түсті; сақтай гөр. Апыр-ай, мен не істедім осы? Ботақанымды жалғыз та ұстап кеткенім не? Ай, мені өлтіретін адам жоқ қой, — дейді ол күбірлеп.


Кәрі әке жүрегі лүпіл қағып, жанын тыншытар емес. «Көке, көке, қайдасың? Жіберші, ағатай... Көке», — деп қызы осы қазір жан ұшырып, анау шофер баланың құшағынан шыға алмай, айқайлап көмекке шақырғандай да болады.


Ол тұрып, төсегінің үстінде тірі аруақтай ербиіп отыр. Бір түрлі жүрек түбі бұра тартып сыздап барады. Тынысы тарылғандай, маңдайынан мұздай тер шықты. Үн-түнсіз үй иелерімен қоштаспай, түн жарымында кетіп қалудың ретін таба алмай қиналулы. «Не дейім? Немереме сенбедім, бір жігіті бар еді; сонан қауіп еттім дейім бе? Құдай сақтасын, өйтіп өз баламды ұятқа қалдырар жайым жоқ». Дүйсен қарт өзін-өзі тежеп, ұйытқи берген көңілін сабырға жеңдіріп бақты. «Есті бала сияқты-тұғын. Ондай хайуандыққа бармас», — деп ол күбірлей төсегіне қайта қисайды.


Дүйсен қарттың есіне бұдан бір апта бұрын болғап жай түсті. Әлдеқалай далаға шығып сейілдеп жүрген, көрші үйдің ит жетектеген баласы кездесті. Кісі аяғы сиреген кешкі мезгіл еді. Күн ашық, қоңыр салқын.


— Ата, анау жердегі баққа неге қыдырмайсыз. Ауасы таза. Мен сонан келе жатырмын, — деді әлгі бала.


Е, о да жөн. Барсам барайыншы. Әр жағында автобустың аялдамасы да жақын. Кешкі мектепке кеткен Майрашжанның да қайтатын уақыты болды. Қарсы алармын, — деген оймен солай бет алды.


Екі қолын артына ұстап аяңдап келеді. Түнгі ауа тынысын кеңітіп, көңілі де сергіп кетті. Міне, мынау бақ. Бесін кезінде мынау орындықтарда адам көп болатын; қазір бос тұр. Ол қара көлеңкелеу жердегі орындықтың біріне кеп жайғасты. Баққа жақын, көшенің арғы бетіндегі аялдамаға қарап отыр. Ауық-ауық басын көкке көтеріп, көкірегін кере терең тыныстайды. Кейде аспандағы самаладай жұлдыздарды күбірлей санайды. Кенет... Ту сыртынан таныс қыз үні естілді. Айнымаған соның даусы. Әлгі әлдекімге еркелей күліп те қояды. «Майрашжан ба? Қой ол болмас... Оқуда емес пе?» Дүйсен қарт демін ішінен алып, бір уыс боп түйіле қалды. Сәл тамағын кенесе үркітіп жіберердей қыбыр етпей отыр. Міне, мынау жігіт үні...


— Сенің шашыңнан жаңбыр иісі шығады. Нағыз көктемгі, жылы жауын иісі.


— Қойшы.


— Рас, айтам... Екі бетің аппақ, үлбірейді де тұрады. Кірпігіңнің көлеңкесі қандай әдемі еді. Бір түрлі тұп-тұнық... Көзіңнен сүйейінші...


— Қойшы енді. Әне, анау жерде біреу отыр. Ұят болар.


— Кімнен ұят? Жо-жоқ, мен бұл бақтың ішінде тірі пендеден ықпайым. Өйткені мынау бақ та, сен де менікісіңдер. Егер сен күлмесең, мен шынымды айтар ем.


— Бұған дейінгіңнің бәрі жалған ба еді?


— Бәрі емес, бірі өтірік болатын.


— Қайсысы?


— Жетіммін, жалғызбын дегенім.


— Детдомда өскенің өтірік пе?


— Жоқ.


— Ендеше не?


— Жалғыздығым.


— Түсінбедім?


— Дүниеде сен барсың. Сен бар жерде маған дүние кең, мен бай жанмын. Мен көппін. Сен маған аға да, ана да, іні де, қарындас та, жар да, қалындық та — бәрі-бәрісің.


— Жұмбақтап сөйлеуге әуессің-ау. Қойшы...


Қыздың назды, тұншыға күлгені естілді. Дүйсен қарт орнынан тұрып кетпек болған, бойын әлдене бір зіл басып, орнынан қозғала алмады. Ол осы сәт мынау қыздың кім екенін білмей, бұл арадан кете алмайтынын сезсе де, «Майрашжан болмаса игі еді», — деп, іштей тілеу тілеп отырғанын өзі де аңдамады.


— Сені ең алғаш көргенде есімнен тана жаздадым. Сонда тұнық, ұялы жанарың жанымды қыдыртты. Көгілдір көлеңке үйірілген ұзын, қою кірпіктерің көзімнің жауын алып, көгенделіп қалғандай болдым.


— Кетейікші.


— Кішкене аялдашы, Майраш. Әлі ерте ғой.


— Жо-жоқ, кеш.


— Өстіп ылғи асығасың. Мені... Мені де бір аясайшы.


— Жарайд, аялдайын. Тек ренжімеші.


— Майраш... Шіркін, көкең де мені сендей жек көрмесе, қандай бақытты болар ем.


— Ол мені қимайды.


— Майраш, біз бала емеспіз ғой.


Дүйсен қарт мұнан әрі шыдай алмай, ақырын орнынан көтеріліп, бүгежетей үйіне қарай бет түзеді. Үйге келісімен тез шешініп, шам жақпай жатып қалды. Кеп кешікпей Майраш та келді. Ұйықтаған боп ол сонда орнынан тұрмаған-ды. Ертеңгісін де түк сыр бермей, шайын ішіп, базарға кетті. Сол бір түнді күні бүгінге шекті ойына алмап еді, тағы да айна лып соққан жерін қарашы. «Жо-жоқ, ойламаймын. Оқуын бітірмей, бермеймін ботамды. Бермеймін».


Ол аударылып, терезеге қарап жатты. Ұйқысы әбден ашылды. Манағыдай емес, көңілі сәл басылып, әлгі бір үрей, қауіп, сейілгенін сезді. Мұндайда ол басқа, қызықты жайларды ойлап, көңілін алдарқататыны бар-тұғын. Сол әдетімен Мұқанның кенже немересінің манағы бір тауып айтқан тәтті тілін есіне алды. Езу тартты.


Ет пен шайдың арасында Мұқан екеуі аула ішіне сейілдегелі шықты. Түп етегіне жабысып кішкене немересі қалмай қойғасын, Мұқан оны мойнына мінгізіп алған еді, әлгі тықылдап, бұларды оңаша сөйлетпей сұрақтың астына алғанын қайтерсің.


— Ата, сен мені шын жақсы көремісің? — деді ол.


— Е, әрине, Жақсы көрмесем, мойныма мінгізем бе?


— Мен ауырмын ба?


— Білмеймін, балам.


— Сен әкемді мінгізбеуші ме ең, ата?


— Жоқ.


— Бір де бір мінгізбедің бе?


— Иә.


— Неге?


— Білмейім.


— Ағамды да ма?


— Иә.


— Оларды не жек кердің бе?


— Жоқ.


— Онда неге мінгізбедің?


— Уақыт болмады.


— Жұмыс істедің бе?


— Иә.


— Мені жұмысың болмағасын мінгізіп жүр екенсің ғой. Ой, ата, сен қандай қусың, ә? — деді немересі.


Мұқан да. Дүйсен де сонда еріксіз күліп жіберген.


«Бала тілі — бал» деген сол-ау


Дүйсен көгілдірлене бастаған терезе шынысына күлімдей қарап көзін жұмды. Тағы да бір түн ұйқысыз осылай етті


«Сен де бір замандарда қартаярсың. Жолдас-жораларың да етек-жеңін жиып, шағындалар. Өзің де бұлтты күні аяғыңды баса алмай, «сүйегім сырқырайды», — деп отыратын шаққа келерсің. Сонда есінде болсын, тума-туыстарыңнан бетер бауырмал, көргенде ішің жылып тұрар дос табылады. Ол — бір кезде еленбеген қатар-құрбыларың.


Жассың ғой. Ал жастық оны сездірмейді. Жастық дегенің де — уақыты аз, қызығы көп бір дәурен», — деп марқұм әкесі киіз үйдің шуақ бетінде, аяғын күнге қыздырып, сылап отырғанда талай айтушы-тұғын. Бозбала Дүйсен оны қарттың көп күнділінің бірі көретін де, мән-мағына бермейтін еді; алдына келді. Дүние тірлік оған сайдың тасындай жолдас та, қалыңдық та, жар да, бала да беріпті. Ол болса, сол бір қызықты базарын қадірлей білмепті. Енді, міне, соны өз қолынан тарқатып жібергендей күйзеліп отыр. «Иә, өмір деген де — бір шайтан базар. Мұқан қайтып келмесе, қайтер ем? Ойлар ма ем?», — дейді ол күлімдеп. Адам айтса нанғысыз кешелі-берлі отыз жыл заводта жұмыстас болған Мұқанмен екеуі жыртылып-айрылысты; пенсияға шыққандарына да көп жыл өтпеген сияқты еді, әйтсе де өмірлерінде өзгеріс аз емес екен. Түнімен сырласып тауыса алмады: неше шай ішіліп, ет желінді, тіпті «ащы судан» да сімірісті-ау. Бірге істеген жолдастарын түгендесті. О, дариға-ай, кәрі қойдың тісіндей әр тұста қадау-қадау, жалғыз жарым қалыпты. Солардан өмірі байқамаған тамаша қасиеттер тауып, қадірлерін білмегендеріне де қатты өкінгендерін айтсайшы.


— Біз бекер өмір сүргеніміз жоқ, Дүйсен. Өз басым өкінбейім. Жолдастарымыз дегендей-ақ жігіттер еді ғой, — деді Мұқан сонда Дүйсенді құшақтай жауырынынан қағып.


«Иә, өкінбейміз. Тек бір-бірлерімізді қадірлеуіміз аз болды-ау деп ойлаймын. Кім біледі, адамның адамдығы да осынысында шығар». — Дүйсен қарт басын көтеріп алды.


Күн бұлыңғыр, қоңыр салқын. Базар іші бойкүйез. Мұндай күндері кісі аяғы да сирек. Дүйсен қарт алдына жиып қойған ойыншықтарды көзімен тағы бір шолып өтті. Маңдайына түсіңкіреп кеткен қалпағының күнқағарын добалдай, сіңірлі қолымен кейін ысырып, күпәйкесінің жағасын түзеді. Төңірегіне мойнын созып-созып көз тастады; Қатиды іздеп тұр. Аса сыралғы болмаса да, оған Мұқан досын кездестіргенін, қалаға оның қайта көшіп келгенін, түнде сол үйге қонғанын айтпақ ойы бар. Әйтсе де, Қати көзге шалынбады.


— Әй, шал!


Дүйсен қарт селт етіп, жалт қарады. Қасында тұрған ет жеңді сары кемпір екен, жымың-жымың етеді, көзі мүлдем жұмылып кеткен. Үстінде баяғы тобылғы түсті, ұзын пальто. Басында көнетоз, кір-кір сарғыш орамал. Дүйсен қарттың кемпірі бір таза, сырбаз жан еді. Марқұмның жаулығына қылау жұқпайтын, болмашы нілге салғаннан ба, сәл көгілдірленіп тұратын. Соны білетін шалға мынау кемпір сорлы сияқтанып, тіпті жаны ашитұғын. Қазір бір түрлі соған ызалана қарады. «Бұ бейбаққа су жетпей ме, немене?!» — деп ойлады.


— Иә, не дейсіз? — деді ол тыжырына.


— Бүгін өзі қутыңдап кетіпсіз. Төңірегіңізге көзіңіз де түспейді. Кемпір тауып, төсек жаңғыртудан саумысыз?


— Е, тәңір алғыр, сол ма бар айтпағың? Алапес емеспін ғой, төсек жаңғыртсам, кімнен кеммін?


— Қатындар-ай!.. Әй, қатындар! — деді сары кемпір даурыға қарсы беттегі сөреде жиде-жеміс сатып тұрған қыз-келіншектерге қарап.


— Тәйт әрі, пәтшағар! Мына кемпірге бірдеңе көрінген шығар! — Шал өз-өзінен қысылып, әлденеден секемденіп қалды.


Сары кемпір оған ықпады; онан әрі ерісіп, қарт қысылған сайын, айызы қанып даңғырлап кетті; елдің көзін өзі білетін осы шындыққа жеткізе алмай жүрген ол, енді ғана соның сәті келгендей, танауы желпілдеп барады.


«Құдай-ау, құдай» дейді ол күбірлеп. «Осы Шайтан базардағы маубастарға бұл шалдың еш құпиясы жоқ; ол түбі үйленеді. Қазірдің өзінде төсек жаңғыртқалы жүр. Қазақтың шалы кемпірісіз тірлік ете ала ма?» — дегенімде, сенудің орнына құстаналап, қылжақтай күлмеді ме? Енді не дер екен, ә?


— Әй, қатындар, мен не деп ем, ә? Шүбәланып ендер, айтқаным келмеді ме?.. «Үндеместен үйдей пәле шығар» деген, қалай екен, ә?


Дүйсен қарт әйел біткеннің біреудің құпиясына жерік келетінін білетін ғой. Әйтсе де, соған қолы жеткенде мұншалық өлердей қуанатынын көрген еместін; айран-асыр боп тұр.


— Мына Дүйсекең үйленіпті!


— Қойшы, апа, рас па?


— Уә, Дүйсеке, құтты болсын!


— Құсың... Құтты болсын де, — деп жатыр бір-біріне.


Шайтан базар гу-гу... Ол Дүйсен қарттың қарсылығын елең қылмай, көміп кетті; Шайтан базардың оз шындығы бар. Қазір ол Дүйсен шал тұрғай, небір орақ ауыз мықтымын дегеніңнің өзін тыңдамайды. Сонан ба, қарт көп қарсыласпады, «жалған », — деп жер де тепкілемеді, езу тартты да қойды. Ортадағы сөреде қызыл бұрыш, асқабақ, пияз сатып тұрған тақиялы құрбы шалдар иығынан қағып, бетіне үңіле қарап, түк басқан ауыздарын үңірейтіп, ыржалақтап күлгенде де, міз бақпады. Өйткені бұл базар бірер күн жамырасып, таңдана бас шайқасып алмай тынбайды. Ал енді бір жақсысы осының ауласынан шығарып, қалаға да жаймайды. Екі-үш күннен соң сабасына түскенде өзі айтса сенеді, сенеді де, қаз қалпына келеді. Сары кемпір, әрине, тағы сенбейді, тағы күдіктенеді. Сөйтіп кете береді


— Ақсақал...


Самай шашын күміс шалған ақ құба жігіт ағасы сөреде жаюлы тұрған ойыншықтарға сүйсіне қарайды. Үстінде сұрғылт костюм. Жеңіл плащын сол қолының қарына іліп алған. Қасында бәкене, төрт-бес жастың шамасында ақ сары, екі беті бұлтиған топ-толық бала; қуыршақтай әп-әсем киіндіріп қойыпты. «Немересі шығар. Өзі біразға келген адам ғой, баласы болмас. Осылардың жалаң бас жүретіндері несі екен? Күн әнебір жылы да емес. Әрі мосқал адамға өзі лайықсыз да ғой...»


— Апыр-ай, мына түйенің өркеші баладай екен. Кәдімгі тірі сияқты. Қандай айнытпай істеген. Баяғыда біздің үйде осындай үш түйе бар еді, — деді ол ағаш түйені аударып-төңкеріп қарап.


Ат жақты жүзінде шуақ ойнап тұр. Өзімен өзі, Дүйсен қартқа қарайтын емес. — Аузыма шұбаттың ашымал дәмі келгендей де болды-ау. Пай-пай шіркін-ай!


— Түйенің өзіндей қайдан болсын.


— Жо-жоқ, ақсақал, дәл келтірген. Мен елдің баласымын ғой. Көз ашқаннан көргенім мал. Білем. Нағыз шебердің ісі.


— Папа... Папа, дейім.


— Не, қарағым?


— Немереңіз бе? — деді Дүйсен қарт сәбиге мейірлене қарап.


— Жоқ, ақсақал, балам. Тұңғышымыз.


— Тұңғыштарың ба?


— Иә, несі бар, мен сонша қартпын ба?


— Шашыма ақ кіре бастағаны жасыма байланысты емес, ақсақал. Біздің тұқымымыз осындай, шашымызға ақ ерте түседі. Мына сіз құдай біледі, менен жиырма жасы үлкенсіз. Ақсақал, қаншадасыз?


— Жетпіске кеп қалдық қой.


— Ендеше қырық жасы үлкен болдыңыз. Қарам аға менен әлдеқайда жассыз. Иә-иә, жассыз. Әлі де төсек жаңғыртуыңызға болады, — деп ақ шашты доғалдау әзілдеп, күліп қойды.


Дүйсен қарт немересіндей баланың ерсі әзілінен ыңғайсызданып қалды.Оны жігіттің өзі де сезіп, табан асты асығып:


— Ал, Нартайжан, саған қайсысы ұнайды? Мына түйені алсақ қайтеді? — деді. — Тез айт, менің жұмысқа баратын уақытым боп қалды.


— Анау ат, сонсын... сонсын қасқыр.


— Болды ма?


— Түлкі. Сонсын... сонсын...


— Түйе, — деді әкесі шыдамай.


— Зоқ, папа, қоян.


— Болды ма?


— Болды.


Әкелі — балалы екеудің сыртынан Дүйсен қарт сүйсіне ұзақ қарап қалды. Әне, бала әкесінің алдына түсіп томпалаңдап барады.


— Әй, шал, неменеге телміре қалдың. Сенің де кішкентайың болар. Әлі-ақ қой. Тезірек үйлен енді, деді сары кемпір жымыңдап. — Басың жас, несіне қорқасың.


Сары кемпірдің осындай бір шақпасы барын Дүйсен қарт бұрыннан білетін; талай мәрте қарсыласып та көрген, өмірі жеңген емес. Итжығыс түскен күні де шамалы. Және де жеңілсе мойып, ықпайтын. сөзге орашолақ жанның райына еніп, ақырын бетпақ күлкіге айналдырып жіберетін. Қазір де сонысына бағып:


— Қарт деп тұрсың, ә? — деді.


— Е, жоқ аға... Күн ұзатпасын, кешігер дейім де.


— Сендей кемпірге құрық тастамайым, қорықпай-ақ қой. Анау келіндердей жас иістің бірі болмаса, тіс сарғайтып қайтем, — деп Дүйсен қарт қызыл бұрыш сатып отырған келіншек терді иегімен меңзеп қойды. — «Асықпаған арбамен қоян алар» деген. Үш-төрт шикі өкпе сүйетінім тұр ғой.


— Пай-пай, өзіне сенімдісін-ай. Қиратарсың. «Асықпаған» жөн дейді. «Аяз би әліңді біл» деген. Сен, шал, әліңді білмейсің бе дейім.


— Білмесем, айтам ба?


— Бүгін өзінде әңгүдік жігіттердің бір есер желігі бар. Түбі қайыр болғай... Ойбай, көтек! Мына екі сепелекке не керек еді?


Алақандай радиоқабылдағыш асынған, жалбыр шаш, тапал бозбала мен ұзын, тырна сирақ, мойны шілмиген, келте танау, шалбар киген қара қыз қолтықтасып келеді. Қыздың қасы, көзінің айналасы жасыл бояу. Шашын шолтитып кесіп тастағаннан ба, басы жұдырықтай боп қалыпты. Үстіне еркектің тоқыма көйлегін киіп алыпты. Иығына ілген бауы ұзын сөмкесі бұлғақ-бұлғақ етеді. Шолақ етек былғары күрте киген. сақал-мұрты өсіп кеткен жігітіне жоғарыдан төне қарап, әлдене айтып келеді. Сары кемпірмен Дүйсен қарт қана емес, мына екі шыраққа базардағылардың бәрі қарап қалыпты.


— Нурик, бізге вениктің керегі не? — деді тырна сирақ даусы жарықшақтана іркіліп. Жігітінің қолтығынан қолын алып, сөмкесін ашып шылым шығарды. Әлгіні асықпай тұта тып, ұзын сүйріктей саусағының арасына қыстырып кербездене сорды; келте танауынан сигареттің түтінін будақтатып тұр.


— Үйге алмаймыз ба?


— Жұмасына бір мама келіп сыпырып береді ғой. Зря деньги тратить етпейікші.


— Ну, как знаешь...


Жалбыр шаш жігіт иығын қомдап, толқыны ауысып, қырылдап-шырылдап қалған мойнын дағы радиоқабылдағышын бұрай бастады; әлдеқайдан самаурын қағып, егістікте торғай үркіткендей даңғырлап бір музыканы тауып алған жігіт жымыңдап, өз-өзінен мәз-мейрам болды. Радиоқабылдағышын бар даусына қойды.


— Қап, мынау миымызды жейтін болды-ау. ә? Әй. қарағым, ештеңе алмасаң, әрі жүрші. — деді сары кемпір кіржиіп.


— Шешейка, жәйіңізге тұрыңыз. Аламыз. алмаймыз. Это — наше дело.


Тырна сирақ қыз кемпірге алая қарады. Шылымының түтінін қасақана қарияға бағыттап, бұрқырата жіберді.


— Өй, әдепсіз иттің баласы! Сөзін қарашы...


Сары кемпір қапелімде не айтарын білмей, ызадан булықты. Қыз сырт айналып, қыр көрсете ернін шүйірді де, Дүйсен қартқа бет түзеді. Жігіті де бүлкектеп, қапталдаса берді; екеуі де шалдың алдындағы ағаш ойыншықтарды қызықтай іркіліп қалды. Қыз қолындағы шала тартылған шылымын жерге тастады.


Өзіңіз ойдыңыз ба ағаштан, — деді жалбыр шаш жігіт қасқыр иттің мүсінін аударып-төңкеріп қарап.


Иә, қарағым, өзім.


Жігіттің ағаш мүсіндерді ұнатып көз тоқтатқанын андап, тырна қыз «Фу-у», — деді де, жалт қарап, мысқылдай езу тарты. Жалбыр шаш: «Оның не? Шынында жақсы емес пе?» — дегендей, жалбарына тырна қызға бұрылған, анау «сенікі жөн» дей қоймады. Танауын шүйіріп, жігітіне қарамай қойды: өзімен ақылдаспай ойып шықты ұната салғанына тырна қыз қорланып қолғап тәрізді; осы қазір жалбыр шаш уысынан шығып кеткендей де көрінді. Ол соған ызаланды. Жігіт тырна елрақ қызының келте танауы желбірей қалғанда-ақ. оның неге қитықтанғанын түсінген; табан асты ығыстап, қолындағы қасқыр мүсінін сөре үстіне тастай салды. Кейіншектеп тырна сирақ қызына жол беріп, сигарет ұсынды. Оттық. шағып, қалбалақтай тұтатып жатыр.


Қыз шылымды құшырлана екі-үш сорып, келте танаудан бозғылт түтінді бұрқырата жіберді. Көз алдын желпи түсіп, сөредегі ойыншықтарға шекесінен қарады.


— Шал, анау есегіңізге қанша сұрайсыз? — деді ол түйеден түскендей.


Меңзеп танымаған болғаны арғымақтың мүсіні еді білмегенсіп қорлауы да жоқ емес-тін. «Көз тоқтатып, мен сұрамасам, бұның кімге қажет? Сонымның өзіне рақмет айт», — дегендей, кейбір базар кезерлердің паңдығын да білетін Дүйсен қарт. Білетін де «бейшаралар-ай!» — деп күлетін. Мына шөп желке қызға не дерін білмеді. Әйтсе де, қазақтың көне көз шалдарына тән сабыр сақтап:


— Отыз тиын, қарағым, — деді.


Тырна сирақ қыздың тісі ауырғандай қабағын кіржите қалғанын аңдап, жалбыр шаш әлдене ұққандай болды да, арадан киіп кетті:


— Фу-у осы халтураға да отыз тиын сұрайсыз, ә? Ұялсаңызшы, шал...


— Ұнатпасаңдар алмаңдар. Ешкім зорламайды.


— Түк ұят жоқ сенде, шал! — деп қыз қолын сілкіп-сілкіп қойды.


— Әй, сүмелектер! Кәне, жалтырат табандарыңды!


Сары кемпір мен Дүйсен қарт мына екі жасқа тандана әрі ызалана қарап тұрып, Қатидың қай жақтан, қашан келгенін байқамаған-тұғын. Ал ол болса ағаш аяғың сақұр-сақыр еткізіп төніп келді. Өңірі алқа-салқа. Көзінің ақ еті қып-қызыл. Түрінен адам шошығандай сұп-сұр. Ұстаның балғасындай добал жұдырығы түюлі.


— Өй, әкеңді!.. — деді Қати қолын жігітке соза беріп.


Жалбыр шаш жігіт шіңкілдеп айбат шеге жұлқынған, тырна сирақ оны дірдектете сүйрей қашты.


— Ол — хулиган, көрмеймісің. Лучше не связывайся, — деп барады тырна сирақ қыз артына жалтақтай қарап.


— Әй, мынау бір сауап болды-ау, — деді сары кемпір күліп.


Кісі аяғы сирек кезде саудагерлер үшін бұ да бір тыныс; манадан осының немен тынарын күтіп қалған олар қазір мәз-мейрам. Ұзынды-қысқалы екеудің соңынан қиқулай күлісіп жатыр.


— Көке...


— Майрашжан, қашан келдің? — деді Дүйсен қарт қызын да жаңа көріп.


— Осы келіп тұрғаным. Жұмыстан ерте шыға алмадым. Кеше сұранып, сізді іздедік.


«Сізді іздедік», — дейді. Екеуі іздеген екен ғой. Мені іздеп оның жұмысы не? Мұқаңның үйінде болдым. Екеуі іздепті... Кім ол сонша?» Дүйсен қарт немересін әлдекімнен қызғанып ызалана бастады.


— Бекер іздейсің,қызым. Атаң сенің үйленгелі жүр.


«Өй, осы сары кемпірдің қыстырылмайтын жері болсашы». Майрашжан таңдана қарай қалды. Жо-жоқ, қабағы түйіліп барады. «Рас па, көке?» деп тұр көзі. «Ә, қалай екен? Сен де мені белгісіз кемпірге қимайды екенсің ғой. Қызғанып қалдың, ие? Міне, солай, ботақаным...» Дүйсен қарт іштей өзіне-өзі разы боп, көңілі әлденеге тоғайып қалды.


— Оу, Дүйсеке, құтты болсын!


Қати добалдай қолын беріп, жыртақтай күліп қойды.


— Жалған сөз, Қати. Мына менің көршімнің әзілі ғой.


— Әй, шал, бұлтақтамасайшы. Кәрі қыз құсап жыртақтап ұялғанситының не?! — деді сары кемпір алдындағы сыпырғыштың бірін қағып-қағып қойып.


— Сенбесеңдер мейілдерің.


— Қойшы енді, Дүйсеке. Өзім өткізем тойыңызды.


Қати өзімсіне шалдың жаурынынан қағып, құшақтап тұр. Арақ пен пияздың күңсі иісі бұрқ-бұрқ етеді; Дүйсен қарт тыжырына, жүзін алып қаша бергенін де Қати аңдайтын емес.


— Сен не, бүгін де ішіп алғанбысың?


Дүйсен қарттың үні қатқыл шықты. Қати сәл ығыстай түсті де, іле мас адамға тән бауыр малдықпен еркелей:


— Ептеп жұтып ем, Дүйсеке. Өлейін-ай, түк мас емеспін, — деді.


— Майрашжан, кеттік.


Шал ойыншықтарды тез жинастырып қара портфельге салды да, базардың қақпасына бет алды. Сонан автобус аялдамасына дейін бұрылып артына қарамады. Қабағы түйіліп кеткен. Қатидың ере түсіп, ығыстап қалып қойғанын да ол байқамады. «Есті, аяқ-жөнін білетін азамат па десем, бұ да ішеді екен ғой. Мен оған Мұқан екеуміздің түнімен сырлас қанымызды айтпақ болдым-ау, ә. Әп-әсем жігіт. Өзін-өзі қор етіп жүрісін...»


— Көке, қазір біздің аялдамамыз. Түсеміз, — деді Майра.


— Жарайды...


Ол автобустан түсіп үйге келе жатқанда да Қатиды ойлаумен болды. «Ішкілікке түскенсін-ақ құрығаны ғой.


Мен оны жігіт шығар деп жүр ем».


* * *


Түндегі жауын күнді де жуып жібергендей екен; бүгіп тіптен шақшиып, жарқырап тұр. Жапырағы сарғыш тартып, кей бұтақтары сәбидің жалаңаш білегіндей сидиып қалған көше жиегіндегі ағаштар да көктемдегідей көк жасылданыпты. Қара күрең асфальт көше де кеуіп үлгермеген бусанып жатыр. Үш-төрт қатарлы биік үйлердін терезелері де жымың қағып күнмен шағылыса жылт-жылт етеді. Ергеңгісін жұмысқа асыққан қала адамдарының жүздері бұлтты күндегідей емес: бәрі де жайдары Ұйқысы әбден қанып Дүйсен қарт бүгін сергек оянды Көшеге шыққасын тіптен тынысы кеңіп, көңілі өскендей болды. Автобус аялдамасында да бір орында тұрмай, әр адамның жүзіне күлімдей үңіліп, әңгімелескісі келді. Әйтсе де, ыңғайлы өз қатарлы кезікпей, бір өңкей қыз-қырқын, келін-кепшіктер ұшырасты. Қара портфелін қолтығына қыса түсіп, ерсілі-қарсылы сенделіп жүр. Miнe, автобус та көрінді.


Дүйсен қарт қомпаңдап ажарлылау екі келіншектің алдына түсіп, соңғы көпшілік кіретін есікке ұмтылған:


— Ойпыр-ай, жұмыстан қалатындай таласып, осы шал мен кемпірлерге таң атпай не жоқ. Асықпай кейін шығуға болмай ма екен, — деді әлгі екі келіншектің қара торысы қабақ шытып.


Әншейінде болмашыға шырт ете түсетін Дүйсен қарт бұ жолы үндемеді; бұрылып келіншекке тандана қарады да қойды. Онан әріге шамасы да келмей қалды; өйткені жанаса берген бір жігіт қолтығынан демеп, еріксіз автобусқа мінгізіп жіберген еді. Ішке кірісімен дүниенің бәрін ұмытып, бос орынға ұмтылды.


Жайғасып отырғаннан кейін аңдады; жаңағы екі келіншек алдындағы орындыққа орнығыпты. Қала адамы деген әне сол; әлгі қабақ кіржіңінен ада, бірінің құлағын бірі жұлып жеп, әңгімеге кірісіп кетіпті. Терезеге қарап сәл отырды да, ол енді зерігіп келіншектердің сөзіне құлақ түрді. Құлақ түрмейтін-ақ еді, әлсін-әлсін булыға күлгендері қытығына тиіп, шыдатпады. Әрі осылар не тауып айтады дегендей бір әуестік жеңді.


— Мен қазіргі күйеуіме он жетімде тидім. Құдайым-ай, тіптен сәби болатынмын. Ештеңенің парқын білмейтінмін Тек күле берем. Бірде екеуміз көшеде келе жатқанбыз, ол ыстық демімен құлағымды қытықтай:


— Сүйем сені, — деді. Неге екенін білмейім, мен соған қатты таңдандым. Танысқанымызға екі айдай болған. Бұрылып, оны жаңа көргендей бетіне тура қарадым. Міне, ғажап! Шынында да, мен оны тұңғыш рет көріп тұрғандаймын.


Ол орта бойлы, қара бұйра шашты екен; қой көзінде ұяңдықпен бірге көңілің тояттардай әдемі ұшқын бар. Жан-дүнием өз-өзінен босап, елжіреп қоя бердім. Сонсын мен оның қалайыдай аппақ тісін көрдім. Көрдім де, осы жігіттің ықпалынан шыға алмайтынымды сездім. Оның құс мұрны да, дөңгелек жүзі де, жұқа ерні де еленбей, соның бәрі сұлулық тың белгісі сияқтанды. Әйтсе де мен өзімді-өзім ақылға жеңдіруге тырыстым. «Менімен сенің өмірің тозақ боп өтеді. Шаруаға қылап жан емеспін. Икемсізбін», — дедім. Және де бойымды қайдағы бір үрей билеп алды. Әйтеуір соның дегеніне көнбей, ықпалынан шық сам деймін. Ол болса бір тоты құс:


— Сүйем сені, — дей береді.


— Ойпыр-ай, сен де айтасың-ау. Иә, әрі қарай не болды? — деді құрбысы құлағын түре, жақындай түсіп. Мынау әңгіме шамасы жанына жағып барады; езуін жия алмай отыр.


— Нансаң, мен жөні түзу түйме де қадай алмайым, — деп едім:


— Мен сені сүйем, — деді.


— Өмірі тамақ пісіріп те көрген емеспін.


— Сүйем сені.


— Кір жуу да қолымнан келмейді.


— Бәрібір сүйем.


— Үй ішін сыпырғанды да білмейім. Бәрін анам істейді. Мен әбден соған дағдыланған адаммын.


— Сүйем сені.


— Жоқ... Мен ұйқышыл жанмын. Ерте тұрып саған шай қайната алмаймын.


— Қорықпа бәрін өзім істейім, — деді ол.


Арада үш жыл өтті. Міне, енді екеуміз сол көшемен келе жатырмыз. Менің қолымда сөмке толған нан, ет, қант, сүт. «Әй, бәрін өзің істейтінің қайда?» — дедім шыдамай.


— Әйелдің ісін бе?


— Сен тіпті дүкеннен тамақ алуға ұяласың ғой дейім. Әлде қорқасың ба?


— Қорқып мен сен дейсің бе? — деді міз бақпай.


— Е, шалым-ай, мен сорлағанда сол батырлығымнан сорладым ғой. Сонда мен бейбақ сенен қорықсамшы, дедім. Оны түсініп жатқан еркек бар ма, ыржиып күледі...


Келіншектердің әңгімесін тыңдаймын деп отырып Дүйсен қарт өз аялдамасынан асып бара жатқанын енді андап, арсың-гүрсің есікке ұмтылды; жолдағы біреулердің аяғын басып кетіп, айқай-ұйқаймен даудырап түсіп қалды...


Шайтан базар күндегідей емес, тау ішіндей жаңғырып тұр. Бұрын мұндай болмайтын; сыртына аламыш неше түрлі сурет жапсырған бүркемелі бір машина базардың қақ ортасына кеп тоқтапты. Әлгінің үстінде саңырауқұлақ сияқты екі үлкен радиоқабылдағыш. Жаңғырықтырып тұрған сол екен. Арасында әжептәуір әндетіп те қояды. Дүйсен қарт күндегі орнына кеп жайғасқасын, қасындағы көрші сары кемпірден:


— Мынау немене? — деп еді, ол сүлесоқтау:


— Спорт бота, — деді.


— О не дегені?


— Е, бір жұмбақ ойын ғой, — деді.


— Шеше, спорт бота емес, спортлото. Қызық ойын. Ұтыс шығады, — деп бір жас арадан киіп кетті.


— Тегіннен-тегін ұттыра қояр. Жаман неменің білгішсінуін.


Сары кемпір ернін тыржитып, бейтаныс жас жігіттің сыртынан біраз тістеуік сөздерді шашып қала берді. Осы қазір Дүйсен қарт үйде оңаша, жападан-жалғыз төрде шалқасынан жатқанда ойласа, соның бәрі ертегі, бір қызық дүние сияқты. Әсіресе, анау азанда, автобуста кездескен екі келіншектің әңгімелері әлі жадынан шығар емес, есіне түссе болғаны, еріксіз езу тартады. Міне, сол орнынан тұрды.


Бөлме іші ала көлеңке. Терезеге жақын шағын стол тұр. Беріде екі орындық. Соның бірін ол жылжытып столға жақындатып қойды. «Апыр-ай, Майражан бүгін де кешікті-ау. Оған анау шофер... кезікпесе игі еді.Ол да тілемсектеніп, Майраштайымның басын айналдырмаса неғылсын. Менің... Менің күнім не болады». Дүйсен қарт жалғызсырап, бір түрлі жүрек түкпірі сыздап кетті.Менімен сөйлесуді де қойды. Мен оған кесел сияқтымын. Оны да қимайды. Қабағы да бір жазылмайды. Сүйсең, сосын бара бер десем бе? Жо-жоқ, ол әлі сәби, түк білмейді. Адасып жүр». Мұндайда ол терезе алдындағы үстеліне жайғасып, кеспелтек ағаш пен өткір бәкісін қолына алатын; сонда жанын жегідей жер ауыр ой да, күнделікті күйкі тірлік те — бәрі-бәрісі ұмыт боп, өзгеше бір өмірге енгендей болатын. Бүгін бұ да оны жалғыздықтан, бойкүйездіктен құтқармады; қайта қазіргісінің мәнсіз түкке тұрмайтындығын сезінгендей қалпы бар. Көп кешікпей мәңгіге көзін жұматын да тәрізденеді; сонда тұлабойы шіміркеніп, өзін-өзі аяп не істерін білмейді.


Ол үстел үстіндегі шағын, қалпақты шамды жақты. Орындығына жайғаса отырып, өткір қара пышақ пен жұдырықтай ағашты қолына алды. Лып-лып еткізіп ағашты ақ құйқалап жонуға кірісті. Сіңірлі ірі қолы ағашты аударып-төңкеріп қақпақылдай бастады. «Буыршын істейін. Баяғыда біздің буыршынымыз болатын. Кемпірім менің малжанды еді ғой. Соғымдық малдың өзін байғұс, пышаққа қимайтын». Өткір қара пышақ бірде сүп-сүйір ұшымен сызып кетсе, енді бірде ойып түсіп жатыр. Miнe... Міне, мүсін де белгі берді. «Жаным-ау, мынау буыршын емес қой. Мынау адам бейнесі. Әне, анау жаулығы. Қой, өркеш шығар? Жо-жоқ, жаулық. Пісте мұрны да айқындалып келеді». Пышақ ұшы шүңірек көздің қиығын жанап өткен, бидай мұртындай балапан әжім пайда болды. Әне, бетін де іліп кетті; күлгенде ғана айқындалар оймақтай көлеңкелі ояң жылт етті.


Дүйсен қарт пышағы мен әлгі бітіп қалған мүсінін үстел үстіне тастай салып, орнынан тұрды. Бойын жазып, керіліп-созылып барып кереует басында ілулі, түкті үлкен орамалды алып бетін сүртті. Үстеліне қайта қайрыла беріп, қалтиып қатты да қалды.


«Астаһаперілла!» — деді ол жағасын ұстай күбірлеп. Түсі бұзылып кетті. Қарсы қабырғада кемпірінің қазандық аузында жүрелей отырған көлеңкесі тұр. Кәдімгі тірі жандай. Ол көлеңкеден көзін ала алмаған күйі, оның байыбына да бармай, сылқ етіп жақын орындыққа отыра кетті. «Бұ немене? Алжасайын дегенім бе?» Басын жерден көтеріп, тағы да көлеңкеге қарады. «Жо-жоқ, мен саумын». Ол үстел үстіндегі жаңа ғана өзі жасаған қуыршақ мүсінге көз тоқтатты. Кішкентай шамнан қашықтау үстел шетінде тұрған қуыршақтың көлеңкесі жарықтан үлкейіп қабырғаға түсіпті. Аумаған кемпірі. Осы қазір:


— Әй, шал, келсейші! Тағы неге шұқынып қалдың? — дейтін сияқты.


Дүйсен қарт сасқалақтай қолындағы орамалмен мүсінді жаба салды. Қабырғадағы кемпірінің бейнесі зым-зия жоғалып, тау төбе құм — топырақ үйіліп қалғандай боп орамалдың көлеңкесі түсті. Ол шошына орамалды қайта сыпырып тастады. Міне, тағы да кемпірі. Есікке қаран отыр. «Сенбісің, кемпірім? Шалыңды ұмытпаған екенсің ғой. Келдің бе? Майраштайың бой жетті. Кетем дейді? Не істейін? Айтсаңшы. Неге үндемейсің? Мен, міне, үй күзетем... Жалғызбын...» Ол сіңірлі ірі қолын айқастыра алдына ұстап, күбірлеп отыр. Сәл мұнар тартқан жанарынан тырс-тырс тамған жып-жылы жасты да аңдайтын емес. Көз алдында бір ғана сол... тірісінде көп қадірін білмеген, ана да, жар да болған кемпірі.


1973 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу