13.08.2021
  332


Автор: Мағзом Сүндетов

Бесқонақ

повесть


Ауыл шетіндегі бәкене, төбесі тайпақ, сұр қақыраның жатаған шым ауласының әр қилы фанер тақтайдан құралған есігінен бір сары қаншық шықты. Әлгі марғау бұрылып: «Соңыма ілескен ешкім жоқ па» — дегендей артына сүлесоқтана көз тастап, шоқия отыра қалып өзен беттен ескен дымқыл самалдан иіс алғандай сүйір тұмсығын созып-созып қойды. Күн бүгін бөлекше ала бұлт еді. Көктемнің алғашқы екі-үш апталық ыстығынан кейінгі күрт өзгере түсетін салқындығының бастамасы тәрізді ауада бір ерен ызғар бар. Елдің «бесқонақ» деп кеткен жауын-шашынды аласапыраны биыл да әдетінше мынау ауылды ұмытпай, аяғын алшаң басып, етек-жеңін жимай келеді.


Табиғаттың мінезін, арсың-гүрсің қылығын адамнан гөрі хайуандар жан-дүниесімен бұрын сезіп, тынышсыздана бастайтыны құпия емес; сары қаншық манағы бір жайбарақат жайынан ширап, өзеннің арғы бетіндегі қалың орманға басын қисайта қарап қалыпты. Сонсын ол кейінгі кезде еңселеніп, бой түзей түскен, төбелері де арқалана шифермен жабылған, аппақ ақ шағала ауыл шоғырына мойын бұрып, ұзын қызыл тілі жылтыңдап жаланып қойды. Дөңестеу өзен жарқабағына орын тепкен, жыл өткен сайын шөгіп баратқан ескі қақырасының өзге мекен-жайдан аласалығына пәлендей мән бермей қайта әлі талай сая, пана боларын енді сезгендей сары қаншық артқы аяғымен салпаң құлағының түбін тыр-тыр қасуға кірісті: тіптен бейқам, басы кекжеңдеп; тілі салақтай рақаттана, ара-кідік ыңырси қыңсылайды.


Әне, ол әлденеге елеңдей қасынғанын қоя қойды. Шаңқ ете үріп, өзеннің арғы бетіндегі қалың орманға қалтия қарап тұр. Аспандағы тұтасқан сұрғылт бұлт аздай, ағаш үстінен қара аюдай боп тағы бір шоғыр шалынды: енді міне, төмендеп су бетіндегі салыдай қалықтап келеді: иттің танауы жылтырай, көкке созыла түсіп, тыпыршып барады. Ең әуелі дымқыл; мол сыз исі сезілгені сол еді: ізінше ұйтқи сап-салқын жел соғып өтті. Қыстай ағаш арасында, қар астында жатып, жер қарая күн шалып кәдімгідей тобарсып үлгерген күзгі сары жапырақ үріккен торғайдай дүр көтеріліп өзеннен асты да, қаншықтың аяқ астынан сыбдырлай сырғанап жөнелгенде ол еріксіз сескеніп ыршып түсті; жалтақтай артындағы сұрғылт қақыраға қарап, өзіне қорған іздегендей шәу ете қалды. Үйдің қыр бетіндегі төрт бұрышты, шағын сиыр қораның үстіндегі қақырайған түрікпеннің бөркіндей бір мая пішеннің төбесі кірпі түгіндей тікірейіп желбіреп кеткенін көріп, әрі ауланың кісі кіретін алабажақ есігінің тот басқан, ескі топсасы сықыр-сықыр етіп ашылып, жабылғанынан қорқып бүрсеңдеп қашпай, желге қарсы жылтыр қара тұмсығын соза тосты. Жаңа бір әзірде итінің шәуілдей түсіп, сап басылғанынан секем алды ма, осы кез сұр қақырадан кең етек көк-ала көйлектің сыртынан күпәйке киген, ақ кимешек жаулықты қара кемпір шықты: бәрі беттеп, аласа есіктің үстінен мойнын созып:


— Құт-таяқ... Құт-таяқ, кә!.. — деді.


Аққұбаша келген, имек мұрын қарияның үйден төбе көрсетісімен сары қаншықты неге «кә... кәлағанын» түсіну қиын еді; мүмкін біреуді күтіп отырған болар: тегі онысын ит те ұқпағандай ма, қалай, әдетінше қызыл жыңғыл сабаудай жұп-жұмыр құйрығын шипаңдатып, еркелей жетіп бара қоймады.


Өзеннің арғы бетіндегі қалың орманның әлі бүр жармаған, сәбидің жалаңаш білегіндей бұтақтары тербеліп, жіңішке ұшар бастары бір-бірімен соқтығыса сусылдай сыбдырлаған дыбысынан тұтас бір әуен үнін шалғандай сары қаншық селтиіп, тықыр жүні желбіреп тұр. Ағаш сыбдырынан өзге де бір әупілдек үніндей дыбыс келеді. Ол не, ненің нышаны? Жұмбақ жайды білсем деген әуестік хайуан екеш хайуанның да ойын билеп алған еді. Сары қаншық сәл тыпырши түсіп, артына бір көз тастады да, үйден құрық тастам тік жарқабаққа қарай бүлкектей жөнелді; қушық кеудесінен итерген ызғырық желге қарайтын емес.


— Құттыаяқ деймін! Құттыаяқ, кә-кә!..


Соңынан талмаусырай жеткен қария үнінен таңданумен бірге тілазарлығына өкпе сезіліп те қалған; сары қаншық әйтсе де қайырылмай барады, ойынсақ сәбидің ана алдындағы еркетотайлығындай шолжаңдыққа бойын жеңгізіп үлгерген тәрізі бар.


Дария беті азанда шымырлап жатқан, қазір адам танығысыз өзгерген — ақ көбіктене жиырылып, алқына кеп тіп-тік жарқабақты бұйрабас көк бұқадай өкіре гүр етіп сүзеді де, кейін лықсиды. «Пәлі, сен екенсің қой?! Уф-уф, — дегенге біреу төбелесіп жүр ме десем, сенің үнің бе?..» Сары қаншықтың көзі өзен ортасында жал-жал ақ көбік толқынмен алысып, бір көрініп, бір жоғалып, сүйір, қайқы тұмсығымен дарияны тіліп келе жатқан қара қайыққа түсті, ту сыртын жағаға беріп, сұрғылт плашты, жауырынды, басында қоңыр қалпағы бар біреу сарғыш ескегін құлаштай есіп, мынау дауылды елер емес. Қара сұр жүзді, құс тұмсық, аяғынан әскери керзі етігі бір түспейтін өткелші Қуан екенін сары қаншық айна-қатесіз таныды; таныды да, жүрек түкпірінен ыза, оған деген кектің қыжылы тісін қайратып, салпаң құлағын еріксіз жымыртып жіберді. Ал, кеп үрсін-ай... Жер тырнап тұрып арсылдап берді.


Бұдан екі жыл бұрын көзін жыртып ашқанда өзінің мұп-мұздай сең үстінде жүзіп келе жатқанын көрді: енесінің қай тұста қара-күрең өзен тұңғиығына жым-жылас батып кеткенін білмейді. Әйтеуір анық есіндегісі - жалғыздығы, қорғансыздығы; бауырына тыға түскен шырыш табанын мұз қарып, жүрегі сазып, сүт ішкісі келетіндігі кәміл. Жер бауырлай мұз шетіне дейін жылжиды да, қыңсылай кейін шегінеді; әлгінде әлсіз жанары тұңғиыққа түскен, басы айналып, жер дүние төңкеріліп жүре берді. Қайда бет алғаны да, алда нендей күй кешері де беймәлім. Тіршілік деген қалт-қалт еткен сеңнен айырылмасам дейді: табиғаттың бір тылсым күші тұңғиыққа аяқ бастырмай шыдам, сабыр тілеттіретін тәрізді. «Үсімейсің, өлмейсің — тек сабыр сақта, артын күт», — дейді бір үн. Кішкентай жүрегі бүлкілдеп, жарық дүниемен оңай қоштастырмай қыңсылатып, ауық-ауық көмей-көзін аштырым үнін өзен бойын қуалата жібереді.


Әлдене уақытта сеңді бір толқын ұрып өтті де, бұл тұңғиыққа оп-оңай тұмсығымен сүңги жөнелгенде әлуетті күш жеп-жеңіл көтеріп әкетіп, жарық дүниені жарқ еткізді. Мұздай суды қауып үлгерген ол шашалып, тынысы тарылып баратқан, екі ұртын бірдеңе қатты қысып аузын еріксіз бақадай аштырды да, күлімсі сасыған жып-жылы дем, шырыш таңдайын кептіре үріп жіберді: көз кіреукесі ашылып, іле тынысы кеңіп сала берді. Адам алақанынан табаны жылып қалғаны сол еді, іші түкті дорбаға түсті де кетті. Ол жаңағы адамның тері қолғабы екенін, әрине, кейін білді. Сонсын қалың орман ішіндегі кең, қызыл шетен аулалы, еңселі үйге кеп кірді; ағаш тостағанға құйған жылы сүтті ашқарақтана төгіп-шашып ішті. Бүйірі шыға тойып, өзін қоршағандарға көз жүгірткенде ұзын бойымен үйдің төбесін тірердей боп, жебелі қалың мұртының астынан қып-қызыл ерні, ақсиған тісі көрініп ер адам, сонсын бір келте танау ақсары, көкшіл орамал тартқан әйел және қара шашты, шешесіндей ашаң, кең маңдай бойжеткен үстінен төніп тұрды.


Көк орамалды толықша әйелдің қой көзінен өзгеден бөлек бір мейірім еседі; хайуан оның әлсін-әлі басын, үстін сипаған жұп-жұмсақ алақанынан да терісімен жылылық сезіп, үніне құлақ түріп жатыр. Еркектің үні — салқын, қыздың үні — тәтті — сылдыр-сылдыр етеді: Күшігім... күшігім менің», — дейді.


— Айжан, мынау малғұн ұрғашы ғой. Қайтеміз оны қолға ұстап, күні ертең күшіктеп берекемізді кетірер. Арғы беттегі Фатиха шешейге апарып берейін. Ол кісіге ес болсын. Батырбек қасқыр итінің бір күшігін сыйлармын деген, — деді мұртты еркек күлімдей түсіп.


— Ұрғашы десе сенің жының қозатыны несі-ай... - Толықша әйел тізерлеп отырған: көйлегінің кең етегін желпіне қағып көтерілді де, ауыз үйге шығып кетті, қазандық басына барып, шыны-аяқты жұлқына сылдырлатып, әлдене бір темір шелекті даңғырлата құлатып алды.


Жаңа ғана жайдары, күлімдей өзін қызықтаған бейтаныс үш жанның сәлдің арасында неге нілдей бұзыла, жүздерінің суық тарта қалғанын сары күшік түсінген жоқ. Ұзын қос бұрымды, ортабойлы, қызыл-ала көйлек киген қыз да қипақтай шегініп, ұялы қой көзін үркектей әкесіне жүгірте тастап:


— Түйелерді апам сауған, мен өріске айдап тастайын, — деді де, ол да кетті.


Аяғын алшаңдай басып, бөлменің ағаш еденін сықырлата ауыр адымдап Қуан аталған еркек есікке дейін барды да, кері қайтты. Жүзі сұрлана, қиық көзі мүлде жұмыла қалыпты...


Кенет... Ол сары күшіктің желкесінен бүре ұстап, жоғары көтерді де: «О, долы қаншық!» — деп, дыбыс бермегеніне риза болғаны ма, ызаланғаны ма былқ еткізіп жерге тастай салды. Ауыз үйден шыға келген Айжан:


— Өлтіремісің?! — деді жалма-жан жерден көтеріп алып, бауырына басып. Күшік әйелдің жып-жылы, жұмсақ кеудесінен қорған іздегендей әлсіз қыңсылай, тұмсығын жұмыр, тоқ қос анардың арасына тыға түсті.


— Төрт қыз тапсаң да саған тойым болмас. Иттің де қаншығы қымбат па еді...


— Қуан-ау, құдайдан мен соны тіледі деймісің. Қайтейін мен... Өл демесең, не істейін?!


Сары күшік жылтыр қара, бармақ басындай тұмсығына жылы бір тамшының тамып кеткенін сезіп, әлгіні жалап алған, таңдайына сүттен бөлек кермек, ащы дәм келді. Әйелдің шарасыздықтан төгілген көз жасы екенін хайуан қайдан білсін; тек осы дәмнен кейін еркектің кілт бұрылып, есікті сарт ұрып шығып бара жатқанын көзі шалды.


Иә, ол жылы сары күшіктің өмірінде пәлендей өзгеріс болған жоқ. Кең ауланың төріндегі үлкен екі қораның қасынан оған итқора салынды, астына құрғақ шөп төселді: ағаш итаяққа сорпа, майлы сүйек-саяқ, қан-жын құйылды. Ертеңді-кеш Қуан соңына ілестіріп жүріп, үш түйе, екі сиырын, он шақты қойын орман ішіндегі көл жағасына бағыттап жіберіп, кешкісін айдап қайтады. Құттыаяқ қойдың бір шетін қайырмалай үріп, шашау шығармай көңілін тауып, жағуға тырысты, ондайда Қуан күлімдей еңкейіп: «Күшігім... Құттыаяғым», — деп басынан сипайтын ғой. Бір жылдан соң көп адам машиналармен келіп, Сәнияны әкетті. Үш түйеден — екеуі, бір тайлақ, алты қой қалды; сиыр кемімеді. Қара суық күзде байлауы шешілмей, ұзақты күн итаяғына асты құюды да жиі ұмытатын болды. Таралып, кәдімгідей еті қашып ұзынсирақтанып үлгерген сары қаншық мезгілімен ас ішпеген сайын әлденеге ызаланып, бірде Қуанға айбат шеге арс ете қалған:


— Ә, сен де мені қабайын дедің бе?! Сен қаншыққа иесіне үргеннің не екенін танытайын, — деп қамшысымен сырита ұрып, итқорасына қуып тықты. Сонсын ол қамшысын жерге тастап, ащы шылым шегіп әрлі-берлі жүріп алды.


Сары қаншық қыңсылай біраз жатты да, сәлден соң тым-тырыс болды; ол кез мызғып кеткен, қайдағы бір шаң-шұңнан оянып кетті:


— Мынау молаңды бағып қашанғы отырам! Менің дүкенде істегенімнен зиян көрдің бе? Не кием, не ішем демейсің... Ревизор келіп тексеріп жатса, сен күтіп қалды деп мойныма Жазылған дүние-мүлікті иесіз тастап жүгірейін бе?! Даладағы біреуден қарадай қызғанып, өлтіремісің? Төрт баланың анасы мен кімге керекпін?


— Е, бәтшағар, кет әрмен... Ө, несі-ей мұқым, қатынсыз қалам деп қорықты деймісің?


— Ендеше неге тұлданасың, әкіреңдейсің?


— Әй, кәззеп, солармен жыртыңдасып неге арақ ішесің, ә! Елдің қаңқу сөзі анау, керең болғанбысың мұқым?!..


Түн ортасы ауа шаң-шұң айқай үйге еніп, аула іші сап басылды; сонан тек таң қараңғысында ақ көйлегі ағараңдай әйел қыстаудан шығып: «Құттыаяқ... Құттыаяқ», — деп ақырын күбірлеп дыбыс берді. Сары қаншық тұщы етіне тиген ащы таяқтан зәрезап, әрі қорқып ығыстай ма, шағын тас итқорасынан байқастап басын көрсетіп, еркелей қыңсылап жіберді. Итаяғына буын бұрқырата әйелдің бірдеңе құйып жатқанын көргенде шыдамы жетпеді: дәмді сорпа иісі, жұмсақ кесек-кесек құйрық май мынау қара суықта сілекейін шұбыртып барады. Атып шығып астауға бас қойды.


— Күшігім-ай, әбден жүрегің үзіліп-ақ қалыпты-ау, — деген әйелдің мейірімді үні де құлағына ілінбеді. Әбден бүйірі шығып тойғансын басын бір ақ көтерді. Сабау құйрығын шипаңдатып иесіне еркелей секіріп, шәу-шәу үріп қойды.


Түйелері мен сиырын сауып, жармалы үлкен ағаш қақпаны ашып, жасамыс әйел мұның мойнындағы қайыс жібін шешті де:


— Жүр, күшігім, малды өріске айдап салайық! — деді.


Сары қаншыққа дүниеде мұнан артық, теңдес келер қандай бақыт бар; қуана сілкініп ілесе берді. Сонан көл жағасында құрақты сүзіп, құс үркітіп, жазықтан балпақ, сарышұнақ қуып кешке дейін сайранды салды дейсің: иеci — Айжанның қашан, қай тұста үйге қайтқанын да сезген жоқ. Екіндіге талас қыстауға оралған, аула ортасындағы келтек бөрененің үстінде ақсұр плащ киген, бас киімсіз, шашы ойпы-тойпы, көзінің ақ еті қызыл тамырланып кеткен Қуанның отырғанын көрді. Еркелей құйрығын бұлғақтатып, бейқам жетіп барған:


— Ә, қаңғыбас қаншық, келдің бе? — деп, қасында жатқан күректің жалпақ басымен бөксесінен бір қойды. Белі үзіліп кеткендей болған, жанұшыра қаңқылдап атып тұрам дегенде күрек екінші мәрте тиіп, артқы бір аяғын бaca алмай қиралаңдай талып кетті.


Ол әрине үшінші соққының қара тұмсыққа тигенін білмеді. Қуан күректі тастай салып, ащы қыңсылаған сары қаншықтың тұмсығынан добалдай етігімен оңдырмай, қайқайып тұрып бір тепкен. Сәскелікте әйеліне де қолы тиіп, ол: «Көрмегенім сен болсын. Әйелің өліп жалғыз қалғаныңда, он бес жас кішілігімді көлденең тартпай, қыздай тиіп бала сүйдіріп едім. Оқу да оқымай, жас өмірімді өксіттім. Балаларым жөн-жөніне кетті. Енді қырықтың үстіне шыққанда жұмыс істеп көргем, тағы жақпадым. Бүйткен дәулетің әдіре қалсын. Жемегенім таяқ еді, оны да татырдың. Өлмесең өрем қап, аштан өліп, көштен қалмаспын. Кеттім... Мынау үйіңнен сыңар сабақ жіп те алмаймын», — деп, Айжанның шабына шаңқылдап, тепсіне жер тепкілей, есікті тарс ұрып, арғы бетке бір жола жөнелгенін, Қуанның бар дүниеден түңіліп кешке дейін арақ ішкенінен сары қаншық бейхабар.


Санасы арақпен уланған адамның қиял-дүниесі де бөлек: жай, көптің бірі істейтін нәрсені ол елей бермейді, болмашыға секемденіп күдікшіл, шыбық шырт сынса: «Ойбай, жау тиді!» — деп өре тұрып, төңірегін дабыра даңғазаға айналдырып жіберуге бейім; оспадарсыздық та, пасықтық та бір соның еншісі, мүсіркеу, кешірімшіл кеңдік оған жат. Қуанның орнында басқа адам мынау былқ-сылқ еткен иттің өлі денесін ауланың сыртына шығарып, көме салар еді; не бір ескі құдыққа, не жыра-жықпыл ішіне лақтырып тастары да хақ. Оны маған дария тарту етті. Бақ па десем — бақытсыздығымның куәгері екен. Өзің бергенді өзің ал» деп ол ерінбей-жалықпай көтеріп, қайықпен өзен ортасына апарып, суға атып жіберді де, кейін оралды. Тұңғиыққа шым батып кеткенін де күтпеді.


Сары қаншық суға гүмп етісімен есі кіріп, тырбаңдай бір батып, бір шығып, тастай қараңғы түнде жағаға да жеткен; сонан шым-шым ашыған артқы аяғының жарасын жалап, сүлесоқтана бұралып, ұзақ жатты. Таң саз бере өзенге иінағашын иығына іліп суға келген ақжаулықты, құс мұрын қария мынау не пәле дегендей ұзақ таңдана қарап:


— Қуанның Құттыаяғымысың? — деді күбірлеп.


Артқы аяғын баса алмай, шойырылып жатқанын көріп басынан сипап біраз іркілді де, бойын жиып төңірекке көз тастады. Сонсын ойлана жерге қарап тұрды да, еңкейіп екі шелекті көтеріп өзен жағасына келді. Дағдылы әдетінше шелектерінің ішін шайып боп, суға толтырып шықты да, иінағашының екі басына іліп қарамай кете барды. Көп кешікпей қайтып келіп, жарасын ақ дәкемен тартып байлап қасында ұзақ отырды. — Әсем жігіт еді... Бұған не көрінді-ей?!.


Қарияның неге налып, таңдана басын шайқағанын әрине сары қаншық түсінбеді, үнінде «иттігіңе бақтың-ау, ол сорлының жан-дүниесін ұқпағаның да» дегендей жазғыру барын білмеген еді; кейін сезді. Қазіргі қарияның дауыстап шақырғанына қиыстануы сол; жел қарияның аузынан шыққан әр сөздің ресуәсін кетіріп, оның үні жарықшақтана сынып, қарлыға бастағанын ашу-дұшпан елетпеді. «Еркелеп қас-қабағына қарағаннан өзге не істедім? — дейді сары қаншықтың мұңды жанары. — Қорадағы малына, үй-жайына ес болдым. Бейтаныс біреу ауласының табалдырығын сұраусыз-сауалсыз аттаса жанымды шүберекке түйіп, арсылдай үріп қарсы ұмтылдым. Өткен қыста көрші колхоз етке өткізетін малды қыстақ сыртынан айдап баратқанда түйенің бірін қоса, байқамағансып әкеткелі жатқанда үйге шабалақтай үріп жетпедім бе? Сонда неге бөрлігіп жүргенімді түсінбей «ой, қасиетсіз неме», — деп теуіп жіберген. Самаурынға ағаш жаңқалап салып, жүрелей отырған Айжан «жындандың ба? Мынау тегін үріп тұрған жоқ. Сенің «дәулетім... маңдай терім» деп мал десе ішкен асыңды жерге қоятыныңды сезеді. Малыңа бірдеңе болмасын, әлгінде соның соңынан кеткен. Қарасайшы... Әне, қалай-қалай тыпыршиды», — деген еді.


Құттыаяқ кең ауланың ішінде шауып жүр. Әлсін-әлі шоқиып отырады да, шабалаңдай қақпаға қарап үреді; дәрменсіздігін аңдатып қыңсылайды. Алақ-жұлақ Қуанға бір, Айжанға бір көз тастап, тынымсыз шаңқ-шұңқ етеді.


— Мал жисам анау балаларым мен саған бөтен бе?


— Балаларды аузыңа алып қайтесің, олар тұрғай, оның жолында мені де ұмытқансың. Мұнан кедей күнімізге көріскендей емеспіз бе?! Ат мініп, көрші ауылға үзеңгі қағыса қонаққа сәнімізбен баратынбыз. Олар келіп көк түйенің қарны жарылды-ау», — деп әзіл-қалжың айтып, мерейімізді көтеріп тастаушы еді. Қайда сол бір дәурен? «Мал... мал...» — дейсің де жүресің... шөп шақ келмейді деп жылқыны құртып, түйе жидың. Оу, рахаты аз, бейнеті көп мына малың кімге керек?


— Сандалма... Құттыаяқ, жағыңды қарыстыр! Жат!.. Шәуілдеп діңкені құрттың ғой, — деп Қуан жерден тас іздей төңірегін қарманып қалды. Ит иесінің арам ниетін, не істемегін түсініп, ауланың кісі кіретін ашық есігінен зып беріп қашып шықты; ұзай түсіп, сәлден соң қайта қаңқылдай үре бастады.


Қуан амалсыздың күні керзі етікті аяғын кердеңдей тастап қақпаға бет түзеді. Әйелімен сөз жарыстырып уақыт оздырғаннан бөтен, ештеңе ұтпасын түсінген тәрізді; сары қаншықтың соңынан сұр плащының етегі желбірей емпелеңдеп барады. Қос өркеші баладай інгенінің колхоздың өзге түйелеріне ілесіп өткел басына жетіп қалғанын көргенде Қуанның көзі атыздай болды. Ине көзінен өтердей жылмағай, сөзуар, оң жақ бетінің самайдан иегіне дейін тыртығы бар, жауырынды, төртпақ Байсұлтанды осы жерде кездестірермін-ау деп ойламаған; мұнан үш-төрт жыл бұрын «подлог жасап», өзі айтқандай шатысып екі жылға сотталып кеткен. Шақырайған күннің астында, жағада арғы бетке қарап тұр. Басында қоңыр қалпақ, үстінде күпейке, керзі етік киген мықыр аяғын талтая тастап, тіптен кердең, кербез-ақ. Қуанның екі иығын жұлып жеп, түтіге жеткенін байқаса да көрмегенси:


— Бұ өткелші құрымағыр қайда жүр! — деп қамшысымен етігін сабалай бұрылды. Шот маңдай, кеңсіріктігі батыңқы, бадырақ көз Байсұлтанның жаялықтай аузының екі езулігі Қуанды көргенде жайыла, құлағына қарай жоси жөнелді. Жүзінде таңырқау да, қуыстану да жоқ емес; әккі неме соның бірін де сездірмей қуанғандық нышан білдірем деп әлек: — Бәрекелді, өзіңбісің?! Қуеке, бізді аптапқа ұрындырмай тез өткізе гөр, жаным...


— Әй, слушай, сенің бұның не бассыздық, ә? Тапа-талтүсте малымды ұрлап баратып, «жанымың» қай мазағың-ей? Кеңірдегіңді жұлып қолыңа ұстатсам, «тез өткенің» сол болар, — деп Қуан дүрсе қоя берді. Наркес өткелші өңкиіп жауырынды төртпақ жігітке төне кеп іркілді. Қалың жебелі мұрты жыбырлап, дүрдиген етті ерні түріліп, қалш-қалш етеді. — Тағы да түрмені сағындың ба?..


Соғыстың алдында Байсұлтанмен күреске түсіп, үлкен бір мерекеде жыққан; сонан ба, мынау сотқар, ноян топайлау жігіттің өзінен қатты ығыстап, ылғи да жәдігөйлене қыт-қыттай күліп сырғақситынын сезетін ғой. Батыл қимылға бірден көшуінің бір сыры осы да, екіншісі — анay бозінгеннің бөтен малдың ішінде жүргені еді. Байсұлтан «сенікі емес», — деп теке-тіреске сап, шыр-пыр бола қоймады; сары қаншық тірсектен алардай шабалақтап өзіне ұмтылғанда, қамшысымен қарманып:


— Өй, мынау итің қайтеді?! Әкетші әрі! — деді алақ-жұлақ етіп. — Мейрам... Ей, Мейрам, бері келші!..


Қуан малдың сонау екінші басында бір жирен қасқаны жетелеп жүрген салт атты жігітті жаңа байқады. Әйтсе де бетінен қайтпай: «Мейрамыңмен қоса суға атсын демесең жоғал. Әйтпесе быт-шытыңды шығарам», — деп гүр еткенінен сескеніп Байсұлтан не істерін білмеді, жалбалақтай:


— Қуеке, оллайы шыным, байқамаппын! Кешір, — дей берді.


Иә, сол жолы Қуан итіне әбден разы болған. Ерегісіп Байсұлтанды қан сәскеге дейін арғы бетке өткізбей, түйесін мініп қайтты да, асықпай Айжанның құрып қойып күтіп отырған шайын ішті. Өз қолынан сары қаншыққа ас құйды. Енді бірде ұмытып кетіп, байланбаған қайығынан айырылып қала да жаздағаны бар. Жағадан әжептеуір ағыспен ұзай түскен қайықтың жібін тістеп Құттыаяқ жан дәрмен сүйрей жүзіп жеткізгені, қара күздің шөкеден шыққандай суық суынан қорықпай қойып кеткені де Қуанның жадында емес пе еді?! Сонда бұл Қуан серігім, қолқанатым» — деп басынан сипап, жерден көтеріп алған. Бәрін де әп-сәтте ұмытқаны қалай? Heгe?


Фатиха шешейдің үйіне жетіп, жарасы жазылса да сары қаншық сол бір өкпесін, көңіл қыжылын әр кездескенде сездіріп бағатын әдетінше өршелене арсылдай үріп тұр. Құлағын жымырып, алдыңғы екі аяғымен жердің шаңын бұрқырата тырналап, тісін ақсита шабынады. Манадан «Құттыаяқ... Құттыаяқ, кейін қайт! Кет әрі!» — деп, айқайлай даусы қарлыққан қарияның шыдамы әбден таусылып, азынаған мынау бесқонақтың желінен кең етегі желбірей ту сыртынан кеп қалғанын аңдап құйрығын бұлғақтата, амалсыздың күні ығыстады. Қуан өзеннің тік жарқабағынан емпелеңдей өрлеп келеді.


— Құттыаяқ, кәне кейін қайт! Жоғал, о несі-ай, мұқым еліріп кеткені!..


Сары қаншық бүрсеңдей, құйрығын шипаңдатып бір-екі шаңқ-шаңқ етті де, шойнаңдай қарияны айналып өтіп, артына жалтақ-жалтақ көз тастап үйге қарай бет түзеді. Бәкене, сұр қақыра мен өзеннің тік жарқабағының екі аралығы шағын, тоқымдай алаңқай еді: әр жері ойдым-ойдым таз бастанған ақ тақыр, айналасы тырбық селдір селеу, ажырық. Өткен жылдың қурап, үгітіліп біткен көгісі әлі бүр жарып, қылтия көріне алмай жатқан шағы-тұғын: тырбия, кірпі түктене қалған шөптің түбірі тұтаса қарауытып шалынғаны болмаса, анау тақырдан айырмасы шамалы: үстінде мынау алақұйын үйіре соғып сары жапырақ, шөп-шөңге, су тиіп, күн қағып күреңіткен газет қиындысы, әлдеқайдан лағып жеткен «Беломор папиросының қорабы сытырлай көтеріле қалықтап, енді бірде көк тайғақ мұздаққа түскендей жер бауырлай сырғанап, ақ құмай тазыдай арсалаңдап жүр. Ауық-ауық азынай ышқынып, аласа шым аулаға барып-барып, лықси кейін серпіліп ұлып кетеді; тиянақ, тыныш табар түрі жоқ. Өзеннің тік жарқабағына таялса, дарияның салқын самалы кері теуіп жібереді; ала-қаншық құйынның бей-берекетсіз, шамшыл тызалақ-тірлігіне жалтақтай Құттыаяқтың есік көзіне ілінгені сол еді, алақандай сары жапырақ қылаңдай қалқып кеп, жылтыр тұмсығын сүйкей, жасқандыра қағып өтті. Сары қаншықтың бұл тіптен күтпегені ғой; ызалана қайырылып қаңқ ете қауып қалған, мүлт кетіп тісі-тісіне сақ етті.


Сонсын ұялған тек тұрмастың кебін келтіріп, шоқиып отыра қалып мойын жүні желбірей тұмсығын көкке созып иіс алды. Ол білгенде табиғаттың ит мінезі сынып, сәлден соң тылсым бір тыныштық тауып, саябырлар шағы жеткен. Әлдеқайдан қаңғып, алақұйын арасында жалпылдап жүрген қағаз қиындысы сырғып аяғына орала түскен, ыршып кетті. Өзінің сергек, серпінділігіне дән разы тәрізді ауланың шағын есігінен бері шығып, құйрығын шипаңдатып тұр. Әлгіндей болмай дауыл ішін тартып ышқына берді де, сап басылды. Ауа қапырықтана қап, іле дымқыл жер иістене самал желпіді, онысы да көпке созылмай, ізінше жүгерінің дәніндей ірі-ірі жаңбыр тамшысы тырс-тырс тамып, қуаң алаңқайдың шаңына инедей шаншыла піспелеп сытырлап жөнелді.


Екі иінінен дем ала, жүзі қуқылданып тік жарқабаққа жаңа ғана аяқ артқан Қуан Фатиха қарияға қарай, сұрғылт сулығының желбіреген етегін қол сыртымен қармай түзетіп, қоқырайған басындағы қоңыр қалпағының үстінен капюшонын жүре киіп келеді. Сары қаншыққа өткелшінің киіміне дейін албастыдай сұрықсыз көрініп, ыза шақырады; бір сәт анау Қуанның желбіреген етегінен шалт ала түсіп, дар еткізе айырып тастасам дегендей де бір қиянпұрыстық әрекет бойын билегені анық. Ол құйрығын бұлғақтатуды қойып, құлағын жұмып, тісін ақситты. Ит сырын сезгендей бесқонақтың кірісі — ақ жауын үдей соғып, сары қаншықтың ойын быт-шыт бөліп жіберді; әрі бұл аз дегендей Фатиха қарияның мейірімді, өзінен кішіге арналар наз үні де қаймықтырып тастады.


— Қуанжан, Хал-ахуалың жақсы ма?


— Шүкір, апа... Өзіңіз есенбісіз? — деді Қуан қос қолын бірдей ұсына көрісіп.


Қожасының жылы шырай білдіріп, ізет танытқан адамына айбат шегіп, ырылдаудың әбестігін сары қаншық білетін; жауын астында қалып, босқа жаурамайын деді ме, бүгежектей бұрылып ит қорасына қарай шойнаңдап жөнелді.


— Алла деп жүреміз ғой әйтеуір. Miнe, бесқонақ та келді. Өлмегенге бәрі қызық, бәрі мейрам. Құдайға шүкір, заман жақсы, тыныш. Райком бала отын түсіріп берді. Кәне, не тұрыс, үйге кір. Жаурап қаларсың. Иә, өзің қалайсың? Жауынды күні аяғыңның жарақаты сырқырайды деуші еді Айжан. Тәуір ме?


— Е, апа-ай, жарақатты қойшы. Оның бір жөні болар-ау...


Қуанның көзі сары қаншыққа түсіп кетті. Ол шойнаңдап бара жатып, артына қайырылып қарап өткен еді. Жанарынан ыза, кешірімсіз кектің ызғарын шалармын-ау деп күткен, тілсіз мақұлықтың жиренішін аңдағанда тіксініп, абдырай жалтақтап қалды: «О, малғұн, қайтеді-ей, о?! Уа, әкеңді өлтірдім бе сенің», — деді еркінен тыс күбірлеп. Бір сәт ессіз хайуанның адам тілін ұқпасын да ұмытқаны кәміл; әйтсе де анау көздің өзі сөйлеп, айтқанға бергісіз өкпе артып шамына тигені анық. Қуан осыны түсінді: «О, малғұн!» — деді тістеніп. Сары қаншық бұдан бұрын да иесіне талай рет өмірі кешпестігін білдіре кездескен жерде шабалақтаған да, ол пәлендей таңданбаған. Хайуанның мынау қылығы табан асты салын суға кетіріп, көңіліне қапалық ұялатты емес пе?


Дүниеде қорғансыздық пен шарасыздық жаман. Қайта Қуан білгенде қарсылық, ыза-кек жақсы; қажытпайды, қайрап, пысытады. Уақтылы малының алдына Айжан шөп салмай, сиырға қыстың көзі бозқырауда жылытып су бермесе Қуанның шат-шәлекейі шығып, ой бір сыбайтын; сондайда әйелі тіс жарып ауыз ашпайтын, үндемей жүріп бәрін тындыратын. «Мылқау неме!» — дейтін ақырып, оған да қарсы жауап жоқ. Сары қаншық бірде арс ете қалған; иттік мінезін танытқан. «Сенде Құттыаяқ құрлы мінез болсайшы... Елдің өзіндей әйелдері еркегіне «ә...» — десе, «мә...» деп жатады. Мұншалық намыссыз, қасиетсіз екеніңді білсемші», — дейтін. Әлденеге енді түйсініп, түсінгендей көңілі жүдей түсті.


— Қуанжан, өмірдің сәні де, қызығы да — бір күйде, шуақты бола бермейтінінде емес пе? Тарығар не бар? Шүкір дегін, жаным.


— Е, тәйірі, кім білген. Әйтеуір сары қаншық пен Айжанға жақпай-ақ қойдық қой.


Құттыаяқ аула төріндегі итқорасына сабалақ құйрығының ұшы қылтыңдап еніп барады. Бесқонақтың кірісін сездіре түскісі келгендей аспан қабағы түнере қарауытып, қора, үй-жайдың үстін жүн сабалған қариялардың сабау үніндей ірі жаңбыр тамшысы сатырлата ұрып жатыр; сары қаншық итарқа тар қорасының ішінде қорбаңдай тынышсыздана бұрылып, жылтыр, бармақ басындай тұмсығын есікке бере, алдыңғы қос аяғының үстіне салды. Ақ тақыр аула ішіне инедей қадалып, ірі тамшы торсылдай жарылып, ұшқындана тары түйіріндей шашылды. Әп-сәтте жер реңі өзгере күреңітіп, терши берді. Дымқыл жауын лебі лекіте соғып-соғып өтеді.


— Жүр... Тез үйге кірелік, Қуанжан... Жаурап қалармыз. Мынау белең алып барады ғой, — деді қария көйлегінің мол етегі көлеңдей бүлкектеп.


— Иә, бесқонақтың кірісі бөтен. Ұзаққа сілтер білем...


Қуан қарыштай адымдап Фатиха қарияны қуып жетті, ақсұр плащының етегімен үлкен кісінің басын көлегейлеп келеді, даурыққан даусынан өкініш, дәрменсіздіктің куәгеріндей бір сынықтық сезіледі, сары қаншық оны да өзінше ұққан: «Ә, солай ма? Өзіңе жан баласын теңгермей, өткелге келгендердің алдында кердеңдеуші едің, сен де қорықтың ба?» — дей ме, қалай, тұмсығын үйге кіріп бара жатқан ұзын бойлы мосқал жанға қарай көтере түсіп, ыр-ыр етті.


* * *


Қуан үйге кіріп шығумен жүр. Көктемнің шыбын-шіркейсіз, мамыражай түні. Аспан ашық; қара күрең мақпал бетінде шашылып қалған тұз ұнтағындай жұлдыз біткен жамырап жатыр. Таң құланиектене өткел басына келіп, Қуан сонан күн ұясына қонақтай қайтқан тұғын. Жан баласына бір ауыз тіл қатпай, берген тиын-тебендеріне билет кесіп, паромның белдеме жуан темір сымын өші қалғандай тістене тартумен болған еді; өткелшінің ақ тер, көк тері шығып, өлермендене тыным-тыныштық таппағаны жүз таныстардың көпшілігінің көңілінде мүсіркеушілік бір сезім туғызғанын да ол аңдамағаны кәміл... «Елудің алтауына келгенде әйелі тастап кетсе оңай деймісің?! Облыстан тексеруге жіберген ревизор жігітпен қатыны әуейленіпті ғой. Бәлі, сен оны естімеп пе ең? Тіпті аудандық «Лений жолы» газетінде де, осы ауылдағы майданда бірге болған жігіттер жазды емес пе?» «Е, анық-қанығын кім білсін. Әйелі өзінен он-он бес жас кіші... Кейін, алғашқы қатыны өлгенсін үйленіпті дейді». «Тұқымың құрмағыр, ажарлы әрине... Сәл толысқан ақсары, қасы-көзі қап-қара...» — десіп бара жатқандарын да сезбеген, әйтеуір күндегісінше үйге сүйретіле, сүлесоқтана жетті де, кең төрт бөлменің ортаңғысындағы темір кереуетке құлай кетті.


Талайдан сабын тиіп, жуылып-шайылмаған ақсұр кенеп әскери плащын саудыр-саудыр еткізіп кіре-берістегі шегеге іле салатын: бұ жолы екі қары салдырай ауыр тартып, әзер шешті де, төрдегі киіз үстіне сүйрете тастады. Күндегі дағдысына бақса сәл-пәл көз шырымын алуға тиіс-тін, ұйқысы өз-өзінен қашып, жалғызіліктіліктен жаны жүдеп барады. Тіпті әрі-беріден кейін соғыстан алған жарақаты оң бүйіріндегі жоқ екі қабырғаның опырайған тыртық орны сазып ауырғандай да болды. Соны сезуі мұң екен Тартуды азат ету шабуылы кезінде сол аяғының сан етін жұлып кетіп бір ай госпитальде жатқаны ойына оралды; енді о да ұйып, шым-шым етіп сыздайтын тәрізді.


Ұры мысықтай ойдың білдіртпей кеп еніп, жетектей жөнелетін қашанғы әдеті; ылғи да бір осындай дәрменсіз, санасын билей алмас шағында тап басады... Екі қабырғаны алып, жарақат тізені шорт кесіп тастамай жамап-жасқағаннан кейін госпитальдан декабрьдің ішінде шықты. «Соғысқа қайта жіберетін болар», — деп күткен, бас дәрігер қабылдап отырып: «Елде кімің бар?» — деді. Тосын сұрақтың мәнісін түсінбесе де: «Үш-төрт аталас туыс, көрші-көлем аман-сау көрінеді. Әкем соғыстың алдында дүниеден өтті. Шешем қатты ауыратын сияқты. Білмейім... Өзім кіндіктен жалғызбын», — деп шұбырта, анкета оқығандай құлықсыздау сөйлеп кеткен, бас дәрігep: «Е, жетіммін де... Иә, мен сияқты... Бір ұлым Ленинград майданында қаза тапты. Кенжем... Владимир кеше... өз қолымда...» — деп оның сөзін бөліп, көзіне жас алды.


Еңгезердей алып денелі, қоңқақ мұрын, кірпі түктендіре қиылған ақ шашты адам сол сәтінде Қуанға мүсәпір көрінген еді: ұялы көк көзі, іркілдек еттілеу беті, қалың, сарғыш түкті қасы — бәрі-бәрі мосқалдығын танытқандай дір-дір етіп жүзін төмен салып отыр. Топан суы қаптап келеді десе де абдырап, не үрейлене қоймас-ау дейтіндей салмақты, жүріс-тұрысы орнықты мосқал жанның сәбидей қазіргі қорғансыз кейпі оның жауырынын шымырлатып жіберді. Медсестралардан естігеніне бақса — бас дәрігер отыздың сегізінде; соған да бір жағы сенер-сенбесін білмей, әрі «бұ да аз жас емес-ау», — деп ойлаған. Міне енді ол қазір сонан тура жиырма жасқа жуық үлкен... «Кәрімін бе? Жоқ... Е, тәйірі-ай тағы не ойлап кеттім...»


Ол үйдің төбесінен көзін тайдырып, сүткөгілдірлене қалған бөлменің терезесіне тастады. «Жиектегі күннің қызылы әлі сембеген-ау», — деді өз-өзінен күбірлеп. Тап соның осы жерде қаншалықты қажеттігі өзіне де беймәлім; әйтеуір соғыс лаңын есіне алмауға тырысатыны анық. Бас дәрігер әлгіндей жасықтық білдіргенінен кәдімгідей қысылып, Қуан ойламаған мінез танытып еңсесін жиып, серпіле орнынан ширақ тұрып кетті. Сырт айнала, аяғыңдағы ауыр әскери етігімен еденді жаныштай сықырлата басып терезе алдына барды да, жанқалтасынан орамалын абдырай шығарып көзін, бетін сүртті. Сәлден соң шылым тұтатып, құшырлана бұрқылдата сорып үнсіз қалды.


Ақ халат киген қақпақтай жауырынына, сүйекті, ірі бітіміне қарап бұл кісі оңайлықпен тағдыр соққысына мойып, өмірі илікпестей көрінетін; әйтсе де қазіргі бет-бейнесі тамырын күрт кеулей жеп тастаса да, жап-жасыл жапырағын мол жайып, сыбдырлата желбіретіп тұрған кәрі емендей еді. Кабинеттің қос, жарма терезесі шалқасынан ашық. Көкшіл селдір жапқышы орман ішінен тентірей жеткен болмашы самалмен ойнап қылымси толқиды. Шарылдаған қара торғай үні мен әлдеқайдан қыт-қыт еткен кекілік, қарғаның қарқылы шалынады; ұмытпаса о да көктемнің мамыражай күні. Жер қарайып, ағаш біткен бүр жара бастаған шақ. Орман іші ала-шұбарланып, ойпаң жерлер селдір бұлт жиып буалдырланып жатыр. Әлгінде ғана Қуан төңіректі сейілдей шолып қайтқан да, осы госпитальдың үйеңкі, шырша иісі жұпар атқан шығыс бетіне аялдаған. Бас дәрігердің іздеп қалғанын медсестра кеп айтып, соңыма ілес дегендей ишара жасап жүре берді.


— Володям көрші полкте екенін білсемші. Екі жыл ұдайы төрт шақырым жерде, іргеде болыпты... Талай адамды өлім аузынан жұлып алып, борша-борша денесін жамап-жасқап құтқардым емес пе? Бұ тағдырдың қайырымы қайда... неге жалғызыма шапағаты тимеді. Неге? — деп Виктор Петрович күңірене сөйлей жөнелгенде Қуанның төбе құйқасы тосын, көрдей шыққандай құмығы күмбір үннен шымырлап кетті. Темекісінің тұқылын жазу столының шетіндегі күлсалғышқа мыжғылай сөндіріп Қуанға тіктене қараған: жанары құп-құрғақ, ақсары жүзі шүберектей қуқылданып, аласы мол көк көзі сәл қызыл тамырланып қанталапты. — Өкпесінің жартысы күлпара, бауыры да зақымданған... Ол мені таныды-ау... Қой көзі күлімдей қалды. Жанары шешесіне тартқан әдемі еді.


Қасы да желбіреген қалың, сәл келте, танауы да айнымаған Оксана анасы реңдес... Қан-қан гимнастеркасын шешуге дәрменім жетпей тізем қалтырап барады. Құлыныма онымды сездірмейін деп көмекші хирург пен медсестраларға жөн-жосықсыз айқайлай беріппін де, гимнастеркасын шешпей, қиып тастаппын.


«Папа, папатай, оң қалтамда комсомол билетім бар, байқа... — деді күлімдей, ол менімен ылғи қатарласындай ізілдесіп жүретін. Сонысы есіме түсіп: «Аға лейтенант жолдас, тыныш жатыңыз, біз сізді жөндеуге тиіспіз. Алдыңызда полковник тұр. Мұнымды бұйрық деп біліңіз», — деп гимнастерканың екіге бөлінген қиындысын балама көрсетпей жерге тастадым. «Папа.?. Папатай, тіптен қартайыпсың-ау», «...Е, балам, кәрілік деген не? Ол шырайдың шымылдығы... Жеңіс күні де таяу қалды. Сенімен қол ұстасып туған елімізге жетерміз. Екі көзі төрт болып, күте-күте сағыныштан сарғайған анаң байғұсты, Оксушамды қуантармыз. Сені үйлендіріп немере сүйерміз, міне сонда көңіл өсер де, шымылдық түрілер. Жасарармыз әлі... Скальпелді бер... Тек сен шыда, балам», «Ым...» Балақайым, жаным... ауырып бара ма?» «Папа... Папатай, қолымнан ұсташы... Бермеші мені... Жібермеші, папа...» Балам ышқына кеудесін көтере беріп, ақ жастыққа басы сылқ түсті. «Володя... Балам...»


Көзімді ашсам бас жағымда медсестра отыр. Тәулік бойы талып жатыппын. Міне, сонан бері басым ауырады. Өмірдің мен үшін қызығы да, шыжығы да таусылғандай құр сүлдерім қалып қауқиып жүрмін, балам» — деген еді Виктор Петрович. Оның сол кездегі үні естіліп бет-бейнесі Қуанға осы қазір ап-анық... көрініп, көз алдына кеп көлбеңдеп тұр. Сонда ол: «Виктор Петрович, біз де сіздің балаңызбыз? Жалғыз емессіз, берік болыңыз»., — деп, көңіл білдіре алмағанына да өкінішті. Қуан темір кереует үстінде қанша жатқанын, қалай тұрып отырғанын сезген жоқ. Ақшам мен түн қараңғысының арасында кешкі ауқатын ішетінін, ыдыс-аяқты жуатынын, үй-ішін сыпыратынын, малды жайғайтынын бәрі-бәрісін мүлде ұмытқаны кәміл.


Асыға орнынан көтеріліп, есікке ұмтылды. «Сиыр да, түйе де сауылмай желіндері сыздап тұр-ау!» — деп ойлады ол аптығып. Түлен түртті ме, қайдам әйтеуір жанығып кетті. Өңіреңдей ұмтылғанда сыртқы есіктің жоғарғы жақтауына маңдайын оңдырмай соғып алды. Тән ауруы жан ауруын қозғап, өз-өзінен күйіп-пісіп, жаңа ғана шүкіршілік еткен өміріне, тағдырына лағынет жаудырып шыж-быж. Бір сәт даланың суықтығын, кешкісін қыстың сызы бел алатынын сасық ашу ойлатпай жылы үйден безіндіріп жіберген; ақ көйлегі желбірей кең ауланың төріндегі мал қораға қарай емпелеңдеп келеді. Қызыл шыбықтан тоқылған шетен шарбақтың ақ тақтай есігін ашып, ішке кіріп, байлаулы бұзау, боталарын босатып, енелеріне қосты; жамыраған ірілі-ұсақты малдың ортасында ербеңдеп, әлдекімге қырлана, ерегісе істеп жүргендей, тіпті мынау ірі қараның бәрі өзінікі еместей күңкілдеп: «ал, бәлем... керек болса. О, несі-ей мұқым... Тірнектеп жинағаным әулетіме қалар ырзық па десем, қартайған шағымда жүрегімді жарақаттар темір тікенек пе еді? Уа, неге, кім үшін сабылдым?» — дейді тістеніп. Мұндайда адам үрдіс қимылға да барады: өз ісіне есеп беріп жатпайды. Қуанға өз өмірі ғаламаттай мағынасыз, қадір-қасиетсіз, бей-берекетсіз сезіліп еді: тіпті қаскүнем біреу түн жамылып кеп, соққыға жығып, тонаса да тірі пенде ара түспестей дәрменсіздігін ұқты. Ұғуы мұң екен, ойына Айжан оралды да өкпе аяғы сасық ашуға айналып: «Әй, мынаның бәрі болса да қараң дүние ғой. Қажеті не? Неге өрт қоймаймын, ә?» — деді ытырынып.


Ол өзінің оқыс іске бет бұрғанынан шошына іркілді. Бұ кезде жаңағы үздіге мөңіреп, боздап, манадан төңіректі азан-қазан еткен мал үні сап басылып, құлақ шыңылдардай бір тыныштық орнаған еді. Пышақпен кескендей көктемнің қою түні де жетім көңілге шипа. Қуан ашу-ызадан аптыққан, шиыршық атқан жүрегінің лүпіл қағып, көңілін түсініксіз, бұрын-сонды басынан кешпеген құсалық билеп алғанын сезінді. Айналада тиісер ер-қара жоқ. Қуан үн-түнсіз мал қорадан шығып, аула ішінде сенделіп жүр.


Міне, ол аула төріндегі кеспелтек томар үстіне кеп жайғасты. Әлгінде бойы тоңазығандай болғансын үйге кіріп, ескі күпісін киіп келген еді; соның жылуынан көңілі сергіп: «Туф, рахат-ай! Неғып бірден ойыма түспеді», — деп те өкінді. Қас-қабағынан жан күйзелісін тап басып білетін Айжан мұндайда: «Қуеке-ау, сәл дамылдасаңызшы» — дейтін, не үндемей кеп, иығына жылы киімін жабатын, о да есіне түсіп, жетім көңіліне желеу боп сағыныш ұялатып, жабырқатып өтті. Төбесі ашық, шетен қораның ішіндегі түйе мен сиырларының мынау мамыражай тыныштықта күрт-күрт күйіс қайырғаны, өзеннің арғы бетіндегі ауылдың үрген итінің саяқ әупілі бір түрлі оны әлдилеп, баурап алғандай селт етпейді. Әр қилы ой келеді: бірі қуантып, бірі қабақ шыттырады.


Иә, Қуан мінезінде сәбилік, тазалық мол. Рас, қызу қандылық, ашу үстінде алды-артын ойламай ұрынып-берушілік — ұшқарылық та аз емес. Әйтсе де қайтымы жылдам, тіпті, кейде елжіреуік. Әлдеқалай бір аянышты кино көрсе, не орден, медальдарын саудырата тағып мектепке, пионерлермен кездесу кешіне барып отырғанда балдырған бал тілімен тықылдап тақпақ оқыса, Қуанның ерні өз-өзінен дірілдеп жүре беретін. «Сіздер біздің бақытты өмірімізді фашистерден қорғап қалдыңдар. Ағатай, ағатай, Сіздерге мың рақмет!» — десе төңірегіне жалтақтай түсіп, көзіне жас алатын.


Ол шылымды сирек шегетін. Қазір байқамай үсті-үстіне екі-үшеуін тартып тастаған, жүрегі кілкігеніне қарамай тағы бірін тұтатып, бұрқылдатып отыр.


«Апыр-ай, — деді ол өз-өзінен күбірлей күңк етіп. — Мосқал тартқан кезіңде еркіңнен тыс жастық шағыңды ойлап, сағыныш сезіміне бөленесің. Көрген бейнетің, қасіретің көп болса да, неге екенін қайдам, әйтеуір сол бір дәурен саған ыстық, қымбат. Неліктен? Өмірің тозақта өтсе де, жылт еткен бір зейнетті де бақыт санататын әлгі жастықтың қасиеті ме?.. Иә, өзеннің арғы бетіндегі шағын «Бақсай» аталған ауылға келгеніме отыз алты жылға таяпты. Бір-біріне иық сүйесе, маңдайшасынан бөрене ағаштың ұшы андағайлаған, сұп-сұр, бәкене, төбесі тайпақ қақыраларда кімдердің тұратынын, не ойлап, нені арман тұтатынына дейін бір ол білетін. Қазір ше? Неге сырт айналып кекірейісе қалды?


Ауыл да тегі адам тәрізді. Сәл жақпасаң өкпелегіш-ақ. Әйтпесе, күні кеше емес пе еді: «Қуан... Қуеке...» — деп қысқы соғымдарына шақырып: «Сенің сара ақылың керек боп тұр», — десіп көрген жерде кәукелектесе қалатындары. Той-томалақ, үме салып, жас ошаққа үй көтеру Қуансыз өтпейтін. Қыз-келіншек біткен көздерін сүзе тастап, әзіл-қалжыңмен бір қағытып қалса да кеп иліге қоймайтын: езу тартып, тас құдайындай түс бермей өте шығатын. Пәлендей кербез кердеңдігі де жоқ қой, әйткенмен пұшайман жандар ілкіде ренжісе де бертінде аз сөйлеп, көп тыңдауға бейімдігіне бағып дәме көздер шуақтанып жүре беретін.


Ауылдың ақылғөй қарияларының сөз саптасымен айтқанда Қуанға құдай-тағала шүкірлік, қанағатшыл адал пейілін аямаған. Көктемде өзен тасып, жайылып, кейін арнасына түскенде айнаның жарықшағындай жарқырай үзіліп қалған көлшіктердің жағасынан қамыс шауып бауласа, онысын өз қора-жайына иттей тістесіп, өлермендене тасымай, жесір келіншек, соғыста балаларынан айырылып қалған дәрменсіз қарияларға тиеп беріп жіберетін. Қымсына «маңдай теріңнің ақысы» деп ұсынған көк тиын қара бақырларын да алмайтын ғой. Ау тартса сорпалық балық ұсынып, сенбі, жексенбі күндері ақ тер, көк тері шығып, ескі қақыраларының төбесін ашып, жас қамыспен жауып, сылап та кететін. Жылы қабақ, ыстық ілтипатқа зәру ел Қуан ісіне ырзалықтарын көздеріне жас үйірісіп білдіретін, атын естісе ішкен асын жерге қоятын.


«Уа, ол кезде мен ғана сондай ма екенмін?!» — деді ол оқыс күңк етіп.


Қара көлеңке аула ішінде, езуіндегі шылымы мысық көздене жыпылық қағып отырған өткелшінің мынау үнін естіген жан жоқ. Адам мінезінің қатпары да, құпиясы да көп-ay; шамасы өз басының ел алдындағы қадір-қасиетін біраз күйіттегенінен ыңғайсызданып, әрі мезі болған тәрізі бар. Бөтен біреу мақтаса марқайып, артық айтылды-ау демей сия сорғыш қағаздай дымқыл мадақты бойына сіңіріп бағар еді. Ал, өзіңді-өзің ойыңмен әлдилеп, бағаңды асырғанмен алар ләззәтің де, тоятың да аз ба, қалай? Қуан жаңағы бір сілкінісінен кейін бұрын-соңды ойламаған, толғанбаған тың жайға ауысты; бір түрлі бұған дейін неғып ескермей келгеніне де таң сияқты.


«Ауыл қазіргідей емес, ол кезде жүдеу, жұпыны. Әйтсе де, пейілі кең, ұйымшыл-тұғын. Әр кісі көптің жайын ойлайтын да, көп әр адамның қамын жейтін. Әлі есімде, Барақ майданнан бір аяғынан айрылып келді. Елде аурулы шешесі, бес баласы, әйелі отырған: тіптен кедей тұратын, тіске басар бір түйір тірі бидайы болсашы... ілініп-салынып, өлмешінің күйін кешіп жүрген. Барақтың жауырынында жұдырық басындай әскери дорба, қолтығында қос балдақ сәскелік почта машинасынан түсті. Заматта ел құлақтанып үлгергені сол еді, екіндіге талас жүдеу үйдің шаңырағы желбіреп, көл-көсір той болды. «Ойпыр-ай, ненің көзін тауып, әп-сәтте дастарқан мәзеретін құрады? Мынау қаймақ, қарын майы, таба нан, шұжық, тіпті бір саба қымыз қайдан жиналды?» — деймін айран-асыр қап. Сөйтсем әр адам қолында барын әкеліпті.


Біреуді-біреу шақырып, қонақасы беру деген болмайтын; қуанышында да, күйінішінде де елдің өзі түгел табыла кететін. Әлдекім тас басып, үй соқса — ауылдың тайлы-таяғы сол жерде; сарала таңнан кеп жабылып, қас қарая төбесін жауып, сыртын сылап, үйді-үйіне, үн-түнсіз тарасатын. Дәлел айтып сырғақсу, не «мал сойып, қазан көтермедің», «арағың қайда?» — деген бір қысыр сөз жоқ. Жұмыла көтерген жүктің жеңілдігі ғана тілге тиек еді.


Сонан бертінде көшелес үйлер бір-бірін шақыратынды тапты. Ақырында ауыл тарылып, ағайындасты іздесін, енді міне екі-үш жұмыстас, тілеулес үйлер ғана аяқ-табақ қатысады. Қазіргі мына молшылық заманда көңіл тарылмаса керек еді де», — деп Қуан басын шайқап қалды. «Ел жақсы ғой... Иә, сол кезде талшыбықтай бұралған бидай өңді Жанияға үйленгенде осы ауыл той-томалағын көтеріп кеткен: келте танау сауыншы қызбен ұзақ отаса алмады. Жыл жарымда үш мәрте ауруханаға түсіп емделсе де, құлан-таза айығып ел қатарына қосылмады: ақыры жүрегінің қысылмасынан дүние салды. Тірісінде қадір-қасиетін білмеген әйелінің бағасы өлісінде артты ма, Қуан үш жылға жуық бойдақ жүрді; орта мектепті жаңа ғана бітірген Айжан бір тойда жылы қабақ танытқансын жатса да, тұрса да соны ойлайтын «ауру» тапты. Ферма меңгерушілігін тастап, МТС-қа көшті, беріде ауылға жақын өткелшілікке ауысты. Талай түн өзен бойлай қыдырған да, сағына күткен де кездері аз емес. Ақыры жүздері жарасты, қосылды. «Міне... иә-иә, бәрі осы кезде басталды», — деді ол күбірлей.


Қолындағы жанып бітуге айналған шылым тұқылын аяқ астына тастап, керзі етігінің жап-жалпақ табанымен мыжғылай басты. Төңірегіне бағдарлай көз тастап, көкірегін кере екі-үш мәрте терең тыныс алған; оң жақ жауырын тұсы сыздап ауырып кеткендей болды. Сол-ақ екен, бұл әрекетін пышақ кесті қойды: «Осы қазір өліп қалсам ғой жан баласы білмейді. Иә, — мұның аты ит өлім, — деді ол өзін-өзі мысқылдай танауынан мырс етіп. — Сенде бала да, жар да жоқ. Тек түйе, сиыр, қой бар, иә...»


Қуан серпіле орнынан көтерілді: ұзақ ойдан шалығып, бip түрлі әлденеден жүрегі қобалжып тұр. «Қасіретті де, қиындықты да өзіміз қолдан жасап алып әуре-сарсаңға түсетініміз қалай? Ненің зоры келді? Жылы ұямның берекесін кім қашырды? Тосыннан килігер-ау дейтін жауым жоқ. Сонда кім?..» Ол бәрі өзімнен деп ойлаудан аулақ; қобалжу билеген көңілі сәл тыншу тауып, екі қолын айқастыра артына ұстап аула ішін кезіп жүр. Ара-кідік селтие іркіліп: «Мынау үй — өмір базарым емес пе еді? Құлазып қараңғы бір көрдей суық тартқаны несі? Күні-түні тырбаңдап тіршілік еткенде жеткен жерім осы ма?»... Жанары мұнарланып жас үйірілді. Жалғыздығын, жетім көңілдігін сезіп, өзін-өзі өлердей аяп барады.


«Апыр-ай, дүниеде өзіңді-өзің аяған сұмдық екен де. Қолқаңа еріксіз бір ащы запыран жас үйіріліп, не әрі, не бері кетпей өртейді. Өлем деп те қорықпайсың, өлгенімді жан білмейді-ау деп шошынасың. Тәйірі, біреу көргенде не тұр». Әйтсе де, мынау білмеген, күтпеген ойдың суықтығын бұрын неғып аңдамаған. Сонау сұрапыл соғыс кезінде бір жайсыз сезімді басынан кешкен. О да осындай жат, ғаламаттай көрінген. Қуанның ротасына Даугава өзенінен сыбдыр-сыбыссыз түн жамылып өту тапсырылды. Арғы беттегі жотаға шабуыл жасап, басып алулары керек. Негізгі күш өзеннен өткенше стратегиялық маңызы бар биікті ұстап тұрулары қажет. Бұйрықтың аты бұйрық! Өзеннен аман өтіп, жотаға шабуыл кезінде екі взводтан айрылды. Бір взвод солдатын әр тұсқа ұтымды орналастырып, екі күн жаудың шабуылын тойтарып жатты.


Ақыры екі-үш адам ғана қалды. Тамақ әлдеқашан таусылған, өзек талып, көз қарауытты. Жан беру оңай ма, сонда да болса шыдап баққан... Қуан, әрине, сол кезде өзге қарулас достарының не ойлап қалғанын білмейді. Ал, өзі аштан өлем-ау деп қатты күйзелгені анық. Шіркін, тамаққа бір тойып оққа ұшсам не арман дей берген. Өлімге аштық та, тоқтық та бәрібір ғой. Әйтсе де еріксіз аш өлмесем деп ойлауынан бір танбады, қиналды. Иә, онда ол жас еді. Мүмкін сонан-шығар.


«Ендігі мынауым не? Қартайғанда жасықтық жасап, жанарыма жас алғаным қалай? Әкем мен шешемнен де айрылғанда бұзылмаған көңіліме не болды? Ел білсе ездікке саяр-ақ қылық. Қатын кетті деп қайғырардай «маған не көрінді...» Қуан ауыл алдында, әйелінен айрылғанына өкініп жүргенін әлі сездірген емес. Ақжарқын рай танытып, ішін ит тырнап жатса да өткел басында кездескен құрдас, құрбымен әзілдесіп қалатын. Үйге келсе малын жайғап, ыдыс-аяқты жуып, сонау солдаттық өмірден кейін тосырқап үлгерген тірлігіне ден қойған; әлдеқалай кіретін бірер адам: «Әйелсіз де қиын-ау. Жүдеп-жадап кетіпті демесін!» деп тыраштанатын. Кеше көрші ауылдағы қызы Раушан күйеуі екеуі қатынап бір күн жатып, кір-қоңын жуып берді. Өзге тірі жан аяқ басқан жоқ. «Қатын өлді — қамшының сабы сынды» — дейтін қазақпыз ғой. Үйлен деп маған ақыл айтпа», — деді арсың-гүрсіңдеу күйеу баласының әзіліне шытынай шық етіп, тегі о да ренжіп кетсе керек: сонан бері ләм-мим хабарсыз. Бір машина пішен түсіріп беретін уағадасын да ұмытқан сияқты. Өз намысын өзі қайрап Айжанды қанша ойламайын десе де, үздіге сағынып отырғанын ылғи да сезінеді. Міне енді тағы да: «...қайғырардай маған не көрінді», — дейді, әйтсе де арланып, алғашқы күндердегідей намыстанбайды. Көкірек түбі әлденеден бұра тартып сыздайды.


Шыбын-шіркейсіз тып-тыныш, қоңыр салқын түн де күндегідей көңілін сергітпей ұйқысын шайдай ашып жіберген сияқты. «Ең үлкен жаза — қою тыныштық па еді» — депті ғой бір революционер тұтқын тарыға, өмірден түңіле, қайдан естідім? А... Иә, Ленинградтағы Петропавл қамалында экскурсияда болғанда оқығанмын. Тек тұтқын есімі жадымда жоқ...» Ол майданға Ленинград түбінде түскен еді. Сонсын елеңдей айнала көз жүгіртіп, құлақ түрген — үрген ит, мөңіреген, не боздаған мал үні естілмеді. «Құттыаяқ болса қазір...» — деп ойлады. Онысы да бір өкініш — үріп, не еркелей қыңсылап төңірегімде жүрер еді, дегендей мәнсіз далбаса. Күпәйкесінің түймесін ағытқысы келді ме, қолымен қарманып қалған, сызды, дымқыл ылғалды сезіп саусақ ұшын тартып алды. «Шық түсейін депті-ау. Шамасы таң да жақын. Бұ не сандалыс, жатып тынығайын», — деді де, Қуан манадан бері ұмытқаны есіне енді түскендей үйге асыға бет алды.


* * *


Аспан бүгін жел қағып, су тиіп, күн ыстап бүрісіп-тырысып қалған көн терідей сұп-сұр. Сәскелікте басталған қара дауыл шағын ауыл үстін ақ шаңдақтатып жіберген; сол бір тышқан тері бозғылт кіреуке қоюлана түспесе, сейілер емес. Тек өзен бойы ғана ашық. Шағырмақ шуақты ертеңгісін, моп-момақан мөлдіреп, айнадай жарқырап жатқан дария. қарауыта толқып шығыс беттегі тік жарқабақты бұйра бас, жазық маңдайымен, күрп-күрп ышқына соғып тұр. Қозы құйрықтана дарияның ортасынан көтерілген ол жағаға жақындағанда қоңыр аюдай айбарланып, желке жүнін күдірейте, қорбаңдай кеп ұрып өтеді. Тік жарқабаққа тұмсық тіреген қара қайық ондайда бас білмейтін асау құнандай мөңкіп-мөңкіп кетеді. Қос қапталындағы сарғыш, ұзын екі ескекті қайықтың ортасына жинап қойып, ту сыртын беріп отырған сұр плащты ірі адам шашыраған су тамшысынан тыжырына бетін сипап, енді міне жасыл, жапырайған қалпағының сыртынан капюшонын киіп жатыр. Әне ол үлкен бір іс тындырғандай мойнын бұрып төңірегіне көз тастады, қымтана плащының етегін жиды. Сәлден соң әлгінде ғана өзі қаңтара байлап кеткен құмдауыт жағадағы арғы беттегі паромға бар денесімен ошарыла бұрылып қарады. Сонсын ақырын орнынан көтеріліп, қайықтың төңірегінде жағаны бойлай жиналып қалған сабын көпіршігіндей ақ көбікке жанарын ірікті: «жынын шашып құтырынған бурадайын қайтерсің, ә?» — деп ол өз теңеуіне дән разы боп eзу тартты.


Қайықтың ортасына орнатқан күрең діңгектей серейіп орнынан көтерілді. Жанқалтасынан шылым алып, қолы мен желмен су тамшысынан қалқалап тұтатып жатыр. Әне, сол сіріңке тұқылын өзенге тастап, шылым түтінін бұрқырата, желпініп қайта отырды. Буырқанған өзен де, ұйытқыған өкпек жел де бір сәтке ұмытылған тәрізді, селт етпейді. Сағат алтыдан асты ғой. Бұған осынша кешігіп не көрінді-ей?! Бүйткен жұмысың құрысын!.. Малдың желіні сыздап, әлі сауылмағанын білмей ме? Жә, «байым күтіп қалды-ау», — деп ойламай-ақ қойсын. Бишара малдың жазығы не? Үш-төрт күннен бері өстім айналшық жегендей жүріп алатынды тауыпты. Кеше де әбден жауратып, адамды діңкесін құртып жеткен. Ертеңді қара кеш неғылған бітпейтін ревизия, ә?..» Қуан өз-өзінен булыға ашуланып, қомпаңдай қозғалақтап қойды. — «Бәрі де өзімнен... Жұмысқа кірем дегеніне неменеге келісе салдым. «Балалар жөн-жөніне кетті. Екеумізге менің табысым да жетер. Шыбжыңдамай отыр, — десемші...» Бұл Қуанның қазіргі ойы. Әлі есінде әңгіме бағыты басқаша өрбіген. Қара күздің іші, дала сылбыр жауын еді. Айжан екеуінің азанғы дәмін алдарына алғаны сол: есік шалқасынан ашылып, кенже қызы Сәния кіріп келді. Үстінде етегі тылтиған шолақ пальтосы, аяғында резина қызыл етігі бар. Басында ақ түбіт орамал. Өңі жүдеу, ұялы қара көзі шүңірейіп кеткен. Толықша келген Айжан орнынан серпіле, ширақ көтеріліп:


— Боташым-ау, — деп қарсы ұмтылды.


Қуан кенжесі Сәнияны бөлекше көретін, жүрегі бүлк етіп, іштей қуанса да еркектігі ұстап сабыр сақтап, қозғалмады. Мұндайда адам ойына сан қилы нәрсе оралып, тосын жүрістің секемдендіріп те тастайтыны бар емес пе?! «Күйеу балам ренжітпесе игі еді», — дегендей де ой санасында жылт берген еді.


— Сәнияш, жайша ма? Бері келе ғой, жаным, — деді барынша жылы қабақ танытып. Күйеу бала үш шақырым жердегі «Тасқайраң» совхозында агроном болатын. Өзі бір діні жуас, момын жан. Қуан ойлағандай кейбір осы ауылдың тарпаң мінезді, шәлкем-шалыс жігіттерінің қатарынан емес-ті. Москвадағы Тимирязев атындағы ауылшаруашылық Академиясын бітіріп, кәрі әке-шешелерінің ықпалымен ауылға оралған.


Жалпы мектептен әрі оқымаған қыздарының күйеулері оңды: іргелес ауылда совхоз директоры, мектепте мұғалім. Тек ортаншысы Раушанның жолдасы ғана тракторшы, ептеп ішкенді тәуір көретін. Әйтсе де о да шаруасына мығым. Бұдан бір жұма бұрын: «машина алам, көрімдігіңіз деп қабылдайын қаржы бер», — деп келді. «Әй, мына енеңді асырап бақсам да аз емес. Аулақ жүр», — деген де, анау одыраңдай тұрып: «Осы малды жинап-жинап ертең о дүниеге бірге әкетесіз бе? Артығын сатып біздей балаларыңыздың болашағына септеспейсіз бе? Кім аштан өліп, көштен қалып жатыр. Мен сол машинаның қызығын жалғыз көреді деймісіз. Апам екеуіңді салып алып қыдыртпаймын ба? Өрісіңіздің кеңігенін танытпаймын ба?» — демесі бар ма?! Қуан күйеу баласының көңілінің бөтен еместігін, айтуы орындылығын сезсе де, анау бір үніндегі мен-мендік, өкіреңдік ит жынын құрыстырған да қатты сөзге келіскен. Көрместей боп ол кетті, «жоғал» — деп шиыршық атып бұл қалды...


— Папа, мен көп отырмаймын. Мама, сен мазаланбашы, — деді Сәния пальтосын есік қайрылысындағы шегеге іліп жатқан шешесіне жаутаңдап. Тоңған қолын уқалай, әкесінің қасына кеп тізе бүкті. Үстінде көкшіл, кең етек көйлек, қызыл тоқыма жемпір. Аяғында жылы шұлық, оның сыртынан түйежүн носки киіпті. Айжанның тоқып бергені екенін Қуан таныды. — Нариман жұмысқа кетісімен, сіздермен ақылдасқалы шықтым. Ол білмейді... Еш ренішіміз жоқ. Өзім. Мен өзім... тек... ақылдасайын деп...


— Иә? — деп Айжан самаурын түбіне жайғаса сала, шыны-аяққа түйе сүтін қатқан қалампыр түсті шәйді асыға құя бастады. Жүзі бал-бұл жана қызынан көзін алмайды. Қуан қабағын кере:


— Айта ғой, Сәнияш, — деді.


Сәния асықпай ақ түбіт орамалын мойнына салды. Алдындағы наннан үзіп дәм татты да:


— Папа, Нариманды бір таныс профессор Москваға шақырыпты. Аспирантураға өттің депті. Енем де, атам да барыңдар дейді. Ал, біздің жол қаржымыз мардымсыз. Не істерімізді білмейміз. Мен, әрине, барысымен уборщица болсам да жұмыс істеймін ғой. Нариман сонда институттің біріне түсіп, сен де оқисың дейді. О да, мен де оқысам қайтып күн көреміз? — деді аптығып.


— Жоқ, сен онан бас тартпа, қызым. Оқы...


Айжан шын қуанып кеткенін жасыра алмай, арадан киіп кетті. Терши түскен маңдайын, мұрнының үстін тізесінде жатқан орамалмен сүртіп те қойды.


— Наримандікі жөн. Алғашында біз қарайласып бағармыз, сосын үйреніп аласыздар ғой, — деп Айжан Қуанның жауабын тоспай билікті еркін өз қолына ұстады.


— Мына, бір тиын қара бақыр таппайтын шешен ақша жіберер. Ал, менің қазір оған шамам жоқ, — деді Қуан қитыға қалып.


Табиғатында жуас, кешірімшіл, көнбіс Айжан шақ етіп бетімнен алар-ау деп Қуан ойламаған еді. Ол қандай ананың да өзегін жарып шыққан баласына келгенде өлімнен де ықпайтынын, бойына бөлекше бір ерен күш бітерін білмейтін; аңсыз ұрынды:


— Әй, саған тиіп не рақат көрдім, ә? Екі қолға бір күрек табылмайды деймісің? Табыс таппасам, мынау моладай үйіңнен көміліп шыға алмай келдім ғой. Ана жолы да «енеңді» асырап алсам да жетер» дедің. Осы не сөзің? Мен не саған малмын ба? Малыңмен құры қазір, арғы бетке барып жұмысқа кірем, — деп Айжан атып тұрды.


Қуан әйелінің бұл мінезіне де мән бермеді. «Мама, оның не? Қойшы енді» — деген Сәнияның жалынышты үніне басылмады. «Әкең бермесе мен табам. Қарыз алам. Жолдарыңнан қалмаңдар. Мен тірі тұрғанда аш болмайсыңдар, тарықпайсыңдар», — деп қызын киіндіріп шығарып салып, ауданға кетіп отырды.


Бұған да Қуан селт етпеді. Жүріп-жүріп қайтып келер деген, Айжан екіндіге талас бір-ақ оралды. Дүкеншілікке орналасыпты. Бұрынғы дүкенші үйі қалаға көшіп, жұмыстан босанғанына екі-үш күн болып, кісі таба алмай қиналып жатқанда тура үстінен шығыпты. Міне, сонан бері екі жыл өтіп барады.


«Апыр-ай, мынаның кешігуі ұзады-ау, ә?» — деп Қуан шыдамсыздана, орнынан сүлесоқтана ауыр көтерілді. Аяғы ұйып, суық желден жауырыны құрыстап бойын жиғызбай сыздап кетті. Қайыққа, жарға соғылып толқын әжептәуір киімін дымқылдап тастағанын да енді аңдады, «жаңбыр жауып тұрмасын» — деп ол еріксіз аспанға қарап та қойды. Қою қара қошқыл бұлт сіресе төніп келеді. Ауада жауын иісі, бір салқындық сезіледі. «Мынау бастап нөсерлетер болса ұзаққа сілтер. Ақыры кешікті ғой, тәуекел өзім... «Неғып жүрсің? Мені аңдудан саумысың?» — десе ше? «Е, сені аңдып жынды деймісің?»


Жоқ... Олай десем, тіпті ерегесіп кетер. «Ұзақ кешіккенсін, әрі күте-күте қалжырағасын алдыңнан шығайын дедім» — дегенім лазым. Құдайдың құдыреті соңғы күндері шашына әтір жағып, сыланып-сипануы көп. Облыстың уәкілі, ревизор жігітпен «кет әрі» емес деп те ел сыпсыңдайды. Қартайғанда алжасайын деді ме? Онысы рас па? О да мүмкін-ау. Қырықтың үстіне жаңа ілінді. Қит етсе: «Сенімен не қызық көрдім» дейтінді тауыпты. Сол да жай айтылмаса ше?..»


Қуан жүрегі алабұрта енді асығып қалды. Манадан бадалып қайық үстінде отырғанына да ызалы. Тізелігінен айрылған оң аяғын сүйрете басып, тіп-тік жарға қиялай көтеріле берді. Екі иінінен демалып, әрең шығып икемге келмейтін жаралы аяғының ұшымен топырақты күрей тастап жөнелді. Асыққанда тыпырлап, жүрісі өнбей қоятын. Қазір де сол бірде шұқыр-шұқанаққа аяғын тығып алып, енді бірде жөргемнің шодырайған түбіріне сүрініп кетіп омақаса құлай жаздап, өзінен-өзі күйіп-пісіп әлек. Әлгінде ақтандақтана жосылып жатқан айдау жолға түспей, уақыттан ұтайын деп төтелеу сүрлеу соқпақпен тура тартқан еді. Әне, ағараңдап алдан бір жапырақ нәрсе көрінді; жақындағанда ғана тентек жел қуып әкеп тастаған газет қиындысы екенін ажыратты. Аттап өтсе де пәлендей кесірі жоқ сарғыш жырым-жырым қағаз ғой. Түлен түртті ме, мынау ақшамға талас буалдыр шақта әлгінің үстінен басып, таптап кеткісі келді де тұрды. Икемсіз оң аяғының өкшесіне бар салмағын сала, мыжғылай жерге сіңіре түспек болғанда тіреу таппай табаны сырғып, қаңғалақтай қолымен ауа қармана беріп дүрс етіп шалқасынан құлады. Іші, ішек-бауыры солқылдап, шонданайы ауырып барады. Жер таяна екі ұмтылып, әзер тұрып жатыр.


Үсті-басын қағып, орнынан көтерілген Қуан әлденеге таңдана іркіліп, жан-жағына көз тастады. «Не болды? Мұнысы несі?» — дейтін тәрізді жалтақтап. Бір нәрсесін жоғалтып, қай жерде ұмыт қалдырғанын есіне түсіре алмай дал. «Иә, — деді ол өзімен-өзі сөйлескендей күбірлеп. — Әлдекім көзін тауып бекіткендей есірік жел басылыпты-ау. Жаңа ғана ішін тартып, сұмдықтай құтырынып тұр еді. Жынын алдырғандай жым болыпты. Е, енді қандай мінез танытпақ-ей? Құдай біледі мынауы тегін емес. Бесқонақ деген де табиғаттың еркетотайы ғой. Тентектігі де аз емес. Қатын мінезі тақылеттес пе, қалай?! Аңысын-аңдып, бағдарлап көрші... Алла-ау, аумайды-ау, аумайды. Ындыны жуас деп жүрген Айжанымның бір өзі жыл он екі айда мінезінен сыр бермеген күні кәне? О да нағыз бесқонақ. «Әй, жұмысыңды қой», — дегенімде өткен аптада, қалай-қалай шаптықты, ә? Қанын ішіңе тарта сұп-сұр боп қалып, бүйірін таяна, пісте мұрнының жұқа желбезегі желбірей атжалман тышқандай шақылдағанда үйден атып шығып, кешке дейін жылы ұямнан безіндім емес пе? Бәтшағардың мінезі-ай, сәт арасында сұрлана тұрып — күліп, күліп тұрып — жылағанда жаныңнан түңіледі-ақ екенсің де, ал мынау бесқонақтың қылығы...»


Қол созым жердегі ауыл шетінде сәл іркіліп қалған Қуанның ойын бетіне тамып кеткен жауынның ірі, алғашқы тамшысы бөліп жіберді. Бөліп қана жіберген жоқ, көбік ауыз біреудің ұзақ мылжыңның арасында түкірігі шашырап кеткендей мосқал адам әлгі тамшыдан жирене тыжырынып қалғаны хақ. «Міне, айтам ба бесқонақ жылауға бейімдігін сездірді. Таңға дейін егілетін-ақ түрі бар-ау, ә?! Иә, сөйтер-сөйтер. Қой жаңағы дүкені құрымағырға жетіп алайын...» Қуан ауылға кеп кірді.


Көшені бойлай, икемсіз оң аяғын көтере ілгері тастап, сілтеп келеді. Әр үйдің қақпа астынан безектей үріп, кейде қапталдаса шауып шәуілдескен әр қилы иттеріне Қуан селт етіп, тілерсегімнен қабар-ау деп шіміркенбеді. Дызақтай шабалақтап кеп, мойнын бұрса, тырағалай қашып, безіне жөнелер ауыл итінің сыры бір өзіне мәлім жандай бейқам. Көшеде кісі аяғы да сирепті. Ауыл жігіттері «көк қасқа» атап кеткен бір-екі жүк машинасы бос тақтай қорабы салдырлап қасынан өтіп кеткен, төңірек қайта жым-жырт болды. Жауын манадан бері майсыз, құп-құрғақ, ыстық қазанға тасталған бидай түйіріндей бытыр-бытыр етіп тұрған; ауылдың ортасындағы шағын алаңқайдағы, жасыл сырлы, жарма есікті дүкенге Қуан жақындағанда ақтозаңдана төгіп берді. Дүкен алдындағы екі бағанның біреуінің ғана шамы аман екен. Әлгі алыстан жымыңдай, телпектей темір қалқасының астынан жарығы мол сияқты шалынған, жақындап келгенде мол жауыннан буалдырланып зәрсіз көрінді. Қуан соның астына аялдап, өрекпи түскен жүрегін басып тұр.


«Есікті тарс бекітіп алыпты. Сағаттың алтыдан баяғыда асып, тіпті онға таялғанын да сезбейді-ау деймін». Жоғарғы жағы доғалана келіп қабысқан жап-жасыл, биік есіктің ол түнде қап-қара боп айбарлы, көзге түрпідей көрінетінін де енді ғана байқады. Күндіз тақтайлары қаңсып, қиюы қашқаны білінбейтін; мынадай түнде әр жерінен іштегі мол жарық алтын шарық жіптей ұзына бойына созыла шалынады. «Неменеге есікті бекітіп тастаған? Кәззәптер қыз ойнақ жасап жатпасын»... Қуан әйелінің осынша кешігу себебінің мәнін сұмдық бір іске жорып, табан астында бұлан-талан боп жүре берді. Қаны басына теуіп, өзі ойлағандай келеңсіз жағдайда Айжанды ұстаса, не істемектігін білмей дағдара сәл іркілді де, есікті дүсірлете тоқпақтай жұдырығымен ұрғылай жөнелді. Ар жағынан әлдекімдердің күбірлеп, біреудің аяғындағы шарығын ба, жоқ әлде ботинкасын ба сырп-сырп сүйрете басып есікке таялғаны сезілді:


— Бұ қайсың-ей? Дүкен жабық, есеп жүріп жатыр демедік пе? — деді әйел дауыс. Қуан оның рабкооптың бас бухгалтері Майра екенін шақпа үнінен таныса да дыбыстамай үнсіз соғып тұр.


Майраның күйеуі бес жыл бұрын, кеңседе жұмыс істеп отырып, жүрегінің қысылмасынан жүріп кеткен. Артында бес баласымен әйелі еңіреп қалды. Мынау соның әйелі — Майра, тығыршықтай қара торы, қыр мұрынды келісті жан. Ұялы қой көзін төңкере тастап, ылғи да кісіге қалың қасын кере жаңа көргендей таңдана қарайтын. Әйтсе де мінезі ауыр, жігіттердің «жеңеше» — деп өзімсіне қалжыңдағанын көтермей шырт етіп, ашулана ыршып түседі...


— Үндемейді ғой. Керең біреу-ау деймін!..


— Неғып тұрсың, ашсайшы. — Бұл енді әрине Айжан.


Есіктің іштегі ілгешегі салдыр-гүлдір алынып, шалқайта ашылған Қуан алшаңдай, үстінен жауын суы сорғалай өңкиіп кіріп келді. Табалдырықты аттасымен қалпағының сыртынан киген капюшонын кейін қарай серпіп жіберді.


Кең бөлменің төбесінде, екі жерде үш шамдық люстра жарқырай жанып тұр. Әлгі мол сәуле Қуанның ілкіде көзін ұялтып тастағандай да еді; сәлден соң оған да үйреніп жанарын төрді жағалата жасалған сөреге, оның үстіндегі бөлек-бөлек буулы, түюлі жатқан әр түрлі заттарға жүгіртіп алды. Беріде, ортаға жақын шағын стол орын теуіпті. Айналасындағы төрт орындықтың біреуі ғана бос. Ол жаңа ғана есік ашқалы тұрып кеткен Майраның орны сияқты. Бітік көз, құс тұмсық сары жігіт пен қарасұр, мұртты, мосқал адамның ортасында Айжан отыр. Алдарында жартылай ішілген коньяк, туралған қазы-қарта, құтыға салынған май, қант, тауық еті, нан, қызыл-ала кеселерге құйылған шай буы бұрқырап көз жауын алады. Қуанды көріп кеңсіріктігі батыңқы, картоп мұрынның жаялық аузы жайыла ырсиып орнынан көгерілді. Манадан қозы қарны стол кенересіне тіреліп аңдалмаған, қазір еркіндікке шығып, қайыс сары белбеудің үстінен жұмсақ құс жастықтай томпая салбырай қалды. Қоңыр галстук таққан кірлеу ақ көйлегінің бір жағасы жайылған көк кептердің қанатындай сұр костюмының астынан шығып жатыр. Бойы да бәкене екен. Қуанды көптен кездестіре алмай, жаңа тапқанына қуанғандай:


— Оу, өзіміздің өткелші Қуекең ғой. Төрлетіңіз... Түстен бері нәр сызбай өзегіміз талып, шек-қарынымыз шұрқырағансын талғажауға кірісіп едік, — деді қырылдақ үні тарыдай бытырлап.


Өткелшінің сұқты көзі өзіне бөлекше қадалғанынан қаймықты ма, әлде жасы үлкен әріптесінің бейтаныс жанға жылы шырай танытып қалбалақтағанда өзінің үнсіз, елемей қойғанын әбестік көрді ме — сары жігіт те созалаңдай көтеріліп, ерін емеурінін білдірді. Өзі ұзын бойлы, таралғыдай тартылған жігіт екен. Сарғыш шашын сол жағына, бір шекесінен айыра жылмита тараған. Қара костюмінің өңір ілгектері ағытулы. Астынан қызғылт көйлек киген, ақшыл жолақ галстук таққан. Айжан ғана орнынан тапжылмай отыр. Үстінде қызыл жемпір, астынан ақ, тік жаға кофта киген, қос құлағындағы ай қасты сырғалар шам сәулесінен жылт етіп қап жымыңдайды. Кеше де аузынан коньяк иісі сезіліп келген. «Е, онда да ішкенің осы ма еді» — деп ойлады Қуан. Мынау жайсыз, тылсым тыныштықты бұзған Майра болды.


— Қуеке, асқа келіңіз. Бұ не тұрыс, белқұлы бізді бір ұрлық үстінде ұстағандай, — деді ол өзімсіне қолтығынан алып. — Плащыңды мына заттардың үстіне таста. Дүкенде, көріп тұрсың, ілгіш жоқ.


Тарамыстай ширатыла тартылған жүрек түкпіріндегі беймәлім қыл оқыс үн қатса үзіліп жүре берердей Қуан қинала тартыншақтанып, орнынан қозғала қоймады. Майра анау Айжандай шашын жылмита тарап, желкесіне тостағандай ғып түйіп тастамапты; жуан бір бұрым етіп өріпті де, маңдай шашын, самайлығын сәл бұйралатып алыпты. Жағымды иіс майдың жұпары Қуанның ит жынын онан әрі құрыстырып, кең төсінде тербелген жегім бұрымы қытығына тиіп: «Бұ да жеңілтек пе еді?» — дегендей секемдік сездіріп барады.


— Уа, бедірейіп саған не болды? — деді Майра қолын Қуанның қолтығынан әнтек суырып алып. Сонсын еш себепсіз үстіндегі қынама бел, мол етекті, қайырма жаға, жылы, тоқыма, көк көйлегінің өңіріндегі қызыл күрең жақұт тасты түйреуішін біреу қисайтып жібергенін жаңа байқағандай түзете бастады.


— Айжан, саған келдім. Қайталық, — деді Қуан.


Әйтседе өз үнін өзі естімеді: құлағы күңгірлеп, ерні сәл ашылып, әлдене сусыл шыққаны кәміл. «Ол не? Естідіңдер ме? Не дедім? Төртеуің бір-бірлеріңе көз жүгіртіп өттіңдер, ұқпадыңдар ма? Қайыра айтсам ба?» Қатты тістеніп қалғаннан ба, Қуан жағы қарысып, аузын аша алмайтындай өзіне жұмбақ дәрменсіз бір күй кешіп тұр.


Көзі ғана сол әлі Айжанда. Жанары буалдырлана, жүзі қызыл күреңіте отырған әйелінің жұмыр, салыңқы иығы бүлк етіп көтеріле берді. Тоқыма қызыл жемпір мен ақ кофтаның астындағы тоқ, жоталы кеудесі іркілдеп, дағдысынша мықынын қолымен сипай оң жағындағы жігітке бұрылды. Сары жігіт серпіле кейін ығысып жол берген. Айжан жарқ еткізе маржан тістерін көрсете езу тартып алдынан қымсына өтті. Қуан келгенге дейін уағдаласып қойғандай лям-мим тілдеспестен тез жиналып, шам сөндірер сәтте:


— Қайсеке, ертең тоғыздан кіріселік. Кешікпегейсіздер, — деді Айжан қылықты, назды да үн қатып.


— Қайсар, сөздің емес, істің адамы ғой. — Майра жөн-жосықсыз мына сөзінің соңын күлкіге айналдыра сықылықтап тынды.


— Майраш, байқа... Әзіл ойыныңнан от шығып кетіп жүрмесін, — деп Қайсар аталған мосқал адам мұртының жебесін ширата күлімдеп, шолақ көкшіл плащының су қағарын қоңыр қалпағының сыртынан киді. Қуан оның көз қиығын өзіне ұрлана, ымдай тастағанын байқаған жоқ.


Дүкенге кірісімен аялдаған жерінен Қуан қарыс қадам аттамаған еді. Сары жігіт бітік көзі жұмыла күлімдеп, жұқа ақ плащының жағасын сәндене көтеріп, оны айналып өтіп есікке беттеген, оған Қайсар ілесе берді. Майра судырлаған қара-көк плащын киіп, үн-түнсіз қызыл-күрең туфлиін шешіп тастады да, резин етігіне аяғын сұқты. Қуанға қатты көңілі қалған жандай сұрлана қасына таяп:


— Бүлінгеннен аманбыз. Жаман ойдан аулақ жүр, — деді де кете барды.


Бесқонақтың қара жауыны әлі басылмапты; ұп-ұсақ жаңбыр тамшысы сытыр-сытыр себелей ұрады. Баған басындағы жетім шамның үстіндегі қалқан темірдің екі жағынан сыздықтай су ағып тұр. «Желсіз тынық түнде мына жауын таңға шекті толастамас», — деп ойлады Қуан.


Айжан сүлесоқтана, енжар жүр. Үнсіз. Жасыл сырлы үлкен жарма есікті ол қиюластыра жауып, төрт адамның қолы қойылған сиырдың тіліндей ақ қағазды жұдырықтай қара құлыптың үстіне жапсырды да, анадай жерде, Қуаннан оқшау Майраны ортаға алып тұрған екі еркекке бұрылып:


— Ал, көріскенше сау болыңдар! — деді.


«Бүлінгеннен аманбыз. Жаман ойдан аулақ жүр» — деген Майраның зілдей, сенімді үні ілкіде Қуан көңіліне түрпідей тисе де, қазір кәдімгідей желпінтіп, тоғайтып барады. Секемдік те сейілген. Бейқам ой үстінде: «Қайсар деді-aу... Қайсар, ә? Тоқта... Ол қай Қайсар? Мен білетін Қайсар «Тамырлыда» дүкенші еді. Қазына мүлкіне суық қолы тиіп, төрт жылға сотталған-ды. Қайтып келді ме? Иә, оған да талай жыл болды. О кезде тұңғышымнан өзге балам мектепке оқуға да бармаған». Қуан уақыт есебін кейінгі күндері қыздарының жас шамасына қарай бағдарлайтын бір әдет тапқан; сонысына бағып тұрғанын сезген жоқ. «Ал, онан бері кенжем — Сәнияштың өзі оқуын тауысты...»


— Әй, қайтпаймыз ба?!


Айжанның қатқыл, жәйсіз, жат үні Қуанның бір түрлі төбе құйқасын шымырлата, әрі-сәрі ойын бөліп жіберді. Сарғыш, жұқа плащ, қара резин етік киіп, жалаңбас, шатыр ұстап, өзіне қадала төменнен жоғары қарап қалған мынау әйелін бөтен жандай тосырқай селт етті. Қас қағым сәтте ренжіп, қуанып, секемденіп, қайта жатсынып үлгерген Қуан көңілі тағы да жүдеп жүре берді: «Жә, ұшынба... Құлағын жымырып атылғалы дайындалған түз бөрісіндей неге ытырынасың? Алдыңдағы асыңды арамдадым ба, не жаздым? Білем... Ел көзінше сенімсіздік танытып қорладың дейтін шығарсың. Бесқонақтың қарасуық жел өтінде сені күтіп, үш-төрт сағат мөлиуім аз болды ма? Сенің осы қылығың жөн бе? Екі еркектің ортасында, ішкенің — коньяк, жегенің — жылы-жұмсақ, қанға тойған қандаладай быртиып отырысың анау... Байың келгенде де айылыңды жимайсың. Ел сөзі бекер еместігін құптағаның ба? Ошағыңның абыройын ойламаймысың? Қырықтың бесеуіне сен де келдің, жаспын деймісің?» — деп ойласа да Қуан тіс жарып, бір ауыз ащылы сөзге келмеді. Әйелінің алдына түсіп, оң аяғын сүйрете басып, өзенге қарай тарта жөнелді.


Ауыл көшесі қара көлеңке. Төңірек тым-тырыс. Ауа қапырық, дымқыл, сыз иістеніп тұр. Ауылдан шыққанда ғана байқады, жер мидай езіліп кетіпті. Ілгepi басқан аяғы кері тартып, тайғақтап келеді. Қайырылып артына да қарамады. Айжанның қатты жүрістен ентіксе де қалмай, ілесуге тырысып, жиі тыныстағанын құлағы шалды.


Тік жарқабақтап түсер тұста көңіліне аяушылық кіріп, қайырылып, әйеліне қолұшын берді. Айжан бұл жолы керги қоймады; онысы да бекер болмапты. Екі-үш мәрте сырғанай домаланып кете жаздаған. Қуанның күсті, қарулы қолы демеп, енді бірде құшақтап ұстап үлгерді. Қою қара шашы танау тұсына кеп, әтірден бетер көктем жауынының иісіндей жұпары бұрқ ете қап, Қуан жүрегі лүпіл қақты. Жаңағы бір өкпе наз да ұмытылып, жүдеу көңілі ерке-тотайлық тауып, сәбидей лып еткізе әйелін жеңіл көтеріп алды.


— Ей, жындандың ба? — деді Айжан наздана, шатырсыз сол қолымен күйеуінің мойнынан құшақтап.


Қуан көтергені аса нәзік бір заттай, үлкен ептілікпен аяғын әр жерден дақ-дақ басып, жардан тістене ақырын түсті де, қайыққа мінгізді; сонсын жағадағы қазықтан шынжыр бауын шешті. Айжан қайықтың ортасындағы белдемше-орындыққа жайғасқаннан кейін ғана ол ескекті қолға алды.


Өзен беті мың сан шабақ ойнағандай жаңбырдан жыбырлап жатыр. Қуан үн-түнсіз ескекті шірене тартып, құлаштай тастап есіп келеді. Көңілі қайта жайланғансын Қайсардың манағы: «Өткелші Қуеке» деген қыршаңқы, көлеңкелі сөзін еске алды. «Иә, бұл сол Қайсар болды. Ол мені білетіні ақиқат... Әлі есімде, онда да бесқонақтың кезі еді. Түн ортасына жуық келіп, біреулер тереземді қақты. Ашсам. Осы Қайсар. Қасында екі адам қосшысы бар. Бір машина пішенімізді арғы бетке өткізіп бер дейді. Таң атсын десем көнбейді. Мынау толқынды, ызғырған желді түнде қауіпті десе де қадалып қалмайды. Қуан ұрлық шөп екенін сонда сезсе де білмегенсін сіресті. Ақыры қоймағансын «Он сом берсең — тәуекел» — деген еді бұл. Қойшы, Қайсар сонысына көнді. Ұмытпапты-ау, пәтшағар», — деп ойлады. Аурудан да әдет жаман. Аузы күйсе де қайтпай, тағы да саудаға араласқанын қара...»


Өзеннен өтіп үйге жеткенше де Қуан әйеліне тіл қатпады. Үн-түнсіз есікті ашты, шам жақты. Екеуі жүрек жалғап ас ішті. Аяқ-табақ жиналып, төсек салынар сәтте Қуан, айна алдында шашын тарқатып жіберіп сәл іркіліп қалған Айжанның іш-көйлекпен тұрғанын көзі шалып, еріксіз сүйіне елітіп кетіп ту сыртынан аймалай берген:


— Әрі жүрші... Бүгінгің де бір басыма жетерлік. Қорлауың аз еді, болды енді, — деді тыжырынып, сытыла шығып.


«Мынау менен тіпті жирене ме, қайтеді? Бөтен біреуге бауыр басып қалыпты ғой», — деп Қуан ышқынып кетіп:


— Оу, сен өзі нетіп былай... — дей берген. Айжан өршелене шақ етіп:


— Не ойласаң — сол ал, неғыласың маған! — деді. Қызыл-күреңіткен жүзі сұрлана қуарып, көк аязданып тұр.


Шапалақ жағынан шарт етті. Айжан мұндай оқыс қимылды күйеуінен күтпеді ме, мойын омыртқасы үзіліп кеткендей жұмырықтай басы кекжеңдеп шалқалай түсіп, бойын әзер жиып үлгерді. Әйтсе де, бұрынғыдай тепсіне шаптығып, не шаж-бұж жылап-сықтамады; бұл екі күйде де әйел затының кешірімшіл кеңдігі, арты қайырлы сезілетін де, жүйкесі құрымағырды жүдетпейтін. Тіпті бір ғажабы қатынның сол көз жасының өзінде байына айта алмай жүрген, ішқұста назындай еркелік тәрізді сыр аңдайтын ғой. Әйел егіл-тегіл жылап, солығы басылғансын еркек байғұс райынан қайтып, — түн ортасы ауа мейірі түсіп қамқорлай бауырына тартқанда жетім көңіл кері теппес еді; әлігінде ғана араға бір суықтық кіріп, не әзәзіл қара мысық жүгіріп өткендей, талай жыл алшақтатып, іңкәр күй кештіріп барып табыстырғандай ләззәтті шақты Қуан осы өмірінде неше мәрте кезіктірмеді дейсіз. О да орны толмас дәурен екен де.


Ертесіне шай үстінде, сары самаурын түбінде қызыл шырайлы жүзі бал-бұл жанып, түндегі оңашалық сезімнен келіншегі сәл-пәл қысылыс тауып, зәбірлі жанары бұ күнде тояттық тапқанын таныта бақытты боталап отырар еді: сол кездегі болмашы ұяңдықтың өзі жігіттің еңсегей көңілін көтеріп-ақ тастайтынын қай еркек сезінбеген, білмеген дейсіз. О да бір көктемнің алғашқы күндері тыныс тарылтып, жайсыз соғар қапырығынан кейінгі бесқонақтың қоңыр самал кірісі іспетті ме, қалай?!


Өмірдің де тегінде бесқонағы бар. Ала-бұлттанып кеп, дауылға айналып, селдете өтуші еді. Қазірге шекті Қуанның басынан кешкені соның бір беташары десек, дауылы алда болмасына кім кепіл. Адам күтпеген, ойламаған тірлігінің тосын мінезіне қашан да қарсы тұруға дәрменсіз. Табиғатында Айжан ақкөңіл, күлегеш тұғын. Ауылдастары қалжыңдасып, тілдесе қалса — жазира қыздың жанарынан шуақ теріп, желпінісіп, сергіп сала беретін; сондайда Қуан осы қыздың бір ерекше тартымдылығын сезінетін де тұратын. Әлдеқалай құрдас-құрбылары: «Ақжан саған несімен ұнады?» — деп сұраса, ол әрине тап басып айта алмағы кәміл; әйтеуір оның бір білері адам біткеннің тал бойында бөлекше көзге түсіп, көңіл қуантар қасиеттің болатыны; бірі езу тарта күлгенімен, енді бірі үнімен, не өзі ұнатар кісіні көргенде жарқ ете қалар жанарымен, жүріс-тұрысымен әдемі.


— Оу, шалым-ау, қабағың түсіп кетіпті ғой. Өзен бойынан су перісінің бірін кезіктіріп, қолың жетпей пұшайман боп келуден аманбысың, — деп, Айжан езу тартып, үстіндегі қызыл ала көйлегінің етегі, сәл бұйраланған самай шашы желбірей қақпа алдынан қарсы ұшырасқанда салығып шаршағанын ұмытып сала беретін еді-ау.


Сол Айжан қайда?!


«Мына бір қанын ішіне тартып, сұп-сұр боп тұрған кім? Пісте мұрынның жұп-жұқа көбелек қанатындай желбезегі желбіреуі бөтен ғой. Ұялы бота көздің зәрлене, айналасы ақ бәтестей қуарып барады. Жанары маңдайға кезелген сұр мылтықтың үңірейген аузындай суық, санаулы сәтте қарашығы атылып кеп қадалардай неткен ызғарлы еді. «Талай жыл бір көрпенің астынан өріп, жарты құртты жарып жеп жүрсе де қатыны қаһарланғанда танымай қалатынын, өң мен түстей күй кешетінін Қуан бүгінге шекті басынан кешпеген. Әйел көңіліне желік кірсе, әлдекіммен әуейіленсе тірек тапқаны, «сенің базарың тарқап», қызығың таусылғаны. Қатын ол кезде шыбық тимес — шыңқ етер, қамыс тимес — қаңқ етер» кінәмшіл, жаңа, бойына біткен жас сезімнің құлы. Сен жеке басына — ти, «итсің, доңызсың» де, ол мізбақпайды: ал әлгі бір кеш жеткен, күтпеген — құдайдан өзгеден жасырып, жүрек түбінде аялаған тәтті сезіміне тидің бе — жақсылық күтпе: өз басына төнген қауіпті де елемей, жолбарыстай жыртқыш аңның улы тырнағынан шырқырай кеп нәрестесін қорғаған ана іспетті ессіз күш табады. Ғасырлар бойы еркек кіндік атаулы мұндай сезіміңді білген де, түсінген де: әйтсе де өз бастарына сондай ауруды тілеген де, күткен де жоқ. Ұшыраса қалса, санаға салып ақылға жеңдірейінші, елемейінші, аңысын аңдайыншы деп бірде-бірі ойлаған емес. «Аурудың алдын аламын, тамырымен жоямын, — дегендері онан әрі асқындырып, ұшындырып бақты. Махаббат — қарсылықты көтермейді, қайта өршиді.


Қуан да осы қазір сондай көптің кебін киіп тұр. «О, оңбаған! Ашу үсті жағынан бір тартқаныма бола бедірейіп, қаны қаша сұрлануын қарашы. Әй, мынау кісі өлтіруден тайынбас?! Талай итше тепкілеп сабағанымда бүйтпейтін. Бұған бір қара албасты жабысқан шығар. «Тағы да ұр, өлтір! Қыңқ етіп дыбыс беріп, бас сауғаласам не дейсің!» — дейтіндей бетбағын қайтерсің. Өлермендене ытырынып тайсақтамауын, етінен ет кесіп алсаң да найсап көзіне жас үйірмес», — деп Қуан шошына ығыстап, жалт бұрылып төргі бөлмеге кіріп кетті. Сонан ол таңға дейін кірпік ілмей шылым шегіп жатып, терезе шынысы ақ айрандана көзі ілініп жүре берді.


Сәскелік оянғанда Айжан үйде жоқ еді.


* * *


Ұзақ күн бойы сіркіреп, бір толас таппаған ақ жауым бесінде етек-жеңін жиып алған, енді міне жер мол дымқылдан қара-күреңдене бусанып жатыр. Ертеңгісін дүкеніне келін есеп-қисапқа кіріскен Айжан тыным-тыныштық таппай, шаң басқан ескі киім-кешектерді аудара отырып бір мігірі болмаған: түскі де, кешкі де тағам жайын Майра ойлап, бұл алдына қойған асты да құлықсыздау ішіп, тексерілген заттарды реттеумен жүрді. Сонан дүкенін жауып далаға шыққаны осы. Қапырық үйден кейін қоңыр салқын көше тынысын кеңітіп, бір түрлі сергітіп жіберді. Ақтаңдақ, сұрғылт қақыралардың түсі оңып, capғыштанып, төртбұрышты шағын терезелері жуылып көз қуанта жылт-жылт етеді. Осы екі-үш күннің бедерінде бастары қосылған үш адамнан өз жанына тартып, бауырмалдық, ыстық ілтипат сезіндіргені мынау бітік көз, сары жігіт. Қайсар да, Майра да бөтен көрінбейді-ақ: әйтсе де Саламат елгезек, тіптен қамқор. Міне, дүкеннің есігін қаттап, бекітіп те тастады. Енді қайту жөн... Қоңыр салқын, мақпалдай жұмсақ түн. Ол басын көтеріп аспанға қарады. Екі еркекпен Майраның құрық тастам жерде иіріліп, өзін күтіп қалғандарын мүлде ұмытқандай бейқам, әлденеден жүрегі өрекпи лүпілдеп терең күрсінді.


— Әй, Айжан, қайтпаймыз ба?


Бұл Майра үні. «Неге асығады? Үйінде күйеуі күтіп қалғандай жанығады да жүреді. Барысымен бүк түсім ұйықтағаннан бөтен не бітірем дейді сонша. Кеше Қайсар ептеп тамырын басып көрген, маңына жуытпапты. Дүкеннен шығар тұста Майра «кет әрі» еместігін сездіріп әулекілене Қайсармен де, Саламатпен де сүйісті. Мұндайда еркек атаулының емексіп, дәмеленетіні ақиқат. Қайсармен оңаша кетті. Былай шыға жалт беріп, қасына маңытпапты. Пұшайман Қайсар онысын шағына маған сыр ғып айтты. Ал, сол Майра: «Айжан-ау, бұл дәурен екі айналып келер деймісің, шошына шоршып түспей сен де мына іңкәр екі жігітке ақ бетіңнен бір сүйгізсейші», — деген. Бұнысы несі? Арандатуы ма, жоқ әлде менің Саламатты... сыйлайтынымды аңдағаны ма? Иә, мен оны жақсы көрем. Әйтсе де ол менің сезімімді білмейді ғой. Рас, ақымақ байым сау емес деп ойлайды... Meн аманмын... Ел де соның ыңғайына бағып, жазықсыз жазғырып жүр...»


— Айжан, сені үйіңе дейін Саламат шығарып салады. Біз кеттік ендеше... Қайсар, бәйбішеңе асығып тұрған жоқпысың? — деп Майра қаракөлеңке кісі аяғы сиреген көшені басына көтере, себепсізден-себепсіз сықылықтай күлді.


«Мұндайда қай еркек ығыстап, не күмілжіп, тіпті іштей асығып тұрса да сыр беріп шынын айтқан; қайта ата қаздай қоқырайып: «қатынымнан қорыққандай мені кім дейсің-ей?!» — деп шыға келмеп қашаннан бесенеден белгілі. Ойпыр-ай, сайқалдықтың да түрі көп-ay. Қытығына тиіп, намысын қайрауын қарашы, ә?.. Иә, қызық өмір... Мосқал адамның табан астынан елпең-селпең еткені де ерсі екен-ау. Әне, ол қара көк плащ киіп, су өтпейтін жұқа, қоңыр орамалын тамақ астынан орай, жұдырықтай басын жұтындыра тартқан Майраның оң жағына — бір, сол жағына — бір шығып жүр. О, несі-ей? Уызына жарыған құлындай Майраның ойнақшуы да бүгін бөлек. Е, енді түсінікті болды?! Қайсар оның қай жақ қолтығынан алудың жөнін таппай әлек те...»


— Е, тәйір-ай... сен асықпасаң біз дайын ғой. Жүр...


Қайсардың үнінде сенім мол. Танауы желбіреп барады.


— Әй, қайдам, сөзі көптің ісі аз деуші тұғын. Хa-xa-xa...


— Ал, Айжантай, біз кеттік. Мынау тәтеңнің сөзі өтіп, шыдатар емес. Саламат, сен Айжанды шығарып саларсың. Ертеңге дейін қайыр-хош, — деді Қайсар бұлаң құйрықтанып тұрған келіншектің қолтығынан батылдана алып.


— Жолдарың болсын!


Бұл — Саламат. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» деген-ау: көңіліне желік бітті ме, қалай әңгірлей үн қатты. Айжан кісі аяғы әбден сиреген көшені жаңғырықтыра мына жігіттің сөйлегенін бір жағы жақтырмай, бір жағы әлденеден өлердей қысылып тұр.


— Айтқаның келсін, — деді Қайсар Майраны қолтықтай ұзап бара жатып.


«Құдайым, бұл еркектердің бірінен-бірінің не артықшылығы бар? Бәрі де — Қуан ғой. Құзғын да құрсағы толса — тоқ, пейілі ақ. Сонда ол ақ па? Жо-жоқ, өзі тойынса да, көзі аш. Қайткенде іліп түсем деп құлқынын ойлаудан бір тынбайды. Қайсардың да, Саламаттың да тәңірі қосқан, төмен етектен өмір-қосақтары екі көздері төрт боп осылардың тірлік жолына гүл бітсе деп мойындарына бұршақ салып отыр. Бұлардың жүрісі мынау... Жә, Қайсардікі суға кеткен тал қармайдының кебі дейік. Қажыған, қалжыраған кәрі кеуденің соңғы тұяқ серпісі — жігіттіктің тәтті дәмін татып қалу арманының қаракеті. Ал, сүйіп қосылған жарының базарлы тағының мәуе-бағын еркін аралап, ләззаттанып үлгермеген Саламатқа не жорық? Әлде қарттар айта беретін қайран жиырма бестің желігі ме? Тұмса бойды кернеп, басқа шабар қызу қанның іштегі жылан құрты есіріп, іңкәрлатып бара ма? Әй, білмейім»...


Ол ауыл көшесінің қақ ортасымен ақырын аяңдап келе жатқанын қазір сезді; сезуі мұң-ақ екен, жалғыздығы жетім көңілділігі есіне түсіп, бір түрлі жаны құлазып сала берген, ол еріксіз төңірегінен тірек іздегендей жалтақтап қалды. Айнала көзге түрткісіз қою қараңғылық. Лыпа желсіз, тып-тымық түн. Екі күн бойы толассыз жауған жаңбыр бүгін түске жақын басылған; мидай езілген сазды жолда манадан тайғанақтай келе жатқанын Айжан енді сезгендей елегізе іркілді; бес қанат үй орнындай буалдырланып шалынған қақтың жиегіне тоқтағанын да жаңа аңдап тұр. Сәл қарыс қадам аттаса, түсіп кеткендей еді.


Әрине, оны іркілткен қақ емес. Екі-үш күннен бері ылғи да оң қолтығынан ұстап, шығарып салатын Саламаттың осы қазір жанынан табылмағаны болатын; мынау түнде жалғыз қалғанынан үрейленіп келеді. Жаңа дүкен алдында жолқосшылық, білдіріп, ілескен сияқты еді, қай тұста көз жазды соған қайран. Ол еркінен тыс терең күрсінді. Иә, жалғызіліктілік те жаман. Әсіресе төмен етек әйел затына тіптен қиындығын кім білген?! Жел өтіндегі қаңбақтай ауыл өсегі бір соны желбіретіп, құрыққа сырық жалғап әкетеді. Кім айтты, кім қойды оны тоқтату да, білу де тірі азап. Қуаннан алғаш безінген түні өзін бір бостандыққа жеткендей сергек сезінген; сөйтсе тұқымы құрысын алдамшы тірлік екен ғой. Екінші күні Қуанның қуатты құшағын, еркектігін сағынатынын Фатиха қариянікінде таң алдында шошып оянып сезінді; жылы төсегінен жерініп, қоңыр салқын өзен жағасына келіп, таңға дейін көз ілмей отырғаны бар.


Ел құлағы — елу. Біреу сол бір сандалысын көріпті де, елуі құлақтаныпты. Ертеңіне-ақ гу-гу етісті. «Ойбай-ау, Айжан қаншық етегінен қағыныпты. Түн ұзағы өзен жағасында сенделіп, жалаңаяқ су кешіпті. Жалғыз неғып жүр? Жынданғаннан сау ма? Е, мұнда бір гәп бар әрине?! Анау жас ревизор жігітпен ашына дейтін. Сонымен болған ғой», — десіп жөнелісті.


«Ер намысы — ел намысы» дегендей сол бір ошақтың жоғын жоқтап, намысын, абыройын жыртысқандай сыңайлары байқалады; ниеттері түзу. Шынтуайтына келгенде, кесел жасап, ушықтырып кетерлерін білмейді. Ауыл пейілі — ошақ бұзбай, әдептен аспау. Ол үшін аурудың кеселдісінің алдын алған лазым. Өзге әйел де көрсін деді ме, Қуанды жақтап аттандасып, Айжанды бөлектеп, кездескен жерде сырт айналысып жатырқауды тапты. Ауылдан сәл ұзап, маң далада жалғыз қалғанына мойынұсынып ұнжырғасы мүлде түсіп кеткен Айжан өзінен құрық тастам соңында әлдекімнің аяғын ілби басып жақындап қалғанын аңдады. Қара көлеңке далада ербиіп, қылаңдай шалынып келеді, «анық соның жүрісі. Әрине, Айжан оның үстіндегі шолақ, ақшыл плащ пен басындағы қоңыр қалпақты ажырата алған жоқ; әйтсе де күндіз көріп, көзі қаныққаннан ба, бір сәт еркінен тыс сол өзі білетін бейнеде елестетіп үлгерген еді. Бұл жерде киімнің түр-түсінің неге қажеттігінің байыбына барып, ол түсінгені де, ұқпағаны да ақиқат: үріккен сезім төңірегінде керексіз елес, ойдың тегін болмасын, себепсізден-себепсіз оралмасына да басын қатырмады. Өзіңе іңкәр жігіттің киімі тұрған достарына шекті ыстық тартып, көңіл көзіне жылыұшырап қоя беретінін түйсінгеннен екені кәміл; әйтсе де сол плащ астында бүлкілдей соғар жігіт жүрегінің күннен-күнге бір өзіне ынтықтығын ұққан сайын үрей молайып, әрі қызық та көрініп барады.


Оның несі қызық? Айжан мұны айтып түсіндіре алмайды. Әйтеуір Саламаттың іңкәрлігіне таңдана жүріп, бөтен біреуге қимасын сезеді. Сезеді де: «бетім-ай», — деп ұялған да болады. «Әйелі, бала-шағасы бар, басы байлаулы еркек емес пе? Мен де әнебір бұйдамды үзіп кеткен еркін әйелмін бе екем?» — дейтін әлгі бір сезімінен үркіп. Қазіргі мынау жігіттің кейіншектеп, ұнжырғасы түсе, батылдығынан айрылғанына қуанады; «сүйетіні рас болғаны ма?» дейді мүләйім таңданыспен. «Апыр-ай, ә?..


Жеңіл, әзіл-қалжыңға жүйрік, ашық ақжарқын еді?! Ауылдан ұзасымен қолтықтап алатын. Үздіге сыбырлап, ыстық демімен құлақ түбімді қытықтайтын. Кеше түн ол мүлде бөлек мінез танытты ғой. Ілкіде күлдіргі, әдепсіз әңгіме шертіп езу жиғызбағаны қайда... Бесқонақтың селдете құйған жауынын да ұмыттырып, ауылдан әудем жер ұзатып әкетті. Сонсын бір қарауытқан еңсегей, мол маяның ықтасын бетіне қарай бастап: «Жаңбыр саябырлағанша аялдайықшы, Айжан», — деді. Ол кез Айжанның қарсылық білдіріп: «Қой, ойбай, көлденең көп көздің біріне ілігерміз. Майдангер күйеуімді тастап, соқа басыммен шыққанымды кешпей, аудандық газетте жазып, онсыз да масқаралады. Күнәқар — мен, Қуан — таза. Тура айтпаса да сенімен екеумізді қосақтап, «тегін емес» — деп жүргеніп өзің де білмейсің бе?» — дейтіндей шамасы қалмаған. Салқын санасын жауын алдындағы айқай жел, ала-құйын қуып әкетіп, марғау денесін ерен қызу билеп алған бір сот; жаңбыр да суытпай, қайта отқа құйған майдай құлын мүшесін әбден қыздырып барады. Маяның ық бетіне кеп тығылып, сая табу ғаламат бір қызық ұсыныс сияқтанып жарыса келіп қатарласа тұра қалды. Қиғаш соққан жауын беймезгіл дала кезген екеуден көз жазып, мая төңірегін тысыр-тысыр піспелей, тінте іздегендей ғажап мінез танытқан. Ал, өзіңе тимейді. Екеуі үнсіз. Бір-біріне қарайды да күледі. «Жаңбырды алдан тастадық ау», — дейтін тәрізді. Енді, міне екеуі де әлденеден қуыстана, ақырын тізелерін құшақтай отыр.


— Айжан. — деді Саламат үздіге. «Үні неткен биязы жұмсақ еді. Тағы да айтсыншы...» — «Айжантай...»


«Айжантайы» несі-ей?! Тү-у, не деген ерсі еді. Сәбидей еркелеткені қызық.. Әлде назы ма? Қуаннан өмірі естімеген сөзім. Бір түрлі ішімді жылытып жіберді. Енді неге үндемейді? Тағы... Тағы да айтсын да. Алабұртқан көңілінде үміт те, әлденеден секемденіп үрейлену де бар. ЬІрзалығын сездіре осы қазір бұрылып қараса жігіт оның бейкүнә жаудыраған жанарынан бәрін көріп, ұсталып қалардай қысылады.


Дала желі ысқырып тұр. Жауын да құрғақ, ыстық табаға салып қуырған бидайдай бытыр-бытыр, сытыр-сытыр етеді; қара-көлеңкеге үйренген көзі қиғаштай соққан жауынның ақ кіреуке селдір жапқыштай қол созым алдына көлбей түсіп қалғанын шалды. Бір сәт аппақ, сүйріктей саусақтарын тараштай созып жаңбыр тамшыларына тосқысы-ақ келеді; әйтсе де қорқады. Неге? Мүмкім мынау тыныштықты бұзғысы келмей қиналатын шығар? Әлде жігіт ойын бөлмесем дей ме? Жо-жоқ, қайткенде де назарын өзіне аудармасам дейді. Секемшіл көңілде үркектік те, әйелге тән әуестік те бар.


Сезім деген де жұмбақ, бір алақұйын өмір — ыстығы да, суығы да, күйініші де, сүйініші де мол, әpқилы, тіпті кейде кереғар да тірлік. Айжан соны енді сезінді. «Үміттене қуанып келіп, ренжіп қайтасың; «апыр-ай, бұ жалғанда тәңірге не жаздым», — деп жүріп түңілесің, көңіліңді ғаламат күйректік жайлайды. Неге? «Көрмеспін де» дейсің, еркіңді ақылға жеңдіріп, жаралы жүрегіңді аялай, әбестігіңді мұнан әрі қайталамауға бекініп, намысыңды қайрайсың ғой. Тегі соның өзі жалған, алдамшы екенін де білесің. Сабыр жоқ жерде — сана, сара ақыл да дәрменсіз. Ал, тәтті сезім ауруының төңірегінде сабырсыздық қашан да аруақты, еркін істемейім дегеніңді — істетеді, бармаспын деген жеріңе — барғызады. Мұқалған намыс, ар да саған тосқауыл емес; қалай жетіп келгеніңді аңдамайсың. Тағы да сағым сынған-ақ шығар дейсің, жоқ — дейді өмір (оны сен ол кезде — тағдыр» деуің де мүмкін), — бір күйініштің — бір қуанышы бар. Ылғи қасірет жүре бермейді, міне саған тәтті сезім — сүйін, шаттан, қуан! Ащыдан жиренбей, тәттіге тұщынбайсың, қадір-қасиетін білмейсің...» Иә, сенен өткен сол сәтте бақыт иесі жоқ.


Қуанмен қанша жыл бірге өмір сүрсе де Айжан бұлайша дағдарып, әрі-сәрі күй кешпеген еді. Онан әбден жиреніп, түңіліп, жүген-құрық үзісіп кеткелі үш күн. Үш күні — үш жылға бергісіздей ауыр тиді; ауыл ашып айтпаса да жазғыратындарын сездіре сырт айналды. Айжан іштей жетімсіреп, жүдесе де сыр бермегенімен пендешілікке ұрынып: «Ревизия өтсін, әлі-ақ өздерің келерсіңдер?» — деп ел алдында нықтанып жүрген; кеше аудандық газетте «Желіккен жеңгей» деген мақала басылып, ел дүрлігісіп: «Өй, сен сондай ма ең?!» — деп таңданысып қалғандай райларын сездіргенде тіптен жасып кеткені анық. Ілкіде бұлан-талан ашулана да алмаған: «Құдай, жүйкеңді құрт жесін, не дейді? Масқара...» — деді өз-өзінен сықылықтай күліп.


Орта жасқа жеткенде мен «желігіппін», «тойып секіретін» көрінем. «Уа, мен неге желігіппін? Төрт қызымды құтты орындарына қондырғанша арам тамақсың деген сөзіне де шыдадым, таяғына да көндім. Отымен кіріп, күлімен шықтым. Мал, ақша, дүние дегендерінен өзге не естідім? «Жеңіл жүрісім» де жоқ емес пе қалай?! Кіммен, қашаннан, неге? Бұған жауап берілмейді, сөз арасы болжам, меңзеу бар. «Бөріктінің намысы бір», -деп Ұлы Отан соғысына қатысқан ел ішіндегі екі-үш Қуан шамалас құрдастарының жанашырлықпен жаздырып отырғанын Айжан естіп те үлгерген. Бұлан-талан кейіп, жазықсыз жазғырылғанына налыған; кешкісін шай үстінде Фатиха шешейге газетті оқып беріп, дәрменсіздігіне күйіне егіл-тегіл жылап та алған еді.


Айжан маң далада, мая түбінде күйеуі Қуанмен емес, бейтаныс жас жігітпен иық түйісе отырғанын мүлде ұмытқан; манағы бір тосын үркектік те, секемдік те осы қазір жадында жоқ. Жаңбыр аралас өкпек жел ыс-ыс етіп ішін тартып тұр. Көктемнің алғашқы шуағынан кебірсіп үлгерген маяның мол ылғалды бойына тартып жұпар иісі мұрынды қытықтап, тынысты кеңітіп бара жатқанын да елеуден қалған: көз алдында соңғы үш күнде көрген жазықсыз жапасы, ызасы.


Зығырданы қайнап, жұқа танау желбезегі дірілдей желбіреп те кетеді. Жүзі ақшылдана қуарып, өзі-өзінен құныса, жиырылып алған: «Құлан құдыққа құласа, құр бақа құлағында ойнар», — деген-ау. Тіпті басқа басқа-ақ қой. Маған Нәзира күле қарап, кекетпек болғанын қайтерсің. Жәй жылы қабақ танытып, сәлемдескенімнің өзін он күн бойы аузынан тастамай мақтанып жүретін сорлы неме, жетісейін депті»...


Әлі есінде, алдыңғы күні ол сүтке — «Азық-түлік дүкеніне барды. Біреу аңсызда тілін тығып, ащы шағар-ау деп ойламаған, бейқам еді. Секпіл бет, бәкене, арық қара қатын сатушы Нәзираны ол көптен білетін; «Сельхозтехникада» істейтін күйеуі Базарбай өткен жылы алты баласымен қайын-жұртына «жұлдызымыз жараспады» деп үш мәрте апарып тастаған. «Апатай, сізді сыйлайды ғой. Өзіңіз бір сөйлессеңізші», — деді емес пе, бітік көзінен жас парлап егіл-тегіл жылап келіп. Бауырсақ мұрын, қамыт аяқ Базарбай: «Қуан аға екеуіңіз шақырып келтіре алмайтын, имандай ұйитын адамымсыңдар. Жә, райымнан қайтайын», — деп ет-жеңді ірі денесі іркілдей, маңғаз кергісе де ілкіде көнген. Міне, енді сол екі елі маңдайы қыртыс-қыртыс, мойны қатпар-қатпар шілмиген, «р-ға тілі келмейтін кекеш Нәзира қызыл ала көйлек, оның сыртынан кір-кір ақ халат киіп, астынан ақ құйқасы көрінген селдір шашын бастыра көкшіл орамал тартып алған:


— Әй, — деді келте мұрнын пыш-пыш еткізіп. Айжан мұның «әйі» кім дегендей таңдана жан-жағына қарап еді, сөйтсе өзіне арналыпты. — Айжан, саған айтам... Тіпті көп тоқтатып қаламайсың ғой, мұқым. Жас жігітпен сені... нетіп былай... ашына дейді. Лac па? Сенің не білгенің бал, ә?


Ақшасын төлеп, ыдысына сүт құйдырып үлгергені мұндай абырой болар ма?! Әйтпегенде сырт айналып курс беретін; сыйлас, әр істің жөн-жосығын біледі-ау деген өзге де ауыл әйелдерінің мынау қабағына сәл бұлт үйіріліп, көңілі пәс кезінде аяушылық сездірмей, әлденеге айыздары қанғандай қызықтай елеңдескендері: «Ә, бәлем кекірейіп кетіп едің, қалай екен? Иә, құдай шоқ-шоқ!» — дескендей жымыңдаса қалғандары жанын түршіктіріп қана өтпей, шиыршық аттырып, зығырданын қайнатты.


Күн алабұлт еді. Сонан ба, таң әлдеқашан атса да айнала көгілдір мұнар тартып тұрған: дүкен алдында, көше жиегінде ақ қалайы флягалардың ортасында Нәзира: өрт шалған ағаштың бұтағындай сидиған, қара-қошқыл, жіңішке білегіндегі күміс білезігі, әр саусағына талғамсыз тізген сақиналары жылт-жылт етіп, әйелдер ұсынған ақшаны кір халаттың езуі ыржиып кеткен қалтасына сүңгітіп жіберіп, екінші қолымен сүт құйып мәре-сәре. «Сіздер әулие көрген Айжаның осы ма? Біз оның бетіне ұятын өстіп шыжғырып бір-ақ басамыз. Не істейді ол маған?» — дейтіндей тіптен кердең. Небір берен ауыз әйелдердің мынау үнсіздіктері — мойындаулары тәрізді ұғылып Нәзираны мүлде есіртіп жіберді.


— Әй, қара қаншық, саған да жан бітейін депті ғой. Оу, осыдан екі апта бұрын жылы ошағыңнан безіп, түн ортасы ауа мысықша мияулап, итше қыңсылап кеп табалдырығым алдында: «Жаластыла көл, апатай, жалғанда жақсылығыңды ұмытпайын», — деген кім? Сен емес пе ең? Байсырап мен саған келіппін бе, не оттап тұрсың? Қайдағы, кіммен ашына болыппын? Құдайға шүкір, мені байым тастаған жоқ. Кетсем де, келсем де — өзім. Менің жәйімді жайлап, күйімді күйлейміз деп қималарың қышымасын, әлде маған!.. Ө, несі-ей, «ашына» деп көкігені жүзіқараның. Әй, сен өз байыңа ие боп алсайшы онанда, басқада жұмысың не?!


Нәзира сұп-сұр қалтиып қалған. Айжаннан тегеурінді қарсылық күтпегені хақ. Әрі әйелдер өзіне біраз жел беріп: «Нәзира кісінің бет-жүзіне қарамайды ғой. Күл-бүлтеңді білмейді, өткір. Пыш-пышы жоқ жан», — деп қойған да, әлдеқандай жағдай туса қолдайтындықтарын да аңдатқан тәрізді. Нәзира ақылы келте, оң мен солын түгендеуге; терең ойлауға кер жалқау еді. Әйтпесе, ауыл әйелдерінің Айжанның сыртынан ғайбаттағанмен жеме-жемге келгенде олардың неге сырғақситындарын түсінсе керек. Ел алдында Айжан ақ көңіл, қолы ашық — қонақжай адам. Үйінің табалдырығын аттаған тірі пенде қара су мен нан ауыз тиіп шықса да, қой сойып қонақасы жегізгеннен бетер разы болатын, оны Нәзира да талай басынан кешкен. Қуанның тарылып, жақтырмай отырғанының өзін әзіл-күлкімен жуып-шайып жіберетінін ауылдың үлкен-кішісі де біледі. Соңғы кезде Қуан аты ыстық ілтипатпен ауызға Айжан арқылы түсетін, құрдастары: Өзін қойшы соның, бір атым насыбайға татымайтын. Қуанға ақша берсең жақсысың», — деп әжуалайтын. Ойнаса да ойындағысын айтты-ау дегендей сөз төркіні сиырқұйымшақтанып кететін.


Ауылдың көрі-жасы Айжанды уәдеге беріктігіне қарай да сыйлайды. Іздегендерін дүкеннен тауып алатынын, уағда етсе «бастыққа керек еді», не «болмай тұр ғой» — деп сырғақсымай көмектесуге әзірлігін іс жүзінде дәлелдейтінін жасырмайды, сүйіне мақтан етеді. Қара орманынан бір сабақ жіп алмай шыққаны да Айжан басының құнын асырмаса төмендеткен жоқ. Жүрген жерінде күйеуі хақында бөтен сөз айтпай, арызданбай, сөз тартқалы әлдекім «дүниеқоңыз-ау өзі» — десе: «Маңдай тері, еңбегіне алған ақының не айыбы бар?» — дейтін. Еркек атаулы іштей сонысына тәнті. Енді жалғызілікті, басы бос боп шыға келгенде кешегі сырлас әйелдердің дені күйеулері әуейіленіп, Айжанды төңіректей ме деп қауіптенеді. Әрқайсысы қолдарымен ұстап, көздерімен көрмесе де еріктерінен тыс оның әдемілігін, мінезге байлығын мойындайтын да қаралауға тырысатын. Олары жинала келе, «көріпті», «солай дейді ғой» — сияқты гу-гу өсекке айналып құрыққа сырық жалғанып жатқаны анық. Айжанға, әрине, мұның бәрі жұмбақ. Нәзира қылығының шымбайына батып кетуі де сол себепті. «Есемді жібермедім-ау» десе де, әлі ызақорлығы жанын қыдыртып отыр. «Ойпыр-ай, мен бейбақ қайсысының ала жібін аттадым?! Не жаздым? «Сен» деген жерім кәне? Мұншалық өшіккендері несі?»


Ол жанын жегідей жеген ауыр ойдың запыранына шыдамай, өзегі өртене қозғалақтап, терең күрсінді, көктемнің алғашқы шағырмағында жел қағып, кеуіп үлгерген маяның шөбі сытыр-сытыр етті. Айжан әлденеден секемдене, аңсыз жігіт назарын өзіне бұрғанына өкінді. «Не істесем? Фатиха шешей күтіп, екі көзі төрт болған шығар, Саламат», десем бе? Ойпыр-ай, мына жауынды түн неткен ғажап, ә? Қуан екеуміз осындай түнде үйден ұзап неге қыдырмадық екен...» Әйтсе де көңіліндегі күдігін емес, Саламат жанарында жылт ете түскен үміт отынан шошынғанын сездіре:


— Жауын таңға дейін басылмас, — деді Айжан үні бұзыла дірілдеп. Жүрегі лүпіл қағып, тынысы тарылғандай да боп барады.


— Айжантай, тоңдың ба?..


«Үні не деген жұмсақ. Түу-у, оның маған керегі не? Беті ашылмаған қыздай қылымсып, мияулаған немді алған. Саламат тіптен батылданып кетті ғой. Өй, бұ қайтеді-ей?! Қамқорлағансып, құшақтап белімнен тартқаны несі? Жібер дейінші... Ентігіп не көрінді? «Айжантай, жаным...» дейді ғой сыбырлап...»


Ол Саламаттың ынтық үнімен бірге бетіне ыстық демінің тигенін әлеуетті қолы мойнына оралып та үлгергенін сезінді; ілкіде қарамаға сыпайы, биязы мінезді, үш күннен бері ортақ тіл табысып, сыйласты боп қалған жігіттің тосын қылығына қалай, не істерін біле алмады. Кеудесінен итеріп, жағынан тартып жіберсем ренжиді-ау деді ме, өн-бойы тітіреніп, серпіле тұрып кетпекке тырысты. Дүлей іңкәрлік санасын билеген жігіт келіншектің қазіргі әрі-сәрі көңілі ортақ бір шешімге келмей аласұрған сәтін дәл тауып, мойнын босатып, қыпша, аш белінен ұстай тартып өзіне ыстық, әнтек ашыла түскен ернінен үзілте сүйіп қалды. Жезөкшелік мінезінде жоқ, өміріңде Қуаннан өзге еркекті білмей келген Айжанның қытықшыл құлын мүшесі дір етіп, жүрек түбіндегі қысыр жыланы оянып жүре берді. Ыстық қан бетіне шығып, басына шапты...


«Ойбай-ай, ұят-ай... Мынау қайтеді-ей?! Кеудесінен неге итеріп жібермеймін?... Жіберші... Ой...»


Сонан кейін де екеуі мая түбінде үн-түнсіз ұзақ отырған. Саламат үш баласымен әйелін тастап, бір айдан кейін келіп алып кеткісі келетіндігін білдірді. Айжан жігіт ұсынысынан бас тартты. «Жо-жоқ, — деді ол. — Мен Қуаннан өзгені сүймейім...» «Айрылғаның өтірік не?.. «Жоқ...» «Түсінбедім?» «Сен мені кешір... Пендешілікпен нәсіп-құмарлыққа берілермін деп өмірі ойлаған емес едім. Шын жігіт болсаң, осы бір әйелдік әлсіздігімді екі дүниеде жан баласына сездірмессің дейім. Өтінішім осы... Мен сені сүйем ғой, Айжан...» «Менде ол сезім жоқ. Кешір... « Мен күтем?!» — деді.


Қатпар-қатпар адам ішінің бұрылыс, бұлтанағы көп-ау. Қуаннан оп-оңай құтылып. басының бостығына қуанып жүрсе де, жалғыздықтың ауырлығын алғашқы күні-ақ сезген: өсек-аяң бел алғанда тіптен күйзелді. «Мен кімге керекпін? Бәрі де төрт құбылаң түгел болса — сыйлайды», — дегенді жиі айтатынды тапты. Міне сондай жағдайда Саламат: күтем» деп отыр. Әлі де біреулерге керекпін, адам ретінде ғана емес, әйел хақында да қадір-қасиетім жоғалмапты-ау», — деді іштей қуана, ертеңгісін түндегі уақиғаны еске алып...


Ол туфлиінің ұшымен жол жиегін шұқылап, ұзақ ой үстінде тұрып қалғанын, Саламаттың өзіне жетуін күтіп іркілгенін, оның екі қадам таяу келіп үн-түнсіз тоқтағанын байқаған жоқ. «Батыл-ақ сияқты еді». Сол түннен бері құты қашып, Айжанды көрсе абдырайтын Саламат; осы қазір де әлсін-әлі тамағын кеней жөткірініп қояды.


«Есеп-санақ үстінде де елпілдеп, бәрін өзі тындырғысы кеп: «маған бер, есептеп тастайын», — дейді. Енді, міне бір ауыз тіл қатып, ойымды бөлуге жүрегі дауаламайды, Үні шықса мен бейне үркіп, ұшып жөнелетін құс тәріздімін. Баяғыда жігіт кезінде Қуан сондай еді. Ылғи үйдің қасына келіп сөлмиіп тұратын. Саламат та... Бұнікі де шын сезім бе? Неге тіл қатса ренжітіп алатындай батылсыз?..


— Саламат, осы шығарып салғаның да жетер. Саған рақмет. Қайта бер, — деді Айжан дауыстап.


— Қорықпайсың ба?


— Жоқ... Әне, үй де көрініп тұр ғой.


— Әлі де жүрейік те, Айжан...


— Жо-жоқ, қайтыңыз, — деді Айжан қатқылдау үн қатып.


Жігіт мұнан әрі қадала түспей, тез келісіп:


— Мақұл... Мақұл, Айжан, — дей берді.


Ала көлеңке түнгі далада Айжан оны көзімен ұзатып сап, жылт-жылт жетім шамның жарығы көрінген үйге қарай жедел қадымдай жөнелді. Жауын суы дегди қоймаған сары саз балшық жолда аяғы тайғанақтап кетіп барады. Бүгін бір Фатиханың кешкі шайына кешікпей жетсем дейді. Түс ауа келген Қуанның әлі Фатиха қариянікінде екенін ол, әрине, білген жоқ.


* * *


Дағарадай кең бөлме шымылдық пешпен екіге бөлінген екен; кіре-беріс ауызғы үй аядай, тіптен шағын-ақ. Есік көзіне таяу қазандық, онан сәл жоғары беторамал көлеміндей шаршы тесік қалдырылыпты; сонан түскен буалдыр ақ тозаңдай зәрсіз төргі бөлменің жарығы қазанның қара-қошқыл қақпағын сипап әрі асып, кіре беріс бұрыштағы беті ашық, су толы темір шелектің үстіне барып ұйып тұр.


Төргі бөлмеге өтер есікке таяу, оң қолда шағын терезе сығыраяды: оның алақандай шыныларының сау тамтығы қалмаған, шытынай жарылып-жарылып кетіпті. Әр қилы қағаздан - бармақ елі тіліп, жарықшақтарды аса үлкен ұқыптылықпен жамап-жасқағанша да талай жыл болған сияқты: ауыл үйінің көпшілігіне тән желдеткіші жоқтықтан іштен қыстың бозқырау түндерінде ыстық бу, жылылық тартып, сырттан суық жел, топырақ кеулеп, кір шалып ыстанғаны сонша айқыш-ұйқыш, сарғыш ала жамау, әжімдей баттиып көзге түрпідей тиді. Қандай шуақты күнде де жарық өтер саңылау аз; бүгінгідей бұлтты, жауын-шашынды кезде мүлде өлеусірей, жаныңды құлазыта түседі. Ашық көк бояумен сырланған жақтау ағашының да әр жері кетіліп, қасқыр тістене, астының ақ еті көріне ақсиып қалыпты. «Бұл терезені соғыстан кейін мен салып бермеп пе едім?» МТС-тағы бір досынан өлердегі сөзін айтып сұрап алған. Сонсын сырды ауткомның кеңсесін жөндеп жатқан жұмысшыларға жолығып, он сомға әзер түсірді. Жетілік май шамның жарығымен түнде отырып сырлап шықты. Фатиха қарияның: «ертең де күн бар ғой, ұйықтап тынықсайшы», — дегеніне қарамай асығыс істегені есінде.


Үйленгенге дейін Фатиха қарияның осы тамын паналады. Табиғатында елгезек, шаруа бала Қуан аз ғана күнде қораның төбесін ашып жапты, үйдің есік, терезесін жөндеді. Өз алдына ошақ құрып түтін түтеткенге дейін ауылдың көп жетіміне шапағаты мол төгілді. Бұрынғы әйелінен нәресте көрмеген еді... Кейін Айжанға жолықты; «Беу, өмір-ай... Уақыт озған сайын сенің түнің де — таң, қысың да — жаз сияқты көрінеді екен-ау. Сол кезде сенен түңіліп, соғыста неге өлмедім деп ойладым-ау. Тірі тірлігін істерін ескермеппін ғой. Иә, Айжан... Айжанның өзі бір өмір... мол шуақ әкелді-ау. Тү-у, «шуақ әкелдісі» не? Не деп барам? Рас, ол күлегеш, ақжарқын болатын. Езу тартса төңірегі шуақтана қалатын... Әуелі жеңіл қалжыңдасып жүрді. Сонсын сөздері жарасты. Ақыры тіл табысты. Фатиха қарияның септігі тигені де рас. Әйтсе де бір қуаныштың бір күйігі бар деп бұрынғының адамы тегін айтты деймісің. Айжан табалдырығын аттасымен ырысы молайды, дөңгеленген шаруа басы құралды, сәби сүйді. МТС-тан өткелшілікке ауысып, үй тұрғызып алды. Майлық, сулығы бірдей Айжан білек сыбана кірісіп, қаймақ бұлғады, ірімшік, құрт қайнатты, оны базарға апарып сатып тиыннан пұл құрады, балалар мектепке барды.


«Ойпыр-ай, уақыт шіркін неткен жүйрік еді. Кейде өткелге келер жолаушы аяғы сиреп, паром үстінде отырғанында жаздың ұзақ күні бір жылжымай қоятын: ол кезде қайдағы-жайдағы ой иіріміне түсіп алып, шиырлап шыға алмастай көрінетін. Сөйтсе бәрі бекер бопты. Сонда сағат тіліндей жүрегіңнің тықылымен бірге жарысып уақыт та сусып жатады екен де. Ертеңгісін төсегіңнен тура жуынып, айна алдына келгеніңде қою қара шашыңның арасынан күміс шырмауықтай жылт еткен ақ селеуді жанарың шала қалса, еріксіз тітіркеніп, таңданасың. Неден қалай, қашан ағарды деп тағы да далсың. «Е, тәйір-ай, — дейсің өзіңді-өзің алдарқатып, — біз не көрмедік. Майданнан аман оралдың. Өлім мен өмірдің ащы-тұщысын таттық. Аштықтың да, тоқтықтың да нендей қияметін сезіндік. Нәресте сүйіп, ошақ құрып, түтін түтеттік. Шаштың ағармас шарасы кәне? Уақыт терезе тұрғай қара тасты да мүжіп тауыспай ма?..»


— Қуанжан, айнам... төрлет! — деген төргі бөлмедегі Фатиха қарияның үні оның ойын бөліп жіберді. Ол әрине, қай тұста аяғын шалыс басып, дүниеқоңыздық жолға түскенін, сүттей ұйыған жылы ұясының береке-базарын бұзып, құтын қашырып алғанына мән бермеді. Табиғатында кең мінезді Айжанның соңғы он жылда тұйықталып, көрші-қолаңмен араласуы, кезіккен жерде бұрынғыдай шақырысып, қолтықтасып екеуінің баруы неге сиреп кеткеніне де таңданбады; тегінде қонақтықтың артында қарыз жүретінін «шақырсаң — барасың», — деп әйеліне жиі айтатынын да ұмытқан еді. Бір кезде өз туған анасындай жылы қабақ танытып, мынау жұпыны қақырасында тойын тойлап қызықтаған Фатиха қария да сол тұста қағажу қалғаны анық. Там-тұмдап қол ұшын беруі де сиреді. Иә, жүдеушілік кіріп терезесіне дейін бүлінер жөні бар. Қырық жыл аз уақыт емес...»


Ол терең күрсіне төргі бөлмеге етті. Оң жақ қабырғаға тақау болыскей темір кереует тұр. Үстінде қызыл ала жапқыш, екі қозы қарын жастық, бірінің үстіне бірі қатарлай сәнді жиналған. Төрде мол қарасұр, қоңыр оюлы өрнегі бар текемет. Қос терезенің аралығында ұзынша, қызыл рамалы айна. Текемет үстінде жасыл сәтенмен тысталған көрпе, екі ұшы тікірейіп жастық жатыр. Құрақ көрпе қазан тұсындағы тесікке таяу төселіпті. Ол Фатиха қарияның даладан келгенде отыратын орны; шымылдық пешке жауырынын тақай жайғасатын ғой. Қуан көзі осының бәрін әп-сәтте шолып өтті; көптен бас сұқпаса да үй-ішінің қарапайым жасауы мүлде өзгермегенін көріп, бір сәт оған да таң. Сол жақ қабырғада екі қызыл жиекті рама: бірінде шалы мен қарияның үлкейтілген суреті, екіншісінде жыпырлаған әр қилы үлкенді-кішілі баласы Дәуреннің кластас құрбыларымен топтанып, жеке түскен фотосуреттері.


Есікке жетіп қалған қария кері бұрылып:


— Қуанжан, мен самаурын қояйын. Әп-сәтте қайнайды ғой. Сен сәл дамылда, жаным, — деді.


— Мақұл, апа...


Кең етек көйлегі көлеңдей қария ауыз үйге шығып кетті. Қуан ақырын тізе бүкті де, үстіндегі қоңыр костюмінің алдыңғы қос ілгегін ағытып, етегін кейін серпе отырды. Пенжагының астынан киген көйлегінің жағасы сары жағал кір, қыртыстана есіліп тұр. Шала жуылып, өтектелмеген тәрізді: жоғарғы түймесі ағытулы екен; өз-өзінен қуыстана қол ұшымен тартып, түзеткен болды. Ауыз үйде шай қамымен күйбеңдеп жүрген Фатиха қария көріп қалмаса неғылсын дегендей жалтақтай, қазандық тұсындағы тесікке көз жүгіртіп қойды. Сосын астындағы жасыл сәтен көрпе емес, бейне бір шыны сияқты аялай. күсті қолымен сипаған, ыстық алақаны жанға жайлы сәл дымқыл, сызды сезінді. Аяғын көсіле тастан, іргесіндегі құс жастықты алды да шалқалай жатты. Ала-көлеңке бөлме ішінің қоңыр салқыны қою тыныштық әлдиінен бей-жай күй кешіп қалғансын дамылдамақ болған; кезі ілінбей қайдағы-жайдағы әрі-сәрі ой иіріміне түсіп кетіп, ұйқысы шайдай ашыла берді.


Аңдаса, бұл үйді, үй мұны тосырқайтындай ма, қалай? Әлі есінде кенже қызын ұзатарда Айжан Фатиха қарияны шақырайық деп өтінген: «Қиын кезде пана болды. Сол үйден енші алып, түтін түтеттік. Балаларымызды бағып-қаққан, қолқабыс еткен жоқ па?» — деді. Сонда Қуан жөн-жосықсыз тарылып: «Ойбай-ау, басқа қонақ аз боп отыр ма? Жеті түнде өзеннен өткізем деп жүрем бе?» — дегені жадында. «Өзімізге өзіміз келіп, жетіскенсін танымағандай... менсінбегендей бұл қылығымыз ұят қой». «Мейлі, ел не демейді. Екі туып бір қалғанымыз ба?!» — деп шіренген; қайта айналып соғармын, табармын-ау демеді ғой. Енді міне осы қазір әңгімені қалай, неден бастарын білмейді, бұ да бетке шіркеу, еркіндікке, бауырластық сезіміне тұсау. «Өткен күннің белгісi жоқ», — дейді қазақ атамыз. Оу, бекер сөз, Бәрі есепті... Уа, неге еріксіз қипақтаймын? Фатиха қария жылы ілтипат білдірген сайын мейірімді ана жүзіне тура қарай алмай құтым қашып, абдыраймын? Тірі пенде осы үйге бар деп мені зорлаған жоқ. Неге келдім?..


Әйтеуір ауыл шетіндегі мынау жетім қақыра соңғы күндері назарын тартып, көзіне жылыұшыраумен болғаны анық. Сарала таңнан екіндіге шекті өзеннен әрлі-берлі жолаушыларды өткізіп, паромның белдеу темір арқанын шірене тартып тұрып та қарайтын; бір кезде өлердей жеккөрген сары қаншықтың үргені де құлаққа жағымды. Айжанға жақын жүргеннің бәріне бөлекше ілтипатын, ынтызарлығын сезінеді.


Даладағы жауын тырс-тырс терезе шынысын шертіп тұр. Ауыз үйден темір шелектің тұтқасының шылдыры қазанға судың сарылдай құйылғаны естіледі. Фатиха қария ас қамына кіріскенде, не іс тіккенде өзге ауыл әйелдеріндей самбырлап, не тықылдап тыным таппай сөйлегенді білмейтін; шыжылдай әндеткен самаурын түбіне тізе бүгіп, байызданғанда ғана тілге келетін. Күн екіндіге ауды ма, қалай; ала-кеугім бөлме іші күңгірттене, бұрыш-бұрышқа қозы құйрық көлеңке үйіріліп үлгеріпті. Қуан жанары үйдің төбесін жапқан үш-төрт, әбден қара-күреңдене ыстанған, әр жері ырсия жарылған белдеу бөренелерге аялдады; әне, оның үстіне бау-бау қамыс жігін келтіре, қиюластыра төселіпті. Төбесіне топырақ жайып, сылап тасталғанын ол көрмесе де көз алдына елестетіп жатыр. Соғыс алдында барша үй біткеннің солай салынатынын білетін. «Иә, — деді ол өз-өзінен күбірлей күңк етіп. — Мынау, ортаңғы қара-күрең белдеу бөренені қуалай тартылған ақ жіптей сым электр шамынікі. Көз байланды емес пе?» Қуан көңілін ауыз үйден қылаңдай кірген Фатиха қария бөліп жіберді; кенет бірдеңе сырт еткендей болған, бөлменің орта тұсынан шам жарқырай жанды. «Қайран жарық дүние-ай... Адамның көңіліндей неткен кең едің. Жаңа ғана қарсыдағы шымылдық пеш екі бүйірдегі қабырға кеудені қысып, анау көлденең тартылған бөренелі төбе де еңсені басып, тым тарылтып тұрғандай еді; бәрі-бәрісі әп-сәтте ығысып, биіктей, шалқайып кетті. Қабырғадағы шынылы рамаға салынып ілінген суреттер де секіріп, жоғары шығып сәулелене жылт-жылт етіп тұр.


— Уф!.. — деді Қуан еркінен тыс кәдімгідей тынысы кеңігенін сездіріп. Ауызғы бөлмеге қайта беттеген Фатиха қария қонағының оқыс үнін құлағы шалса керек, күлімдей бұрылып:


— Жалықтың-ау, қарағым-ай?! Қазір шай дайын болады. Сәл шыдағайсың, Қуанжан, -деді. — Көп кешікпей Айжанжан да келіп қалар...


— Ештеңе етпейді, апа. Асықпаңыз.


Қуан басын жастықтан көтеріп, малдасын құра отырды.


— Біз оны күтпейміз. Бір шайдың бабы табылар деймін. Ет жағы тапшылау, сөге жамандамассың апаңды.


— Түу-у, апа-ай... Тіптен мазаланбаңызшы. Шай да жетеді.


— Жә, сәл дамылдағын. Мен бірдеңе көңірсітейін, — деп қария ауыз үйге шығып кетті.


Тілге келіп, біраз бауырмал сөздің басын қайырып үлгергеніне Қуан жадырап, арадағы кіреуке шымылдық түрілгендей марқайып қалды. «Бұл кісінің алдында пәлсінгендей не өткізіп қойдым. Туған анамнан бетер «қарағым» — деп еркелете іштартып, барын аямайды. Мүмкін ол сонау майданнан оралмаған жалғызы Дәуренін менің болмысымнан тауып қуанатын да шығар? Талай жыл қарым-қатынасты үзіп, өз аяғыммен келсем де жатсынып, тосырқамай қабылдады емес пе?! Неге?.. Кейуана өз біреулер мұндайда сырт айналып: «әдірам қал, қажет едің», — дері кәміл. Фатиха қарияда ол жоқ. Кім біледі, шай үстінде... көңірсітіп жүрмесе...» Қуанның аяқ асты, әп-сәтте ұнжырғасы қайта түсті; өзінің әйелімен «ища» дескенінен кейінгі бір күндері өзен жағасында қариямен кездескен келеңсіз жайын енді еске алып қобалжығаны анық.


Осы ауылда бадырақ көз, май мұрынды келген, бір аяғы жоқ, майданнан Қуаннан бұрын оралған, қызылшырайлы Ысқақ деген мұғалім бар еді. Етектілеу аузын өзгеше бір сәнмен бүре, оймақтай ғып көрсетуге тырысатын кербездіктен де құралақан емес. Әсіресе қою қара мұртына пейілі бөлек-ақ; жалғыз сәйгүлігін баптап, дайындаған серідей жылтырата вазелин жағып әлек. Құрбыластары: «Ықсақ-ау, дүкеннің бар вазелині сенің мұртыңда, бізге де бірдеңе қалдырсаң нетті? Сынық сүйек қойдың құйрық майы құрымағыры саған жетпей ме?» — десе жайыла түскен жайын аузын жым бүріп: «Құрғақси жел тисе жарыла беретін ерінге вазелиннен шипа дәру жоқ», — дейтін. «Құйрық май таба алмай жағыпты деп тірі пенде ойламайды. Шүкіршілік малымыз бар». Рас, он шақты қой-ешкісі, бес-алты сиыры қорасынан арылған кезі жоқ. Өздері бір көп ағайынды, өскен әулет. Аға-қарындастары да осы ауылда мол. Әкесі мен шешесі де тірі, қолында отыр. Майданнан келісімен үш жылдай орта мектепте мұғалім боп, директормен сиыспай үстінен арыз жазып орнынан түсіртіп тынған; аудандық оқу бөлімі жаңа директор жібереді де, ол білімділеу, қайсар екен, Ысқақтың дәукестігінен құтылудың оңай жолын тауыпты. Аудандық газетке журналистер ылғи да жетпейді; сондай бір ұтырлы сәтті пайдаланып әдебиет пәнінің мұғалімі Ысқақты аудандық партия комитетінің үшінші секретарына кіріп, тілшілікке ұсынып жіберіпті. Пысықша директор өзінің үстінен Ысқақ жазған арыздарды қомақты папканың ішінен бір-бірлей шығарып, дауыстай оқып, кәдімгі бір көркем шығарманы талқылағандай желпініп оның жазу тәсілінің шеберлігіне, тіліне секретарь алдында шімірікпей баға беріпті-мыс.


Сөйтіп Ысқақ аудандық газеттің әдеби қызметкері болады. Ел күле әңгімелесе де, тілшілігіне шек келтірмейді. Ақыры сол орында ұзақ жыл істеп, жақында пенсияға шықты. Енді ортаншы ұлы журналист. Қуанның әйелі Айжан үйінен безіпті, «әуейіленіпті» деген жыландай жорғалаған өсек ауыл кезіп жөнелгенде бірінші дүрліккен, «бөріктінің намысы бір» — деп құрыққа сырық жалғай жөнелген осы Ысқақ. Сол күні-ақ ол Қуанды тапты. Кешкі шайын енді алдына алған Қуан Ысқақ келер-ау деп ойламаған; өзіндей майдангердің сөз аңғарын сезгенде еркектік намысы қозып, ызадан қылғына булығып қалды. Ашу — дұшпан не істетпейді; әрі ылғи да бетіне тура келіп, біреу «сен» деп көрмеген Қуан ЬІсқаққа әйелі жайында ашы запранын лақылдата төкті-ей дейсің...


«Әкесін танытамыз», — деді Ысқақ әдетінше үйреншікті сөзін аузына алып. Қалам, қағаз да табыла кетті. Машықты тіл алғашқы қарқында арыз жазуға ойысқан, аяғы мысқылға, ажуаға ауысып жүре берді. ЬІсқақ мұның көп жыл газетте істеп, фельетон жазып машықтанған ауруы екенін кеш аңғарды. Сол-ақ екен еңбегін жайдақ, домалақ арызға қимай аласұра іркілді. Ендеше не істеген лазым? Қағазға не түртсе де есеп-қисабы қатар жарысатын Ысқақ өңдеу үстінде журналистік бағы жанбай-ақ қойған еріншек, болбыр баласын ойлады. Кейінгі күндері редактор жігіт: «Ысеке, балаңыздың журналистік қабылеті жоқ. Бір орын іздестіресіз-ау деймін», — дегенді жиі құлаққағыс етіп жүрген. «Ә... Енді көрсін... Сол баламның атынан берейін», — деді ол. Қуан мұны да кейін білді. Ол арыз ғой деп ойлаған. Желіккен жеңгей», — деген фельетон жарқ еткенде бір-ақ көрді.


Ренжудің, не қуанудың да жөнін таппай, ел алдында ыңғайсызданып қысылса да, сыр бермей: «Осының өзі дұрыс шығар. Ауыл бірге күйініп, қызынар Айжанға: Ақылға кел, өз ошағыңды суытпа» дер деп күткен. Бәрі керісінше шыр айналып, алшысынан түспей, бүк болды.


Мұны бишара-ай... қайтсын-ау», — дейтінін, мүсіркейтінін ойламаған. Қатар-құрбы, жекжат-жұрағат қана болса бірсәрі, жүзі таныс жас та, кәрі де кездескен жерде жалпалақтай сәлемдесіп, аяушылық білдіре жүзіне үңіледі. Бар жай-жағдайды өз аузынан естігісі келетіндерін аңдатып, қызыныса «қорлатпаймыз», — деседі. Кейі лепіріп: «Сіздей жігіт көшеде жатқан жоқ. Асқақтауын қоймаса, талақ етіңіз. Қатын табылады, — деп күйіндірді. Қуанның әйелін сүйетінімен шаруалары жоқ. Ойпыр-ай, бұл ел бұзылған ба, немене? Бүтіндей ме десем ұшындыруға әуес қой», — деді бұған түсіне алмай. «Нені де болса ойланып, аптықпай істейінші. Адасуым жетті емес пе?! Айжанымнан біржола күдер үздірер түрлері жаман ғой», — десе де, ақылға салғаны ақымақтыққа ұрындырып тынды. Тегінде, кісі өлтірген адам сол зұлматтық жасаған жеріне бір соқпай кетпейді дейді. Кім білсін рас, өтірігін. Қуан кісі өлтіріп көрмеген. Ал, қай шайтанның түрткенін түсінсе не дейсіз, газетте фельетон жарияланған күні, жауынды түнде сүмірейіп Айжанның дүкеніне жетіп бармасы бар ма?! Іс-қағаздарына есеп-қисаптарын жазып, үн-түнсіз отырған төрт жан орындарынан созалаңдай көтеріліп үрейлене, үрпиісіп қалды. Айжанның жүзі сынық екен. Қуанды көргенде сұп-сұр боп кетті. Іле жанары суық тартып:


— Иә, жай ма? — деді.


— Айжан...


— Білем, мені «желіккен» депсің. Оқыдым... Балаларың да менің абыройымды асырғаныңа қуанып жатқан да. Рақмет, Қуан... Рақмет... Алдыңнан жарылқасын, — деп үні дірілдей сырт айналғанда, бір ауыз тілге келе алмай шыға жөнелгені де осы қазір есінде...


Өткен күндердің елесінен көк жауырыны шымырлай тітіреніп Қуан басын жерден жұлып алды. Шымылдық пештің қазандық тұсындағы жаялықтай тесігінен көлки кіріп, жайыла түскен будан қуырдақ иісін сезіп ол жұтынып қойды. Азаннан бері нәр сызбағанын да ұмытқан; дәмді тағам иісі танау құртын жыбырлатып, сілекейін шұбыртып жіберді. Манағы бір Фатиха қарияның «Айжан да келіп қалар» деген жұбату сөзі, енді көңілінде секемдік туғызып, ертерек «қалай қарамды жоғалтам» деп отыр. «Тезірек ас ішіп кетсем», — дейді.


Фатиха қария мол етекті көйлегі көлеңдей кіріп, алдына дастарқан жайды. Заматта туралған нанды тәрелкеге салып әкеп қойды: қант, май да әр келгенінде шағын дастарқаннан орын тауып қалып жатыр. Қуанның қуырдақты күтер төзімі таусылған еді; қария ауыз үйге беттесімен қалайы қасықты сары майға көсіп жіберіп, бір жапырақ нанға жаға салды да, екі ұртын семірте бұлтыңдатып жөнелді: әлдеқайдан біреудің таңдана, әрі жаны аши қарап қалғанына мән бермеді. Сәл-пәл тоят тапқансын ғана еңсесін жиған да төңірегіне ұрлана көз жүгірткен; жанары қазандық тұсындағы тесіктен сығалап тұрған қарияны шалды, о да, бұ да өз қылықтарынан әбестік тауып, жүздерін тайдырып жіберді.


Үйме тәрелке қуырдақ та кешікпей жетті. Самаурын шыжылдай кеп, дастарқанның есік жақ етегіне тәштие қонақтаған: оның қасына қос бүйіріндегі төрт бұрышты терезесінен іште жанған пілтенің қызыл тілі жылт-жылт ете көрінген керосинка орын тепті. Пешке жақын жатқан көрпені бүктеп, астына басқан қария жұдырықтай басын шалқақ ұстап, самаурыннан ақ құманға су құйып жатыр. Енді бір айналыста:


— Қуанжан, қуырдақты суытпай ал... Маған қарама, қарғам, — деді ол. — Қазір шай да дайын болады.


— «Ас иесімен тәтті» деген, апа. Өзіңіз де ауыз тисеңізші.


Қуанның келгеніне қуанышын жасыра алмай әлсін-әлсін сүйсіне көз тастап қояды; көптен көрмеген туған баласына деген сағыныш өн бойын билеп жүргенде тосыннан табысқандай мәз. Ақ құманға шай салып, керосинканың үстіне қойып та үлгерген еді. Сонсын ол ақырын қозғалақтай түсіп, алдындағы ағаш қасықпен тәрелкеден қуырдақтың бірер түйірін іліп ауыз тиді. Жіті қимылында тамаққа деген тәбетінен гөрі мына қонағын еліктіріп, жесінші, ішсінші дейтіндей ниет басым. Түскі асын кештеу ішіп, тоқтығы әлі тарқамай Қуан көңіліне бола қаужаңдап жатыр.


— Ал, қар-рағым, маған қарама. Мен әлгінде ғана шай ішіп, іле түннен қалған сорпа-суды да талғажау еткем, — деді ол шалқая еңсесін жиып. Шолақ жең қара барқыт камзолының жанқалтасынан көлдей мол орамалын шығарып, әжімді аққұба жүзін, құс мұрнының үстін ақырын сорғытты да: — Ибай-и, сорпа демекші... мәссаған безгелдек, қой мені қой... осы ұмытшақтығым ба?! Ойбай-ау, Құттыаяғыма нәр татырмаппын ғой! Итаяғына сорпа құйып, сүйек-саяғын беріп келейін. Қазандықтың қасына дайындап кетіп едім. Сен, қарағым, еркексің қарпи асап жесейші. Мен қазір қас-қағымда оралам...


Фатиха қария басындағы жаулығын құнжыңдай түзеп, екі ұмтылып: «Ойбай, белім», — дей орнынан созалаңдай көтерілді де, есікке беттеді. Мол етекті көк ала көйлегі көлеңдей желбіреп ауыз үйге шықты. Темір кастрюлдің сылдырлата қақпағын ашқанын, жерден көтеріп алғанын Қуан тесіктен көріп отыр. Әне, ол сыртқы есікті ашып, табалдырықтан аттады.


Айжан неғып кешікті? Қайтатын уағы болды емес пе?» Қуан екі ұрты бүлкілдей қуырдақты біраз еңсеріп тe тастады. Тояттағаннан кейін ғана қуырдақтың неден жасалғанына көзі тоқтады. Дені қарын-құрын, қойдың бас құйқасы, үйітілген төстік, ұлтабар, ащы шек екен. «Иә, қасаптан арзан бәске бере салағын қалған-құтқан де. Әйтсе де қандай дәмді-ей? Пияздап, бұрыштап іш майға қуырыпты. Тамақ пісіруге тіптен шебер-ақ. Сол баяғы үнемшіл қалпы. Қайтсын-ау... Жоққа жүйрік жете ме?! Бірді-екілі қойды сойып әкелсем бе?» — деп ойлады да, Қуан табан асты онысынан айнып, ілкі адамгершілік, өз сезімінен тайып кетті.


Дүниеқоңыздық үш-төрт күнде бойдан арылып, құлантаза болар мінез бе?! Жылдар бойы біртін-біртін сіңген әдет қой. Әдет... Иә, ол тән жарасындай оңай жазылмайды. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады», — дейтін ғой. Бұ неғып Айжанға жұқпады. Әрине, Қуан бұлай ойлаған жоқ.


Жиған дәулетіңді талан-таражға салып, үлестіру оңай. Мықты екенсің, кәне сақтап көр. Рас, сен оның рақатын көріп, зейнетіңе жұмсасаң бірсәрі... Ірі қараның бірін сатып, ел-жер аралаған лазым. Айжан құдай жарылқап, жылы ошағына оралар күн туса, анау Мәскеуде оқып жүрген Нариман балама қаржы салып, не барып қайтпаймыз ба? Айтпақтайын баяғы өзімді госпиталда емдейтін Виктор Петрович сол Москвада тұрам деп хат жазған. Үйден Айжан безінетін күні алғанмын. «Біз де сіздің балаңызбыз, — деп едің, келсейші іздеп», — депті. Биыл жетпіс сегізге толатын көрінеді. «Сен менің Володяма ұқсайсың. Ақжарқын, қонақжай, кеңсің. Мен сені осы мінезің үшін сүйіп қалып едім. Балам, сол кездегідей ашықпысың? «Нариман деген күйеу-балам Москвада аспирантурада оқып жүр», — депсің ғой хатыңда. Біздің үйдің әдіресін неге бермегенсің? Кемпіріміз екеуміз үш бөлмелі жақсы жайда тұрамыз. Мен қазір профессормын. Ішіп-жеміміз мол. Тіпті біздің үйсе жатып оқысын да?! Маған немере емес пе? Денсаулығымды сұрайсың, «посылкамен ет жіберейін бе? — дейсің. Рақмет, ниетіңе балам. Ет Москвада да жетерлік. Денсаулық жақсы Қазақстанға жолым биыл түсетін сияқты. Сондай жағдайдың реті келсе, сендерге міндетті түрде соғамын, балам...» Даладан Фатиха қария кіріп, Қуанның көңілі бөлініп кетті.


— Ойпыр-ой, мына бесқонақтың сылбыр жауыны толастар болмады-ау, — деді тітірене сілкініп қария. Самаурын түбіне жүрелей тізе бүге жайғасып жатыр. — Машинаның ішіне тас түсті ме, қайнамапты ғой...


Ол примустың үстіндегі ақ құманның қақпағын ашып мойнын соза ішіне үңілді де, сылдыр еткізе қайта жапты көйлегінің ұзын, кең жеңі түріле, сіңірлі, тарамыс қолы шалынғаны сол еді; әлгі примустың тетігіне қарай барып қалды. Заматында примустің бүйіріндегі сіріңке қорабындай терезесінен пілтенің көтеріліп, ыстықтың молайғаны аңдалды: қас қағымдай-ақ қимыл, ал, Қуанға осы бір көріністің өзі сылбыр, өлердей баяу сияқтанды. Жүріс-тұрысы ширақ қарияның тіптен кәрілік жеңіп, шабанданып, болбыр күйге түскенін де Қуан жаңа аңдағандай еді. Жаңағы бір «ішіне тас түсті ме, қайнамапты ғой», — деп оның тарыққан үні де Қуанға жат. «Иә, өзі де бұрынғыдай қағылездігінен айырылғанын мойындайды екен ay... Уақыт шіркін де қатыгез», — деп ойлады ол. Сонау Қуан соғыстан келген жылы да Фатиха қария бұған мосқал тәрізді сезілетін. Енді есептесе, отыздың ішінде екенде Ақжарқын, әзілқой тұғын. Бірде жағадағы қаңсыған қара қайығын жамап-жасқап жатқан Қуанды байқамады ма, қалай, өзенге су алғалы бет алған ол аяқ астынан даурыға дауыстап: «Әй, Мәліш бабушка, шошқа Жайық не гони, жардан құлайды. Суға кетеді де пропал болады. Сонсын үлкен скандал, беда кричат қыласың?» — деді.


Күн көкжиектен қылаң берген таңғы шақта даусы жаңғырығып, өзен бойын қуалап баратқанымен ісі жоқ. Иінағашының басындағы бос, темір шелегі сылдыр-сылдыр етіп, ақ көйлегі желбірей, тік жарқабақтан өзі бір қырындай түсе берді. Төмендегі қайраңда тұрған Күні оның кімге дауыстағанын алғашында аңдамаған, еңсесін жиып әрірек көз жүгіртіп еді, екі-үш торайын ерткен ірі шошқаны қызыл жыңғыл шыбықпен қайырмалап жүрген томашадай ақсары қарияны шалды.


Көршілес, қолында келіні, үш-төрт немересі бар сексеннің бел ортасындағы орыс кемпірі... «Ат, айдар тағуға шебер қайран ауыл-ай?!» — деген сонда Қуан еріксіз езу тартып. Еділбай қойындай емес, мәліш аппақ, кішілеу, нәзік. Әлгі қария ауылдастарының әзіл-қалжыңына үйренгеннен бе, мынау Фатиханың сақтандыра «мәліш бабушкасына» мән бермеді, қутыңдай «киш-киш, окаянныс» - деп шіңкілдей, шошқаны жарқабақтан кері қуып жүр. Артем деген шалы өткен жылы дүние салған. Үш баласы да майданда... Ел бұл қарияны құрмет тұтып, сыйлайтын. Күзгі соғымдықтарынан өткелші Артемдікіне»- деп сыбаға беретін. Артемді Қуан да көре қалған; бала жасынан қазақ ішінде өскен ол ел дәстүрін қатты қастерлеп, тілге жүйрік еді. Өзенге қашан келме, Артем уақытпен санаспай арғы бетке өткізіл салатын, сонда Қуан күндердің-күні мен осының орнын басармын-ау деп ойламағаны кәміл. Міне, өзі де енді өткелші...


Әйтсе де Қуан ойы мұнан әрі тұяқ серіппеді. «Мен неге Артемдей елге жайлы, сыйлы емеспін»,- демеді. Оның кішіге «қарақ» деп тұратыны, үлкенге «ағасы», қатар-құрбысына «ау, тамыр», — дейтіндей жылы сөзі көп-тін. Қуан мен Айжанның тойында бастан-аяқ отырып, Жайық казак-орыстарының әнін де салған еді. Жаңағы «мәліш бабушканың» үні ғажап сүйкімді тұғын. Артем де дүниеден өтті. «Беу, ғұмыр-ай...» Балалары сол жылдары майданнан оралған, қазір қалада тұрады. Балалы-шағалы, дін аман деп естіген. Табиғатында тұйық, саяқ мінезді Қуанның о бастан пәлендей олармен араласы жоқ. Рас, Артемнің үлкен ұлы Юрий әскерден келген жылы МТС-та істеді; тәуір механик еді. Алты айдан кейін қаладағы ірі заводқа орналасып, үйін көшіріп әкетті. Сол аз ғана мерзімде жұмыстас болса да Қуан онымен тіл табысып, шүйіркелесіп кете алмағаны рас. Бәрі осының Фатиха қарияның мосқал тартып, қимыл-қозғалысының марғаулығынан ойға оралып отыр. «Иә, кәрілік те күлгенге жақсы...» Қуан ақырын басын көтеріп, көз қиығын ұрлана, самаурын түбінде кеселерді сүртіп алаңдаған қарияға жүгіртіп жіберді.


Көз шіркіннің де уыты бөлек-ау. Бейқам Фатиха қария біреудің өзіне қадала қалғанын денесімен сезгендей жалтақтай түсіп, Қуан жанарын ұстап үлгерді; жігіт ағасы ыңғайсыздана жүзін тайдырып алды. Әйтсе де қария әп-сәтте сабырлы қалпынан тез айығып, асыға, басындағы қақырадай жаулығының тамақ астынан орай тартқан ұшын босатып жатыр. Жалтақтай, төңірегін сәл қарманды да:


- Қуанжан, қуырдақ суып қалды ма? Қайта ысытайыншы... Тіпті жемепсің ғой. Сен Айжанға қарама, өз несібесі қазан түбінде бар, қар-рағым, — деді ол.


— Рақмет, aпa... Мазаланбаңызшы, тойдым...


— Е, қар-рағым, сендерге мазасызданбағанда бұл тыныштықтың маған қажеті не? Тірлікте адамға сергектік керек. Бойкүйез, бейқамдықтан сақтасын, қою тыныштық молаға ғана жарасқан, қарағым. Ошақтың оты өшіп жарығы сөнбесін де. Үйдің сәні — шаңырақ асты толы сәби үні, келімді-кетімді қонақтардың абыр-сабыры. Тілегім осы еді... жете алдым ба, Қуанжан?! Елдің бір кәдесіне жарамай, керексіздігіңді сезіп, еленбеген жаман. Айжан екеулерің ішсеңдер, жесеңдер, қолдарың қалт еткенде төбе көрсетіп тұрсаңдар маған сол жақсы, — деп қария керосинка үстіндегі шүмегінен, қақпағының арасынан ақ шарық жіптей буы бұрқырай бастаған аққұманды орамалмен ұстай түсіріп, самаурын алдына қойды. Қақпағын ашып еселей су құйды. — Тек мазасыздық қанды қара бастың қамына айналып, асқынбағаны лазым. Ел үшін, көп үшін мазасыздық — әз тірлік. Онан қорқып, тұйықталып, саяқтанса ғана адам пендешілікке ұрынады. Марқұм шалым, осы үйдің кісісін айтам да, ылғи: «Әй, Фатиха, анау бағланның етін баламыз үшеуміз жей береміз бе? Көңірсітіп қазан көтергенсін есіктес көрші-қолаң бас көрсетіспей ме екен. Соғымға дейін талай бар. Қой тарылма, шақыр... Елмен бірге таталық, көп болып ырысымызды ішпес», — дейтін ғой. Қатын байғұстың бөтен не ойы, не есебі жүрген. Күйеуі мен баласы қызылсырап қалмасын, сорпа-сулап біразға жеткізейін деген оның тышқан тірлігін шал түсінбейді емес, баяғы қонақжайлық әдеті. И-и, қар-ра-ғым-ай, сөйткен шал да, бала да жалғаннан өтті. Қатқан нан мен қатықсыз қара шай ішсек те күлкіміз бен ойын-қалжыңымыз арылмайтын. Аллау, анау жетпейді, мынау жоқ деген сөз естілмей қаңғыр-күңгір жүруші едік.


— Рас айтасыз, апа... Қазіргі адамдар ғой «жетпей ділеп» отыратын. Бәрі бар. Не ішем, не кием дейтіндей заман ба?!


Қуан еркінен тыс әңгіменің бір ұшы өзіне тиіп кетерін сезіп, қария бастаған сырдың бетін қыздарына, Айжанға қарай қалай бұра жөнелгенін ілкіде өзі байқамады. Адам іштей өзінің әбестігін сезініп, қысылыс тапқанда бүкіл жан-дүниесі тұтас бір қомақты ұршықпен иіріліп тасталған жіптей жүйкеге айналады екен де. Сонсын ол төңірегіндегі қыбыр еткен құбылыстың бәрін терісімен де қабылдайтындай сергектікке жетеді. Кейде сол бейне қатты бұралған домбыра шегіндей де елес береді; сәл дауыс көтерсеңіз, не оқыс жөткірінсеңіз болғаны, қабырғада қыбыр етпей сүйеулі тұpсa да «зың-зыңдай» дыбыс шалмаушы ма еді: Қуан да бұ күнде сондай бір сезімтал секемшіл күйде. Қария әңгімесіне ілесе, еркектен гөрі әйелге тән сөйлеу мақымына ұрынғанын кеш аңдап, езуін жиып алды. Қазақ қатын сөзін айтқан еркекті сыйламай, сырт айналады; оны ұсақтыққа, қасиетсіздікке балайды. Фатиха қария Қуанның табан асты өз-өзінен қуыстанып, үнсіз қалғанын түсінді де:


- Қар-рағым, шай ішсейші... Тамақ та алмадың, — деді кесені ұсынып. Сөйтіп ол баласындай Қуанды жайсыз күйден құтқарып жіберді: дәнеңе де ойына келмегендей. байқамағандай рай танытып, қонағын еліктіре ыстық шайды сораптай ішуге кірісті. — Түу, сен келіп бір жасап қалдым-ау, Тәңірім-ау, жападан-жалғыз отырып шай ішудің өзі-ақ қиын. Талай жыл болса да үйрене алмай-ақ қойғаным. Айжан келді бір жасап қалдым, қарағым. Әйтпесе көршілерге барып, не шақырып шәт-шәлекейім шығатын.


- Тү-у, не дегеніңіз? Рас, айтасыз, апа.


Қария Айжанның қазіргі кешігуін жай қыдырыс, келген ревизорларға қонақжайлық білдіру етіп, елеусіздеу өткізіп жібергеніне Қуан жадырап қалды: «Бөтен ойға жорыма, сенен басқа кімі бар?» — дегендей көңіл кірбіңіне жұбаныш айту ғана емес, жанашырының ақтығына сіңімділігін қоңыр үнімен де, сабырлы да салмақты сөзімен де аңдатып өтті. Қуан көңілінде әйелінің беті бері қарағандай үміт оты оянып, арқасы кеңіп отыр. Үш-төрт күннен бері әйелсіз жалғызіліктіліктен жалығып, әбден жүдеген ол аракідік күрсініп: «Осыдан аман-есен қайта табысар күн туса, ай маңдайына жел боп тимеспін-ау», — деп жүрген. Енді мына қарияның орнықты әңгімесі үстінде, балаларына ақша жібермекке бекініп қалғаны кәміл. Кейінгі жылдары несие соқыр тиыны шетінесе, іші ит тырнағандай удай ашып қоя беретін ғой. Қазіргі кеңдігіне өзі де айран-асыр. Әйткенмен оны ойлап, мінез-құбылысын күйіттеуге енжар-ақ. Әлгі бір үміт елесін жоғалтып алмас үшін сөз төркінін басқа салаға бұра тұрмаққа ойысты:


— Апа, баяғыда мені өлім аузынан құтқарып алған дәрігер турасында өзіңізге айтып ем-ау? Есіңізде ме? — деді кесесін қайыра ұсынып жатып.


— Иә?... — Фатиха қария ойлана көзін жыпылықтатты. Әрине, есінде жоқ. Әйткенмен жүзінде білсем дегендей әуестік бар. Қуанға сонысы да жетерлік, кеп қиналмай сөзін онан әрі сабақтап кетті.


— Виктор Петрович деген... «Менің Володяма ұқсайсың», — деп мені бөлекше жақсы көреді. Москвада тұрады дедім ғой. Сол кісі менің адресімді тауып хат салыпты. Аман-жауабы да келді. Өзі қазір дөй, үлкен профессор...


— Иә, байғұс-ай... Ұмытпаған екен де. Әне, «ұлық болсаң, кішік бол», — деген сол.


— Рас, айтасыз, апа. Кішік жан. Күйеу балам Нариманның сонда аспирантурада оқып жүргенін жазғанмын ғой. «Ол неге менің үйіме түспейді. Сенің балаң, менің немерем емес пе? Кемпірім екеуміз ғана тұрамыз. Келсін», — депті хатында. Не дерімді білмей жүрмін, апа?!


Қуан қарияның «қар-рағым» деген үнінен бір еркіндік, қолдау тапқандай жадырап, қуанып отырғанын көптен мұндай бауырмал сөзді естімей тіптен сағынғанын да жаңа ұқты. Үш-төрт кесе шайды да терлеп-тепшіп рақаттана ішіп тастағанын сезген жоқ. Жағасы жайлау, аяғын бір жағына көсіле, жамбастай жатты. Көптен кісі үнін естіп сырласпағаннан ба, қарияның қоштай сөйлеп, үлкен ілтипатпен тыңдағаны шерін тарқатып желпіндіріп жіберген еді, ол ара-кідік еңсесін жиып, шалқая түсіп: «Рас айтасыз, aпa... дейді де күледі. Miнe, осы кезде есік ашылып, біреу ауыз үйге кірді. Әңгіме үзілді.


Екеуі де жалт қараған, әйтсе де қазандық тұсындағы шаршы тесіктен кімнің келгенін аңдаған жоқ.


— Бұ кім? — Фатиха қария елеңдеп отыр. — Айжантай, сенбісің, қар-рағым?


— Иә, менмін, апатай...


* * *


Айжанның aшуы үш тәуліктен кейін қайтты. Ал, бесқонақтың сылбыр жауыны мен жел-құзы әлі тыншығар емес. Жаңбыр саябырсыса, қара суық ішін тартып тұрып алады; плащының шалғайынан қабаған иттей тістелей жұлқып, сәл ашылған жерден тәніңе суық саусағын жүгіртіп тітірентеді. Жылы үйден, ыстық ауқат ішіп шыққан Айжан қарсыдан соққан желге аса шімірікпей бір қырындап келеді. Жер мол ылғалдан ыбылсып жатыр. Тегі биыл дегдіп, қатпастай қара-қошқыл быламық. Резина етік киген аяғын қай жерге салмасын тобығына дейін былқ етіп кіріп кетеді де, тоңға жетіп кері сырғанайды; тоң бейне айна да, балшық оның бетіне жаққан сабын ба дерсің. Аспан аясы да қайнаған қорғасын көбігіндей қошқылданып тұр. Әр қилы ауыл үйі, ағаш қақпалары, саманнан соққан сұр қақыралардың арасын жалғастырар бәкене шым аулалар үш күнгі жауында, жартымсыз жағылған әктері мүлде жуылып кеткен, қара күрең, айғыз-айғыз. Айжан көңілінің ақ шарқатын да осы бесқонақтың жаңбыры ластап, саталақтап тастағандай ма, қалай?! Еңсесін жаза алмай еңкелеңдеп келеді.


Ертеңгісін өріске малын айдай ауыл сыртына беттеген бес-алты жан бүгін жайдары сәлемдесіп, «аман ба?», «есенбісіз?!» — деп жатыр. Күндегіден үндері де бөлек. ІІІамасы мұның үйінен безгенін кешіріп барады. Адам ылғи да жамандық ойлап, өкпесін ұзақ ұмытпай жүре алмайды екен де... үстелей, қыямпұрыстығыңды тамызықтай тастап отырсаң ғана қырғи-қабақтықтан арылуың екіталай. Әйтпесе келеңсіз қылығыңды адам кешеді. Кекшілдік қылық — жүйке құрты. Білдірмей іштен жеп, тоздырады. Өкпе, наз дегеніңіз де осындай сезімнің төркіні.


Айжан үлкен көшенің бір бүйірінен кеп бастау алған, ащы шектей шұбалған, енсіз, жел-құзсыз саябыр көшеге түсті, етек-жеңін жүре түзеп, есін жиды. Енді бір жүз қадамнан соң шағын алаңға аяғы ілігеді де, дүкенге жетеді. Бұл Қуансыз өмірінің төртінші күні. Айжан үшін төрт жылға бергісіз алақұйын тірліктей еді. Мына ғажапты қараңыз, ол осы жерде ғана өзінің күйеуіне реніші таусылып, іштей аяп келе жатқанын сезініп іркіле берді. «Неге?» Ел алдында өсекке таңып, газетке де жазып масқаралады емес пе? Ауылдастары сыртынан топырақ шашып, жерге түкіргеннен өзге не істемеді? Сонда менің не күйге түскенімді ойлап па?


Мәскеудегі қызымнан басқасы төңірегімізде, олар да ел бетіне қараудан қалса ше? Бәрі де әкесінен көрмейді деймісің? Қатыгез, дүниеқоңыздықтың ақыры бұлай бітуі заңды ғой. Жо-жоқ, күнәкар болмайыншы... Қатыгез емес ол. Дүниеқоңыздығын қайтесің, қалай жасырасың? Айжан шошына жалтақтап қалды: абырой бергенде әйтеуір көшеде көзге тірі пенде шалынбаған. Әйтпесе көшеде селтиіп, жападан-жалғыз тұрғанын көлденең біреу көрсе қайтты, ақыл-естен айырылыпты-ау деуден жүзжанбас.


Ол ақырын жүріп келеді. Әр жерде кезіккен қақ-соққа түсіп кетпейін деп, аңсын-аңдаған жанға ұсайды. «Дүниеқоңыз... Оны кім, қалай түсінеді? Ауқатты тұрғанды жеккөрем бе? Ендеше үйімнен безгенім, қалаға да кетпек болғаным не? Иә, менікі көлденең көзге тойып секіру. Ауыл солай ұғып отыр. Әдірә қалсын бәрі де... Неменеге күйіп-пісем? Аштан өліп, көштен... Тү-у, тағы не деп барам!» — Ол ой үстінде ақырын ілбіп көлденең көшеге түсті...


Енді ештеңе ойламауға бекініп келеді. «Міне, анау көшеге шыққасын тура алаңға тартам. Сол жерде дүкен, әріде аудандық партия комитетінің еңселі үйі...»


— Шырақ, есенсіз бе?..


Айжан жерден басын көтеріп алды; ойы бөлініп, дауыстаған адамға көз тоқтатты. Атжақты, ірі қоңқақ мұрын қарт жанына жақын кеп ақ таяғына қос қолын арта бүкжие қарап тұр. Басында түлкі тымақ, үстінде мол, сырмалай қазақ әдебімен тіккен, жағасыз шапан. Белін әскери төрт елі былғары белбеумен буып алған, теке сақалы желбірей:


— Танымадың ба, қызым? — деді ол.


Кейінгі кезде Айжан бір мінез тапты. Тосын әзілге, не сауалға жауапты бұрын тез қайыратын ғой. Қазір қатты қысылса өз-өзінен іштей тығылып, тілден айырылып мәңгіріп қалады; сонсын былай шыға, ойына ұтымды жауап сөздің не қилы түрі оралып өкінеді. Осы ауылдан жеті-сегіз жылдың төңірегінде Алматыға көшіп кеткен мынау қарияны ертеңгілік ауыл көшесінде кезіктірермін деп күтпегендікі ме; аты да есінен тарс шығып, тұйыққа тіреген еді. Баласы Бекет өзімен бірге оқыған. Ұзын қарасұр жігіт есеп сабағына қабілетті болатын; мектептен соң әскерге алынды. Азаматтық міндетін өтеп қайтқансын Алматыға оқуға аттанды. Әкесіндей емес, маңдайы жазық, дөңгелек жүзді, тілді, өткір тұғын. Айжанға талай мәрте хат жазып, көңілін білдірген: ауыл шаруашылық институтының мехфагінде студент екенін де жазған... «Мені күт...» — деп еді, Айжан Қуанды сүйетінін айтып бетін қайтарды... Хат үзілді. Ұмытпаса, Бекеттің мынау қарт атасы. Өз әкесі майданнан оралған жоқ. Шешесі күйеуге тиіп, қалаға ауысқан. Кемпір-шалдың қолында тәрбиеленді... Қарттың есімі... Қара... Қарабек, жоқ... Қаратай. Иә-иә, Қаратай...


— Неге танымайын, ата... Таныдым, — деді Айжан бұрылып келіп, көрісе қос қолын бірдей ұсынып.


Сәл мұнар тартқан Қаратай қарттың сіңірі, еті қашқан ірі қолын ұстай алғанда Айжан өз атасы ойға оралып, қолқасына ащы жас кептелді: баянсыз әрі-сәрі тірлігі, қорғансыз жетім көңілі, жалғызсырап жүргені өзегін өртеп барады. Бір түрлі атасын көрген мынау Қаратай қартқа мұңын шаға жаздап, өзін шаққа ұстап үлгерді; оның да себебі бар. Ауыл-аймақ мұның немересінің Айжанға іңкәрлігін білетін ғой. Демек, шал да оны сезетіні кәміл. Іштей келініміз болар деп үміттенбеді деймісің деп ойлайды да, олардың алдында өзін күнәлі санайды. «Апыр-ау, бұ кісі ауылға қашан келді? Ағайын-тумаларына соғып, қонақтан жүр ме?..»


— Оһ, айдалайын, таныдым де...


Қаратай қарт баяғыдан «айналайын» дегенді бұзып «айдалайын» дейтін; түк өзгермеген, сол қалпы. Құлаққа жылы шалынар осы бір сөз қазір Айжан жанын сергітіп тастаған еді. Әлі есінде, мектеп бітіріп жұмыс істеп жүрген; ат жеккен екі аяқты арбамен түс ауа Қаратай қарт ферма басына келді. Ферма ауданнан алты шақырым Сарықоға совхозында, пәлендей алыс емес. Үш-төрт кексе сауықшылармен сөйлесіп, соларды соңынан шұбырта ілестіріп, Қаратай қарт шағын ферманың үйіне кірді. Бұлардың менен бөлініп, күбір-сыбырға көшкендері қалай деп Айжан таңдана, іздерін шала үйге бас сұққан, Қаратай қарт қасынан орындық ұсынып, қамқорлай арқасынан қағып: «Айдалайын, Айжантай», — деді. Қамшысымен етігінің қонышын сабалай түсіп, терең күрсінді де:


— Өмір деген де бір бозшолақ атты боқ дүние ғой. Оның өткелі бұзылмайды, күттірмейді. Айжантай... Зырқырап өтіп жатқаның сол. Міне, сен де ес біліп, етек-жеңіңді жидың. Біреуге — үлкен, біреуге — кішісің. Мынау апаларыңның да саған дегенде қоярға жандары жоқ. Ақылды, сабырлы бала десіп отыр. Мен сенің осыныңа үміт артам, — деп тоқтады. Етік қонышына тынымсыз тырс-тырс тиген қамшы да кенет, бір сәтке жансыз күйге түсіп тыйылған, төрт өрменің жыланбас ұшы ағаш еденде созыла, ирелеңдеп жатыр. «Мына кісі не деп барады? Өмір — баянсыз дей ме? Өткелі несі?» Қаратай қария сақалын тарамдай сипап, тамағын кенеді. Айжан көңілі бөлініп кетті. — Айдалайын, бәріміз де пендеміз. Жарық дүниенің қонағымыз ғой, қарағым. Біреуге ерте, біреуге кеш келеді уақыт бейбақ, қайтеміз алла әмірі солай... Балам, атаңның сағаты болды...


Ертеңгісін жұмысқа кетерде атасы «басым ауырады, қайтеді», — деп қалған: Айжан оған пәлендей мән бермеген де, сәл-пәл тымауратып отырған-ау деп ойлаған. Талай мәрте естіген сөзі. Кешкісін жұмыстан оралғанда шайдікі білем, пәтшағар құрыстауын қойды-ей», — дейтін. Бүгін: «Ата, мен жұмысқа бармасам қайтеді?» — дегені де есінде, қария күлімдей: «Үйреншікті тірлік қой. Алаңдама, жаным. Қазір-ақ тұрып кетем», — деп есік көзіне шекті шығарып салған еді.


«...Сағаты болдысы» несі? Өлгені ме? Бақылдаса алмадым-ау»... Айжан көзінен жастың қалай ытқып-ытқып кеткенін де сезбеді. Дауыс шығара алмай, түсі қаша селт етпей қалған; сонан кешкісін егіл-тегіл еңіреді. Мынау міне, сол қарт.


— Иә, Қуан, балалар аман ба?


— Аман, аға... Шүкірміз.


— Бәрекелді, айдалайын. Елді сағынып, қонаққа келдім. Ертең жүрем. Бекетжан да, кішкентай немерелер де аман. Қалалық адам боп кеттік, иә...


— Әбден жақсы...


— Ал, аман бол, балам. Сіздерді осылай бір көргеннің өзі бізге бір ғұмыр. — деп Қаратай қарт ілгері жүріп кетті.


Айжан үйіне шақыра алмағанына өкіне, соңынан қарап тұр. «Қайда, қалай қонақ етем? Өзі де менің қазіргі жағдайымды тума-туыстарынан естігенді де... Әрине Алматыға барғансын Бекетке де айтады. О да аяған сыңай танытып: «Ей, бейбақ-ай», — дер, мүсіркер. Көңілінде маған тимегенде тапқаның жетістіріпті дегендей табалау, тоқмейілсу де жатар. Мейлі ғой...» Айжан осы жерде еріксіз Қуанды ойлап, бір түрлі оның да намысын жыртып аяп кетті. «Бәрібір Қуан мен үшін сенен... Бекет маған жақсы. Сүйгенім рас. Ол сен білгенде қандай еді? Есіңде ме? Ақжарқын, көптің сыйласы болатын. Кездескенде күлдіргі әңгіме айтып, езу жиғызбайтын. Талай рет жарақаттанып, сан қилы ауруханаларды адақтап жүргенде естіген әзіл-қалжыңдарын қалай жыр ғып жеткізетін. Рас, қазіргі Қуан бөтен...» МТС-те — Қуан, фермада — Айжан. Кешкісін бастарын түйістіріп, қара нан мен шай ішсе де мәз күндер өтті. «Неге өтті?»


Ол бұрылып ілгері жүріп келеді. Жаңағы шал көңілін әлем-жәлем етіп, күйеуіне деген бұрынғы бір ашу-ызасын ұмыттырып өзгеше арнаға түсіріп жіберген тәрізді. «Оу, неге өтті? Өлген ешкім жоқ. Бармыз... Тіріміз. Қуан мені сүйеді. Кеше кеш, Фатиха қариянікінде: «Кешір мені, Айжантай. Мен сенсіз өмір сүре алмаймын», — деп еркек басымен көзіне жас алғанда не істерімді білмегенмін. Оған да шүкір... «Жазығым не? Өлтірсең де айтып өлтір. Иә, газет жариялар-ау деп ойламағанмын. Адастым. Фронтовик досым ғой деген үмітпен ол итке шағынғаным бар. Арызбен әйел бетін қайтарам деуім бекер екенін түсіндім. Ашу — дұшпан не істетпейді. Үйге қайт. Міне, әкемдей болған, өлімнен алып қалған Петровичтан тағы да хат алдым. Екеуміздің атымыздан жазғанмын, соған жауабы. Нариманды біздікіне жібер, сен маған балам болғанда, ол немерем емес пе?!» — дейді. «Жолым түссе, хабарлап мазаламай өзім соғам», — депті.


Тегінде мен қатты адаммын. Ішім қанжылап тұрса да, бедірейіп: «малың мен үйің иесіз ғой. Бар. Қайт... Жетер осы қорлағаның да», — дедім емес пе?! «Екеуің де тілеулерің алдыңдағы азаматсыңдар. Балалықтарыңды қойсаңдаршы. Айжантай. Анау естияр қыздарыңның жағдайын ойламаймысыңдар. Осыларың не жүріс», — деп Фатиха қария мені Қуан кеткеннен кейін біраз жерледі. Мен оған да илікпедім. Әйтсе де әлденеге өкініп, түнімен кірпік ілмедім. «Бәрі неден болды? Иә, екеуміз қосылғансын көп кешікпей әке, шеше аталдық. Етіміз үйренісе келе елге еліктеп дүние жидық. Бірде Қуан ойынды-шынды қалжыңдап: «махра» көбейді ме? Анау жетпейді, мынау жоқ дей беретінсің, енді қалай?» — дейді бес метр алабажақ сәтен әкеліп.


Орыстардың көйлек-көншекке әуес әйелдерін келекелеп: «махра; жинағыш дегенін естігенім бар. «Махрасы » — мата. Айжан аяқ асты ашуланып, «махраның» балаларына қажеттігін айтып, үйдің тарлығын, сауын малдарының жоқтығын Қуанның бетіне салық етті. Балаларын фермадан майы алынған көк сүтпен асырап келе жатқанын да қалдырмады: «Ошақ басыңа пайдаң жоқ, қырсызсың. Өзіңдей елдің ер-азаматы дөңгеленген шаруа», — деп тынды. Көп кешікпей Қуан МТС-тан кетіп, өткелші болатынын айтты. Тыным-тыныштық таппай өзеннің арғы бетінен, орман ішінен жер алып үй соқты. Бұл сөзін өткізгеніне, жеңіске жеткендей қуанды. Мал басы да құрала бастады. Күздікте қасапқа мал айдағандармен тіл табысып, тоқтысын қойға, баспағын сауын сиырға айырбастады. Кімге пұлдылау ғып өткізсем деп жүрген тай-өгізінің қазығы босап тұрған, онысы да желіні жер сызған көрші колхоздың сиырының орнына етке өтті. Боталы інгенді Алматыға көшкелі жатқан Қаратай қарттан арзан бәске алып, ол кейін төртеу болды...


Ой үстінде дүкенге қалай тез келіп қалғанын аңғармаған Айжан басын жерден көтеріп алды. Есік құлыптаулы, әлі Саламаттар жоқ. «Апыр-ай, бұлар неғып кешігіп жатыр». Ол сағатына қарады: «сегізден бес минут өтіпті. «Тым ерте шығыппын-ау. Қой, оларсыз есік ашпайын, есеп-қисап біткенсін болмаса, қазір көңілдерінде секемдік туар. Мынау не?» Айжан есіктің қасында жатқан бос, ескі ағаш шерені қабырғаға сүйеп қойып, соған жайғасты. «Жазығым не?» — деді-ау. Манағы бір ой тағы да сан түрлі шиырға бастап жөнеді. Баяғыда осындай бір сауалын аяқ асты Қуанның қойып қалғаны бар. Ол кезде төрт құбыласы түгел. Оған әнебір мән бермегені анық. Той-томалақ, шілдехана, мүшел тойдың көп уағы ғой.


Соғыстан кейін, елдің есін жиып, еңсесін көтерген шағы. Қонақтықтан әлекейдей аңқылдап шығып, қаңыраған түнгі ауыл көшесін ызы-қиқу күлкі, әзіл-қалжың, шалқыған ерке әнге тоғытып жіберуші еді. Қыз-келіншектің ортасында — Қуан, жігіт-желең арасында — Айжан. Үйден шыға өздерін қошеметшілердің қалай бөліп әкететінін әлі күнге Айжан түсінген емес. Кейде Айжан қимастай, бір асыл дүниесін кешеде ұмыт қалдырғандай да болатын; онысы — Қуанның ғаламаттай әзілқой, ақжарқындығы тұғын; құлпыра күлімдеп, қалжың әңгімені бірінің соңынан бірін ізін суытпай төгілткенде елді үйіріп әкететін сондайда ол әйелге тән аңғалдығымен үйге келгенде жаңағы шадыман күйді жоқтай, әрі оны тап басып айта алмай қиналатын, бір жағы күйеуінің оқтау жұтқандай сіресіп үндемегеніне қынжылып:


— Әй, сен неменеге тымырайып жүрсің? Біреудің әйелдері мен қыздарының алдында желдей есіп, ернің-ерніңе жұқпайды. Құдайдың жоғын тауып айтып, езу жиғызбайсың. Сыртыңнан байқастап келе жатып: «Апыр-ай, мынау бұрынғы Қуан ғой. Шын сол ма?» — деп еріксіз таңдандым. Іштей сүйіндім де, қызғандым да. Қазір міне, сенде соның бірі жоқ. Кәне, маған да сырыңды жырдай ғып шертші. Мен олардан кеммін бе? — деді.


— Саған ба?


— Иә, маған. Е, оған неменеге таңдандың-ей? «Саған басы» несі!


— Сен тыңдаймысың?


— Е, неге тыңдамайым, — деп төсек салып болып, күйеуіне таңырқай бұрылды. — Өзге қатында бар құлақ менде жоқ па екен?


— Саған қайтып айтам? Аузымды ашсам болғаны, қақпайлап жыртық шалбар, балалардың киімі, малдың пішені, сыпырғыш, «ет пен май, шай, қант, көйлек-көншек те жоқ бұл үйде», — деп сарнап қоя бересің. Адам кейде тұрмыстың кәкір-шүкірін ұмытқысы келетінін сен ойламайсың. Соны тауып алып, көлденең тартасың. Әзіл-қалжыңның да сиқырлы әңгіменің де тамызығы — желпініс, шаттық. Кебек сөз араласқансын-ақ көңіл жүдейді. Жаңағыдай сенің жарапазаныңнан кейін қайтып күлкілі жайды шертесің...


Күйеуінің мына сөзіне қапелімде орынды жауап қата алмай, іштей мойындағандай сәл күмілжіп:


— Қой әрі, құр далбасаңды! — деп шоршып түсті. Әйел біткеннің қарсы шабуыл — ұтыс кепілі дегендей рәсімімен: — Жас иіске көзім тоқтап, әуейіленіп жүрмін десейші...


— Айжан...


— Кетші әрі, — деп тынғаны есінде. Енді ойласа, Қуан өзгерісіне өзінің де аз кеселі болмапты. «Ақжарқын райынан тез қайтып, тұйық күйге түскенде неге ойланбадым? «Жазығым не?» — дегенді талай айтып еді ғой. Неге дұрыстап бір сөйлеспедім? Кешегім де жөнсіз, артық сөзді асырдым... «Малың шығынданса жаның шығар», — дедім-ау. «Ірі қараның бір-екеуін сатып, Мәскеу барайық. Жер көрелік те», — десе онысы айып па?»


— Oу, Ай-еке, ұйықтап кеттіңіз бе? Бұ жерде неғып отырсыз? — деді тосын еркек үн.


Айжан жалт қарады. Алдында Саламат тұр. Күлім-күлім етеді. Дүкен есігі ашылған.


— Қатты ойға кетіпсіз... «Айжан» деймін, «Ай-еке» деймін естімейсіз. Есенбісіз?


— Шүкір...


— Жүріңіз, ішке кірелік. Міне, қызық, — деп Саламат басынан қалпағын алып, жол бергендей қолымен есік көзін ишаралап тұр.


Айжан етегін қағына орнынан тұрып, есікке бет алды.


* * *


Дала азынаған жел. Үйден шыға іркілген Қуан өзен беттен соққан ызғырыққа алаулаған жүзін тосып қалды: қара-көк мұнайдай қоймалжың түн жанарын жауып, ашылар емес. Қарыс қадам аттаса осы қазір шыңырау түбіне құлдырап жөнелердей санасында секемдік, үрей бар. Әне, қою қараңғылықтың етегіне ине жасуындай бозаң сәуле ілінді; міне сол біртін-біртін жайылып сұрғылттана берді: үңірейіп ең әуелі аула төріндегі қора, сонсын шиқ-шиқ етіп, топсасы даттанған қақпаның кісі кіретін есігі желмен тербеліп, қылаңдайды. Көзі қараңғылыққа үйреніп, аяқ-жолын әбден шалғандай болғансын ол ілгері жүрді. «Мейлің, білгеніңді істе... Еріңді бауырыңа алып тулау өзіңе ұнаса не шара. Өмірі тірі пенденің...»


Арсылдай ұмтылған сары қаншықтың ащы үні селк еткізіп, ойын бөліп жіберді. Қуан бұл үйде иттің барын мүлде ұмытқан, жаңа ғана Фатиха қария қақпа сыртына дейін шығарып салайын дегенде: «салқын тиер, апа, қайтесіз?!» — деп мазаланбауын өтінген; сонда мынау сары қаншықтан сезіктенген екен ғой. Қуан тісін ақситып балақтан ала түспек боп, төніп қалған итке жалт бұрыла қараған, анау кейін ыршып кетті.


Шамасы әлденемен ұрар деп жасқанса керек. Оу баста қолы батып, ығыртып тастағаны хақ. Хайуан екеш о да жәбір-жапа, таяқты санасымен емес терісімен сезіп беттей алмай арсылдап тұр. «Айжан әнтектігімді кешпеді-aу деймін. Қалай ғана тез ұмытсын. Тіпті жаман сары қаншықтың қылығы мынау, қатынға не дауа?» Қуан сары қаншықтың екі қадам жерде, құлағын жымып, желке жүнін күдірейте шажылдап кеп үргеннен өзге бітірері жоқ, дәрменсіздігін көріп бір түрлі аяп кетті.


Адамға осындайда орынсыз ой келеді: «Кешірімді мен Айжаннан емес, мына сенен сұрасамшы»... Ол еркінен тыс елжіреп, плащының жанқалтасына қолын салды; еш үмітсіз, далбаса тірлік. Әйтеуір бірдеңе беріп, сары қаншықтың бір ашуын қидырсам дейді. Хайуанның да, адамның да бетін қайтару оңай, өзіңе деген сеніміне ие болу — қиын: добалдай қолының баданадай ірі саусақтарына ұсақ тиындар, сары жапырақтай судыраған қағаз бір сомдықтар іліне берді: сапырып, уыстай тастайды. «Әрине, бұлардың саған қадір-қасиеті жоқ. Әйтпесе алақаныңды толтырар едім-ау. Адам шіркін ғой, мұны кісілігіне де, күштілігіне де, серілігіне де жұмсайтын...» Қуан бір сәтке күні бүгінге дейін өзі де байлығын рақатына жаратпағанын ойлап, көңілі әлгіндей болмай, жүдеп қалғанын сезінді.


Дүниеде пендешілігін мойындайтын да, қыңырайып қиыс кететін де кісі бар, әйтеуір қолдан келсе бойындағы кем-кетігін басқаға аудара салуға бейім, өзінікін ақылдылыққа саятын да адам аз емес. Өткелшіде сол соңғы мінез мол еді: «Ақша құдіретін Айжан екеуің білмей-ақ өтерсіздер-ау. Біреуің тым — ақжүрексің, бірің — санасыз хайуансың. Менің қазіргі күйімді түсінсең бұлай шабалақтамас ең... Әй, тәңір атқыр-ау, сонау көктемде көк мұз үстінде, еш дәрменсіз ығып бара жатқанда мен көз қиығыма ілмесем қайтерсің? Мен емес не ажал аузынан суырып алған? Жанарыңды жыртып ашып та үлгерместен тұңғиыққа батып, ендігі сүйегің де қурап жататын. Мен сені мұздан көтеріп, биялайыма тығып жылытқам. Азуыңа саусағымды сынастай сұғын, көмейіңді үрледім. Жылы сүт тамыздым. «Құттыаяқ», — деп үш мәрте айқайлап атыңды қойдым... Соның бәрін әп-сәтте ұмытып, менің бір ашуымды кешпей үрісің мынау. Бүйтпесең санасыз хайуан болармысың...»


Өткелшінің үн-түнсіз, өзінен көзін алмай қадалып тұрғанына таңданды ма, жоқ әлде қарсылық көрмегенсін үре-үре қажыды ма қалай: құйрығын жымқыра шоқиып отыр. Басын қисайта қарап, Қуан сәл қозғалса ыр-ыр етіп айбат шегіп қояды. Плащының бар жанқалтасын адақтап, жігіт ағасы енді костюмын қармана беріп, аңыра қалды; жанары жарқ етіп, күлімдей:


— Әй, Құттыаяқ, аузың неткен салымды, ә?! — деді. — Тү-у, бәтшағар тарс есінен шығып кетіпті ғой. Ертеңгісін алақандай нанның бетіне қойдың тоңазыған құйрық майын қыл елідей ғып кесіп салып, ашыққанда жүрек жалғағалы қағазға орап едім. Miнe, енді тәңірі жарылқасын, саған бұйырыпты. Ойлап істесем де бұлай болмас...


Сары қаншық айбат шегіп, ырылдауын қойған: «Мынау еңгезердей неме тағы не істегелі тұр», — дегендей секемдене орнынан көтеріліп, танауын желге дөптеп иіс алды. Қуан сытырлата қағаздың бүктеуін жазып жатыр. Қол басындай қойдың құйрық майы мен нанды жерге, Құттыаяқтың аяқ астына лақтыруға обалсынып:


— Мә, жей ғой, күшігім, — деді.


Сары қаншық ол күткендей құйрығын шипақтатып еркелеген жоқ. Төңірегіне жалтақтай шегініп, ырылдап тісін ақситып айбат шекті, мосқал жан онысынан қаймықпай жақындап келеді. Адам көзінің уыты, қандай қабаған деген иттің пысын басады деп бекер айтпаса керек. Құттыаяқ шоқиып отырып алды да, үргенге бергісіз, әлдебір дәрменсіздіктен қыңсылап, жаланып қойды. Жел жағынан жақындаған өңкиген ірі, наркес жігіттің қолындағы май иісі қолқасын жыбырлатып, сілекейін шұбырттырып, жұтындырып қалды. Жіпсіз байлап, жігерін құм етіп, құлқынын мүлде билеп үлгерген еді. Бармақ басындай жылтыр қара, шырын тұмсыққа дәмді тағам тақалғанда сары қаншықтың тағаты таусылды; ашу, кек орнын — ашқарақтық жеңді. Қуан қолынан аса бір үлкен ептілікпен нан мен майды жерге түсірмей қақшып, құйрығын бұлғақтатып қаужаңдауға кірісті. Өткелші мұнан әрі Құттыаяқтан ілтипат күтпей, сеніміне не болғанына көзі енді жеткен жандай бұрылып, қақпаға қарай бет түзеді; қайырылып соңына көз де тастамады. Өзеннің жарқабағына жақындағанда өзінің хайуанның желкесінен, басынан сипамағанына өкінді; әлгі бір әзірде құйрық майға тұмсығы тигенде ол бейбақтың айбат шегер дәрмені қалмаған сәтін жіберіп алғанына ренжіп келеді. «Иә, Айжан сары қаншық ғұрлы болмады-ау, сыйлағанды білмеді. Тағы да бетбақтырмады. Уа, не жаздым-ей?!» — деді ол, жарқабаққа жете күшейе түскен жел өтінен ықпай тоқтап. Өңір ілгегін іліп, плащын қаусырынбағанын жаңа байқады; ілкіде жылы үйден шыққандікі ме, далада пәлендей суық сезілмеген еді. Бойы тоңазып, құрыстанса да, өңір ілгектерін салып қаусырынбай: «Ей, тәйір қайтер дейсің», — деп тұр. «Анау арғы беттегі орман үстіндегі қалың қара бұлт тегін емес. Бұйра жалданып, егегі жер сыпырып келеді ғой?! Сілбіреп таңға шекті егілетін-ақ шығарсың», — деп ойлады Қуан жарқабақтан бір қырындай жағаға түскелі ыңғайланып. Сірескен жарақат аяғын ақырын алға тастап, тиянақ, тірек іздеп төмен жылжып келеді. «Міне, қара қайық та жақын...» Болмашы толқыннан тербеліп, лықсып жағаны сүзіп ойнайды. Қайқы, сүйір басы әнтек көтеріліп, іле кейін серпіледі. Қуан еңкейіп, ысылдап-пысылдап қайықтың шынжырын шылдырлатып, кілтін ашты да, салдырлатып үстіне тастады; үлкен бір іс тындырғандай еңсесін жиып, жарқабаққа көз жүгіртті. «Міне, ғажап... Жұдырықтай боп қараңдап Құттыаяқ тұр. Соңымнан ілесіп келген-ау, ә?! Кешкені ғой... Шәуілдей үрмейді де, онысы несі? Шақырсам ба?!»


Тік жарқабақтың үстінде — сары қаншық, төменде қара қайықтың қасында — жігіт. Әлгінде орман жақтан көрінген қалың бұлт алашұбар аспан аясын көмкере жауып жылжып келеді. Қуан жалтақтай көкке бір, итке бір қарай берді: әрі қуанып, әрі кетіп қалмаса игі еді, — деп үрейленіп әлек. Рас, осы қазір бар жан-дүниесімен көз жазып айрылмасам деп тілейді.


— Құттыаяқ! — деді ол өзен бойын жаңғырықтыра дауыстап. Үнінде пәлендей сенім болмағанмен, әлдебір қуаныш, шадымандық сезіледі.


Сары қаншық шоқиып отырған, елеңдей орнынан ұшып тұрды. «Маңқ», — етіп бір үрді де, құйрығын бұлғақтатып, ұмсынып қап іркілді. Жаңағы дәмді тағамның кесірі ме, жоқ жігіт жанарынан өзінше ұққан бұрынғы, күшік күніндегі жылы ілтипаттың құдіреті ме, кім білсін; әйтеуір бір тылсым күштің жағаға тарта бергені ақиқат. Өткелші шақырар-ау деп күтпегені де анық; дауысты құлағы шалғанда қибыжықтап, қуанса да жүгіре жөнелуге жүрегі дауаламайтын тәрізді. Үре түседі де, аяғы қимастықпен қыңсылауға ұласады.


— Күшім... Күшім-ау, — деді Қуан баяу күбірлеп.


Сары қаншық жігіттің осынысын естіді ме, қалай, жарқабақтың түйетайлы жерінен құлдырай төмен домалады.


Қуан да оның мұндай қылығын күтпеген, қарсы жүрді. Құттыаяқ келе арсалаңдай секіріп, шәуілдей үріп, қыңсылап шырқ айналып жүр. Жігіт те талай жыл көрмеген итімен енді табысып, сағынысып қалғандай құшағын жайып қалбалақтап жатыр. Қалың жауынның алды селдірей су бетін сабалап өткенде екеуі таңданғандай аңыра іркілген еді. Қуан өзінің ерсі қылығын енді сезгендей жалт бұрылын кеп, қайықты тұмсығынан көтере, шірене итеріп суға түсірді. Өзі мініп:


— Құттыаяқ, кә!.. Кел, үйге қайтайық! — деді. Кәдімгі бір адам тілін түсінетін жанмен сұқпаттасқандай әңгірледі.


Сары қаншық қипақтай тыпыршыды да, секіріп қайыққа түсті. Өткелші ескектің бірін алып, ұшын жағаға тірей итеріп жіберді. Плащының су қағарын киіп, қаусырына ілгектерін асыға салып жатыр. Құттыаяқ қайықтың үстінде де тыным-тыныштық таппады. Қуанның аяғына оралын, секіріп қолын жалап, жүгіріп қайықтың басына шығып, аракідік шәуілдей үріп те қояды. Онысы: «Мені көрдіңдер ме? Қайыққа міндім ғой. Өз үйіме қайтып барам», — дегені тәрізді. Қуан бұрын қолын жаласа жиреніп, тыжырынушы еді: бұ жолы өз-өзінен кеңкілдей күліп: «Ей, бәтшағар, сағынған екенсің де...» — дейді.


Қара қайық өзен ортасына жеткенде жүген құрық тимеген құнандай тулап, күрең толқынды тұмсығымен сүзе ақ езулене жөнелді. Еңсегей жігіттің құлаштай тастап, шірене тартқан ескегінің қалақ басы қара сия су бетінде қозы құйрық бұйра толқынды, иіріп тастап, иіріп тастап барады...


* * *


Ақыры дүкеннің есеп-қисабы да бітті. Абырой болғанда бәрі де ойдағыдай өтіп, әдеттегідей жетімсіздік, кемкеттік табылмады. Іс-қағаздары да дайын. Жаңа, ескі дүние сөрелерге қайта жиналып хатталды: мосқал Қайсардай емес, Саламат санақ ісіне зерек. Майра мен Қайсар «мынау приходной ордер қайдан жүр?» деп, әлденеден секемдене қалса, «тоқтай тұр, ол облпотребсоюздікі ғой», - дейді де, дәл тауып орнына жайғайды: рет санын, уақыт мерзімін тыңғылықты тексеріп, жауапкер жандардың қолтаңбасына шекті салыстырып шығады. Бір әңгіменің иінінде Қайсар: «Әй, Саламат, жап-жас боп осынша мұқияттылықты, есеп-қисапқа жүрдектікті қайдан үйреніп жүрсің», — деп шын таңданғаны да бар. Қазір ойласа Айжан Саламаттың іскерлігінен, асығып-аптықпайтын сабырлылығынан талай тәлім алыпты. Алғашында оның әрбір ескертпесі көңіліне тиіп, сәл реніш туғызғандай да еді; үйренісе келе өзі түсінбей, не салақтықтан тастай салған қағаздарының бірі де жоғалмай кәдеге асқанына шүкірлік етеді: мұнан былай сақтықтың, ұқыптылықтың қажеттігіне көзі жетіп, қуанып та жүр. Әлгінде аудандық тұтынушылар қоғамы басқармасының председателі келіп, санақтың дау-дамайсыз, жақсы өткенімен құттықтап кеткен еді. Ол облыстық уәкіл — Саламаттың жергілікті Қайсардың, Майраның қолдарын қысып рақмет айтты. Әсіресе Айжанға ырзалығын білдірді.


«Есеп-қисап бітті, ендігі жұмыс Айжанның өзінік» — демей Майра дүкен ішін жуып-сүртісіп, ауыр жүктерді Саламат пен Қайсарға көтертті. Түс ауа дүкен іші реттеліп, ертең сағат тоғызда ашылуға дайын болды. Ортадағы стол жанындағы орындықтың біріне сылқ етіп отыра кеткен Қайсар:


— Уф... Мен біттім. Әбден қалжырадым, — деді.


— Сіздерді білмейім, ал менің ішегім шұрқырап, қарным ашты.


— Әй, Саламат, ішегің шұрқыраса анау аяғыңның астындағы былғары сөмкені бері ал, — деді Майра сәт арасында үні бір түрлі бір биязылық тауып, қоюлана қалып. Сонсын басындағы әр тініне күміс жіп жүгірткен қызғылт күрең орамалын шешіп, есікке қарай қағып-қағып жіберді де, әлгіні мойнына бос салды. Жүріс тұрысында, қимыл-қозғалысында еркіндік сезіледі, шамасы бүгінгі дастарқан мәзіретін, сый-құрметтің қожалығын өзі алып, дайындалып келгені аңдалады.


Жаңа дүкен ішін жинастырып, ыдыс-аяқтардың шаңын сүлгімен сүрткен кезде жұқа, күлгін түсті жұмыс халатын киген; оны шешіп оқшау тұрған орындық арқалығына көлденең тастағанда үстіндегі қынама бел, жасыл барқыт, ұзын жең көйлегі көрінді. Бұл күндері әйел біткеннің арманына айналған, сәні есепті матадан тігілген көйлекке Қайсар көзі сұқтана қадалған: «әй, мынау велюрді қайдан тапты-ей?!» — деп ойлады. Әйтсе де еркек басымен қызылшылдық танытып, сұрауға ұялды. Әбден сүртіліп тазаланған прилавканың үстінде аяғын төмен салбыратып отырған Саламат секіріп түсіп, жердегі былғары сөмкені столға шығарып үлгеріп еді, Майра:


— Әуелі газет жайсаңшы... Сонсын ішіндегісін бір-бірлеп шығара бер, — деді күлімдей.


Әйел жаны сезімтал-ау. Саламаттың мына сәнді көйлегіне көзі түспегеніне көңілі сәл қоңылтақсығанмен, Қайсардың сұқтана қалғанына қуанып кетті. Әр күйініштің — бір қуанышы бар деген бекер емес-ау. Ол енді қара көзі жылт етіп, жалтақтай Айжанды іздеп қалды. Өзіне тиесілі іс-қағаздарының бір данасын дүкеннің бұрышындағы сары сырмен боялған сейфке салып Айжан кілттеп жатқан. Оның үстінде жеңі шолақ, тықыр қара көйлек астынан қайырма жаға, ұзын жең қызыл жібек жейде киіпті, аяғында қара резина жылтыр етік. Тоқ балтырына қонышы жарасымды қабысып, көйлектің етегінің астынан көз тартады. Қара шашын жылмита, кейін қарата тарап, бұрымын тостағандай етіп желкесіне үш орап түйіп тастапты. Бері қарай жүре түсіп еді, аппақ мойнына таққан жіп-жіңішке алтын шынжырлы, қызғылт жақұт тасты — бойтұмар дүкен ортасындағы үлкен шамның жарығынан жылт-жылт eтe түскенде Майраның жайлау көңіліне ұры мысықтай өкініш кірді: «Қап, әттеген-ай... осындай баулы, янтарым бар-тын. Ұмытып кеткенімді қарашы», — деп ойлап үлгерді. Айжан да тегі құрбысының жүзінен белгі берген болмашы кіреукені шалып қалса керек; оның түсінігі басқаша сезілді:


— Мәке-ау, мынау біткен істің жауапкері өзім емес пе? Қуанышымды сен жумақ болғаның қалай?! Неге мазаландыңыз?.. Іргедегі дүкенге жүгіріп барып әкеле қояйын да, — деді ол Майра іштей шығынданғанына өкініп тұр ма дегендей кіре-берісте шегеге ілулі плащын қолына алып.


Ертеңгісін ашық аспан сәскелік нілдей бұзылып, жауын сіркірей бастаған еді. Дүкеннің үлкен төрт терезесіне тиген жаңбыр тамшысы тырс-тырс етіп жатыр.


— Сен, Айжан, сәл сабыр ет. — Майра көйлегі көлеңдей қасына келіп, Айжан назарын өзіне бұрды. Көз асты болмашы көлеңке үйіріп, қалталанып кетіпті. Жүзі де солғын, кәдімгідей қажығаны сезіледі.


Иә, ол өткен түн бір мігір таппай шыққан. Жақында сойған қойының сүбелі жерінен ет пісіріп, қонақ-қопсыға деп сақтаған қазы-қартасын, тіпті тұздалған қияры мен бауырсағына дейін таңға жақын дайындап, сөмкесіне салып үлгерген де төсегіне киімшең құлай кеткен; сонан ұйқылы-ояу, әрі-сәрі күй кешіп сағат сегізде орнынан көтерілді. Самаурын қойды, азын-аулақ малын жайлап, өріске айдап тастады; мектепке баратын балаларының тамағын берді де, енді бүгінгі кешке киетін мынау көйлегін үтіктеді.


Әрине бұның бірде-бірін жігіттер де. Айжан да білген жоқ. Күтпеген де жайлары. Майраның өз есебі өзінде. Түсіндірмесе, айтпаса олардың да не ойларын кім біледі?!


— Мәке, неге үндемей қалдыңыз? Мына велюр көйлегіңіз өзіңізге ғажап қонымды екен, — деді Айжан сүйіне қарап.


Майра көңілі бөлініп кетті. Мақтағанды бөтен көретін әйел баласы болса ше?! Шаршап-шалдыққанын да әп-сәтте ұмытып, әлгінде ғана сұрланған жүзі бал-бұл жанып жүре берді; іштей осындай бір мақтауды күтсе де, естіген кезде тосын шалынып, кәдімгідей ыңғайсыз күйге түсірді:


— Ой, сен де айтасың-ау, Айжан... — деп күмілжіді.


— «Ағаш көркі — жапырақ, адам көркі — шүберек» демеуші ме еді, Мәке. Велюрсіз де өз көркіңіз көз тояттарлықтай ғой. Әр нәрсенің де өз сәні бар. Шебер қолдан шыққанына таңданғаным еді де. Кім тікті?..


— Е, тәйір-ай... Ептеп-септеп өзімнің домбайлағаным ғой.


— Е, домбайыңыз мынау болса, шабыттана тіккеніңіз қандай? Ендеше мені де ұмытпағайсыз, Мәке, — деді Айжан Майраның алды-артына шығып, сұқтана көйлегінен көз алмай айналшақтап. — Ғажап...


— Оу, ағайын, енді қашан отырамыз? Шегіміз шұрқырап өлер болдық ғой-ей... — Саламат үні шыдамсыздана, үздіге естілді.


Ортадағы стол үстіне әспеттеп газет жайып қойыпты.


— Әй, Айжан, шынында да біз екеуміз... пәлі ұят-ай. Кәне, сөзді доғаралық. Сен дүкенге барам деп дікектеме. Анау былғары сөмкедегі жетеді, — деді де, Майра Айжанды әй-шайға қаратпай қолтықтай столға беттеді.


Ақ көйлегінің жоғарғы ілгегін ағытып, қызыл-күрең галстугін босатты да, Саламат былғары сөмкенің ішіндегісін шығара бастады. Сарғыш, жұқа қағазға оралған қой еті, майлы қазы-қарта, бөдене бауырсақ, пластмас дорбаға салған тұздалған қияр, қант-мәнпәсиге дейін төбе көрсетіп, стол үстінде сән түзеп жатыр. Қайсар көзі тағамда. Бүгін ол галстуксіз, тамақ ілгегі ағытулы тоқыма көйлек киген екен. Еркінен тыс тамсана түсіп, жұтынып еді — жұтқыншағында қоянтобықтай дөңес әрлі-берлі сырғанады. Саламаттың қолы былғары сөмкеге кірген сайын әйтеуір «бір олжасыз» оралмайды. Міне, енді жасыл тақиялы коньяк пен сарғыш қақпақты арақ та сылаңдай шалынғанда Қайсар сұр костюмнің етегін кейін серпе:


— Әй, мынауыңның өзі түпсіз шыңырау ма, бітпеді ғой. Көзге қораш көрінгенмен ғаламат сиымды білем, а?! — деді Қайсар орындығын сықырлата шалқайып.


— «Шыңырау», «түпсіз», — деп Қаке, сіздің көзіңіз тиді-ау деймін. Ал, бітті, — Саламат өз көзіне өзі сенбегендей былғары сөмкенің опырайып қалған аузын ашып, ішіне үңілген. Қайсар оған кеңкілдеп ұзақ күлді. Пәлендей езу тартарлық іс еместігін білсе де, өзін-өзі тоқтата алған жоқ. Майра да оған еліге еріксіз езу тартты.


Айжан ғана не істерін білмей дал:


— Ойпыр-ай, тіптен ыңғайсыз болды-ау. Рет-жөнге баққанда менің қонақжайлық танытар-ақ жолым. Ревизия сәтті аяқталды. Бастықтан мақтау да естідік. Осы қуанышты өзім жууым керек қой, бауырларым-ау, — деді ол қысылып.


— Жо-жоқ, Айжантай, олай деме. Бұл жолыңды, жаным, маған қи, — деп Майра Айжанның жауырынынан қағып, иығына қолын салды. — Кемді-күн дәмдес жүрдік. Үйге шақырып бір шай берер жол менікі, Айжан. Сол үшін түнімен мәре-сәре дайындалып келдім. Қалалы жерде болсақ үйімді көрсетер едім, кімнің келіп, кімнің кетіп жатқанында елдің сенде, сенің елде шаруаң жоқ. Ал, бізде жағдай мүлде басқа, жігіттер. Сіздер айып етпеңдер... Соқталдай екі азаматты қонақ етсем, көрші-қолаң төңіректің күні ертең не дерін білем? Дүниеде, атасына нағылет, қаңқу сөз жаман. Жегідей жеп, діңкелетіп бітеді. Жесір де — жел өтінде тұрған бір қаңбақ қой. Лүп еткен желден қаңғалақтай дөңгеленіп жөнеледі. Қай сайға, қай жықпылға тіреліп тоқтарын бір құдай біледі. Шет жағасын өздерің де көрдіңдер ғой, сіздерге несіне түсіндіріп әлектенем.


Ал, сен, Айжан, менің көңілімді дұрыс ұқ. Мынау жұмысқа кіріскелі біздің түскі, кешкі ауқаттарымыздың ауыртпалығын «қылша мойным талша», — деп бір өзің көтердің. Қолыңды қаққанымыз жоқ. Бергенің құйрық-бауыр, ет, май, не шәй-пәй дедік не? Кергідік пе, не келіспедік пе? Пәлсінуді де білмедік. Белқұлы біздің алдымызда міндетің бардай шабылып-шашылып, құра-құштың. Оныңды да пәлендей әбестік көріп, «бұ қалай?» — демедік. Неге? Соншалық біз кісі аямас қаскүнембіз бе? Саған жанымыздың ашымағаны ма? Әлде жұмыс бабын пайдаланғанымыз ба? Әне, сен қарсылық білдіріп, басыңды шайқайсың. Дұрыс... Дұрыс қой... Дей тұрғанмен қонақжайлықтың да шегі бар. Әйтпесе самаурыныңды ақшамен қайнатып жүрмегеніңді, жалақыңның да шама-шарқын біз білмейді емеспіз.


Айжанжан, мұның бәрі, енді ойласам, саған деген сеніміміздің бір белгісі екен. Сенің адалдығыңа, кісілігіңе алғашқы күннен тәнті боп, тонның ішкі бауындай бауыр тартып өзімсініп кеткенбіз ғой. Солай емес пе, жігіттер?


Жанқалтасынан бәкісін шығарып, майлы қазыны дөңгелете турауға кіріскен Қайсар:


— Әлбетте... Сөзіңнің бір бөтендігі жоқ, — деді мойнын бұрып.


— Әй, Мәкең біздің тура философ қой. Бәріміздің көкейіміздегіні қалай-қалай жеткізді-ай. — Саламат әлгінде шыдай алмай, күндегі ерке, еркін мінезіне бағып қазының майлы бір тілігін аузына салған; соны қаужаңдай түсіп, таңданғандық рай білдіре басын шайқады: — Айжан-ау, бұның өзі жуған емей немене? Осы күндері бір үйдің баласындай боп кетпедік пе? Сенікі, менікі дейтін не бар. Мәкең де өзің. Жолыңды бер...


Әрине Айжан Майра уәжін теріс көрмейді. Ол бұған шекті қонақжайлық таныттым-ау деп, тіпті ойлаған жоқ. Әрі Майра айтқандай «құрақ ұшып», «шабылып, шашылғанын» да сезбеген; рас, жұмыс тоқтамасыншы деп тамақ дайындай қоюды әдетке айналдырғаны анық. Ілкіде уақыттан ұтуды ғана ойлаған; үйренісе келе оларсыз жалғыз отырып, ауқаттана алмайтынын, бойына ас батпайтынын байқады. Тәйірі онда тұрған не бар. «Саламаттікі дұрыс... Біз бір үйдің баласындай боп кеттік. Тек оның «сенікі», «менікі» дейтін... деген сөзі, қалай?! Аңғалдығы ма, жоқ ақылсыздығы ма? Иә, ұятымды аттадым... Еркек басымен соны ерлігі санай ма? Мүмкін бетін қайтарып: «Саған тимейім, күйеуімді сүйем», — дегеніме қарымтасы ма?»


— Айжантай, қабағың түсіп кетті ғой. Тағы не ойлап қалдың? Кел... столға отырайық, — деп Майра Айжанның көңілін бөліп жіберді. — «Рет», «жөн», «жол» деген не? Дастарқанды кім жайғанда ма екен әңгіме? Сені бірінші рет танымай қап тұрмын. Не болды? Әлдеқалай аңсыз сөйлеп, өкпелетіп алдық па? Неге үндемейсің, Айжан?


Тосын сауал қашан да қиын, қандай адамды да еріксіз тұйыққа тірейді. Әсіресе жаңағыдай ойға беріліп, іштей қуыстанып жүргенде: — «менікі», «сенікі» дейтін не бар? деген сөз Айжанға тіптен ыңғайсыз тигені кәміл. Оған сол сәтінде Қайсар төмен қарап, езу тартқандай да көрінген:


«Саған Саламат өз жігітшілігін айтқан-ау. Неткен имансыз еді», — деп Айжан жаси жүзін төмен салды. Екі беті ду етіп, құлағына дейін шымырлай қызарып бара жатқанын сезінді. Ұрлана Майраға көз жүгірткен, ол бұған таңдана қарап қалыпты. «Ә... Бұл бейхабар», — деп ойлады көңілі сәл орнығып. Әйтсе де жанары әлі жасын, секемшіл өзін күнәлі санап, ығыстауға бейім жалтақ. «Mені жолын бергісі келмей қиналып тұр», — десе керек. Қидым саған...»


- Мәке, жолымды сізге қидым, — деді ол серпіле, зорлана езу тартып. Және де бір ұққаны осы қазір іркілмей сөйлеп, іштегі әрі-сәрі сезім арпалысын жеңуі лазым.


- Бәрекелді... Miнe, тамаша! — Қайсар орнынан ұшып тұрды.


- Әй, бәсе, Айжан неғып кеңдік танытпады деймін-ау. Бұл кісі ер ғой. — Саламат көшелі бір сөз айтқандай мардымсып орындығынан созалаңдай көтерілді. Қасындағы үстелді өзіне қарай дарылдата сүйреп, жақындатып қойды, «кел, жаныма», — дегендей орындық арқалығынан ұстап тұр.


Айжан марғау көңілін желпіндіре түскісі келгендей себепсіз сылқылдай күліп, стол басына Майраны қолтықтай ілестірді де:


— Мен Қайсекеңнің қасына жайғасайын. Майра, сіз төрге, Саламат жанына отырыңыз, — деді.


— Айжан-ау...


Мәке, «ас иесімен — тәтті» — деген. Өрлеңіз төрге...


- Мақұл.


Майра бұлаңдай қылымсып Саламат қасындағы орындыққа көйлегінің кең етегін қаға, қыртыстанбасын деп қолымен шалғайын түзей жайғасты. Айжан көзі стол үстіндегі тағамға аялдап өтті.


Мына жігіттер дастарқан мәзеретін реттеуге сұнақты-ау деймін. Қай уақытта турап, әр тағамды сәнімен орналастырған?! Қала еркегінің әйел ісіне де икемдігі бар ма?!» — деп Айжан еріксіз кебек ойға түсіп бара жатқанын тағы сезіп:


— Мәке, жігіттер, тамақ алсаңдаршы, — деді.


— Әлбетте... — Қайсар осы бір өзінің сүйікті сөзін, бұл жолы кетігін тауып, орынды қалап жібергеніне дән риза, онысы майлы қой етіне бауырсақ араластыра асап, стол басындағыларға жалтақтай көз жүгіртіп жібергенінен аңдалған еді.


Саламат та, Майра да жүректері сазып, ашығып қалғандарын сезсе де асықпай саусақ ұшымен, үлкен ептілікпен бауырсақтың шетінен бір-бірлей алып ауыз тиді. Сонсын Айжан дастарқан шетінде тыныштық тауып отыруды білмейтін елгезек әйел дағдысымен орнынан ақырын көтеріліп электр самаурынды тоққа қосып қайтты. Манағы бір бастала түскен әңгіменің сиырқұйымшақтана біткені жадында, енді мынау үнсіздікті өзі бұзғысы келіп:


— Құдай біледі, мен сіздерді қимай күйзеліп жүрмін. «Неге үндемейсің? Не болды?» — деп жатырсыздар. Бұған қайтып жауап берерсің? — деді.


Бойын әбден билеп алған енжарлықтан құтылу жөн: неден, қалай көңілінің қошы жоқ, Айжан оны түсінбейді. «Апыр-ау, маған не болды? Талай жыл өмірдің ащы-тұщысын бірге татысып, бөліскен Қуанның осы қазір қасымнан табылмағанынан ба? Оны Майра, Саламат, Қайсарларға қалай сездірем. Үндемеу де ұят... «Сіздерді қимаймын», — деуім де ұят... «Сіздерді қимаймын», — деуім тілге тиек емес пе? Әрине, бұ да құр далбаса, әйткенмен арадағы кіреукені серпілтті. Біртүрлі сұқпаттасқым келетін де сияқты; өз еркіммен, еркін сырлассам деймін».


— Жылға жуық істеген жұмысыңның қортындысы сәтті аяқталғанының өзі де — қуаныш. Қуаныш деу де әбестік шығар, жеңіс десе де болар. Әйтпесе қай дүкенші бұлай құлан-таза құтылып жатыр. Мұндай ревизиядан кейін әйтеуір бір жетпестік табылары хақ. Ал менің жайым мүлде бөлек... Ғажап. Тіптен тілден айрылып, мәңгіріп қалдым...


— Айжан-ау, ол сенің іскерлігің, адалдығыңның арқасы ғой, — деді Қайсар тершіген маңдайын алақандай ақ қағазбен сүртіп.


— Есеп-қисапты ұқыпты жүргізіп отырғансың. — Бұл Саламат.


— Дүкенге түскен зат өз бағасымен сатылғанына дәлелді ақша бар. Квитанциялар орны-орнында болса саған не деп пәле жабамыз?! Айжан, сен молодчинасың, — деді Майра күлімдеп құрбысының жүзіне үңіле еңкейіп.


— Ой, дегенмен де... Сүрінбес тұяқ кәне?!.


— Оу, Мәке, сіз бір тос айтып жіберіңізші, — деді Саламат аңқылдап. — Әйтпесе, байқайым... Айжан ақталып, біз мақтап әуреге түсер түріміз бар. Сіздің сырлы сөзіңізді тыңдайық та.


— Ие, сөйтсеңші, Мәке. Сіз шешен жансыз, тауып айтасыз, — деп Қайсар да арадан килікті. — Арақ, шарап ішіп жатқанымыз жоқ. Ең болмаса еркін бір сырласайық та.


— Ой, сендер де бір... Қадалған жерден қан алатын... өңкей пәлесіңдер. — Майра зілсіз қабақ шытып, ыңғайсыздана саусақтарын тараштай күлімдеп отыр. Ернін шүйіріп, аузын томпайтып, еркетотай сәби мінезге түсті: «райларыңнан қайтпайсыңдар-е-е?» — дегендей жаутаңдай, жанарында ойынсақ ұшқын жылт беріп, жұдырықтай басын тәккаппар кекжең еткізді.


«Сүйкімді қылық. Нақ осылай мен істесем, келіспес-ақ еді-ау. Өзіне тіптен жарасып тұр. Біреулерге еліктегеннен туған емес, табиғи мінез. Адам кейде ерек қимыл-қозғалысымен де көрікті, әсем. Мен Майраның күйеуін кезіктіргенім жоқ. Елдің айтуынша әзілқой, ақжарқын деп естігем. Мынадай келіншектің жанында шынында да қалжыңқой, сырбаз жігіт бақытты. Сонда ғана жаңағыдай тәтті қылығынан сусындайсың, көзің тояттайды. Ол үшін қайтымы жылдам ерке әйеліңді сәл ренжітіп, сәл қуант. Қайсар мен Саламат қалай? Мұны түсіне ме? Екеуі де күлімдей қарайды», — деп ойлады Айжан.


— Еліктің лағындай... монтан, тұнық көзін... көзін қарашы, — деді Қайсар төңірегіне жаутаңдай қутыңдап. — Сиқырлы тұңғиық дерсің...


— Тайыз екен деп барып, қойып кетсең аман бол... қайтып шығуың неғайбыл шығар. — Саламаттың танауы желбіреп кетті.


Майра онан әрі жүзі нұрлана қысылып, сүйріктей саусағымен көз астын, бетін сипап қалды. Басын жерден жалт көтеріп алды да:


— О, жындылар! — деді. — Жарайды, айтайын... Айжан, бауырым, әңгіме дастарқанды кім жайғанда емес. Оны менен бұрын мына екі жынды да істемек болған. Сен білмейсің, әрине, мен оларды әзер райларынан қайтарғанмын. Кемді-күн таныстығымыз, әрі жолаяғымыздың реті ғой деп қиылған, көнбедім... Иә, әлі талай адаммен кездесерміз. Әйткенмен солармен дәмдес те, тұздас та жүріп түсінісіп, достасып кетеріміз екіталай. Ең мықтағанда танысымыздың саны артар, жолдас табармыз. Өмірде өздерің білесіңдер жолдас көп. Ал, дос аз...


— Әлбетте...


— Қайсекең дұрыс айтады, — деп Саламат Қайсарды қоштап, Майра сөзін бөліп жіберді. Айжан тыжырынып қалған, Майра оған іркілген жоқ, әңгімесін онан әрі сабақтап кетті:


— Міне, біз шын мағынасында — доспыз. Бәріміздің де осы күндерде көргеніміз де, білгеніміз де мол. Сағат тілімен жарысып, белгілі бір мерзіммен шектелсек — ревизиямыз әлі екі-үш күнсіз бітпесі хақ. Уақытпен санаспадық. Ерте келіп, кеш қайтқан кездерімізде қабақ шытпадық. Арамызға қара мысықтай күдік, секемдік кірген дей де сәттерді басымыздан кештік емес пе? Сонда біз бейтарап қалмай, бір-біріміздің күйігімізді жеңілдетуге тырыстық, ауыртпалығымызды бөлістік. Мұның бәрін үндемей, іштей сезіне жүріп істедік. Жұмысымыз бір мысқал да тоқтаған жоқ. Мұның өзі енді ойласақ, Айжантай өзіңе деген, бір-бірімізге деген құрмет, ізет, сенім, қалтқысыз ылтипатымыздан екен. Ақыры міне бәріміз де олжалымыз. Ол олжамыз — достық! Бауырларым, көп сөздің қажеті не?! Достық үшін көтеріп қоялықшы!..


— Әй, бәрекелді. Міне, нағыз достың сөзі. Айтпадым ба, «Мәкең біздің тауып сөйлейді» деп! — Саламат орнынан ұшып тұрды.


— Әлбетте!.. — Қайсар созалаңдай, еріншектене көтеріліп рюмкасын әріптестерімен соғыстырып, қайта отырды.


— Тамаша!.. Жарайсың, Майра... — Айжан астындағы орындығын кейін дарылдата ысырып, Майраның қасына барып құшақтай бетінен сүйді, арқасынан қақты.


Дәмді тағам, бапты шай талай тілдің тиегін ағытты.


Ет қызып, ыстық қан басқа шықты. Айжан да, Саламат та, Қайсар да желпінісіп кетті. Алғашқы осы тостан кейін айтылған сөз де, қалжың да, әзіл де жанға жайлы, жүрекке жылы тиіп жатты. Әбден разы боп кеткенде ауызға ілігетін: «Әлбетте», «О, жынды» деген сөз жарқын-жарқын естіліп, аяғы жамырама күлкіге айналып барады.


Шағын қонақтық бесінге дейін созылды. Шай ішіліп, ыдыс-аяқ жиналды. Қайсар мен Саламат өзімсінгенсіп: «Бетіңнен сүйгізші...» — дегендей одағай мінез танытып, өкпе артып кетер ме деп Айжан үріккен, әлгілер Майра екеуінің қолдарынан сүйіп, үлкен мәдени ізет білдіріп өтті. «Жолдарың болсын!.. Бір-біріміздің қуаныш, қызығымызда кездесейік», — десіп Майра мен Айжан оларды далаға шығарып салды.


Дала тастай қараңғы. Қара жаңбыр ұрып тұр. Екі жігіт көзден таса болғанда бұлар жүгіріп дүкенге қайта кірді. Тағамның қалған қалдығын газетке орап, ыдыс-аяқтарды сүртіп үлгерген Айжанның жанына Майра келді.


«Күзі солғын, көңілсіз. Бірден үйге қайтып кеткісі жоқ сияқты. Ауық-ауық даладағы жауынның терезе шынысына тиген тықырына құлақ түре селтиіп қалады. Сәлден соң терең күрсініп:


— Айжантай, — деді Майра.


— О не, Майра? Бір жерің ауырып тұрған жоқ па? Түсің қашып барады ғой.


— Жо-жоқ, бауырым... Тек... Әлгі жындыларды, өзіңді қимай қиналам. Бұл менің бір қашаннанғы ит мінезім. Тез бауыр басып қалам да, сағынып, көп уақыт ұмыта алмайым. Сені жолыңнан қалдырып тұрғаным жоқ па? Асығыс емеспісің? — деді ол Айжан жүзіне үңіле көз аялдатып.


— Жоқ... Уақытым жетерлік. Неге асығайын...


— Ендеше екеуміз шай ішіп, аз-кем сырлассақ қайтеді, ә?


— Мақұл. Мәке. Мен столдағы басы артық қалған-құтқанды жинап тастайын, — деді Айжан самаурын суын еселей құйып, тоққа қосып. Жүрісі ширақ; газетке оралған кәкір-шүкір бірдеңелерді дүкеннің бұрышындағы мұздатқышқа апарып салып манпәси алып қайтты.


Қуаннан кеткелі түскі асын осында дүкенде ішіп, үзіліс кезінде керек-жарағын жинастырып қою әдетіне айналған; қазір де мұздатқышында шайға талғажау етерліктей тәтті торт, кекс баршылық еді. Жүгіріп жүріп соларын әкеліп, дастарқан мәзеретін жаңғыртып жатыр. Суы сарқылған аққұманның шамасын далаға шығып төгіп келді. Манағы бір бойкүйездік жоқ, көңілді, сергек. Аққұба жүзі бал-бұл жана алаулап кеткен: бос орындықтың бірінде сүлесоқтана отырған Майраны кәдімгідей еліктіре қалжыңдап та өтеді. Майра болса талай күннен бері ревизия мүшелеріне еті үйреніп, жалғызіліктілігін мүлде ұмытқан ғой. Әлгінде екі жігіт дүкеннің табалдырығын аттағанда ғана Майра олардың енді мүлде оралмасына көзі анық жеткендей дәрменсіздігін сезінді, көңілі құлазып сала берді. Еркінен тыс марқұм күйеуін есіне түсіріп:


— Айжан, — деді Майра, — бүгін күнұзағына біздің үйдегі кісіні ойлаумен болдым. Тү-у, сенің мынау мазасыздануыңа қарап қажып кеттім ғой, кел отыршы. Бірер шыны шай ішіп сырласайық деп едім.


— Міне, міне болдым, — Айжан самаурын үстіне буы бұрқыраған ақ құманды орнықтырып, Майраның қасына жайғасты. — Мәке-ау, асығатын не бар?..


— Тіптен жүгірісің көбейіп, әбден сарсылттың-ау...


— Кешіре гөр. Мәке... — Айжан екі кесеге сүт құйып, аққұманды қолына алды. Сонсын ол ыстық шайды бір ұрттап: «Уф... жан-ай», — деді, талай жерден мықшыңдай, тобығы майыса, тізесі дірілдей көтеріп жеткен зіл батпан жүгін иығынан жерге тастай салғандай терең күрсініп. — Апыр-ай, шай дегеннің не пәле қасиеті бар, ә? Көз кіреукесін ашып жібергенін қарашы...


— Иә, әңгімемен жөнді шай да ішпегенбіз ғой.


— Солай-ау деймін...


— Жаңағы деймін-ау... жындыны айтам-ау...


— Е?.. — Айжан құрбысына елеңдей қарап қалды.


— Ертең кемпірлерімізге жетеміз деп қой жүректері лүпілдесіп, жастықтарын құшақтасып жатыр, ә? — деді Майра Қайсар мен Саламаттың қазіргі жағдайларын көріп, жаны ашып отырғандай құпиялы күліп. — Бірде Қайсар жынды мені адам сияқты шығарып салып тұрып, бетімнен сүйіп алды. «Е, мейлі ше, кім көріпті», — деп пәлендей қарсылық білдірмегенмін ғой. Ал, тірі пәлеге қалайын, — деп Майра ернін шүйіріп, бетін шымшылады. Онысы: бұл бұл ма, сұмдығы әлі алда». — дегені тәрізді. — Жынды неме ернімнен сүйгісі кеп, ал, өңіреңдесін. «Құдай көктемегір, кетші әрі, қытығымды келтірмей», — десем, тіпті ықпайды. Тас кенеше жабысып, әбден рәсуамды шығарсын. Аласы мол көзі ақиып кеткен, емінің алақ-жұлақ етеді. «Көрші-қолаң біреулер көріп қалар-ау», — деп жалтақтаймын, зәрем жоқ. «Мезгілсіз уақ қой, Қайсеке, қайтыңыз», — деймін ентіге күбірлеп. Естімей ме, білмеймін, әбден есіріп алған, қарсылығымды шыбын шаққан ғұрлы елемейді. Қаттырақ үн қатуға қорқам. Төңірек тастай қараңғы. Жаңбыр болса мынау, еңіреп тұр. Әрі тарт, бері жықпен» аула ішіне де кірдік.


Құдай-й тоба-ай, біреу көріп қалмаса игі еді», — деймін. Қораның қалтарыс бұрышына қалай жеткенімізді білмейім: әйтеуір бір байқағаным жауырыным қабырғаға тіреліпті. Алдымда Қайсар, жаныштап жіберетін емес.


Енді қайттым? Қатты сөз айтсам, көңілі қалады . Әл-дәрмен құрыған. Масқара-ай...


Ішпей-жемей ақ тер, көк терміз. Сонсын бар ғой, Айжан-ау бір түрлі тізем дірілдесін. Не болды маған деп ойлаймын. Арақ сасыса да еркек демінің... аллау бір құдыретін сезіндім. Қарсыласқым келмей бей-жай күйге түсейін. Ілкі тосырқау, аза бойым қаза тұрып тітірену дегеннен де адамын. Әлдеқандай құрсау да жазылып дел-салмын. Ұяттағы... Елтігендеймін де ме, қалай? Ұры мысықтай сұғанақ суық қол бір еркіндікті сезгендей бүлкіл қаққан тамырды дәл тауып басады, кеудеме кіріп, тімсіктеніп, мыжғылап, енді мықыныма да барып қалды. «Кетші құрғыр» — дегім де келеді; тіс жара алмаймын. Есім дұрыс, санам бар. Тек әл-дәрмен жоқ. Масқара... Ұят-ай... Тісіміз... Ха-ха-ха... Құдай көктемегір деймін-ау, мұншалық оспадарсыз болар ма? Тісіміз... Ха-ха-ха... тісіміз тісімізге тиіп сақ етті. Ха-ха-ха... Маған белқұлы қараңғы аула ішін жаңғырықтырып жібергендей естілді. «Ұяттағы, ойбай!» — деппін ғой. Ха-ха-ха...


Ол ол ма? Сол кезде аузынан күңсі бір иіс бұрқ етті. Сұмдық жиіркеніп, кеудесінен итеріп кеп қалайын... Байғұс аңсыз тұрды ма, жоқ әлде өзі де қауқарсыз ба, әнтек шегіншектей берді де, екі қолы ербеңдей шалқасынан... хa-xa-xa... шалшық суға шалп етіп құлады... «Ойбай, көтек, мұнысы не?» — деппін ғой сасқанымнан. Даусым жарықшақтана қатты шықты. Аңдаусыз айқайлап қалғанымнан шошына, әрі ұяла үйге зып бердім. Ха-ха-ха...


Сүйісуді мен ұмытсам, Айжан-ау, дағдырдың бұйрығы. Тұлыпқа талайдан мөңіреп жүрген жесірміз; оныкі не деймін-ау. Сен тек маған күлме, жарай ма? Жай отырғанша уақыт оздырайын деп айтқан сырым ғой...


— Сіз де қызықсыз-ау, Мәке. Күліп не көрініпті маған. Бұ да өмір емес пе? Мен біреуге сыр шашыпты деп естімеген шығарсыз. Естігенім естіген жерде қалады.


— Дәнеңе де болған жоқ, Айжан... Сенен несін жасырайын, оныкі де пендешілік. Күлкі үшін ғой...


Жә, қойшы қысыр сөзді. Білмейім не пәлеге ұшырағанымды. Кешелі-берлі күйеуім есіме түсіп көңілсізбін. Мүмкін Қайсарлардың енді кететініне көзім жеткенсін солаймын ба, әйтеуір әлденеге атаңдай берем. О не, өзім түсінбейім. Ғажап... Күйеуім мені өлердей сүйетін. Ертеңгісін жұмысқа кетерде, кешке келгенде бегімнен ақырын бір өбетін, — деді Майра босаған кесесін стол үстіне қойып.


Қызыл шырайлы жүзінің қаны қашып, қабағы түсіп кеткен. Көзінде ауыр, қорғасын мұң. «Адам деген де табиғат тақылеттес-ау: бірде — күз, бірде — көктем» — деп ойлады Айжан Майраға қадала қарап. О баста сырласып, әңгімелескісі келгенде оның айтпағы манағы Қайсарға байланысты ыңғайсыз жай еместігін де Айжан, енді аңдаған. Сонысына Майра міне жаңа жетті.


— Қанша жыл бірге тұрдық. Нәресте сүйдік. Үйренісін кетердей де уақ болды. «Сен-ақ елжірейсің де жүресің. Қойшы, әрі», — деп назданған да кез есте. Сөйтсе тоңып секірмей, тойып секіріппін. Арада екі жыл өткенде түсіндім ғой... Әлі есімде, бірде түн ортасында оянып кетіп ұйықтай алмадым. Есер жандай үй ішінде сенделіп жүрмін. Бірдеңе жоғалтқандай, ал кеп, әлденені іздейін. Балаларымның төсегін жөндеп, кереуеттерінен жерге түсіп кеткен жамылғыларын жаптым. Жүрегім өз-өзінен өрекпіп, күйіп-жанам; салқын тиіп ауырып қалмасам игі еді деп те ойлаймын. Сұп-суық жастығымнан безініп, жалаң аяқ көшеге шығып та кеткім келеді... Ақыры тағат таусылды. Іздегенім үмітсіз, жұмбақ дүние табылмасын сезем. Терезені айқара ашып тастадым да, iш көйлегіммен қарсы алдында тұрып алдым. Салқын дала желі де, айлы түндегі ауыл көшесі де көңілімді сергітіп, тынысымды кеңітпеді. Қайта қапырық екен дейім, өртеніп барам. «О, құдай, мен саған не жаздым», — деп айқайлағым келеді. Қанға сіңген ұят жібермейді. Құдайдағы жұмысым не? Бәрі жан қысылғансын да...


Біздің үйдің қарсысында Сексенбай қарт тұрады ғой. Құдайы көршім... Сен оны білесің. Айжан, екі баласы да шофер. Өзі өткен жылы дүние салды. Келін-балалары ғажап ізетті, тәрбиелі. Кемпірі де күні бүгінге дейін маған мейірбан: «аман ба, жаным», — деп жүреді. Сол Сексенбай қарт бір күні маған өзен жағасында кездесті: иінағашпен су алғалы барғам. Ол ат суғарғалы келіпті.


— Майрашжан, айнам... Сен бір мезгіл қалаға шық, қыдыр, әлі тым жассың ғой. Үй күшіктеніп жатып алма. — деді.


Не дерімді білмедім. Менің түн жарасы ауа терезе алдында сілейіп тұрғанымды талай көрген болды. Аурулы адамның қайбір ұйқысы түзік. Сондай бір қиналып, үйінің сыртына шығып отырғанда байқағанын сездім. Әрі ұялып қалғанымды аңдап, марқұм:


— Қысылма, балам... Өзімнен басқа тірі жан білмейді. Бәріміз де адамбыз... Ондай-ондайды қорек те көрмедік, білсек те білмедік. Іште кетеді. Үйге тығыла берме, елге көрін, қыдыр, сейіл... Анау жапырақ көз кішкентайлар үшін сөйт... — деп жатыр.


Міне, елдің бәрі жесір жайын осы кісідей түсінсе ғой. Қандай ғажап жан. Мен ләм-мим дей алмай, бұрылып жүре бердім. Кейін өз сезімімді тежеп, сақ болуға тырыстым. Дүниеде еркек барын ұмыттым. Әлгінде Қайсар қылығын айтып, күліп алдық, Айжан. Соның өзі де әне, өмір... Қайта тіріліп кетті күйеуім десем сенер ме ең?


— Қалайша?


— Әнe, аңғалсың... Тіпті шикісің-ау, қарағым-ай. Мен әйел екенімді сезіндім. Күнде ертеңгісін үстіме қарап, сәнденуді таптым. Анау түнде де, үйге қашып кіргенмен де берекелі көз ілмедім. Қайсар ізімше қуып келіп, есігімді соқса... өзімді-өзім ұстай алмастай күйде едім. Қайта тірілдім дегенім сол. Ондайда ақыл, сана жолдастыққа жарамайды. Басқа күш, құдырет құзырындасың... Ол еркіңді билеп-төстейді. Көп жағдайда бағымды байлайтын марқұм күйеуім.


— Күйеуім деймісің? — Айжан айран-асыр: «Өлген байы қалай «бағын» байлайды? Не деп отыр? О неғылған бақ?» Бөтен еркекпен ашына болған да бақ па?..»


— Сен, Қуанды сүйемісің? — деді ол Айжанның әлденеге дағдырғанын тап басып, көңілін бөліп.


— Е, оның бұ жерге қатысы не?


— Үрікпе... Жауап бер. Сүйемісің? Бөтен адам жоқ қорқатын. Екеуміз емеспіз бе? Айт...


— Сүйем...


— Міне, мен де күйеуімді сүйгем. Онан өзге еркек кіндікті білмегенмін. Қиналғанда бір сонан кешірім өтінем. Аруағын аттамасам деймін. Ал, жаратылысыңның, табиғатымның тілегі басқа... Мен екі оттың ортасында шыж-быж боп келем, Айжан. Уа, шыдамның да шегі кәне? Ол өз іңкәрлігімен мені тұтқындап, басқаға бұйырма деп дуалап кеткен сияқты, — деді Майра даусы бұзылып. Көзінен қос тамшы ыршып түсті.


— Мәке, қойыңыз... Оныңыз не?


Майра аласапыран сезім үстінде әлсіздігін байқатып алғанын, тым ағынан жарылам деп, іштегі күйігін сыртқа шығарып үнсіз қалды. Әйтеуір түбі біреумен осылай еркін сырласуы абзалдығын білетін де, рет-жөнін келтіре қоюдың қисынын таппайтын. Ауылда әйел көп. Әйтсе де қайсысына сенгендей, ал, Айжан болса олардан бөлек жан. Мынау ревизиялық жұмыс тағдыры табыстырды, түсіністірді. «Жо-жоқ, Айжанға бар сырымды жайып салдым-ау», — деп ол өкінбейді. Тек үйреніскен Қайсар мен Саламатты қимай, солардан бір сәтте көз жазып қалғанына қиналғаннан туған сезім күші екенін біледі: оны Айжанға түсіндіру мүмкін емес. Мұндайда әңгіме бағытын марқұм күйеуіне деген сағынышқа қарай бұрып, аяғын жуып-шайып жіберген жөн.


Ол орындық арқалығына ілулі бос былғары сөмкенің сыртқы төсқалтасынан шаршы ақ орамалды алып, бетін-көзін сүртті де:


— Уф... — деді күрсіне. — Күйеуім өлерінен бір күн бұрын мені есік көзінен қарсылап: «Шаршадың-ау, Мәкештай, маған берші», — деп қолымдағы нан, май, қант, шаймен сықа толған торды өзі алды. Бетімнен сүйді.


Ac іштік. Төсек салдым. Жатпай маған қарап отыр.


— Мәкештай, екеуміз бір еркін сырласайықшы. Meн кеше сен жоқта сандықтан белінен резин жіппен буылған он шақты хат таптым, — деді.


— Е, ол сенің Алматыда оқуда жүргенде маған жазған хаттарың ғой. Оның несі таңсық?


— Ол хат емес, Мәкеш, махаббат жыры. Ойласам мен сондағымнан да қазір сені тіпті ғажап сүйем. Құдай біледі, менен бақытты жан жоқ. Қыздың да кереметтей қоянның көжегіндейін іліп түсіппін-aу.


— Соқ өтірікті...


— Рас айтам, жаным.


Сол күні біз түн ортасы ауа жаттық. Таңға жақын түс көрдім. Үйдің ішінде жападан-жалғыз жүр екем деймін. Төбеде хрустальды люстра, жарқырай жанып тұр. Қабырғада күрең-қызыл гүлді кілем. Күйеуімнің жұмыстан қайтатын да уақыты таялған сияқты. Асыға күтем. Тезірек келсе мынау жаңадан алған асыл дүниемізді көрсетіп мақтансам деймін. Балалар төргі бөлмеде ойнап отыр.


Кенет...


Әлдеқайдан көз алдымды тұтас тұмшалай қара шымылдық сарт ете түсті. «Өй, бұнысы несі?» — деп абдырай әлгіні кейін серпем дегенімде, саусағымдағы алтын сақинам сыпырылып, жерге шылдыр ете қалды. Ал, іздейін еденді сипалап. Қайдағы бір түйме, шеге, құдайға керек емес кәкір-шүкірді табам, сақина үшті-күйде жоқ. Шошына ояндым...


Балаларым мен күйеуімді тамақтандырып шығарып салдым. Күйеуім артына қайырылып:


— Түсің қашып кетіпті, Мәкеш аурып жүргенің жоқ па? Сол жұмысқа бүгінше бармай-ақ қойсаң қайтеді, — деді есік көзіне жете бере.


— Ұйқыныкі ғой. Ештеңе де емес. Мен де қазір шығам, — деп езу тарттым. Еркектер үшін түкке қажетсіз түсімді әңгімелеп қайтем.


Жұмыстас бір кексе әйелге шыдамай түсімді айттым. Ол басын шайқап, қабағын түйіп ойланды да:


— Қиын түс екен. Бүгін өзі дүйсенбі ғой... Дүйсенбіге қараған түс келмейді де, жорылмайды да, — деді.


Күйеуім жұмыста, сәскелікте, столда отырған күйі жүріп кетіпті. Иә... Дәм таусылғансын оған не шара. Тек оның өлердей жалынып, жастық кезде жазған хаттарын бірге, бас түйістіре, дауыстап оқиықшы деген тілегіне мән бермей әзілге жеңдіріп көнбегеніме өкінем. «Арман еді ғой. Неге шілтиіп, сірестім», — деймін өзіме-өзім ызаланып.


Майра Айжанның көзіне жас үйіріп, қатты толқып кеткенін енді байқады. Сол-ақ екен өзегіне ащы жас тығылып, жанары суланып жүре берді: әрине бұл күйеуін жоқтап, сағынғаннан туған сезім емес еді. Майра алғашқы жылдары, жетісі, қырқы, жылы өткенге дейін марқұмның кісілігін, өзіне деген іңкәрлігін, адалдығын, мінез-құлқын еңіретіп әңгімелейтін; қайыры болсынын білдіріп, бата оқығалы келген жақын-жуық, жамағайындардың көзіне жас алмай шығатыны аз тұғын. Бертінде жалғыздыққа өзі де үйреніп, еті өліп, күйеуінің бейнесі солғын тарта бастағаны кәміл; мүлде ұмытты деу қиын, дей тұрғанмен Майраға кейде соның жарық дүниеде болғанының өзі шүбә туғызып, ертеде көрген бір түсі сияқтанады. Әйтеуір, анау жаудыр көз сәбилері алдында қараңдап жүргенсін амалсыз мойындайтын да тәрізді ме, қалай? Әлгінде күйеуінің дүниеден қалай өткенін Айжанға сыр ғып шерткенде пәлендей егілмей, құлықсыз айтқаны да сонан; құрбысына әсер етер-ау деп, тіпті де ойлаған жоқ.


Кісінің жандүниесін қас-қабағынан танитын Майра мүлт кеткенін сезіп үлгерді: жайшылықта ол мұндай қателік істемесі хақ, ие... Әйтпесе Айжанның Қуаннан айырылып отырғанына әлі бір апта да толмағанын, жарасының қаны шығып, біте қоймағанын ескерсе керек-тін; жаңағы сыры дөп тиіп, Айжанның әсершіл қиял көзінің алдына қыздай қосылған, ыстық-суықты бірге көріп, талай жыл дәмдес күйеуін әкеліп көлденең тартып көлбеңдетерін аңдамады. Оны енді ұқты; ұқты да маған не болды «алжасып» деп ойлады. Сонсын жаңа ғана ол орындық арқалығында ілулі тұрған былғары сөмкенің сыртқы, шағын қалтасынан алған шаршы, ақ қолорамалмен көз жасын сүртіп отырып: алжастырған да, өзегіне ащы жас үйірілткен де Майраның күнұзағынғы әлденеге деген өкініш, тоғайын жүрген көңілдің бүгін кеш құлазып қалғанынан, жұмыс арасында ұрлана құлағына: «Мәке, құлақ түбінен... сырғалығыңнан бір иіскейінші... неткен сұлу ең... аллау, балапан бұғағыңнан өбіп өтсем қайтерсің...» — деп ынтыға сыбырлайтын сайқымазақ Қайсарды қимастықтан туған сезім еді. Ол енді қайтып оралмас дәурен, тағы да бір жан кезігіп көңілінің қытығын шақырмасын бүкіл ауылдан ондай адамның табылмасын,т жүдеу, жетім жүрегін лүпілдетіп елжіретпесін, байырғы жесірліктің кебін киерін, таң саз бере жылы төсегінен көтеріліп, кешке сүріне құлап жүрерін ойлап «алжасқаны» анық; қолқасына ащы запыран тығылып, егіле жылағаны сонан. Айжан пақыр оны қайдан білсін; білмегесін де түсінеді деймісің. Ал, түсіндірем деп арам тер болудың тағы жөні де, келісі де жоқ. Онан үміттену мүлде әбестік. Ол үшін Айжан да Майраның кебін киген, жесірліктің тауқыметін әбден тартып күйзелген, қуаныштың өзін талғап, ылғи да бірден сенбей көп толғанып барып қабылдайтындай секемшіл, сергек болмағы лазым.


Біраз үнсіздіктен соң Майра ширыға, мұндайда тез еңсесін жиып үйренген дағдысымен, өзге күйеуі бар әйелдердей езіліп егілмей, абдырамай кең дүкен ішін жайлаған бойкүйез тыныштықты бұзып үн қатты:


— Жә, біріміз тірідей, біріміз тағдырдың бұйрығымен күйеулерімізден айырылып, жер сабап қалған екенбіз деп жылап-сықтамайық, — деді ол жұлқына, басын кекжең еткізе жерден көтеріп. — Салымыз суға кетіп, жүнжігенімізден келер пайда жоқ. Мұнымыз тыраш тірлік. Оу, жаман ырым бастап, сенікі не? Неменеге сығыраңдайсың маған еріп... Сен тойып, мен тоңып секіріп отырғанымызды білемісің? Ағымнан жарылып сырымды шертсем, ішқұсталығымнан құтылайын, тыңдар құйма құлақ таптым деп істедім. Ойлансын, тәлім етсін дедім...


— Мәке-ау... — Айжан ыстық жастан беті ісініп, көзінің ақ еті қызыл тамырлана Майраға батылсыз қарады; қарсы айтар дауы, дәлелі аздығы жүзінен білініп тұр.


Әдетте Майра мынау Айжандай қатындардың бос, болбыр, терең ойлауға кер жалқау, болмашыдан қайғы-қасіретті жасап, өзі соған батпақтап, күйеуін ұшындырып, ошағын бұзып, қалай құраудың, басын біріктірудің қисынын келтірудің орнына онан әрі ірітіп, шат-шәлекейге түсетіндердің осы ауылда талайын көрген: сондайда сара ақылын ортаға салып, қиыстырып жіберсе Майраның әрине ештеңесі кетпесі рас. Көзге шалынбас, көңілмен ғана көрінер бір ілгешекке ілініп қалғанын, үп еткен желден үзілгелі тұрғанын сезсе де білдірмей: «Күйеуінен айрылса жаны менен артық па? Кеше еді ғой кердеңдеп, маған шекесінен қарағаны... Мүләйімсуін. Өлмесең өрем қап... Шірік неме, ана бір жолы тойда күйеуіңді қызғанып торсаңдағаныңды мен ұмытты деймісің. Керек тұғын сенің можан-топай байың», — деп, үнсіз, іштей жерлеп өтетін де, аңғал, ақкөңіл әйелдердің қалпына көшіп, «өзің білесің» дей салатын. Әлгі әйелге «өзің білесің» дегенсін бітті, шоштаңдап, бишара жайын мүлде ұмытып, шолақ ақылына жол беретін ғой; ақыры насырға шауып, ошағы күйреп, ел-аман жұрт тынышта шаңырағы ортасына түседі.


Майра бұған пәлендей күйзелмейтін. «Мейліші...» дей салатын, өйткені анау әйел «сен маған дұрыс ақылыңды қимадың», — деп жазғырмайды, өзіндей көреді. Бұл мінезінің орындылығына Майраның көзі Айжан басы сөзді болғанда әбден жетті: «Ерлі-зайыптының арасына шайтан жүреді!» — дейді. Мен де қайбір жетіскен жанмын. Күйеуіңді мен білмеймін. Неден, қалай басталғанын өзің сыр ғып шерттің. Әрине, сенің адалдығыңа шүбәм жоқ. Сенікі жөн», — деп Майра шығарып салған әйелге, бір кезде Айжан ақылын айтып, арашашы болған, бүлінгелі төбесі қисайып, үйінің түндігі желбірей бастағанда құтқарып отыр. Міне, сол әйел Айжан басына көлеңке үйірілгенде сырт айналып қана кетпей, сүт алғалы келген оны тәлкектеді емес пе?


Ал, қазіргі жағдай мүлде бөлек. Бір ауылда жүрсе де Майра пәлендей іш тартып Айжанды жақсы білмепті, салмақты, сабырлы екен. Әр нәрсені орынсыз сапырып соғып, біреуді жазғыру, қаралау дегенге жоқ адал сүт емгендігін түсінді; кісінің жан-күйін қабағынан сезеді, әрі көңілі кең. Сөзге де берік. Болашақта сырласар біреу — Майраға да қажет. Сол кісі, сенімді құрбысы Айжан. «Мұның ошағының бүтіндігін мен тілемегенде, кім бар? Фатиха қария ма? Ол бүкіл ауылға ортақ әз адам... Ондай кісінің сөзі арзан; өйткені аузын ашса көмейі көрінеді. Бітуажалыққа жаңа, көп ұсталып қол жаулыққа айналмаған жұмбақтау кісінің сөзі өтімді».


Майра өзінің ойынан бір түрлі марқайып қалғанын сезді. Айжанның орнынан тұрып кетіп, бетін салқын жаңбырға тосып жуып қайтқанын, жүзіне қан жүгіріп өзіне-өзі келгенін, шай құйып алып, оны құлықсыз ішкенмен жанарына ой ұйығанын байқап отыр. Міне, осы бір сәт еді Майраның да күткені:


— Сен, қыз, Қуанды шын сүйесің. Сүймесең әлдеқашанғы... марқұм менің күйеуімді жоқтап жыламайсың... Тоқта, сөзді қой. Мені тыңда... сонсын айтарсың. Не деріңді білем. Өмірде қай адам аяғын шалыс баспайды?! Ашу-дұшпан адастырған да... Қадірін біліп, кешірім ету де ақылдылықты керек етеді. Ал, оның ақылы аз делік. Сенікі қайда? Көсемдігің кәні? Сол дәрежеде емеспісің? Ойлашы өзің?.. — деді. Айжан шайын ішіп, кесесін столға ақырын қойды. Жүзін төмен салды. Майра діттеген сөзінің құрбысының көкейіне жеткеніне іштей қуанып қалды. — Қуанға қатын табылады. Ең мықтағанда екі жыл күтер сонсын?.. Еркектің қасиетті басын аяғыңа ұрғызып, жасыта берме, Айжан. Ол сені сүйгендіктен де кешірім сұрап жүр. О да еркекке оңай емес. Бұлай керги берсең бұрынғы Қуаныңнан шын айрыласың...


— О не дегеніңіз? — деді Айжан жасқана, әрі таңдана қарап.


— Кешірім сұраудың аяғы уәдешілдікке ауысады. Бәрін де істейтін сезім күші. Қуан әзір ондай жолға түспеген, әбден күйзелгенде уәдеге көшеді, ол әдетке айналады. Уәденің орындалуына жағдай қысастық жасар. Сонсын ол өтірікке, көлгірсуге қарай аяқ артар. Қуан да ет пен сүйектен жаралған жан, пенде емес пе? Әрбір сенің қақпайыңа жаңа, тың өтірік таппай ма? О да өзінің мүлде өзгергенін сезбес, білмес. Тән жарасынан жан жарасы ауыр, Айжан. Сөйтіп сен жасық, өтірікші, екі жүзді пәтуасыз күйеу табасың. Сондай күйге түсіретін де өзіміз, әйел затынан... Иә-иә... Сол кезде сен оның шапалақпен бір тартқанын сағынбасыңа кім кепіл? Бәріміз де әйелміз ғой, Айжан, бұл жерде, бөтен адам жоқ. Қуан қатты кейігенде ақырып, не жұлқып қалып, не итеріп жібермей үн-түнсіз түңіле бұрылып, үйден шыға жөнелгенінен қорық. Сонда ол өзгерді деп біл. Өтірікті жолдас еткені араларыңа қара мысықтың кіргені де. Өмірімде біреуге болсын деп шын кеңес беріп, ақыл айтып отырғаным осы, Айжан. Өзі заңы мұндайдан қашқақтап жүретін адаммын; тегінде бұл бір опа таптырмайтын шаруа ғой. Тәйір оны сен де басыңнан өткердің білесің... Ал, сен мен үшін көз көрген көп құрбының бірі емессің, жалғыз досымсың. Әйтпесе, не жасыратыны бар, ақжүректік менің табиғатыма жат. Иә-иә, мүлде жат мінез...


— Ой, Мәке, сіз де қызықсыз, — деді Айжан Майраның ағынан жарылып, шын пейілін сездіріп қалғанын іштей ұқса да «қаттылыққа» қимайтынын аңдатып.


— Қызық дәнеңем жоқ. Күлбілтесіз нағыз шыным осы, ие... Тілеуің не дейсің де? Тілеуім — Қуанды сенің кешіргенің. Иә-иә, сен басыңды шайқама. Ол сені сүйеді. Көргемін деп кешікпе, мен сенен гөрі жалғыздықтың ащы запыранын мол жұтқан бейбақпын, түсінгін жаным... Тәтті сезім де — кінәмшіл қонақ. Көп күттірсең кетіп қалар, жарқыным, зарықтырмашы, — деп Майра мейірлене, Айжан жүзіне үңіле, қамқор қолын иығына артты.


Жетім көңіл Айжан құрбысының жылы тілеуіне елжірей:


— Мәке, сізді кеш танығаныма өкінем, — деді.


— Мен де, Айжан... Бері қарашы, осы сен Қуан екеуің алдағы сенбіде біздікіне келсеңдер қайтеді, ә?! Сағат алтыға күтем. Сөзді қой... Тыңдамаймын...


— Мәке-ау...


— Жә, мені де бір тыңдасайшы, Айжан... Бәлі, мен кіші балаларымды мүлде ұмытыппын ғой. Жинал, қайталық, — деп Майра қол сағатына көз жүгіртті де, серпіле орнынан көтерілді. Осы кезде төбедегі қос люстраның шамы жалп етіп сөніп, қайта жанды. — Көтек... Мынау қайтеді-ай?


— Замыкание ғой. Қазір... Тез жиналмасақ, шынында қараңғыда қалармыз. — Айжан асыға, ыдыс-аяқты шылдырлата жинауға кірісті. — Даладағы жаңбырдың кеселі шығар бұл. Ойпыр-ай, бір толастамай-ақ қойды-ау, ә?!


* * *


Қуан бұрын үй-ішінің күйбең тірлігіне икемсіз еді, құс тұмсық, қарасұр өңді ол ауызғы ас үйге енгенде тоқты-торымның арасына әлдеқалай кіріп кеткен түйедей өңірейіп тұратын; иілмейтін жарақат аяғын сырп-сырп сүйрете басып, сәлден соң қазандық жаққа қарай жылжитын: Онысына бірі қамыр илеп, бірі пияз, картоп аршып, бірі ет турап, бірі самаурынға шоқ салып кешкі астың қамымен мәре-сәре болған әйелі мен қыздары мән бермейді. Өйткені Қуанның неге келгенін іштері сезеді; әйелі бір ұлы жоқтығына күйеуінің алдында қуыстанса, қыздары нәсіліне тартып, шешесін төңіректеп кеткенін, қалай жалғызсыратып тастағандарын байқамағандарына өкінісе үндемейді. Әйтпесе сәби шақтарында мынау әкенің мойнына, иығына, тізесіне таласа, шіңкілдесе атша мініп, төргі бөлмені бастарына көтерісетін еді; былдырлап ананы, мынаны жамырай сұрасатын. Қуан күндізгі ауыр жұмыстан шалығып келгенін мүлде ұмытып, тәтті сәби тіліне рақаттана күлетін.


«Балалы үй — базар, баласыз үй — қу мазар», — деп те бекер айтпады-ау, Айжан. Ботақандарыммен шүңкілдесіп, ай, бір жасап қалдым-ау», — деп Қуан бесінгі шай үстінде жүзі күреңіте самаурын түбіндегі әйеліне мейірлене қарайтын да, дастарқанның екі жақ қапталында қаздың балапанындай тізіліп отырған қыздарын көзімен сүйсіне сүзіп өтетін. Сөйтіп жүргенде арасы алшақ бағандарға тартылған сымға көктемгі қарлығаштай жылдар кеп қонды. Былдырлаған ботақандары айна алдында аялдап, етек-жеңін түзеді, күн батып, екінді қараңғылығы үйірілсе әке қасынан сыпырыла біртін-біртін ауыз үйге өтіп, шешелерін айналшықтайтынды тапты. Қуан бұған ренжіп, не таңданып: «Бәтір-ау, бұ қалай? Қадірімнің қайтқаны ма?» — деген жоқ. Табиғат заңы: тұмақ та, өспек те, тіпті өшпек те» — тек бір соның құдыреті екенін түсінген де, уақыты келгенде жатырқамаған.


Иә, күткен дағдыр ісі болса да, көшпілікке үйренген дағдылы әдет оны елегізітіп, жанын құлазытып, төргі бөлмеде ұзақ аяңдатпай ас үйге тарта берді... «Барғанда не айтам? Жалғызсырадым, ішім пысты деймін бе? Мені көріп Айжан күйінеді ғой. Балалар да шешесімен сырласып, шықылықтасып жатса мен кіргенде бүгежектесін, үннен айрылады. Шамасы менің құлағыма жақпайтын да, ақылым жетпейтін де бір сыр», — деп өзін-өзі ол тізгіндеп бағатын. Әйтсе де сол кезде не істеп, не қойғанын білмей, серейген жарақат аяғын ілгері ытқыта тастап, ас үйдің табалдырығына қалай аттағанын байқамай қалатын; ішке енгесін жерде ұялған тек тұрмастың керін келтіріп сөзге тартпағы лазым. О да оңай шаруа емес, талай мәрте көңіліндегі әдемі әзіл, еркелетер еркін қалжың осындайда ажарын келтірер бояу, әрінен айрылып, әңгімеге айналып, сиырқұйымшақтана үзілгені бар.


Төргі бөлмеден ала шыққан жүзіндегі бейқам сәби еркелігін сездірердей жылы күлкі табы ғана сейілмей қатып қалғандай көрінетін де, бұл өзін-өзі өлердей аяп, әлденеден қорланатын. Сонсын ол сол түнде бүкіл тірлігін көзіне елестететін... Қазандыққа жақындағанда Айжан: «Ойбай, Қуан, әрі жүр! Тағы бірдеңені бүлдіресің, қиратасың, — деп шажылдаған, оған үйелмелі-сүйелмелі қыздары қосылып: «Папашы, папа... аяқ астыңда су толы шелек... Қазір сүрінесің енді», — дегенше ол келісаптай сірескен аяқтың добал ілгешек басында жұмыр бір нәрсе тіреліп, апалақтай аттап өтем дегенде әлгі аунап кетіп шалп ете қалар еді: бұл болса, сасқалақтап босаған темір шелекті онан әрі, еркінен тыс теуіп үлгеретін ғой. «Қап, бүлдірдім-ау», — деп қипалақтай шегінгенде, «түйе үстінен сирақ үйіткендей неткен ебедейсізсің-ай?! Шықшы әрі, солпимай», — дейді Айжан даңғырлап дөңгелей жөнелген шелектің сылдырына қосыла шіңкілдеп. «Папа... Папа, шегінсейші аяқ астың су ғой көлкіген... Әне, қазір басасың...» деседі қыздары қаңқылдасып, Қуанның тіптен құты қашады. Дабыр-дұбырдан есі шыққан ол ығыстай беріп, қазандық кенересінде ұзын тұтқасы шошайып тұрған темір ожауды шынтағымен қаға құлатып есікке ұмтылады: «Тү-у, Қуан-ай, ісің бар болсын...» — дейді Айжан шалдыр ете қалған, ожауды жерден көтеріп жатып.


Келген шаруасы осымен тәмәмдалғандай ол ауыз үйдің табалдырығын аттасымен есіктің қайырылысындағы киім ілгіштен плащын алып, түйежүн күртешесінің сыртынан желең жамылып далаға бет түзейді. Қақырынып түкірініп алакеугім аула ішінде сенделіп сейілдейді, боздатып шылым шегеді. Сонан үйдегілердің абыр-сабыры басылған соң терезесінің желдеткіші сақыр-сұқыр ашылып қараңдай Айжанның ыстықтан албыраған жүзі көрінеді. Қуан қалтия аула ортасына іркіледі де, жарық, әрі жылы да шағын желдеткіштен шыққан бозғыл буға қадала қалады: «Ауқат дайын, үйге кір», — дегенін әйелінің естімесе де ол біліп, бір иығынан сусып түсе берген плащын түзей, тамағын қыра жөткірініп қояды. Айжанның үні көбіне-көп осы кезде естілмейді; әйтсе де Қуан үйге бет алады.


Мынау сол ас үй. Төбедегі шам жарқырай жанып тұр. Айжан кеткен күні ортадағы столды терезеге жақын ысырып қойған: жаңа ғана даладағы малын жайлап, сары қапшықтың ит-аяғына түннен қалған кеспе құйып, сүйек-саяқ салып қайтты. «Басқа түссе баспақшы», — деп Қуан Айжансыз үш-төрт күннің аясында үй-ішінің шаруасына икемделіп үлгерген еді; ас ішіп, әл жинағаннан кейін даладағы жауыннан малмандай су болған керзі етігі мен плащын қазандыққа жақын бірін іліп, бірін қатарлап қойған. Төргі бөлмеге өтіп, сыртындағы ақшыл конверті мүлде түтілген екі хатты алып келді. Терезе шынысына тиген беймаза жаңбыр тысырынан өзге дыбыс жоқ, шағын бөлме іші жып-жылы, тып-тыныш. Бұрын Қуан кешкісін ептеп кітап оқитын; онысын осы қазір мүлде ұмытқан. Мынадай оңашалықта самаурын есікке жақын әндетіп тұратын да, бұл төрде астына көрпені екі бүктей салып, жамбастай жатып қолына кітап алатын еді.


«Иә...» — деді ол қолындағы конверт ішінен екі парақ сәлем хатты шығармай іркіліп.


Бұл «иә-сының қай иә...» екені де жұмбақ, тегі өткен күннің шуақты бір сәті ме, жоқ әлде сағыныш па кім біледі. Қақ маңдайдан екіге жарылып, өсіңкірей жалбырап жеткен қалың шашын әлеует қолымен күрей кейін қайырып қойды. Самаурынның шыж-шыж етіп, көңілге тоқтық ұялататыны, Айжанның ауыз үйден кеп дастарқан жайып, сусылдаған жібек халаты желбірей қасынан өткені, зілсіз әзілі арқа-басын кеңітіп жадыратып жіберетін.


«Иә...» — деді ол күбірлей тағы қозғалақтай түсіп.


Бір сәт қасында Айжан бардай күй кешіп, жалтақтай қалды; шамы сөнген қара көлеңке төргі бөлменің ашық есігіне көзі тірелген, әлгі көрдей үңірейіп жанын құлазытып тастады. «Неменеге соны ойлаймын? Дүние, тірлік атаулының кіндігі ме ол?...»


«Иә... — десейші», — деп даусын шығарып алды.


Қолындағы конвертті стол үстіне тастай салып, орнынан серпіле көтерілді; шағын ас үйдің ішінде торға түскен көк бөрідей сенделіп жүр. Мана ол өзінің бұрынғы ебедейсіздігіне неге таңданғанын, қазір шаруаға қылап жан боп төселіп кеткенін қалай есіне алғанын бәрі-бәрісін ұмытқан: «Өкпешілін қайтерсің? Е, мен неге ренжімейім-ей? «Қатыны тастапты» деген қаңқу сөз маған жеңіл тиіп пе? Фатиха қарияның көзінше мінез көрсетіп, түңілгенін де сездірмеді ме? Сонда мен неге жарылмаймын, неге ұшынбайым, ә? О, бейбақ! Сен кергіп кекірейді екен деп өлуім керек пе? Құдайға шүкір бір қатын маған да табылар... Талақ етсем бе өзін, ә? Мұқым, о несі-ей!»


«Иә — деймін-ау...»


Қуан өзіне бір күш бітіп, әлдекімнен есесі қайтқандай алабұртқан көңілі жайланғанын сезді; сезді де соның әсерімен стол жанындағы орындыққа сылқ отыра кетті. Конверттің ішінен екі парақ қағазды шығарып, бүктесінін жазды да оқуға кірісті: «Балам, Қуан, соғыс біткелі де міне отыз сегіз жыл. Апыр-ай, уақыт неткен жүйрік, ә?.. Сен ол кезде ашаң жүзді, соқталдай жігіт едің. Шығыс жігіттерінің көбі бәкене, төртбақ келетін. Сен сүйекті ірі, бойшаң болдың. Әлі көз алдымда сол бейнең... Қуан, есінде ме, сені дала госпиталіндегі үлкен кенеп шатырға таң сібірлеп келе жатқанда әкелді. Үсті-басың балшық-балшық. Оң аяғың тізеден төмен сірескен қан, мылжа-мылжа. Сол бүйірің де қан. Шинеліңді біреу шешіп үстіңе жауыпты. Өзіңнің атжақты жүзің құп-қу, шашың бұйра ма еді, қазір есімде жоқ, әйтеуір қалың дудырап кетіпті.


Соның алдында ғана үш-төрт операция жасап, қалжырап тұрғам. Медсестраға иек қағып, столға салыңдар дедім. Өзің білесің ол кезде мен қырыққа жаңа ғана толған қылшылдаған жаспын. Күніне отыз операцияға дейін жасай берем. Сен түсетін күні он сегіздегі Володям майданға кірісімен жараланып қолымда қаза балған. Сенің қан-сөлсіз қуаң жүзің, құс мұрын, кең маңдайың... Кешір, көз жасым тамып кетіп жазуымның сиясын құстырып жіберді. Жетпістің сегізіне келген шалдың осындай, жаным, сентиментальдығы... елжіректігі болады.


Тер сіңіп, жуыла-жуыла түсі оңған гимнастеркіңнің әр қыртысына дейін жадымда сақталғаны да сол Володяма ұқсағаныңнан екен. Кеудеңдегі орден, медальдарыңды қолорамалыңа орап, төсқалтаңа салдым.


— Жолдас, хирург! — деді медсестра көңілімді бөліп. Мен сенің маңдай шашыңды кейін қайыра сипап тұрғам. — Тізесі күл-парша. Аяғын ампутировать ету керек.


Мен шошына жалт бұрылып:


— Неге? — деппін ғой.


— Көріңіз, — деді медсестра етігіңнің қонышын, шалбарыңның балағын тізеден жоғары асыра тіліп, ашып тастап. Үнім қатқыл шықты ма, өзі менің оқыс мінезімнен ығыстай жаутаңдап тұр. Тегі мен медперсоналға қатаң қараған тәріздімін...»


«Иә, — деді ол хаттан сөл көзін тайдырып, өз-өзінен күбірлей езу тартып. Жүзінде: «Оныңызды білеміз, Виктор Петрович», — дегендей рай бар.


Қуан хатқа қайта үңілді: «Қарасам... Шынында тізеден жоғары кесіп тастаудан өзге амал қалмапты. Жарақат гангренаға айналуы аса қауіпті. Ал, сен мен үшін сол сәтте Володямсың. Не істеу жөн? Бір жақсысы бүйіріңдегі жарақат жеңіл боп шықты; екі қабырғаңды қақшып тастадым. Басқа амалын таппадым ғой қайтейін... Снарядтың жарықшағы тіліп өтіпті: оны жуып, тіге салдық. Иә, мұнан бұрын да хирург пышағы тәніңізге аз із түсірмеген екен. Қалай төрт сағат аяғымнан тік тұрып, операция жасағанымды аңдамадым. Күл-паршасы шыққан тізе сүйегін түйірлей жинап, бәрін орын-орнына қиыстыра келтіріп аяғыңызды аман алып қалдым. Иә, ол бүгуге жарамайды, дегенмен де өз тәнің, ағаш емес...»


— Иә, ол рас... Рақмет, сізге Виктор Петрович, — деді Қуан, қасында сол бір абзал жан тұрғандай күңк етіп.


Ол, әрине, әкесіндей мейірімін аямаған дәрігерді көп жылдар бойы ұмытқан жоқ. Әйтсе де күнделікті тірлік, әp сағаттың кәкір-шүкірі соңғы жылдары бірінің үстіне бірі жамалып көз жаздырып жібергені рас: үй-іші, бала-шаға, шаруа-қамы деді... Біреуім — екеу, екеуім — төртеу болса деп жүріп мал жиды. «Кімге, неге? Соны Айжан білді ме, түсінді ме? Не қызығын көрді? Ірі қараның бірі-екеуін сатып, биыл жаз Виктор Петровичке барып қайтармын-ау... Оған дейін Айжан ісі не бүге, не шіге шешілер. Өзім де оңбайым... «Айжан дейтін қызыңыз, то есть келініңізбен таныстырам» деп жазғанымды айтам-ау». Оу, келін кәне? Жалғызсың ғой», — десе не дейім енді? «Менен саған мал қымбат, дүниеқоңызсың. Балаларыңа қарайласуға жоқ сараңсың», — деп тастап кетті дермін...


«Иә», — деді ол тағы да даусын шығарып.


Бұ жолғы «Ия-сы керісінше, жұлдызымыз жараспады» дегені еді. Қуан орындықты салмағымен жаныштай сықырлатып, хаттың соңғы жағына қайта үңілді. «Сіздер жаққа сапарға шығатындай сәт туғалы тұр. Рас, әлі түбегейлі шешілмеген жай. Әйтеуір реті келсе, сіздің ауылға қалай да соғам. Балам, өзіңді бір көрсем деймін. Мұнан былай жол жүруді ауырсына берер түрім бар, шамасы жастықтың базарын тарқатып алсам керек...» — депті. «Әзілі қандай жылы... Айжан оны білмейді ғой...»


Әлдекімнің бекітулі ағаш қақпаны дүсірлете соққанын Қуан енді ғана құлағы шалып, елеңдей орнынан көтерілді. «Бұ кім-ай жеті түнде тентіреп жүрген?» Айжанға ренжіп отырған оған мынау беймезгіл мазалаған жан тіптен бір қаскүнем, өзінен басқа адамның демалыс сағатымен санаспайтын есер сияқты боп ызасын келтірді. Сары қаншық аула ішінде арсылдап жатыр; анау оны елер емес. «Дүрс-дүрс... Дүрс-дүрс...» — қақпаны тоқпақтап, тепкілеп кетті... «Қап, мынау оңбаған басына ма кісіні, қайтеді-ай?! Жауынды түнде мені төсегімнен суырып алмай, тыныштық таптырмайын дей ме? Әуселеңді көрейін сенің», — деп ол хатты стол үстіне тастай салып, кеуіп үлгермеген керзі етігін қоңылтаяқ шұлғаусыз киіп, дымқыл плащын жамылып есікке бет алды.


Даланың сызды ауасы, толассыз жауынның иісі үйдегідей тымырсық көрінбей тынысын кеңітіп сала берсе де, ол әлгі бір адуын ашуын баса алмай қақпаға қарай мойын созып тоқтады. Сары қаншық үй иесінің сырықтай боп өңкиіп шыққанын арқаланып, қақпаға дызақтай барып шаңқ-шаңқ етті.


— Уа, бұ қайыссың-ей? — деді баспалдақтан дүрс-дүрс аттай, қақпаға жақындап. — Құттыаяқ... Құттыаяқ, кә!.. Кері қайт, жат!..


Сарықаншық бір-екі шәу-шәу етті де, ырылдай ит күркесіне, қора бетке қарай ығыстап барады; жалтақтай бүрсеңдеп, құйрығын шипаңдатады. Ірі жаңбыр тамшысынан қорғаншақтап Қуан плащын қолымен жоғары көтеріп, басына бүркеніп алды. «Адам дегенде бір ұят, аярлық жоқ-ау. Жеті түнде тентіреп жүрген неғылған жандар-ай?! Құдайдың жарық күні аз ба бұларға? «Жау келділеп» жылы төсектерінен өздері безінгенімен қоймай» елге тыныштық, тыным бермедім-ау, — деп бір ойламай мa? Ылғи да алмағы бар кісідей міндетси сөйлеп, ит жыныңа тиетіндерін қайтерсің. Ал, есікті ашпадым, шықпадым. Заңшылсыңдар ғой. Арызданыңдар... Мен де ол жағынан қара жаяу емеспін. Жеті сағат жұмысымнан кейін демалуға тиіспін... Бәлі, мынаған бірдеңе көрінген шығар?! Белқұлы қақпамды қиратардай тепкілейді ғой. Алла ғана атаңа нағылет-ай... Үндемеген сайын бұлар өстіп басынады-ау, ә? Не істесем!» — Қуан түтігіп кетті. сабырлылық пен манағы бір салқын қандылықтан мүлде айырылып та үлгергені анық; өн-бойын бұрқыраған сасық ашу билеп, танауы қусырыла емпелеңдеп келеді.


Келе биік ағаш қақпаның кісі кіретін аядай есігінің темір ілгешегін жұлқылай, тез ашам дегенде оң қолының сұқ саусағының терісін оңдырмай сыдыртып алды; бырш ете қалған тірі жараға жауын тамшысы емес, мүсәтір ертіндісі тигендей удай ашып барады: «Тү-у, атаңа нағылет!» — деді ол күбірлей жарақатын ауырсына қолын сілкілеп. Беймезгіл мазалаған жан осы кез сәл сабыр сақтап күте тұрғаны ләзім еді; тағы да тағатсыздана қақпаны аяғымен тепкілеп жіберді. Онысы әдейі істелгендей Қуан ызасын ұшықтырып тынды:


— Әй, сіздерге өзі не керек? — деді ол есікті жұлқа ашып жіберіп. — Не әкелеріңнің құны бар менде!..


«Әй-шәйсыз», сәлемсіз үй иесінің есігін аша сала дүрсе қоя берерін күтпегендей ме, қалай; қараңдаған екі-үш адам қақпадан кейін серпіле үрпиісіп тұр. Ірі жаңбыр тамшысы Қуанның басынан иығына сусып кеткен плащын аңдағандай төбесіне, бетіне тырс-тырс тиіп мұп-мұздай боп мойнына да құйылып жүре берді; ол тітірене қымтана түскелі қанша қарманса да мол жауынның дымқылынан мәлміреп плащы икемге келмей-ақ қойды.


— Әй, тілдеріңнен айрылдыңдар ма? Неге үндемейсіңдер-ей?! Әйтпесе есікті жабам...


— Ағай... Қуан аға, — деген шіңкілдек жас жігіт үні шыр етті.


— Е, немене?..


— Бері келіңіз, ағатай, өзіңізге өтінішіміз бар...


«Қонақ үйдің люстралы шамын жағып шыққаным қандай жақсы болды. Аула ішін тұтас сәулелендіріп, қақпаға дейін жетіп жығылғанын қарашы», — деген орынсыз ой Қуан көңілінде осы сәт жылт етсе де, әлгі жалынышты, жасық жігіт үні еркінен тыс қақпаға тартып, амалсыз есік көзіне жақындады. Быжынаған боз шыбындай бесқонақтың ұйтқыған ірі жаңбыры сарғыш сәуледе қылаңдай ұшып жүр. Қуанның көзі әлгіндей емес қараңғылыққа үйреніп есіктен әрідегі екі-үш адамның нобайын шамалаған. «Қорқып кетті демесін», — деп ол намыстана, жауын суынан бойы тітіренсе де сыр бермей қасқая кеп үңілді.


Қараса...


Сұр плащты, қалпақ сыртынан капюшонын киген, аяғында бақабас керзі етігі бар шомбал, құс тұмсықты мосқал жан мөлие қарап қалыпты. Оның ту сыртында қызғылт орамалды қара болони плащь жамылған, ақ туфлиі балшық-балшық бойжеткен мен қара костюм сыртынан ақшыл плащь киген, ашаң жүзді, қалпақты жігіт шалынды. Қуанның тесіле ұзақ көз тоқтатқаны сонша, ұялы жанары жыпылықтап жігіт жүзін тайдырып алды.


— Иә, жай ма? Елді бөрліктіріп түн баласы неге тентіреп жүрсіздер? — деді Қуан өз үстемдігін, мыналардың кіріптарлығын бірден сезініп. Пендешілікке ұрынып астамшылық танытқанын да байқаған жоқ.


Тегінде адам өз мінезін, қылығын біле бермейді: «Менің де біреуге тигізер шапағатым бар шығар», — деп ойлауы да аз. Жайшылықта Қуан ерін бауырына алып бұлай туламас еді, ақылға жеңдіріп, кісілік, ізгілік танытары кәміл. Ал, қазіргі арсың-гүрсің сөзінде мына беймезгіл жандардың шарасыздығынан ләззәтті күй кешіп қалғаны анық. Кейінгі үш-төрт жыл аудан орталығына электр, газ жетіп осы беттен отындық ағаш сұраушы кіріптарлар сиреген де, бұл өзінің еленбегеніне күйінетін; қажетін күндізгі жарықтан қалмай өткізіп үлгеруге ел тырысып бағатын ғой. Сонан ба, ол қазір қас-қағымдық, арбасудан өзінің бағасы артып сала бергеніне рақаттана:


— Әй, неге үндемейсіздер? — деді.


— Аға, мен... — деді қалпақты жігіт әлі бір жақ ашып, ләм демеген шомбал қараның алдына шығып. — Мына Беріктастан келін... қалыңдығымды әкелем. Өзім Алматыда былай... нетіп оқимын. Бір аптаға «үйленем» деп... нетіп сұранғанмын. Қайдан білейін қырсық шалып, төрт күнім сол нетіп... былай жол мен құдаларға соғуыма кетеді екен деп... Жарым жолда машинамыз бұзылып нетіп әлгі... бұзылып, екі шақырым бүйірдегі бөлемдікіне нетіп... түйе арбамен жеткеніміз осы, иә...


Қуанға мынау студент жігіт тіптен ұнамады. Әрине, оның жасаған жамандығы жоқ. Бұрын білген де емес, танымайды да. Кейде адамды сондай бір орынсыз, бейкүнә жанға деген келеңсіз сезім буып, қарадан-қарап жеккөретінің болады ғой. Әйтпесе жазығы не? Келте танау астындағы қара мұрты ұнамай ма? Мүсәпір күйіне жаны ашыса керек-ті. Ал, айтып тұрғанының бірде-бірі құлағын елеңдетпей, ыза шақырады. Қайта анау ту сыртыңда қалған шомбал дөңгелек жүзді, қиық көз қара оған қызық, жұмбақ. Әлдекім көтеріп әкеліп: «Осылай қалтиып, мізбақпа!» — деп шегелеп кеткендей селт етпейді. «Құдды тас құдай», — деді ол іштей таңдана, қалай дәл ат тауып қойғанын өзі де аңдамай. Өткелшінің көңілінде аяушылық бір сезім туғызып, «жә, қызмет көрсетейін» деген келісімін алуға тырысқан студент жігіттің жалынышты үні кекесінді естіліп, ақ көйлегі, қызыл галстугіне дейін мынау лайсаң, жауынды түнде бір түрлі әжуалағандай көрініп барады.


— Ауылымыз арғы бетте, жиекте еді, аға...


Жиек деп отырғаны сортаң, ақ тақыр даланың өзен бойынан ұзап, қалың нар өркеш «Кетешағыл» құмымен тұмсық тіресер түс екенін Қуан білетін ғой. Әлгінде темір ілгешекті ебедейсіз, тез ашам деп саусағын оңдырмай сыдыртып алып, сонысы су тиіп сыздады ма, жоқ болмаса ұзақ аялдап, әбден малмандай жаурағанына күйінді ме:


— Ауылыңның маған қажеті не? — деді.


Студент жігіт сәл мүдіре түсіп, қара мұртының етегінен аппақ тісі ақсия шалынып сөйлеп кетті:


— Соған таңға дейін жетіп жығылсақ деп едім. Әке-шешеме келіндерін табыстап, бір күн тынығып Алматыға ассам дегенім ғой, аға. Уақытыңызды қиып, біздерді өткізсеңіз...


— Уа, маған уақыт, тынығу қажетсіз бе? Мына жауынды түнде паромды қалай тартам?


— Айналайын, ағатай, ақыңызды жемейміз ғой...


Өткелшінің селт етіп, еңсесін тез неге жиып ала қойғанын, неліктен қалың екі қара қастың арасына терең қос қыртыстың қыстырыла қалғанын жауынды түнде студент жігіт байқамады әрине, ол: «Қуанның нағыз шамына тиер сөзді қалай айттым-ай», — деп қиналып, қысылған да жоқ. Қаланың кейбір таксистері жол ақысын молырақ төлесең көп кергімейтінін астаналық студент жақсы білетін де, ең ұтымды, өтімді сауал, тілек осы «қаржы» шығар деп аңдамай ұрынды.


Ал, Қуан ше? Қуан тіптен ытырынып, шоршып түсті: «Ақыңызды жемейміз ғой» дейді. Бұған шекті біреулерде менің «ақым» кетіп, бар ауыртпалығы өзіне тиіп жүргендей қалай-қалай сөйлейді-ей?! «Уа, сен менің жоқшым, жарылқаушым ба ең? Белқұлы Қуан арын арлап шалыққандай тантығаны несі? Иә, сен ақымды жемейді екен деп, мен осы қазір балшыққа батпақтап жүгіре жөнелермін. Күт... Иә, күт мені... О, несі-ай, жеті түнде жылы төсегімнен бездіргенімен қоймай, тәлкектегені ?! «Ақша десе өледі. Дүниеқоңыз өзі деп біреулер сыртымнан мұны да ұғындырып жібермесін? Сөзі тым ірі екен...» Қуан манадан жақ жаппаған жігітке секемдене қарады; әр қилы оймен лайланған санасына студент сөзі енді еніп, құлағын еріксіз түрді.


— Ағатай, міне... Міне, он сом... Мына алтын сағатымды да берейін. Барым осы... Нетіп әлгі, оқу бітіріп, елге оралсам, жақсылығыңызды ұмытпаспын. «Ер мойнында — қыл арқан шірімес» дейді ғой. Мынадай түнде... әлгі нетіп, бас сауғалау қиын... Неге үндемейсіз? — деді ол.


— Оу, жігітім, сен мені ақшаға сатып алмақпысың-ей?! Бұ не қорлауың, көзіңді ашып қара... Артық төлесем жүгіре жөнеледі деймісің? — деп Қуан ызалана қақпаның кісі кіретін есігін жапқалы қолын созды.


Үн-түнсіз шәлкем-шалыс сөздердің артын бағып қалған «тас құдайы» осы кез қозғалып кетіп:


— Уа, замандас, түсінсеңізші, — деді сақал-мұртсыз жып-жылтыр ерін үсті, иегі бүлкілдеп. — Мына келінге салқын тиер-ау деп ойласаңызшы. Неткен мейірімсіз жансыз, ә?


— Ағатай, есігіңізді жаппаңызшы... өтінем. — Орта бойлы, талдырмаш ақ көйлекті қалындық та шыр етті.


«Бәлі мен «мейірімсіз» екем ғой. Бұларды бірінші рет көрдім бе деп тұрсам, менің кісілігімді де, жаманшылығымды да білетіндер табылды ғой. Түкірдім сіздердің «мейірімдеріңе». Ызалана Қуан есікті жауып жіберді, күңкілдей бүгежектеп үйіне бет алды. Соңынан қуа жеткен жалынышты үнге қайрылмады.


Даладан әбден жаурап, жылы үйге енген Қуан шешініп, стол үстінде жатқан хаттарды жинастырды. Тоңазыған бойы сәл-пәл жылынса да, әлгі бір өзіне кіріптар үш жанның жалынышты үндері құлағынан кетпей қойды. Төргі бөлмеге өтіп, темір кереуетке құлап еді, ұзақ уақыт көзі ілінбеді. «Ақыңызды жемейміз ғой», — дейді. Ол аз десең, ана бір сөлкигені «мейірімсіз» деп қорлайды. Дұрыс сөз ауыздарына түспей қағынған өздері емес пе? Жай өтініш етсе де жетпейтін бе еді? Бір түнгі ұйқымды қияр ем ғой. Мен не, түк білмейтін, сезбейтін адаммын ба? «Мейірімсіз» дейді. Ондай мінезімді қайдан көріпті?» Іштей мойындамаса да, Қуан көңілінде «неге бара салмадым. Ел естісе ыңғайсыз-ау... Тіпті ұят та сияқты ма, қалай», — дегендей қайырсыз ашу орнын өкініш билеп жөнелді. Не болса содан ілік іздеп, өз намысын неменеге соншалық жанып ұшынғанын да түсіне алмай әлек.


Шайтан түртті ме, неге ерегестім? Қырсық шалайын десе өзі оп-оңай екен ғой. Жаңа беті бері қарап, іш тарта бастаған елді тағы үркітпесем неғылсын?!»


Ой қажытып, әбден шалыққан Қуанның көзі таң саз бере ілінді; бір әдеті қандай кеш жатпасын дағдылы уақытында оянатын. Баяғы соғыс кезінен қалған тірлік; екі-үш күндік шабуылдан соң, жауды өкшелей қуып келе жатып сапта сәл сүрініп кеткендей көз шырымын алса, құр атқа мінгендей тыңайып жүре беретін еді. Сол мынау бейбіт күнде де ұмытылмаған серігі. Әлі бір езіліп, тал-түске дейін ұйықтаған емес. Бүгін де ол тез оянды. Малын, үй-ішін жайлап, шайын асықпай ішкеннің өзінде көк жиек тек болмашы қан қызыл арайға бөленген. Сары қаншықтың ит-аяғына түннен қалған кеспені құйып үйге қайта кірді де, асықпай киінді. Қалың түйежүн свитерінің сыртынан плащын, басына қалпағын, аяғына керзі етікті шұлықсыз шұлғау орап сұға салды: бір байқағаны өзі кәдімгідей асығып, кешіккенінен ыңғайсызданып жүр.


Қап, көп күттірдім-ау. Өздері де тіптен жаурап, көз ілмеген болар. Неге үйге кіріңдер демедім? Қонақжай қазақшылықтан айрылғаным ба? Бой жылытып, ес жиғансын да ақылдасып, мәмілеге келер едік. Тү-у, неткен есуастық...» Қуан далаға қалай атып шығып, есікті кілттеп, қораның ішіндегі екі ескекті қалақ басын жоғары қарата жұптастыра ұстап иығына артқанын байқамады; орман ішімен қарыштай адымдап тартып келеді. Сары қаншық бірде алдына түсіп, бірде ағаш арасына сүңги жоғалып арсалаңдап барады.


Жауын басылған, аспан ашық. Арайлана атқан таң шапағынан ағаш іші бозғыл жабағы бұлттан мұнар белбеу тартып алыпты. Қалың қарағай, емен, қайыңның сидаң бұтақтарына қонақтаған бөрітпе бидайдай ірі жаңбыр тамшылары болмашы самалдан төгіліп кетіп тұр. «Жаңбыр бір жауса, терек екі жауады» деген осы-ay», — деп ойлады ол, күпті көңілін алдарқата.


Ағаш сиреп, қызыл жыңғыл әр жерде шоқтана кезігіп, жер реңі тусырай сарғыштана, бозарып келеді. Біртін-біртін саз аяғы құмдауытқа айналып, керзі етік тобыққа дейін бата түсті. «Міне, жаға...» — деді Қуан күбірлей. Иілмейтін жарақат оң аяғы құм бетін сыза жылжымай, жырта іркілді. Иықтан түскен жұптай ұсталған қос ескектің қол тері сіңген жұмыр екі тұтқасы дік етіп сол аяқтың жанына шаншыла кірді.


Өзен көгілдірлене, шымырлай ағып жатыр. Сарғыш арай арғы беттегі биік жарқабақты, қараңдаған адам, ат-арба, машиналарды Қуанның көз алдына көлденең тарта берді. Міне, бергі бетте төбесін алып тастаған, төртбұрышты бұзау қорадай қаңырайып, қалқиып паром тұр. Онан беріде ірдуан арба шалынады: екі жақ қапталына мәлмірете одеяло, ақшыл мата ілініпті. «Түндегі жауында арбаның астына кіріп, бас сауғалаған-ау, ә?! Қуан түндегі қылығының тіптен ер-азаматтың кісілігіне жатпайтын ерсілігіне енді әбден көзі жетсе де, кері-езу тоң-торыстығына бағып: «Жеті түнде тентіреңдер» деген мен емес деп өз-өзінен күбір етті.


Әне, өзеннің құмдауыт, қайраң жағасында шідерлеулі сары атан маңқия қарайды; түндегі аласапыран жауын, жел-құздың таң саз бере пышақ кескендей тиылып, күннің жарқырай шыққанына, аспанның ашықтығына сенер-сенбесін білмейтін тәрізді. Арбаның бір жақ қапталындағы мата түріліп, астынан ақ көйлекті бойжеткен мен ұзын жігіт көрінді; студент жалаңбас, еңкейіп арба астынан әлденені алды да, сырт айналып, бүктеуін жазып, қағып жатыр. Міне, ол қара плащьты қалыңдығының иығына жапты да, жауырынынан аймалай аялдап қалды. Қыз көлденең көзден қымсына құшағынан сытыла шығып, жігіт мейіріне көлеңке түсірмейін деді ме, күлімдей әлдене бір әзіл айтса керек. Студент жігіт шалқақтай күліп жіберді; үні беймаза түндегідей жасық емес екен: ширақ естіліп, өзен үстімен сырғанай сыңғырлап жөнелді де, жаңғырыға беріп, құмыға басылды.


«Бір кезде Айжан екеуміз де осылардай едік-ау. Сәл көзден таса кетсек, көріскенше тағат таппайтынбыз. Аллау, күндесін-күнде не тауып айтатынымызды қайдам, әйтеуір, әңгімеміз бір бітпейтін. Күлкіміз де мол. Не болса сол тілге тиек, езу жиғызбастай қызық. Қазір ойласаң, түкке тұрғысыз-ақ сөз. Ал, кеп күлеміз. Әр сөздің сиқыры бар, көзі қисық. Бөгде адамның аузынан шықса дені дұрыс уәж, наз. Біз бір-біріміздің жанарымыздан сусындап, мейіріміз қана тіс жарсақ тіліміздің мүкісі сезіліп, сөз біткен не шойнаңдап, не астарына сыр бүккендей екіұдай естілерін қайтерсің. «Айжантай, қабағыңа сары маса қонды ғой. Зәрлі сияқты ма, қалай? Шағып кетпегей еді», — деймін мен. Ол желпіне түсіп, ұшып үлгерген масаны аңдамайды да: «Ренжіп қалдың-ау. Не жаздым? Қабағың қызарғандай ашушаң ба ең», — дегенің бе еді, дейді нұрлана, шуақ үйірген бадана көзі бір сәт боталай мұң жиып. «Жо-жоқ, Айжантай, масаның қонғаны рас». «Е, қонса өлтірмеймісің?» «Ойбай-ау, өлтірем деп жұмсаған қолым мүлт кетіп жүрсе ше? «Құдайдың жоқ масасын дәлел етіп, жағымның отын жандырдың-ау. Уә, күнәм не? Бұ қай қорлығың», — демесіңе кім кепіл», — деуші едім де, қосыла күлетінбіз...»


Қуанның тәтті ойын сары қаншықтың дызықтай кеп үргені бөліп жіберді. Ол селт етіп, жерден басын көтеріп алды. Күн жиектен түлкі құйрықтана төбесін көрсетіп қалған екен; арғы беттегі әлгіндегі сарғыш, тік жарқабақ қызғылт нұр тартып, жақындай түскендей екен. Сары қаншық мойын жүнін күдірейте орта бойлы, үстінде сұрғылт плащы бар, дөңгелек бөрік киген, бурыл, теке сақал шалға қарай арс-арс етеді. Шал паром алдында екі қолын шалыстыра артына ұстап, ерсілі-қарсылы жүр. Тіпті анау иттің шабалақтағанын елер емес. Арба төңірегі абыр-сабыр. Екі қапталындағы мәлміреген әлгіндегі ілулі мата, енді зым-зия. Беріде, басына қақырадай ақ жаулық тартып, жасыл бешпет киген томашадай күпейкелі қария астынан ұзын етек қызыл-ала көйлегі көрініп, бүгежектеп әлденені түйіп, байластырып жатқан толықша келіншекке басшылық ете шіреніп тұр.


Сосын Қуан көзімен іздеп сары атанды тапты: мойнына сырты қара былғарымен тысталған қамыт кигізіліп, арбаға бет түзеп, мұрындығынан жетеленіп келеді. «Иә, иә, мынау сол. Нақ өзі...» Қуан шомбал жігіт ағасын тани кетті. Түндегі «тас құдай» аталған жан. Сары атан басын төмен сап: «Бұйдамды босатшы, танауымды жыртып барады ғой. Неге асығасың, жай жүрсейші-ай», — дейтін тәрізді сұрғылт плащты, көк бөрік киген «тас құдайына». «Тас құдайы» Қуанды мана байқаған, әйтсе де оның шөлейт даланың сарышұнағындай алдыңғы аяғын бауырына жиып, артқы аяғымен тіп-тік, қаққан қазықтай қалтиып қалғанына таңданған жоқ. Тісі ауырғандай «и-и...» деп бір тыжырынды да, сары атанмен болды.


Қуан мұнан әрі алыстан бағдарлауды қойып, паромға қарай тартты. Иесінің жақындағанын арқаланып, сары қаншық ерсілі-қарсылы жүрісінен танбаған дөңгелек бөрікті шалға үруін үдетті: Құс тұмсық, қызыл шырайлы қарттың қасынан Қуан өте бере:


— Салаумағалейкум!.. Әй, Құттыаяқ, кө... кет, — деді, ұялған тек тұрмастың кебін істеп, итін біресе шақырып, біресе кері теуіп.


Шал ақ еті қызыл тамырланып, мұнарлаған қой көзін оқтай, шаншылта қадап қалт тұра қалды. Қуан шыдай алмай жүзін тайдырып жіберді. Іштей өз ісінің келеңсіздігін сезіп, қуыстанып келгенде қарттың суық жанарының сұғы жүрегін қанжылатып, бетіне жиренішпен былш еткізе түкіріп өткендей болды. Қаны қаша сұрланып Қуан паромға жетті де, қос ескекті паром үстіне салдырлата лақтырып тастады. Жағада жатқан зіл батпан баспалдақ тақтайды ашуға булыға жүріп, шалт көтеріп, бір ұшын паромның жиегіне артты да, сергек қимылмен ырғып үстіне шықты.


Айнала тартылған белдеу ағашқа сүйене жағадағыларға көз тастап тұр. Түрінде: «Ой, неменеге маған міндетсисіңдер. Түнде мен де тынығуға тиіспін. Жөнсіз лақпаңдар. Ө, несі-ай, кергігендері... Ал, келіңдер...» — дегендей қасарыстық бар. «Тас құдайдай» шомбал қара ауыр түйін шекті иығына арта дірдектеп келеді; алдында ақсары, көзілдірік киген, жасыл бешпетті қария. Ұялы дөп-дөңгелек, сәби көзі шыны астынан жылт-жылт етеді. Үлбіреген беті ине ұшымен сызып, шимайлағандай әжім-әжім. Пісте мұрын, маңдайы жазық. Соңында күпейкелі, аяғына қызыл резина етік киген аппақ келіншек. Түбіт шәлісі кейін ысырылып, жылмита таралған шашын көрсете көпси мойнына жиналып қалыпты. «Тас құдайдың» келіншегі-ау шамасы. Аузының салымдысын қарашы...» Қуан ойын бұлардың алдын орай паромға өткен жігіт пен ақ көйлекті қалыңдық бөлді. «Бойжеткеннің қариядан бір айырмасы танауы, сәл имектеу ме, қалай? Әдемі екен. Бәрі туыс»...


— Сәулеш, қарағым, — деді қария қалтылдаған баспалдақтан жүрексіне іркіліп, артына қайырылып. — Жоғары өтіп, қолұшыңды берші...


«Апыр-ай, өзі менің апамнан айнымайды ғой», — деп Қуан ойлап та үлгерген еді; жағымды үнін естігенде қалай ұмтылып кеп қолын ұсынғанын байқамай қалды. Қария бағдарлай Қуан жүзіне көз тоқтатты да келісті келіншектің жетегімен жоғары көтеріле берді; өткелшінің қолы ербеңдей ауа қармап, ұятты қайтты. Қатты қысылған Қуан не істерін білмей жерге секіріп түсті: бойын бір дәрменсіздік, қорлық билеп қалшылдап барады. «Неге мені балағаттап ұрыспайды? Не десе де көнер едім ғой. Үндемегендері, адам ғұрлы көрмегендері несі? Жә, мойындайын-ақ... Кемшілік менен. Ойланбаппын. Сүрінбейтін тұяқ жоқ... Адасқан шығармын. Уа, мен құрыған, біткен адам емеспін. Майдангермін... Елге аман оралсам, ауылдастарыма қолымнан келген жақсылығымды аямаспын дегем. Алғашқы жылдары бәрің де мені «Қуан», «Қуаш» демеуші ме еңдер? Енді не жаздым? Уа, ала жіптеріңді атаған жерім кәне»?.. Іштегі қыжыл өзегін өртеп, Қуан паромның жағадағы көмулі якорға орап кілттенген шынжырын ашып, жинастырып жатыр.


Арба мен паром арасында жүк тасып сабылған шомбал қара маңдай терін қолының сыртымен сүртіп, Қуанның қасына келді. Құнжыңдай жанқалтасынан ақша шығарып, қызыл құлақтың бірін өткелшінің қолына ұстата салды да:


— Аға, мен бердім, — деді паром үстіндегі қартқа иек қағып. Теке сақал, дөңгелек бөрікті шал қара-құрым етіктің сыртынан галош киген аяғын сүйрете басып Қуанның құлақ-шекесінің тұсына, паром жиегіне кеп тұрды да:


— Мырзаш, ауылға сәлем айт. Ағам соқпай кетті деп ренжімесін, — деді.


Кісі басы жиырма тиыннан билет кесіп жүкке отыз тиын деп, сегіз сом тоқсан тиынды қайтып бергелі Қуан оқталғанда Мырзаш аталған шомбал қара жанында жоқ боп шықты. Қалай тез кетіп, сары атанның тізгінін қолына алып, арбаға жайғасып үлгергенін өткелші аңдамаған еді. Паром үстіндегі қалыңдық қасындағы жігіттен назарын тайдырып:


— Сәуле-апа, сау бол! — деді дауыстап. Арбаның артқы дөңгелегінің шыбығына аяғын артып, мінгелі жақтау тақтайдан ұстаған қолын күпейкелі келіншек бір сәт босатып алып:


— Бақыт тілеймін, Еркежан! — деп қолын бұлғады.


Қуан баспалдақты түсіріп, паром үстіне бір ырғып шықты да шалдың қасына барып, ұсақ тиын аралас қағаз ақшаны уыстап:


— Ақсақал, балаңыз ба, ініңіз бе білмейім. Маған он сом берген. Мына сдачасын алыңыз, — деді ұсынып.


Шал бетіне ажырая қарап:


— Қажеті жоқ... Өзіңде қалсын, қайыр-садақа болғай, — деді қырыстана ту сыртын бере бұрылып.


— Қайыр-садақаларың өздеріңе. Мен қайыршы емеспін, — деп Қуан бойжеткен мен студентке ұсынған, олар да алмады. Әбден ызаланып құп-қу боп кеткен өткелшінің өрескел іске барарын сезген, манадан жұмсақ жүктің үстінде үн-түнсіз отырған қария жақын келіп:


— Балам, — деді. — Сен ренжіме, өкпең орынсыз. Ақылға кел... Сені де бір қазақтың адал сүт емген анасы тапқан шығар. Тілеулері алдында екі жас бас қосқан...


«Той шашу» деп алғын...


— Апатай-ау...


— Түсініп тұрсың ғой. «Сапарларың оң болсын», — деп ал да, базарымыздың қызығын, сағатын, сәтін бұзбағын, жаным. Тек «ағалап» барғандарыңда кеуілдерін қайтарып, қуаныштарын лайлағаның жарамады. Бесқонақтың жауын-шашынынан ешкім үсіп өлмес-ау, үлкенге деген сенімдерін жоғалттың ба деп қорқам. Сенде де нақ осылардай бүлдіршіндер болса, ойланғаның лазым. Жүрелік енді.


Қуан не дерін білмей ұнжырғасы түсе кері бұрылып, паромның арғы бетпен жалғастырған сым-темірін шірене тартты. Қалқиған паром селк етіп, бойына жан біткендей қозғалып шымырлап, айнадай жалтырап жатқан су бетіне ақ көбік із тастап сырғи жөнелді. Бойдағы өкініш, ыза, дәрменсіздіктен туған ашудың есесін Қуан белдеу сымнан алғысы келгендей ептілігінен жаңылып үсті-үстіне тартып ырс-ырс етті. Қалтасындағы сегіз сом, тоқсан тиын қорлап, күйдіріп келеді. Әне, өзен ортасынан да асты. Қуанның мұрын үсті ғана емес, енді маңдайынан да тары түйір тер бөрітіп қас жиегін қуалай кеп, көз ұясына іркіліп ашыта бастады.


Бір қалтарыста ол шыдамай маңдайын, көз үстін плащының жеңімен сүртіп өтті. Енді ғана Қуан паромның тұмсығында шоқиып, арғы бетке көз тігіп қалған сары қаншықты көзі шалды. Сарғыш тік жарқабақ қайырлаған үлкен кеменің табанындай үңірейіп таялғанын, машина, ат-арба арасынан қараңдаған адамдардың дабырласқан үндері де анық естіле бастады.


— Әбдір-ау, сен қайдағыны айтпа. Бесқонақ бір күнде бітпейді. Сонау батыс беттегі қозы-құйрықты көремісің?


— Көкетай-ау, ол жабағы бұлт мына шақырайған күннің жұмырына жұқ болмайды ғой.


— Тү-у, айтады-ақ екенсің?! — деді жуан дауыс гүр етіп. Үнінде бесенеден белгілі жайды әріптесіне ұқтыра алмағанына күйініш, түңіліс бар. — Құдай шіркін, балапан тауыққа үйреткенсін не жорық. Оу, қырық жыл сахи сахараңның қас-қабағына қарап, сонан тісіміз сарғайды емес пе? Ал, сен басыбайлы бір отарға иелік еткеніңе міне... төрт жыл. Неше мәрте қойыңмен боранда ықтың? Ұмыттың ба?


— Әбеке, әйтеуір талассақ жас қарайластығын көлденең тартасыз. Мынау орыс сізден де үлкен ғой. Жүгініп көрелік...


— Тапқан екенсің ара ағайынды. Бұл кісі қала адамы, әңгіме бағдарынан сезбейсің бе?! — деді Әбдір аталған лекіте күліп.


Шіңкілдек дауысты жасамыс күбірлей біреумен орысша сөйлесті де, сәлден соң үнсіз қалды: Қуанға жағадағылардың қажасқандары біраз ермек боп, кәдімгідей елеңдеп, ақырын күтті. Паром күткендердің дені құм жиегіндегі іргелес шопандар: оны Қуан мана түсініп, білген еді; бастары тоқайласқан жерде тәжірибе алмасқандай керілдеспесе ішкендері бойына тарамайтындай қашанғы әдеттері.


— Әй, ара ағайының не деді? — деді жуан үн гүр етіп.


— Сіздікін жөн көреді...


— Дәлелін айт, сен. Қала адамы, оқыған кісінің сөз төркінін білелік те. Әңгіме жеңген, жеңілгенде ме? Қысыр кеңес — уақыт оздырғанға жақсы.


— Ендеше құлақ қойыңыз... Анау жабағы бұлт өз алдына, мынау күн қан сәскеде дымқылы мол жерді біраз бусандырып, бу бұлтқа айналады. Желсіз тымықта қаз бауыр бұлт бесінге дейін көлкіп, салқын түсе қайта жабуға тиіс көрінеді, — деп шіңкілдек дауыс құлықсыз, сөз аяғын сиырқұйымшақтандырып жіберді.


— Әне, төркіні бір сөз осы.


— Паром жақындады ғой, төмен түселік. Қайран Әбекең-ай, білмейтіні жоқ-ау.


— Әбеке, деймін-ау... Қаз бауыр бұлтта самолет ұша ма? Нұрлан ертең астана асады дейсіз, жол азабын көрмегей, — деді әлгі бір шіңкілдек дауыс мосқал шопанмен мәмілеге келер уақыттың жақындағанын аңдап. — Менің Зайда әпкем анада он екі сағат күтіп, әзер ұшқан...


— Әй, сен енді әңгіме бетін тың шиырға салма. Тыныштық керек. Әлдененің ұштығын шығарып, қызыл кеңірдек қып қоюға қандай сұнақтысың-ей?! Түнімен қиқылдастық...


— Қойдым, ойбай... Қойдым...


Сары қаншық тыпырши түсіп, шәу-шәу етті, Қуан оның неге үргеніне мән бермей, тез бойын жиып алды. Паром өзен ортасынан асып, жағаға жақындағанда ағыспен ығып, қиғаш кететін ғой. Шамасы ессіз хайуан оны білмей қауіп көріп, тынышсызданып тұр. Белдеу ағашқа асыла өзен бетіне қарап, шүйіркелескен екі жас сары қаншыққа көз тастап; «ақымақсың...» — дегендей езу тартысып қойды.


«Иә, — деді Қуан ішінен жастарға жанарын аялдатып. — Қазір қос аққудайсыздар. Ертең ошақ құрасыздар, түтін түтетесіздер. Жолдас-жора, ағайын-туыс ат ізін салады. «Анау жетпеді», «мынау жоқ» деген шымшыма сөз, түртпекіл ой басталады. «Керек» — дейтін де сөз бар.


Шүкіршілік ұмытылады. Шыны-аяқ шылдырлайды. «Үйміз», «нәресте келді» делінеді. Екінің бірі сыр бүгер, шыдар-ақ. Түбі бірі қабақ шытары хақ қой. Біз де осылай бастағанбыз...» Қуан өзінің сұрғылт келеңсіз ойға қалай, неге ырық бергенін сезбеді; ақылға салса, өмір жолын жаңа бастағалы қол ұстасқан екі жасқа шуақты, базарлы күндер тілемегі жөн-ақ. Әйтпесе бұнысы қай таба? «Табалағандай олар не жазды маған!? Жо-жоқ?» — деді ол шошына көңіл кірбіңінің қалай, неден туғанын дәл басып, дәлелдей алмай шиыршық атып. Ал шынында анау жағадағы қарсы алғалы жиналған қалың нөпірдің ішінен өзін жерлеп, балағаттар бірер жанның табыларын сезіп ойламауға тырысқан далбасасы еді.


Паром тұмсығы қиыршық жағаны сүзе жыртып, солқ етті. Қуан тартпа сымды тастай салып, секіріп жерге түсті де, машықты қимылмен шынжыр арқанды қазыққа іліп, баспалдақты ырғай көтеріп паром кенересіне тіреді. Өзі үстіне шығып, беріктігін тексеріп секіріп-секіріп қойды да паромға өтті. Сонсын ол ақырын көз астынан ұрлана жарқабақтан төмен ағылған: ақ, қара, көк бөрікті, жаулықты азанғы күн нұрында сан түске бөленген топқа қарады. «Өлімнен ұят күшті» дейтін қазақ емес пе, той иелерінің бірі сұқты көзін қадап, сүйектен өтер сөзін безеп кетеді-ау деп қылпылдап тұр. Мұндайда сезігін сездірмей, сыр бермей бағу қиын; ол қол ұшы өз-өзінен дірілдей жанқалтасынан шылымын шығарды да асыға тұтатып құшырлана сорды. Қалың топ дүсірлей, аяқтарын талтаңдай басып, паромға көтеріліп жатыр. Қуан қибыжықтай, еленбеуге тырысып сырт айналды.


— Уа, аға, ана, сапар оң болғай! Сау-сәлематсыздар ма?! Көз көріп, құлақ естір жерден — қолұшын бере алмадық — күнәліміз, — деді жуан үн сынып.


— Е, құдайдың күніне дауа не?! Бесқонақ түніне ұрынып қалғанымыз ғой.


— Табиғат шіркінге не шара. Адамның бесқонағын айт та... Уа, Қуан, тәңір атқыр, бері қара!..


«Таныс үн. Бұ кім?» Қуан оңай құтылмасын сезіп, қолындағы шылым тұқылын саусақ ұшымен шерте суға ытқытып жіберіп бұрылды. Паром ортасында бәкене, қиық көз, сары жалпақ бет мосқал адам тұр. Басында қоңыр қалпақ, үстінде сұрғылт плащь. Плащь етегінен қара шалбардың балшық-балшық балағы, әдемі күрең ботинка көрінеді. Қозы қарыны томпайып кеткен, анау бауырсақ мұрын мен етекті ерін, сұйық қасы сол баяғы қалпы... «Әбдір Сейсенов пе? Мектептес дос. Бұ қайдан жүр? Соғыстан жарақаттанып, екі қабырғамды беріп қайттым дейтін. Күлегеш, сайқымазақ еді. Бір ауданның аясында жүріп, көріспегелі қашан?! Иә, иә, бұл сол...»


— Әй, бетсіз-ау, сен балаңды өткізбегеніңді білемісің? Талай Айжан екеуіңнің қолыңнан қаспақ жегені қайда? Ай, оңбассың сен!.. Жігіттер, жүкті... жүкті көтеріңдер. Жүрелік...


— Әбдір, құдай ақы...


— Қой әрі, «ақы», «ақша», «мал» деп барамысың? Елге сенбейтінмін, бекер айтпаған екен ғой, — деді де, Әбдір сырт айнала жерге түкіріп жүре берді.


Сең соққандай Қуан құп-қу боп тұрып қалды: «Уа, бұ қу тағдырға не жаздым-ей?! Ілгері басқан аяғым кері кететіні несі? Әйел анау... бары, жоғы беймәлім. Балалар да өлі-тірімнен хабарсыз, менен күдер үзіп ұшынғандай зым-қайым. Қаражаттық мал, ақша ұстатсам — әкемін де, ыңғай танытпасам — жатпын ба? Әлде өңкей қыз, бөтен босағалығына баға ма? О, бастан-ақ тағдыр шіркін, маған мырзалығыңды көрсетпеп ең. Әйтпесе бір еркек кіндік қимастай жазығым кәне! Өмірмен ылғи кінәластырар не жөнің бар? Мен де анау Әбдірдей неге асқақ сөйлеп, даңғырламаймын...»


Құдандалы мол шоғыр жарқабаққа құмырсқадай бір-бірінің артынан құйрық тістесе көтеріліп барады. Жіпке тізіп, жоғарыдан төмен ескі соқпақты қуалай созылта тастаған әр қилы: ақ, көк, сары, қызыл түсті моншақтай күн шуағынан құбыла шалынады. Әне, олар машина, ат-арба, салт атқа бытырай жайылып, жайғасып жатыр. Бұлардан сәл қағажу әскери плащты, басында сұр папахасы бар, ұзын біреу тұр. Әбдір соған бет алды, қолын ұсынды.


— Потом... Потом, Абдир, приеду... Непременно! — деді әлгі орысша. — Желаю молодым счастья!..


«Бұ кім? Неғылған орыс. Жергілікті орыстардай: «ба, что говоришь» жоқ. Бір түрлі үні биязы, сабырлылық сезіледі. Әбдірмен туысып алғандай құшақтасып та қойды. Бұрыннан білетін шамасы»... Машиналар дүрілдей от алып, көгілдір түтінге орана қозғалды. Кісінескен жылқы үні де шалынды. Miнe, бәрі де кетті. Тірі пенде келмегендей төңірек тып-тыныш. «Сары қаншық қайда? Желөкпе қатындай жаңағыларға ілесті ме? Е, Фатиха қариянікіне тартқан да. «Ит тойған жеріне»... дегендей хайуан емес пе? Айжан оны көріп, Қуансыз жалғыз келді ғой. Ауырып қалмағай?!» — деп мүмкін үйге соғар? Ашуы қайтып, беті бері қарағандай еді... Өй, мынау орыс қайтеді-ей? Арғы бетке өтер болса түспей ме? Иттей ырылдасқан бізді қызықтауға келгендей кергиді ғой. Ә, солай ма?» — Ол бейтаныс орыстың түйе-тайлы жарқабақтан бір бүйірлей түсе бастағанын аңдап іркілді.


«Өзі құпиялы күлімдей ме, қайтеді? Тісі күнмен шағылыса жылт етті, шамасы бір-екі тісі алтын. Мұртты, дөңгелек шоқша сақалы бурыл әдемі бастырылған. Мұрны етті, ірі, қоңқақ білем»... Қуан өткелші болғалы бір әдет тапқан еді. Жолаушы біткеннің бет-бейнесін жадында сақтап, қабағына қарап мінезін болжап әлектенеді. «Салмақты адам-ау» деп ойлағаны, керісінше сабырсыз, дызақтаған күйгелек, ақылды-ау дегені түйсіксіздеу көрініп, түңілдіруі көп. Әйтсе де ол бұл бір мінезінен қайтқан емес. Өйткені осы төңіректің адамында құпия аз, ал, бейтаныс кісілер енді қайтып көрінбейді. «Көзі шүңіректеу ме, қалай?» — деп сол бір әдетіне бағып тұр. «Еті қашып, терісі жұқарған... демек талай жасқа келген... Тоқта... Ой, мынау...» Ол көзін уқалап жіберіп қадалды. «Көкем-ау, мен неғып байқамағам... Сол... И-иә, қой... Мүмкін емес. Жо-жоқ, өзі... Виктор Петрович пе?» Қуан жүгіріп паромнан түсті де, аңыра қарап қалды. Буын-буынын бір ұсақ діріл билеп барады.


— Сынок... как это так... Неужели не узнал?


Үні дірілдей қызылшырайлы жүзі ақшылдана, көкпеңбек жанары мөлдірей сағынышпен, мейірлене қараған мынау жан дүниедегі ең бір қимасы, өлімнен құтқарып қана қоймай, аяғын аман сақтаған қарт екенін көріп тұрса да санасына жетпей дал: «Келуі мүмкін бе? Алдын ала хабарласпағаны несі? Мазаламайын дегені ме?»


— Ну... Иди ко мне, сынок...


— Отец, дорогой, — деп Қуан жаралы, илікпейтін аяғымен құмдауыт жағаның топырағын күрей, шоқаңдай ұмтылды.


Денелі ірі орыс құшақтай бетінен сүйіп, бауырына басқанда Қуанның жетім көңілі елжірей босап, бір түрлі шағынғандай жанарынан ытқып кеткен сортаң жасты ірке алмады. Қолқасына ащы өксік тығылғандай да тәрізді, үн жоқ. Еркінен тыс шыққан мөлдір шық жүзін айғыздап, іштегі дерттің уытын қайтарып барады. Жасықтығын көрсетпей қуанышын сездіргісі кеп езу тартқан еді, бет-әлпеті әлем-тапырық жылағанға бергісіз құбылып жүре бергенін аңдады, өйткені Виктор Петрович жанарында аяушылық жылт шалынды.


— Куан, что ты, не надо, — деді.


Қуан бойын жиып сырт айналды. Жеңімен көз ұясын сипап өтті. Көл, сәл отыралық паром шетіне. Шылым шегейік», - деді Виктор Петрович. Екеуі бір сәт үнсіз шылым шекті. Ауық-ауық күлімдей көз тастасып қояды. Ұзақ жыл көріспей, сағыныштан сарғайған әке мен бала тәрізді. Бой-сойларына ұрлана көз жүгіртісіп, жанарлары тоқайласа қалса күлімдей қуанысады.


— Әке, — деді Қуан ақырын мейірленіп. Үйге қайталық. Мен қазір...


Виктор Петрович келіскендей плащының етегін қағып, орнынан көтерілді. Қуан елпілдей паромға тіркеулі сүйір тұмсық қара қайықты шешіп, жағаға тартып жатыр. Қос ескекті орнықтырып, қартқа қолын ұсынды да, қайықтың ортасындағы белдеу орындыққа жайғастырды.


Шірене есіп өзен ортасына шыққанда ғана:


— Құдайым-ау, Виктор Петрович, неге телеграмма салмадыңыз? Қаладан қарсылайтын едім ғой, — деді.


— Біз майдангерлер емеспіз бе?!


— Әрине, дегенмен де...


— Сен, балам, өзгермепсің? Әлі жігітсің, мықты. Аяқ қалай? Бұлтты күндері мазаламай ма?


— Аздап...


— Қаралу керек. Жазда Москваға кел, емдейміз...


— Виктор Петрович, бұ жерге қашан келдіңіз? — деді Қуан күлімдей, бейқам қарт жүзіне сүйіне үңіле қарап.


— Түнде... Қаладағы әріптестерім теңізге алып шығып, қонақасы берген, солардың көңілін қимай кешіккенім. Әйтпегенде паром жабылғанша үлгеретін-ақ едім. Ә, мейлі... Ештеме емес, біраз адаммен таныстым. Костер жақтық, әңгіме айттық. Тамаша болды. Әбдір 102 дивизиядан екен ғой. Орнықты, ақылды жігіт. Соғыстың кесірінен оқымай қалған сияқты. Нағыз ғалымға тән қасиеті мол. Табиғат құбылысын, мал жайын керемет біледі. Ғажап!..


— Тоқтаңыз... Қалайша? Түнімен... Жауын астында отырдыңыз ба? — деді Қуан әбден қысылып.


— Иә, түнімен...


Қуан ескекті есуді қойып, жүзін төмен салды, өкініш өзегін өртеп, күйзеле ұнжырғасы түсіп кеткен еді.


Қайық ақырын ағыспен ығып барады.


1983 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу