Әңгімелер ✍️
Ыбекең
— Уай, бері келші!
Арса-арсасы шыққан аласа шарбақ артынан еңкіш денелі, төртбақ шал талтаңдай шықты да, қолын көлегейлей қарап тұра қалды. Сөгіле бастаған дымқыл қарды омбылап, солай қарай беттедім.
Шал қызарған сулы көзімен бас-аяғымды бажайлай шолып өтті де, опырайған тіссіз ұртын малжаңдата:
— Өй, әлгі текесақал құрдастың баласы емессің бе? — деді.
— Ассалаумағаликум...
— Әлік... Сонда қайсысың? Әлгі қаспақ танау шұнағы оқып жүр деп еді.
— Сол боламын, ата.
— Ендеше атаңның қақ басын... Басқа болса бір жөн, ал пимаңды жамап беретін Ыбышты ұмытқаның не?
— Таныдым ғой, ата. Бұрылып келгенім де сол емес пе?
— Иә, таныдың,— деп, тәттіге өкпелеген баладай бұртаңдай сөйлеп, сырыған мақта шалбарының ызған бауын баптап байлай бастады.— Сәлем бере ме деген үмітпен әлі тұрмын көз талдырып. Талтаң, талтаң... Осы күнгінің баласы сол. Кіндік кескен ұясынан аттап шықса, мұрындарын көтеріп келетін әдеті... Жоқ-ау, мықыр Қадырдың ұлының қорлығын айтам да. Әнебір әскерден орыс әйел алып қайтамын деп хат жазатыны — айтып отырғаным. Демалысқа келіпті. Ұмытпасам, өткен жетінің жұмасы шығар, ат суарып келе жатыр ем, қарсы жолыққаны. Қолтығында Әсемнің завқұлып қара қызы. «Кәпір болып кетпесе сәлем берер»,— деген соқыр үмітпен тоқтай қалғаным. Қайда, шекесінен қарап шырт түкіреді. Болмағанда мойын бұрса етті. Біздің үйдегі бақылдақ теке сүзерде тұяғын сыртылдата мүйізін тосып, бір айналып шығатын-ды. Соған ұқсап жаңағы жаман едіреңдеп сарт-сұрт басып өте шықты. Шешесінен үш қайтара туып келсе де, ақ таяқпен қақ маңдайдан салып өтпек ем, амал не, ұзап кетті. Күйіп кеткенім ғой, түге, енесінен бері қарай сыпырта сабадым бәлемнің. Сорасы ағып, мектеп пен бригәдінің арасында мықыр әкесінің саптама етігін сүйретіп жүруші еді, салпақтап. Қарға малтығып келе жатқанда артыма алып, үйден талай рет талқанға тойғызып жіберіп едім Көрмеймісің әні, шай мен кәшіні қосып отыратын салпы етек шешесінің аузынан сол күйі түсе салғандай бәрін ұмытыпты.
Ыбекең күйбеңдеп тонының түймелерін салды.
— Жарықтық, намазды наурыз қауырт басталды. Жадыраған жаз қыр астынан құбыла жылт еткелі тұр-ау. Өлмеген құлға келеді әлі.
Күбірлей күнге қарады. Еңкейіп басын шайқады.
— Ентелей басып, еңсеріп бара жатқан күндер-ай десеңші.
Ұзақ күрсінді. Көктем шуағы қырсық шалдың көңіліне қатқан тоңды жібіткен тәрізді.
— Әй, менің мына оттауым не? Кәрілік иттің басқа шыққаны осы. Үйдегі шешең қазанын қыздырып жатқан, дәм татып кет.
— Рақмет, ата, асығыс едім.
— Тәйт, әрі! Рақметің өзіңе! О несі ей, атаң қазақта болмаған ырымды бастап. Айранымды төгіп, шелегімді төңкермессің. Төңкерсең де мейлің. Талағым тарс кетпес одан. Оймаяу, тыртия қалуын!
Барқылдай сөйлеп, алдыма түсті. Еріксіз артынан ердім қайрылып қарамады, еретінімді онсыз да біледі. Ыбекең дегеніңіз ежелден шайқы шал ғой. Етектің ашылып-жабылғанын біле бермейтін қара борбай кезіміз. Ыбекең кешке жұмыстан қайтқасын кетпенін лақтырып тастап, пысмылласын айтып, үй-үйге бас сұғып шығатын. Қылпылдаған ұстарасын қалдырмай ала жүреді. Іздейтіні біз сияқты қарадомалақтар. Шаштың еліден асқанын байқаса болды, темірдей тақымының арасына қысып, лақша бақыртып сыпырады да тастайды.
Ол кезде әке майданда жүр. Көзі барда қақ төрде қонжия отырып, қарқ-қарқ күліп, шай сораптайтын атқамінер досы түнде қырсау есікті қиратардай дүрсілдетіп, зәремізді ұшыратын әдет тапқан. Шеше байғұс жып-жылы жұмсақ бауырына бізді қысып жатып қыстыға жылаушы еді... Сол шіркінді күндердің күнінде бүкіл ел алдында көкала қойдай сартылдатып сойып алған да осы Ыбекең болатын.
Күңк-күңк сөйлеп келеді. Аяғына кигені қолдан бастырған жіңішке қоныш, жалпақ жайын басы қайқиған пима. Магазиннен сатылатынын өлтірсе сұқпайды. Жылда қозы беріп, Петька тамырына бастыртып алады. Онысының табанын киіз құрығандай «ЗИЛ» - дің покрышкасынан кесіп алып жамапты. Екі аяғының арасы бала жүгіріп өткендей талтақ.
Сөйлеп келеді. Манағыдай емес, жаймашуақ, жұмсарыпты.
— Көк сақал Қайса қайда? (біздің шалды айтады) Жатқан шығар кемпірінің қасынан шыға алмай. Асқазаны дәм алғызбайды деп еді, көңілін сұрап кіріп-шыға алмадым да. Үй күйбеңі, дүние тірлігі жіпсіз байлайды. Кімге сеніп, кімге тапсырғандайсың? Шаруаға қыры жоқ бұл заман баласының. Өңкей оқу-тоқу қуып шапқылаған пысық пәтшағарлар. Сонда қойды кім бағып, күректі қай шал ұстайды екен? Айтпақшы, құрдас не күйде? Сүйеніп болса да сыртқа шығып жүр ме?
— Шүкір әзірге. Беті бері қарады.
— Құдай амандығын берсін, әйтеуір. Орталарыңдағы қалқиған жалғыз шалды күтсеңдерші. Бәріңнің басыңды біріктіріп, біріңді екі, екіңді үш етіп отырған сол көксаудың беделі, ұқсаңдар. Ауруы да бір-біріне жалғасып, созылып кетті. Әнебір жаңадан келген селтиме шаш доғдыр қыз бәлнеске алды деп естіген ем...
— Операция жасаған, жаман болмады. Қазір асты жақсы ішеді.
— Айналайындардың сілтеген пышағы да ем-ау. Кеудесіндегі оқты алғанда да өліп-тіріліп еді. Мына ауруы да жығылғанға жұдырық болды. Жазылғанына шүкіршілік етеміз де. Е, ол екеуміз не көрмедік. — Шал қамыққандай басын шайқап, төмен қарады. — Әлгі оқуың қандай еді, балам?
— Журналист, ата.
— О несі сонда?
— Газет-журналға мақала жазады.
— Одан да қағаз кеміремін деп тақ төбесінен тура түсіріп айтсаңшы. Қой жағына ауысқаның пайдалы еді. Ферме шетінде жүргендердің бұғағы бұлтимайтындары, әй, бірен-саран-ау. Жуан сарының інісін білесің бе! Сонысы зауатехниктің оқуын бітірген. Демалысқа келіп жүргенде қамыстай қатып, ине жұтқан иттей ілмиіп қалған неме еді, енді құдайына да пысқырып қарасын. Сый да, сыра да соның соңында. Кім қатын алып, бала сүйсе, сол үйдің төрінде қарнын құшақтай шәниіп жатқаны. Қонияқ-мойнақ дейтін аламойын бөтелкелердің аузына да жуан сарының інісі ие...
— Ата, солардың ісін тексере комиссия келіпті.
Шал селк етті.
— Астапыралла, сөзің жаман ғой, соққан! Кімнен естідің? — деді де, сәл ойланып, жауап күтпей қайта сөйлеп кетті. — Тым майланып кеткеннің несі жақсы. Тыныш жүргеннің де аштан өліп, көштен қалғаны жоқ. Көйлек көк, тамақ тоқ. Дүние десе көздері қызарып шыға келетін қазақшылық та соның бәрі. Әйтпесе соншама обырланатындай не әкетіп барады?.. Дегенмен ағаларыңды күтіңдер. Жазылса да өршіп кетуі ғажап па. Нағашыларыңның торы биесін биыл жазға неге байламайсыңдар? Ол жарықтықтың торсық шалабы да ем емес пе. Өзі бірсәнәлни пенсияға ілікті ме?!
— Аудандағылар о баста алай-бұлай деп еді, аңыры алатын болды, Ыбеке.
— Солай де... Мен білсем, оны істеген Жақыптың рәйсебез сазармасы. Иттің өзі дегенде өзегі түседі. Анау Қараталдағы колхоз шаруасына қол үшін тигізбеген күйек сақал нағашысының ай сайын алпыс сомды қақшып жатқанын төңірек тегіс біледі... Тұрмыс толың, өмір жарқын, ішсін, кисін, оны несіне қызғанайын. Кәрі саулықтың ғұмырындай жас қалғанда бөтеннің ырысына көз қызарту итіме керек пе? Алдындағы аз күндік аяқ астай мәнсабын айдап салған малына санайтындарға ыза болған да менікі.
Үндегемін жоқ. Қарсы сөз айтсам, шалдың шалқасынан түсетіні тағы анық. ІІІалдарың сынбайды, сынса емендей шарт түседі.
Талтүс. Жоны ашылып, қарақұлақтанып қалған күресін үстінде оттай сұлу күрең әтеш өңешін кере өжет-өжет шақырады. Кенет алдын кесе қайқаңдай өтіп бара жатқан семіз қара тауықтың соңынан қарап тұрды да, бір уақытта әй-шәй жоқ тапырақтап мойнын соза қуып берді.
Әлден соң шарбақ артынан адымын ірі-ірі тастап ордаңдай шықты да, керіліп тұра қап масаттана айқай салды. Соңынан қанаттарын жүре жинай қара тауық та шықты. Манағыдай емес, төбе жүні үрпиіп, қанқызыл әсем айдары бір жағына қисайыпты...
Бағана басында мүлгіп отырған далба-дұлба кәрі қарға ауық-ауық қарқылдайды да, көзін қайта жұмады. Тегі, жемі мол жаз айларының жақындап қалғанын рақаттана ойлап отырса керек. Жол үстіндегі буы бұрқыраған ат қиына екі-үш торғай таласа шиқылдасады. Көрші бақшадағы құдықтан қызыл шырайлы келіншек таңы ағарып, су тартып жатыр.
— Мына жұлымырдың алысып жүргенін қарашы. Қап, аяғындағы етіктен не қалды екен! Қыстай осы кәкей ойнап, киім шақ келтірмеді. Енді мынау тағы...
Көшеде бес-алты бала қақпыш ойнап жүр. Араларындағы таңқы танау сары ешкімге дес берер емес. Ескі малақайының құлақтары жалпылдай анадан бір, мынадан бір шығады. Өжет-ақ. Ұзын тұра қараны елеусізде шалып құлатып, ақжем болған ағаш допты ала жөнелді. Қарсы келген қазанбас қараның аяқтарының арасынан допты өткізіп жіберіп, екі жағын сиырдың қатқан тезегімен белгілеп қойған қақпаға шірене соқты.
— Орал, уа Орал, бері кел! Өй, ит, ұға ма, жоқ па өзі?
Бізге кінәлі түрде жапақтап, танауын шұқи жақындаған оны:
— Сиыр анау суарылмаған. Тым болмаса шөбі жоқ алдында. Асты да шығарылмапты. Осы сенің не ойлағаның бар, ә?— деп, таяғымен Ыбекең тартып жіберді. Бала қортаңдай мырсылдап, шарбақтан тоқыған қораға кіріп кетті.
— Қолымдағы тұңғыш немерем ғой. Қыз қиясына, ұл тұғырына дегендей кетті бәрі бет-бетіне ыдырап. Кейде өстіп еліріп кететіні бар. Әйтпесе шаруаға тиянақты. Алай-бұлай болып кетсек, кім басымызға құран оқытып, күрек топырақ тастар. Қаладағы қайырсыз ши аяқ, шошақ бастар ма?
Сиыр қорадан сүйретпе толы жапалары бар Орал шықты.
— Айналайынның ақылы бар, әне. Көр де тұр, әлі қоңыр бұқа шықты сатып, пелесепед әперем. — Мейірлене басынан сипап еді, Оралдың қабағы жазылды. Танауы делдиіп, сүйретпені өршелене тартып қорадан шықты.
Ыбекең қақырынып қалды.
— Балам, үйге кірейік!
Аласа ауыз үйден өтіп, шал төр үйдің есігін ашты.
— Кемпір, басыңды көтер! Ұлың келді.
Төр алдында бешпетін басына көлденең салып дамылдап жатқан ақ кемпір селк етті. Қолы қалтылдап, жер таяна түрегелді де, адым аттауға әлі келмегендей шөке түсіп отыра кетті. Иегі кемсеңдей қолын созды.
— Ұлым ба? Жарығым ба? — Есі шыға сыбырлап, кәрі көздерінде қуаныш оты жылтылдайды.
— Ұлың, кіндік ұлың, Қайсаның оқудағы немересі.
— А-а-а, Қайсаның ұрпағы ма еді? — Кезерген ернімен маңдайымнан сүйді. — Аман-есенбісің, қарағым? Үйдегі жаман шешеңнің дені сау ма? — Кемпірдің нұрсыз көзіндегі жаспен жарқыраған үміт оты сөне берген екен.
— Жә, жетер, шешесі. Бала қара шаңыраққа санап келіп отыр.
Ыбекеңнің даусы көмескі шықты.
Шал төрге жайғасыпты. Тақыр басын етектей аң шытпен сүртіп отыр.
— Әншейін Асқатымның құрбыларын көргенде көңіл құрғыр босап кетеді де. — Кемпір жаулығымен көз ұшын сүрте теріс айналып шығып кетті.
Асқат шалдың кенже ұлы еді. Былтырлар институтты бітіріп келіп, совхозда бас инженер болып істеген. Биыл қыста шөп престейтін машинаны жөндеп жүргенде абайсызда тісіне түсіп кетіпті...
Аздан соң буы бұрқырап ет келді. Қара құманнан қол шайдық.
Ыбекең күректей алақанымен бетін сипады. Дастарқан жиналды. Ауыз үйден өтіп, сыртқы есіктің қайыс тұтқасын таба алмай біраз әурелендік. Тозған есіктің ойбайын салдыра сыртқа шықтық ақыры.
— Совхоз жаңа салынған пәтер беріп еді, алмадым. Шеттен келген бала-шағасы көп бір жігітке бердік. Балалар осы үйде бауырын көтерді. Ескі тымағымды киіп, боқшасын арқалаған Асқатымды жетектеп, ана табалдырықтан аттағаным санамда әлі сайрап тұр. Астына мұз қойып сырғанайтын әнеу төмпешігі де көзге ыстық. Көңіл деген қиын екен, қарағым, қия алмадым. Ескі қорғанды көремісің? — Шал бақша шетіндегі ара шұрық-шұрық тесік ұя салған аласа дуалды көрсетті. — Ұмытпасам, өтіп кеткен айдың аяғы болу керек, Жақыптың жынды ұлы трәктірін дырылдатып қопара бастады. Ашасын арқалаған біреу бас, көз жоқ өлшеп жүр. Екеуін де таяқтап қуып шықтым. Асқатым алғаш рет осыған шығып атқа мінді... Ел ғой, айтыпты, әлгі жаман үйге келіп, айыбын мойындады. Тентектеу болса да ақылы бар екен айналайынның.
Шал төмен қарап сөйлеп тұр. Қолағаштай қызыл мұрнын уыстай қысып, сіңбірініп алады да, ащы әлдене аузына түсіп кеткендей тыжырынып қалады.
— Жүрегім қыса береді. Кейінгі кезде өстетінді шығарды. Кейбір күні қарт бурадай шөке түсіріп кететінін қайтерсің.
Ыбекең алқынып қалды. Кеудесі сыр-сыр етіп, белі бүгіліп барады. Сүйемелдеп есік алдындағы қары ери бастаған орындыққа апарып отырғыздым.
— Ерекше ыстық еді басқасынан құлыным. Ерте өшті, жас кетті. Қаладағы ұлдарым шүпірлеген немерелерімді ертіп жылда келеді. Асқатымның орны толып қалғанын сонда көрсең. Кемпір екеуміз бір жасарып, мәре-сәре боп қаламыз. Қой, әңгімені доғарайық. Соза берсем, кәрінің өмірге өкпесі таусылмас. Оқы, шырағым. Біздікі сөз сырғасы ретінде айтқан. Келешектің қызығы сонда деседі. Жүр ғой, әне, Сәкеннің ұлы май-май болып... Кәнекөліңде келіп жүр. Қарттарға, бізге ештеңенің керегі жоқ. Өмірден сақтаулы сыбағамыз бен еншімізді алып болғамыз. Елеп-ескеріп, кездескенде дұрыс сәлемдеріңді қисаңдар болғаны. Ал, қарағым, жортқанда жолың болсын!
Күнге күйген әжімді мойнын созып, маңдайымнан иіскеді. Жүре бердім.
— Әй, балам, бері келші.
Қайта бардым қасына.
— Келші, жаным! — Бұл жолы, қатқыл, құрғақ еріндерімен бетімнен сүйді де, маған сүйеніп тұрып қалды.
— Асқатым қайтқалы белім кетіп қалды ғой, кетіп қалды. Құлазыған елсіз, ессіз далада қалғандаймыз. Алданышым манағы саржалақ. Сырт көзге айдынымды сыртқа салып жүрген боламын. Кеудіреп қалған құр кеудені көтерген далбаса да. Ол да қу намыстың түрткілеуі. Әрі кемпірді аяймын. Әне-міне деп жүргенде көңілін босатып қайтемін. Осылай оңашада ғана көңіл шерін босатып аламын... Жарайды, бара қой, шырағым. Әкеңе сәлем айт. Қарттық құрдас екі иықтан басқан секілді. Жаурын төсекке тиген сайын өлім де есікті қағып кетеді. Өміріміздің жалғасы сендер деп білеміз. Мен, сенің атаң, мықыр Қадыр бастан кешкен қырғын соғыстың бетін әрмен қылып, тек сендер cay, бақытты болыңдар лайым. Бізге қалғаны да, қолымыздан келетіні де осы тілек қана.
Жарқылы жоғалған жентек қарды омбылай ұзақ барамын. Неге екені беймәлім, кейін қарағым келмейді. Шыдамадым, шарбақты айнала беріп еріксіз, артыма бұрылдым.
Алпамсадай дене таяққа екі қолымен жармаса салмағын салып сүйеніп тұр екен. Әне, күйбіжіктей қалтасынан аң орамал алып, көзіне апарды.
Мен тақтақ жолға түсіп жүріп кеттім. Бұл жолы соңыма бұрылып қарағамын жоқ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter