Әңгімелер ✍️
Се ля ви
— Ей!
Ерке үн көк шатырлы тир жақтан созақтай жеткен әнді шорт үзді. Портфелін сүйретіп, басы салбырап келе жатқан Мәмбет өз ойымен өзі. Ән жалғаса берді. «Алматының ақ түні, Алматының ақ түні... Алматы қайда, ақ түн қайда. Япырмау, Алматы Ленинград емес қой!» Мәмбет тир жаққа арнайы бұрылып, жаман көзімен қарады.
Көңіл күйі ашыған сүттей іріп келе жатыр.
Бүгін шешесінен орысша жазылған, әріптері ірі-ірі хат келді. Оң қолының білезігі ісігі, облыстық ауруханадан бір-ақ шығыпты. Дәрігер сүйек туберкулезі деп тауыпты. Бері алғанда төрт-бес ай емделуі керек. «Доктора говорят, что организм сильно ослабел. Придется отлеживаться до середины лета. Не беспокойся, сынок, учись как следует. Здесь хорошо кормят. Если в чем нибудь нуждаемся, на деньги медсестры покупают в соседном магазине. Деньги пока есть. Новогоднюю посылку получил? Пиши письмо. Целую. Мама Айжан, — дей келіпті де, — Письмо написала по просьбе вашей матери, я, Надя Шумакова, соседка по кровати. Рука тетушки пока в гипсе, так что мне пришлось немножко потрудиться. До свидания!» — деп аяқтапты. Хатты Надя Шумакова жазса, шешесінің жағдайы хатта жазғандағыдан төмен секілді. Шешесі ылғи да осы, жақсылығын асырып, жамандығын жасырады да жүреді. Сөйтсе ұлының көңілі басқа еш нәрсеге бөлінбейді, жақсы оқыған үстіне жақсы оқи түседі деп ойлайды. Жастау кезінде қатал еді. Пенсияға шығып, шылауыш байлап, үйдің қарқарадай кәриясы аталғалы өзгеріп сала берді! Денсаулығы нашарлағасын тіптен божырап, «құлыным» мен «шырағым» деген сөздер екінің бірінде аузынан түспей, кәдімгі жібі бос, көңілшек кемпірге айналды.
Осының бәрі неге бастап тұрғанын кім білсін, әйтеуір, ақырының қайырын берсін. Ән сұрқын осы жүдеу ой да қашырып келе жатыр.
Манағы үн тағы қайталанды.
— Тоқта, жігіт! — Ту сыртына айналып еді, он шақты қадам жерде қара дипломатты қыз күліп тұр. Мәмбет аң-таң. Көрмеген адам секілді, Әне, қолын бұлғады. Амалсыз қызға беттеді. Дипломатын арлы-берлі шайқақтатқан қыз сол жақ кезін сығырайта қысып алып, шекелей қарайды. Сойталдай алтын сары бойжеткеннің ұзын-ұзын аяқтары тұп-тура қолтығының түбінен басталып кеткендей. Қисайта киген барқыт кепкісінің жиек-жиегі бұрқыраған жирен шаш.
— Мені шақырдыңыз ба?
Бой жеткен көкке қарап мырс етті.
— Танымадың ба?..
Таниды да, танымайды да. Күніге мың адаммен жүздесіп, жүз адамға сәлем беретін қалада «иә, танимын», болмаса «жоқ» деп кесіп айту қиын. Көрдім десе, көп сөз. Көрмедім десе, қыз танып тұрғасын ыңғайсыз. Оған қоса бірінші кластағы сия былғаған салтақ-салтақ дәптерін есейген адам қандай сағынышпен қолға алса, мына қызды көрісімен, неге екенін кім білсін, Мәмбетті сондай сезім биледі. Алматыда не кеп, қыз.көп. Жирен шаш қыз сол көптің біріне ұқсамайтын тәрізді.
Мәмбет меңірейіп тұр. Ол өзі жай ойланатын, есесіне есебінің жауабын дұрыс шығаратын жігіт еді. Тек шешуші тұстарда сарт та сұрт қимылға басудың орнына сәл-пәл кешігіп қалатын. Ауылда ондай жай ойлайтын, ақырын жүріп, анық басатын адамдар жыртылып айрылатын, сол себепті де сабырлы мінезі, баяу жүрісі еленбейтін. Оқуға түскесін жағдай өзгерді. Жүріс-тұрысы ылдым-жылдым, қауырт қалаға ауылдың заңы жүрмейді екен. Бір-екі рет көше ортасында «Жүгіріп өтсем бе, жоқ па?»- деп, ойланып тұрғанда, машина астына түсіп қала жаздады. Кейде семинарда «орта» не «жаман» бағасын алып, орнына отырғасын барыл ұтқыр жауабы есіне түседі. Әлдекім алда-жалда жанына батыратын қалжың айтса, оған қайтаратын сайма-сай қарымтасы әлгінің ізі суып кеткен соң есіне түседі... Факультет деканына кіре қалса, киетіні тағы сол таз кепеш. Студент байғұс декан алдына қай бір. жетіскеннен барады. Не стипендия, не жатақхана сұрайды. Ондайда Мәмбеттің мойнына су кетіп, беті қайтып шығады. Деканның жүрегін жібітеді-ау деген ұтқыр сөздер кабинеттен шыққасын ғана миына сарт ете қалады. Сарт еткені құрысын: «Ойбай, сөйттім, солай-солай, ағаеке», — деп, декандай арыстанға қалай қайта кіреді. Сол сияқты шибарқыт кепкі киген бойжеткенді бір жерде көргенін іші сезуін сезеді, әйтсе де қайда көргенін кейін ойлап табатынын біліп тұр. Алайда оған дейін мұның қасында қыз тұра ма. Өзі жөніңе қайқайып жүре бермей ме. Қазір ақы берсе де бұл бойжеткенді қайдан көргені есінде жоқ. Тек тұрмай: «Осы... менің өмірімде бір үлкен өзгеріс болатын шығар», — деп ойлап қояды. Өйткені, әлгі кешігіп ойлайтын пәлесі осындай талма тұста ұстай қалатын.
Қыз қабағына кірбің ілінді.
— Жұмбақ, жұмбақ, жұтылдым, жолға түсіп құтылдым де. — Жас қызға тән әдетпен жеңіл күрсінді.
Жігіт үнсіз. Былай қарасаң, кәдімгі күрсініс, бірақ кешігіп ойлайтын ұстамасы аяқталып, сезімталдығы ояна бастаған Мәмбет оның өкпелеп тұрғанын түсінді. «Мына аспанға кекиіп қараған бикештің күрсінгеніне дейін басқа ешкімге ұқсамайды екен», — деп түйді. — Танымаймын де... Ендеше менің миымдағы мемуар не дейді, соған құлақ салып көріңіз. Жетінші класс... Мектеп бағы... Қыздар және ұлдар... Күреске шыққан Мәмбет пен...
Саңылау-саңылауы ашылып, басы сарт та сұрт жұмыс істеп кеткен жігіт бір тоңып, бір қызынды.
— Мәмбет пен Шолпан... Тырапай асып, жығылып қалған Мәмбет! — деп тақпақтай жөнелді.
Сөз жарыспаққа еліккен қыз:
— Көз жасын бытырадай домалатып, пора-пора жылаған Мәмбет! — деп іліп әкетті.
— Қойдым, қойдым!
Дуэт күлкі...
— Мәмбет батыр қазір қайда?
Жапонның ашық хатындағы сұлу қыздай сол жақ көзін қысыңқыраған Шолпан сынықси қалды. Аяқ астынан басталып кеткен жеңіл-желпі мына ойын өзіне ұнап қалған сияқты.
— Университетте. Ал Шолпан қай институттың шекесін қыздырып жүр?
— Ұбатып-шұбатып сөйлеуіңді қоймапсың ғой. Филология ғой, ә? — Қыз үні бәсең. Бұл түптің түбінде нағыз өмірлік жолдас политех пен медик студенттерінен шығады деген пікірдің қаны жерге тамбай тұрған уақыт еді. Әйткенмен Шолпан ежелден стереотип қыз емес еді. Тез өзгерді. — Мен бе? Айн, цвай, драй, Гете, Шиллер, Томас, Манн...
— Неміс тілі...
— Сол, сол, фиер, фунф... Кеттік, Мәмбетыч! Ay, қайда кеттік? — Қыз ойнақы да сылқым бикеш бола қалды. Жаңағы текетірес қажытып тастаған ба, Мәмбет те қамшыны басты.
— Киноға. Үнді фильмі. Екі сериялы. «Махаббат пен өлім».
— Кеттік! Не махаббат, не өлім! Қайсысына болсын бас тіктім! — Қыз бен жігіт тирге іргелес салынған зәулім кинотеатрға беттеді. Ән әлі боздап тұр. «Тәп-тәуір ән!- деп ойлады желіп келе жатқан Мәмбет. — Бұрын неғып естімегенмін? Жуырда шыққан-ау. Әй, менің ылғи кешігіп жүретін жаман әдетім түбі аяқтан оңдырмай бір шалатын шығар».
Ән баяғы «Алматының ақ түні» еді...
* * *
Мәмбет пен Шолпан тай-құлындай тебісіп өсті. Шындығында тай-құлындай тебісіп өскен Шолпан ғана. Оң жағында Алатаудай әкесі, сол жағында тұнық судай шешесі, екеуі де совхоздың маңдай алды адамдары. Мойнына бұршақ салып тәңірден тілеп алған жалғызының төбесінен құс ұшырып көрген емес. Қыз сабаққа алғыр еді. Шолпанның көз майын тауысып, бадалып сабақ қарап отырғанын кластастары көрген жоқ. Әйтсе де алатын — бағалары — кіл «жақсы» мен «өте жақсы». Ара-тұра ойын үшін «үш» де алатын. Оған еш қыңбайды, қиналмайды. Ертеңінде-ақ дәл сол тақырыпты, үйге берген тапсырмасы және бар, жаңғақша шағып-шағып тастайды да, не «төрттік», не «бестікті» қағады. Қай жағынан алсаң да кекіліне жел тимейтін еркетотай. Программаға бағынбайды. Бүгін неміс тілінен сүрініп кетсе, ертеңінде Абайдың «Жігіт сөзін» аударып әкеледі. Әрине, аударды деген аты ғана. Әңгіме — талабында. Мұны мұғалімдер де қалт жібермей ұға қояды. Бір есептен, мүйізі қарағайдай ата-анасынан ыға ма, кім білсін.
Дос болуы да жатқан бір хикая. Ауыл қыздарының біразы, әдетте, бой жете келе өзара ғана шүңкіл күн, — кілге көшіп, күні кеше алысып-жұлысып жүрген ұлдардан іргесін аулақ салып, сырттай бастайды. Қыз екенін ерте түсініп қояды. Өздері кезінде сөйткесін шешелері өстіп тәрбиелей ме, әлде еш себепсіз қысылып-қымтырылып, ұяла қалуды иба деп санай ма, әйтеуір, «жолы жіңішке. қыз жұртынан едік» дегенді оңды-солды танытып бағады. Ал Шолпанға ұлың не, қызың не, бәрібір. Екі топқа да дос, жолдас және бауыр. Ойнайтын жерде көшенің шаңын аспанға көтереді, шекісе қалса, дал-дұлыңды шығарып береді. Бәрі жарасады. Ешкім де: «Шолпан сөйтті, ұят болған екен» деген емес. Нағыз тәрбиелі жан осы қыз екенін жалпақ жұрт тереңнен тартқан жетемен шамалай ма, қайткенмен де оның соңынан сөз ермейтін.
Ал Мәмбет тай-құлындай тебісе алмады. Көптің бірі, көпшіктің кірі дегендей біраз мәселелерден кейіндеу де қалып, китің-китіц күйде елеусіз де жабырқау өсіп келе жатты. Ішімдегіні тап, бұйығы. Ауыздарын ашқан екі балаға әке де, шеше де — жалғыз анасы. Кітапханашының аз айлығы жетім-жесір жүдеу үй үшін әншейін лыпа-жамау ғана, Шеше мінезі бірде қатты, бірде тәтті. Киген киімдері де ала-құла. Мәселен, Мәмбеттің мектеп көмек деп берген оқушы формасы су жана да, бәтеңкесінің ашылып кеткен арандай аузы қашан да ауа-аулап жүретін. Осы арылмас ала-құлалық мінезге де көлеңкесін түсірді ме, Мәмбеттің жүріс-тұрысы елден бәлек. Сөзге сараң, тістенген томаға-тұйық сары бала. Ағылып-төгілген желдірме сөз басқаға жарасса да, жетімге жараспайтының өсе келе ауыл қабағына қарап аңғарған. Ар жағы сандуғаштай сайрап тұр. Қыстығып-қыстығып келіп, күндердің күні тоқ-тоқ сөйлеп, лапылдап шыға келгенде көршілері: «Осы бала дұрыс па, бұрыс па?» — деп әрі-сәрі ойға қалатын.
Мысалы, жаздың май тоңғысыз бір түнінде, арасында Мәмбет те бар, үш бала осы мезетте клуб залында жүріп жатқан киноға кіре алмай, есік-терезе сығалап, жылтыңдап жүрген. Іште зеңбірек күрк-күрк жөтеліп, «Ура!», «Ура!» жер жарады. Бәрін айт та бірін айт» қатқан кино! Бірақ қалта жұқа. Обалы не, клубқа тегін кірудің қамы күндізден ойластырылып еді. Ақ шүберек экран сыртындағы терезе әйнегінің кебесін түс әлетінде сөгіп, сылқылдатып қойған. Амал не, киномеханик кешке таман терезе ішіне кірпіш қалап, бітеп тастапты. Соған жүйкелері жұқарып қалған үш бала гүрс-гүрс пен ура-ураға құлақ салып тұрып-тұрып, кино аяқтала бере тістерін қайраған кішкене-кішкене үш бөріге айналмасы бар ма. Болымсызға бордай тозып, ойда жоқта әлденеге айқайласты. Жіктеле келгенде әке-шешелі екеу бір жаққа шығып, жарты жетім Мәмбет жалғыз қалды. Сарт-сұрт... Күнге күйіп, қайыңдай қатып алған екі сойқан қойсын ба, Мәмбеттің мұрны әуелі қан, минуттан соң дал болды. Қос қанатын бермей, тойтара жүріп, әупіріммен клуб дуалына қарғып шықты. Еліріп алған екі мұндар ентелеп жетіп келді. Мәмбет дуал үстінде секиіп тік тұрған қалпы оң қолын көтерді де, сұңқардайын саңқ етті.
— Тоқтаңдар, жігіттер!
Мұншалықты маймылдық мәдениет пен салтанатты сөзді ғұмыры естіп көрмеген су мұрын «жігіттер» жеткен жерлерінде сілейіп тұрды да қалды.
— Үлкен жолдың үстінде кездескенше! — деп, қысқа қайырған Мәмбет бір-ақ ырғып, дуалдан текеше секіріп, жерге дік түсті де, әлі екі арада добалдай болып Ісіп кеткен мұрнын уыстаған күйі үйіне қарай зытты.
«Осы бала дұрыс па, бұрыс па?» — деген қалың күдік бұл оқиғадан соң қау берген.
Мәмбет дұрыс бала еді. Тек соңғы кезде ептеп оқу көтеріп жүрген. Шешесі кітапханашы болған соң. Мәмбет бос уақытын клубқа жалғай салынған шағын кітапханада өткізетін. Кітапханаға келімсек ауылда санаулы. Науқан басталса болды, бас сұғатын жан болмай қалады. Ондай күндерді шешесі, әрине, барынша пайдаланып бағады. Қаршадай Мәмбетке кітапхананы тапсырады да, білек сыбанып; үй шаруасына кіріседі. Оңаша қалып, барлық билік тізгінін өз қолына алған соң, аянсын ба, сіресіп тұрған қалың кітапқа жаудай тиеді. Ал жат та оқы, тұр да оқы. Әсіресе, шетінен темір сауыт құрсанған, өңкей ақ жүрек адал да көзсіз ер, ақ жүректігінен жиі-жиі таяқ та жеп қалатын, сол себепті ме, қашан да әділет ауылын шаршамай-талмай іздеп жүретін нояндар туралы кітаптарға құмар. Сөре-сөре қалың, қызық-қызық кітаптар... Оқиды да ойланады, оқиды да толғанады. Қарап отырса, әлгі жүрегінің түгі бар серілер өткен ғасырларда Батыс Европадағы жетім-жесірлерге ара түсіп, не түрлі зорлық-зомбылықтан, қысталаңнан құтқарып алып шығады екен. Оның өзі негізсіз емес, қыза келсе, көпшілігінің түбі кедей-кепшік-мыс. Шетінен аңғал. Батыр атаулы өзі солай ғой. Қулық сауғаннан гөрі табиғат сыйлаған күштеріне тым сенеді. Солардың арасында, әсіресе, Дон Кихот атты ұзын тұра біреуінің әділет жолында жаны пида. Егерәки Дон Кихоттар күшіне қоса айлалы болса, кезінде кемшіліктерді көп жібермесе, зорлық-зомбылық атаулы сол заманда-ақ жер бетінен түп-тамырымен құрып кеткендей екен. Ал енді жаңағы серілер мен перілер құйқылжытып-құйқылжытып кеп сөйлеп-сөйлеп тастағанда бар ғой, қыбың қанып, тебе құйқаң шымырлап сала береді. Кілең арыстандай айбатты, шарболаттай шымыр, шешен сөздер! Ақыл-тақыл түгел ұқпасаң да, оқыған үстіне оқи бергін келеді.
Біраз тепірештің шет жасағын көріп қалған жетім көңіл өзін кей-кейде семсер, сауытты серілерге де санап көретін. «Өстіп жетіле келе Дон Кихот, Айвенго, Қобыланды, Ер Тарғын секілді ағалардай болсам, ауылдағы ноқай балалардың тәртібін қолға алсам, бағынбай бара жатса, маядай бақыртып, тақымға басып, жандарын көздеріне көрсетсем» деген астам ойларға дейін баратын. Тамшы түскен жерін теседі. Мәмбеттің кесе аузындай ғана кішкене жан дүниесін толтырып жатқан тамшылар оқыған кітаптары қанша болса, сонша еді. Кітаптар көп-тін. Мәмбет қызып кеткен кейбір кездерде кітаптағы сал серілердей асып-тасып сөйлейтін жағдайға ұшырады. Нәтижесі — айлы түнгі оқиға, үлкен жол туралы қызық сөздер...
Ал Шолпан екеуінің бір-бірін арада жетпіс жеті жыл өтсе де ұмытпайтын себебі бар.
Алтыншы класс көктемі... Арасында Шолпан, Мәмбет бар, бір топ оқушылар мектеп бағында жан-жаққа бытырай тарап құрақ шөп жұлып жүрген. Шөпті бүкіл мектеп бағып-қағып жатқан қоян-көлсектер жейді. Жұмыс біткесін бәрі бөрік бас, кең етік ағаштың саясына шоқтай иіріліп, отыра-отыра кетті. Күн қасқа маңдайдан дәлдеп ұрып тұр. Ойын баласы тыныш отыра ма, сөзден сөз шығып, ол «кел де кел» бәске ұласты.
— Қыздардың бойлы-сойлысын, ұлдардың мәртешін ортаға шығарайық. Қызық үшін күрестіріп көрейік.
«Бойлы-сойлы» биік астаудан жем жеген Шолпан да, «мәртешіміз» бұғып алып, серіліктің жолдарын астыртын қарастырып жүрген Мәмбет екен. Адыраңдап ортаға ойнап шыға келген қыз: «қытығым келеді» — деп, қоян-қолтыққа көнбеді. Амалсыз ұзын қолтыққа келісті. Бұл бойлы-сойлыға сай келетін оңтайлы әдіс. Мәмбет: «Қалай да ретін тауып шалып қалсам...» — деп жіпсиіп, қыздың сереңдеген аяғын баспалап аңдып жүр. «Қыздың қулығы қырық есекке жүк» деген рас екен. Шолпан бұрынырақ қимылдап, алдап соқты. Ұстасқан қолын ырғап-ырғап тұрып, бір уақытта басып кеп қалғанда онсыз да бұғып жүрген «мәртеш» өз екпінімен етбетінен түсті. Ұл-қызы қосылып, ал шұрқырап күл. Мәмбет жылыстап бір шетке шығып кетті де, күйікке шыдамай жылап жіберді. Бригада-бригадаға кітап таратып кеткен шешесін ойлады, көзі шалбарының тізесіндегі алақандай жамауға түсті. Кенет жасын сығымдаған қолын біреу тартып қалды.
Қараса... Шолпан! Оның да көзі боталап тұр.
— Жүр бермен! — деді нақ бір шешесіндей зеки сөйлеп. Мәмбет қорықса да, сыйласа да шешесінің айтқанын екі етпейтін. Бұл жолы да сөйтті. Томпаңдаған Мәмбетті алдыға салған Шолпан мектеп бағынан шығып кетті.
Ағаш көлеңкесінде жайрап жатқан көп ыржақайдың аузына құм құйылды.
Сол жекпе-жек күрес, қызық болғанда, былай қарай ым-жымы бір тату-тәтті достыққа ұласты. Өздерінде жоқ қасиетті бір-бірінен тауып, екі жарты бір бүтін болды, қыз баланың бойында қуыршақ ойнаудан бастап оянатын аналық сезім Шолпанның жан дүниесінде алғаш рет бүр жарып, шешек атты; ойдағы егінші, қырдағы малшыға кітап таратумен күні етіп жатқан шеше мейірімінен шетқақпай болып жүрген Мәмбетке керегі де сол — қысқасы екеуінің жұбы жазылмады. Класта — парта, көшеде — ойын ортақ. Тентек балалар Мәмбетті бұрынғыдай иектей бермейді. Жеме-жемге келгенде, ең жаны аяулылар сол Текебай тентектер ғой. Нәдүріс қылықтары да өз-өзін аялаудан, өзімсүйгіштіктен шығып жатады. Мәмбетке тиісу, Шолпанға тиісу екенін олар тез түсінді. Ал Шолпанға соқтықпаған жөн. Бастықтың әлпештеген жалғыз қызы, жақсы оқиды, дружина советіне председатель, дөкей, нойыс... Ендеше сен тимесең мен тимен, бадырақ көз...
Мәмбет сол жылдың жазғы демалысында бой өсіретін витаминді күніге уыстап асап жүргендей едел-жедел серейіп кетті. Жетінші класта Шолпанға қарайласты. Өздеріне салса, еш өзгеріс жоқ, бұрынғыдай дос, жолдаспыз дер еді. Ал жеке-жекелеп келсе, әңгіме басқашалау. Мәмбет Шолпаннан қашқақтауды шығарды. Жуып кетсе бей-берекеті қашып, өзі-өзін жоғалта бастайды. Шолпан да қарадүрсін: «Әй! Үй!» — ді қойған, сыпаны, сырдаң. Кей кезде жалт қараған жанарынан: «Әй, сен кімсің осы? Тымпиып алып не ойлап жүрсін?» — деген үркек ойды тануға болатын. Ондайда Мәмбет те қарадай қысылып, жүрегі дүк-дүк соға қалушы еді.
Қыс ортасында Шолпанның аудан асып, облыстағы үлкен мекемеге жоғарылаған әкесі бір-ақ күнде дүрк қозғалып, артынып-тартынып қалаға көшіп кетті.
Сол жылдан бері жолыққандары осы.
* * *
Шолпан курстас құрбыларына еш ұқсамайтын. Бірақ қай қасиеті ерекше екенін Мәмбет таба алмай жүретін. Бүгін мына қасиеті бөлекше болса, келесі кездескенде жағдай, көңіл-күйіне қарай жаңағы пікірі қолма-қол өзгеріп қалатын. Бұл жолы: «Өзге қыздардан жүрісі бөлек екен-ау»- дейді іштей. Шолпан вестибюльге жас боташа тайраңдап шыға келген. Бет ұшында лыпылдап ойнаған ал қызыл арай әлсін-әлі ағын судайын құбылып-құбылып кетеді. Әр қимыл, көзқарасына дейін еркін, батыл. Бүгежектемейді, бұқпайды, иегін көтеріп, сәл шалқақтап басады. Бұл дүниеде маңдайы тасқа тимеген, ештеңеден беті қайтып көрмеген жанның жүріс-тұрысы. Мәмбеттің ылғи басын қатырып, кел, келе ғой деп тұратын лып-лып айнымалы өзгерістер. Қазір түскен заты сөреде іріп-шіріп жатпай, қазір етіп кететін бай магазин секілді қызық-ақ қыз.
Дәл қазір алып-ұшып жақындап келіп қалған қызға алыстан көз салып тұрып: «Ешқашан. тоқтап тыныс алмайтын, өле-өлгенше дедектеп жүгіріп ететін желге жеткізбес жел аяқ қыз болашақ тамаша өмірге екі өкпесін қолына алып, тура тартып бара жатыр. Егер Шолпан осы жүріс пен жүгірістен жаңылып, жыбыр-жыбыр аяңға ауысса, кәдімгі көстеңдеген дәу сары қызға айналар еді», — деп тез-тез ойлады. Өйткені қыз қасына келіп, сөз бастаса бітті, ой тізгінінен айрылып қалады. Шолпан жүрген жерде дұрыстап ойлана да алмайды. Тек оның дегеніне көз жұмып, рақаттана-рақаттана көне береді. Баяғы бала кезде де Шолпан алда, Мәмбет сонда болатын. Бал балалық шақты екеуі де ұмытпаған екен.
Сол минутта өз-өзіне: «Мен осы не ойлап тұрмын?» — деді қынжылып. Әп-сәтте он жасқа қартайып қалғандай сезінді. Жаңағылар, әйтпесе, жиырма жасар жігіттің ойланар ойы ма? Соңғы кезде Шолпан жоқ жерде осындай бір қартаң, тоқтасқан түйсіктер түрткілейтін болып жүр. Қызды көргенде ғана жас жігіт қалпын табады.
Ал Шолпан, керісінше, өйтіп сау басын саудаға салып әуреленбейтін. Не нәрсені болсын жай ғана ойлаушы еді. Қос қолтығынан демеп, алға ұшыртып алып бара жатқан дию күш — жастық-мастық-ау, сірә. Әне, келе сала Мәмбеттің суық шалып, барбиып тұрған қолын тартыншақтағанына қарамай ұстай алады.
— Тоңып қалдың ба? Биялайың қайда?
Мәмбет қолын пальтосының өңіріне тығып жіберіп дікиіп тұра қалды.
— Бөлмеде қалып қойды.
Онысы жалған. Сессия күндері Шолпанға келе алмай, тағы бір «қартайып» жүрген кездерде аудиторияда ұмытып кеткен. Жаңасын сатып алайын деп еді, онсыз да өлшеулі тиын-тебені жетпеді. Әрі көктем де тақау.
Осы тұрғанда өз өтірігін өзі ит етінен әрмен жек көріп тұр. Басқа жерде бүйтіп сырын жасырып тыраштанбайды. Тек Шолпан алдында жоқ жерден намыс буып, қамшылана қалатын сайтаны бар.
— Ой, жарамайды, жарамайды. Маған қырындап жүрген бір жігітпен әудежар шекісе қалсаң, биялайың жоқ, ортаға неңді тастайсың? Мына қоян құлақшыныңды ма? Әлде сессиядан алған «бестік» бағаңды ма? Оларың маған емес, өзіңе керек қой.
Ауылда сызылып өссе де, қалада тайраңдап жүріп бой жетті ғой, әлде шет тілдерін оқи беремін, оқи беремін деп, ептеп миы ашып, ана тілінен шыға бастаған ба, Шолпан соңғы уақыттары өстіп белінен басып, сындырып сөйлейтін. Жалпы ұтқыр, әзілқой. Әйткенмен Мәмбет көбіне қазақша сөйлеген Шолпан емес, басқа ұлттағы адамның сөзін қазақшаға аударып берген Шолпанды тыңдап тұрғандай әсер алады.
Бұл жолы да сондай сезімде. Осы себептен әзіліне әзіл қайтара алмады. Сөз ағысын басқа арнаға бұрып жіберді.
— Сессияны біттіңдер ме?- деді сәл ойлана. Басы ап-ауыр. Қысқы сессияның соңғы емтиханын сағат жарым бұрын тапсырып, қыз жатақханасына келіп тұрған беті. Іш дегенің аш қасқырдай ұлиды. Оқытушы да қай-қайдағыны сұрап, тықақтап қоймады, ұзақ ұстады. Университет асханасына үлгермеді. Қарын құрышында бір жылан әлекедей жаланып, жалаң-жалаң етеді. Жылан шіркін; мына жатақханаға кіргелі тіптен мың ширатылды. Астыңғы қабаттағы ас пісіретін бөлмеден қыздардың күлкісі мен аяқ-табақтың сылдыры оқтын-оқтын жетіп тұр, сүр еттің жұпар исі танаудың астын деміл-деміл сүйкеп өтеді, «Не бопты, Шолпандар да қазан көтерген шығар. Бөлмесіне, сөз жоқ, шақырады», — деген қарын ойлар - қалың ну.
Үміт ақталмады. Қыз бөлме жағыма баспады, сөз бағытын биялай-миялайға бұрын жіберді. Шолпанды немқұрайды, салғырт тыңдаған Мәмбет: «Басы ауырмаған пенденің басқамен ісі жоқ. Бәсе, беті нарттай. Ішіп-жеп шыққан екен. Енді бұған тоқ басар қалжың керек», — деген таза студенттік ойларға батты.
— Қыздар ма? «Бес» жағдайлары.
Бөлмелес қыздардың жағдайын сұрағанын қарны шұрқырап тұрып ұмытып кетіпті-ау.
— Бәрілерін жоғары стипендия аласыңдар ма?
Шолпанның жанарынан жарқыл өшіп, көзі сызыққа айналды.
— Қайдағы жоғары стипендия? Мен не дедім, домбырам не дейді. «Жағдайлары «бес» деймін. Мәселен, өткен жексенбіде Кәмиланы мединституттағы жігіті Бисер Кировтың концертіне ертіп апарды.
«Қайдан ғана өзек жалғасам... Бөлмеде қара шай мен қатқан наннан басқа тіске басар түк жоқ. Оның өзін де көрші бөлмедегі жалмауыздар сыпырып-сиырып кетпесе...» — деген ойда тұрған Мәмбет Бисер Киров дегенде сәл серпілді. Қоңыр барқын дауысты тәп-тәуір әнші...
— Жақсы, жақсы!
— Не жақсы?
— Жақсы әнші...
Шолпан ернінен күлкіні сүртіп алды, бұған күдік аралас қызық көзбен қарады. Ұдайы жүгіріп келе жатқан адам емес пе, ұзақ тоқталмады. Көзіне түскен кекілін үріп тастап, әләулайына басты.
— Жақында Мақтагүлдің Шымкенттегі ағасы келіп кетті. Бір совхоздың ортан қолдай директоры. Үйленбеген. Болашақ күйеу жігіт. Мақташканы өлердей жақсы көреді. Келген күннің ертеңіне бәрімізді иіріп, алдына салып, Медеуге апарды. Алғаш ресторанға кіріп шықтық. Сәл-пәл қызып алдық. Суретке түстік.
— О, жақсы, жақсы! — деді Мәмбет ресторан дегенде көзін кеңірек ашып. Бірінші, екінші, үшіншіге берілетін түрлі-түрлі тағамдар кезегімен елестеді. — Не жедіңдер?
— Сұмдық жомарт аға екен. Ресторанға келе бергенде: «Осы үй тағам-мағам, даяшымен қоса қанша сом тұрады?»- деп қызынды. «Оны неге сұрадыңыз?» — десек, «Бәрін түп орнымен көтере сатып алып, сендердің бөлмелеріңе көшіріп апарсам...»- дейді. Ішек-сілеміз қатты. Тәлімсіп-тәлімсіп ыздиып отыр едік, дастарқан мәзірін әрқайсымыздың танауымызға тақап, бір-бірден иіскетіп алды да: «О, бүкіл ресторан сендердікі, қарындастар!» — деді. Даяшыға: «Мына сіңлілеріңнен ішіп-жеміңді аяма, мықтап тойдыр, шетінен дым сызбаған аш-арық студенттер»,- деп жарылқап тастады. Кесе-кесе сорпа алдырамын деп еді, жалынып-жалпайып, алған бетінен зорға қайтардық. Машинасына өңгеріп ала келген бір қап етін тастап кетті. Алғашында қайда қоярымызды білмей басымыз қатты. Мескейге жілік-жілігімен тұтас салып жіберіп, асып жейміз. Тойған соң еденге етпеттеп жата қалып, асық ойнайтын болдық. Әлсін-әлі дүркіретіп асар жасап, ептеп құтылып жатырмыз. Сессиядан зорығып қалғандардың біразын қайтадан қатарға қосып алдық. Біздің бөлменің беделі қазір, ой-ой, аспанда...
«Ең өкініштісі, әлгі жомарт аға жақсылығын қыздарға ғана жасайды ғой». Ойы солай дегенмен аузы басқаша сөйледі.
— Шолпан, қарным қабысып қалды. Бір қап еттен бір асым қалған жоқ па өзі?
Қыз екі бүйірін таянып тұрып, рақаттана күлді. Мектепте мұғалімдерді әр қилы ойға салып, дос қыздарын қорқытып жіберетін атақты күлкісі.
— О, Мәмбетыч, Мәмбетыч! Өзім де жем жеген аттай аяғының басына неге қарай береді деп ойлап ем.
— Енді... кесе-кесе сорпа, а ля фуршет, бір қап ет деп...
— Бәсе, ресторан дегенде көзіңіз қара найзағайша жарқылдады. Ондай жарқыраған жай отын көптен бері сізден көрмеп ек. Аш болғасын да емтиханды қатырғансың ғой. Тоқ студент «үшке» ғана оқиды. Жүре ғой бөлмеге, аш-жалаңаш серім! Шикілі-пісілі асымызды алдымызға алғанымыз сол, Кәмиланың мықтысы бар қызды таксиге тиеп алып, бір кешке аңыратып тартып кетті. Маған да жүр-жүрлеп еді, «Менің филолог үтірім бүгін арып-ашып келіп қалар. Сенбесеңдер, асық иірейін. Бүк түссе, күтемін, шік түссе, сендерге еремін»,- деп асық жіліктен алған сақаны шекеге бір түкіріп, атып кеп жіберіп едім, бүгінен түсті. Жүр.
Мәмбет майдай еріді. Көрдің бе, бұған бола Шолпан кешке де бармапты. Іле әлгі майы қатып қалып қыпыжықтап сала берді. Несін айтасың сессия, сессия деп жүріп, мына жатақхананың табалдырығын аттамағалы ай болыпты. «Кәмиланы жігіті концертке апарды... Мақтагүлдің ағасы қыдыртты». Кілең қыдыру мен жігіттер... «Сен не ай қарап жүрсін, бозбасым?» — дегенді меңзепті. Ымды білмес, дымды білмес.
— Кіргізе ме бізді?
— Мен тұрғанда саспа, Мәмбетыч!
Манадан бері: «Керіскедей әдемі қыз бен мына бір сұқпыты кетіп, сөлбірейген жігіт, шіркін-ай, не жайлы сөйлесіп тұр, соны білсе...» — дегендей вахтер орыс кемпірі екеуіне анда-санда қарап қойып, қолындағы бізін жылтылдатып шұлық тоқып отырған. Шолпан тайрақтап қасына жетіп барды. Еңкейіп құлағына сыбырлады. Кемпір Мәмбеттің бас-аяғына қарады. Мәмбет жүгі ауған қайықтай қисая бастаған ескі бәтеңкесін орындық астына тыға қойды. Кемпір жігіттен көз алмай басын шайқады. Көзі: «Бір түрлі бала... Жібере салар ем, сүрепеті студентке ұқсамайды. Құрылыста істей ме,. немене?!» — дейді. Шолпан Мәмбетке аса бір аяушылықпен қарады да, күле сөйлеп, саусағымен нұсқап-нұсқап қойды. «Басбұзарлығы жоқ, басы алтын бала. Жоғары стипендия алады. Ар жағына ас қондырып жіберейін. Екі туып, бір қалғаным емес, әншейін жерлес, ауылдас жігіт қой. — Сонсоң өзін түртті, — Түу, маған сенбейсіз бе? Мен Шолпанмын ғой. Аш студенттерді көрсем, ет жүрегім езіліп сала беретін Шолпанмын». Кемпір мұндай сұраншақтық пен тілмарлыққа төтеп бере алмады, күліп жіберді, тек: «Құры әрі! Қоймадың, түге. Маған десе үйітіп же жігітіңді! Өте беріңдер!» — дегендей қолын сілтей берді. Қыз кемпірдің бетінен шөп еткізіп сүйіп алды. «Рақмет, рақмет! Рұқсат береніңізді бағана білгенмін. Сіз, сіз... өзіміздің Маша Егоровнасыз. Біз секілді көген көз бейшаралардың бақытына сізді әншейін бере салған ғой». Кемпірдің ет жүрегі елжіреді. Аш кенедей жабысқан Шолпанды кеудеден сәл итеріп, әжімдері быж-быж болып, күле берді. «Жә, болды, бетімді сілекейлеме! Қу қыз, ери сұрағасын ғана... Өзіңді жақсы көретінімді біліп алғансын. Жігітіне келесі жолы жөндеп киініп келсін де. Ал марш, әлгі студсоветтерің көрінбей тұрғанда тая қойыңдар!».
Маша Егоровнаның шаруасын бітірген қыз бері безектеді.
— Ac — адамның арқауы. Қашпақ болсаң — зымыра. Уақыт — жарты сағат! — Сықылықтай күліп, Мәмбеттің жеңінен шымшып ұстаған күйі ішке қарай зулап өте берген...
Жарты сағаттан соң екеуі бөлмеден шығып, қылаулап жауған қар ортасында маңып жүрді. Бет ұшып аяз шымшиды. «Мәмбетыч» көңілді. Ішіне ел қонған. Қан тамырында бірдеңе жайлап балқып жатыр. Арғы-бергіңді қалт жібермей көріп қоятын пысық қыз Мәмбет бүгін емтиханды тапсыратынын, тапсырғасын жатақханаға жүдеп-жадап келетінін біліпті, біліпті де бір бөтелке «Старый замокті» сатып алыпты. «Шолпан дегенде қай жігіттің маңдайы жарқырап тұр екен, ә?» — деп, қолтығына кіріп келе жатқан қызды ойша мақтап қояды. Жалпы, ол Шолпанның менен басқа жігіті бар-ау деп ойламайтын. Сол «жігіттің» орнына өзін де қоя алмайтын. «Бір ауылда өстік, мектепте қатар оқыдық, несі бар, доспыз», — дей салатын. Одан әрі батыл кетсе, оқымаған, дайындалмаған сабақты «беске» тапсырамын деп босқа жанығатындай қаймыға беруші еді. Тоңқалаңдап қыз қасында жүрсе, болды, бітті, соған күл. Шолпан да соған жүгінетін секілді. Мақта шарқаты мойнын қажап, өкшесі қисайып Мәмбет жатақханасына жетіп келсе, бәлсінбей жүгіріп шыға қояды. Шақырған киносына іркілмей барады.
Жатақхана дегенде: «Әй, осы Шолпан кір десе, бөлмесіне сып беріп кіріп кетемін. Мен неге өз тұрағымды әлі күнге дейін көрсетпей жүрмін. Кәмила, Мақтагүлдерден ұят болды», — деп қойып, мұның мекенін әлі күнге көре алмай, амалы таусылып жүрген қызға жаны ашып қараса, Шолпан, шынында да, нәумез екен. Мұндайда басқаның қабағынан қар жауар, ал Шолпанның көңілсіздігі өзге сурет еді. Жай ғана селқос келе жатыр. Бұл ақ жарқын қыз үшін көңілсіздіктің көкесі емей немене. Сессия күндері түні бойы кітап-дәптер ақтарып, көзі кіртиіп жүрген Мәмбет ол селсоқтықты қаперіне алмас еді. Емтихан сәтімен аяқталды, жалаңдаған жыланы қайтты. Ептеп қызулау. Соған орай аздап сезімтал бола бастап еді.
— Жай, ма, Шолпан? — деді қолтығында асылған қыз қолын өз бүйіріне қысыңқырап.
Қыз көзін төңкеріп: «Е, кешіріңіз, сіздің сөйлейтініңізді, хал сұрауға дейін баратыныңызды білмеппін», — дегендей күлді. Сырғанақ теуіп барып, тұра қалып, жігітке жалт қарады.
— Мәмбетыч, мен күйеуге тиіп кетсем қайтер ең?
Шынында, қайтпек? Оған әзірлеп қойған жауабы жоқ екен. Өзін Шолпанның жігіті деп қалай санамаса, ойнақтаған қыз түптің түбінде күйеуге тиеді-ау ден ойламапты. Қазір де бас ауыртпады. Әрі-беріден соң пышырай келіп: «Ойнап айтты. Біздің Шолпан жиырма жасында да: «Алып бер де, алып бер!» — деп, аспандағы айға қол созған бала емес пе, — деп мардамсып қойды. — Ой, төрт құбыласы түгел студент қағып кетпесе, ерте бастан күйеуге шыға ма? Ауылдағы оқу-тоқудан үміттерін үзген бой жеткендер сөйтеді. Алда әлі дыр-думанды үш жыл тұрғанда күйеусіреп не жыны бар?» — деп және жұбатты өзін. Әйтсе де ішінде сықылықтап күліп, мұны мазақтап отырған түрт-түрт сайтан:
— Онда асылып өліп қаламын, — деген сөзді аузына салды. Қыз дыр-р етіп тағы сырғанады.
— Шын ба?
— Өтірік десең өзің біл. — Іле өз батылдығынан өзі сескенді. Ауруханадағы жалғыз басты, жарым жанды шешесінің ауыр халін ойлауға тырысты. Асатында қолдан келетін көмегі жоқ болса да, есіне алды. Ол діттеген жерден шыға алмасын неғұрлым айқын білсе, сол туралы соғұрлым сарылып көп ойлайтын. Әрине, шешесі бұл күнде: «Сүткенже Мәмбетім қысқы демалысқа қашан шығар, қашан келер», — деп, төрт қабырғаға көз сүзіп отырған шығар. Жалғыз ағасы адуын да шайпау жеңгенің әуеніне еріп, бөлек шығып, бұйда үзіп кеткен. Аз-мұз пенсиясы мен Мәмбеттен басқа сүйенетін тірегі жоқ. Оның бес-он сомын аузынан жырып, ай сайын бұған салып тұрады...
— Кеше Мақташка: «Жіп таққан жігітің жоқ па?» — деді...
Бәтеңкесінің қар жұққан тұмсығынан ой іздеген Мәмбет қарсы салды.
— Жоқ болса, тауып бермек пе?
Жатақханаға кірсе, бұған жақтырмай қарап, бөлмеден шықпай безеріп отырып алатын Мақташкасына Мәмбет де құлай қоймайтын.
Шолпан тоңып қалды ма, қолын үрледі. Ал пальтосының екі қалтасынан былғары биялайлардың құйрығы қылтиып тұр.
— Бір қап ет тастап кеткен аға бір жігітті ерте келген. Өткен жылы оқу бітіріпті. Технологиялық институтта сабақ береді. Жарты жыл ете ме, өтпей ме, ғылым кандидаты! Бойы мынандай! — Өкшесіне қоса көтерген қолын Мәмбеттің бойынан асыра созды, — Шашы мынадай! — Саусақ ұшымен ауада шеңберлер сызып, қос шекесіне шиыршық-шиыршық әлденелердің бейнесін салды. — Көзі оттай жанып тұр. Тура дүрбі. Дүрбі көз жігіт. Қарағанда арғы-бергіңнен өтеді. Нағыз Гришка Мелехов! — қабағын түйіп алды да, Мәмбетке бір шекелей төніп-төніп қойды.
— О, онда жігіт емес, тажал екен! — деді аузы қисайыңқырап. Өзін: «Түк сыр берген жоқпын, емен жарқын күліп тұрмын», — деп үгіттеді.
— Жо-жоқ, дүрбі көзі болмаса, сыпайы, биязы. Кез келген нәрсені күлкіге оп-оңай айналдыра салады... Не ойлап жүргенін білмейсің. Күлегеш сфинкс! Мені кездесуге шақырды...
— Көп қиналмай кездесуге шықпадың ба? — Айтуын айтса да төбе шашы тік тұрды. Баяғы айлы түнде, клуб сыртында «Үлкен жолдың үстінде кездескенше!» — деп, текеше бақылдағаны есіне түсті. Мына сөздерді де сондағыдай тісі сынғанша тістеніп, қарысып айтты.
Шолпан қарды етік тұмсығымен көсіп шашып, көсіп шашып, тымырайып келе жатыр. Мәмбеттің қолтығына сұққан қолы торға түскен торғайша тыпырлап бұлқынды да қойды. Бір уақытта күрт еңкейіп, қар уыстан алды да, сығымдап-сығымдап бейғам келе жатқан Мәмбеттің желкесіне тыға салды. Сақ-сақ күліп, пальтосының етегі дөңгелек ойнай қашып жүріп, өкшесімен шыр айналып түседі.
— Қусың, бұғып жүріп жылым қусың, Мәмбетыч! Қынапта көрінеу жатқан қанжар емес, қойынға жасырған қанжар қауіпті. Анау ғылым кандидаттығына кандидат та өзін қумын деп есептейді, ал сен оны екі орап кетесің. Ал ондай қылқұрт қуларға қолданатын жазамыз — жаңағы!
— Солай ма?.. Онда ауыз ашып қалмай, айтқаныңнан шыға қоялық. Ал мықты бол!
Тапырақтап қуып берді. Дүние тас ұмыт. Ойы мың сан және бір-біріне жалғаспаған үзік-үзік, ірімтік-ірімтік. «Мына қыз жыбыр-жыбыр қашқанша, бұрылып алып, бар пәрменімен зымырап бермей ме? Көшеде қоңыз теріп, жайыма қалар едім... Тек жүрген тоқ жүреді, тек жүрген тоқ жүреді!» Қызға дем арасында төніп кеп қалды. Ал Шолпанның басында бұрылып алып, құлдыраңдай қашу деген ой жоқ сияқты. Артымен шегіншектеген күйі жігіттің бетінен бақырайған көздерін алмайды.
— Түк те істей алмайсың, Мәмбетыч! Түк те істей алмайсың! — Естілер-естілмес сыбырлайды. Қалған істі табанының қышыры қашқан ескі бәтеңке бітірді. Тайып кеткен Мәмбет екі қолын алға созып, елпектеген бетте екпіндеп, Шолпанның иығына асыла кетті. Қыз көзі шабан автобусты көп күтіп қалған жолаушының жанарындай шыншыл да ашулы.
— Түк те істей алмайсың...
Мылқау әлем.
* * *
Мәмбет конкурстан өтіп, оқуға түскесін ауыл шаруашылық жұмыстарының алдын алып, ауылға аттанған. Ауылы бұл күнде совхоз емес, ферма орталығы. Пенсияға шыққан шешесі: «Мал бағуға қолайлы», — деп, алты атасынан қой көйлеп, сиыр қоралап келе жатқандай-ақ фермаға көшіп алған. Қуанышы қойнына сыймады. Деңнен асып түскен автобусқа аудан орталығы — кішкене қалайық үй-мүйі, ағаш-мағашын қарсы жамыратып, айдап салғанда, туған жері өзін құттықтау үшін жүгіре шыққандай орнынан қопаңдап тұра берген. Автостанцияда жолаушыларды ошарлы ел қарсы алды. Тек мұны емес. Ферма меңгерушісінің құлап қайтқан баласына «ГАЗ-69» алыстан арнайы келіпті. Кәкең, ауылдың сорпа бетіне шығары Кәкең көнбес конкурсты тоқпақтап шаршап-шалдығып қалған ұлының нығыз денесін машинаға тығып жатып, даусын көтере сәлем берген Мәмбетпен қырыс-қырыс бұқа желкесімен амандасты.
— Е, бала... хал нешік? — Минуттан соң мойнын бұрды. Езуінде бұрқыраған шылым.
— Түсіп келдім, аға! — деді сүйінші сұрағандай аңқалақтап. Кәкең сүйінші атамады, көзін тіктеп, мұның арғы-бергісін ұзақ түгендеді. Tic арасынан:
— Жақ-се-е... Оқи алсаң жақсы.... — деген төрт сөзбен төбесінен төрт түйіп, саудасын таза бітірді де, кабина есігін тарс жапты. Атандай «ГАЗ-69» солқ етті. Бос орын болса да «Отыр!» — демеді. Есесіне: «Мүгедек шешеңнің бес-он тиыны шекеңді шылқытса не дейсің!
Келерсің, қайтарсың әлі ауылға таз кебіңді киіп», — деген зіл-заланы аңғартып кетті. Ас орнына тас жегендей қан қақсап қала берген.
Темір жол станциясынан аудан орталығына әкеп тастаған абажадай «Туристің» жолым сіріңке қорабындай «ПАЗик» жалғастырды.
Үмітсіз шайтан, түтін сасып, күшеніп келіп тоқтаған автобустан түсіп жатып, аялдаманы едел-жедел шолып шыққан. «Ойбу, Мәмбет шаршап-шалдығып, алыс жолдан келіпті!» — деп, өндіршіктеп тұрған ешкім көрінбеді. Есесіне Кәкеңнің тізгін үзіп, ереуілдеп тұрған жақып-жақпайларына көз сүрінеді. Баланы Кәкең қаладан машинамен алып қайтқанынан хабарсыз екен. Автобустағылар құлақ қағыс қып еді, өкініштен сандарын соғып жатыр. Мәмбетке: «Бармысың, жоқпысың!» — демеді. Сопа басы сорайған жігіт кірпіш секілді қара чемоданын көтеріп, үйіне жалғыз кетті.
Әрине, шеше байғұстың төбесі көкке екі елі жетпеді. Әрине, бірді-екілі шал-шауқам, кемпір-кешектерді жинап, ет асып, шай қойды. Қуаныштың да, қазанның да түбі осымен ақыр-тақыр көрініп қалды. Енді жолға шығу керек. Тоқал қоңыр сиырдың соңынан ерген тоқал қоңыр тайыншаның еті аудандағы көк базарда пышақ үстінен сатылды. Жайлауда қой бағып жатқан ағасына көлденең көк атты сәлем ала кетіп еді, о жақ ұшты-күйді хабарсыз. Үйдің сыртын қара балшықпен сылады. Қайтуға екі күн қалғанда Мәмбет тесік-саңылауын бітейін деп қораға кіріп еді, отын сарайы үңірейіп бос тұр. Жарым қыстың отынын жатқан жеріне тастап кететін қоңыр сиырдың кепкен жапасы бұрышта шашылып жатыр. Шешесі: «Е, жалғыз сиырдың шөбін кәпір болып кетпесе, ана ағаң қысқа қарай қағыстырып-соғыстырып, тауып берер. Қыстан қалған аз отыңды жаз бойы суыртпақтап жағып тауысып алдым. Бір реті болар. Оқуға түстін, азамат болдың, елден озбасақ та аштан өлмеспіз», — деп, шала байып, марқайып отыр. Түскен оқуды улы қалай оқиды, қалай бітіреді, онда шаруасы шамалы. Екі сөзінің бірі: «Е, жазған несібеңе ризамын, жоқ-жітіктің пен жетім-жесірлік осымен кетсін!»
Ертеңінде Мәмбет салып ұрып ферма кеңсесінен табылды. Жалпағынан түскен мықыр столдың ортасын ала үйелеп жатқан Кәкең, обалы, кәне, мұнын арыз-арманын қыбыр етпей құнттап тыңдады. Бұл біттім дегенде бұрыштағы оймақ аузындай інге бір кіріп, бір шығып, жылтыңдап жүрген тышқаннан кезін айырмай отырды, отырды да түк ойланбастан:
— Жоқ! — деп, мыңқ етті.
Мәмбет ауыздан біреу отыртып жібергендей екі бүктетілді де қалды. Сәлден соң барып тілге келді.
— Шешем ғұмыр бойы совхоздың отымен кіріп, суымен шықты. Мен де он екі жасымнан жазғы каникулда шөп машинаңыздың құлағын ұстадым. Сол көп ерудің бір қаруы жоқ па? Көлік беріңіз, мына құмнан дүзген шауып, үйге түсіріп кетейін, — деді. Жайшылықта сөзге сараң жігіт жан қиналғасын ба, ағылып-ағылып алды.
Баласы оқудан қағылып, әрі: «Кәкең жуық арада орнынан түседі екен», — деген ұзынқұлақ ел шетіне жетіп, күйзелген бастық шарт кетті.
— Жоқ!
Сосын столға артылған күйі мәңгіріп жатсын кеп. Күн ыстық еді. Есеңгіреп бұл да отырды. Ақыры басекең сұмдық ұзақ ойланып алып:
— Бір қолымды екі ете алмай... — деп ыңыранды. Тамағына тас, көзіне жас тығылып, булыққан Мәмбеттің бетіне бағжия қарап: — Әлгі... оқуың не?.. — деді күшеніп.
— Филология...
— Не?
— Тіл маманы...
— Ғалым?..
— Жоқ, мұғалім.
— Е-е... — Кәкең ырқылдап күлді. — Е... Баланың миы мен көзін кезек шұқыған қасқамын десейші. Сөзден қуырдақ қуырамын десеңші. Бәсе, бәсе... Онда да қаланың шпанасына айналып кетпей, аман-есен бітірсең... — «Етек-жеңім жайылып, жалпақ шешейге айналып бара жатырмын ба?» — деді ме, бірден тыйылып, тоқ етті. — Жоқ! — Сонымен тәмәм! Әрең созған қолын қара телефонның тұтқасына арта салды, ісінген саусақтары сақина тиегіне әрең сыйды, — Әлу, райпатрыбсаюз ба? Әлу, маған Бәкеңді қос... Заныт? Е, оқасы жоқ. Кәкең де. Тосамыз, тосамыз, — деп тастап: — «Ал енді қайтесің, мықты болсаң шауып ал!» — дегендей алдына мардымсып қараса, филолог баланың орындығы бос тұр.
Мәмбет түні бойы екі өкпесін қолына ала жүгіріп, ат-көлік іздеді. Адақтамаған көрші қалмады. Әкесінің көзін көрген, үзеңгілес болған бір ақсақал мойынтұрық, бишігіне қосып, өгіз арбасын берді.
Бозторғай шырылынан көзін тырнай түрегелді де, түннен қалған сорпа-суын жылытып ішті. Түні бойы қолы қақсап, көз ілмей шыққан шешесі ілби басып, жол азығын әзірлеп берді. Шабан қызыл өгізді жеккесін, қара жолды қуалай ауылдың түстігін тұтас алып жатқан Ақжонға қарай салды. Арғы шеті мен бергі шеті бір емес, неше көш ұланғайыр қалың құм — совхоз түгіл бүкіл ауданның құт, береке-ырысы. Ар жағы шағыл құм екені рас, бірақ бергі беті — қойны-қонышы толған күт өлке. Қараған, тобылғы, тал-терек, дүзген, қияқ дейсіз бе, тұнып тұр. Бар айыбы — ағын су жоқ. Мал қыстайтын бергі шетінде артезиан құдықтар баршылық. Әйтсе де отынның сүйектісін жағам десең, қалың құмға жиырма-отыз шақырым ендей кірігі, тастай батып, судай сіңу керек. Етектің алуға оңай дүзгенің ауыл қыс қатты жылдары жаудай тиіп, жапыра шауып тасып алған. Орнына көктеп шыққан жас шыбықтары отын болып жарытпайды, бықсып, көзден жас бұршақтатып ағызғаннан басқа пайдасы жоқ.
Қызыл егізді әлсін-әлі бишіктің астына алып, шықпыртса да, дүзгені шырма-шату шатасып, бытысып жатқан төбел таз шағылдардың етегіне түске тармаса ілікті. Тамыз құйрығынан тұтамдай қалса да, құм арасы қызыл жалым. Жейдесін шешіп тастап, балтасын қолына алды да, құм төбелердің қасқасын бүйідей бүріп жатқан дүзгенге беттеді.
...Кеуде, жауырын, арқа, мойны тұз сепкендей ашиды. Көз алды бұлдыр-бұлдыр бірдеңе. Шағыл-шағыл астында баяғы бір заманда бастырылып қалған беймағлұм — жан үзді-үзілді ыңырсып жатқандай құлағында шу бар. Сөйтсе, көкірегі қабынып, екі иығынан дем алған өз кеудесі екен. Құм жерден бауырын көтере алмай болар-болмас жыбырлап жатқан сарғылт сағымдар құм төбелерді айналып ағады. Сағатына қараса, дір-дір етеді. Айналып қараса, сағат емес, білегі екен... Уақыт екі жарым...
Шапқан дүзгені бір арбаға молынан жетіп, артылып та қалғандай. Тезірек тиеп, жылдамдатып жолға шыққан дұрыс. Кес-кестеген көк төбелер оңайлықпен берісетін жау емес. Жүрек жалғап, таңдай жібіту үшін аяғын құмнан әзер суырып арбаға беттеді.
Айран құйылған құтыны мана арба бауырындағы сусыма құмға сүңгіткен. Екі елі шығып тұрған мойнынан ұстап суырып алған... Қаңғажақтай жеп-жеңіл. Мән берген жоқ, аузының қалпағын бұрап ашып, кеберсіген ерніне жапсырып еді, таңдайы жылымшы татыды. Сонымен ақыл-тақыл бітті. Жүрегі суылдап қоя берді. Маңдайынан тер бұршақтады. Әлі құрып, құм үстіне отыра кетті. Құтының аузын алаң-елеңде шешесі бұрап жапқан. Көптен бері қақсап келіп, соңғы айда икемнен қалған қолы дірілдеп-қалтырап, біраз әуреге түсіп еді. «Қысқа таман ел аяғы басылғасын дәрігерге көрінбесе болмас, күн сайын қаңсыған ағаштай қатып бара жатыр»,- деген күңкілін де естіген. Асығып-үсігіп жүріп, құтысы бар, тіске басар нан, бес-алты жұмыртқа, піскен еті бар қапшықты арба үсті қалай болса солай тастай салып еді. Сол қалай болса солайдың сазайын енді тартып отыр... Қапшықтағы құтының шала-шарпы бұралған аузынан айран жол бойы тамшылай ағып, құрдымға айналыпты.
Сүйретіліп орнынан тұрды. Ендігі отырыстың жөні жоқ. Құм арасының ешкімге бағынбайтын өз қатал заңдары бар. Таңдай кеуіп, қан қойылғанда оның әр минуты кейде сағатқа пара-пар. Сол минуты сағатқа, сағаты тәулікке татитын қысталаң кез басына түскен тәрізді.
Құм төбелердің арасында дедек қағып жүгіріп, арбаға дүзген тасып имеді. Дүзгеннің сым темірдей арбиған бұтақтары жыртпаған алақан, тырнамаған балтыр қалмады. Өлдім-талдым дегенде өгізді жегіп, «Соп-соп!» — деп айқай салып, жолға шықты. Қасқыр жегір қызыл өгіз одан шапқылап кете қойған жоқ, екі адым ілгері, бір адым кейін қалпынан мысқал танбады.
Құм жиегінің құйқасына тырнақ іліктірсе, бишікке. бишік жалғап түссе де, артезиан құдықтан су іліп алуы хақ. Оны біледі. Әйтпесе кез-келген тал-теректің түбін жарты кез қазып жіберсе, еңбегі еш кетпей, су шүпілдеп шыға келер еді — мұны да жақсы біледі. Алайда арада жол болып созылып жатқан жиырма шақырымды қалай артқа тастайды, ол арасы бұлыңғыр, күңгірт.
Шөл хикметін бұрын да естіген. Мойнын ішке алып жатқан Ақжонмен байқап-байқап ойнамаса болмайды. Сегіз қырлы құм. Төрт түлік малды алты ай қыс бойы тырп еткізбей, асырап шығатын құт құм да, оған қоса резина дөңгелек техниканы аттап бастырмайтын, талай адамның басын жұтқан жұт құм да осы Ақжоның. Жол туралы есту мен оны өз басыңнан өткерудің арасы жер мен көктей екен. Дүние тарыла келіп, «бір жұтым су» деген құмға айналып, тіл ұшына жиналды. Ал тілі құрғыр аузына сыймайды. Көкжиек қашықтады. Көз болаты құм төбелерден арғыны алмады. Сағат бұрын алты айрық там кеткен тер қазір жоқ, сірә, денеде су азайып, кеберсіп бара жатқан болу керек. Бала кезде оқыған қызық романдар еске түсті. Сол сауытты серілердің жағдайы Мәмбеттің қазіргі мүшкіл халінен көш ілгері. Семсер сілтеп, қылышпен қудаласса да, әйтеуір, тегін суға қанып алып, армансыз алысып-жұлысқан ғой.
Шөлдің тамашасы сол, қарын ашпайды екен. Жайшылықта күніне үш мезгіл жыланы жалақтап тұратын жас жігіттің ойына ас мәселесі кіріп те шықпады. Тіс тимеген жұмыртқа, ет, нан арбаның арт жағындағы қапшықта жатыр.
Сағат төрттен асқанда қызыл өгіздің басын тағдырға тапсырып, дүзген құшақтап жатып қалды. Шөлді бұйым құрлы көрмей, митыңдап аяңдаған қызық өгізге айналғысы келді бір сәт. Бұрын қиын-қыстау шақта шешесінің жесірлігін ойлаушы еді. Осы жолы жетімдігі еске түсті. Жаман, жақсы болсын, төрде өңкиіп әкесі отырса бүйтіп құм арасын кезіп, тентіремес еді. Екі күннің бірінде естісе де, бұған дейін мән бермеген «суішкілік» деген сөздің мағынасын арба үстінде шытадай жаны шыңғырып жатып, алғаш рет анық ұқты.
Арғы жағы буалдыр тұман...
Әлден уақытта сарыл дыбысын естіді. Көзін жіпситіп ашып, зордың күшімен басын көтерсе... арба тоқтап тұр. Баяғы құм, қызыл жалын... Көк шыбын үймелеген ірің көзін кілбиткен баяғы қызыл өгіз сарылдата сарып тұр. Не түлен түрткенін қайдам, қол-аяғы қалтылдай еңбектеп арба бауырына сыпырылып, ауып түсті. Жас баладай апыл-тапыл басып, қызыл өгізге беттеді.
Жігері құм болған Мәмбет арба үстіне әупіріммен шықты. Қолын әрең сілтеп, бишік ұшын өгіздің жалпақ жонына сылқ еткізіп тастай салды. Өгіз жарады, әлімсақтан маңдайына жазған аяңнан танбады. Жігіт жейдесін басына сәлде ғып орап алды. Малшылар жайлауда, құм іші қазір елсіз, өлдім десең ауызға су тамызатын тірі жан жоқ. Жетімдік, жоқшылық көргені бар, бұл күнге дейін маңдайына тағдырдың тамашасы емес, талқысы жазылыпты. Өмір бұған бетін енді ғана бермен бұрғандай. Жолы болып, оқуға түсіп кетсе, оның өзі сызат қана сәуле. Сол сызат сәуле болашақта бұл жүретін күре жол үстіне құйылатын ағыл-тегіл мол нұрдың хабаршысы іспетті. Бәрі де алда. Ендеше, қайткенде тарамысы тартылып, күн кешу керек, қалың құм арасында ойда жоқта тап берген мына жетімдігін теуіп тастап, егескенде ел шетіне жетуі қажет.
Әзірге сол көп «керек» пен «қажет» көңіліне демеу.
Сал болған адамдай сұлап жатып, сол сызат сәуле бір шоқып, екі қарамаса, сөніп қалардай бұйрат-бұйрат құмдарға көзін сатып, ұзақ жатты. Қашан қалғып кетті, одан хабарсыз.
Оянса, күн оң шекесін шағып тұр.
Аш денесінде салмақ жоқ, не басында титтей оп жоқ, өлі мен тірінің арасындағы адам түсініп болмайтын жағдай... Аунап түскен бе, әне құлайын, міне, құлайын деп арба шетінде жатыр. Дес бергенде оң қолы дүзгеннің арбиған бұтағымен бұтақ болып тас қатып қалыпты. Арба толқын соққан қайықтай қақпақыл ойнап, қос бүйірін кезек түйгілейді. Құм етегіне қарай қиялап салған қызыл өгіз тал, тірегі сыңсып тұрған ойпаңға қарай жылтыр қара тұмсығын көтеріп тастап, монтаңдай cap желіп келе жатыр. Тақыр құмнан аузына түйір шөп ілікпей арып-ашқан қызыл өгіз тал-терек түбіндегі қияқты көріп, жолдан бұрыла қашыпты.
Қол-аяғы емес, кесеудей ағаш бірдеңелерді әрең қозғап жерге түсті, дұрысында, құлап түсті. Бір уыс құм асады. Жел тимеген бық ойпаңның беті табан тигізбей алап-жалап тұрса да, тамыры тереңде жатқан қияқ көкпеңбек. Сирек қияқ көзіне қара ормандай көрінді. Қияқ арасына төрт аяқтап кірісімен жер бауырлап жата кетті. Көбесінің қопарылғанына қарамай ыстық құмды көсіп қаза берді, қаза берді. Құм салқындай бастады. Әлден уақытта саусақ ұшынын суығанын сезді. Өзі жаңа қазып бітірген аяқ түбіндей шұқырға асқабақ секілді ауыр басып тастай салды. Құм-топырақ аралас лай су көмейден қорқ-қорқ етіп, сырғып өте берді...
* * *
Қысқы демалыста Мәмбет ауылға бармады. Бір емес, бақандай үш есеп барма деді. Біріншіден, барыс, қайтыс деп шешесінің үкіметтен алатын ақшасына үңіреңдемейді. Үңіреңдейін деп жүрген бұл жоқ бірақ жер түбінде инемен құдық қазып жатқан сүт кенжесі алыстан ат шаршатып келгенде, шешесі ши барқыт бешпентінің қалтасын қақпай тұра ма?! Демалыс күндерінде бос жатпай, вокзалға барып, жүк түсіріп, тиын-тебен табады — екі. Наурыз айына иек артқан қыз-келіншектер мерекесі: «Қалайсың?!» — деп тұр. Шолпанды жыл он екі айда бір келетін қуанышымен ел қатарлы құттықтау керек — үш. Мәмбет баяғыда құм ішінде ажал аузынан қалғалы есепке жүгіне бастаған. Қаның қарайғанда ашудың айтқанымен басты тасқа ұрсаң, тас емес, бас жарылады, соны ұқты. Ұқты да, тауаны қайтты. Ақырын жүріп, анық бассаң тасты аттап, яки айналып өтуге болады. Ойын баласы кезінде жетімдігі есіне кіріп шықпайтын. Жетім екенін ер жеткенде аңғарды. Оқуға аттанды, қара чемодан түбінде жетімдік шіркін қара тас болып жатты. Көлік сұрады — ферма бастығы Кәкең жан дүниесінде жетім бейнесінде үйелеп, мәңгі-бақи қалып қойды, қалың құмда шөл қысты — жетімдік күнге айналып қайда қашса да шақырайып, қақ шекеден ұрды да тұрды. Қыр соңынан қалмады. Ондай табанды жауды есеп қана жаңылдырады екен, мойнын созып жіберіп, ентелеп қуған жетімдік бұлт етсең, жаныңнан оқтай зулап өте шығады екен. Ақыр-тақыр құтылмасаң да, аз сәтке деміңді еркін алып, әл-күш жинап келмесең, келесі қуғын-сүргінге әзірленесің. Әке-шешелі құрдастармен салыстырғанда, тез есейіп келе жатыр Шыққан төмпешігінен күндердің күні табаны тайып кететіндей секемшіл. Әйтеуір, үлкен дарияның бір дөңгелек иіріріміне шешініп тастап, түсіп кеткен. Не батпайды, не шықпайды. Кірер ізі бар да, шығар ізі жоқ тұйық мінез тапты. Мәселен, өзі құралыптас жігіттер түгенше қызды жақсы керсе, күйіп-жанып, бөлмеге сыймайды. Дос жарандарына ақыл салып, қыз көңілін бермен бұрудың он түрлі жоспарын сызады. Жоспарлары жүзеге асып та, аспай да жатады. Мәмбет ондайдан аулақ. Апта сайын асай-мұсайын асынып, бір жаққа шығып кететінін бөлмелестері біледі. «Қайда?» — десе, «Осында тұратын ағама кеттім», — дей салады. «Шолпанға», — деуге жүрегі дауаламайды. Шолпанды сүйетіні анық. Бірақ қызға сенімі жоқ. Өзі қанкөбелек айналып ағып жүрген иірімге Шолпан батылы жетіп күп беріп түсіп кете ме, жоқ па, міне, соған сенімсіз. Жайраңдаған Шолпанның қайғы-қамсыз тіршілігін бағамдаса, иіріміңе пысқырмайтын секілді.
Қамшы сабындай қысқы демалыс та лыпып өте шықты. Алдыңғы екі есебінің жауабы дұрыс болды, шешесін шығынға киліктірмеді, вокзалдан жүк түсіріп, тиын-тебен тапты. Ал үшінші есептің жауабы дүдәмал.
Көп ұзамай үшінші есептің жауабы да шықты...
Ақпанның жиырма үші... . Жатақханадағы жігіттердің жүйкелері көпе-көрінеу жұқарып жүр. Бәрі жаңа тағайындалған қатал да әділ декан бүгін жатақханаға кіріп келіп, әптер-тәптерлерін шығарып тексеретіндей мазасыз.
Мәмбет те беймаза. Әнеугүнгі қыдырыстан кейін Шолпан облыс орталығында тұратын ата-анасына ұшып кеткен. Оралды ма, жоқ әлде еркетотай қыз ақ мамық ұясын қимай аунап-қунап жатыр ма, белгісіз. Сабақтан келгелі айна алдында сыланып-сипанып ит әуре. Галстугін үш рет түйіндеп байлап, үш рет шешті. Жатақханасына барайын десе, Шолпан атап шақырған жоқ. Шақырылмаған қонақ мейрам күндері жаудан жаман. Мереке деген кім екеніңді тайға танба басқандай анықтап беретін қыл көпір ғой. Шолпан келмесе барудың жөні жоқ. Жайшылықта сызданып отыратын Мақтагүл бүгін он қабақ танытар деймісің! Шақырылған өзге жігіттер барын үстеріне жапсырумен әлек-шәлек. Алды қаланың әр жеріне орналасқан жатақхана қайдалап, іздерін суытып үлгерген.
Жігіттердің бөлмесінде, әдетте, комендант таратып беретін төсек-орын, үстел, орындық, тумбочка, шифоньерден басқа жан қалталарынан ақша шығарып сатып алған бір-ақ зат болады. Ол — шартабақтай айна. Қызды ауылға беттейтін сүрлеу, соқпақтың бәрі осы айна алдынан басталады. Ауыл-ауылдан келген кешегі мондыбас абитуриенттер айна алдында біртін-біртін қара таяқ студентке айналады. Шаш тарақтап, иіссу шашып алып, осы айнаға ұзақ қадала қарасан көкиіңкіреп жүрген әнебір бой жеткен жуық арада көніп қалатындай көрінеді. Мәмбет қазір сол сиқырлы айнаның алдынан айналшықтап шықпай жүр. Бөлмедегі үш жігіт бұған екпелі. Мединституттың бір бөлмеде тұратын төрт қызы төртеуін қонаққа шақырған. Шырықты Мәмбет бұзды. Аяқ астынан сирақтан бүйрек шығарып, қызықты кешке бара алмайтынын кесіп айтты. Шолпан екеуінің арасындағы жағдайды ашып-ашып айтып тастайын десе, қызбен қыдырыс, серуеннен түптің түбінде нәтиже шығатынына күмәнді. Дұрысы, өзіне күмәнді.
Көзге көрінбейтін мөлдір әйнек екі араны бөліп жатыр — әңгіме қайда! Екі жақта тұрып ымдауға, жымиып күлуге болады, әйткенмен қосылу жоқ — соны біледі. Әйнекті жұдырықпен бір салып сындыра да алмайсың. Тіпті соны Мәмбет сындырғысы да келмейді. Бойында баяғы қызыл өгізден жұққан қасиеттер бар секілді. Қызыл өгіз дүзген тиелген арбаны тарта алмай, құмға шашасынан батып жатса, бұл бұған дейінгі бүткіл өмірін арқалап, аяғын әрең алып, бір басып, екі басып ұнжырғасы түсіп, шаршап келеді. Бәрі де дұрыс қой, ондай жүкті арқалап жүрген жалғыз Мәмбет емес, бірақ басқа жігіттер күнге алақан жайып сәуле аулаған Шолпандайын қызға қол созып жүр ме? Ойлағаны орындалып, ай сайын көңілі еселеп өсіп, алға жүгіре басып, ұшып бара жатқан Шолпан қыз Мәмбет пен қызыл өгіздің жыбыр-жыбыр жүрісіне шыдай ма, мәселе қайда.
Бөлменің есігі мен желдеткіші шалқасынан ашық. Сыртта қар жапалақтайды. Мәмбет терезеге бей жай қарап, нүкте-нүкте шұбар галстугін төртінші рет тарқатып шешіп тұр. Жігіттер ауық-ауық Мәмбетті қарап қояды.
— Жолбарыс терісін жамылған батырын. бүгін жалғыз жортайын деді.
— Қызыңмен қашан таныстырасың, ей? Көрсетпей тықпалауыңа қарағанда соның қылп болып жүрмесін.
Кенет әзіл-қалжың пышақ кесті тыйылды. Сайтан шетінде тұрған кесе еденге ұшып түсіп, қақ бөлінді. Пиджагын түймелей беріп айналып қараса Шолпан! Жылтыр қағазға ораған үш тал шымқай қызыл гүлді қолына ұстапты. Қолтығына қысқан бірдеңесі бар. Пальто жағасына, бөркіне қонған қар қиқымдары қасы мен қос самайындағы ирек-ирек ұлпа шашына жылтылдаған күміс зер төгіпті. Бөлмені таза іс кеуледі.
Тәуір қыз көрсе қаси сөйлеп, тіл мен жағын безей жөнелетін қазағуар жігіттер бұл жолы үнсіз. Әнеугүні айналдырған қызы кездесуге шықпай, содан бері ұзын шашты қауымға өкпелеп жүрген Жақсылық қана жатқан жерінен басын көтермей ежірейе қарап:
— Кірген екенсіз, есік көзінде телмірмей жоғары шығыңыз! — деді.
— Рақмет!
Ауылдың қазы-қартасын қаланың тортына қосым кертіп жеген, екі арада жайындай жүзіп, су бетіне ақ шабақтай жалт-жұлт секіріп шығып, дала мен шәрдің ең жақсы қасиеттерін бойына сіңірген қыз бұл ноқ айбатқа айылын жисын ба. Күлім қаққан Шолпан емін-еркін тайраңдай басып, төрге шықты. Жігіттерді мерекесімен жалпылай құттықтап тастап, гүлін айраннан босаған бөтелкеге сұқты да, Жақсылыққа:
— Стақанмен су әкеле қойыңыз. Әйтпесе қурап кетеді. Сосын бөтелкеге шекер салсаңыз, апта аяғына дейін солмай-қурамай, жайнап тұрады, — деді.
Жақсылық саусақтарын желкесіне тарақтап салған күйі қызды екі-үш минут зерттеді. Көңілі бек толды ма, орнынан тұрды, стақанды қолына алды, қызға және шақырайып қарады.
— Илонаға ұқсайды екенсің, — деді де, қалқып басып шығып кетті.
Бөлме қозғалды. Бір-екі жігіт, неге екені белгісіз ортадағы орындықты арқалығынан ұстап алып, көтере берді де, еденге түйіп-түйіп қалды. Үшіншісі шифоньерді сарт-сұрт ашып, құлақшынын басына қалқитып кептеп киіп алды. Мәмбет үнсіз.
Қыз Мәмбеттің галстугін өңіріне салып жатып:
— Мен сол, соның нақ өзімін, — деді.
Қолын алдына алып, тіп-тік сіресіп тұрған жігіт:
— Иә... — деді естілер-естілмес.
— Жігіттеріңмен таныстыр, Мәмбет!
Өмір, қыз халқы, сыпайылық салты туралы осыған дейін жинап-терген ұғымдарына қарай әркім әрқалай ыңғайда жекелеп келіп танысып жатыр. Танысу рәсімі ресмилеу өтті, соған қарағанда жігіттер шашылыңқырап қалған сияқты. Содан соң уағдаласып алғандай, өздерін бөлмеден жеделдетіп қуа бастады. Біреу таңертеңнен бөлмеден-бөлмеге қашып, құйрығын ұстатпай жүрген үтікті іздеп кетті. Екіншісі дәл бүгін, мереке күні оқу залына барып, семинарға жатпай-тұрмай дайындалуы керек екен. Ал қыз сәлем-сауқатқа деп әкелген қазы-қартаның дәмін молынан татып, ұрты қомпаңдап тұрған Жақсылық Шолпанның қолын құшырлана қысты. Ештеңеге түсінбеген бой жеткеннің көзіне көзін қадап:
— Өзің бір жақсы қыз екенсің. Мәмбетті бөлмеге жалғыз тастап барамыз. Байқа, жеп қойып жүрме. Есікті іштен кілттеп алыңдар, коменданттан сақ болыңдар, — деді, бір жапырақ қазыны екі саусағының арасына қыстырған күйі жайлап басып шығып кетті.
Шолпан ынты-шынтымен сылқылдап кеп күлді.
— Дұрыс жігіт екен. Досың ба?
Мәмбет:
— Солай... Иә... — деп күмілжіді.
Қыз Мәмбетке жалт қарады да:
— Көңілсізсің. Кім сені өкпелеткен? Мен бе? — деп шетел тілінен аударған секілді шалт сөзіне басты.
Жігіт басын шайқады.
— Білмеймін, білмеймін... Аузың томпиып, бұртиясың да жүресің. Не айтпайсың, не қоймайсың. Жарайды, жинал, Мәмбетыч! Бүгін бір тамаша кешке барамыз. Костюм үтіктеулі ме? Алға, алға, ендеше!
...Әрқайсысы ат шаптырым-ат шаптырым төрт бөлмеден құс сүтінен басқаның бәрі табылғандай. Галантерея дүкеніне, кейде бардың бір бұрышына да ұқсап кетеді. Бәрі жарасымды. Шолпанша айтқанда, гармония! Жиналған адам аз, Шолпан мен Мәмбетті қоспағанда бар-жоғы алтау-ақ. Үш жігіт, үш қыз. Жігіттер галстуксіз. Үстерінде күнделікті майлық-сулық киімдер. Былғары, джинс, вельвет жағы басымдау. Сөз шырайлары сәңкілдеген ашық-жарқын деуге әсте келмейді. Астарлы. Дауыс та көтермейді, лапылдамайды, соған қоса өшпейді де. Тұздығы аз, зілсіз әзілдері жұп-жұмыр, жанға жайлы-ақ.
Кірген бетте төрге озып бара жатып, әрі магнитофон, әрі радиоланың үстінде бей-берекет шашылып жатқан түрлі-түсті былқылдақ пластинкаларға көз құйрығын тастай кеткен. Композитор ма, әншілер ме, жөндеп айыра алмады, Сен-Санс, Дебюсси, Бернстайн, Вивальди сияқты белгісіз есімдер. Сыртқы жазулары шетелше пластинкалар да бар.
Қазір қанатын ара-тұра ғана қағып, күйкентайдай қалықтап тұрған бірқалыпты әуен жібектей жұмсақ, мұңды, сырлы. Құлаққа майдай жағады. Жо-жоқ, мұндай ғажап сазды бүйтіп белден басып бағалай салуға болмас. Құлықпен тыңдаған жанды жалпы өмір, жеке кісілер жайлы терең ойға жетелейтін жұмсақ саз. Бра жарығы да сол әуенге орай бұлыңғыр, ала көлеңке бұрыш-бұрыш атаулы өз-өзінен алысқа жылжи түсіп, бөлме кеңігендей.
Танысу кинодағыдай сыпайы болды. Жігіттер Мәмбетке иі әбден қанған жоғары сортты былғарыдай жұмсақ алақандарын кезекпен ұстатты. Қыздар оқтау жұтқандай сіресіп қалған, яки күлмің-күлмің еткен айнымалы мінезден бойларын аулақ сала ма, өздерін сабырлы, салқын ұстады. Тағам түрі аз, бірақ оның ішінде, субтропика, Африка жемістері басым. Жаппай дүркіреп тік көтеріліп, рюмке соғыстырып, іш те іш деп, бір-бірін жан ақымнан алып, қолқалап қылқылдаған ешкім Жоқ, Әркім әр қилы уақытта стол үстінде сыңсып тұрған бөтелкелерден оймақтай рюмкелерге мөлшермен құйып алады. Сол аз ішімдікке сұғынып арнайы кіріспейді. Көршісімен сөйлесіп тұрып та, рюмке шетіне анда-санда ерін тигізеді. Шоқпардай галстугін қылғындыра тағып алып, суретке түсетіндей көзі бақырайып отырған Мәмбетке оқта-текте көз тастайды. Әсіресе, Эдик деген ақ құба жігіт... Өзі Шолпанға бөле екен. Москва ма, Ленинград па, әлде Киев деді ме, жөнді ұқпай қалды, ішкері қалалардың бірінде оқиды. Мынау қысқы демалысқа келген беті. Қалған қыз-жігіттер - мектепте бірге оқыған дос-жарандары.
Қалай дегенмен Мәмбет те жігіт қой, жұмған аузын ашын, мыналармен тілге келіп, араласып-ақ кеткісі бар. Бірақ бірдеңені бүлдіріп алатындай жүрегі шайлыға береді. Ақыры келіп қалған екенсің, ендеше, жаңа ортаңмен емен-жарқын, етене араласып-құраласып кеткенге не жетсін, әйтсе де ол үшін не істеу керек, жолы қандай, ол жағы қараңғы. Тымырайған қалпы түс бермей, кеш аяғына дейін шыдас берсе ше? Оған жүйкесі жұқарып қалмайды-ау, ал ертең Шолпан не дейді? «Сенетін қойым сен емес екенсің, бекзада ортамен тіл табыса алмай, сүзіліп отырып алдың», — деп намысқа басып, шарт кетуі де ықтимал.
Осыны ойлай-ойлай маңдайынан тер шықты. Бір түрлі ана балалар мен жіптіктей бикештер мұның ойын оқып қойып, іштей аяп жүрген тәрізді. Оның өзі бұл дүниеде жоқ жексұрын сезім екен, алтауының алдында бар киімін шешіп тастап, жалаңаш отырғандай сезінді. Шолпан бұл үйге бөтен емес, бөле болғасын ба, әлде Мәмбеттің оқтау жұтқандай сықиған сықпытын көріп, безіп кетуі, қалай болса да ас үйге кіріп, сонда салдырлатып ыдыс-аяқ жуып жүр.
Өз ортасы мереке, қызықты өзгеше атап өтетін. Алдымен жігіттер ортаға ақша тастайды да, бір күнге пәтер жалдайды. Үздік-создық жиналады. Әуел баста үстел жағалай жапырласып тізіле қалғанда бәрі де тәртіпті, шектен шықпайды, еріндері жымқырулы. Қыз-жігіттер көз астымен жалт қарап, ұялып қалып дегендей бір-бірін астыртын зерттеп отырады. Орта ала-құла, әр институт, жатақханадан. Алғашқы тост алдында анкета оқылады. Әрқайсысы орнынан тұрып, аты-жөні кім, қай облыстан, қайда оқиды, жілке тізіп шығады. Сөйтсе қысылып-қымтырылатын түгі жоқ бәрі де тонның ішкі бауындай өз адамдары, яғни кезінде әр облыс, аудан, ауылда өссе де бұл күнде қалада оқу оқып, адам болып қаған кәдімгі қаракөздер екен. Қуанып кетіп, тік тұрып: «Таныстық үшін!» — деп тост көтереді. Тамада сайлайтын. Тамада дереу апырып-жапыра бастайды. Шешен екенін дәлелдеп бағады. Бүкіл қауымды аузына қаратып, бірде бұйрығын, көбіне әзілін өткізіп, ешкімге де мойын бұрғызбай, қызыл сөзбен аяқ-қолын байлап-матап, арақ ішкізетін. Ұзында өші, қысқада кегі кеткендей қыздарға сұмдық шүйіледі. Қыздар ұяла-ұяла жеңіл шарап ішеді. Сөйтсе де иба керек, үшінші, төртінші тосқа дейін қолды алдыға алып, момақан отыратын. Содан соң... әркім шама-шарқына, мінезіне қарай көбірек шулауға тырысады. Қалаға бір-екі жыл ғана бұрын келген мәйек бет қыз-жігіттер студенттік өмірдің ызы-қызы, қым-қуыт тіршілігінен мойындары бір босап, ауылдағы анау бір кездегідей арқа-жарқа болып жетісіп қалады. Жаппай қайтадан төте танысу, жатақханадағы бөлмелерін атау, келер күндерге деп бір-бірін қонаққа шақыру басталады.. Жекесі қайткенде жалпыға ұнап қалуға тырысады. Ұнау деген оңай іс емес. Параграфтары көп. Бұрылыстары қилы-қилы. Сол жаппай ұнау емтихандарына шыдамаған кейбіреулері қызып қалады. Әрі қарай зіркілдеген тентек музыка, сартылдаған би... Егер кеш соңы ұзаққа кетсе, жанжал шығып қалуы да ықтимал.
Сол тойғандарымен таң ата тарқайды...
Ал мұнда түп-түгел керісінше. Тост мереке құрметіне ғана көтерілді. Ары қарай жеке-жеке, қызыл шеке. Екі-екіден жұптасқан ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау. Шағын топ, шүңкіл әңгіме. Сыңқ еткен қылықты күлкі. Мына екеудің біреуі бір жағдаймен ана екеуге бара қалса, алдымен жалғыз қалып бара жатқан серігінен, сосын шырқы бұзылған ана екеуден ғафу өтініп барып әңгімеге араласады. Онда да өндіршектеп тұрып алмай, айтарын қысқа да нұсқа мазмұнда білдіріп, сыңарына беттейді. Бұдан да ғафу...
Ac үйден қызара бөртіп шыққан Шолпан әлгі жұптарға жолшыбай бір соғып, жымиып сөйлесті. Мәмбетке жалт етіп қарады да, Эдикті ертіп, ас үйге қайта кірді, Эдик тез оралды. Әлдеқашан сфинкске айналған Мәмбетке тура салды. Кешірім өтініп, қасына тізе бүкті. Мәмбет «үстіңгі ерні қыбырлап, астыңғы ерні жыбырлап», кешірім жасады. Эдик — бағасына құн жетпес археологиялық мұраны, мәселен, Трояның орнынан табылған мүсінді зерттеп және оны сындырып алудан сұмдық қорқып отырғандай-ақ сауысқанша сақ, мысықтай епті. Шолпан мұны ас үйге тегін ертіп кетпеген секілді. Эдиктің мына сипағы соған жығады.
— Рұқсат па? — деді Эдик қалтасынан шылым суырып.
Француз романдарындағы бір сыпайы ишараларды есіне түсірген Мәмбет:
— О не дегеніңіз! — деп қалды.
Шолпанның бөлесі шылым түтінін әуеге үрлеп отырды да:
— Ғафу етіңіз... Бала жастан бірге оқыған достар ғой, — деді қыз-жігіттер архипелагіне тайпа короліндей астам қарап. Жарыла жаздап отырған Мәмбет мұны: «Жалғызсырап отырсыз, о? Қайтесіз, көнесіз, бізде жазық жоқ... Білмеген, көрмеген ортаға қаңғалақтап келіп қалған екенсіз, енді сізді әңгімеге тартпасқа амал жоқ», — деп ұқты.
— Оқасы жоқ. Түсінемін... — Тамағын кенеді. Біреуге рақым жасағандай: «Түсінемін...» — деп, неменеге мардымсығанын өзі де анық білмейді. Ана бір кештердегідей: «Ой, өстіп ауық-ауық жиналып алғанға не жетсін! Әйтпесе бықыған семинар, лекциялардан миымыз ашитын болды», — деп, қолтық жазып, көсіле алмады. Көсілу керек, бірақ қалай кесілу керек, әңгіме сонда. Бекзада кеште мереке өзіміздікі деп, көсіле берсең, бақайың біреудің басына тиіп кетуі мында тұр. Бәрі күңгірт. Ал күңгірт мәселе көбейіп кетсе, адам біртін-біртін бетонға айнала береді екен. Мәмбеттің қол-аяғынан жан кете бастады.
Астарында мұң бар, әйтсе де зар айтып, шыбын жанды инемен піспектеуден алыс әуен талықсиды. Тек әр қайырмада: «Аба-ба, аба-балап»,- қосыла кететін үн ғана әуен бетіне шіркеу.
— «Ер мен әйел» фильмінен. Френсис Лей... Ұнатасыз ба? — деді Эдик темекінің ширатпа түтінін ауаға үріп жіберіп.
— Жақсы музыка, — деді ерні дөрбиіп.
Эдик саусағының ұшындағы рюмке шетін бір тістеп қойды.
— Байқайсыз ба, Лей музыкасының бояуы Клод Моненің палитрасына ұқсайды. Моненің Руан соборының төрт мезгіліне арнап салған суреттерін көріп пе едіңіз? Моне нақышы бір ғасырдан кейін Лей әуендерінде қайта тірілді... Екі ұлы адам екі ғасырдың қыр-қасынан бір-біріне қол созып отырғанын аңғарасыз ба...
Баяғы құм арасында шөл қысқан кезде басы қалай дыңылдаса, осы жолы да солай дыңылдап сала берді. «Мына пәтерден пәлеге ұшырамай, бірдеңені бүлдірмей аман-есен шықсам жарар еді», — деп жан ұшырды. Осыны қайта-қайта ойлай беремін деп, тілден қалды. Эдик қарыштай түсті. Дүние салған адамның жаны түлкі ме, қарсақ па, қасқыр ма, әйтеуір, басқа сапаға ауысатыны жайлы бұлыңғыр әңгіме бастады. Жауап алмағасын Мәмбетке тоқталып қарады. Орнынан тұрып кетті де, әлгі «аралдарға» қосылды.
Ас үйден Шолпан шықты. Осы тұста Лей мықты музыкасынан да нәзік әуен жібек жіптей есіліп сала беріп еді, аралдардың бірінен:
— О, Ни-но Ро-то! — деген оперетталық үн шығын қалды. Екеу-екеуден би... Үй иесінің қақысы мен міндеті ме, әлде бір-бірімен терең түсінісу мен мәңгі-бақи айырылмас достықтың белгісі ме, Эдик кей кезде екеулерге үшінші болып қосылып, белдерінен құшақтай билеп кетеді...
Әлгінде аты аталып, түсі түстелген Френсис Лей, Нино Рото, Клод Моне сияқты өнерлі азаматтардың кім, қай ұлттан екенін ойлап таба алмай, басы қатыл отырғанда қасына Шолпанның елпілдеп келе қалмасы бар ма. Қыз тізесін сәл бүгіп, алақандарын екі жаққа майыстыра жайып, ишара жасады. Аңырып қалған Мәмбет алғашында: «Бұл неге майысып-қайысты?» — деп ойлады.
— Пардон, мсье! — дегенде барып, биге шақырғанын ұқты. Отырған күйі қыз көзіне қарап еді, мысқыл ма, күлкі ме, бір ұшқын сөніп-жанып, сөніп-жанын тұр. Сол мұң екен Мәмбет жат та мөңкісін.
— Пардон! — Оған «синорьина» әлде «Графиния» деп қосты ма, анық есінде жоқ, астынан су шыққандай қарғып тұрды. Билеген жоқ. Аузын ашып, қаңтарылып қалған қыздың қасынан өте шығып, столға қарай салды. Сыртына жапсырылған қағазға ақ арғымақтың суреті салынған төрт қырлы жуан бөтелкені: «ең өткірі шығар», — деген оймен қолына алды. Арлы-берлі секірте ойнатып, салмақтап-салмақтап қойды. Мыртық рюмке емес, ұзын фужерді ернеулетіп толтыра құйды да, қағып салды. Елірме «Экстраның» шаңы түгіл, маңына жоламайтын бипаз арақ екен. Қайтара толтырды, тағы көтерді. Төс қалтасынан төрт бүктелген орамал суырып, астыңғы, үстіңгі ернін жеке-жеке басып сүртті. Бипазың білдірмей алатын пәле ме, шекесі дың етті. Билей жүріп, мұның әр қимылын көз астымен баққан жұптарға басын сәл иіп:
— Се ла ви! — деді де сарт етіп басып көтеріп алды, кегжиген күйі дәлізге беттеді. Құрғақ моншаға түсіп шыққандай, минут санап сергек тартып бара жатты. Бәтеңкесін аяғына сұғып жатып, «Се ла ви!» емес, дұрысы «Се ля ви!»1 екені есіне түсті. Қолын бір сілтеді де, бәтеңкесінің бауын байламастан есікті итерді.
...Қар, көше, таза ауадан тұратын кең әлемге шыққанда ғана жеңіл күрсінді. Анда-санда зырғып өткен такси болмаса, құлаққа ұрған тападай тып-тыныш. «Жігіттер кештің көкесін танытқан шығар»... — деп ойлады аппақ қарды тобықтан кешіп келе жатып. «Әй, қыз-қырқындар! Ішіңдер! Ішпесеңдер қойыңдар! Осыған бола бір айлық стипендиямызды ортаға тастадық!» — деп, қыздардың жер-жебіріне жетіп, ұрысып тұрған тамада Жақсылықты көз алдында елестетіп еді, жалғыздан-жалғыз қарқылдап күлді. Толған іші босады. Құйқылжыта ысқырып, мединституттың жатақханасына құлдилайтын көшеге түсті.
— Мәмбет!
Жалт қараса, Шолпан есік көзінде селтиіп тұр.
Еріксіз тоқтады.
— Мәмбет емес, Мәмбетычпін...
— Қайда кеттің, Мәмбет? Мәмбет деймін...
Былтыр күзде тир қасында кездескеннен бері Шолпанның жалынышты үнін алғаш естуі... Соңғы рет естуі де ықтимал... Осыны ойлауы мұң екен, кілт бұрылды, екі өкпесін қолына алып, қызға қарай ұшты. Ағынан жарылып, қырындысына дейін қалдырмай армансыз ақтарылмақшы. «Уа, Шолпанжан, көз ашқаннан көргенің ас та төк, баянды, берекелі өмір, сезгенің ата-ананың аяулы алақаны, алғанын «жақсы», «өте жақсы» бағалар, тағдыр да пейілге қарай біреуді жұтатып, екінші біреудің басына бар жақсылықты үйіп-төге салады, көргенің мен сезгенің жаңағы болса, болашағың одан да келісті, көгілдір көкжиектер күтіп тұр сені, жо-жоқ, көкжиек шіркін өз-өзінен жылжып саған жақындап келе жатыр, тек алуды, жеке басыңа жаратуды біл, Шолпанжан, бірақ, бірақ... жаның жайсаң, қайырымың кең қыз едің, сол көкжиек сызығына жападан-жалғыз жүгіріп барғың жоқ, кәріп-нәсір біреуді жақсылыққа жетектей кеткің келеді, сауабын алғың бар, ол таңдағаның мен, Мәмбет Құнафин болса, көз жұмулы, көңіл сенулі, күдіксіз ердім соңыңа, жүрек жалғыз екен, міне, қолыма қосып балаққа жабысқан жетімдік деген төрт көз итті бастан теуіп тастайын да, қылаусыз қабылдасаң, қалқиып қатарыңа тұрайын да мәңгі-бақи қалмайын, Шолпанжан!» — Айтпағы осы еді. Ұшып келе жатып: «Қас пен көздің арасында ақын болып кеттім бе, япыр-ау? Мен осы ақын шығармын!»- деп және ойлады. Ой шіркінің дүркін-дүркін келіп жатыр, тоқтау жоқ, тыныс жоқ, ой көп болғанмен, шешім біреу — әлгі қыз-жігіттерге түк-түк ренжімейді, барлық пәле өзінен, дүзген тиеген ырдуан арбаны мықшыңдай сүйреген қызыл өгіздің бауырынан бас көтеріп, басқа дүниеге көз салмапты, ол ып-рас... Өзі де қызыл өгізге айналып кете жаздапты, ендеше, арғымақ-тұлпар сыпатағы әлгілерден қол қусырып, тағзым етіп, кешірім сұрайды. Ізет, сыпайылықты ана сүтімен сімірген кісілер ғой, көп бұлданбайды, кешірімін беріп қалар. Кешірімін алғасын: «Таң жұлдызындай әлгілермен әдемілеп тұрып қоштасайық, қоштасайық та көшеге шығайық, көкжиек бөлмеден көрінбес, ашық аспан астында көзге шалынар, кетейік келешектің ізіне түсіп...» — деп салады. Сөйтсе болды, міне, иманы, міне жаны, бәрін де түсінетін, бәрін де білетін ақ көңіл, ақ көйлек Шолпан Мәмбеттің қолынан ұстайды да, нұсқаған жағына кете барады. Алтыншы класта мектеп бағында Мәмбет қыздан жығылған жоқ, өз жетімдігінен жығылған — осыны ұққан Шолпан, көз жасын сүртіп қолын ұсынған он төрт жасар Шолпан енді ес кіріп, толықсып бой жеткен шақта қолдан қағар деймісің...
Жол ортада маңдайы тасқа тигендей тұрып қалды.
Қыз жұқа ақ көйлекпен дірдектеп тұр. Подъездің аласа табалдырығын аттап, бері шықпаған. Пальтосын иығына ілмепті. Ілмесе, табалдырықты аттап бері түспесе, Мәмбетке ере қояйын, қол ұстасып, алыс көкжиектерге қосамжармаса жүгіріп бара қояйын деген ниеті жоқ болғаны. Қыз ойы белгілі. Көнсе, Мәмбетті мына көшеден бөлмеге ертіп кіреді. Көнбесе...
Бірінің артынан бірін жөнелтіп салған екі фужер вискидің күші ме, көзі бұлдырлады.
Ырдуан арбаны сықыр-сықыр сүйреткен шабан, шардақ қызыл өгіз бір басып, екі басып, Шолпан екеуінің арасын кесіп өтіп бара жатқандай...
Ақ көйлекті қызды дүзген тиеген арба көлегейлегендей.
Соқыр үмітпен:
Френсис Лей кім? Нино Рото кім? — деді айқайлап.
Егерәки қыз жаңағы игі жақсылардың кім екенін білмесе — Мәмбет те білмейді, ендеше, терезелерінің теңелгені ғой — иә, білмесе өз пальтосын шешіп алып, Шолпанның иығына жабады да, қайда бұйырса, сонда жетектеп алып кете барады...
— Рото емес, Нино Рота. Итальян киносының атақты композиторы. Ал Френсис Лей әлемдік конкурста әндері екі рет бас бәйгені жеңіп алған француз. «Ер мен әйел», «Махаббат тарихы» фильмдеріне музыка жазған...
Біледі екен...
— Се ля ви! — дегенде ернін әрең қозғады. — Се ля ви!
Өкшесінен айналып, кері бұрылды. Көз аясы ашып барады. «Себелеген қылау түсіп кетті, қылау ғой көзіме түскен».
Тепе-теңдігін сақтау үшін екі қолын жайып жіберіп, шеңбер үстінде қалтақтаған ақ көйлекті қызды қашан, қайда көріп еді. Циркте ме? Иә сонда. Екеуі қыс бастала барған. Шолпан сонда Мәмбеттің қолын шап беріп ұстай алып, шыңғырып жіберіп еді. Сезімтал қыз өз жағдайының шет пұшпағын ақ көйлекті қыздың әрі тарт, бері тарт халінен аңғарып қалған екен.
Көше мүйісінен айнала берін, кейін көз тастаса, қыз да, шеңбер де жоқ...
* * *
Екінші курстың екінші семестрі бастала бере Мәмбет сырттай оқитын бөлімге ауысып, ауылға қайтты. Деканатқа: «Жарымжан шешем төрт қабырғаны күзетіп жалғыз отыр. Бейнет-зейнеттің бәрін мойныма қамыт қып ілемін, ілемін де қолын жылы суға маламын», — депті, достарына: «Шөл қысып, ажал көзге анық көрініп, екіталай күн туғанда қалың құм ауасынан алып шыққан қызыл өгізді іздеп кеттім», — депті. Өзіне ше? Кім білсін...
Май мерекесі қарсаңында Шолпан кандидаттығын қорғаған дүрбі көз жігітке тиіп алды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter