Әңгімелер ✍️
Қызық пен шыжық
Бүгін Қайсабай аға тракторын күн еңкейе сөндірді. Өзі тым көңілді — күндік норма асыра орындалды. Кабинадан шығып, май-май кепкісін шешіп, табан балықтайын алай бір, былай бір аударып, шынжыр табанға соғып-соғып алды. Бес машинадан бес көген көз шоқиып, аузына қарап отыр еді, соларға быж-тыж әжімдеріне дейін күліп қарады.
— Шөлдедіңдер ме, шаршадыңдар ма?— Сәл ойланды.— Жарар,— деді есепсіз шаршаған үнмен.— Бүгіндікке жарар. Орақты суырыңдар!
Балалар шөп машиналарынан созалаңдай сырғып, әрең түсіп жатты. Күні бойы темір орындық үстінде тербеліп, бел сырқыраған, аяқ ұйыған... Томарға тиіп, қақалып қалмасын деп, ораққа қарай-қарай көз де талған.
Кешкі дала қиялай түскен күн сәулесіне бөгіп шаңытып түр. Шыбын-шіркей, жынды көбелектер, маса, жарқанат, жапалақтар — бәрі қайшыласып, ауада өмір жолын сызып, шым-шытырық ұшады. Жаңа орылған жас шөптің дымқыл иісі аңқиды. Көкжиекке иегін малып үлгерген қан қызыл күн бетіне күміс мизам оратылып қалыпты. Бақбақ мен қамыстың мың миллион үлпілдегі мидай араласып, маңып ұшады. Деміңді ішке тартсаң, мұрынға да кіріп кетеді. Амалсыз танауды әуеге таңырайтып көтеріп тастап, неше қайта түшкіресің. Кеудең тазарып, бастағы бұлыңғыр бірдеңелер айқындалып сала береді.. Ра-а-қат!
Балалар жерге жата қап, машина астына кіріп кетіп, орақтарды зу-зу суырады. От болып жанып тұрған орақ қол тигізбейді. Түкіріп қалсаң, түкірігін дереу шыж етіп, секіріп түседі. Саусақ күйдіріп, аузымен үргілеп, жалғыз аяқтап секіріп жүргендер де бар. Көк қураймен басы-көздерін сабалап, маса-шіркеймен алысып, қу жанын қоярға жер таба алмай жүргендер де жетерлік.
Қайсабай аға кабина табалдырығына құйрық басып, құлаштап шылым тартады. Зайдаш атты бауырсақ мұрын, бітік көз, жайын ауыз бала:
— Қосқа трактормен қайтамыз ба, аға?— деді Қайсекеңе бір түрлі өзеуреңкірей қарап.
— Трактор қалады. Тележкімен қайтамыз.
Пішеншілердің қосы бес шақырым жерде. Ауыр "ДТ" жылан бауыры салпылдап, арылдап-гүрілдеп жеткенше ми шайқалады, құлақ тұнады, томардан томарға қарғып-секіріп, трактордың өзі де шашылып қала жаздайды. Соңғы күндері пішеншілер қосқа резеңке доңғалақты тіркеме арбамен қайтып жүр. Көк "Беларусь" арбаны тіркеп алып құстай ұшқанда, маса, шыбын-шіркейлерді шаңға көміп кетеді. Қайсекеңнің тележкісі сол рессорлы тіркеме арба...
Тіркеме, әне, кең жазықтың қақ ортасында қаңқиып тұр. Анау шетте "тырт-тырт" деп жүрген "Беларусь" дестені салып бітірмей, тіркеме орнынан тапжылмайды. Оған дейін тосу керек, шыдау керек.
Үйірімен отырған балалар:
— Ертегі айт...
— Бүгін кімнің кезегі?— деп, бір-бірін шапқа түрте бастады.
Иегі алға итініңкіреп біткен ұзын бет Елеусіз:
— Ей, сендер де... Ертегі тыңдайтындай соғұрлым бесіктен белі шықпаған жас баламыз ба?— деп, аяқ астынан мардамсыды. Бұл өзі ер жетуге тым асығып жүрген бала еді. Асыққаны сол ғой, сегізінші кластың әне бір шәлтік активист қызына қырындапты.— Қайсабай аға, соғыс туралы әңгіме айтыңызшы.
Темекінің бықсыған түтініне басы айналып. отырған Қайсекең тіл қатпады. Қарт тракторист соғысты да, соғыс туралы әңгімені де жақтыртпайды. Оқта-текте автоклуб келіп, соғыс кино көрсетсе, орнынан тұрып, қосқа кетіп қалады. Махаббаты көп үнділік фильмдерді ұнатады.
Елеусіз құйысқанға орынсыз қыстырылғанын сезді ме, жым болды.
Қайсабай аға ма, ол кісі әңгімеге сараң екені сараң, әйтсе де адам жанын айтқызбай түсінеді. Ол осы заматта азаматтың жұмысын істеп, баланың асын ішіп жүрген бес машинисті іші езіле жақсы көріп отыр. Шөп шабу ма, шөп шабу оңай іс емес. Күн көкжиектен қылт етсе болды, бригадир Шаяхмет балаларды ұйқылы-ояу күйі төсектен жұлып алады. Бригадирде жазық жоқ, совхоз малыңда азық жоқ, құмның онсыз да таздың шашындай сирек шебі шок болып күйіп барады. Содан күні бойы аптап астында, шөп машинаның үстінде селкілде де селкілде! Шынжыр табан астынан бұрқылдап ұшқан шаң кірпік тұтады, танау бітеледі, оны азсынсаң трактордың гүрілі мен орақтың шырылы құлақ тұндырады. Кеш жатады. Міне, еттерін су сипамағанына екі апта... Монша алыстағы ауылда. Алыстағы ауылда кішкене іні-қарындастары, әке-шешелері, ата-әжелер бар. Ал, сағынбай көр! Ендеше, бұлардың кейбір еркелігін ауырсынбай көтеріп алу керек. Шөп керек шығар, бірақ балалық — мәңгілік! Балалығынан айыруға болмайды мына балғын қаракөздерді.
Қайсекең темекі тұқылын керзі етігінің табанына салып, нәштеп тұрып мыжып сөндірді. Әйтпесе өрт кетуі ықтимал, шыр айнала шабындық. Орнынан түрегеліп, шалбарының шаңын қақты.
— Соғысты қайтесіңдер... Біз қырықпышақ болып соғыстық, со да жетеді. Анау "Беларусь" жуыр маңда ауылға қайтпайды.— Қалтасынан кіші-гірім мина секілді жалпақ қол сағатын суырды — кезінде майданнан ала келген қырық жылғы "Победа". Тат басқан қақпағын сырт ашты.— Уақыт бар. Мына бық жерде масаға таланғанша, анау дөңге шығып самалдап қайтайық.
...Жолшыбай қия беткейде атам заманғы қорым бейіт Қожанасырдың бейітіндей қисайып тұр екен. Аңғал-саңғал молаларды жел мен жаңбыр шайып, кейбірінің құлағы мүжіліп құлап, екіншісінің іргесі кемпірдің аузындай опыраяды. Жүгірген тышқан ба, ұшқан құс па, беймәлім әлденелер шиқылдайды. Осы күнгінің іштен оқып туған пәле балалары қорыққандарын білдірмейді, пыс-пыс тыныс алады. Кездері бірақ алақандай. Өлі тыныштық пен қара кештің мысы екі иықтан албастыдай басып, шыдатпады ма:
— Құлағыма демалатының не... осы сенің,— деп, Зайдаш әлдекімді итеріп қалды.
Қайсекең тізе бүкті, құбылаға бетін қаратып, алақанын жайды, әлденені күбірлеп, бетін сипады, жер таяна түрегелді.
— Жүріңдер, әнеу моланы кере кетейік.
Балалар еңселі келген төрт құлақты моланың түбіне жиналды. Қос жұдырық қатар сыйып кететін қуыстар дөдегенің астынан үңірейеді. Жел-құз, жаңбырдан қалыс сол қуыс ішінде саусақтардың жол-жол іздері сайрап жатыр. Бір жыланшық із қылдырықтай жіңішке де, екіншісі баданадай-баданадай. Қайсекең баданадайдың үстіне екі бармағын салып өлшеп көріп еді, емін-еркін сыйып кетті.
— Пай-пай!— Басын шайқап, таңдайын тақылдатты.— Топырағың торқа болғыр, жатыр екенсің-ау, батырекесі!
Балалар бір-біріне жалт қарады: бейітте жатқан "батыр-еке" трактористің туысы ма, танысы ма?
— Пәлен заманда қолына найза алып, қалмаққа қарсы шапқан Бөдене батырдың о дүниелік мекені бұл. Үрім-жұрағаты да жау десе жарғақ құлағы жастыққа тимей жарағын сайлап өтіпті. Көрдіңдер ме, мына қуысты ерлі-зайыптылар сылапты. Менің екі саусағым сыйып кеткен жуаны — ері де, жіңішкесі — әйел.— Батырлар тақырыбына батып бара жатқанын сезді ме, оқшау тұрған шошақ күмбез, биік бейітті нұсқады.— Қасқа, тұр екенсің-ау, сен де бедеу түйедей бедірейіп...— Мұртынан күлді.
Елегізіп алған балалар Қайсекеңе мұның да арғы жағын айтпасына қоймады.
О кісі шылымын орай да бұрай бұрқыратып еді, жаңбыр мен кар сүйкеп, күн мен аяз кезек сүйген қара қошқыл жүзі көк мұнар түтін астында қалды.
— Жүріңдер, қырға шығайық!
Мұғалімнің үстеліндей жап-жазық дөң түсті... Тыншу бөлменің терезесі айқара ашылып кеткендей салқын самал сыдыртып сала берді. Маса, шіркейді жел қуып, қолды-аяққа тоқтатар емес. Көкжиектен күннің қан соқта құлағы қылтияды. Құм төбелер қызыл шеке. Аспан төрінде балпиып жамбастап жатқан қаз бауыр бұлт та қан жалапты. Алыс-алыста, ит пе, бөрі ме, бір түсі суық қап-қара аң сүлкектей жортып, тентек баланың айдарындай үрпиген қалың қамысқа кіріп барады.
Қайсекең қолын солтүстікке сілтеді.
— Ұзынынан ұзақ жатқан анау көгілжімді көріп тұрсыңдар ма?
Шынында да, шәйі жібектейін бір жұп-жұқа көгілдір ағын түстіктен солтүстікке жайымен желпіне сызып барады.
— Мұзды мұхитқа құятын Ертіс мықтың сол болады. Кімің көздерің өткір, сол көгілжімнен сәл жоғары алып қараңдаршы.
Буалдыр көк шілтер мен аспан арасында әлдене қанттайын ағараңдайды: ұлы мұхитта емін-еркін жүзген айсберг дерсің, жо-жоқ, кешкі ымыртта қанатын қызыл шапақ жуып, алыс-алыс, белгісіз бір дүниеге маңып ұшқан аққуларға ұқсай ма, әйтеуір, бір сыздаған сырғақ тылсым дүние.
— Тау ма?— деді әлдекім ішін тартып.
— Тау...— деді Қайсекең нықтап.— Өр Алтайың осы.— Күрсінді.— Шалқалай түсіп, ешкімді менсінбей маңқиып жатқанын қасқаның! Мына салқын жел сол мұзарт шыңдардың айшылық алыс жерге жетіп тұрған саябыр демі де.
— Аға, аға, манағы жеке бейіт...
Зайдаш солай — ылғи бүйректен сирақ шығарады да жүреді. Өзі осы тұрған қарадомалақтардың ең ересегі, әрі аға машинист. Бригадир Шаяхмет: "Өзіңмен қосқанда бес балаға қожасың, бесеуі тұр десең тұрады, жат десең жатады" деп құтыртып қойған. Содан бері Зайдаш реті келсін, келмесін, "құтырып" бағады. Қазір де: "Көрдіңдер ме, Қайсекеңнің өзін ауыздан қағамын. О кісі мен айттым ба, қазір дереу басқа әңгімеге көшеді" дегендей, қалғандарына астам қарайды.
Қайсабай аға, шынында да, дереу "басқа әңгімеге көшті".
— Е, ұмытып барады екем. Ол ішіне адам жерленбеген тұл бейіт.
— Тұл бейіт?
— Ондай бола ма өмірде?
Қайсекең жайлап жымиды.
— Болады, болғанда қандай.— Аяғын жазып, көсіле отырды. Аптаптың табы әлі қайтпапты, құм қызған табадай ып-ыстық.— Баяғыда жұмыртқадан жүн қырыққан саран бай осы өңірді жайлапты. Мыңғырған төрт түлік малы қалың құмға сыймай, сыртқа шығып жатады екен. Өлдім десе жан адамға сенбейтін кісәпір дейді. Теректей-теректей он ұлы болыпты пәтшағардың. Қартая келе әлгі мұндар оңашада: "Осы ас ішіп, аяқ босатар он қасқа мен өлген соң басыма он тас қоя ма, жоқ па? Әй, қайдам! Әлден-ақ еншімді бөліп бер деп қиғылық салады. Ниеттері жаман, жаман! Қорқамын, қорқытады бүл заманның жас баласы. Қой, одан да о дүниелік тұрағымды бұ дүниеде өзім ойластырып, он жамбасым тиер жерді жайғап қояйын" депті. Депті де, дүйім елді жиып, ұлан-асыр асар жасапты. Қырман-қырман балшық илеп, қаншама табын сәйгүліктің жал-құйрығын ұп-ұсақ қылып турап, бетіне сеуіпті. Оған және жүздеген ешкінің майын ерітіп құйса керек. Ет жеп, қымызға қызара бөрткен қалың елге жалғыз бейіт бұйым болып па, күмбезін бір-ақ күнде көтеріпті. "Өз-өзін тірідей көрге көмген бұл неткен албасты?"— деп, сонсоң жағаларын ұстапты. Күн өтеді, ай өтеді сырғып, жылдар жылжып өтеді. Қайыңның безіндей пісіп-қатқан қырсық шалды құдай да қырсығып алмайды. Содан революция бұрқ етіп, ақ кетіп, қызыл келсін баяғысында. Асып-сасқан бай бір түнде малын алдына салып айдап, арғы бетке, Қытайға дүрк етіп өтеді де кетеді. Арамнан жиналған байлық пен шайлыққа тұрғызған бейіт өзіне бұйырмай, сүйегі жат жерде қурап қалыпты...
Қас қарайып, көз байланды. Өр Алтай да, ұлы Ертіс те үн-түнсіз бейуақ дүниеге шым-шым батып, жоққа айналып барады. Самал жел сап тынған. Құлақ түбінен маса әлжуаз ызыңдайды. Сонау ойпатта "Беларусь" шамын маздатып жағып алып, алай бір, былай бір ызғып, тоқтар емес.
Бүлікті тағы Зайдаш бастады.
— Әй, бар ғой,— деді көзі қаптесер тышқандай жылтыңдап,— мен білсем, Сағын қорқақ, қораға тышқақ...
Балалардың ең кішкентайы әрі ең аласасы Сағын селк етті.
— Оны қайдан білесің?— деді біреу.
— Кеше ел жатарда алысқа бармай, тура шатырдың түбіне піш етті.
Балалар шыдай алмай мырс етті — Зайдекең тауып кетті.
— Мен... мен қорықпаймын,— деді Сағын аяқ астынан суырдың айғырындай шаңқ етіп. Құлағы шиедей қып-қызыл. "И-и, қарағым-ай, ер жетіп қапсың-ау!" деп ойлады Қайсабай аға іші езіле еріп отырып.
— Шын айтасың ба?— деді Зайдаш ұстаса кетіп.
— Пионерлік сөзім!
— Әкел, ендеше, оң қолыңды!
Амалсыз қолын берді.
— Ал, қарап тұрыңдар, жігіттер!— деді Зайдаш оның қолын қысып тұрып. Балаларды "жігіттер" деп марқайтып, әдейі істеп тұр — астыртын өзіне жақтастарды жинап жатыр да.— Осыдан Сағын қорқақ... е-е, Сағын батыр қалың бейіттің ішіне барып қайтып келсе, ертеңгі түскі сорпамның етін беремін. Ал, жүрегі шыдамай қашып келсе, ол береді. Келістік пе?
— Келістім,— деді Сағын бозарып. Мәселе етте емес, бетте. Беттің ұятында. Зайдаш буынсыз жерге пышақ ұрды. Осыдан молаға барып қайтпаса, құйрығына "Сағын қорқақ" деген қоңырау мәңгі бақи байланады. Қай інге бас сұқса да жаңағы қоңырау: "Сағын қорқақ! Сағын қорқақ!" деп шылдырлайды да тұрады. Ол шылдырды мың естігенше, сол моланың қасында "Сағын батыр" деген жақсы атақпен өліп кеткен артық.
— Бар, ендеше! Қолыңа таяқ-саяқ алмайсың. Біз байқап тұрамыз.
Басында Қайсекең май мен шаң сіңген мұртын жыбырлатып күліп еді, ойын түбі осылып бара жатқан соң:
— Қойсаңдар қайтеді, қарақтарым! Ауыздағы тәтті дәмді кетірмеңдер!— деп қозғалақтап еді, Зайдаш бет бақтырмады.
— Өй, аға, онда тұрған не бар? Барады да қайтады, қолды-аяқты бала. Үш-төрт жылдан соң келіншек алатын азамат, жасытпаңыз!— деп, алды-артын бірдей орап, кесіп-пішіп тастады.
...Сағын бір басып, екі басып, тың тыңдап, беткеймен төмен түсіп келеді. Дүние қараң-құраң. Ши бастары ербеңдей ме, біреулер дыбыс-сыбыссыз жүгіріп өткендей ме? Жын-сайтандар ма қараңғы түссе құтырып кететін? Төбесінен жапалақ па, жарқанат па қалбаңдап ұшып өтіп еді, жүрегі зырқ етті. Тоқтай қалды. Қайтып кете ме? Жеңістік бермей: "Қорқақ, қораға тышқақ!" деп, бет-аузы қисалаңдап күлген Зайдаш елестеді бір сәт. Сол мұң екен, алға қарай батыл-батыл қадам басты.
Ай да жоқ аспанда. Қадау-қадау жұлдыздар қылмыңдап көз қысады. Молалар да көрінді қараңдап. Әне, біреуінің құлағы ербиеді-ау, ербиіп тұр! Әлдебіреу үстіне шығып, қонақтап отыр ма? Кім сонда? Түн ішінде моладағы аруақтар тіріліп, шуылдап, мәжіліс ашады деуші еді. Ол да емес, бұл да емес, құлағы ма шуылдаған? Сағын ой ойлаудан қалды. Аяғы өз-өзінен жыбырлап, алға қарай дедектетіп әкетіп барады, әкетіп барады...
Сол кезде... сол уақытта бұлың-бұлың ши түбінен бір албасты ақыра атып түрегелсін. Тыр жалаңаш... Дә-әу қара шоқпарды басынан асыра зуылдатып үйіріп, төніп кеп қалды. Сағынның көз алды — қалың тұман. Жүрегі су етіп, өкшесіне ағып түскендей. Қорыққан адамнан әл-күші кетіп қалады деуші еді. Қорқыныш Сағынға қайта күш берді. Әлдене деп атой салып, бар пәрменімен алға жүгіре жөнелгені есінде. Айқаса кетті, құшақтаса кетті албастымен! Бір кезде қараса, құшағындағы тыр жалаңаш албасты шалқалап тұрып сақ-сақ күледі. Албасты да, сайтан да, аруақ та емес, кәдімгі жайын ауыз Зайдаш!
Сөйтсе Зайдаш зымиян Сағынның бетін молаға біржолата түзеп жібергесін, бір сылтау тауып ну шидік ішіне сып беріпті. Қайсекең де, балалар да оны байқамай қалыпты. Содан Зайдекең ши-ши арасымен орағыта еңкеңдеп жүгіріп, Сағынның алдынан шыққан да, ши түбіне отыра қалып жылдам-жылдам шешінген. Шалбарын бұрап-бұрап шоқпар жасаған, Сағынның жақындауын күткен. Арғы жағы айтпаса да белгілі...
Сонымен қорқағың батыр шықты. Батыр болу оңай емес екен, Сағынның сүлдері құрып, ерні ағарып, тіркеме арбаға әрең жетті. Қосқа бара төсекке құлады. Балалар әлденеге кінәлідей үнсіз. Зайдаш парықсыз ыржақтап:
— Қарап отырғанша, қызық болсын деп ем. Көңілді бір көтеріп тастадым, ә?— дей беріп еді, Қайсекең мұртын тікірейтіп:
— Қойсаң қайтеді?— деп зекіп тастады.
Ертеңінде Сағын әдеттегідей жұмысқа шықты. Бұрын елдің алдына түсіп, құлдыраңдап жүгіріп кететін. Мына Сағын артық сөйлемейді, әлдекім сұрақ қойса, тақ-тұқ жауап береді. Ішкі сарайында ең бір керекті нәрсе сынып кеткендей қорғалақ, тұйық.
Арада екі-үш күн өткен соң Зайдаш басқа агрегатқа ауысты. Қайсабай ағасы бірдеңе деді ме, жоқ, әлде өзі түйсікті бала ма, ол жағы қараңғы. Ешкім оған "Қал дегенде қала ғой, қимаймыз!" деп жалынған жоқ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter