13.08.2021
  182


Автор: Марат Қабанбаев

Екеу

Сыртта ақ жауын жылап тұр. Есік ашылған сайын аңқылдап кірген ауа әуелі ұры күшіктей аяққа оратыла кетеді, дереу балақ астынан өрмелеп, жалаңаш тізені сипалайды, одан қойын-қолтыққа сап-салқын саусақтарын жүгіртіп алады. Терлеп тұрған әйнек қабырғаның ар жағы көңілсіз сурет — қолшатыр көтергендер, жағаны тік көтеріп тастап, арлы-берлі ызғып жүрген қолшатырсыз кісілер, бауырынан су шашыратып жүзген автомашиналар...


Серіктің тұла бойы минут санап зілмауыр тартып бара жатты. «Манадан бері арақ емес, қорғасын ішкемін бе, сайтан алғыр?» — деп ойлады. Желім жағылғандай тұтқыр кірпіктерін әрең ашып отыр.


Өз жағдайын қарсы беттегі Абылайдың халінен пайымдады — екеуі үш сағат бұрын алдарына ойнап келе қалған мына коньякті тең бөліп ішіп еді. Ол біртіндеп жұп-жұмыр төбеге айнала бастапты. Онсыз да қысқа мойнын ішке алып, күжірейіп отыр. Аяғын орындық астына жиып алған. Айқастырып, столға қойған екі қолы бауырында. Рюмкесі жарым-жарты. Түбінде маржан жатқандай сол рюмкаға үңіледі кеп, үңіледі. Соған қарағанда жағдайы шамалы. Қиық көзі қанталаған, шықшыты шығыңқы, қалмақ беті сұп-сұр, Қайратты шашы әр жаққа бытырап, шашылып кетіпті, Бас тоқайластыра абың-күбің сөйлесіп, әлдебір келісім сөзге ынт-шынттарымен жаппай кіріскен адамдарға астыңғы ерні салпиыңқырап, бейжай қарайды. Бұларға еш көңіл аудармай, өз қызығымен өздері болып отырған олардан көңілі қалды ма, бұрылып Серіктің бетіне қарады.


— Көтеріп тастайық...


— Әлгі алғанымыз бойға тарасын да.


Абылай рюмкені балалы үйректің ұшымен тық шертіп, ортаға қарай итеріп тастады. Шалқайып, креслоға нығыз денесін кептей түсіп еді, жаңағы жұмыр төбе апай тес шалқар далаға айналды. Қалың қасы қосылып кеткен. Қасқыр қабағы көзінің жартысын жауып тұр.


— Онда әнгіме айт.


Серік іштей күлді. «Ұзақ ойнайтын пластинканы тапқан екен!» Абылайдың тұрған бойы осы: кафеге өзі ертіп келеді, өз қалауымен заказ береді, ішіп-жейді, сосын бұл жерде жоқ әлдекімдерге еш себепсіз жатып кеп өкпелей бастайды. Және іштегі жиған-терген бар қоясын сыртқа еш жүйесіз, қалай болса солай шығарады. Ондай берекесіз далбан өкпені кім құлағына іледі? Әдемілеп өкпелей білу де өнер ғой.


Серік Абылайдың желкесіндегі қабырғадан көз айырмай, сәл шалқайып, арлы-берлі шайқақтап отырып алды. Енді бұған барынша көңіл бөлмеген дұрыс. Бетіне қарасаң болды, сынықтан сылтау іздеп, тиісе бастайтын жыны бар. Ал қабырғада ақ желкенді қайықты қақпақылдаған иір-иір көк толқын сіресіп-сіресіп қатып тұр.


— Теңіз де, желкен де бар... Ал шағала қайда, шағаланы неге салмаған?


Абылай бұғы мойнын әрен бұрып, ту сыртын қыжырайып қарады. Ірі жігіт қозғалса, жарты дүние қоса қозғала ма, көрші столдағы екі жігіт, екі қыз да көздерін сол жаққа қадады. Қарағанмен түк көрген жоқ, олар қабырғадан гөрі бір-бірін тамашалау үшін, сонан соң өздерін жалпақ жұртқа көрсетпекке келіп еді. Сылқылдай күліп, бір-бірін арбауға кірісті.


Абылай бері бұрылды. Қабырғаны зерттеу қиынға түссе керек, шаршап қалыпты. Бір деммен рюмкені төңкере салды.


— Суретшіге өл дейсің бе енді? Анадай қыздар жүрген жерде, — даяшылардың ең сұлуын иегімен нұсқады,— мынадай тентек сусын сыңсып тұрған жерде шағалаға не теңдік?!


Сурет маңайында берекесіз басталып, соңы өзінін өмір тану қағидаларына тірелген бұл пікір де өстіп пышырап, сиырқұйымшақтанып бітті. Абылай жұмбақ сөзді ұнатпайтын. Бұл жолы жаза басты. Коньяктің басқа шапқан уы жаңағыдай күрделі ойларға жетеледі. Қайдағы бір желкен, теңіз деп тура жолдан бұрып жіберген Серікке ыза болып қалды ма, бетіне қан тепті. Мойнын әрі салып, қыңырайып отырды да, жөн-жобасыз:


— Сен ақылдысың, ә? Ал қабырғаны айғыздаған мына суретші ақымақ, ә? — деп, оңды-солды кете бастады.


Серік жақ ашпады. Үндемеген үйдей пәледен құтылады. Белгілі Абылай ғой. Ол шамданып қалып, жанындағы адамға тиіскісі келсе, ешқашан да тура шаппайды. Өзінің емес, ылғи да біреудің жыртысын жыртып, намысын жоқтаған болып, сөзден ши шығарады. Сөйтіп, араны бір бұзып алса, бітті, қоя бер... Бұл жолы да заты түгіл атын естімеген суретшіні тілге тиек етіп отыр. Бір көтеріліп алса, жау, дос деу жоқ, көзіне қан толған Біршімбай батырдай оңды-солды. түйреп шаншып, баудай түсіре береді. Ал: «Әбеке, Әбеке, сіз мықтысыз, араша!»- деп, ығына жығыла кетсең қаңыраған қу далада найзасын үңілтіп, арлы-берлі шапқылап-шапқылап, ақыры әбден титықтап, атының басын тартқан батырдай жуасып қалатын қызық қасиеті және бар.


Серік Абылайдың бүгін бура болатынын, бір шабынуы шабынатынын мана кафеге кіргенде білген. Кірсе де өзіне сенген. Ол өз ісіне сұғанақ біреу тұмсығын алда-жалда сұға қалса: «Ей, оның не? Неге соқтығасың? Не ақың бар?» — деп ұшып тұрып, әлгі тіміскінің жағасынан ала түспейді. Оның орнына: «Тәп-тәуір тұмсығыңды тер сасыған менің жаға-жеңіме тығып қайтесің, жаным-ау, таза ауа, міне, мына өкпе тұстан аңқылдап тұр ғой, осы жақтап озон ауласаңшы», — деп жеңінен шымшып ұстап, алды-артына қаратпай былай апарып тастайды. Ең тамашасы жанағы тұмсықтар оны кек тұтып көрген емес, алғашында ашуланып қалса да, кейін «жөн екен» деп, кешірім сұрайды. Абылай да сан рет сөйткен. Сондықтан да Серік мығым отыр.


Бұл білетін Абылай бұрма-бұрмасы мол қақтықпалы-соқтықпалы жігіт. Бір қараған жанға аздап әулекі, әйтсе де кең де таза жігіттей әсер қалдырады. Бірақ оның алдамшы қасиет екенін Серік жақсы біледі. Абылайдан бәрін де күтуге болады. Рулі сынған, компасы бұзылған желқайықтай әр жартасты бір сүзіп, салдамасы шықса да әзірге батып-шығып, батып-шығып, жүзіп келе жатыр. Мінезі де аумалы-төкпелі. Мәселен, ойқы-шойқы көшелердің бұрыш-бұрышында бұғып тұратын кір-қожалақ сыраханада күні бойы сыңғытса да, қызған емес, қалай тың кірсе, солай шығып кетеді. Ал ресторан, кафедейін сән-сәулетті жерге келіп, сауысқандай сақ, мысықтай епті, зиялы ортаға әудежар араласа қалса, өстіп сығанның жем жеген атындай ойнап шыға келеді. Ішінде қаланың сыпайы, сырдаң жүріс-тұрысын кіржіңдеп қабылдамайтын қыршаңқы ат секілді қырсық бірдеңелер бар. Бетпақдаланың терең қойнауында малы да, жаны да бірегей өсіп-өніп жатқан жерде ер жетіпті. Білдей бір совхоз директорының төбесіне көтерген тұңғышы. Мектепті «Шықпа, жаным, шықпа!» лап жүріп өйтіп-бүйтіп бітіріпті. Бітіріпті де бастық әкесінің: «Қайт кейін, адам боламын десең басыңды тарт кейін!» — деп, шәйт-шәйттегеніне қарамай, комсомол жастардың шопандар бригадасына тура тартыпты. Екі жыл күркілдетіп-зіркілдетіп трактор айдаған, шеп, қи, жем тасыған, қар бұзған, Еңбегі жанып, аудан, облыстың түрлі-түрлі дәрежедегі: құрмет грамоталарын алыпты. Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтайды дегендей, бригаданың бетке басар қиғаш қасына үйленіп қоя жаздапты. Іс насырға шауып бара жатқасын әкесі жартылай жалынып, жартылай дүм көрсетіп, қойдан құтқарып алыпты. Алыпты да жиған-тергенінің пәленше сомасын қалтаға басқан. Абылайды қосарға алып, астанадан шыққан. Абылай әлгі қиғаш қасына қалаға аттанарда: «Саспа, оқымаймын да, тоқымаймын да. Әншейін Алматы барып, әй, бір сайранды салып, шалдың ақшасын шашайын. Келемін де сені аламын. Жан-жағыңа жалтақтамай, алаңдамай мені күт»,: — десе керек. Өкініші сол, Абылай оқуға түсті. Емтиханнан емтиханға семіз «үшпен» шапқылап өте шықты. «Алматының алмасына тойдым, енді ауылға қайтам...» — деп, мардамсып жүрсе, қабылдау комиссиясы басқадай ұйғарым жасапты: «Трактор айдаған екі жылдық стажы мынау, қат-қат құрмет грамоталары анау, еңбек десе жанып тұрған жігіт оқуға да жарайды».


Серік сол тұста Абылаймен бір бөлмеде жатып, емтиханды қатар тапсырған. Бұл болса конкурсты михнат-бейнетпен бұзып-жарып, білімінің арқасында институтқа қолы жетті.


Қала іргесіндегі санаторийде жатқан директор әке ауылға қайтар күні екеуін бөліп-жармай, оқуға түскендерін ресторанда жуды. Тегін адам директор бола ма, ақылды кісі екен. Абылайға оңашада не айтқанын кім білсін, Серіктің құлағына мынаны құйып кетті. «Айналайын, сөзің де, жүзің де жылы бала екенсің. Бір басыңды алып жүретін шама-шарқыңды бір айда әбден таныдым. Абылайдың салдыр-салақ, жүріс-тұрысын, бірде киіз, бірде мүйіз мінезін мен де білемін, сен де білесің. Қиыр шетте ешкімнен жасқау көрмей ерке өскесін бе, алды-артын байқай бермейді. Бірақ өзге дегенде егіз қара күші бар ақ көңіл бала. Сол ақ жүрек мінезінен қорқамын. Тіршілік болған соң астананың бір бұрышынан бір берік қазық қақсам деген арман бар еді. Абылай сол қазыққа жараса, мен риза, ауылдағы шешесі риза. Жер ортасынан ауып кеттік, қашанғы аспандап, тұғырда тұрамыз? Осы өздерің түскен институтты бітірген жас жігіттер берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан деп, әлекедей жаланып келіп жатыр. Ертең аяқ астынан ауырып-сырқай қалсақ: «Алматыда баламыз бар», — деп, кеудеміз керіктей болып, тарта жөнелмейміз бе? Кері кеткен қонақ үйдің босағасын сығаламай, қақ төрде арқа-жарқа болып көсіліп жатпаймыз ба? Ендеше, қарағым, Абылай екеуің осы жарасқан жұптарыңды жазбай, бір-біріңе бас-көз болыңдар. Шаһарда ескен, қаланың ұңғыл-шұңғылын бес саусақтай білетін бала көрінесің, жетегіңе ал. Қиын сабағына көмектесе сал. Ал тиын-тебен, ет-мет жағын мен жайғайын. Ауыздарыңнан ақ май ақпаса да, қарындарың ашпайды. Серік пен Абылай балаларым оқып жатыр деп саламын, екеуің қылдай бөлісіп жаратыңдар».


Одан бері бір жарым жыл өтті. Әзірше екеуі бір-біріне «бас-көз». Директор әке уәдесінде тұрды. Ақша, сүрі ет, қазы-қарта жоқ демейді. Бұл жағынан жағдайлары шамалас. Студенттік өмірдің толып жатқан басқа мәселелеріне келгенде, ашығын айту керек, таразы басы тең емес. Облыс орталығы — ортақол қалада ширығып, ширап ескен Серіктің жүріс-тұрысы ылдым-жылдым. Епті. Кіммен болсын тіл тауып, әмпей-жәмпей бола қалады. Ай сайын алатын жоғарылатылған стипендиясы бар. Бүкіл курсты қойдай иіретін староста, қыз-қырқын жағынан да аузы салымды. Жоқтан барды құрағыш. Ақша сұрап, үй ішін көп мазаламайды.


Абылай ынтамен оқыса — ілгері, желкесінен тартып оқымаса — кейін. Сол ынтасы құрғырды ол әр жарты жылда екі-үш-ақ рет көрсетеді. Онда да негізгі сабақтардан емес, шұрым-бұрым сабақтардан мұғалімдерді сұрақпен сабап састырып жатқаны. Стипендия бірде жоқ, бірде бар. Оған қиналған емес. Айына жүз сомдап келетін ақшаны дос-жарандарының ішіп-жеміне жарата салып, екі-үш күнде шашып жібереді. Ертеңіне қолын жайып, әлгілерден қарыз сұрап жүргені. Кімнен қанша аласы, кімге қанша бересі, ол Абылай үшін ешқашан да жауабы дұрыс шықпайтын бытықы-шытықы есеп. Ары тарт та, бері тарт берекесіз өмір жалықтырды ма, биылғы оқу жылынан ай кешігіп қалды. Өзінің айтысы былай дейді. Жазғы каникулда: «Оқымаймын, — тоқымаймын. Көк тарқылдақ тракторым қайда, сүйген сәулем Үкән қайда?»- деп, құйрықты тік шамшып тастап, баяғы жас шопандар бригадасына қайқайыпты. Бәрі орнында, қойын құрттап, шаруасын күйттеп, кер жайлауда неше түрлі иісі басты айналдыратын көк шалғынның арасында отыр екен. Бірақ бригадасын тапса да, қалғанының орнын сипап қалыпты. Тырқылдақ тракторы басқаның тақымында тозып, есептеп шыққан: аяқ-қолы балғадай Үкән мұны қашанғы екі көзі төрт болып тосады, бригаданың бір жігітімен дәм-тұзы жарасып, «Әлди, әлди, абайын, атқа тоқым жабайын», — деп. әндетіп, балпанақтай бала құшақтап отыр екен. Өз басым өзі тоқпақтап, жынын шашып, төрт құбылаға түкіріп тұрғанда қолында Алматыға дейін авиабилеті бар әкесі «Газ-69»-бен жүгіртіп келе қалған. Айтатыны — Алматының қақ ортасына болмаса да, микроауданның біріне қағылуға тиіс баяғы берік қазық. Қазықты киіз тоқпақпен әкесі қағады, Абылай сол қазықтың ұшы болуы керек. «Көштен озбай, елден қалмай ептеп-септеп бітіріп шықшы, қарағым. Болашақ жұмысың мен пәтеріңді маған тапсыр. Әне, бірінің етегім бірі ұстаған іні-қарындастарың өсіп келе жатыр, сол көген көздерді сен жетегіңе алмағанда, ойбай-ау, кім жетектейді. Қай директордан кем екенмін? Басы қауғадай мен түгіл, шақшабас завферма Сағат: «Айналып кетейін қызым қаладан орын теуіп, үпір-шүпір бала-шағалы болып, қысқа қолымды ұзартып тұр емес пе!» — деп, шіренгенде үзеңгі үзеді. Тым болмаса, сол Сағаттың шөпжелкесі құрлы жоқпысың?»


Айтқанының бәрі ып-рас.


Ақыры авиабилет Абылайды аспанға көтеріп алып шығып, астананың аэропортына түсірді.


Қазір Абылай көштен озбайды, елден қалмайды. Терісі қалың. Аяқ астынан бір пәлеге ұшырамаса, институтты ептеп-септеп бітіріп те кететін түрі бар. Тек екі-үш жылға шыдас керек. Әйтсе де көңілі олқы, жаны жаралы. Оны өзі де біле бермейді, тек сезеді. Білуден гөрі сезу ауыр ма дейді. Әлгі олқы көңілі құрғыр кейде тебен инемен жан дүниесін жайлап шабақтайтыны бар. Ондайда кім сол минутта қасында жүрсе, соған әй-шәйға қарамай тиіседі. Ертеңінде жаздым-жаңылдым деп кешірім сұрайды. «Емін-еркін жайылайын десе, кең өрістен айрылған, оқтай зымырап желмен жарысайын десе, ойда-жоқта зоопарктің темір торына түсіп қалған теңбіл көк құланың мына мен ғой», — деген әнебір кезде қызып отырып. Оның да негізі бар сияқты. Ал әкесінің ай сайын келіп тұратын хат арқылы айтатын дұғай-дұғай сәлемі: «Оқуың екі жылдан кейін бітеді. Соған дейін шыдап шық. Ары қарайғысын өзіме тапсыр». Қысқасы, салмақсыздық секілді қызық та, түсініксіз жағдай...


...Бүгін үйден ақша алған. Көп ақша — жүз елу сом! Қалтасын тесіп бара жатқан соң оқу залында қағаз шұқыған Серікті есік көзінде тұрып, саусақ ұшымен шақырып алған. Қинала-қинала шыққан досына: «Таста бәрін ит жемеге! Әкем ақша, ауылдағы шопыр досым хат салыпты. Үкән екінші балаға босаныпты. Босаныпты да азан шақырып, атын Абылай қойыпты. Соған сұмдық қуанып тұрмын. Жуамыз!» — деді. Жуған түрі – жаңағы.


Қаланың есік-тесігін сығалап өскен сұңғыла Серік қисық-қыңыр досын жақсы түсінеді. Абылай далаға керек те, Абылайға дала керек. Ол дегеніңіз кең жазира жазыққа шықса, төрт аяғын бауырына алып жосылтқанда желмен жарысатын сәйгүлік тұлпар ғой. Ал сол текті жануарды қаланын аядай пысынаған ауласына байлап қойса қайтер еді? Басына жем дорба іліп, алдына мөлдір су қоюдың орнына, пырылдаған тұмсығының астына: «Моһ, моһ, келе ғой, мә, кітап, «Сопромат» деген қиын да қалың кітап, тұлданбай жей сал енді», — деп, тықпаласа қайтер еді? Не тістеп, не теуіп тастар еді. Абылай да бұл күнде сол таз кепешті киіп жүр.


Біреудің бақытсыздығы екінші біреудің бақытын еске салады. Өз халіне бек риза. Оқуын бітіреді. Қалдырса... кафедрада қалдырса, біртін-біртін мысық табандап, аспирантураға түседі... Курстастарынан қай жағынан алса да бір иығы жоғары. Оны өзі де түйсініп, терең сезінеді. Артық нәрсе абайламасаң, тас жармаса да кейде бас жарады. Кейде тым сезгішпін деп астамсып отырып, Абылай секілді жігіттерді сөзбен шағып, қытығына тиіп алатыны бар. Ал бұлар есті сөздерден гөрі есер қимылға жуық тұратын жел өкпе жандар... Жағадан алып, жұдырығын иіскетіп жіберуден тайынбайды. Екі шоқып, бір қарау қажет, қысқасы, есеп керек. Жаңа да Абылайдың қытығына тиіп кетті. Ауыт түскенін, бір тәуірі, кені те болса біліп қалды. Кеш түк емес, ештен сақтасын. Еш болмаса, бәрі орын-орнына келеді. Қазір бір әдемі әзіл айтса, ісінген Әбекеңнің әптігі басылады, жыртық жамалады. Әйтпесе жатақханаға бара сала Абылайдың семинар жұмысын қарап, түзеп береді, жо-жоқ, бүгін басы піскен асқабақ секілді шытынап тұр, ертең, иә, ертең қарап береді де, жалпақ сауырына бір салып, Әбекеңді дұрыс жолына түсіріп жібереді. Ақ көңіл Абылай бәрін ұмытады, күні ертең: «Секе, Секе, жаңа оқытушы не деді, ілесе алмай қалдым, айтып берші», — деп, лекцияда шынтақ тіреп қатар отырады.


Білегін айналмалы креслоның қырына тіреді де, он жағына көз тастады. Абылайға қазір айтатын әдемі әзіліне ілгек іздеп отыр. Күн жарықта үстеріне су жұқпан, сыптай болған қауымның сыны кетіпті: ағаштан емес, магниттен жасалған ба, мана бір-бірінен алысырақ тұрған орындықтар тақала түскен. Бет атаулы — алау. Шырадай жанған біраз жанар біраз көздерге әлденені ымдайды. Бәрі де көшеде жоғалтқан қымбат заттарын кафеге іздей кіріп, осы жерден тауып алсақ деп отырған сияқты. Ол деген минут сайын өзгеретін ауытқымалы-толқымалы сәт қой, жүздерінде күдік, қобалжу, тықыршып күту, «Әй, сол затты сіз тауып бермес пе екенсіз? Кәне, бірдеңе деп, дәме көңілді демеп жіберіңізші» деген сұрамшақ нышандар бұлыңдайды. Серік те ізденіп отыр. О, тапты ойлағанын! Жалаңдаған ашқарақ көзі елбіреген ақ құба қызға тоқталды. Дұрысы, қыздың орындық астына айқастырып салған алтын сақадай балтырына келгенде кідіріп қалды. Қынай бел қыздың желкесі мен самайында бір-бір уыс бұйра шаш ұйып тұр. Ұрт томпайтып үріп жіберсең, қалқып ұша жөнелетін, ал саусақ тигізсең, бармақтың ұшына бозғылт бұлттай орала түсетін көпсіме шаш...


Логика сабағынан оқыған индукциялық, дедукциялық ойлау заңдары есіне түсті. «Қалай еді? Иә, «жеке қасиеттерден жалпыны табуға болады». Балтыры мынадай қыздың жігіті кім екен, ә?» Көзін жоғарырақ көтерін еді, қолма-қол бұзылды. Қарсы алдында үстелден қарғып түсіп, қашып кетердей рюмкенің қылдырық белінен балғадай саусақтарымен мытып ұстаған жалпақ жауырын жігіт отыр. Бақырайған тостаған көзін қыз бетінен айырмайды. Бақырайып қарауға да біраз күш керек, шамасы, беті, мойны нарттай қызыл. Шөпті көп, жемді аз жейтін көнбіс, жолда қалдырмайтын, өмірде өте жиі кездесетін бір мықты көлік болушы еді, жалпақ жігіт соған ұқсайды. Қай көлік екені есіне нақ түспей отыр, әйтеуір, өте пайдалы, өте жуас көліктің біреуі.


Ызасы келді. Абылай екеуінің мән-мағынасыз, әншейін уақыт өлтірген мына отырысына ма, әлде ақырын жүріп, анық басып-ақ ұлпа шаш қызға жетіп алған жігіт сүйелін басып кетті ме, көмейіне әлдене кептеліп тұрып қалды. Шыдай алмай, қалтасынан тарақ алып, шашын тарап-тарап тастады.


— Еһе-һей, аумаған Үкән...


Абылайдың да көзі сол төңіректі шарлап жүр.


Серік тыжырынды. Қалтадағы ақшаңның артығын досыңа қарыз беруге болады. Қарны аш болса, несі бар, асты да бөлісіп ішесің. Ал ойды бөліскеннен жаманы жоқ. Әсіресе әдемі қыз туралы сенің ойыңды біреу ойлап отырса, онымен қоймай өкпе тұстан бірдеңесін қойыл қалып, күнәдән пәк күйде бетіңе қарап отырса, ызадан жарылып кете жаздайсың. Ал Абылайға бәрібір. Қасындағы жолдасы кімге қарап, не ойлап отыр, онда шаруасы шамалы. Өзінің кезі түсті ме, бітті, не ойласа, соны лақ еткізіп айта салады. Басқаң күл болмасаң бұл бол. Абылай осылай болса, мұның Үкәнін айналдырып, ақыры алып тынған бригададағы көзел қандай тажал екен?


Ит жынының келгені сондай, қыз туралы өзінің ой тақтасына сызып үлгірген суреттерін өшіріп тастағысы келді. Төс қалтасына салып қойып анда-санда керіп жүрген сол әдемі суретті Абылай ұрлап алғандай сезініп отыр.


Сол сезім ақыры:


— Үкәніңнен аумаса, сөйлеспейсің бе барып? — дегізді.


Абылай әуелі Серікке ажырайып қарап қалды. Сәл күлімсіреген Серік шалқайып отыра берді. Анау орнынан тұрды.


— Қайда барасың? — деп, ысылдаған Серікке пысқырмады, қайта сол дауыс дәтке қуат болды. Теңселе басып, шүңкіл-шүңкіл сөйлескен қыз-жігітке беттеді.


Қолын шалбарының қалтасынан айырмаған күйі, столға мінбелей кеп тұрды. Жалпақ жауырын жер жылжыса қозғалмайтын сабаз екен, мызғымады. Абылай тап бір арғы-бергі жағы көрініп тұратын мөлдір әйнектен жасалғандай және мұнын ту сыртынан таныс әлдекімді көріп тұрғандай бұған еш сезімсіз қарап отыра берді.


Қыз сыр білдірген жоқ. Тек көзін көлегейлеген ұзын қара кірпіктері жалп етті. Абылай жалғыз жалпылдан пәрмен алды.


— Қайырлы кеш!


Қыз қарсы алдына қарап:


— Рақмет! — деді естілер-естілмес.


Сонда барып жігіті бүкіл денесімен бері бұрылды.


— Қай елденсің? — Гу ете қалды.


Абылай сырбаз еңкейді.


— Не?


Анау буын-буынға бөліп:


— Папуа? — деді сазарған қалпы.


Керегі сол еді.


— Мына елден боламын... — Келсаптан жұдырығын салмақтап-салмақтап қойды. Сон соң: — Кішкене ханзаданы білесіз бе? — деді жігітке еңкейе түсіп. Жалпақ жауырынға жұдырық ғаламат әсер етті ме; әлде Абылайдың мына көргенсіздігі қол-аяғын жіпсіз байлап тастады ма, әйтеуір, қимылсыз қалды.


— Қайдағы... ханзада? — Даусы тарғыл-тарғыл.


— Экзюперидің кішкене ханзадасы. Мен де ханзадамын. Әрине, оған қарағанда сәл-пәл ақымақтаумын.


— Тұп-тура...


— Ал ақымақ қалай болса солай сөйлей береді. Салып та жіберуі ықтимал. Кешірім де сұрамайды. Әйтсе де он сөзінің бірі дұрысқа шығады. Мен бүгін сол дұрыс сезімді айтып тұрмын — сіздер жуық арада үйленіп алыңыздар. Протон, электрон секілді қарсы зарядтар екенсіздер. Ал олар бір-біріне мәңгі-бақи жабысып, тату-тәтті ғұмыр кешеді. Қайыр-қош!


Айнала берген Абылай күреске түсетін адамша екі иығын кезек қопаңдатқан жігіттің көтеріле бергенін шалып қалды.


— Ей, жүн бас! Кімді тәлкек етесің?


Абылай жайымен бұрылды. Қыз тырп еткен жоқ, сол орнында қозғалмастан отыр. Тек жалпақ жауырынға бұйрық мәнде ұзақ қадала қарады. Жігіт біртіндеп басыла берді. Ақыры сылқ етіп отыра кетті. «Айтқаның айдай келді, бұлар тәту-тәтті ғұмыр кешеді екен». Оқтау жұтқандай серейгеннен серейіп, әр адымын анық басып, орнына келді. Серік жайбарақат, сол отырысын мысқал бұзбапты. Тек ерін ұшымен ғана:


— Неше сомға үйренген өнерің бұл? — деді.


Абылай жауап қайтарған жоқ, қалтасынан қызыл құлақтарды Суырып, столға санамастан немкетті тастай салды. Желке шашы тікірейген күйі шығар есікке беттеді. Серік соңынан салды.


Көзге түрткісіз қараңғы. Аялдамада тірі жан жоқ. Жаңбыр толас таппай бүркіп тұр.


Сірке су бетке тигенде ғана жаңбыр жауып тұрғанын аңғаруға болады. Көше-көше аңғары бұлыңғыр. Әйнек, шина, корпустары тұтаса астасып, әдеттегіден ұзарыңқырап кеткен жеңіл машиналардың фарын ақ шел басыпты.


Абылай оқшау тұр.


Тік шаншып тастаған жағасына иегін тыққан Серік бір айналып қараса, төрт-бес қадам жерде кафедегі қыз бен жігіт қарайып көрінеді. Олар емес те шығар, бірақ жаңағы қақтығыс ойынан әлі шығып үлгермеген Серік олардың орнында бөтен біреулер тұрса да... сол екеуі дер еді. Оның үстіне жігітті жалпақ, жауырынынан таныды. Қыз қолында қолшатыр. Қолшатыр астына басы ғана сыйған жігіттің қалған денесі сыртта. Соған да риза ма, дүрк-дүрк күледі. «Не асқан бақытты, ие ақымақ қана сіркіреп тұрған сұр жаңбыр астында өстіп күлетін шығар», — деп ойлады Серік плащын қаусырына түсіп.


Екі-үш минут өтті ме, етпеді ме, қолшатырын жігіт төбесіне тігіп кеткен қыз тық-тық басып, бері беттеді. Бір үміт, бір күдік Серікті ілгері жетеледі. Дәл қасына келіп тоқтаған қыз мұның жүзіне тіктеп қарады. Мүмкін, жүзін төмен салуы, әйтсе де тас қараңғыда қарсы келген адамдар тек өзіне ғана қарап тұрғандай сезіледі екен.


— Есіміңіз Мырқымбай ма?


«Біреумен шатастырып тұрған жоқ па?»


— Жо-жоқ Серік.


Қыз күлді.


— Кешіріңіз... Мен сізді Мырқымбай ма деп қалсам... Ал ана досыңыздың аты... Сәрсенбай емес пе?


Қыздың кекеп тұрғанын жаңа ұққан Серік:


— Басымды көп ауыртпаңыз. Не айтқыңыз келіп еді? — деп төтесінен салды.


Бойжеткен іркілмеді.


— Досыңыз, жалпы... жақсы жігіт. Тек... оған қаладан тезірек кету керек, — деді.


— Heгe?


— Оқыс жағдайға ұшырамай қоймайды. Қайтуы керек. Сіз мені ұққан шығарсыз...


Серік тіс жарған жоқ. Өз ойы да осы еді.


Ә дегенше кілт бұрылған қыз қолшатырына беттеді.


Жалпақ жауырын оқыранып жатыр. Тұман арасынан хан баласы қуған ақсақ құландай оң-солына кезек кетін, шайқалып шыға келген мұнар көз трамвай әупіріммен тоқтады. Кіре берісте соқтығысып қалған Абылай сыбырлады.


— Не деді?


Шындықты айтқысы келіп бір тұрды. Бірақ ол райынан тез қайтты.


— Сені «Керемет батыл жігіт екен», — деп мақтады.


— Ей, кетші өзің!


Трамвай қап-қара оппа тұңғиыққа сүңгіп кетті. Маңдайын суық әйнекке тіреді. Мең-зең. Ойы он тарау. Әрі-беріден кейін кірпігі ілініп, жанары жұмыла берді.


— Жүр, түстік!


Көзін ашып алса, иығынан жұлқылаған Абылай екен. Түсін салып алған. «Мынаны бүгін қай сайтан түртті?» Кір, лас табалдырықты топыр-топыр тепкілеп, сыртқа шықты. Трамвай жұмбақ, жұмбақ жолға түсіп жоғалды. Төңірегіне көз салды. Бұлыңдаған тротуар, тұман аспан, тағы бір бұлыңғыр бірдеңелер...


— Әй, Абылай, жатақхана, кәне? Қайда қаңғыртын алып келдің?


Құнжиып алып, сүріне-қабына адымдап бара жатқан Абылайдың желкесі сөйледі.


— Демің ішіңде болсын.


Асфальт жиегі мен шұқанақтарға жиналған тоқтау суды шылп-шылп кешіп келеді. Көлденең өткен тірі жан жоқ, тіпті жайшылықта бүлкілдеп кесе көлденең өте беретін қара мысық та бүгін көрінбейді. Алыстан әредік-әредікте тепловоз созалаңдата секіріп қояды. Серік тоңа бастады, сол дұрыс болды ма, аз-мұз сергиін деді. Абылай борт-борт желіп барады, жеткізер емес. Аспан кіржуғыш машинадан әзірде ғана суырып алған су-су ақ боз жамылғыш сияқты сорғып, төбеден тамшылап тұр. Көшенің екі қанатын ала қаңқиып-қаңқиып тұрған үйлер үй емес, аузы-мұрны жоқ отаудай бұлыңғыр...


Абылай қалт тоқтады. Серік қара басқанда сүрініп кетті де, екпінімен еңкеңдей жүгіріп-жүгіріп алып, зордың күшімен бойын түзеді. Қара аспанды тіреген тас ескерткіш басын мұнар, аяғын жер шалып, адымдай басып, тұп-тура Серіктің үстіне құлап келе жатқандай. Көкірегінің ең жанды жері төмен тартып барады. Дереу бір шетке ойысты. Сонда ғана есін жинады. Қорыққанға қос көрініпті. Күндіз көріп жүрген үйреншікті гранит ескерткіш түнде зәрені алады деп кім ойлаған!


Дегенмен ішіндегі жылу шашып тұрған тетіктерді біреу суырып-суырып алып тастағандай Серік жүдеп қалды.


Абылайдың күңгірлеген даусы құлағына еміс-еміс жетеді.


— Анда-санда осы ескерткішке келіп, көріп кетпесем ішім толады да тұрады. Ылғи да үстіме төне түсіп: «Ей, далада саның, қалада ізің жоқ, Абылай! Кафеден кафені аралап, директордың ішкен-жегеніне мәз тоқ қалта баласы болғанша, екі етегіңді белге түріп ауылға қайт, қайт та даланың тобылғы торы, торқа бет баласы бол!» — деп, күркірейді де тұрады... Көрген сайын сол айқай. Бөтен жанның иісін сезіп тұр ма, бүгін ғана мылқау... Қашып кетемін, ойбай, қашамын дегенде қашамын күндердің күні...


— Қайта-айық! — Серіктің тісі-тісіне тиер емес.


Абылайдың қайтатын түрі жоқ.


— Ал саған не дейді, Серік?


— Мен қайда-ан білейін...


Мына аспандаған сұрғылт та суық тас, шынында да, оған жат еді.


Абылай бірдеңе демек еді, тамағы кеберсіп кеуіп қалыпты. Қара тастың суық сызы сыртқа тепкен Серік шегіншектеген күйі ескерткіштен алыстап барады. Мрамор тұғыр барған сайын биіктеп, зорайып бара жатты. Аяғын арыққа тығып алды ма, шалынысып қалып, жерге отыра кетті. Су ма, сыз ба, құйрығы мұздап бара жатыр. Шошып кетіп, сипаланып жер тырнап еді, тротуардың бұдыр-бұдыр бетон жиегі алақанын сызды. Орнынан атып тұрды да, шалбарына жұққан батпақты да қаққан жоқ, кешені бойлай бүкеңдей басып, қараңғылыққа сүңгіп кетті. Ұзаған соң жүгіре жөнелді. Абылай ескерткіш түбінде қалды.


* * *


Жамылғы асты ұядай жылы. Бауырына жинап алған аяғына шым-шымдап жан кіре бастады. Мұрнының ұшына саусағын еппен тигізіп еді, манағыдай емес, суы кеуіп үлгеріпті. Жылу батареясы әлсін-әлі қорылдайды. Әзірде ғана басынан кешкен оқиғаларды ойлай берді де, дереу өзге арнаға түсті. Кафені де, ескерткішті де, Абылайды да есіне алғысы келмеді. Химия факультетінің ертең кешке кездесуге шығатын әне бір әдемі қызын көз алдына елестетіп еді, жаны кіріп қалды.


Кірпігі іліне беруі мұң екен, құлып тықырлады, шырт етті, есік топсасы сықырлады. Бір минуттан соң осының бәрі кезегімен тағы қайталанды. Яғни есік әуелі ашылды, сонан соң жабылды. Ауыр басқан қадамына қарағанда ішке кірген адам — Абылай. Шам жаққан жоқ. Серік: «Қазір ғой әрқайсысы бір-бір пұт бәтеңкесін таудан тас домалатқандай төсек астына томпылдатып тастай салады. Жігіттер сені: «бомбовоз» десе бомбовозсың-ау», — деп, қынжылып жатыр. Жоқ бұл жолы өйтпеді. Көңілді. Мұрнынан ыңылдай әндетіп, плащын судыр-судыр шешіп жатыр. Серік үн шығармай жата берді. Ұйқы мен ояудың арасындағы ұлпадайын жұмсақ бірдеңе...


Сәлден кейін қол созым жерден ауыр алған тынысты сезді. Әуелгіде өзінің демі шығар деген. Жоқ, өзгешелеу, темекінің иісі аралас шалықтау тыныс... «Қасыма көрші бөлмеден келген бір көзел жатып алған жоқ та?» — деп бір ауық ойлады ұйқылы-ояу жатып. Ондай жағдай жатақханада екінің бірі, егіздің сыңарында кездесіп жатады. Түнгі қыдырыс, кино, театрдан кеш келген студенттер өз бөлмесіндегілер ұйықтап қалып, есік ашпаса, әйтпесе аулынан алда-жалда дос-жарандары келе қалса, өз төсегін босатып беріп, басқа бөлмедегі жолдас-жораларына таятын. Олай дейін десе, тонының ішкі бауына санайтын дос-жараны да жоқ еді. Серік — кірпияз жігіт. Басқанын қасына түнеп көрген жоқ, өз жанына да ешкімді жатқызған емес. Ұйқылы-ояу күйі қолын созып қалып еді, төсектің бұдыр-бұдыр болат серіппесі тиді. Сұп-суық екен. Көзін ашты...


Екі қолымен тізесін тіреп, еңкейген Абылай мұның бетіне үңіліп тұр.


Үрей аралас:


— Не болды? Мұның не?! — деді сыбырлап.


— Ертең, ертең айтамын. Жата бер! — Башпайының ұшынан басқан Абылай төсегіне беттеді.


«Кірмегенім кафе болсын. Ішкен-жегізгені құрысын, желкемнен шығарды ғой. Не мен, не Абылай — екеуміздің біреуіміз естен адасқанымыз жоқ па өзі?» Күрсінді. Жамылғышты басына тұмшалап орады да, ескі төсекті сықырлатып іргеге аунап түсті.


Арада минут өтпей жатып есік тықылдап қағылды. Жоқ, Абылай екеуі ғана емес, басқалар да бүгін есінен адаса бастапты. «Ашпағасын кетіп қалар» деген үмітпен тырп етпеді. Анау да маңдайы жабық есікке тіреліп тұрса да, беті қайтпайтын неме ме, қайта тықылдатты. Сәл тоқтап, қаттырақ тоқылдатты. Абылай тұрып, есік ашпас па деген есек дәмемен шифоньер түбіндегі төсек жаққа құлақ тігіп, тың тыңдап еді, өшейін деп тұрған трактор моторының сылқылы секілді бір ғажайып үн жетіп тұр. Рақаттана ұйықтап жатыр. Ол сондай жігіт — жастыққа басы қалап тисе, солай қорылға басады. «Сары аяз қыста күнді түнге жалғап шөп тасып жүріп, ұйқы қысқан кезде трактор орындығына құлай кететін қайран күндер-ай! Ұйқының жағын айыратын ем, бәлем... Жылы болсын, әрі ит-құс жоламасын деп, моторды өшірмей селкілдетіп қоямын. Мотордың сол ұзақты түнге тынбайтын үніне үйреніп кеткемін-ау, осы күні құлағымның түбінен мылтық атса да сезбей серейіп жата беремін. Сол құм ішіндегі қысқы ұйқымды өлердей сағындым сенсеңдер... Кабинаның май мен шаң сіңген қатты орындығын үйдің құс төсегіне айырбастамаушы ем. Жылы бөлме, жайлы төсектегі ұйқы ұйқы ма. Мігіттің болмаса, жігіттің ұйқысы ондайда өмірі қанбайды. Бәрін айт та, бірін айт, қарлы даладағы ұйқыны айт! Мына үлпілмәлік студенттігін менің ішіме жақпайды. Міне, ұйқым тағы қанбады», — деген Абылай жуық арада таңертең төсегінде қалғып-мүлгіп отырып тағы кіжінген.


Ұйқысын алты Алпамыс, бес Біршімбайға таратыл берсең де, бәріне жетіп артылатын Абылайдан қайыр жоқ. Орнынан ырылдап, бірдеңе деп күбірлеп-сыбырлал түрегелді де, суық ауа жалаған сирағы сидаңдап барып, есік ашты.


Табалдырық сыртында... Сейіт тұр! Өткен аптада әкесі ауырып, хал үстінде жатқасын аулына аттанып еді. Шаршап, жолсоқты болып, су сорған ба, боп-боз бетінің түгі шығып кетіпті. Әке үйінің табалдырығынан жатақхана бөлмесіне дейін созылған ауыр жол есін тандырып тастаған-ау, тіл қатпай, қалың әйнекті көзілдірігінің астынан бұған бақшиып қарап қалыпты. Серік, жалпы, жаңбыр жаумай су болатын адамдарды жақтырмайтын. Мәселен, шофер астындағы машинаның тез сына беретін подшипнигіне қандай күдікпен қараса, бұл да тез шаршайтын жандарға сенбейтін. «Қай-қайдағыны ойлап кеттім, құрғыр? Екі иықтан албастыдай басқан ұйқы кінәлі, ұйқымды аша алмай, сандалып тұрмын». Сол арада қолтығындағы балдағы әлсін-әлі тайып, қалтақтап әрең тұрған Сейіт бірдеңе деді.


— Не?


Дәлізден тіктеп түскен өткір жарық кезін шаға ма, әйтеуір, көңіл күйі құлазулы. Комендант сағат он екіден кейін қыз-жігіттер бұрыш-бұрыш, қалтарыстарда тұрып алмасын деген есеппен электр шамдарын жуық арада оның төрт жүз ваттығына ауыстырып еді. Сол қуатты шамдар ғой көзін шағып, Сейіттің әкесінің хал-жағдайын сұрауға мұрша келтірмеген...


— Поездан жарты сағат бұрын түстім. Біздің бөлменің есігі жабық. Жігіттер апта бұрын бір қыздың туған күніне барамыз деп жүр.еді, кілтті тастамапты. — Сейіт қоңқақ мұрнының ұшына қарай сырғып кеткен көзілдірігін түзеп қойды.


Түсінікті... Баяғы құлақ сарсытқан үйреншікті ән... Жаныңа жатып, түнеп шықсам дейді.


Бүгінгі жауынды күні басынан өткен қырсық оқиғаларды біріндеп жіптен өткізді. Анау ұлпа шаш қыз трамвай аялдамасында «Мырқымбай» деп кетті. Ескерткіш түбінде тоңып, ақыры кімнен үріккенін өзі де білмей, тұра қашты. Абылай жаңа ғана: «Ертең, ертең айтамын», — деп, ноқ көрсетті. Не айтып жарытады дейсің, бір келтек сөзбен төбесінен түйіп қалады да, күні бойы жүйкесін жұқартып, қарадай жүдетіп қояды. Басқасын былай қойғанда, бөлмеге кіргелі ұйқысы бір емес, екі рет ашылды. Ертең ғой дәдеңді қолына беретін қиын семинар бар. Семинарда Серік баяндама жасайды. Баяндама ойдағыдай болу үшін ұйқы қану керек. Ал Сейіттің мазалағаны мынау. Осы бір көңілсіз ойлардың жетегінен шыға алмай тұрғанда:


— Физика факультетінде оқитын бір досым қасымда жатыр, — деген сөздер аузынан шығып та кетті.


Сейіт тіс жармады. Балдағын қолтығына тіреп қойып, көзілдірігін алды да, қалың әйнегін орамалымен ысқылап сүртті. Тұмсығына ілді. Су-су шашын алақанымен бастырып, бір жағына жықты да, балдағымен еден шұқып, кері айналды.


— Сексен үшінші бөлмені қағып көрсеңші, — деді Серік қылғынған үнмен.


Естімеді ме, естімегенсіді ме, вестибюльге шығып қалған Сейіт жауап бермеді. Дәліздің арғы бөлегіне өтті де, қыздар тұратын бөлменің есігін қаға бастады.


— Оу, оның не? Бойжеткендердің бөлмесі ғой.


Алыстау болса да Сейіттің бір басын, екі басып, бері бұрылғанын көріп тұр.


— Хал үстінде жатқан әкесінен шаршап-шалдығын келген жігіттің жайын қыздар түсінер. Болашақ аналар ғой... Жерге матрац жайып жатсам да, бір амалын жасармын. — Үні бәсең. — Есігіңді жапсай. Салқын тиіп қалар.


Көңіліне алмапты. Әйтпесе «Салқын тиіп қалар»... — демес еді. Сенген екен. Иығынан он батпан жүк түскендей жеңілейіп сала берді.


— Киіміңді жылу батареясына жайып, кептіріп ал. Ертең лекцияға бармай-ақ қой. Оқытушыларға бір сылтау тауып айтармын.


Дәліздің арғы бөлегі тіл қатпады.


Есікті кілттеп, төсегіне беттей беріп еді, ұйқысыраған Абылай:


— Оңбаған! — деп салды.


«Үкәнін бұл жоқта алып қойған жігітпен жұдырықтасып кетті ме мына батыр?» — деп ойлады, езу тартты.


Көрпесін иегіне дейін тартып, саңылау қалдырмастан қымтап алды. Бұл жолы ұйқысы тез келді. Жып-жылы терең тұңғиыққа батып бара жатып: «Ертең күн ашыла ма, жоқ па?» — деп ойлады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу