Әңгімелер ✍️
Бауыр
Қарағайдай қара дипломатын жерге қойды. Пиджагын шешіп қолына алды да, Алматыдан ілесе келген шаңын қақты. Вагондағы берекесіз у-шу мен құлағында қалып қойған поезд доңғалақтарының үздіксіз сартылы біртіндеп тынып, ізім-қайым өшкенше тырп етпеді.
Ең алдымен табаны тиген жердің күнін көзіне салды. Күн сүйген, аптап апшысын қуырған қыр баласы қайда жүрсе де сөйтеді. Сібірдің жаңа түскен жас келіндей жасқаншақ күні аспанның оң шекесінде ілулі тұр. Білегіндегі сағатына қараса, төртке бес минут қалыпты. Екі күн бұрып төрттен он минут кете Алматыдан аттанған. Астананың шыжып тұрған шақар күні жанын қоярға жер таптырмап еді. Омскінің ұялшақ күні, керісінше, жанға жайлы. Тамыздың құйрығынан тұтам қалса да, теректердің сыны кетпей, жап-жасыл күйі жайқалып тұр. Қаланың қай тірлігінен болсын, біртектілік байқалады. Абыр-сабыр етіп жатқан адамдар берекелі үйдің балаларындай ортақ тілде сөйлейді, кейіп-кескін жағынан алсаң да, екінің бірі, егіздің сыңарындай ұқсас. Алматыда бәрі басқаша. Шығыстың базарындай шулы вокзалы араның ұясындай гуілдеп жататын. Ал Омскіде жүріс-тұрыс аз, биік қабақ вокзал алды саябыр.
Вокзалдың қалаға қараған бетіне шықты да, шахмат бүйір таксиді тоқтатты. Тізесі иегіне тиердей екі бүктеліп отырған сарғыл шашты көк кез жігіт «жаһұт әлде бурятсың ба?» деген сыңайда Манаптың жүзіне сынай қарады.
− Қайда барасыз?
Іле таксидің құйтақандай транзисторының құлағын бұрап қалып еді, Алла Пугачева: «Не жди меня, ничего не говори мне...»- деп, жазықты біреуге ұрса жөнелді.
Кеше атын, үй санын атады. Шырпып қырқылған шашын бес саусағымен тараған көк көз жігіт ойланды. Жылдамдық ауыстырғыштың қызыл бүйі пластмасса қалпағын умаждай қысып еді, қолының сыртына тарам-тарам көк тамырлары адырайып шыға келді. Манап тықыршыды. «Өзі тұратын қаланың көшесін білмей ме? Жұмысқа жаңадан орналасуы да...» Дегенше маңдайы әжім жинап, дем арасында қартайған жігіт қырылдай сөйледі.
− Балалар... үйі ме?
− Иә.
− Отырыңыз!
Қатарына жайғасты да, су жаңа шалбарының қыры сынбасын деп тізелігін саусақ ұшымен шымшып, төмен тартты. Қабағын түйген шофер бір ойға салынып отырды, отырды да газды басып қалды. Танауы таңқиған ашық жасыл «Волга» қайқая жүзіп қуықтай кешеге түсе берді. Манап жымиды. «Екінің бірі - не ұйқысы қанбаған, не қасқаңның күндік нормасы күйіп бара жатыр».
Таксилетіп жүрген қаласы сонау Петр патша заманынан қалған сән-салтанатты әр алуан ғимараттарға мейлінше мол, айта берсе, шығыстық нақыштағы сарайлар да ара-тұра ұшырап қалатын будан қала деп естіген. Мойнын оң, солға қылт-сылт бұрып, қарсы алдынан биік үйлер қалқып шыға келсе, еңкейе қалып маңдай әйнектің астынан сүзе қарап, берекесі кетіп отыр еді, мылқау шоферге тіл бітті.
− Кіміңіз?
− Кімді айтасыз?
− Балалар үйінен кімді іздеп келе жатырсыз?
− Інімді...
− А-а...
Содан тұнжыраған жұмбақ жігіт көк, жасылға кеңірдегінен тоғытылған үш қабатты кірпіш үйге жеткенше тіс жарған жоқ. Такси тоқтағасын да кең ашылған көзін жалғыз нүктеге қадай мелшиіп отырып алды. Шалбарының қалтасынан ақша іздеп, қопаңдаған Манапқа пысқырып та қараған жоқ. «Мұндай мінезден сақтасын. Кешке қарай еркелеген бала-шағасы мойнына асыла-асыла кеткенде де өстіп қоқырайып отырып ала ма екен? Әлде таңертең көкдолы әйелі төбесіне шай қайнатып, құлағын сарсытып жіберді ме?»
Кінәз мінез шофер жігіт Манап ұсынған су жаңа шытырлақ үш сомға немқұрайды көз салды да, күңк етті.
− Керегі жоқ.
«Бәсе-е... Қабағынан қар жаууы жаман еді. Азсынды...»
Манап дыбырлай жөнелді.
− Қойыңыз... Міне, төрт сом. Мемлекеттің көлігі... Жанармай құс сүтіне татыған мына заманда...
Жігіт қолын сілтеді де, еңкейе созылып қалып - шуалшындай иретілген мұндай ұзын болар ма − Манап жақтағы есікті шекеден нұқып, шалқалата ашып тастап: − Жолыңыз болсын!- деді.
«Қызық...- деп ойлады көшенің мүйісін құйрығымен қағып тастап, әрі айнала берген таксиді көзімен ұзатып салып тұрып. Таксишілер көліктің қаны жерге тамбай тұрған аэропорт, вокзалдарда аш қасқырша жалаңдап, жыланы қайтпай тұрушы еді... Қызық...»
* * *
Манап «Директор» деген алтын жазулы кабинетті тез тауып алды. Рұқсат сұрап, сыпаны кірген мұны басынан аяғына дейін шапшаң шолып шыққан жасамыс, ақ сары әйел орнынан тұрып, нақ алдындағы орындықты нұсқады. Бұл кабинеттің табалдырығын аттаған жан ең әуелі ашық қабақ пен жылы сөзді аңсап келетінін жақсы біле ме, директор саулығын, жол машақатын тәптіштеп сұрады. Ақыры директорлық мінезге аумай көшті. «Бұйымтайыңыз?»- деген сұрақты көлденең тартты. Манап шаруасын айтты. Дипломатының тістей қатқан кере қарыс аузын ашып, неше күн бұрын қаттап-бүктеп, шекесін темірмен қыстырып қойған қағаздарын шығарды. Директор документтерді алдына жайын салып, қадағалап оқыды. Сонан соң бірнеше сұрақ қойды. Университетте оқиды, неше жылдан бері іздеу үстіне іздеу салып, Қалидың бұл күндегі мекен-тұрағын -мына балалар үйін әрең тауыпты, анау жылдардан бері інісін көрген емес − Манаптың рет-ретімен қайтарған жауабы осы төңіректен шықты. Әр қайырма сайын басын бірде шайқап, кейде изеп, жігітті жылы шырайда тыңдаған директор саусақтарының буынын сыртылдатып үзіп отырды да сөзге көшті...
− Иә, бізде қазақ балалары кәп болмаса да, бар. Көпшілігі осы Омск, тиіп тұрған мына Қорған, Тюмень, Павлодар облыстарынан. Жағдайлары жақсы. Қолдан келгенше ата-аналарын жоқтатпаймыз...
Кібіртіктеп бастаған директордың тұяғы қыза келе жерге тимеді. Директор болғанына, міне, биыл табаны күректей он бес жыл. Одан бұрын оқу ісін басқарған. Былайша айтқанда, балалар үйі көз алдында қаз тұрды. Бірнеше жатақхана, спорт залы, әр қилы мамандыққа баулитын өндіріс шеберханалары, ну орманның ортасын ойған пионер лагері - бәрі-бәрі балалар үйінің қазынасы. Ансамбль, драма, би, тағы басқа үйірмелер бар. Мереке сайын балалар өз күшімен концерт қойып, спектакль көрсетеді. Балалар үйінің тарихы да көл-көсір. Ертеректе есейіп, қанат қағып ұшқан түлектердің арасынан бұл күнде Еңбек Ері, академик, бірнеше доктор шығып отыр. Әйгілі жазушы да осы тізбекте. Және де олар өскен ортасын ешқашан ұмытқан емес. Жылына кем дегенде бір рет балалар үйіне соғып, әңгіме, кездесулер еткізін тұрады. Балалар үйі кімді болсын үлкен өмір жолына аттандырып салғасын естен екі елі шығармайды. Хат жазысып, хабарласып тұрады. Келімді, кетімді хат-хабардың көптігі сонша, соларды сұраптап жауап жазатын арнаулы топ құруға тура келді.
Лекіп сөйлеген директор жол ортада бөгеліп, інісін іздеп келген жігітке қараса, стол бетіне үңіліп, жылтыр тақтайды жанарымен сүртіп отыр екен. «Орынсыз мылжыңдап, түн қатып, түсі қашып келген қонағымды шаршатып алдым ба?»- деп ойлады ма, болмашы қызарып, күлімсіреді. Төмен қарап, көзімен жер сүзу Манаптың, қала берді Төрекелді тұқымының маңдайына жазылған қасиет екенін бір көрген директор қайдан білсін.
− Жә, оның бәрін бүгін, ертең көзбен көріп, қолмен ұстай жатарсыз. Жатақхана есебінен бөлінген шағып, шағын да болса жайлы қонақжай бөлмелер бар. Ініңізді қасыңызға алып жатыңыз да, шер тарқатып, емін-еркін әңгімелесіңіз, ағалық ақылыңызды аямаңыз. Болашақ философпын дедіңіз, оны да бір сынап көріңіз. − Директор оң қолының астындағы қызыл түймені төбесінен басып қалды. − Эльжбета Сергеевнаны шақыра қойшы, Лидочка. Күн сәулелі бауырлас республикадан қонақ келгенін қадап айт,- деген шұғыл тапсырманы тәй-тәй басып кірген жас қыздың мойнына іліп жіберді.
Үстел, орындықтардан басқа түгі жоқ кабинетте қонағы зерігіп қалмасын деді ме, директор батыс қабырғаны жалпағынан алып, төгіліп тұрған сарғылт шымылдықты ысырып қалып еді, ар жағында еденнен төбеге дейін ыбыр-жыбыр карта ілулі тұр екен.
− Бері таясаңыз...
Жақын келсе, карта емес, кішкене қалашықтың сызба жоспары.
− Ертеңіміз осы. Бәйге жариялап ек, облыс архитекторлары тез арада жасап берді. Қаланың бас архитекторы біздің жеткіншегіміз еді, сол кісінің себі тиді. Тамырды қай-қайда жайып жатқанымызды сезген шығарсыз. Балалар үйі дегеннен гөрі балалар қалашығы деген дұрыс емес пе, ә? Тура кәрі Ертістің жағасына төндіріп саламыз. Алып жататын алаңымыз елу гектар. Кең де биік спорт залы, жатақхана, шеберхана, клуб дейсіз бе, қайсыбірін айтайын.
...− Виктория Ивановна, мені шақырдыңыз ба?
Есік көзінен отыздың жуан ортасындағы әдемі келіншек күлімсірейді. Қырым артық еті жоқ денесі ауада қалқып тұр. «Етек-жеңінде желбіршектері мол әрі ұзын етек жібек көйлек киіп, жел етіне шыға қалса, Икар құсап дөңгеленіп айналып, аспанға ұшып та кетер еді-ау»,- деп ойлады Манап.
− Ой, көкешім, келіп қалдың ба?.. Қиын-қыстау шақта қолымды ұзартып, тынысымды кеңейтетін жан өзің ғой, тотым-ay. Турасын айтсақ, мына жас қонағымыз айшылық алыс жерден сені іздегі келіпті. − Әзілқой қалыпқа оп-оңай көшкен директор Манапқа бұрылды. − Танысып қойыңыз, аға тәрбиеші Эльжбета Сергеевна Войницкая! Әдемі де сұсты фамилия! Ұлы Октябрь революциясы Петроградта жүзеге асса да, іргетасы біздің Сібір жерінде қаланған. Элочка − айдалып келген орыс, поляк революционерлерінің өз ұрпағы.
− Құзырыңызға құлдықпын... − Манап басын әнтек изеді. Іле бір аяулы сырын байқаусызда сыртқа шығарып, шашып алғандай-ақ беті ду етті. «Құзырыңызға құлдықпын»,- деп күлдірлеп, шыбындаған арғымақ аттай кекілін желпігенше, жай ғана: «Өте қуаныштымын!»- дей салуы керек еді. Қарапайым, дәл, қысқа.
Жалпы, Виктория Ивановнаға өз басы дән риза. Адамның қандай көңіл күйде отырғанын жаңғақтай шағып, тез айыратын саққұлақ та саңлақ жан тәрізді. Сәл толқып, қобалжи кірген Манапты алды-артына қаратпай үйіріп әкетіп, көп күдігін лезде таратып жіберді. Он бір жыл қатарынан көрмеген ініге бағышталған сағынышты да, жүрек жарды қуанышын да, қияметін де айтқызбай сезіп-біліп отырған сияқты. Сол ыңғайдан аға тәрбиешінің бәденін, Манаптың қылшылдаған жастығын тілге тиек етіп, жүрдек әзілімен болсын, қолтығынан демеп, астыға көпшік тастап жатыр.
− Ініңіздің аты-жөні кім, есіме түсіріп жіберсеңіз...
Ойға шомған Манап басын көтерді.
− Төрекелдиев... Төрекелдиев Қали!
− А, Турекелдиев Гани! Айып етпессіз... Элочка, бір минут кідірме, бұл кісіні Ганиға бастап апара қой. Тек, байқа, Манап... е-е...
− Манап Сымбатович...
− Рақмет. Иә, Манап Симбатович секілді ағам бар деген ой, әрине, Ганидың үш ұйықтаса түсіне кірген емес. Өзіңіз де білесіз, балалар үйіне құртақандай кезінде, бар-жоғы төрт жасында қабылданыпты. Осыны ескеріңіз,- деді де, жігітке «Оқасы жоқ, абыржымаңыз, бәрі орын-орнына келеді» райда қарап қойды. Содан соң аға тәрбиешіге бұрылды. − Өсіп кеткен сойталдай боз баланы Манап Симбатович та салған беттен тани қоймас. Осы екі арада қолайсыз жағдайлар туып кетіп жүрмесін. Манап Симбатович ренжімесе, сыртта қалдыра тұр да, Ганиға өзің кіріп, бақайшағына дейін алдын ала жақсылап түсіндір. Адам жаны мөлдір әйнек, шытынатып алсақ, қайта жамай алмаймыз...
Жалығыңқырап қалды ма, қабақ астына көлеңке үйірген Эльжбета Сергеевна директордың алдын кесіп, лыпылдай жөнелді.
− Еш қам жемеңіз, Виктория Ивановна. Күнде көріп жүрген үйреншікті жағдай... Алайда Турегелдиев Гали деген фамилия қанша ойлансам да есіме туспей тұр. Сегізінші класта Туркелдиев Гали деген спортсмен бала бар. Оны өзіңіз де білесіз. Ал Турекелдиев, Турекелдиев... білсем бұйырмасын.
Виктория Ивановна қабағын шытты. Элочка, тәрбиешілер коллективінің бет жүздігі, әсем де әдепті Эльжбета Сергеевна қарадан-қарап жүріп, екі бірдей адымын шалыс басты. Туған ағасының көзінше інісінің фамилиясын қате атады - бір. Екіншіден, Қалиды Гали деп жаза басқан Виктория Ивановнаның ағаттығын түзетіп, ауыздан қақты. Шымбайына батқаны әсіресе соңғысы еді.
Директордың аты қашан да директор, қатты кетпеді, жазылып кете жаздаған алдаспан тырнағын ішке бүге білді.
− Балаларды сұрыптаған кезде ондай-ондай қателіктердің көкесі кетеді ғой, Эльжбета Сергеевна. Апаш-құпашта бір-екі әріп дұрыс-бұрыс жазылды ма деп кім шұқшиып жатсын. Қалай естісе, солай жаза салды. Турекелдиев осылай Тукелдиевке айналды. − Өзін сүріндірген Гани, Қали мәселесін орай шапты. − Мұндай қате, әсіресе Турекелдиев сияқты ұзын фамилияларда жиі кездеседі. Ал ініңізбен қуанышпен қауышыңыз! Бір бөлме кетер-кеткенше құзырыңызда. қанша күн аунап-қунасаңыз да өз еркіңіз. Ашыла сырласып, бір-біріңізге ет үйреніңіздер. Ертең қайтасыз ба? Қап, қап! Ендеше, сапар алдымда ініңізді ертіп маған кіріп шығыңыз. Көріскенше күн жақсы, Манап Симбатович!
* * *
Эльжбета Сергеевна баспалдақтарды шеки басып, төмен түсіп келе жатып:
− Өзі балалар үйі болса, шұрқыраған жеткіншектері қайда деп келесіз, ә!- деді бұрыла қарап. − Жазғы демалыс әлі аяқталған жоқ. Төменгі кластар пионер лагерінде. Жоғары кластың оқушылары қала іргесіндегі жеміс совхозында қияр, помидор теріп жүр. Қали секілді спортсмен балаларды алып қалғанбыз. 7 ноябрь мерекесінің қарсаңында қала мектептері спорттың әр түрінен дәстүрлі жарысқа шығады. Күні-түні аласұрып, соған ақ тер қара тер дайындалып жатыр. Былтыр бірінші орын алғанбыз. Биыл да ешкімге бермейміз деген талабымыз таудай.
Аға тәрбиешінің ізін басып келе жатқан Манаптың ойы басқада. Бәрі де дұрыс. Виктория Ивановна, Элочка, Эльжбета Сергеевна да тәп-тәуір қарсы алып, білгендерінше жол сілтеп, көмек жасады. Сөз бар ма, директор көпті көрген сыпа кісі. Жастайынан жылы сөзді аз естіп, жетім өскен бе, жасаған ізеті мен сыпайылығына таза құлады. Әйткенмен бір алмақтың бір салмағы бар. Көңіл, шіркін әлімсақтан қармақ қалтқысындай ауытқымалы. Манап директор кабинетіне кіргеннен көмейіне кептеліп келе қалған түйткіл сезімнен шыққанша арыла алмады. Виктория Ивановна алысқа өкпесі өшпей жететін стайерге ұқсайды екен. Салған бетте балалар үйінің бүгіні, ертеңі жайлы нөпір мәліметті үсті-үстіне төкпелетіп, қолды-аяққа тұрғызбай ілді де әкетті. Не мүдірмеді, не кідірмеді. Манап мүдірсе, кідірсе, тұяғы тасқа тисе деп еді. Шын жүректен шыққан сөз ежелден төрт аяғынан тең түсіп жорғалап жүре бермейді. Логиканы оқығаны рас болса, шын сөзде аумалы-төкпелі көңіл күйдің барлық гаммасының сәулесі түсіп жатуға тиіс. Ал директор өз күшінің артық-кемін жақсы білетін, оны айтасың, мәре сызығын бірінші қиятынына, жолшыбай еш демікпесіне, еш қателеспесіне кәміл көзі жеткен тасыс чемпионша кекілін жел сапырып, сырғыды да отырды. Директор да бала тәрбиелеп өсіріп отырған ана. Сонда дейді де, кешке қарай бала-шағамың ортасында бел шешіп отырып та өстіп сырғи бере ме? Әй, қайдам, ағын суға мейлінше қажалып, өзен түбінде жұмыртқадай жарқырап жататын малта тас секілді жұмыр сөздер басқа түгілі өзегін жарып шыққан өз баласының құлағына кірер ме екен?
Екеуі ағаштардың ұзын көлеңкелері сұлап-сұлап жатқан аллеяны қуалай келіп, бір қабатты қыш үйге маңдай тіреді.
− Ойнайтын да, қайнайтын да спорт залымыз осы. Балалар қазір жаттығып жатыр. Орындыққа тізе бүгіп, тоса тұрыңыз. Мен Қалиды ертіп шығайын. Кешіксек кешірерсіз. Спортсмендердің жаттығудан соң жуынып, тер басатынын өзіңіз де білесіз,- деп, тастаған Эльжбета Сергеевна Манаптың кесек тұлғасын көз құйрығымен шолып шықты. Қатар-қатар тізіліп түскен қатпарлы юбкасын жел тұрмаса да, оңды-солды шайқап, баспалдақпен жоғары көтеріле бастады.
* * *
Тығыз қара шашы ұсақ-ұсақ, бұйра, қол-аяғы таралып қалған, кең иықты болмаса да ешкімнен қарызға жаурын сұрай қоймайтын кішірек кезді ақ сұр бала, дұрысы, бозбала сыртқа серпіндей басып шыға келгенде, Манап орнынан ұшып тұрды. Сол, соның нақ өзі. Төрекелді тұяғының сынығы. Қол созып, мына баланың көрініп тұрған қай жерін ұстаңыз, әкесі Сымбаттың өзімен бірге жер астына ала кеткен нышан, белгілері. Жайшылықта қой аузынан шөп алмайтын жуас, момын, ал жиын-тойда шетінен түйе палуан атанған, додаға түссе, көкпардан-көкпарды қақшып қоймайтын Төрекелдиевтер тұқымы... Кешегі қанды соғыста Сымбаттан өзгесі баудай түсіп, Манап пен мына қара құлақ Қали баладан басқа тігерге тұяқ қалмаған Төрекелдиевтер үйірінің кенже құлыншағы... Адамның кенет толқуы не дұрысқа, не бұрысқа көнбейтін өліара сәт қой, екі қолын қайда қоярын білмей абыржып қалмасы бар ма. Ақыры арқасына айқастырып салды да, бұтағын шауып, сыпырып алған сырғауылдай сидия қалды.
Ере шыққан Эльжбета Сергеевна Манапқа күле қарап, бір қадам кейін шегінді, «көріңіз, тас түлек жас қыранымызды. Асықпай-саспай қадағалап көріп алыңыз» дегендей юбкасы сәл толқи қарап тұрды.
Бозбала Манапқа самарқау, бейжай көз салды да, аға тәрбиешіге бұрылды.
− Түу, Эльжбета Сергеевна, терді жаңа үгіп, тырыс-бырысты жаза бастағанымыз сол еді. Басқа қолайлы уақыт табылмады ма?- деді қалыптасып қалған қоңыр үнмен. Алақанына қыстыра шыққан тарағын дымқыл шашына кеміп жіберіп, артқа қарай көтеріп-көтеріп тастады. «Маңдайына көлкітіп түсіріп жіберсе ғой, тым жарасып кетер еді. Ересек адамша артқа қайырғаны қарашы. Тез ер жете алмай, он бес жастың тар қауызына сыя алмай қыстығып жүрген қарағым-ай!» Манаптың ішінде оттай ыстық бірдеңе шыжылдамай да, көңірсімей де жайлап еріп барады.
− Сөзіңе болайын, Гали. Жаттығу ағаңнан қымбат болып па. Алыстағы ағаң жыл он екі айда бір рет келеді. Жаттығу қайда қашады, ертең-ақ сүмек боп терлеп, кеткен ақыңды артығымен қайтарып аласың,- деді жымиған қалпын мысқал бұзбаған Эльжбета Сергеевна.
Аға мен інінің не ары, не бері емес жағдайын айтқызбай ұғып тұр. Сол себептен Қалидың жаңағы қатқыл сөзіне қабақ шытып, қыжыртпады. Қайта сергек сөзімен көңілде қалған тырыс-бырысты жаймалай жазып тұр. Соған қарағанда орыс, поляк аталары мен әжелері Сібірдің қақаған суығын да, темір бұғаудың құрсауын да миземеген көңілді жандар-ау, тегі. Манаптың кім екенін Қалиға әдейі айтпаған жайдары келіншек төбедегі түгел, түтіні түзу заманда сирек ұшырасатын қызық кездесудің бал қаймағын талмап, бар дәмін шырғасын шығармай татқысы келіп тұрған секілді.
«Алыстағы ағаң...» дегенде Қали бетін бермен бұрды. Бұл жолы зер салып қарады. Бағзы жылдарда біреуді біреу біліп болмайтын қанбазардың қақ ортасында кездейсоқ ұшырасып қалған көлденең көк аттыны қазір түстен тани алмай тұрғандай жүзінде толқу бар. Баяғыда бүйірі түскен қара чемоданын арқалап, астанаға оқу іздеп аттанғанда Манапты ешкім шығарып салмаған, оқуына түсіп, қуанышы қойнына сыймай қайтқанда жан адам қарсы алмаған. Сол себепті ме, Манабың мұндай сын сәтте қайту керектігін білмейді екен, құшағын жайып жіберіп, «Ой, бауырымдап!» ентелей жүгірудің орнына, қаққан қазықтай қыдиып тұра берді. Жымиыс табын ерін ұшынан тез-тез жиып алған Эльжбета Сергеевна Қалидың құлағына сыбырлап қалды: бойшаң бозбала сонда ғана теңселіп кетті, баспалдақтарды санап басып, төмен түсіп, бері беттеді.
Бұл кезде өзін-өзі қамшылап үлгерген Манап та қорғасын аяғын әрең алып, қарсы жүрген. Бой жағынан қарайлас бозбала төніп қалғанда:
− Бар екенсің, бауырым!- деп, алға созған екі қолын айқара ашып, ыстық құшаққа айналдыра беріп еді, Қали:
− Здравствуйте, дяденька! Как живете?- демесі бар ма.
Созған қолы сынғандай сылқ түсті...
Жер шетінде жатқан балалар үйіндегілердің орысша оқып, орысша сөйлейтінін неге білмесін. Білу бар да, көзбен көріп, қолмен ұстау бөлек екен. Соңғысы алдыңғыдан он есе ауыр ма деді. Сырт көзге Манап сабырлы, салмақты көрінгенмен жетім өскен адамның мінезі бұған да жұққан; ешкімге сыр бермесе де іштей қиналып, іштей желінетін. Аға тәрбиешіні дер кезінде есіне түсірді де, бойын жинады. Қалидың амандасу үшін солаңдатып ұсынған қолын ұстай алды да сілкіп өзіне тартып, төсіне төс тигізді, маңдайынан иіскеді. Тіп-тік бозбала иілмеді, ағаштан шабылған жансыз мүсінді құшақтағандай болды. Шашынан шыққан арзанқол сабынның иісі кеңсірігін жарды. Эльжбета Сергеевнадап қысылды ма, Қали бетін алып қашып, құшағынан сытылып шыға берді.
− Да ну...
Абырой болғанда, аға тәрбиеші қызық-шыжыққа айнала бастағанын аңғарып қалды.
− Мен кетейін... Іздей қалсаңыз Виктория Ивановнаның қасынан табыламын.
Кібіртік басып, ұзай берді. Он-он бес қадам былай шыққасын ғана Элочка, Эльжбета Сергеевна екені есіне түсті ме, бойын кілт түзеп, қозы жауырыным жазып, дік-дік басып кете барды. Юбканың ұсақ қатпарлары қолма-қол қайнап сапырылыса жөнелді. Келіншекті көзімен ұзатып салған Манап осы бір ашық-жарқын қылап келіншекті ұнатып қалды. Бұ дүниенің кереметін қара, келіншек бойынан қылықты Элочканы емес, мейірімді ана бейнесін іздейтін тәрізді. Қырыққа іліне бастаған әйелдерді көрсе болды, өз шешесі есіне түседі. Анасы осы жаста қайтыс болып еді. Омскіде кездескен Эльжбета Сергеевна көзіне тағы жылы ұшырап кетті. Өле-өлгенше бұл дүниеден шешесін мың бейнеден іздесе де, мәңгі-бақи таба алмай арманда өтетін шығар...''
Қали аяғына сұққан ала таспалы кроссовканың тұмсығымен көлденең жатқан қиқым шөпті қуалай түрткілеп, бейжай сылбыр тұр.
− Кел, отырайық!- деді Манап ағаш орындықтың шетіне құйрық басып.
Отырды.
− Халың қалай, Қали?
Төрекелдиевтерге заман шекесінен қараған жылы балалар үйіне өтіп кеткен төрт жасар баладан бұл күнде сойталдай бозбалаға айнала салған Қалиға: «Халың қалай, інім?» − деуге аузы бармады. Десе Қали мұның аға екеніне сенбей қоятындай, құлағына ілмейтіндей жүрексінді.
− Спасибо. Так себя... − Қалидың көзі батып бара жатқан күннің қалың жапырақ арасынан суырылып түскен алып қашты сәулесіне шарпысып отыр.
«Қайтсін, кіндігі бір болса да, өскен ортасы басқа. Адам жаңа қалпақ екеш қалпақты да байқап-байқап киеді. Жер астынан шыққан Желім батырдай жабыса кеткен жаңа ағасын жатсынып отыр ғой. Өзіме де обал жоқ. Әуелі хат жазып, тіл алмасып, ағайын, аға жайын құлағына жайлап сіңіріп алған жөн еді. Жиырманың төртеуіне келген мен бүйтіп берекем қашып, күлім шашылғанда, бесіктен белі шықпай жатып, туған жерден шығандап кеткен бұған не жорық!» - деп ойлады Қалидың дөңес мұрын, кесек пішінді бетіне іші езіле елжірей қарап қалыпты.
− Оқуың қалай? Биылғы класын сегізде ме?
− Сегіз... А... Иә... − Қали басын әнтек изеді.
− Жатар орын, киер киім, ішер ас... таршылық көріп жүрген жоқсың ба?
Қали: «Осы не деп отыр?» - дегендей бар денесімен бұрылып, жігітке тесіле қарады. Орынсыз сұрақ қойғанын кеш білген Манаптың бетінен оты шықты. Аға болу қиын шаруа екен. Қалиды қайдам, ініге аға болып, еміренуден Манап қалыпты. Ойлап отырса, он бір жыл бұрын, Қалиды балалар үйіне тапсырып тұрып, сорасы ағып, үнсіз жылағанда ғана аға болыпты. Қазір ол аралық сезім ұмыт. Сүт пісірім бұрын Қалиды көргенде ғана кеудесіне нұр құйылды. Осы минутта оның орнына у құйылғандай. Әр нәрсенің басын бір шолып, уақыт өткізу - мына тірлігі. Балалар үйіндегі таршылық-молшылықта не жұмысы бар? Қали алда-жалда шамданып қалып: «Таршылық керетінімді білсеңдер он жыл бұрын балалар үйіне қолдарыңнан бермес пе едіңдер?» - десе, не бетін айтады? Әйтпесе: «Бөліп беретініңіз бар ма?» - деп төтеден салса ше... Қалай айтса да орынды, көтерін аласың. Сымдай тартылып, серіппедей атылғалы отырған Қалидың, мемлекет қамқорлығындағы Қалидың, өз халінен, жалаң аяқ студент жағдайынан көш ілгері. Оң-солын танып қалған бала оны білмейді дейсің бе?
Жалпы, іштей қорқып отыр. Алматыдан аттанғалы іштей дайындап, неше қайтара пысықтап келген басты сауалын қабырғадан қойып, сөзді ашыққа шығарудан тайқақсиды. Әйтпесе: «Халің қалай, жатар орын, киер киім, ішер ас...- деп күмілжу - он бір жыл кермеген ініге қояр сұрақ па? Кеше келіп, бүгін кетіп, күнде тос тигізіп жүрген жанның сөзі ғой бұл, әншейін. Өз-өзін әуелі осылайша іштей сөгіп, сон соң қайрап алды да, бір деммен:
− Ауыл есіңде ме? Көкем, мен... Қалғұты... тау, қалың орман есіңде шығар? - деп салды.
Кроссовканың тұмсығымен тротуарды оңды-солды сызғылаған Қали басын немкетті изеді. Сасын қалған Манап жөткірінді. Ұмыт, тас ұмыт, ұмытып қалыпты... Әйтпесе екі қолын орындық арқалығына созып жіберіп, шалқалаған мына қалпын титтей болсын өзгертер еді. «Япыр-ау, мынау сол Манап па? Бауыры жабысып, бірге туған ағам ба?»-деп, басын көтеріп, бетіне көз салмас па?
Шын туыс кешірімшіл. Қатты ренжісе де інісін жамандыққа қимады, дереу ақтап алатын дәлел іздеді. Қалидың мінез-құлқы өсе келе үстінен кеш өтіп бара жатса, былқ етпейтін көкесіне тартуы кәдік... Солай, солай-ақ болар. Іске келгенде жаудай тиіп, апырып-жапырып жіберетін; ал сөз дегенде аузына маржан салып, томаға-тұйық тымпиып отырып алатын «ішімдегіні тап» қыңыр тұқым-ай!
Шай қайнатымдай толғанып, ойын әбден пісіріп алды да, оқыс кимелеп, үсті-үстіне төкпектете жөнелді.
− Өскемендегі балалар үйіне сені бұлыңғыр күзде ағарып тапсырдық. Өзге амал да қалмаған. Шешені қылтамақ алып кетті. Жерге қарап әкеміз күрт шөккен. Соғыстан контузия алған адамнан не сұрайсың. Төсек жаңғыртып, бізге өгей де болса ана тауып бере ме десек, қаны қайта-қайта көтеріліп, ауруханадан шықпауға айналды. Мен мектеп-интернатта оқимын. Сонда деймін де: «Қалмаймын есе қалмаймын!» - деп, зар илеп жылағаның күні бүгін көз алдымда. Ұстап жібермеген тәрбиешінің білегін қыршып алдың. Біз де көз жасымызды сығымдап тұрып: «Дорба-дорба кәмпит теңдеп, екі-үш күннен кейін келеміз, қорықпа, алып кетеміз қайтадан»,- деп алдарқаттық. Теріс бұрылып, тұғжыңдай берген көкеме көп қарайламай, маған қол созып, пора-пора жылай бердің: «Мака - Манапқа тілің келмей, Мака дейтінсің - кәмпитті сен әкел, сен алып кет!» - деп... Содан итіңдеп ауылға жеткенше... біреуді жерлеп келе жатқандай... тіс жарғамыз жоқ. Бір апта бойы басыма жастаған күпәйкім таңертең дымқыл тартып жүрді... Тәтемнен айырылғасын сені көкем бақты. Жазғы демалысқа келгенде жаялығыңды өзім жуып жүрдім. Мені өлердей жақсы көретінсің. Бір бидайды бөліп жедік. Қайда барсам сонда томпаңдап, ізімнен екі елі қалмаушы ең.
Манап көзімен тротуар сүзіп, отырып қалды. Қара жер қойнына өзіммен бірге ала кетермін-ау деп талай жыл тұмшалап сақтаған сырының тиегін ағытса да, аяғына шыққанша асық болды. Туған інімен құрғақ қурайды қырт-қырт жегендей сөйлесермін деп ойламап еді.
Қали ше? Төмен салған кірпігі көзін көлегейлепті. Не ойлап отырғаны белгісіз. Қолдарын айқастырып салған күйі бауырына тығып, іші ауырғандай еңкейіп отыр.
Манап демін жұтып, ақырын күрсінді. Еңкейіп, жерде тігінен тұрған дипломатын іліп алды да, алдына өңгеріп салып, аузын сырт ашты. Жаздық женіл костюмнің қаттауын жазып, бірер сілкіді де орындық үстіне жалпағынан салды, саусағының ұшымен Қалиға сырғытты.
− Биыл құрылыс отрядына барып ем... Табыс тәуір болды. Қырық алтыншы... Дәл шығар. − «Киіп өлшеп көрсеңші»,- деуге таңдайына жабысқан тұтқыр тілі күрмеуге келмеді.
Қали костюмге көз қиығын немқұрайды тастады да, миығынан күлімсіреді. Сол мезет үстіңгі ернінің сол жақ құйрығы дір етіп шапши қалды. Манаптың қолқасы суырылып кеткендей болды. Жан дүниесі әлем-тапырық. Жасаурай қалған жанарын Қалидан аударып, күн сәулесіне шағылысқан терезелері жапырақтардың арасынан жылт-жылт сығалап тұрған оқу корпусына бағыттады. Аумай тартпағыр, тура көкесі! Әкесі күлмей ғұмыр кешті, қиратқанда күлімсірейтін, сонда ернінің сол жақ құйрығы өстіп жоғары шапшып қалушы еді.
− Киім жағы бар... Жыл сайын жаңалап тұрады. Қырық сегіз болмаса, қырық алты маған тар.
Жайбарақат үн құлағына жеткенде желіп келе жатып, жарқабақ шетіне ойқастап шыға келген аттай желкесі тартып, иегі көтеріле беріп, кегжиді, де қалды. «Айдан-айға хабар-ошарсыз... ізсіз кеткен, жылдан-жылға құйрығын ұстатпаған... әрең табылған інісі... осы Қали ма?» дегенді сағызша созып, бөліп-бөліп ойлады.
Сыдыртып самал соғып еді, жасыл жапырақтардан екі-үш сары ала теңге саудырап түсті де, біреуі қалбалақтап кеп, Қалиға тар костюмнің өңіріне сырғи қонды. Жалқы жапырақтан көзін алмай:
− Мұрнағы жылы... көкемнің басына тас жинап, қорған көтердім. Саман кірпішін өз қолыммен құйдым. Көрші ауданнан екі атадан қосылатын туыстар табылған, олар да аянбады,- деді. Сәл бөгеліп, сөзін жалғады. − Бүгінде елдің жағдайы жақсы. Тамақ тоқ, көйлек көк.
Жоқ-жітік жылда елден кеткен бала: «Жетім ағатайым тағы да жүдеп-жадап келіп қалды ма?» - деп ойламасын деген сыңайда ұзын есеппен айтты мұны. Алыстан орағытып: «Жетім болсақ та, құйрық-жалсыз емеспіз; қала берді ел, жер бар, есіңді жи, қамықпа!» -дегенге сайған сиқы.
Қали еңсесін салып, бері бұрылды. Өңінде таңданыс па, қобалжу ма, қалай айтса да өзгеріс ізі сайрап жатыр. Кішкене көзі жылтырай қалыпты. Тізе бүккелі алғаш рет Манаптың аузына қарады. Ағасы да іштей Қалиға қарай итініп, жылжи түсті.
Бозбала:
− Тас жинау... О немене? - дегенде жылжып кеткен жерінде омайып отырды да қалды. Алақаны костюм матасын уыстап мыжғылай берді. Не деп кетті мына бала? Басы мыңғы-дыңғы. Іле: «Қасыңда інің отыр, көзіңді ашып қара, інің!» - деп, түрткілеген есек дәме көңіл тағы жібіді. Кіндік кесіп, кір жуған жерден алыста өскен саяқ бала өз халқының әдет-ғұрып, салт-санасын білмесе, жазықты ма? Өлсе - Манаптың әкесі өлді. Ал бұл күнге дейін Қали әке-шешем жоқ, иесіз, сұраусыз жетіммін деп келді. «Жетім қозы -тасбауыр» бала қайтыс болған адамның басына қазақтардың тас жиып, зират көтеретінін аспаннан оқып біле ме. Көрсе қаланың темір шарбақты крест, жұлдызша, тас мүсінді қалың моласын көріп жүр. Онда да көрсе...
− Қалай десем... Қазақтар дүние салған адамды арада жыл өткізбей басына зират көтереді. Бір жағы қабірді ит-құс, тұяқты мал тапап, обал болмасын деп, екіншіден: «Орныңды жоқтатпайтын, түтініңді сөндірмейтін аяулы адамдарын бар, ізің өшкен жоқ, топырағың торқа болсын!» - деген ыңғайда, өлген адамға көрсетілген ізет. Қолы жеткені қызыл қыштан күмбез көтереді. Қалғандары таудың тасын сандықтап қалап, саман кірпіштен қорған орнатады...
Төмен қарап ойланып қалды. Иә, сол тасты қалап біткенше таңның атысы, күннің батысы арпалысып асықты. Қорған қалқайып, ақыл-тақыл тұрғанда ғана әке алдындағы соңғы парызынан құтылып: «Уһ!» - деді. Зілмауыр жетімдігін тас астына қоса бастырып көміп, жарық дүниеге қайтып шықпастай қорғанмен қоршап, екі иығын кере дем алған.
Көзінің құйрығымен Қалиды бақса... Бейжай, салғырт, самарқау. «Сөйлесең - ауыз өзіңдікі, сөйлемесең өзің біл, айттың сендім, рақмет!» кейіп. Астыңғы ерні жиналмай жатыр. Келесі сәтте тарағын қалың, қайратты шашына көміп жіберіп, тысыр-тысыр тарады. Қомпайған ұртына ауа жинап алды да, жүзін тәптіштеп тұрып үрледі.
Манап ішін тартты - Қали көкесі қашан, қалай қайтыс болды, қаузап сұрамақ түгіл, тіс жармапты. Ағасы Манап қалай күнелтті, қай институтқа түсті, оқуы, болашағы не, ләм-мим жоқ. Жарайды, Манапты қойшы, фамилиясына жазылған әке хақында тырнақтай бір ой, тебіреніс қайда?
Көзден кеткесін көңілден бұлбұл ұшқаны да.
Бір де бір әке, шеше ныспы көрінбеген аш ішектей ұзын аллеяға көзі түскесін саябырлап, сабасына түсті: «қарағым!»- деп, қанатының астына алмағасын, маңдайынан иіскеп, тер иісі аңқыған қойнына алып жатпағасын әке бейнесі көмескі тартып, жыл артынан жыл өткен сайын өшіп кете барғаны да.
Өзі де сормандай жетімдіктің тақсіретін аз тартқан жоқ. Обалы не керек, көкесінің көзі тірісінде аш боламын, тоқ боламын деп ойламады. Кейін әке кетсе де, әкесінің үзеңгі жолдас құрдастары, әкесін көрген ауыл қалды. Маңдайдан шерткен, сыртқа тепкен Текебай тентек бірен-саран еді. Аудан орталығындағы мектеп-интернатқа алынып, сонда жатып оқыды. Жазғы, қысқы демалыстарында әлгілердің балалары ата-аналары тапсырғасын ба, әлде өздері біліп шақыра ма, әйтеуір, қоймай үгіттеп, ауылға ала кететін. Алда-жалда қырсығып ермей қалса, әке-шешелері: «Манапжанға дұғай-дұғай сәлем!» -деп, өңкей көген көздің аузынан жырып берген піскен ет, құрт-ірімшігін балаларының сөмкесіне салып жіберетін. Қазір де жазғы демалыста қап үйге түсем деп қиналмайды. Ендеше, осы ел мен жер деген киелі сезімнен бүлдіршін жастан жұтап қалған қаршадай інісіне шүйілгені неткені? Тамағы тоқ, көйлегі көк болса да «туған әке, шеше, туған аға, іні, туған ауыл, ел» деген қасиетті ұғымнан қағылған баладан не сұрап, нені дәметіп отыр? Бесіктен белі шыққалы көрген-білгені өзі сықылды жетімектер, тәрбиешілер мен төрт қабырға, жағалай қойылған жетім төсек, жетім парта...
Кімге кінә қоярсың? Ошақтың күлін аспанға шығарған соғысқа ма? Ол айып-айбанаң кімге дәрі? Кілең қам көңіл сөз тізбегі көмейіне лықып келіп еді, Қалиға кенеттен тіл бітті. Аша берген аузын жаба қойды. «Сөйлесінші, іштегі шерін сыртқа шығарып, емін-еркін есіліп ағылсын бір, туған жердің алақандай қолатын алыстан арқалап жеткен аға алдынан бауыры жазыла өтсінші» деген ой ауыздан қақты.
− Мереке қарсаңында жас өспірім боксшылардың қалалық біріншілігі өтеді. Соған жатпай-тұрмай дайындалып жатырмыз. Былтыр финалда ұтылып қалғанмын. Биыл қайтсе де есе қайтару керек. Жас өспірімдер тобы бойынша бірінші разрядым бар...
Бөсіңкіреп кеткенін кеш аңғарған бала бетін бұрып ала қойды.
Манап сергіді. Аз-мұз мақтаныш аралас лебізді естігенде барып жанында кәдімгі алаңғасар бала отырғанына сенді. Жора-жолдастарының үйіне барғанда ойыншықтарын жинап, қайта шашып, ойынға алданып жүретін көп қара домалаққа қара да, мына Қалиға қара, бәрібір. Дегенше және сезікті ой сумаң қағып, маңдайы суып берді. Бауыры жабысып, бірге туған дос-жарандарының інісіне теңеп, өзінен алыстата түсіп, құйрығын сыртқа салып отыр екен. Өз інім, қандас Қали інім дегенді санасына қалай сіңіргісі келсе де болатын емес. Жанбай жатып өшкен бұл неткен көңіл?
Қалған көңіл де...
Қалың ой Манапты әбден меңдетіп, тұралатып тастады. «Боксынан бөтен ермегі бар ма өзі!»- деген ойына ілесе:
− Басқа немен айналысасың, Қали? - деді. «Інім» деген жалғыз да жылы сөз аузына тағы түспеді.
Қалидың қабағы жазылып, жадырап жүре берді. Орындықтың көлденең ағашына алақан тіреп, көтеріліп-көтеріліп қойды. Әр сөзі қунақы, жігерлі.
− О-о, табиғатты жақсы көремін! Әсіресе жан-жануар, жәндіктерді! Біздегі тірі табиғат мүйісі менің қарауымда. Жылан, бақа, шаян, қоңыз, құс - бәрі табылады. Түгел өзіміз бағып-қағамыз. Үйірмеге отызға жуық пионерлер мен октябряттар мүше. Кеше қала іргесіндегі орманға серуен құра шығып ек, сапарымыз сәтті болды. Аузының салымы бар екен Коля Жеребцов Патрикеевнаның кішкене күшігінің үстінен шықпасы бар ма...
− Патрикеевна?
− Түлкі дегенім де. Күшік алпыс айлалы мыстан екен. Қашқаннан қашып, жуан еменнің қуысына кіріп кетті. Жеңімді түріп, қолымды сұғып жіберіп ем, бармағымды тістеп алды. Міне, ізі!- деп, ұшы сызылған сұқ саусағын шошайтты. − Жеребцовтің құрметіне «Коля» деп ат қойғанбыз. Қолға үйренбей ме, жатырқай ма деп қорқып ек. Бүгін таңертең алдына қақпанға түскен тышқан тастап ек, қайда жатырқаған, екі қылғып, бір жұта салды. «Тағы нелерің бар, әкеле беріңдер»,- дегендей, «Коля», шіркін, жалақ-жұлақ етеді, − Күліп қойды. − Патрикеевна десе Патрикеевна! − «Бұл тамашаға енді нені қосып айтсам» дегендей аз-кем ойланды. − Өткен жылы қала мектептері бойынша мүйісіміз бірінші орып алды. Аң-құс, жәндіктің түр-түріне бай екен деп аяғымызды жерге тигізбей мақтады. Жуырда Эльжбета Сергеевнаның ағылшын сеттері күшіктепті. Біреуін тегін берем деп отыр. Сондай жақсы адам өзі!- дегенде өңі құбылып кетті. − Қазақстанда ақбөкен жыртылып айрылады деп оқыдық. Соның сүп-сүйкімді бір лағын қолға түсіріп алсақ, облыстан да алдымызға жан салмас едік. − Әлденені дәметкен пішінде Манапқа көз астымен қарап қойды.
«Сол сүйкімді лақты сіз тауып беруге қалайсыз?»- деген ымды Манап та түсінді. Қали балаға деген өкпе-ренішті бұл кезде таза жиып қойған. Шыжымдап сөзге тартуды да доғарды. Және де манадан томсарған Қалидың сөз ұшығын ұстай алмай амалы құрығанын, бек қиналып отырғанын және ұқты. Іздегенге сұраған дегендей, мына бір қитығы жоқ бейбіт әңгіме басталып кеткені жақсы болды. Он бес жастағы баладан не сұрайсың. Көрген-білген бар қызығы табиғат мүйісі, ойлағаны бірінші орын, бокс болса, байғұс бала, расында да, басқа несін айтсын.
Түсінген адам кешіре де біледі.
Басын салбыратып отырып-отырып:
− Болашақта кім боласың?- дей салды ерін ұшымен.
Қали іркілмеді.
− Ұшқыш... Әскери ұшқыш боламын. Балалар үйінен түлеген ұшқыш ағалар баршылық. − Манап мырс етті. «Аға» деген сөз көп күттіріп барып, аузынан ақыр соңында шықты-ау. Өз ойымен өзі әуре Қали оны елемеді.
− Әнеугүні соның бірі келіп кетті. Клубта кездесу өткіздік. Сидоров Александр Павлович. Ордені бар. Полковник. Соғыста қаза тапқан әкесі де истребитель - ұшқыш болыпты. Екінші күні жатпай-тұрмай аңдып жүріп, жатақхананың шыға берісінен ұстай алдым да, жеке сөйлестім. «Әскери ұшқыш боламын десең, денсаулығыңды осы бастан мықта. Спортыңды тастама!»- деді. Қазір Саша ағаймен хат жазысып тұрамыз. Сондай бір жаны жайсаң жақсы аға!
Қали қысыңқырап алған көзін қарсы алдындағы биік теректің ұшар басына тігіп отыр. Көк зеңгірдің төсін тіліп, аспанда ұшып жүрген өзін ойша елестеткендей ме, қалай? Пысық. бала ғой, бойын тез жинап алды. Манаптың жиырылған жөнінен сойдиып шығып тұрған білегіне қадалды.
− Уақытыңыз қанша?
− Бес минутсыз бес.
− О! − Қали атып тұрды. − Отырып қалыппын. Уақыттан ұтылсам, жарыста ұтылғаным. Бес жарымда жаттығу бітеді. Тым болмаса, қалғанына қатысайын. Жаз бойы салмақ қосып, бұлшық етім босап кетіпті. Қош бол...- дей берді де, тілін тістеді. − Сіз... қонасыз ба?
Манап төмен қараған күйі:
− Жоқ, кетемін. Кешкі алтыда поезд бар,- деді.
− А-а... Сапарыңыз сәтті болсын! − Серпіндей басып спорт залына қарай ұрып жөнеле берді.
Орындық үстінде қырық алтыншы костюм көлбеп жатыр.
− Бері кел, Қали!
Бұрылды.
Жақындады.
− Кешіріңіз... Маған сыймайды. Артық та емес. Қатар жатқан Эльдар Ғиззатуллинге құйып қойғандай екен. Бірге оқимыз. Бойы тәштік. Соған сіздің атыңыздан сыйлайын. Ренжімейсіз бе?
− Түк ренжімеймін.
− Рақмет! − Костюмді қолтығына қысып, жаңағы сара жолына түсті.
− Хат жазамын. Келер жылы жазда келемін... келетін шығармын,- деді Манап ізінше.
Естімеді ме, Қали сызып кете барды. Баспалдаққа екі-ақ ырғып шығып, кілт бұрылды да, қолын бұлғады. Күлімсіреп еді, үстіңгі ернінің сол жақ құйрығы шапши қалды. Орындық қасында тұрған Манаптың тұла бойы дір етті. Көзін мұнар алды.
Алға қарай емпеңдеп жөней бергені есінде. «Қалқам-ай! Қанатым-ай!»- деген сыбыр құлағында көшіп жүр. Есік сарт жабылғанда барып есін жиды. Биік баспалдақ бос екен...
* * *
Бір орында ұзақ жыл отырып қалған бастықтар әуелі стол, креслосын өзінің өміртанымына, мінезі, мәнеріне қарай бейімдеп алады да, жылдар өткесін бара-бара өзі де жаңағы жиһаздарға әбден кірігіп, соған ұқсай бастайтын болу керек. Виктория Ивановна манағы қалпына қылау түсірмей, қағазға шұқшиып отыр. Рұқсатсыз кірген, онымен қоймай сылбыр басып, креслоға сылқ отыра кеткен жігітке таңдана көз салды. Жарты минуттай шұқшия қарады да, көңілі орнына түсті. Жайлап күлімсіреді. «Айтпасаңыз да түсінемін. Он бір жыл жүздеспеген інімен қауышу - небір тас жүректі теңселтіп жіберетін оқиға. Қуаныш та, қайғы да бірдей деген осы; Түсінемін... Сіздерді түсіну үшін отырмыз. Мұндай қуаныштың көкесін, атасын көргеміз. Бұл кабинетте өліп-тірілгендер де табысқан»,- дегендей, тоқтығы мен бек ризалығы бетіне қайнап шығыпты. Қанағат райда шалқайыңқырап отырды да:
− Қолыңызды қысып, шын жүректен құттықтап қоямыз ба, Манап Симбатович? Элочкадан құлақ қағыстымын. Жолшыбай соғып кеткен. Жалқы емессіз... Иә-ә. Бұдан былай ініңіз бар... Тынысыңыз бар...- деп, соңғы сөздерге іркіліп-іркіліп, салмақ түсіре айтты.
− Әрине... Рақмет!- деді екі алақанын стол бетіне түп-түзу ғып жазып салып отырған Манап жерден көз алмай.
Директор қасын керіп, ойланып қалды. Қателеспесе, жас жігіт соншалықты асып-тасып, шалқып отырған жоқ. Дала халқы қуанышқа да, қайғыға да бірегей берік, ұстамды келеді деуші еді... Сол рас болмағай.
− Эльжбета Сергеевна жатын бөлмеңізді көрсеткен болар.
Тым қауқылдап, даурығып кеткеніне опынып қалған директор ресми қалыпқа көшті.
Жігіт басын көтеріп алды да, директорға тіке қарап:
− Кететін шығармын. Кешкі алтыда поезд бар,- деді әр сөзін нықтай түсіп.
Директордың қаламы стол бетін барабандата берді де, кілт тынды.
− Келмей жатып, кетеміңіз қалай? Бері алғанда екі-үш күн қонып, аунап-қунап қайтатын шығар деп едік. Ғалиды ертіп, шаһарды араласаңыз, ашыла сөйлесіп, жағдайына қанықсаңыз қайтер еді? Омск - тарихи дәстүрі бай қала, арысы Федор Михайлович Достоевский, берісі революционерлер ең ауыр да өнімді жылдарын осы қалада өткізген. Әлде... қара басқанда біз ойыңыздан шықпай қалдық па?
Виктория Ивановна: «Мен сізге өкпеледім. Шама-шарқымыз келгенше көмектесіп, жалпылдап жатырмыз. Табалдырықты аттағаныңыз сол, жау қуғандай қайта қаштыңыз» деген емеурінді ашық білдірді.
Жігіт жел өтінде тоңып отырғандай бес саусағын тізесіне салып, жайлап мыти бастады.
− О не дегеніңіз, Виктория Ивановна?! Екі дүниеде ризамын сіздерге. Қали мықты жігіт болып өсіп келеді... Спортсмен... натуралист... Алғыстан өзге айтарым жоқ. Өте асығыспын. Ауылдан келіп оқитын студенттердің жағдайын білесіз. Бір аяғы қалада, бір аяғы далада. Келер жылы амандық болса, тағы да соғармын.
− Өзіңіз біліңіз.
Қоштасып, кетіп бара жатқан Манапты ту сыртынан шыққан дауыс тоқтатты.
− Дипломатыңызды ұмытып барасыз.
Мойын бұрған жігіт жымиып еді, үстіңгі ернінің сол жақ құйрығы шапши қалды.
− Иә, айтпақшы... Дипломатты Қалиға тастап кетсем деймін. Ойға-қырға шапқылаған сан қилы сапарда талай жыл адал серік болып еді. Көзімдей көріп ұстасын. Қиын болмаса менің атымнан дұғай-дұғай сәлем айтып, тапсыра салыңыз. Мана есімнен тарс шығып кетіпті.
Манаптың жүріс-тұрысындағы үлкен өзгерісті Виктория Ивановна сезген. Бірақ сол өзгерісі не өзгеріс, анық айыра алмай әңкі-тәңкі. Сұрауға ыңғайсыз. Пысық боламын деп жігіттің бұған белгісіз ескі жарасының аузын тырнап алуы ықтимал. Біраз ойланып отырды.
− Жүріңіз, есік алдына дейін шығарып салайын. − Директор отырған орнында арлы-берлі найқалып, қозғалақтағанымен кептеп алған кресло оңайлықпен жібермеді.
− Өзім-ақ... Қам жемеңіз. Алғыстан басқа айтарым жоқ. Эльжбета Сергеевнаға көптен көп сәлем. Қош болыңыз!
Ашқан есігін қайыра жаппаған жігіт дәлізді бойлай санап басып, кете барды.
* * *
Қалың будың арасынан қалқып шыққан «Волгаға» қол көтергенін, шофердің кідіріссіз есік ашқанын, жұмсақ орындыққа аузы буылған қапшықтай сылқ етіп отыра кеткенін, «Вокзал!»- деген сөзді әрең айтқанын біледі. Орындық арқалығын желкесіне жастап, басын артқа тастап жіберді де, көзін жұмды.
Манаптың мінезі де әкесі Сымбатқа тартқан еді. Қандай да бір қабырғаны қайыстырар қайғыны үнсіз көтеріп алатын. Сөзге, әзіл-қалжыңға да солай еді. Сырт көзге томаға-тұйық. Тек іштей күйзелетін. Осы мінезін ілік еткен жора-жолдастары: «Әй, осыған ақаңды ішкізіп көрелік. Желім батырың бауырын жерден сонда көтеріп қалар. Талай батпан мен балпанды жын қағып кеткендей дедектеткен әйгілі ащы су емес пе»,- деп сырттай келісіп алып, араққа да жығып көрген. Үміттері ақталмады. Манап бауырын жерден көтермек түгіл, қол-аяғын қозғаудан қалған. Жолдастары сұрап сөз ала алмады. «Сөзге салсаң баспайтын, араққа салса, батпайтын мынау бір Алпамыс екен»,- деп, екі қолдарын төбесіне қойған. Татып алмаса да, осы минутта сондай сүлесоқ хәлді бастан кешіп отыр.
− Қалай, ініңізді тауып алдыңыз ба?- деген дауысты естігенде ғана зілдей басын зордың күшімен көтерді. Манаты шофер, манағы такси...
− Таптым.
− Халі қалай?
− Тым жақсы.
Такси шинасы ғана сыбырлап келеді.
− Тез қайттыңыз.
− Жұмыс бастан асып жатыр.
Шофер ұқтым деген сыңайда басын изеді. Сол көзін сығырайта қысып алып, жайымен сөз бастады. Сөйлеген сайын даусы қатайып, үдей берді.
− Мен де жалғыз қарындасымды жоғалтып, жер соғып қалған жан едім. Әкей Венгрия топырағын жамылып жатыр. Шешені Ленинград блокадасында бергенбіз. Әупіріммен тірі қалған көршілер қиын күндері пана болып, қоршау шебі бұзылғасын балалар үйіне өткізді. Соғыстан соңғы қым-қуыт аласапыранда балалар үйі екіге бөлініп, біреуі басқа өлкеге көшіп кетті. Сол апалас-төпелесте бір-бірімізден көз жазып қалдық. Мен бесте, ол үш жаста екен,- дегенде «Волганың» жұмсақ, сырылы кенет күшейіп, гүрілге ұласып барып, сәлден соң демігін басылды. − Үй болдық, бала-шағалымын. Судың да сұрауы бар. Света кеткен балалар үйі Ертістің Сібір жағындағы үлкен қалаға ауысты дегенді кезінде шала-шарпы естіп қалып ем. Тұрмыс түзегесін сол қаласы осы шығар деп, Омскіге кешіп келдік. Ізім-қайым... Көрші қалалардан да іздеп көрдім. Светлана Коновалова жоқ та жоқ... Кім білсін, күйеуге шығып, фамилиясын өзгертуі де мүмкін. Ірге теуіп қалған қаланы қиып кету де қиын, бұл күнде омскілікпін деп қойып, ақар-шақар тұрып жатырмыз, бауырым. Әрі осы қаладағы үрпек бас қыздар неге екенін қайдам, Светаға ұқсайды да тұрады. Өзін, кіріп шыққан балалар үйінің қасынан күніне екі-үш зуылдатып өтпесем, ішкен асым бойыма батпайды. «Вилтюк!»- деп, сол үш жасар күйінде шашы үрпиіп, қақпадан қалтақтап шыға келетіндей... Вокзалдан балалар үйіне тура тартатын жолаушылар да баршылық. Әр жерден өзің секілді інісін немесе қарындасын іздеп келіп жатқандар көп. Светадан тірідей айрылсам да, аңсап табысқан жандардың қуанышына ортақ болын, тым болмаса жәмшіктігіне жарап қалайын да. Солардың асып-төгілген қуаныш-шаттығының бір ұшқыны жүрегіме ұшып түспес деймісің. Қазір үйдің адресін жазып берейін. Қалтаңа салып қой, күндердің күні керегіңе жарар. Ұлтымыз әр басқа болғанымен, мұнымыз бір жігіттерміз. Келесі келгеніңде ініңді ертіп ал да, біздің үйге бас сұғып шық. Светам күндердің күні табылып қалар деген үміттемін. Өсіп қалған бойжеткені болса, кім біледі, сенің ер жетіп қалған інің бар, құда-құдандалы болып қалармыз,- деп, көзін қысып қойды. − Мына темір тұлпар аман болса, вокзалдан өзім қарсы алып, өзім шығарып саламын. Тек келетін күніңді бұрын хабарлап, телеграмма сал.
Таксиін тоқтатып қойып, қойын кітапшасынан қағаз жыртып алды да, қалтасынан қалам суырып, әлденені асығыс сүйкектетіп шимайлады. Қағазды Манаптың төс қалтасына сұға берді де, жолаушының қол жүгін құрығанда бір түгендемесе, такси шофері бола ма, Манаптың аяқ астына көз жүгіртті.
− Бауырым, балалар үйінің қасынан түсіп қалғанда қолыңда қара дипломат бар-тын. Апалақтап жүріп, аялдамада тастап кеткен жоқсың ба?
Манап басын шайқады.
− Інім алып қалды. Ер жете бастағасын, сын түзеуге кіріскен бозбала ғой, қызығып қарай бергесін: «Көзімдей көріп жүр!»- деп тастап кеттім.
Шофер жігіт Манаптың иығынан айқара құшақтап өзіне құшырлана тартып-тартып қойды.
− Қандай бақыттысың, бауырым!- деп, қазақ жігітіне мейірлене қараса, көзінің жиектері қызғылт тартып, кірпік ұштары дымқылдана қалған екен...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter