Өлеңдер ✍️
Ақ сүт
Ақ сүт, алғашқы мен емген,
Аналық аспанды көкірек.
Қан тамыр айналған денеден,
Ембеймін сәби боп екі рет...
Ақ сүт, тіршілік талшығы,
Сол үшін мен оған бас ұрам.
Ақ сүт, мөп-мөлдір таң шығы,
Аналық бойдан тасыған.
Ақ сүт, ақ теңіз шешемнің,
Ақ төсін айырып басталған.
Күніге өлшеусіз неше емдім,
Кезім жоқ өмірде аш қалған.
Ақ сүт, алғашқы анадан,
Мейірім бұлағы тараған.
Ол сәуле оянған санадан,
Сарқылмас мен одан нәр алам.
Ақ сүт, тазалық ардағы,
Алаңсыз қаймағы шаттықтың.
Ақ сүт әлемнің арманы,
Азығы ол балалық пәктіктің.
Ақ сүт, адамды уаттың,
Бірімін адамның уанған.
Ақ сүт, көктегі шуақ күн,
Тіршілік тамырын суарған.
Жер-ана саусағы гүл өрген,
Сабағын күн тарап көктеген.
Өтеусіз өміріме бір емген,
Анамның ақ сүтін көп көрем.
Ақ сүтті кірлеуден сақтанам,
Ақ сүтті ақ сүтпен ақтаймын.
Аналар ақ сүтін сатпаған,
Мен де оны балама сатпаймын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter