12.08.2021
  580


Автор: Мира Сембайқызы

Шындық терезесі

Бұл оқиғаның қайда, қашан болғанын мен білмеймін. Бәлкім ол біреудің қиялынан туған шығар, әлде шындық па екен? Жарайды, мен жазайын, содан кейін оқырманым оны өз ой таразысына сала жатар.


Ертеде бір патшалық болыпты. Көршілердің көзінің құртына айналған көркем табиғаты бар, байлығы тасыған ел екен. Тепкен жерден қазына шығатын құтты мекен еді. Патшалық болған соң патшасы, патшасы болған соң уәзірлері болады емес пе. Бұл патшалықты билеген патшаның қаншалықты әділ, дана болғанын, я болмаса әділетсіз, қатігез болғанын кейінгі ұрпақ әлдеқашан ұмытқан.


Хош, патшамыз ел билеп тұрды. Уәзірлері оның алдында құрдай жорғалайтын. Оның еңсесі биік сарайы сән-салтанатқа толы еді. Бір қызығы, сарайдың ішкі қабырғаларының бәрі айнадан жасалған болатын. Мұны ойлап тапқан да уәзірлер еді. Айна мол болса жарық шағылып сарай іші атыраптай кең көрінеді, жарық болады, дей ме, әйтеуір сарайдың қабырғасына сан айнаны саптай тізілтіп қояды. Патша мен оның жақындары айналы сарайдың ішінде қамсыз тіршілік етіп жатты. Қайда қараса сәнді киім, салтанатты көрініс, мол дастархан...көңіл тоқ, қайғы жоқ.


Халқымның жағдайы қалай екен? — деп есіне түскен кезде қойған патша сұрағына тепкен жерден шыққан қазынаның бәрін өздері иемденген уәзірлер қол қусырып:


Мәртебелім, халқыңыз бай-қуатты. Сіздің арқаңызда еш қамсыз тіршілік етіп, өсіп-өніп, көбейіп жатыр, — деп айнадағы өз бейнелерін көрсететін көрінеді. Киімі көк, көзі күлімдеген уәзірлерін айнадан көрген патшаның көңілі орнына түсетін. Осылай күндер өтіп жатты. Бір күні патшаның көңіліне қаяу түсті. Жанын беймәлім мұң басты. Бұрынғыдай сән де, салтанат та көңілін көтере алмады. Ең білгір деген дәрігерлердің өзі патшаға не болғанын анықтай алмады. Бір күні:


Бозторғайдың үнін естігім келеді, — деді патша бала кезінде естіген үнді аңсап.


Ләббай, — деп құрақ ұшты уәзірлер. Әп-сәтте ғалымдар мен шеберлерді жинап гауһармен көмкерілген алтын қанат бозторғай жасап әкелді. Жансыз болған соң оған тордың да керегі жоқ екен, тұрған тұғырынан ұшып кете алмады. Сайрай жөнелді... жоқ сарнай жөнелді...мағынасыз әуенге басты.
Жо-жоқ, менің естігім келгені бұл емес! — деп ашуланды патша. Уәзірлер зыр жүгірді. Не үшін жүгіріп жүргендерін өздері де білмеді.
Осылайша күн артынан күн өтіп жатты. Патша мұңнан арыла алмады. Қабырғадағы айналарға да қарамайтын болды. Бір күні сарай ішін жалғыз шарлап жүріп, елеусіз бір бұрышты байқады. Қызық, бұл жерде айна жоқ екен. Айнаның орнына қалың перде іліп қойыпты. Бұл жерді қалай көрмеген? Әлде көрсе де, елемеді ме екен. Айнасыз болған соң қарамаған ғой көз салып. Ақырын басып, пердені ұстап еді, жүрегі атқақтап кетті. Қазір перденің артынан беймәлім құбыжық шыға келетіндей үрей биледі. Бірақ патша деген аты бар емес пе, сарайындағы бар нәрсені білуге тиіс. Ақырын ысырып пердені ашты...мұнда айна жоқ екен. Үлкен терезе тұр. Әйнегін шаң басып қалыпты. Перденің шетімен шаңды сүрте бастады. Сүрткен сайын жүрегіндегі мұң қозғалып жатқандай болды. Есіне түсті, уәзірлері осы жерден өтіп бара жатқанда мұны пердеге жолатпауға тырысушы еді ғой. Бәрі өзін мақтап, назарын айнаға аудартатын. Мұнда бір сыр болғаны ғой. Пердемен шаңның бәрін сүртіп болған кезде жарқыраған терезенің әйнегінен басқа бір әлемді көрді. Мүлдем басқа әлем. Жүдеу, көңілсіз, қажыған елін көрді. Жетімнің жылағанын көрді. Ананың ащы зары құлағына жеткендей болды. Еңсесі түскен ерлерді көрді. Сән де жоқ, салтанат та жоқ... сүреңсіз өмір ғана. Патшаның мұңы тамағына тығылды. Терезені ашып жіберді. Басқа ауа, хош иісі жоқ, басқа ауа. Мұң көзіне келді. Бір кезде, қайдан ұшып келгені белгісіз, бозторғай сайрай жөнелді. Сайрай берді, елдің мұңын айтып сайрады. Бір орында қалықтап қанат қағып сайрады. Іздегені осы әуен еді ғой.


Бозторғай, шырылдайсың жерге қонбай, — деп күбір етті.


Бозторғай сайраған сайын мұңы көзінен жас болып ақты. Терезеден соққан қоңыр самал қатты соққан желге айналды, сарай ішін шарлап бәрін дүр сілкіндірді, айналар шетіне шытынап сына бастады. Күні бойы патшаны таба алмаған уәзірлер бір сұмдықтың болғанын сезіп, етек-жеңдерін жинай алмастан, сүріне-қабына жоғары көтерілді. Терезе алдында тұрған патшаны көріп...бәрі қарғаға айналып кетті. Қанаттарын қағып, қарқылдап, патшаның алдында ән салып тұрған бозторғайды қуып жібермек болып ұмтылды. Патша қолымен қанша жасқаса да, қара қарғалар қарқылдап бой берер емес. Тезірек бозторғайды қуып, терезені жауып, пердені түсіру керек. Айналар шытынап сына берді. Бір кезде күлдей уатылып, еденге сауылдап төгіле бастады. Барлық айнаның артында терезе бар екен.


Шындық терезесі, шындық терезесі, — деп шыр-шыр етті бозторғай. Терезеден түскен күннің нұры қарғаларды күлге айналдырды. Барлық терезе шындықты көрсетті. Айқара ашылып, сарайдың ауасын тазартты.


Әрі қарай не болды дейтін шығарсыңдар. Патшаның ішіне түскен мұң —  халықтың мұңы екен. Шындық терезесі ашылып, жанын жай таптырмаған мұңның себебін білгеннен кейін ол өткен қателіктердің бәрін түзеді деп ойлаймын. Солай болғанына сенгеніміз де дұрыс шығар. Әйтеуір, содан кейін ол патша ешқашан шындық терезесін жаппаған деседі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу