12.08.2021
  518


Автор: Мира Сембайқызы

Үйшік

Ерке қыз бен мысық бүгін де Ғажайып орманға жол тартты. Жолда Дүкенші ағайдың «Тек пайдалы заттар» сататын дүкенінен балқаймақ пен жеміс шырынын алды. Бұл орманның жай орман емес, Ғажайып орман екенін білетін боларсың, балақай. Ерке қыз ашық алаңқайда өсіп тұрған әдемі гүлдерді көріп, бір-екеуін жұлып алмақшы болып еді, гүлдер сыңғырлап күліп қоя берді:


Ерке қыз-ау, ерке қыз,
Біз де сіздей еркеміз.


Ерке қыз сөйлейтін гүлді алғаш рет көруде. Аңтарылып қалды. Мысық бұл ормандағы барлық өсімдіктер мен жануарлардың сөйлей алатынын ескерткен еді. Ұмытып қалыпты. Гүлдер бір-біріне сыбырлағандай, сыңғырлай күліп:


— Ерке қыз, көйлегің мен тақияңдағы оюлар қандай әдемі, а?-деді сүйсінгендерін жасыра алмай. Ерке қыз жымиып,


— Иә, рахмет. Бұл біздің қазақтың ұлттық оюы-бота мойын. Анам менің барлық киімдерімді осылай сәндеп берген,-деді мақтанышпен. Гүлдер жұпар иістерін Ерке қызға шашып берді. Ерке қыз алғыс айтып, гүлдермен қоштасып, мысық екеуі ары қарай жүріп кетті.  
Екеуінің алдынан әдемі үйшік шықты. Жаңадан салынған сияқты. Бірақ жанында қабақтары түсіп тұнжыраған аю, қоян, тиін және кішкентай тышқан отыр. Мысық олардан не болғанын сұрады. Сөйтсе, ол төртеуі дос екен. Бірігіп үй салмақшы болыпты. Бірақ үй салуды бастаған кезде, тышқан «мен кішкенемін, бөрене басып кетеді» деп, әрнәрсені сылтауратып, ойнап кетіпті. Сонымен аю, қоян, тиін әрқайсысы өздеріне бөлме салып, тышқанға бөлме салуды ұмытып кеткен екен. Енді тышқан қайда тұрады деп бастары қатып отыр. Ерке қыздың да кішкентай тышқанға жаны ашып кетті. Біздің мысық тапқыр ғой!



— Оған неге бас қатырасыңдар? Тышқан кішкентай. Кез келген жерге сияды. Сендер әрқайсың өз бөлмелеріңнен  кішкене тесік жасаңдар. Тышқан сол тесіктен өтіп, қалаған бөлмесінде тұра береді,-деп керемет ұсыныс айтты


Табылған ақыл! Бәрі қуанып кетті. Енді бір үйде төрт дос бірге тұра алатын болды. Мысық табан астында тышқанға арнап өлең де шығарып жіберді.
Жалқау болма, тышқанжан,
Достарыңмен еңбектен.
Жалғыз жүрген жараспас,
Іс бітеді тек көппен.


Тату болса жан достар,
Бәрін оңай болады.
Бірге күліп, бірге ойнап,
Үлкен үй де салады.


Өлеңді естіп бәрі күліп жіберді. Ал тышқан болса ұялып қалды. Ерке қыз тышқанға бұдан былай еңбек етуден қашпауды ескертті. Достар үнемі барлық қиындықта бірге болу керек екенін айтты. Тышқан достарынан кешірім сұрады.


Ғажайып орманды аралап, көптеген қызыққа кенелген Ерке қыз бен мысық күн батпай үйлеріне оралды. Сәл кешіккендері үшін анасы аздап ескерту айтқаны болмаса, Ерке қыз бен мысықтың бүгінгі күндері өте сәтті өтті. Күні бойы орман аралап, әбден шаршаған Ерке қыз ерте ұйқыға жатты. Түсінде ғажайып орманды көрді. Біздің ақылды мысығымыз да шаршаған көрінеді. Пештің түбінде пырылдап ұйықтап жатыр.
Балақай, сенің еңбекқор екеніңе сенімдімін. Достарыңмен де тату шығарсың, иә? Жарайсың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу