12.08.2021
  268


Автор: Мира Сембайқызы

Өлместің суы

— Құзғын деген құс қой, ә, — деді құстар жайлы суретті кітапты парақтап, құстардың түр-түсімен, ерекшелігімен танысып отыр­ған немересі Өтей атасына.


— Жоқ, құс емес, Құзғын деген би, — деді атасы.


— Биіңіз не, ата! Міне, «Құзғын деген құс. Мың жасайтын құс» депті, мына құстар туралы кітапта. Міне, сенбесеңіз көріңіз, — деп қолындағы көркем тысты кітапты атасына қарай ала ұшты.


Атасы ол кітапқа қарамастан:


— Жарайды, ол былай болған, — деді де, мына бір әңгімені бас-тап кетті. — Сона-ау бір мың-мың жылдың ар жағында, «Қаз» деген елді басқарған Құзғын деген би болыпты. Байлығы даңқына сай болған деседі. Бірақ ақиқаттан хабарсыз көрінеді. Ол қартая бастаған сайын, «Өлмесем» деген озбыр ойдың жетегінде үнемі қала беріпті. Сол ойының ізденісі оны өлім жайлы көптеген хабарларды жинауына себеп болады.


Содан, өзіне қатарлас билерден сол — өз елінде Жауғаш деген әйгілі қара үзген шипагер бар екенін, бұл іс жайлы бір білсе сол білетінін естиді. Сөйтеді де, оны жұртты емдеп жүрген жерінен шақыртып, ордасына алдыртады. Одан қысқа амандық-саулықтан соң-ақ:


— Естуімше, сіз емкөс, жұрттан асқан шипагер екенсіз. Менің зәру ісімнің білгірі сіз деп естідім. Қане, айтыңызшы! Осы, өлместің, ұзақ жасаудың бір емі, дәруі бар ма? — депті.


Шипагер Жауғаш:


— Иә, бар! — деп қысқа ғана қайырады екен. Оның елден ерек «Көп жасасам» деген нәпсіқорлығын жақтырмай, селқос қана. Құзғын би болса Жауғаш білгірдің өлместің емі «бар» дегеніне қуанып, оның жақтырмағанын байқамай да қалады екен.


— Қане, айтыңызшы! Ол, не зат? Ол, қайда бар? Қол жететін, алуға болатын жерде ме? — депті ол, қуанғанынан жүрегі аузына тығыла қатты соғып.


— Зеңгіререн деген таудың үстінде, «Әбілхаят» деп аталатын бір тұма бар. Жұрт оны: «Өлместің суы» деп те атайды. Одан кім ішсе, сол мың жасайды, — дейді жауғаш шипагер.


Мұны естіген Құзғын би:


— Кеттік, — дейді әй-шәйсіз.


Құзғын бидің бұл бетінен қайтпайтынын білген Жауғаш білгір, оған қалайда ол суды тауып беріп құтылуды ойлайды. Сөйтеді де:


— Жарайды, кетсек-кеттік! Бірақ оған қыруар қол керек. Ол қолмен «Өлместің суы» бар шыңды айналдыра етегінен, ортасынан және үстінен, үш жерден тосқауыл қойып күзеттіреміз. Өйтпесек, ол судан айырылып қалуымыз мүмкін. Су сырғып кетер. Өйткені ол өте киелі су. Таза зат. Сіз тағы, осылай бара салсаңыз, сізден жиіркенеді. Сондықтан, жақсы ниет етіп, екі бас намаз оқыңыз. Біз де оқылық. Онда баратын адамдардың барлығы да солай етсін, — дейді.


Осылайша, тазалықтарын істеп болған соң, жер қайысқан үш жүз қолмен дереу жолға шығады. Олар апталап, суыт жүріп, межелі орынға жетеді. Жетеді де, Жауғаш білгірдің орналастыруы бойынша, әлгі өздерімен бірге алып барған үш жүз қолдың жүзін Зеңгіререн шыңының етегіне, айналдыра қарауылға қояды. Өздері шыңға қарай өрлеп, оның дәл ортан беліне барғанда, алдыңғы тәр-тіп бойынша, екінші жүздікті қалдырады. Жалғасты алға өрлеген олар, шыңның үстіне де шығады. Сөйтеді де, қалған жүздікке қасиетті суды қоршай қораланған сап құрдырып, «Әбілхаят» суына Жауғаш білгір мен Құзғын би екеуі ғана барады.


Қасиетті суға жетіп, оны ішкелі жатқан Құзғын биге Жауғаш білгір:


— Жә, биеке! Аллаһ Жомарт! Ол құлдары не сұраса соны береді. Бұл — Оның хақтығының, жомарттығының белгісі. Сіз өмір бойы Одан мәңгі өлмеуді сұрапсыз. Ол сіздің қалағаныңызды, міне, берді. Ол тілегіңізге жетуіңіздің себепшісі етіп мені сізге кезіктірді. Бірақ сіз мұның бұ дүниеде өз замандастарыңыздан бөлініп, ұзақ жалғыз қалу екенін де ескеруіңіз керек еді. Сіз бұл суды ішкен соң, міне, сондай келеңсіз жағдайға тап болуыңыз бек мүмкін. Асылында, жалғыздық Құдайға ғана жарасқан, — деп, Құзғын биге, өзі ұнатқан ұзақ жасаудың астарындағы сырлы ақи­қатты тағы бір рет ескертіп өтті. Бұл судан ішсе оның қатарынан бөлініп қалатынын ашық айтты. Бірақ пенденің ойлағанын өзіне ең дұрыс етіп көрсететін әзәзілге әбден шырматылған Құзғын, оны түсінген де жоқ. Тек, ол, бұл қасиетті судан ішуді ғана армандады. Сонымен, өмір бойы армандаған суын ішті.


Ол суды ішкесін, енді, ол жерден кетпейтінін айтып, қалған үш жүз қолды, реті бойынша, әуелі етекті қорғаған жүздіктен бас­тап, үшке бөліп, елге қайтарды. Бұл үш бөлікті кейін жұрт «үш жүз» атап кетті.


Сонымен, би қосын әлгі судың басына тікті. Сөйтті де, сонда қалды. Ол судан ішкен сайын жасарды. Жасарған сайын ішті. Сөйтіп, жасарған үстіне жасарды. Әуелі ел ағалық жаста болды. Сосын, жігіт жасында болды. Сосын, бала болды. Сосын, сәби болды. Ақыр соңында, жаңа туған нәресте болды. Ол одан да ары жасарып, жұқа былбыр тері халіне айналды. Содан, оның былбыр денесін астынан өскен шөптер тесіп шығыпты...


Содан бері, ел ішінде, оның атына байланысты: «Құзғындай болып кім мың жасайды дейсің?» немесе «Мың жасайтын Құзғын деп пе едің?» деген сияқты нақыл мен аңыз қалыпты. Мына, сен айтып отырған, қарғаның ұзақ жасайтын түрін халық, әне сол, Құзғын биге ұқсатып, «құзғын» деп атап кеткен екен. Бұл, бізге, әр нәрсе өзінің шегімен болғаны жақсы екенін білдіреді, балам, — деді Өтей ата, әңгімесін беріле тыңдап, аузы ашылып, сілекейі шұбырған немересінің маңдайынан иіскеп.    




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу