12.08.2021
  567


Автор: Мира Сембайқызы

Ғажайып сөмке

Бүгін Ерке қыз ерекше қуанышты. Өйткені, жақында мектеп табылдырығын аттайды. Даярлық сыныбына бармақшы. Енді оның сүйікті ұстазы, көп достары болады. Тек мысық қана уайымдап жүр. Ерке қыз сабақтан келгенше кіммен ойнамақшы? Мектеп табалдырығын аттау құрметіне ата-анасы жақындарын, көрші-қолаңдарын қонаққа шақырған. Барлығы қонақ күтуге дайындалып, зыр жүгіріп жүр. Ерке қыз болса үстіне анасы тігіп берген әдемі қос етек көйлегін киіп алған. Оюлы камзолы да бар. Өзіне сондай жарасымды. Бір кезде қонақтар да келе бастады. Алақай, барлығы Ерке қызға сыйлық алып келіпті. Айна қыз анасы екеуі Ерке қызға әдемі қуыршақ сыйлады. Ал достары, өздері жеген тәтті кәмиттердің қағазын тастамай жинап, үлкен гүл жасапты. Бұл расымен де ерекше сыйлық еді. Ал Дүкенші ағайдың сыйлығы тіпті керемет. Сөмке. Иә, иә, жай сөмке емес «ғажайып сөмке»! Іші толған оқу құралы, кітаптар.


Кітап, қалап, дәптер де,
Бәрі-бәрі ішінде.
Пайдаға асыр, балақай,
Мұның мәнін түсін де.


Білім алсаң ерінбей,
Үміт күтер ел сенен.
Сондықтан да дос болғын,
Бұл ғажайып сөмкемен.


Ерінбесең сөмкені,
Арқаласаң еңбекпен.
Елдің жүгін арқалап
Кете аласың күн ертең.


Зейін қойып, зер салып,
Жазу жазғын тым көркем.
Бойға жинап білімді,
Бестікке толсын бұл сөмкең,- деген тілегін де қоса айтты. Барлығы Дүкенші ағайға ду қол шапалақтады. Ерке қыз ерекше қуанды. Ағайға рахмет айтып, сөмкесін арқасына асып алды. Шыр көбелек айналып билей жөнелді тіпті. Мысық та қарап қалмады. Ерке қызбен еркелеп ол да секіріп жүр. Бастапқыда көңілі жабырқап жүрген мысығын Ерке қыз әлдеқашан жұбатып қойған. Ерке қыз сабақтан келгенше, мысығы Дүкенші ағайға көмектесетін болды. Әрине, әзірге оның қандай жұмыс істері белгісіз.


— Әке, анашым, мен енді білімді қыз боламын! Әріп үйренемін, жазу жазамын, есеп шығарамын! Алақай!- деп қолын шапалақтап мәз болды.
Кенет тоқтай қалып, ойланып кетті.


— Не болды қызым, бәрі дұрыс па?- деп бәйек болды анасын.


— Иә, бәрі дұрыс. Тек, анашым, мен білім алған соң үлкееен болып өсемін. Сол кезде кім боламын?


— Қызым-ау, ең бастысы қазірден бастап пайдалы білім алуға тырыс. Ал білімді болсаң, қалаған мамандығыңды игеріп кете аласың,- деп қызының басынан сипады әкесі.


Кім боламын,
Кім боламын өскенде?
Бәлкім ұстаз болармын,
Білім нұрын шашатын.
Бәлкім ұшқыш болармын,
Көктен ары асатын.


Бәлкім киіп ақ халат,
Мен дәрігер болармын.
Сәулетші болып ғажайып,
Ғимараттар салармын.


Бәлкім, бәрін қуантып,
Дәмді ас пісіріп берермін.
Бәлкім ғалым болып мен,
Білім дәнін терермін.


Он саусағым өнерлі,
Тігінші бәлкім болармын,
Әлде, қалам алармын,
Том-том кітап жазармын.


Кім болсам да ержетіп,
Сүйіп істер ісімді,
Нағыз маман боламын!
Апам-атам айтпақшы,
«Ең бастысы ел сүйген,
Нағыз Адам боламын!»
Пәлі, Ерке қыз өзі ақын екен ғой! Сірә, Дүкенші ағайдан үйренген болу керек. Ерке қыздың бұл өнеріне барлығы риза болды. Дастархан басына отырып, үлкендер барлық бүлдіршіндерге бата берді. Бүгінгі күн ерекше болды.


Балақай, күні ертең сен де мектеп табалдырығын аттайсың. Сол кезде, ұстазыңды зейін қойып тыңдап, терең білім алуға тырыс. Жарай ма? Сонда ержеткенде үлкен маман иесі болып, еліңнің нағыз азаматы боласың! Біз саған сенеміз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу