12.08.2021
  364


Автор: Мира Сембайқызы

Бір тал шөп

Көрші елдің патшасы залым болады да, ол елден біреу, мейі­рімді патшасы бар келесі елге қашып өтеді. Өткен жерден ұста­лып, мейірімді патшаның алдына әкелінеді. Болған жайды біл­ген мейірімді патша әлгі қашқынды бүгінше зынданға салып, ертеңгісін басын алуды бұйырады.


«Мейірімді» деп келген патшасынан мұндай сұмдықты күтпе­ген ол, өлтірмеуін сұрап патшаға жалбарынады. Патша сонда оған ертеңге дейін бір тал шөп өсіріп әкелуін бұйырып, егер соны әкеле алса ғана өлімнен құтылатынын айтады.


Содан «біттім» деген ол, енді өзіне басқа жәрдемші жоғын біліп, таңға дейін бір тал шөп беруін Жаратқаннан жылап сұрап, әбден діңкесі қатып, ұйықтап кетеді.


Ертең ерте, түрме күзетінің түртіп оятуымен басын көтерген ол, өзі жатқан тас еденде бір тал шөптің өсіп тұрғанын көріп, Аллаға мың шүкір, сан мадақ айтады. Сөйтеді де, әлгі шөпті өзімен бірге алып жүреді.


Патша уәде бойынша оған өлтіру бұйрығын береді. Сонда ол патшаға әлгі шөпті көрсетеді. Патша одан ол шөпті қайдан, қалай алғанын сұрайды. Ол зынданға түсіп, ертеңгі өлімді күтуден басқа еш шарасы қалмағанда, Алладан бар пейілімен бір тал шөп сұрап, жалбарынып жатып ұйықтап кеткенін, тұрса алдындағы тас еденде осы шөптің өсіп тұрғанын айтады.


Патша оның өліміне жиналып, болған істі ет құлақтарымен естіп тұрған көптің алдында:


— Ендеше, сен де, еліңнің патшасын залым көрсең, оны тастап қашпай, оның мейірімді патша болуын тіле! Жаратқанның құлы не тілесе соны беретінін, міне, өзің дәлелдедің, — деп, оны еліне қайтарады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу