12.08.2021
  265


Автор: Келдебеков Қанат

Қош, періште!

(Мөлтек сыр)

 



...Түн. Тағы да мұңға оранған түн. Мен әр түнді зарыға күтем. Себебі, түн тыныш, бүкіл әлем меңіреу ұйқыға кеткен шақ, мен оянып отырып аламын да көкіректі кернеген сиқырлы сезімге малынып, көрер таңды көзбен атырам. Ойға шомамын, бір ауық кітапқа үңілем. Бірақ , ойға көбірек сүңгимін. Алдымда Ә. Нұршайықовтың « Махаббат, қызық мол жылдар» кітабы жатыр.  Соған қарап отырып, менің Меңтайыма балаған қара торы бойжеткен түседі есіме.  Ол сенсің, естимісің?  Сен мендегі  сезімнің сендегі жүрекке ғашықтығын білемісің? Әй, қайдам, сезбейсің-ау.
    Әлі есімде, біз алғаш дәрісхана табалдырығын аттағанда танысып ек. Сен біздің топ басшымыз болып сайландың. Ал мен қасқыр көрген көжектей ең соңғы партада қыздарға қарауға қысылып, жасқанып отырып ем.  Көпке дейін саған жақындауға батылым жетпеді ме кім білсін, әйтеуір... Кейіннен ғой сен менімен дос бола бастадың. Екеуіміз араласа жүріп бір-бірімізді шын біле бастағандай болдық. Ең қуаныштысы, мен сенімен әлі де бірге оқимын. Мен сенің алаулаған ақша бетіңе,  күлімдеген мөлдір қара көзіңе қарап сені іштей періштеге баладым. Иә, сен менің періштемсің, періштем! Сенің  мұңға тұна мөлдіреген жанарың мені ащы мұңға да, тәтті мұңға да еріксіз жетелейді. Мен сенімен жақсы сыйласуды қалайтын едім. Бірақ,  сен менімен жүрек сазын шертетін тақырыптарда неліктен ой бөлісетініңді әлі күнге ұқпаймын. Неге? Бұл әлде... Сен маған сүйгеніңнің алыстарда жүргенін айтқансың. Мен де саған қияндағы қыз туралы айтқанмын. Бірақ уақыт өте келе сенімен сырласуға, махаббат жайлы сыр шертісуге жаным құмарта бастады. Сені ғана аңсайтын болдым. Түн баласы сені ғана ойлап кірпіктерім айқаспайтын болды.  Жаным-ау, бұл не , ғашықтық па сергелдеңге  салған мені? Сені ойлап өзіңе білдірмей жай ғана көз тастаймын, сен болсаң, монтиып отырасың бірнені ойлап. Әрине, бұл сенің бір сәттік қана бейнең.
Сен ұнайсың, періштем! Сен өзгенің бақ құсы болсаң да мен сені сүйдім. Себебі, сенің жаның таза, рухың мөлдір. Өзгелердей емессің, қарапайым ғана пәк жанды періштесің!

Қазір де түн. Терезеден тысқа қарап шашылып қалған маржандай жымыңдаған жұлдыздарды көрем. Әне, анау төртінші қабаттағы терезеден шам жарығы көрінеді. Мүмкін, ол да мен секілді ғашығына хат жазып отырған жігіт шығар. Әлде, мөлтек сырға толы хатты оқып, кірпігі айқасса-ақ ғашық жардың ынтық лебізінен құ қалатындай күй кешіп отырған періште ме сен  сияқты ?

  Мен сені іштей періште деп атадым. Сен мүмкін шынында да періште шығарсың? Адам жанының әсіресе, қыз жанының жұмбақтығына сені сүйгелі көзім жетті. Сенің жаның, рухың сұлу! Иә, рухың!  « Тәні сұлу сұлу емес, жаны сұлу сұлу » . Мынау сапырылысқан тіршілікте жаныңда жүрген жақұтты байқамай алыстан олжа іздейтініміз қалай? Іздегенім жаныма рух беретін мәңгілік махаббат болатын. Мен соны таптым. Періштем, албырт жүзіңе, сырға толы сиқырлы күлкіңе, мөлдіреген нәркес көзіңе қарап сені қимай қайғырам.

    Қаншама рет саған хат жазуға оқталдым, бірақ неге екені белгісіз қаламым жүрмеді. Өйткені мен саған ғашықпын ғой! Мен саған ғашықпын, періштем! Бойымды кернеген махаббат сезімін саған айта алмай жаным қысылады. Мені ұқпаған мынау меңіреу түн де ешбір селт етпейді. Мендегі махаббат әнін естімегендей мүлгіп, тым-тырыс тұр. Ақыры, өзіңе деген сезімімді естелік болып жадымда тұрсын деп қағазға түсірмекке бел байладым. Егер саған айтар болсам мұң тұнған қара көзіңе қарап, айтарымнан адасып дегбірім қашатынын сездім. Мен саған ғашықпын, өйткені.

    Періштем, мейлі, өзгенің маңдайының жарық жұлдызы бол.   Бірақ, өзіңе ғашық бір жанның бар екенін ұмытпағайсың. Тек мені ұмытпай есіңе ала жүрші. Мен бұл жалғанда ұмытылып кететінімнен қорқам. Ең болмаса сен ұмытпашы. Сезімдерім қағаз бетіне түскені, жария болғаны үшін сенен еш кешірім сұрамауды ләзім деп таптым. Себебі, мен ғашықпын ғой саған. Мен ес білгелі ғашықтық әлемінде жасындай жарқ етіп, мәңгілікке арман болып қала берер махаббатты армандаушы едім. Енді міне, соған тап болғандаймын. Қош, махаббат! Қош, періштем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу