Әңгімелер ✍️
Жастық шақтағы - сырласым, қартайғанда - мұңдасым
Бастау көзін күні кешегі «Лениншіл жастан» алатын қаймана қазақтың жасындай жарқылдаған «Жас Алашы» – 95-те... Көңілді қуанышқа бөлеген осы бір сәтте өткеніңді ой көзімен шолып, осы мен қаламгер ретінде «Жас Алашқа» қатысым бар ма, бар болса қаншалық?» деген сауалға жауап іздейсің. Аллаға шүкір, сонау 1984-89 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінде «Әдептен озбайық», «Тойдан соң», «Сахнада», «Ақ көгершін», «Қалақ қолға кеш алынды», «Жол мұраты жету ғана ма?» «Барымызды бағалай білеміз бе?» атты мақалаларым жарық көрді. Мен жарияланған дүниелерімің ішіндегі ең бастыларын ғана айтып отырмын. Ал өзімнің «Невада –Семей» қозғалысын қызу қуаттағанымды, сол тақырыпта бірталай материалдар жинағанымды, соның бірі «Жауырды жаба тоқымайық» атты мақаламның «Лениншіл жас» газетінің бірінші бетінде басылғанын, азды-көпті өмірімде тындырған маңызды шаруаларымның бірі деп білемін.
Бір атап айтар жайт, газеттің сол жылдардағы редакторлары С.Бердіқұлов, У. Қалижановтар, Шерағаң салған сара жолды сәтімен жалғастырды. Оны редакция ұжымының авторлары мен жұмыс істеу тәсілінен айқын аңғаруға болатын. Бірде менің «Баян көркін, Жасыбайды ойласақ» атты мақалам «Көзқарас» айдарымен жарық көрді. Айдар: «Мән берсек, ел дәулетін еселеуге, мәдениетін көтеруге септігі болар, бірақ сіздің, оның, барлығымыздың тасамызда қалып елеусіз көрінген проблемалар аз ба? Келіңіз, жаңа рубрикаға атсалысып, ой бөлісейік, мәселе көтерейік» – деген редакциялық сілтемемен берілуі – авторға көрсетілген қолдау екені күмәнсіз.
1989 жылы сол «Көзқарас» айдарымен «Суға кеткен есіл еңбек» атты мақалам жарияланды. Мұнда көктемгі су тасқыны салдарынан Баянауыл ауданындағы «Бірлік», «Жаңажол» ауылдары мен «Лекер» мал бордақылау пунктін су басып, Сәтпаев атындағы кеңшардың тұсында жолдың біршама бөлігін тасқын шайып кеткені жайлы дабыл қағып, мәселе көтерумен қатар, өз ұсынысымды да жазған едім.
Естеріңізде шығар, өткен жылы «Бірлік» ауылы маңындағы жолдың біраз бөлігін тағы да су шайып, «Теңдік» елді мекенінің тұсындағы көпірді бұзып кетті. Қазір Баянауыл ауданының әкімдігі: «Бәріне сақадай саймыз», – деп жатыр. Не десе де мейлі, тек әйтеуір елді су баспаса болды да.
Жас кезімде сырласым, қартайғанда мұңдасым болған кешегі, «Лениншіл жас» – бүгінгі «Жас Алаш». Жасым 70-ке толғанда «Баянауыл Баязитовін әспеттеді» деп қуанышыма ортақтасты. Бәзбіреулерге кейіген бір сәтімде «Қайырымсыз қоғам, қарт қаламгер» деген атпен журналист С.Байбосынның мақаласын жариялап, көңілімді демеді. Ана бір кезде «Сүзеген сөз» айдарында «Бір саясаттанушыға» «Балапан партиялар» атты шымшымаларымды жарқ еткізіп жариялай қойды. Сөйткен «Жас Алашымыз» міне, қарияның жасы 95-ке толып отыр.
Бұл тек газеттің ғана мерейтойы емес, жалпы Алаш жұртының қуанышы деп түсінем.
Бір өкініштісі, біздің керітартпа заң мерейтой қарсаңында Алаш жұрты үшін Абылайдың ақ туындай болған «Жас Алашты» Жасан Зекейұлы деген біреуге жығып беріп отыр. Адамнан ар, қоғамнан ұят кетті деген осы. Бірақ, аққа қара жұқпас деген сөз бар. Түбі әділдік жеңетініне сенеміз! Себебі «Жас Алаштың» артында қара ормандай қалың ел тұр.
Енді «Жас Алашқа» айтар тілегім: Жыл құрғатпай өңделіп, жөнделіп жататын шикілі-пісілі заңдарды назарыңа алып, алатын айлығын ақтап жеуге шамасы жоқ депутаттарды тәубасына келтіріп, парақұмар пәлекеттер мен жемқорлардың жегенін желкесінен шығаруды одан әрі жалғастыра бер. Тірегің – туған тіл, жүрегің Алаш деп соқсын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter