06.08.2021
  216


Автор: Рабиндранат Тагор

Келімсек

Менің бес жасар кішкентай қызым Мини бір минут та тыныш отырмайды. Бір жасқа толып, тілі шығысымен-ақ сөйлей бастап еді. Көзі ұйқыға кеткенде болмаса, бірдемені былдырлап кеп жүргені. Осы қылығы үшін шешесі оған бұрқылдап ұрса беретін. Мини сонда ғана тынышталады. Ал мен болсам оған ұрсуға дәтім жетпейді. Мини үндемей қалса ұзақ шыдап отыра алмаймын. Сондықтан ол менімен лайым шын пейілмен әңгімелеседі.


Бір күні ертесімен повесімнің он жетінші тарауын жазып жатыр едім. Мини кіріп келді. Есікті аша беріп-ақ:


— Әке, күзетші Рамоял қарғаны қарғы дейді. Ол ештемені білмегендіктен айтады емес пе, о? — деп сөйлей жөнелді.


Әр түрлі тілдерде болатын ерекшеліктерді өзімше түсіндірейін дегенімше болған жоқ, тағы бірдемені айтып кетті.


— Әке, сен білесің бе, Бола айтады, аспанда піл бар дейді. Ол тұмсығынан су шашып тұрады екен. Мына жауын сол пілдің танауынан шашыраған тамшы дейді. Бала әншейін жоқты айта береді ғой. Ол тек мылжыңдағаннан басқа не біледі, күндіз-түні мылжыңдай береді, мылжыңдай береді.


Кенет ол менің Бола туралы пікірімді күтпестен:


— Әке, осы апам саған кім болады? — деп сұрады. "Балдызым" дегім келді. Бірақ айтқам жоқ.


— Мини, сен Боламен ойнай тұршы. Қазір менің қолым бос емес,— дедім. Мини кетпей қойды. Менің жазу үстелімнің қасына келіп отырды, сосын екі тізесін қапсыра құшақтап алып "агдум-багдум" деп ойнай бастады.


Бұл кезде он жетінші тараудағы геройларым Протапсингх пен Канчонмала қараңғы түнді жамылып қапастың биік терезесінен суға қарғып жатқан.


Бөлменің терезесі көше жақта болатын Күтпеген жерден Мини "агдум-багдумды" доғара салып, терезе алдына жүгіріп барды да:


— Кабуливала, әй кабуливала! — деп айғайлады. Қолында жүзім салған бірнеше қорабы, иығында көтерген себеті бар, басына сәлде ораған, кең кір киімді, ұзын бойлы кабулдық баяу басып көшені кесіп өтті. Оны дауыстап шақырғанда менің қызымның не ойлағанын кім білсін. Ойпырмай тағы не бәлеге тап болдым, енді мына он жетінші тарау бітпей қалатын болды-ау деп ренжідім.


Бірақ айғайлаған дауысты естіп, келімсектің біздің үйге бұрылуы мұң екен, Мини ішкері үйге зытып отырды. Дәуде болса себетінің ішінде дәл өзі сияқты балалар бықып жатқан шығар деп сезіктенген болуы керек.


Келімсек маған келді де езу тартып күлді, басын иіп сәлем берді. Протапсингх пен Канчонмаланың хәлі қаншама мүшкіл болғанмен де, әдейілеп шақырған соң одан бірдеме сатып алуыма тура келді. Осылай істедім де. Сосын екеуіміз біраз әңгімелестік. Абдұр Рахмет өз білгенінше Ресейдің, Англияның, тағы да басқа елдердің шекара саясаты туралы айтты.


Бір заматта кетуге ыңғайланды. Орнынан тұра беріп:


— Бабу, сіздің қызыңыз қайда кеткен? — деп сұрады.


Мен Минидің бекер қорыққандығына көзін жеткізгім келді де оны ертіп келдім. Сонда да ол біресе келімсекке, біресе оның себетіне күдіктене жаутаңдап маған тығыла береді. Рахмет оған бір уыс мейіз бен кепкен шабдалы ұсынды. Мини алмады, тіпті онан сайын қорқып менің тіземе жабыса түсті. Сөйтіп олардың алғашқы таныстығы осылай басталған еді.


Бірнеше күн өткеннен кейін далаға шығып бара жатып екеуінің есік алдындағы орындықта отырғанын көрдім. Мини асығып-аптығып әлденені әңгімелеп жатыр. Келімсектің жүзінде күлкі ойнап, бар ынтасымен зейін сала тыңдап қапты. Ара-арасында бұлдыр-салдыр бенгал тілінде Минидің сөзін түзетіп, өзі де бір нәрселерді қосып қояды. Әкесін былай қойғанда, өзінің бес жылдық өмірінде Мини дәл осы келімсектей жалықпайтын, төзімді тыңдаушысын тапқаны осы болар. Етегі де мейіз бен бадамға толып қалыпты.


— Сенің мұның не? Енді беруші болма! — деп Рахметке ескерттім де, қалтамнан жарты рупия алып ұсындым. Ол аспай-саспай ақшаны алып, себеттің түбіне тастай салды.


Осы бір жарты рупияның бүтін бір рупиялық шу көтергенін үйге келген соң бір-ақ білдім.


— Сен бұл ақшаны қайдан алдың? — деп шешесі Миниді қысып сұрап жатыр.


— Кабуливала берді.


— Неге алдың?


— Алғам жоқ, өзі берді,— дейді Мини жыламсырап. Мен Миниді бөлмеден ертіп әкетіп, әйтеуір төніп келе жатқан апаттан аман сақтап қалдым.


Байқасақ, бұл Минидің келімсекпен екінші кездесуі болмай шықты. Ол өстіп күнде келіп тұрады екен Мейіз, бадам сыйлап, баланың кішкентай жүрегінің мейірімін жаулап алса керек.


Бұл екі достың өздерінше ермектері бар. Рахметті көре салысымен-ақ Мини жайраңдай жөнеледі.


— Кабуливала, ay, Кабуливала, сенің себетіңде не бар?— деп жабысып сұрап жатқаны.


— Піл,— дейді ол.


Себетке пілдің сыймайтыны белгілі ғой. Әзілдің бар тұздығы да осында еді. Мұны соншалық қуақылықтан туған нәрсе деуге де болмайды, бірақ екеуі осыған да мәз болып күлісіп қалады. Қоңыр күздің таңында екі баланың көңілді күлкілерін естіп мен де қуанатын едім.


Олардың тағы бір ермектері бар еді. Рахмет тұрып:


— Кхоки, сен еш уақытта қайын атаңның үйіне барушы болма!— дейтін.


Бенгал отбасыларында ерте бастан-ақ "қайын ата үйі" деген сөзді қыздың құлағына құя беретін ғұрып бар. Бірақ біз едәуір мәдениетті адамдар болғандықтан Миниді бұл сөзге үйір етпеген едік. Сондықтан Рахметтің нені айтып тұрғанын ол түсінбейді. Түсінбесе де бір сөйлеп қалу Минидің үйреншікті әдеті емес пе:


— Ал өзің ше? Сен қайын атаңның үйіне барасың ба?— деп Рахметтің өзінен қайыра сұрады. Рахмет жұдырығын түйіп, құдды бір қызыл көз пәлені көріп тұрғандай-ақ:


— Мен оның тұмсығын бұзамын!— деп кіжініп жауап береді. Мини болса сықылықтап кеп күледі.


Қазір күз айларының ең бір ашық кезі. Бағы заманда бұл мезгілде патшалар дүниені өздеріне табындыру үшін жорыққа аттанады екен. Ал мен Калькуттадан ешқайда аттап шықпаймын. Сондықтан болар, ой-қиялым шарықтап бүкіл жер шарын шарлап жүреді. Өзімді осы бір бөлмеге қамап қойған қапастағы жандай сезінем де, ойым болса шартарапта жатады. Қайдағы бір бөтен елдің атын естісем-ақ қиялдай бастаймын, ал егер басқа елдің азаматын көрсем, ойша қалың орманды, тау-шатқалды жарып аққан өзен жағасындағы лашықты көз алдыма келтіремін, менің құлағыма бақытты, еркін өмірдің үні естілгендей болады.


Алайда, осыншама құштарлығыма қарамастан, алда-жалда өз бөлмемнен шыға қалғандай күн туса дәл осы ашық аспанның өзінен-ақ шатыр-шұтыр нажағай ойнап, қалың нөсер төге жөнелетіндей боп тұрады. Осы себептен келімсекпен ертеңгілік кішкентай бөлмедегі жазу үстелінің басында өтетін әңгіме көп реттерде сол саяхаттың орнын толтырды. Бенгал тілін белінен басып сындырып сөйлейтін күрілдеген жуан дауысты келімсек өзінің отаны туралы әңгімелейді. Сол кезде менің көз алдымнан ыстық күннің аптабына күйіп қоңыр қошқылданған қиян асулы биік тау сілемдері, оның арасындағы ирелеңдеген шөл соқпағы, жүк артқан түйе керуені, саудагерлер, біреуі қайза, енді бірі атам заманғы ескі қару асынған жаяу-жалпы жол сілтеушілер елестеп өтіп жатады.


Минидің шешесі керемет қорқақ адам. Далада әлдебір айғай-шу естіле қалса болды, бүкіл әлемнің қай-қайдағы түкпірінен өңшең мастар жиылып, біздің үйге басып-кіріп келе жатқандай көзі шарасынан шығып кетеді. Өзінің бар өмірінде (соншама ұзақ деп те айтуға болмайды) жалпақ жиһан ұры-қарыға толы, қаптап кеткен қарақшылар, маскүнемдер, жыландар, жолбарыс, улы жәндіктер, тарақандар, солдаттар деген жаман ойдан арылмай-ақ кетті.


Рахметке де сене бермейтін, оның сыртынан бақылап жүруді маған бірнеше рет қатты тапсырды. Мен күлкімен оның күдігін сейілтем бе деп едім, бірақ сауалмен бастырмалатып сөзге қонақ бермеді:


— Бұрын-соңды бала ұрлаған пенде жоқ деймісің? — Ауғанстанда құлдық, жоқ деп кім айтты? — Алпамсадай келімсекке жұдырықтай баланы ұрлап әкету сөз бе екен?


Осыған сенудің өзі күдікті болса да, оның айтқан болжамының мүмкін екендігін еріксіз мойындауға мәжбүр болдым. Сөйтсе де, барлық адамның сенімге деген қабілеті бірдей емес қой, бұл күдік қаймағы бұзылмай менің әйелімнің көкейінде қалды. Бірақ жоқ жерден кінәсіз Рахметке үйіме келме деп айтуға батпадым.


Жыл сайын Магх айын орталап барып Рахмет еліне қайтатын. Бұл кезде ол өзінің жұрттағы қарызын жинап алуға асығады. Бір үйден екінші үйге кіріп, мұршасы келмей жүрсе де Миниге соға кетуді ұмытпайды. Екеуі көбіне астыртын сырласады. Егер ертеңгілік қолы тимей қалса кешінде жетеді. Кіл бір себеттерді артынып-тартынып қараңғы бұрышта отырған ұзын бойлы сөлбірейген көйлек, кең шалбар киген еңгезердей адамға қараудың өзі шынында да қорқынышты еді. Дегенмен бұл қорқыныш көпке созылмайды, "Кабуливала, ay, Кабуливала" деп күліп-ойнап Мини келеді. Жас шамасынан бір-бірінен жер мен көктей айырмасы бар екі достардың баяғы бүкпесіз әзілдерін естимін де жүрегімді қуаныш билеп, жадырап кетемін.


Бір күні өз бөлмемде шығармамды өңдеп отырдым. Соңғы кезде ауа райы суыта бастаған. Терезеден күн сәулесі түсіп тұр. Сағат сегіз мөлшері болатын Ертеңгілік серуенге шыққандардың бәрі де бұл кезде үйлеріне қайтып оралған.


Кенет тыста шу естілді. Мен терезеден қарадым. Екі полицей Рахметтің қолын байлап айдап келеді екен, артында дабырласып бір топ балалар жүр. Рахметтің киіміне теңбіл-теңбіл қанның даты жұққан. Полицейдің біреуі қанға малынған кездікті қолына ұстап алыпты. Мен далаға шықтым да, полицейді тоқтатып мән-жайды сұрадым.


Ежіктесіп жүріп полицейден, жарым-жартылап Рахметтің өзінен болған уақиғаның жөн-жосығын білдім. Біздің бір көршіміз Рахметтен рампур чадрасын алыпты да пұлын төлемей қойыпты. Әуелі жанжалдасыпты, артынан ыза болған Рахмет оған пышақ жұмсаса керек.


Рахмет оны бірнеше рет балағаттап та жіберді. Ойламаған жерден "Кабуливала, ей, Кабуливала" деп Мини айғайлап үйден жүгіре шықты.


Сол сәтте-ақ Рахметтің жүзі жылып, күліп сала берді. Бүгін оның себеттері жоқ еді, демек, екеуінің арасында әдепкі әңгіменің туа қоюы мүмкін емес.


— Сен қайын атаңның үйіне кетіп барасың ба? — деп сұрады Мини.


Рахмет қарқылдап күлді.


— Дәп солай!


Бұл жауап Миниді онша көңілдендіре алмады. Содан кейін барып келімсек:


— Мен оның тұмсығын бұзып берер ем, қайтейін, қолым байлаулы,— деп күрсінді.


Кісі өлтіргені үшін Рахметті бірнеше жылға соттады.


Мен оны ұмытып та кеттім. Біз үйде отырып өзіміздің күнделікті ісімізбен шұғылданып жүргенде қайдағы бір қаңғыма адамның түрмедегі хәлінің не күйде екендігі есімізге кіріп те шықпайды.


Пысық, ашық-жарқын Мини бірте-бірте ұяң бола бастады. Мұны мен де мойындайын дедім.


Алғашқыда ол бұрынғы досын лезде ұмытып атшы Набимен жақындасып кетті. Ол тіпті менің бөлмеме де келмейтін болды. Екеуіміздің достығымыз да осымен аяқталды.


Жылдар өтті. Тағы да күз келді. Біз Миниді ұзатпақпыз. Той пуджа мерекесінің кезінде болмақ. Менің бар қуанышым да сол бір Қайласты жайлаған нәзік жанмен бірге әке шаңырағын тастап кетпек, мен қызымнан енді айырылатын болдым, ол мені жұртта күңірентіп тастап, басқа, бөтен біреудің үйіне кетіп барады.


Таң арайлап атты. Күн шапағы балқыған алтынның ұшқынындай жарқырайды. Тіпті Калькуттаның бұрыш-бұрышындағы шаң басқан ескі, мүжілген кірпіш үйлерге де ерекше көрік беріп тұрды бұл шапақ.


Біздің үйде күй таң атпай-ақ боздап еді. Оның әуені менің жүрегімді тырналайды. Мұңды саз бен күзгі күннің бозамық нұры қабаттаса бүткіл дүниені көлегейлеп, алдағы әке мен баланың айырылысуы жарасын ушықтыра түскен тәрізді. Бүгін менің қызым үзатылады.


Азаннан-ақ адам аяғы сапырылысып ызу-қию болды. Аула ішінде нар қамыстан жаппа тұрғызылды, ал бөлмелер мен шиланда гүл алқаларына толды.


Рахмет келгенде өз бөлмемде отыр едім. Әуелде мен оны танымай қалдым. Қолында себеті де жоқ, шашын тақырлап алдырып тастаған, баяғы жарқын бейненің нышаны да қалмапты. Жалғыз-ақ күлкісі өзгермеген.


— О, сен Рахметпісің? Қашан келіп қалдың?


— Кеше кеште ғана түрмеден босатты.


Бұл сөз менің тас төбемнен ұрғандай болды. Өмірімде кісі өлтірген пендені көрмеген жан едім, енді Рахметпен бетпе-бет келгенде іші-бауырымды бір нәрсе тырнап алғандай бүріп әкетті. Қуаныштың үстінде бұл адамның болмағанын тілеп тұрмын.


— Бүгін бәріміздің қолымыз бос емес. Менің болса да уақытым жоқ. Тағы бірде келерсің.


Ол әп-сәтте теріс бұрылып жүре берді, бірақ есікке жете бергенде қайтадан бөгелді.


Маған Кхокиді көруге болар ма екен? — деп сұрады. Ол Миниді баяғысындай десе керек. Тіпті қоя осы сәтте "Кабуливала, ей Кабуливала" деп Мини жүгіре шығады, сол бір кездегідей бір-бірімізді көңілді қарсы аламыз ғой деп те ойлаған шығар-ау. Ескі ДОСТЫҒЫН есіне алып, бір қорап мейіз пен бадамда сала келіпті жанына. Тегі бұны өзінің жерлестерінен жинаған тәрізді.


Бүгін үйдегілердің бәрінің де қолы тиетін емес. Ешқайсысын да көре алмайтын шығарсыз.


Оның көңілі бұзыла бастады. Аз уақыт тұрды да, бетіме қадала бір қарап:


— Сәлемет болыңыз, бабу! — деп есіктен шыға жөнелді.


Мен оны аяп кеттім. Енді болмаса соңынан жүгіре шығайын деп тұр едім, артынша-ақ ол тағы қайтып оралды.


— Мынау бір жүзім мен азғантай мейізді Миниге әкеліп едім, соған беріңізші.


Ұсынғанын қайтарғаным жоқ, ақшасын төлейін деп жатқанымда қолымнан ұстай алды.


— Сіз өте мейірімдісіз. Мен оны еш уақытта ұмытпаймын. Бірақ ақшаңыздың керегі жоқ. Бабу, менің де сенің қызыңдай қызым бар. Тым болмаса бет-жүзін көрейін деп мардымсыз тәтті әкеліп едім. Сауда жасай келгенім жоқ.


Ол кең шалбарының қыртысына қолын салып жіберді де, умаждалған кір қағазды алып шықты. Сосын еппен жазды да менің алдыма, үстел үстіне әкеліп қойды.


Қағаздан мен баланың кішкентай қолының таңбасын көрдім. Бұл фото да емес, сурет те емес, күйе жаққан қолдың таңбасы ғана.


Жыл сайын Калькуттаға келгенде Рахмет қызының осы ескерткішін кеудесінде сақтады, осы бір кішкентай ғана баланың қол таңбасы алыста жүрген, сергелдеңде жүрген әкенің үлкен жүрегін ыстық табымен жылытты.


Менің көзіме іркіліп жас келді. Мен оның бар болғаны жеміс сатушы, келімсек, ал өзімнің мархаббатты бенгал ұрпағы екенімді де ұмыттым. Оның менен ешбір кемдігі жоқ, ол да мен сияқты әке екендігін түсіндім.


Алыстағы, әлдеқайдағы бір тауды мекендеген кішкентай нәрестенің қол таңбасы менің Миниімді есіме түсірді. Үй-ішінің қарсылығына қарамастан табан астында Миниді ертіп келдім. Салтанатты қалыңдық киіміне бөленген Мини ұяң басып менің жаныма таянды.


Келімсек аңырып қалды. Баяғыша кездесу де болған жоқ. Бір кезде барып оның бет әлпетіне күлкі жүгірді,


— Кхоки, сен қайын атаңның үйіне барамысың?


Мини "қайын атаңның үйі" дегеннің не екенін қазір біледі. Ол бұрынғыдай тартынбай Рахметтің сұрауына жауап берудің орнына ұялып, беті қызарып, теріс айналды. Минимен келімсектің сонау алғашқы кездесулері есіме түсті де, мені мұң басты.


Мини бөлмеден шыққан соң Рахмет ауыр күрсініп, еденге отыра кетті. Ол өз қызының да дәл осындай боп бой жеткенін, оның бұрынғы сәби жүзін қайтып көре алмайтынын енді ғана сезгендей. Өткен сегіз жыл ішінде оның қызының да не халге ұшырағанын кім біледі.


Күн нұрын биязы төгіп тұр. Күй боздай берді. Калькуттаның бір бұрышында отырып Рахмет көз алдынан Ауғанстанның елсіз тауларын көргендей.


Мен оған ақша бердім.


— Рахмет, сен енді үйіңе қайт, қызыңды көр, сендердің қуанышты кездесулерің Миниге бақыт әкелсін.


Мен тойға онша көп шығын да жасай алмадым, өзім қалағанымдай электр шырағы да самсап тұрмады, оркестр де шақыра алмадым. Әйелдер бұған наразылық білдірді, бірақ, оның есесіне менің үйімдегі мерекелі той бақыт нұрына малынып тұрды.


Аударған С.Шаймерденов




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу