Әңгімелер ✍️
Демалыс
Ауыл балаларының көсемі Фатих Чокробортиге жаңа бір ой келді. Өзен жағасында жататын жуан бөренені кеме діңгегіне айналдырсам деп ниет етті. Оған бар баланы қатыстырмақ болды. Соңыра бұл іс үшін алған, қарғайтындар да, шу көтеретіндер де табылатынын біле тұра, олар бұл ойынға білек сыбанып, құлшына кірісті.
Ойламаған жерден Фатихтың кіші інісі Макхонлал келді де бөренеге отырып алды. Мұны елемегендік деп түсінген балалар әуелде дағдарысып қалды. Содан кейін бірі барып Макхонлалды итеріп түсірмекші еді, оған да мән бере қойған бала болмады. Жас ойшыл мына ойынның түк мағынасы жоқтығын беріле ойлап, мелшие отырып қалды.
— Байқа, шегелеп тастаймын! Тұр жаныңның барында, — деп ақырды ашуланған Фатих інісіне.
Бірақ Макхонлал сәл қозғалды да, жайғаса отырды.
Әрине, басқалардың алдында өз беделін сақтау үшін бетімен кеткен мына інісінің жағынан шапалақтап осып-осып жіберуі керек еді, бірақ Фатихтың жүрегі дауаламады. Дегенмен сыр білдірмеді. Бөренені домалатып жіберейік деп ұсыныс жасады.
Макхонлал міз бағар емес, алайда осы бір ерлік істің қатері де мол екені бір баланың ойына келсейші.
"Жұмылыңдар кәне! Ал аудардық!" — деген айқаймен балалар бөренені қозғай бастады.
Сол-ақ мұң екен, Макхон жерге ұшып түсті. Балалардың бәрі шықылықтай күліп шу ете қалды. Бірақ Фатих қысылып қызарып кетті. Макхон ұшып тұра келді де, ағасына тап берді. Төмпештей бастады. Сөйтіп жүріп бет-аузын тырнатты, қан жоса болды. Содан кейін бақыра жылап үйіне жөнелді. Балалар ойыны ырың-жырыңмен тарқады.
Фатих бір шөп сабағын жұлып, бір жағы суға батып жатқан ескі қайық үстіне шықты, содан кейін сол шөп сабағын шайнап, ойлана отырып қалды.
Осы кезде бейтаныс бір қайық келіп жағаға тұмсығын тіреді. Ақ шашты, орта жас шамасындағы қара мұрт бір мырза түсе берді.
— Чокробортидың үйі қайсы? — деп сұрады ол Фатихтан. Бала шөп сабағын шайнаған қалпы:
— Ана жақта, — деді.
Алайда ана жақтың қай жақ екенін түсіну оңай да болған жоқ.
— Кәне, қай тұста? — деп сұрады бейтаныс адам тағы да.
— Білмеймін, — деп Фатих шөпті шайнай берді. Осыдан кейін жаңағы кісі басқа біреуден дұрыстап жөн сұрап алды да Чокробортидың үйіне беттеді.
Көп кешікпей Бағха Бағди келді.
— Фатих, бар, шешең шақырып жатыр, — деді ол.
— Бармаймын.
Бағди оны еріксіз қолынан ұстап алып үйге қарай сүйреледі, Фатих аяқ-қолымен жер тепкіледі. Үйге келген бетте-ақ шешесі оған:
— Макхонды тағы да ұрдың ба?! — деп қатулана сұрады.
— Жоқ, мен ұрған жоқпын, — деп жауап берді бала.
— Өтірік айтасың!
— Еш уақытта да ұрған жоқпын, Макхонның өзінен сұра.
Бірақ жәбірленген Макхон айтқанынан қайтпады. Фатихтың шыдамы таусылды. Інісіне жетіп барды да:
— Өтірікті соқпа, өтірікті соқпа! — деп айқайлап, жағынан тартып қалды.
Анасы Макхонды жақтап кетті, Фатихты арқасынан түйгіштеді. Бала анасын итеріп жіберді.
— Ә, сен енді маған қол жұмсайын дедің бе! — деп дауыстады ол.
Не болып қалды?— деді осы кезде үйге кіріп келген бейтаныс қара мұрт мырза.
Фатих шешесінің қуанышында шек жоқ.
— Апырау, бұл дадам ғой. Қашан келіп қалдың? — деп иіле тағзым етті.
Үлкен ағасының күн көріс қамымен Еуропаға кеткеніне көп заман болған еді. Бұл жылдарда Фатихтың анасы екі бала көтерді, бірақ күйеуі қаза болды. Ағасынан сонда да хабар болмаған. Міне енді Бишон ұзақ мезгілді араға салып отанына оралған екен, өзінің қарындасына сәлемдесе келіпті. Ойын-күлкімен бірнеше күн де өтті. Ақыры аттанарынан біраз бұрын Бишон қарындасынан жиендерінің қалай оқитынын сұрады. Ол Фатихтың айтқан тілді алмайтынын, сабаққа көңіл қоймайтын сотқар екенін, ал Макхонның аса зейінді де мінезді, сүйкімді бала болып өсіп келе жатқанын айтты.
— Көресімді осы Фатихтан көрдім! — деп қойды ол. Бишон баланы Калькуттаға ала кетіп, сонда тәрбиелемек ойын білдірді. Жесір әйел бұған оңай көнді.
— Нағашы ағаңмен бірге Калькуттаға барасың ба? — деп сұрады одан.
— Барам! — Қуанған Фатих секіріп-секіріп алды. Осы шіркін Макхонды суға кетіріп алмаса жарар еді деп, немесе басын жарып тастамаса игі еді деп үнемі үрейленіп, қауіп билеп жүретін ана Фатихтан құтылатын болдым деп қуанса да, баласының өзінен оңай жерініп құлшына қалғанына назаланып кетті.
— Қашан жүреміз?— деп қайта-қайта сұрақ қойып, нағашысының мазасын ала берді Фатих. Ұйықтай алмады, көрер таңды көзімен атқызатын болды.
Аттанар күн де келіп жетті. Көңілденген Фатих қармағы мен қағаз зырылдауығын басы бүтін інісіне сыйлады.
Калькуттаға келген соң алғашқы әңгіме жеңгесі екеуінің арасында туды. Онсыз да жанды-жақты үйге тағы бір адамның қосылуы Бишон әйелін қуанта қоймады. Бұл жеңгейдің өзінің де үш ұлы болатын, оның үстіне үй ішінде өзінше тәртіп орнатқанды, ал мына тәрбие көрмеген, он үш жасар ауыл баласы сол тәртіптің шырқын бұзбақ. Әй, Бишон-ай, осыншама жасқа келдің, ата сақалы аузыңа бітті, сонда да істің парқын білмейсің-ау!
Расында да дүниеде он үшке келген баланы батудан артық не мехнат бар! Бұл кезде оны бала деп те, үлкен адам деп те санай алмайсың. Сүйкімі де болмайды. Көрсетер рақаты да жоқ. Егер де бала болып, не болса соны айта берсе, жарымес дейсің, ал үлкен адамша сөйлеуге тырысса, көргенсіз деп сөгесің. Он үш жаста баланың балалық мінезі қалады, даусы жуандай бастайды. Жұрт мұны да мін көреді. Жас, сәби кезде оның көп кінәсін елемейсің ал он үш жасар жас өспірімнің табиғи мінез-құлығының өзіне де төзгің келмейді. Пайдалы адам екеніне жасөспірімнің өзі де күдіктене бастайды, сол себепті кім көрінгеннен қорынады, жұрт көзіне түспеуге тырысады. Міне осы бір дәуірде бала жылы жүзді, қайырымдылық пен сүйіспеншілікті көбірек аңсайтын болады. Бірақ бетімен кетеді, ерке-тотай болып алады деп қорқып, оны ешкім де бауырына тартпайды. Сол себепті он үш жастағы бала бұралқы ит сияқты панасыз, жалқы болмақ.
Әрине бұл дәуірде баланың өз анасымен бірге болғаны жөн, бөтен үй дозақпен тең оған. Әрі отыр, бері отыр сияқты көз түрткілік аяқ басқан сайын жас жүректі жаралай береді. Әйел атаулы да бұл кезде қолжетпес бір ғажайып, құдірет болып көрінеді, осы ретте әйел күстәнәсі ол үшін айрықша қайғы.
Жеңгем мені жек көреді дегенді ойлағанда Фатихтың жүрегі мұздады. Қайтсе де жақсы көрінуге тырысты. Бірдемеге жұмсаса болды, алып ұшып, құлшына кірісті. Сонда да жеңгесі оған:
— Болды, болды... Саған бір нәрсені сеніп тапсыруға болмайды. Одан да бар, кітабыңды оқы, немесе басқа бірдемеңді істе, — деп басып тастайтын еді.
Жеңгесі мұның жан дүниесінің өсуін көп ойлағансиды. Бұл да балаға аса үлкен қиянат болып көрінетін.
Нағашы ағасының үйіндегі Фатих өмірі дәл осылай тым сұрқай өтіп жатты, соны айтып, шер тарқатар да ешкімі болмады оның. Көрінгенге көз түрткі бала өз үйін аңсап ойлаумен жүрді. Аспанға қағаз зырлауық ұшырып ойнаған көгалды сағынды. Ағысы қатты өзен бар еді, ұзақты күн сол өзеннің толқынында ойнаушы еді Фатих. Ертеден қара кешке өзі шығарған өлеңді айтып жаға кезетін, тамаша достары бар еді, асыр салып ойнаушы еді солармен, ешкім бетіңнен қақпайтын, еркін өмір, әділетсіз де ашулы ана байғұс... бәрі де оның көз алдына келді. Торыққан бала жүрегі қыстыға тулады.
Дүниедегі бар асылдан да қымбат анасы жоқ оның қасында. Көңілде сағыныш оты лаулады тарқамаған дүлей қапалық шер басты көкіректі. Ұяң да күйкі, епсіз бала кешқұрымда енесінен ажырап қалған бұзауша мөңіреп: "ма, ма!" деп жылай берді.
Мектепте бұдан өткен зейінсіз де кежір бала болмады. Егер мұғалім сұрақ қойса, Фатих түкке түсінбеген адамша бажырая қарап үнсіз тұра беретінді шығарды. Жазаны да болдырған есекке ұқсап үнсіз көтерді. Үзіліс кезінде бала біткен шулап ойынға кетіп жатса, Фатих терезе алдына барып алыстағы үй төбелеріне тесіле қарап тұра беретін. Егер сол үй төбелерінде ойнаған балалар көзіне түсе қалса, жүрегі атша тулап кететін еді, Бір күні Фатих қаймыға басып ағасына келді:
— Нағашы, мен қашан апама барамын?
— Мектеп демалысы кезінде, — деп жауап берді Бишон Демалыс бірақ, картик айында болатын, сол себепті көп күтуге тура келді.
Бір ретте Фатих оқулығын жоғалтып алды. Бала бұрын да нашар оқитын еді, ал оқулығы жоғалғаннан бері тіпті құлдырап кетті. Мұғалім күнде ұрып-соғып, ұрса беретін болды. Тіпті нағашысының балалары да Фатихты мазақ етуді шығарды. Сол жәбір мазаққа төзімі таусылған бала бір күні жеңгесіне келді де:
— Мен кітабымды жоғалтып алдым, — деп айыбын мойнына ала сөйледі.
Ашу бұған жеңгесі, ернін тістеледі:
— Жақсы бопты! Бір айда бес мәртебе кітап сатып әпере алмаймын, бірақ саған!
Фатих үн-түнсіз бұрылып кетті. Асыранды бала екенін ойлап шешесіне қатты назаланды, өз қолының қысқалығы дәл осы жерде тіпті қорлық сияқты болып көрінді.
Сол күні кешке таман Фатих мектептен ауырып қайтты, шекесі сынып бара жатқандай болды, денесі құрыстап, күйіп-жанып қалтырай бастады. Бала енді жеңгесіне масыл болатынын сезді. Қайдағы жоқ бейнет маған дайын тұрады деп ренжитін болар деп түсінді. Осы бір оғаш мінез, жарымес бала өзін енді туған анасы емес, жат адамдар бағып қатады-ау дегенді ойлап қатты қысылды, сол себепті ауырдым деп айтудан да қорықты.
Ертеңіне елең-алаңда Фатих ғайып болды. Көрші үйлердің бәріне сұрау салынды, бірақ жөнін білген ешкім табылмады. Кешке қарай қатты нөсер сабалап кетті. Баланы іздеп сандалған жұрт суға малшынды. Ақыр соңында Бишон полицияға хабарлады.
Келесі күні де жаңбыр толассыз құйып тұрды, көше біткен сел болып кетті. Кешқұрым үй алдына келіп бір күйме тоқтады. Екі полицей Фатихты сүйемелдеп Бишонға әкеп табыс етті. Бала суға малшынған, үсті-басы лас, беті-аузы талаурап кеткен, қалш-қалш етеді. Бишон оны еппен көтеріп алды да, әйелдер жататын ішкері үйге алып кірді.
— Біреудің баласы үшін неге мұнша арамтер боламыз? Үйіне жөнелт! — деп айқайлады әйел Фатихты көріп. Осы бір беймазалықпен өткен күні оның тамаққа да зауқы соқпады, тіпті өз балаларына да мінез көрсетіп алды.
— Мен анамды іздеп шығып едім, неге қайтарып әкелді? — деп жылады Фатих. Түнімен сандырақтап сөйлеп шықты. Төмендей берді. Ертеңіне Бишон дәрігер шақырды.
— Нағашы аға демалыс басталды ма? — деп сұрады Фатих. Талаурап қанталаған көзін ашты да, төбеге шалықтай қарады. Бишон орамалымен көзін сүртті. Ауру төсегіне келіп, жақындай отырды. Аса бір мейіріммен, күйіп-жанған баланың сидиған қолын алды. Фатих тағы сандырақтап кетті.
— Апа, ұрмашы мені! Расымды айтамын, кінәлі емеспін мен, апа!
Келесі күні кем бір шаққа Фатих есін жиды, әлдекімді іздегендей жан-жағына қарады. Содан кейін сұлқ түсті де, теріс қарап жатты. Баланың жан дүниесін түсінген Бишон оның құлағына еңкейді де ақырын ғана:
— Фатих апаңа кісі жібердім! — деді.
Тағы да бір күн өтті. Өңі сұрланып, дегбірі қашқан дәрігер баланың әлсіреп, төмендеп бара жатқанын хабарлады. Бишон алагеуім үй ішінде ауру баланың басында әне келеді міне келедімен Фатих шешесін күтіп отырды.
— Солға қарай таста! Олай емес! Әлі де солға! — деп айқайлады бала матростарға ұқсап. Калькуттаға келе жатып нағашы ағасы екеуі жарым жарты жолды кеме үстінде өткізген еді. Сонда матростар шуласып су тереңдігін өлшеген болатын-ды. Фатих сандырақтап жатып соларға еліктегендей, алайда міне енді өзі жүзіп бара жатқан ұлан-ғайыр шексіз тұңғиық теңізде қанша қарманғанмен жібін су түбіне жеткізе алатын емес ол.
Осы кезде дауыс етіп жылап Фатихтың анасы жүгіре басып бөлмеге кірді. Бишон оны зорға дегенде жұбатты.
— Фатих, құлынтайым, асыл қазынам-ай! — деп шақырды ол баласын.
— О не? — деп сұрады бала.
— О, құлыным, Фатих жаным-ай! — деп қайталады ана.
Бала жайлап бері бұрылды, байқаған ешкімі болған жоқ.
— Апа, міне демалыс та келді, мен үйге қайтамын, апа! — деді ол ақырын ғана.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter