Өлеңдер ✍️

  06.08.2021
  133


Автор: Рабиндранат Тагор

Жырлар

Ситараның ескі шегін ауыстыр,
Құлақ күйін қайта келтір басқа ғып.
Күндізгі жыр өз өмірін тауысты,
Жұлдыздарды жастанып,
Кешкі жырды басталық,
Ситараның ескі шегін ауыстыр,
Құлақ күйін қайта келтір басқа ғып.
Есігіңді шалқасынан лақтыр,
Дүниенің төрт құбыласына құлақ тұр.
Күндізгі жыр өз өмірін тауысты,
Қоштасалық жылап бір,
Санамыздан сызып бәрін тасталық,
Кешкі жырды басталық.
Ситараның ескі шегін ауыстыр,
Құлақ күйін қайта келтір басқа ғып.
Махаббатты, Зұлымдықты, екеуін де жыр қылып,
Ізіңе ере кіріп келді ол есігіңді сындырып.
Емес бірақ бейшара да, қайыршы да, кеміс те,
Жаулап алып жаныңды ол жетеді үлкен жеңіске,
Соған қарсы аттанады,
Саған қарсы шығарса кім бір бүлік.
Ізіңе ере кіріп келді ол, есігіңді сындырып.
Жүрек жұтқан сарбаз-сынды, алмас қылыш қолында,
Өлімге де бас тігеді ол өлмес өмір жолында.
Көрем десең болашағын, сенем десең қара алға,
Өз билігін жүргізеді ол он сегіз мың ғаламға.
Соған қарсы аттанады
Оған қарсы шығарса кім бір бүлік.
Ізіңе ере кіріп келді ол есігіңді сындырып.
Қайығы мендік жырлардың
Ақ айдын көлде келеді.
Желкенін мықтап құрғанмын
Жырта алмайды әсте жел оны.
Ақ, адал бір құс қуанса,
Ол солай қарай ығады
Жағадан бір қыз су алса,
Ол солай қарай ығады.
Көгілдір ажал - бар аймақ
Көз қысып ылғи тұрады.
Толқындар қуып, жел айдап,
Ол солай қарай ығады...
Тоқтамауды бақытына балаган
Адамдардың
Әр қадамын санаған
Ақтабан жол! Менің адал серігім!
Мәңгі-бақи қол үзбеймін мен одан!
 Жылдар... жылдар... көшін алға жылжытты.
Ал, солардың ізі қайда?
Кім жұтты? Әрине сол - ақтабан жол!
Кіл қатпар
Көкірегінде көз ілуде ұрпақтар...
Өзім қашан атқа қондым?
Жоқ есте! Бүкіл дүние айналғандай елеске
Жұмбақ әлем шақырады, кел дейді,
Көз алдында жаңалықтар көлбейді,
Сондықтан да аямастан өзімді,
Қиындыққа қайрап салып төзімді
Ағысымен сарқырама күндердің
Сапар шектім өміріме ілгергі.
Жол жатыр, әне... Қара алға!
Көмкеріп шетін көк аспан.
Сонда да әрбір адамға
Адасу - енші, о бастан.
Жұмбағы оның өте көп,
Бүгеді ішке сыр ойлы.
Белгісіз - қайда жетелеп,
Апарып қашан тірейді??
Табиғат - Ана көмекке келеді дәйім
Ақ таңда Қанатын құстар қаққанда;
Көрсоқыр түнде – түнекте
Жұлдыздар шырақ жаққанда.
Мінгізіп мезгіл арбасы,
Алайда, бізді билейді.
Біріне-бірі жалғасып,
Өз сүрлеуімен сүйрейді.
"Таң атты..." деп Түн жылады егіліп
"Басқа жаққа көшемін-ау...",- деді
Бұлт. Ұлы Теңіз қабырғасы сөгіліп:
"Еркіндікке шыға алғаным жоқ әл
Толқындарым жарқабаққа соғады..."
Деп күрсінді. Қайғы болса, ал енді:
"Жүрем, - деді, - шарлап бүкіл әлемді..."
"Мен" былай деп күбірледі:
"Өшемін! Бұ жалғаннан мәңгілікке көшемін".
Деді Дүние: "Қадірімді білсе кім,
Қабіріне қоямын мен гүл шоғын".
Мақтанды Аспан: "Мың-сан шырақ жақтым" деп;
"Бақытыңды сол арқылы таптың" деп.
Махаббат та сонда былай уәж етті:
"Адам үшін тек мен ғана қажетпін".
Ақырды Ажал:
"Болма, - деп, - сен босқа алаң,
Өміріңнің қайығын мен басқарам".
Тыңда мені, жүрегімнің, тұрғыны.
Күлкің қайда? Неге үнсіз мүлгідің?
Айналаға қара көрпе жапты іңір.
Аспан айсыз. Қара қоңыр тартты қыр.
Сейілмесе қараңғылық - қалың мұң
Сайрамайды сыбызғысы жанымның;
Бұған көңіл бөле көрме бірақ та,
Шашсын нұрын - шырпы тигіз шыраққа.
Сонда ғана, сонда ғана, қалқашым,
Саған арнап тоқимын гүл алқасын.
Сонда ғана түн дей тұғын тәңірің
Бізге мүлде жүргізе алмайды әмірін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу