Өлеңдер ✍️
Аяқтыш шалыс баспағын
Ғибратты ізін жалғап ізгінің,
Оянуға тілек еттік біз бүгін.
Қыз-ғұмырды шаңға көміп кетеді,
Абайсызда шалыс басқан бір күнің.
Үйіріліп соқпасыншы құйын-дау,
Жолға тастар жақсыларға сыйынбау.
Алаңдатып жатыр елді кей қыздар,
Боянудан оянуы қиындау.
Жақсылықтың болмас,сірә,көптігі,
Дәуір заңы қолдап тұр ғой ептіні.
Мен өзімді сезінер ем бақытты,
Айтқан сөздің тиер болса септігі:
<<Өміріңе қонбау үшін мұңды зар,
Адамдармен дос болыңдар сөзді ұғар.
Баламенен әлемді тең тербетер,
Ертеңгі ана біз боламыз,құрбылар!
Отыратын ақ бесікті таянып,
Бақыт үшін қалмайықшы аянып.
Қарсы алайық болашақтың шуағын,
Құрбы-достар,таңнан бұрын оянып!
Ақ тілекпен тұрсын дәйім жан байып,
Салт-дәстүрге адалдықты жалғайық.
Жаһандану-алмағайып заманда,
Анық жүріп,шалыс басып қалмайық!>>
Ұштастырып білім менен ғылымды,
Таныт,құрбым,елге жеті қырыңды.
Кәсібіңмен жетістікке жетуге,
Арнаған жөн әрбір жұмыс күніңді.
Еңбек деген бизнестің қайнары,
Жасампаздық-барлық істің айғағы.
Жиырма жеті жылда қазақ даласы,
Келген қонақ танымастай жайнады.
Оянуда барлық дала,тау,аңыз,
Жерұйыққа айналуда даламыз!
Жақсы мінез,мәдениеті мол елге,
Қызмет етіп жатсын білім,санамыз!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter