Өлеңдер ✍️

  05.08.2021
  163


Автор: Қасымхан Бегманов

Біздің ауыл

Ана өзекке жоғалады сай барып,
Қасқырлары көкке қарап ұлыған.
Байлығы үшiн кiсенделiп, айдалып,
Мырзалары итжеккенге құрыған.
Бiздiң ауыл тарихы бар қатпарлы,
Йасауидiң көк күмбезi көрiнген.
Итжеккеннен келген хаттар сақталды,
Айналдым мен қасiреттi елiмнен.
Бабайқорған Майдамталға ұласқан,
Анау жатыр ата-баба кезеңi.
Теңбiл-теңбiл бұлтты аспан, бiр аспан,
Ағып жатыр Қарашықтың өзенi.
Қасиеттi асыл сезiм бауыр бұл,
Бiр-бiрiне ғайбат сөздер айтпаған.
Бiздiң ауыл қасiреттi ауыл бұл,
Мырзалары итжеккеннен қайтпаған.
«Алтын аймақ»... айтпаған ғой деп бекер,
Сағынғанда елге кеткiм келедi.
Сен аман бол, талай ұрпақ кеп-кетер,
Мұңлы-мұңлы ән мен жырдың мекенi.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу