Өлеңдер ✍️

  05.08.2021
  167


Автор: Қасымхан Бегманов

Хантағыға тағзым

Мен, мен едім, мен едім...
Махамбет

Сырласудың реті бүгін түсті-ау сізбенен,
Бозбаласы ем ауылдың кездесетін қызбенен,
Күшігің ем кешегі, арлан болдық біз деген.
Елу жылдай еліне өлмес өмір іздеген,
Түбі соны табам деп үмітін еш үзбеген.
Кемшілігін біреудің ақ қағазға тізбеген,
Мен ақыны ем даланың сырласатын күзбенен.
Сыздық төре төсіңді дүбірлеткен ұлы елім,
Тәуелсіз жұрт бақытты, бүгін неткен ұлы елім.
Рахымымен алланың, пейілімен халқымның,
Таңғажайып таңдарды сібірлеткен ұлы елім.
Келдім бүгін ортаңа, орала алмай жүр едім.
Ақ қағазға төгілген аспан жақтан нұр едім
Ашылмаған сыр едім,
Жазылмаған жыр едім.
Үміт күтер ұлым деп қарап маған тұр елім.
Мен екінің бірі едім,
Әлі қауыз ашпаған далаңдағы гүл едім.
Сәби едім ол кезде, періште едім, пәк едім,
Жаңа жауған ақ қардай кіршіксіз ем, ақ едім.
Жетімдер мен жеңілгенге жақ едім,
Шөл далада жайқалып жайнап тұрған бақ едім.
Ортаңызға кеп тұрмын бүгін міне, тағы елім.
...Марқұм әпкем оқыған ауласына мектептің,
Қаншама рет елеусіз Хантағыға кеп кеттім.
Түбі қайта айналып келемін ғой деп кеттім,
Жырларымды бір жазып беремін ғой деп кеттім,
Елу жылда ешкімнің жолын кесіп өтпеппін.
Мырғалымсай, Ащысай, Атабайға ұласқан,
Бабайқорған барады одан ары қыр асқан.
Қайда сол бір бала деп сұлу қыздар сұрасқан,
Баяғыдай бозарып сырын бүгіп тұр аспан.
Айналайын Хантағы, Қаратауға сыр ашқан,
Сұрайтының болса егер, сұра, ақ қайың, сұра, аспан,
Жаңбыр болып себелеп жүрегімдей жыла аспан.
Қирап қанша шаңырақ көшкен дейді бұл таудан.
Керуен, керуен, керуен боп алыс жаққа жұрт ауған.
Жұрт ауған соң мәңгілік шыңдарынан бұлт ауған,
Осылайша қазағым құтылыпты құрсаудан.
Шөге-шөге жантайып кеткен дейді аспан тау,
Кенесары бір кезде Созақ жаққа асқан тау.
Талай серке жігіттер, жықпыл-жықпыл қашқан тау,
Қара қалмақ қазақтың қанын судай шашқан тау.
Қаратаудан басталған Алашыма аспандау,
Бір аспандап алған соң бойға біткен жасқанбау,
Айқастардың айқасы Қаратаудан басталды-ау.
Жалбарынып ешқашан жан қалмаған жауларға,
Қаншама ерлік көрсе де таң қалмаған тауларда.
Талай ғазиз махаббат қалған анау бауларда,
Шайыры мен шешенін салған қазақ дауларға,
Шортан балық тәрізді түсе қоймас ауларға.
Неге көңіл бөлмейді мына сөзге кей кісің,
Ұлы Әуезов «Тәжі» деп бекер айтты деймісің.
Қамын қара қазақтың Мұқаңдайын жеймісің,
Жасырмаймын шенеунік, ұнамайды кейде ісің.
Ей, жас әкім, қарайла, мынау елге қайыр қыл,
Момынымның қолында мылтық емес, айыр тұр.
Көрден өзге қорлықты талай көрген шайыр бұл,
Кіндігімді кескен ел, көкейімді тескен ел,
Хантағы мен Кентауым, Балабүрген, Байылдыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу