Өлеңдер ✍️
Неткен қайғы, неткен мұң
Неткен қайғы, неткен мұң,
Жан жүйкемдi жүндей түткен өткен күн.
Баяғыда осы ауылдан мұңайып,
Елден жырақ қайғы арқалап кеткенмiн.
Өзiмдi iздеп кетпесiме болды ма,
Қу көкiрек шерге қайта толды ма.
Маған тағы не дер екен тыңдайын,
Менi алысқа алып кеткен жол мына.
Сол баяғы он алтыншы көктемнiң,
Сұлулығын жалғыз iздеп кеткенмiн.
Сенi кейде сағынамын есiме ап,
Жан жүйкемдi жүндей түткен өткен күн.
Әлi ешкiмге айтқан жоқпын сырды бұл,
Көз алдымда тұрды көктем, тұрды гүл.
Қара түнде оянып ап ұйқымнан,
Өзiңдi ойлап отырамын мұңлы қыр.
Сырын ұғам деп кетiп ем ғаламның,
Мен де бәлкiм мұңлы жыр боп қалармын.
Жалғыз тұрмын, азынайды суық жел,
Моласында менiң ғазиз анамның.
Айта алмадым оралмаймын, күтпе деп,
Өкпе-нала көкiрегiмде түк те жоқ.
Менi өсiрген қайран ауыл артымда,
Көз ұшында қала бердi-ау нүкте боп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter