Өлеңдер ✍️

  05.08.2021
  166


Автор: Қасымхан Бегманов

Оңтүстікте бір қала бар – гүл қала

Оңтүстікте бір қала бар – гүл қала,
Арулары қарайтұғын ұрлана.
Осы жақта танысқан ем, алыста,
Түсіме ылғи кіретұғын бір бала.
Мұнда келсең армандарың асқақтар,
Жел тербейді жапырағын тастап тал.
Әлішер дос ерте қайтып үйіне,
Жанымда отыр Мейрамәлі, Әбсаттар.
Мүлт кеткенді шегі қатып мазақтар,
Бұл қалада көп тұрады қазақтар.
Ана жақта Отырар мен Сауран бар,
Мына жолмен Шаян ассаң Созақ бар.
Бұл шаһарда баяғыда тұрғам мен.
Алыс жақта сауық сайран құрғанмен,
Ештеңе де өзмермеген секілді,
Су сылдырап ағып жатыр жылғаңмен.
Мені әйтеуір, тек жатырқай көрмеңдер,
Сағыныштың сазыменен тербеңдер.
Жұпарыңмен, самалыңмен емдеңдер,
Қос құлыным дүниеге келген жер.
Жаза алмайды бұл шаһар да дертімді,
Баяғыда берген сол бір сертімді,
Ұмытқам жоқ ештеңені, тек қана,
Жүректегі баса алмадым өртімді.
Дамыл бермей... алға қойған мұратым,
Уақытым жоқ, ойын-сауық құратын.
Бұл қаланы жан-тәніммен сүйем мен,
Әлішер мен Мейрамәлі тұратын.
Ертең кетем... Алла тағы қолдаса,
Қуаныш деп айта алмаймын ол да аса.
Ешбір мінін таба алмайсың, тек қана,
Шешеңді ептеп боқтайтыны болмаса.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу