Өлеңдер ✍️

  05.08.2021
  138


Автор: Қасымхан Бегманов

Әдеби орта

Бұл орта біздің шеттеткен топ боп ірісін,
Айтқым келмейді, айтпаймын оны құрысын.
Байқап жүр бала, аңқылдай берме мен құсап,
Сұқ көзден таса қалмайды жүріс-тұрысың.
Бұл орта біздің ескермес кейде ұлысын,
Айтатын сөз бе, айтпаймын оны құрысын.
Алдымда кеткен сан толқындарға бас ием,
Қазақты сүйіп қалдырған асқақ жыры үшін.
Байқалмай қалмас бұл жерде жүріс-тұрысың.
Жақсы әдет емес, айтайын несін құрысын.
Мәңгілік сүйіп өтемін рас кейбірін,
Ана тілімде қалдырған ғажап сыры үшін.
Бұл ортаңызда қиялы көкке ұшқан көп,
Кешегі досың шыға келеді дұшпан боп.
Поэзиядан дәмелі таныс бозбала,
Қосылар екен қиқулап қайсы тұстан кеп.
Бұл орта солай, солай да солай шулаған,
Кей қылықтары ағаштай сусыз қураған.
Қызығып тұрған жүріске біздің балақай,
Жүйкеңді сосын, жүректі сақта тулаған.
Бұл орта кейде тілеулес бағзы бапкердей,
Тыншымайтұғын бәйгені тағы ап келмей.
Бұл орта кейде көзіңе ыстық көрінер,
Ғашықтық ғазал жазылған ескі дәптердей.
Арқаңнан қағар мейрімдісі де табылар,
Көңілі босы қолыңды сүйіп табынар.
Өсектің өртін лаулатып жүрген анау «дос»,
Қайта келмеске кеткенде бәлкім сағынар.
Арулар сүйіп алдаса ыстық төсекпен,
Кейбірі кейде атады таспен, кесекпен.
Қақ жарып өтер қасқа соқпақпен тартпасаң,
Байқап жүр бала жіберер өртеп өсекпен.
Көзіңнің жасын көл қылып кейде саулатқан,
Қиял ғажайып әңгіме отын лаулатқан.
Дәмете көрме халқым кеп ара түсер деп,
Күдікпен сынай тұрады ол қарап аулақтан.
Әдеби орта жүйкеңді жүндей түтетін,
Осы орта тағы мәреден сені күтетін.
Не айтам інім көрерсің, байқап сезерсің,
Дақпырт пен шуды бейітте ғана бітетін.
Әдеби орта тұратын майдан, шайқастан,
Әдеби орта жазылмас құшақ айқастан.
Асыға көрме бағасын берер, реттер,
Туады ұрпақ, тұлпардың ізін тай басқан.
Кездесулерге сан бармай қалып қызбенен,
Әдеби орта бір кезде со-н-дай іздеген.
Көзімнің жасын көл етіп жаздым бұл жырды,
Сабырлы болып сырласқанменен сізбенен.
Сауық сайранды қадірі қалмас кештің де,
Сенімен бірге көрге түспейді ешкім де.
Ақындық тағдыр алып қашады қиырға,
Не жетсін шіркін пәк болып өтсең бес күнде.
Есіңде болсын, періште емес ешкім де,
Пенделік етпей өте алсаң шіркін бес күнде.
Ешкімнің сенде жұмысы болмас, бауырым,
Ғұмырда мынау сан рет жанып өштің бе?!
Әдеби орта айырылған талай тарланнан,
Қасқа жайсаңмен түседі еске барған маң.
Рухқа айналып том-том боп тұрар сөреде,
Өткендерімен өздері мынау жалғаннан.
Бітпейтін бәйге, өтеді қысып тақымын,
Жұбатпай-ақ қой, ұмытпайды елім ақынын.
Өсек өртімен өртеген қалқам аяусыз,
Әдеби орта, тағдырым... әрі жақыным.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу