Өлеңдер ✍️

  05.08.2021
  167


Автор: Қасымхан Бегманов

Мына дүние көктем сайын көктейді

Мына дүние көктем сайын көктейді,
Тағдыр адам мүмкіндігін шектейді.
Сені сүйіп өту үшін жалғаннан,
Жалғыз рет сүрген өмір жетпейді.
Бір-ақ рет сүрген өмір жетпейді,
Ал, табиғат қайта-қайта көктейді.
Адам шіркін қарбаласта сезбейді-ау,
Қадам сайын... бейіт жаққа беттейді.
Әр қадаммен бейіт жаққа беттейді,
Мән беруге, мұршасы оның жетпейді.
Бір-ақ рет сүретінім өмірді,
Күндіз-түні көкейімнен кетпейді.
...Жер бетіне жаңбыр жауса сіркіреп,
Көкейіме оралады бір тілек.
Аяулым-ау, саған жазған жырларым,
Көктем сайын көктер ме екен дүркіреп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу