02.08.2021
  274


Автор:  Аймұханбет Бейсембеков

Жағымпаздың жан тәсілімі...






(Біздің қоғамның комедиялық- трагедиясы)






 








 


        Байқайсыздар ма, қазіргі кезде Ауылдан бастап Ақордаға дейінгі өтетін жиындарда, билікті мақтап сөйлеуге әдейі дайындалған «Жағымпаздар Алқасы» құрылғандай. Үлкен жиналыстарда сол «Алқаның» мүшелері төрден орын алып, жарыс сөзде жарысатын да солар.  Оларды көргенде,  «Жағымпаздар жақсы орында отырады»,  - деген мақал көмейімді қышытады да тұрады. Бірақ, «таяқтың екі ұшы бар» дегендей, жағымпаздықты орнын тауып қолданбасаң, басыңа пәле болып та жабысады екен. Мен соны айтайын деп, айта алмай отырмын- ғой...


   Көпке белгілі Көмей аталатын қаланың басқа қалалардан ерекше бір айырмашылығы, оған тағайындалған әкімдердің келуінен, кетуінің тездігі. Санап көрсек он жылда онбес әкім ауысыпты.     Бұл нағыз Гиннестің рекордтар кітабына тіркелетін көрсеткіш. Бұл туралы орталық газеттің бетінде бір ауыз өлең «сарт» ете түскені бар.когам


              


               Көмей жейме әкімді, әкім жейме көмейді,


              Ши қалпақтай бір жаздық экс- әкім көбейді.


              Әкім кетер «қарық» боп, Көмей қалар жарық жоқ,


              Ал, Астана қалайша, «бұл не былық» - демейді?!


 


Әкімдердің  ауысуы  Көмейдің  көркейуіне көмегі бар жоғын «Көк үйдегі көкелер» біле ме, білмей ме, ол жағы белгісіз, бірақ, Көмей қаласының «Жағымпаздар алқасының» жарық жұлдызы – Жағымпаз Жалтырбасов  деген белсендінің жүрек қабының жарылып, қайғылы қазаға ұшырағанына себеп болғаны шылқа майдай шындық.           


Бар пәле сол әкімдердің ауысуынан басталды.


Қазіргі кезде ауыл әкімінен бастап, облыс әкіміне дейін, тағайындалғандарына 100-күн толуын атап өту әдетке айналған. Көмей қаласының жаңа әкімі де өзінің 100-күндігін атап, қаланың «Қаймақтарын» жинап Актив өткізген еді. Активте әдеттегідей «Қаймақтармен» бірге «Жағымпаздар алқасы да» толық құрамда келіп,  жаңа әкімді мақтап жарыс сөзге кіріскен.


Әкімнің есебінен кейін, бірінші болып Құлқынбай Сужұқпасов  деген «Жағымпаздар алқасының» Хаһаны сөз басталды:


-  Аса ардақты! Әкімдердің әкімі! Жүз күніңіз құтты болсын! Осы біздің бақытты жүз күндігімізде, қаңырап қалған Көмей қаласы сіздің кемеңгерлігіңіздің арқасында Астана мен Алматыдан да әсем қалаға айналды. Қаламыз жарық, халқымыз қарық болды! - деп бастаса, екінші болып сөз алған-  Сайрабек одан асыра «сайрады»:


- Сіз осы Көмей қаласының бағына туған ұлы әкімісіз! Сізді таптырған әкеңізден, сізді тапқан шешеңізден айналдым! Сіз болмағанда Көмей қаласы құрып кетуге аз-ақ қалып еді. Міне 100- күннің ішінде қаламыз ғажап өзгерді. Сіз нағыз көрегенсіз, сіз нағыз Новаторсыз! Сізге теңеу жоқ! - деп ентігін әрең басқан. Үшінші болған тоқсанның тоғызына келіп тоңқайып тұрып сөйлеген  Айлабек ақсақал одан қалыса қойған жоқ:                                                                                                    


- Құдайға тәубә! - деймін. Сіздің жүзіңізді көріп қолыңызды алғаныма, сіздей ұлы әкіммен бірге 100 – күн өмір сүргеніме тәубә! - деймін. - Тәубә... деді, дәл бір құдайдың алдында тұрғандай екі қолын дірілдетіп кеудесіне әрең апарып.


Төртінші кезекті алған Төбелбай төтесінен бірақ кетті:


- Көмей, Көмей болғалы  299 жылда бұл қаланы сіздей ғұлама әкім басқарып көрген жоқ. Бар жоғы 100 –күннің ішінде,  сіз басқа әкімдер жүз жылда, мың жылда жасамаған кереметтерді жасадыңыз! Көмей қаласының шекарасын со ...нау! Абыралы мен Қайнарға дейін жеткізп, 300 шақырымға кеңейттіңіз!  Егер сіз болмағанда Ертістің суы  тартылып, орманы өртке оранып, көшені құм көшкіні басып қалатын еді. Сіз болмағанда күніміз не болар еді – деп, әкесінің өлімін жаңа естірткендей  еңкілдеп  жылады - ай кеп! Оған қосылып бүткіл Актив  солқылдап, залды күңірентті. Олаға қосылып әкімде столды құшақтап, көз жасына ерік берді. Сол кезде  бесінші болып мінбеге көтерілген  Белсенбай  жарыс сөзге белсене кірісіп:


- О, құдіретті әкім мырза! Сіз осыған дейін еш бір әкім істемеген жаңа бір үлгі көрсеттіңіз. Қазір қаладан қаңғырған ит, мысық дегенді көрмейтін болдық. Солардың бәрін аттырып тастағаныңыз сіздің керемет көрегендгіңіз болды. Ендігі мәселе, соңғы жылдары қалада қаптап кеткен қайыршы мен «Бомждан» Көмейді облысымызда бірінші болып тазарту керек!. Мүмкін оларды да  тегіc аттырып тастау керек болар? Бірақ, олар да осы қаланың азаматтары –ғой... Байқұстарға қайрымдық жасап, алыс ауылдарға апарып тастаған жөн шығар. Сол жақта мал бақсын, шөп шапсын, байларға малай болсын. Өлмейтін күндерін өздері көрсін - деп керемет ұсыныс жасады.


- Алтыншы болып сөз алған Айтқышбек жаңа әкімді алпыс минут мақтап, алқынып барып әрең тоқтады.  


Жетінші сөздің кезегі біздің бас кейіпкеріміз Жағымпаз Жалтырбасовке жетті – ау әйтеуір...  Ол жарты сағат әкімді әуелете мақтап келіп, сор түртіп, тақырыбын басқа жаққа шорт бұрды:   


- Мен сіздің жетістігіңізді салыстыру ретінде бұрынғы әкімдердің жұмысына тоқталайын. Қаламызға  алтыншы әкім болған – Алғышбек пен жетінші әкім болған Жегішбек не істемеді. Жерді де сатты, суды да сатты, бәрін сатты. Тіпті өздерінен кейінгі әкімдерге сатуға тым болмаса, көшедегі бағаналар мен автобус аялдамаларында қалдырмаған. Сондықтан да Алғышбк пен Жегішбекті жазаға тартып, алғандарын қайтару керек- деп, жоқ жерден «ши» шығарған. Жағымпаз  «қатырдым ба!» - дегендей, тауықтың үстінен түскен кәрі Әтештей қоқилана мінбеден түсіп, орына ойқастап кеп отырған. «Жаңа әкімнің көзіне түстім, енді қызметім өсетін шығар» - деп «есек дәмемен» 100 – күндіктен жүзі жарқын қайтып еді.


Содан күнде әкімшіліктен жақсы    хабар тосып жүрді. Бірақ, жаңа әкім оның мәнсабын өсірмеді. Себебі, орнынан түскен әкімдерді жамандағаннын естіген жаңа әкім, «мен кеткенде, мені де жамандайтын шығар» - деп, ол туралы жаман ойда болды.                                                                                                        Солай жарты жыл өтт. Бір күні теле арнадан Жағымпоздың  жамандаған алтыншы әкімі - Алғышбектің облысқа әкім болып тағайындалғаны туралы  суық хабар «сумаң» ете қалды. Хабарды естіген Жағымпаз есінен танып, жедел жәрдеммен Ауруханаға түсіп, әрең жаны қалған. Он күндей емделіп үйіне келгені сол еді, телефон «шыр» ете қалды. Жүрегі бір сұмдықты сезді ме қайдам, кеудесінен шығардай «дір» ете қалды. Қалалық  әкімдіктен екен. Ертең облыстың жаңа әкімі Көмей қаласында актив өткізетіні туралы айтып, сол жиналысқа шақырған.


Жағымпаз түнімен ұйықтамады. Біреулердің облыс әкіміне «100 - күндікте»  оның айтқандарын жеткізетіні туралы ойлап, бойын үрей мен қорқыныш билеп, суық тер басып, әбден азапқа түскен. Активке бармауға басы екеу емес, еріксіз барған. Әдеттегідей алдыңғы жаққа отырмай, «пәледен аулақ» - деп, залдың арт жағынан орын алған.


Актив уақытында басталды. Төрдегі атшаптырым столға үш кісі келіп жайғасты. Ортада облыстың жаңа әкімі – Алғышбек. Оның сол жағында Көмей қаласының қазіргі әкімі, оң жағында Жағымпоз жамандаған Көмейдің жетінші әкімі болған Жегішбек отыр. Жағымпоздың  көзі қарауытып кетті.  Бір сұмдықтың боларын анық білді.


Облыстың жаңа әкімі Алғышбек, Көмейдің қазіргі әкіміне рахмет айтып, оны орнынан босатқанын хабарлады. Одан кейін, Көмей қаласының жаңа әкімі етіп Жегішбекті тағайындаған бұйрығымен таныстырды.


Жағымпоздың  қаны басына бірақ тепті. «Біттім» - деді, ерні жыбырлап. Жаңа әкімді құттықтау басталды. «Жағымпоздар алқасының» дайын отырған «айтқыштары» жарыс сөзге жандары қалмай кірісті. Сатырлап қол соғылып жатыр. Жағымпоз да қол соққысы келді. Бірақ, екі қолы ырыққа көнбеді. Шамасы инсульт жүріп кетсе керек. Кезегім келді – ау, дегенде  мінбеге ұмтылды. Жаңа әкімдерді мақтап «көсілгісі» келді.  Ол бір – екі аттап барып, құлап түсті. Мінбеге жете алмады. Құласа да мақтау сөзін айтқыс келіп:


– Жасасын Жегішбек! Жа...! деп, барып Жағымпаз жан тәсілім етті.  










Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу