Өлеңдер ✍️

  02.08.2021
  183


Автор: Сайын Назарбекұлы

Сұлулықты түсінер әркім қалай

Сыр шертеді даланың қызыл гүлі,
Гүлдің гүлі – бір қызы сыбызғылы.
Сән-сәулеті елімнің осы екеуі
Және тағы домбыра, сыбызғы үні.
Салтанаты – тек осы, осылар ма…
Ой бұлағы жалғашы қосып арна.
…Тамаша ғой әженің ақ жаулығы,
Қызығады бар әлем досы барға.
Мүшесінен, бапталып жаратқаны,
Көрініп тұр тап бүгін таң асқаны.
Сәйгүлігі атамның өзі менен
Бір-біріне, япырмай, жарасқаны.
Ақбоз үйдің жанына қарашы, әні,
Менсінбеуге бола ма қарашаны.
Үнсіз жатқан, бозарып, сар далаға
Мән береді, кей-кейде, ала шаңы.
Сұлулықты түсінер әркім қалай?..
Сезімдіге көрінер әр таң – арай!..
Менсібейді кей бейбақ мәс, кебісін,
Әндерін де атамның… шіркіндер-ай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу