Өлеңдер ✍️

  02.08.2021
  214


Автор: Сайын Назарбекұлы

Қара мая

Еркексіз қалған ел деген,
Кеткелі хабар келмеген.
Сонда да арман жетелеп
Қағазға қара сенбеген.
Мөлдіреп көзі боташым
Салатын сыңсып мұң-әнін.
Кезетін дала, жотасын,
Анасы теріп маң дәнін.
Жадаулау еді ол менен,
Бәрінде соғыс жүдеткен.
Таттық қой дәмін зұлматтың,
Сездік қой зарын жүрекпен.
Дауысы бота желкенде
Жеткенде жаны түсініп –
Өрістен қайтар емпеңдей,
Етіп бір үлкен кісілік.
Береке үйге енген кеп –
Сүт толған желін ісініп.
Бір кесе сүтке көнген ек,
Бұйырса кеште ішіліп.
Ботаға беріп бір емшек,
Үшеуін қалған біз емсек –
Анадай болған жарықтық,
Тұрдың ғой талай сен күйсеп.
Сүйетін қарпып баласын,
Мінезін ерте пісіріп.
Тентектен өшін алатын,
Бетіне бірден түкіріп.
Бақырсын мейлі түкірсін,
Қақпайға көнгіш мінезі.
Өзіме айтам – шүкірсің,
Ұқсайтын оған, сен өзі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу