Өлеңдер ✍️

  01.08.2021
  187


Автор: Сайын Назарбекұлы

Каспий толқындары

Ойыны ма –толқындардың жарысқан,
Ерегес пе – мен де сенен қалыспан.
Табанына тапталмауға басқаның
Соңғы дем бе, қорқыныштан жан ұшқан?
Асау толқын шалқарыңа сен симай –
Қайда асықтың, неге сонша жан қинай?
Пешенеңе әуел баста жазылған
Соңғы сапар, соңғы жол ма, сан шимай?
Көзсіз батыр, жал-жал ғажап толқынның
Жан шошытар қорқынышты жойқынның –
Жекпе-жегі аяқталды жартаспен,
Бір зар менен, дыбысы екен ол кімнің?
Соңғы демі толқындардың бір дыбыс,
Ұлы дыбыс – теңіз зары, күрсініс.
Жағасында отырамын жалықпай
Атырауым алғанынша бір тыныс.
Бұлт тарқады, дауыл кенет тиылды,
Етек-жеңі толқындардың жиылды.
Моп-момақан, жатыр міне көк теңіз,
Жүрек сезіп тұр ғой сенің сыйыңды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу