Өлеңдер ✍️
Түс
Түсімде көрдім анамды –
Ұсынған шұбат, нән зерең.
Тозса да нұрлы жанары
Көзінен ұқтым – мән терең.
Ұстадым қолым қалтырай,
Шұбат тұр, дәрі, көпіршіп.
Ұрттадым ауыз толтыра,
Екен бір, ылғи, епіршік.
Сәбилік сәтті бір мезет
Сезіндім, міне, шал басым.
Қырық жыл бұрын бір кезек
Жазалы болып қалғасын.
Көргенсіз дейтін, баланың,
Сапырмай шұбат ішкенін.
Тәртібі солай даланың,
Көтермес сәлді, кешкен мың.
Жасқана жайлап қарадым
Күнәлі көзбен анама.
Ілгері аттап бір адым
Сөйлейді маған жан ана. –
Іше ғой, жаным, қанып бір,
Жүрсің ғой алыс қияда.
Болса да сирек қонып тұр
Ұшырған, мына, ұяңа.
Қуаныш кернеп барады,
Құшаққа кеттім көміліп.
Жұпары мұрын жарады
Есімде қалған өмірлік.
…Оянып кеткен кезімді,
Ашып ем жайлап көзімді…
…Сезсемде дәмін епіршік,
Шұбат жоқ тұрған көпіршіп…
…Аяп та кеттім өзімді,
Қайтадан жұмдым көзімді.
Жаныммен сездім исіңді,
Шал балаң балқып, исінді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter