Өлеңдер ✍️

  01.08.2021
  135


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Уақытты кiм жаратты

Уақытты кiм жаратты екен
жылдам ғып?..
бала кезде бұлықсыдық, бұлдандық,
жiгiт шақта қызық қуып, қыз қуып,
шатақ қуып, шалқып-тасып, жындандық,
тайталаста түсiп талай итжығыс,
уақыт - бiздi,
бiз - уақытты құлдандық,
қолдағының бәрi сусып уыстан,
ақырында айдалада құр қалдық.

Уақытты кiм жаратты екен өтпес қып?..
сағыныштың сарыөзенiн көп кештiк,
күтуменен өттi бiздiң бар өмiр,
шыдамның да шегiменен беттестiк,
тұлпарлардың тұяқтарын талдырып,
ғашықтарды бiр-бiрiне жетпес қып...
бiз - уақытты,
уақыт бiздi аямай,
бiр-бiрiмiз етiмiзден ет кестiк.

Уақытты кiм жаратты екен
мұндай ғып?..
ешкiмге де еншi болмас бұл байлық,
уақыт деген кiмге - бақыт, кiмге - сор,
кiмге - ғарыш, кiмге - намыс, кiмге - айлық,
уақыт менi төске салып илесе,
мен уақытты тартып жүрмiн сырнай ғып,
одан өтер екi жүздi көрмедiм
қалыбынан кете берер күнде айнып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу