Өлеңдер ✍️

  29.07.2021
  180


Автор: Сырбай Мәуленов

Ингелот жыры

1
Жиылды ақыл ие барша халық,
Төсегін Гостомыслов қоршап алып,
Үстінде ажал құзығын айналып жүр
Ақырын әлсіз қолын сермеп қалып.
Сөйледі ол достарына назар салып!

2
Қаш енді Новгородтың жарандары
Аранда ала жылан жалаңдады.
Жат жұрттан шақырыңдар біркнязьды,
Содан тек отаныңның жанар бағы!» –
Соны айтып өмірін ол тамамдады.

3
Кривич, славян, весь, чудьтер сасып,
Жөнелді елшілері теңіз асып.
Шақырды варяг мол, – тәртіп жасық–
Деді олар княздарға жапырласып.

4
Ертпеуге қастарына серіктерді
Рурик, Трувор, Синов сертін берді.
Теңіздің көк тұманы арасынан
Ертеңгі таң нұрымен бірге жайнап,
Ақ желкен, көк қарулар шықты ойнап.

5
Илдандың славянның ұландары!
Қай қосын қалаңа кеп қыландады?
Жер болып жетер сағат
Новгород князы боп жауыз Варяг
Құл етер құлақкесті ертең, әлі–ақ!

6
Отыз жас жігіт шықты белін байлап,
Көзінде от, кеудеде ар , кегі қайнап.
Қонды кеп түн түнегі дөң басына,
Ай туды орап жерді шұғласына.
Келді олар ұйқылы жау ордасына!

7
Жастанып қалқанын жау жатыр ұйықтап
Ойнайды ай сәулесі шашты сипап.
Варягтың көл–көсір боп ақты қаны
Жау құрап бара жатыр – бұ не айқай?
Қалқанға найза неге қақтығады?

8
Ұйқыдан оянды жау тұрды атып,
Ыза–кек бойды өртеді дуылдатып
Жігіттер көп ұрысты қорғап басын,
Көбі өлді... бар болғаны қалды алтауы
Өлгеннің топырағы торқа болсын!

9
Рурик Новгородты тұрды билеп,
Ұландар тағы орманда жүр тентіреп.
Ішінде нояндардың бар бір кәрі
Жырлайды ол қасиетті ел туралы.
Жырлайды ол азаттықты аңсап жаны.
***
«Тек қана жүреміз бе өлең айтып,
Немесе үміті жоқ артып ойды.
Қараймыз азабына елдің қайтып,
Деп Вадим достарына сұрақ қойды,
Ант етем құдіретті о, тәңірі.
Осы серт тұңғыш, соңғы сертім менің.
Я ол, я өзім түбі ақыры
Не өліп, не болмаса өлтіремін.
Өлгеннің басқаларға қалар аты
Ұрпақтан ұрпақтарға ұшар даңқы.
Біріне бірі жыр ғып айтар аңыз
Жаулық та мәңгілікке кетер нағыз.
Соны айтып тізесін ол тұрды бүгіп,
Жұдырық түйді, көзде от жүгіріп ,
Қарау да оған сол кез еді қауып,
Құйрықты тұрғандай– ақ жұлдыз жауып.
Артына қызыл–жасыл із қалдырып.
Бұлттардан бұлттарға ұшып ауық–ауық.
Тұрды олар аялдамай енді тоқтап,
Жолменен тартып кетті жалғыз соқпақ.
Сатырлап шалқып жанып от ойнады,
Қаптады қалың түтін атойлады.
Қарады тамашалап малшы оған
Сексенді қарлығаштар ұшқан одан
Жасқанып жапалақтар, қашты қоян!..
Жылтылдап кешкі бұлттың төсін жарып,
Қанды нұр теңіз үстін тұрды жауып.
Қалқанын от жалынды күн көтеріп,
Тұңғиық су түбіне барады ағып,
Тек қана варягтардың қалың қолы
Бастарын көтерісіп болып жолы.
Қызыға батар күннің арайына,
Басады ентелесіп, айғайына.
Бұлдырап көзге түсіп әлдеқайдан
Үстінде қия жартас тұрған жайран.
Өліктей қыбыр етпей қалған қатып
Қарайды алауланған күнді ұзатып.
Дәл бүгін аттанысып бұл жағадан,
Қайыққа отырысты жеті ноян.
Алтауы жас, бірі қарт көне еді,
Ішінде Вадим сұсы бөлек еді.
Қайықты көк айдынға жел айдады
Ақ желкен зымырады суда ойнады,
Ескекті соқты толқын долы ойнағы .
Қайықта Вадим өзі тұрды сол сәт,
Айнала достары оны алған қоршап,
Көрінді суда жүзген періге ұқсап.
Не ойға, батқандағы не қайғыға,
Айтпайды ол қасындағы қарияға.
Қоштасқан күңгірт тартып со бір көзде
Ойнады кереметті бір сурет
Симайтын құпиясы ешбір сөзге.
Артына ақ көбіктен ізде тастап,
Зымырап жеңіл қайық кетті алыстап
Батқандай бір тұңғиық ойға қалың
Ішінде сол қайықтың тұрды Вадим.
Жанын жеп өткен күннің елесі де,
Тебірентіп тулап жатты кеудесінде.
Қай жаққа, қай қияға шекті сапар
Мақсат, не, шет өлкеден нені іздеді?
Жауабын бұл сұраудың кім айта алар,
Кетті олар. Жатты өтіп күн тізбегі.
Жоғары қия құздың биігінде
Көресің шешек жарған гүлді кейде.
Болады орны нәзік махаббаттың
Қатыгез батырдың да жүрегінде.
Ардақтап айнымайды берген серттен,
Антындай оған да адал қызмет еткен.
Вадим де сүйді. Өмірде сүймеді кім.
Отына махаббаттың күймеді кім,
Махаббат бақыты ғой дүниенің.
Секілді дала кейпі, теңіз жаны
Елімде махаббаттың өзі тағы...
Сымбатты еді Леда. Қызды мұндай
Кім көрген таңғы аспанның жұлдызындай.
Оңтүстік көктеміндей жаңа туған
Сахара гүлі еді жаратылған.
Жастықтың өлеңіндей жалынды еді,
Құсындай еркіндіктің ағынды еді.
Тіліндей жас баланың сүйкімді еді
Леда қыз ойға батқан шағында да
Біріне ұқсамайтын басқа адамның,
Беріліп сол Леданы сүйді Вадим,
Ол бірақ оятты ма қыздың жанын?
Жатқандай көкірегінде сіресіп мұз,
Томсарып түк демеді түнеріп қыз.
Батырды қаламады бірақ тағы
Вадимді сүйіспендік шыдатпады.
Бас иіп жалынуды ол ойламады,
Көнбеді жасықтыққа бойдағы ары.
Тағдырға жеркенішпен қарай білді,
Ол жайлы ешбір сөз де қозғамады.
Басқа іске көңілі бір соқты оның
Жанының қотаруға от жалынын.
Түсті еске көп жылдарғы көздің жасы
Кім оған тіке қарап тұрар қарсы?-
Әуелгі болмашы сол жеңіл жара
Ұлғайып тереңдеді бара-бара.
Жұбатқан сөздерді де жуып-шайып,
Тыңдады ол өңі қашып, құр мұңайып,
Азаттық кекпен бірге от махаббат
Қанында асыр салып жатты ойнап.
Әрқашан талаптанды қарт Ингелот
Батырдың жүрегінде тұтатуға от.
Өршітсем бойындағы от жалынын,
Пайдасы деп ойлады отанымның.
Мен сені кіналаман қадірмен шал
Славянсың әрі тағы, әрі қатал.
Бірақ та астында жәл осы жөргек
Өршіттің қасиеттің отын үрлеп!.. –
Қайықпен жүзгенінде көк теңізде
Толқынның құшағында Вадим ойнап.
Жатты оның зор қасірет көздерінде
Тереңдеп жан түкпірін алған жайлап.
Бірақта ол қоштасам деп мұңаймады,
Күрсіну естімеді жел ойнағы.
Көз алды суланбады тұманданып,
Түспеді тамшы жас та домаланып.
Құндақтап қуанышпен жайған құшақ
Балалық осы жерде қалды жас шақ.
Елімен қош айтысып кетті алыстап,
Бұл жерде арасында арсыз қауым
Үміті өтіп кетті бұлдыр сағым.
Оны тек қайтаратын бір нәрсе бар
Ол жатқан омыраудағы кек пен ар.
***
Таулармен айналдыра өлкені кең
Күмістей құндағымен қыс қаптаған.
Князь Рурик самсаған нөкерімен
Жақында жалаң қағып жауға аттаған.
Қалың қар айқара орап жерді жапқан,
Ағаштың бұтағына қырау қатқан.
Көкше мұз сықырлаған қолаң бетте,
Көмкеріп құрсаулаған емін-еркін,
Көрсеткен буып тастап құдіретін.
Түн кезіп топты бөріжалаңдайды,
Жем іздеп деревняны жағалайды.
Сақылдап аяз, боран гулетеді,
Шыршаның басын иіп тербетеді.
Шаңқай түс далаға күн нұрын шашып,
Тұманға орануға болады асық.
Жолаушы айдалада алақтайды.
Қалың қар қалған көміп жолды басып.
Достарын көре алмайды ол енді қайтып,
Осында демалады мәңгі жатып
Жат жердің қары астында іріп-шіріп
Көмусіз жапан дүзде жатады өлік!..
Қай жақтан шықты бұл от көкті шалып,
Әлде жау қаласы ма жатқан жанып? –
Өртеген Рурик қой бұл қаланы
Жорықтан енді қашан оралады,
Ел талап олжаны ол көп алды ма?
Түсер ме қылышы оның қынабына
Кезі оның доғаратын болған жоқ па,
Сойқанды соғыстарды қанды соқта.
Қысқы түн. Аспан жүзі қара күңгірт,
Новгород тәтті ұйқыда жатыр мүлгіп.
Тыныштық айналаның бәрі жым-жырт,
Қояды абалап ит кейде үріп.
Аймаққа кетеді алып жел жүгіріп.
Тек қана көпке дейін бір лашықтан
Сығырайып жылтырайды сықсима шам,
Леда тек сол бір шамға үніледі,
Бір өзі тынымсыз жіп иіреді,
Бір өзі тынымсыз жіп иіреді,
Ұршығы қолда ойнап жүгіреді.
Қарт ана қар жамылған тысқа шығып,
Даладан әлденені тұрды ұғынып.
Ақыры лашыққа ол келді қайтып
Сыйықсыз маңдайының әжімдері.
Сиқырлық сұмдық оты көзіндегі
Сұрапыл қорқынышты тұрды айтып.
Қолының қалтыраған қозғалысы
Сездірді іште жатқан арпалысты.
Төнді ме тағдыр тағы сорын айдап
Ащы азап тұр ма әлде торын сайлап.
Өзінің кереметті күшіменен
Бұл түнде білді ме ол алдын ойлап.
Жүрегі дүрсілдейді соғып тулап,
Сұрауға именеді қызы бірақ.
Сиқырлы кемпір отыр кетіп түсі,
Өзінен басқа ешкімде болмай ісі.
Әтештің шыққанынша дауыстары
Қиналып, шаршап кемпір естен танды.
Ыңқылдап Леданың да тынышын алды.
Көз ілмей атырды ол ұзақ таңды!..
Ертемен қарап тұрса терезе алды
Қалыпты жым-жылас бір типыл болып.
Басыпты әлдекімдер қалың қарды
Қалада тарады аңыз сол туралы
Жүрді жұрт жаманатқа оны жорып.
Алты айдың жүзі болды содан бері
Соғыс та саябырлап тынды көптен.
Князь Рурик қасында көсемдері
Асықпай туар шағын күтті көктем.
Көктем кеп жаңбыры мен лебіменен
Кетсе бір көптен жатқан қарды айдап.
Безеніп алуан түсті гуліменен
Сергісе мұңға батқан дала жайнап.
Бұталар көл жиегін тұрған қоршап,
Көгеріп бүршік атып жайса шашақ.
Көл суы қыс бойына қалған қатып
Ойнаса жас көбігін аспанға атып.
Леданың тоғайында түнгі сағат
Төгілсе бұлбұл құстан ән сорғалап.
Сонда олар қылыштарын жарқылдатпақ
Жазықсыз көршілердің қанын жұтпақ.
Құйрықты жұлдыздардай көктен түскен,
Шалқып өрт шарпымақшы өктем күшпен.
Славян жаны босқа құр алданды
Салтанат қайран үміт құра алмады.
Қар еріп, күн жылынып, келді көктем,
Келмеді азаттық күн бірақ күткен.
Олардың астыртын сөз келісімін
Әмірші варяг көрді бір жексұрын.
Олардың право мен заңдарына
Назарын керек десе салмады да.
Өзінің нөкерлерін ертіп алып
Келді ол ортасына бүкіл халық.
Санады жеңістерін тізбегімен
Елітіп алдамшы бос сөздерімен.
Әккі жау жұбауратып өтірікке
Торына түсірді ессіз тобырды айдап.
Жаншылды сезімтал жан көкіректе
Құпия тұнып жатқан қайғы лаулап...
Леданың мерекесі келіп жетті,
Айнала шаттық басты төңіректі
Көктемде ұясынан шығып алып,
Ұшатын топ-топ ара ызың қағып.
Дәл солай қалың тоғай арасына
Ағылды Новгородтан ел асыға
Жиналды. Бұтақтар мен гүлден жиып,
Алыпты бастарына венок киіп.
Жағасы көк Ильменьнің тербетіле
Шалқыды ән шалқар көлдей жер бетінде,
Арналған құдайлардың құрметіне.
Махаббат түспей көздің аясына
Тұр оқшау жеке ағашы саясында.
Қарттардың тас түйіліп қас қабағы
Қарауға жас думанға жасқанады.
Әніне Дидо – Ладо басу үшін
Оларға қажет емес жастық пішін.
Қараңғы қалың тоғай үстін өрлеп,
Ай туды алтын доптай дөп-дөңгелек.
Леданың жүрегіндей со бір кезгі
Айдағы әрі жарқын, еді ізгі...
Не үшін төртінші рет мұнда келіп,
Князь Рурик ағашқа тұр сүйеніп.
Қарайды неге одан көз алмайды,
Жасырын әлдеқандай ой ойлайды.
Не үшін, неге ғана осы ойы,
Көңілін елітеді билеп бойын?..
Сақтан сен, сақтана гөр, құнарсыз жан
Осы бір отты көзден көп қараған.
Ой жеңіп, бой алдырып құмарлыққа,
Тұр сені бастағалы бір сұмдыққа.
Масқара етіп сені қараламақ,
Жаныңды өмір бойы жараламақ.
Сақтан сен, сақтанғандай ажалыңнан
Шықпасын сүйем деген сөз аузыңнан.
Сөздері қауіпті оның әрі улы,
Князьдар білмейдіеш мейірімді.
Олардың махаббаты кегімен бір
Мәңгілік пәле болып төгеді зіл.
Кегі оның шашады да адам қанын,
Махаббаты төгеді қыздың арын.
Ысталған терезенің алдында дәл
Сиқыршы кемпір отыр болып дел-сал.
Жас қызын жалғыз өзі күтіп отыр,
Леда жоқ. Не істеу керек, түн болды ақыр.
Төгеді бұлттан сәуле ай жарқ етіп,
Алдынан әйнектің жұрт жатыр өтіп.
Отыр ол жалғыз өзі кірпік қақпай,
Көзінде ешнәрсеге алаң жоқтай.
Кемпірдің кескінінде мұз боп қатқан
Тынышсыздық білінбейді іште жатқан.
Құпия іште жатқан сыры күшті
Әжім боп маңдайына барып түсті.
Түрі де болып кетті қорқынышты.
Көз алмай көктегі айдан кемпір отыр.
Сағатты сағат қуып кетіп жатыр!..
Мінекей есікті де ұрды біреу,
Жүгіріп Леда кенет кірді дереу,
Кемпірдің аяғына түсті құлап,
Иығында қобыраған шаш дудырап.
Көзінен үрей оты көрінеді,
Қыз жылап, жаным анам, өлдім деді.
Азғын жау аттап өтіп ар-ұятты.
Әкетті тартып алып махаббаты.
Князь ғой! Сөздеріме иілмеді.
Жанымды жаралады, тілімдеді.
Жыладым, жалбарындым, қарамады,
Арымды аяққа сап табалады.
О, ана таянышым өзің ғана,
Өлтірші, болды қызың жүзі қара!..»
«Ешкімге бас ұрмайды қатал тағдыр,
Бір оған адамзаттың барлығы құл»
Осылай сорлы қызға деді кемпір,
Кейістік өлеңкесі Леда қыздың
Ашулы көздерінен көрініп тұр.
Айтпастан ешбір сөзді тілек етіп,
Тұрды да ол орнынан қалды кетіп.
Еңсесі түсіп төмен, басы еңкейіп,
Жүрегін жабырқатқан ұят жеңіп,
Ильменнің тұман басқан жағасына
Күн ұзақ отырады Леда келіп,
Қарайды кең алқапқа құздан төніп.
Енді оны ешбір адам танымады,
Қалмады көкірегінде ой-арманы.
Жоғалды қыз күндегі күлкісі де,
Көзіне қарай алмас бір кісі де,
Бозарған таң алдында зеңгір көктей,
Қайран қыз қалды солып мезгіл жетпей.
Мазақтап бала біткен қамалайды,
Кекетіп құрбы қыздар табалайды.
Шешесі жолатпайды айтып қарғыс,
Күндіз-түн отырады жалғыз байғұс.
Жасырын егіншінің орағынан
Осылай кең далада қалатын дән.
Ажалы бір күн оның жететұғын
Жел –дауыл жұлып алып кететұғын.
Тұманды буалдырлы сұрғылт түні,
Белгісіз зым-зия боп қыз құрыды.
Келмеді, қарауытқан түн де өтті,
Әлі жоқ, алтын таң да келіп жетті.
Ешкім де сұрастырып таба алмады,
Үйіне сорлы сұлу оралмады.
Қалды оның кеткен ізін елі білмей,
Ажалы болды күңгірт өміріндей.
Жігіттер сорлы қызды жүрді аяп,
Ішінен әміршіні сілеп қарғап.
Болса да байғұс қызға жаны ашыған,
Бір батыр табылмады-ау арасынан,
Қылышын тез суырар қынабынан,
Болмады ар іздейтін бір-ақ ұлан.
Бар еді жалғыз адам дүниеде
Сорлының болатұғын кегіне ие.
Сол еді кеудесін кек кернейтұғын,
Жат жанға махаббатын бермейтұғын!.
Тұрғанда әлсіз үміт нұр сәулесі,
Жабылмай қалың бұлттың көлеңкесін.
Әлі де көңлің қайтпай шіркін күннен,
Тұрғанда жас сарқылмай кірпігіңнен.
Ұмытып өткен күннің белгісін де,
Берілмей азап ойға, шер күшіне.
Жаныңды алдарқатқан сол жылдарды,
Кеудеде ойнақтаған толқындарды
Бәрін де ұмытамыз қас қаққанша,
Қиялдың соңынан еріп толқымалы
Өмірде тіршіліктің күйін шертіп,
Қауыптың жібереміз бұлтын серпіп.
Улы ой анталаса салып қармақ,
Көңілін қасіреттен қашар аулақ.
Алайда қаралы күн келер жетіп,
Таба алмас сол уақытта көңіл тетік.
Келер ол біреуге ерте, біреуге кеш..
Қалдырмай жалғыз белгі өмірден еш.
Әкетер тартып алып өткен күнді,
Көрсетпей көзге күткен көктемінді.
Әкетер тұңғиыққа сені баурап,
(Қаншама көрсең де ыстық мекенінді)
Дариға, тірліктегі қымбат арман
Сен үшін сол уақытта болар жалған.
Ол ойын көкейінде алас ұрған.
Жаныңды жаза алммайды жарасынан.
Дөңестің көркі болған зәулім емен,
Қар жауса, жапырағын төккен төмен,
Жаяды көктем келсе жапырағын
Тағы да сәнге бөлеп атырабын.
Шаңқиып төске көктен күн сәулесін,
Жаяды қоңыр салқын көлеңкесін,
Соқса да буырқанып дауыл ойнап,
Қалт етпей тұрар емен көкке бойлап.
Түссе егер көк жүзінен жасын зулап,
Тамырын терең жатқан кетер турап.
Жасыл гүл келмес қайтып енді оған –
Ойласаң сол сияқты шірікін адам!..
Күншығыс сәуле шашты ағараңдап,
Шыңдарды шұғылаға қойды орап.
Оянды қалың орман үнсіз алап,
Мөлдіреп жатқан шар айнадай
Кемердің суреті тұр жағалай.
Отты күн тұрды сол кез нұрын шашып,
Шуылдап ұшқан құстар шартарапқа
Қамыстын арасына кетті қашып.
Қалың құс базар етіп ән салысты,
Жапанға жалбаң етіп қарға ұшты.
Тоғайдың тасасына кетті беріп
Тағы аң әлденеге қорқынышты.
Өмірде көрмеген бір адам барып,
Тұратын толқынданған тұман жауып
Шаншылған істік шыңды орап алып,
Айнала жатыр шөгіп қара тастар.
Даланың кеткен үстін мүгі жауып!..
Таң келді – неге келді? Неге келді? –
Нұрымен жарық қылып көрінгенді:
Өлсе адам оянбайтын енді қайтып,
Көрге де төгер нұрын жарқыратып.
Адамның жаңа азапты көрешегін
Әдейі әшкере ғып қояр айтып.
Өткен күн рақатын тілегімен,
Адамның алар жұлып жүрегінен.
Алайда бөліспес ол өкінішін,
Жаныңның зая ете алмас өткен ісін!..
Шығыстан атқанда таң елең–алаң,
Келеді орман кезіп екі адам.
Славян тауларының құзын бойлап.
Қайың мен қарағайдың басын шалып,
Толықсып таңның нұры тұрды ойнап,
Тартады ол кәз қиығын шалқып жайнап.
Бірі жас бой кернеген отты күші,
Қауқарсыз екіншісі үлкен кісі.
Жат елдік екеуінің киінісі.
Жігіттің садағы бар, қорамсақта оқ.
Аямай жез телпегін басыпты тот.
Қылышы суық түспен жарқылдайды,
Жанында жас жігіттің жатыр қайғы.
Соқанды содыры мол қанды жорық,
Түсіпті маңдайына әжім болып.
Бірақ та жалт–жұлт еткен көзқарасы,
Қимылы барлық оның қозғалысы.
Ішінде жауынгерлік осы сауыт
Айтады күші отты жатқан жанып.
Олардың түсі сұсты, кең адымы,
Сөздері қасиетті тым қайғылы,
«Жасытпа, жабырқатпа өтінмін,
Онсыз да жаралы ғой көкірегім!
Тағы да келдім қайтып, қашқын ұлын
Жазыпты қабылдайға туған елім.
Алқызыл таңның нұры секілденіп,
Үміттің оты ойнады кеуде керіп.
Көрдім мен туған үйім келдім саған
Осында той өткізген ата–бабам.
Осында қылышпенен мен ойнағам,
Балалық келмесе де күшім оған.
Сенде өстім, сенде өзімқорғадым да,
Еркіндік, құдайлардың жолдарын да.
Азаттық үшін мұнда өлер едім,
Қария , болмаса егер сөзің сенің.
Қария!көп ойларың қалды қайда,
Көрдің бе өлгендерді қан майданда.
Көрдің бе ұлын азатславянның .
Құшқанын жат даланың топырағын?
Жат халық бізді сірә жебеді ме,
Оларға рас сөздің керегі не,
Қас болды бізді жауға теңеді де.
Қария, уа, қария, расында
Белгісіз жат өлкенің даласында.
Жан достар кім ойлаған сөнеді деп
Құлазып көгілдір көк аясында.
Кім білген Вадим менен қарт Ингелот
Байырғы махаббаты жүрегінде от.
Үмітті әлі сақтап келеді деп.
Тек қана екеумізді туған елді,
Қайтадан тағдыр жазып көреді деп?
Мейлі
Хабарымыз мүмкін біздің
Көргеннің көңіліне ой да салмай,
Ағызбас тамшы жасын ешбір көздің
Тағы да үшінші рет тағдыр алдап,
Әділ кек кете берер бағы жанбай!...»
Жас ноян айтты қартқа осылай деп,
Дымқылды көз жанары кетті кезіп.
Жабайы қарағай мен тасты өрлеп,
Тұманды буалдырмен көкті сүзіп.
«Мейлі! – деп қария оған берді жауап, –
Көп жылдар өтіп кетер қағып қанат.
Бәрбір кете берер вадим даңқын,
Айбарлы, адуынды болар атың.
Князьдар қалш–қалш етіп ер атыңнан,
Азаттық бейнесіндей тұрар тұлғаңы.
Айтар жұрт: туған елге бар жанын сап,
Бел буып қан майданда ақты қаны.
Бақыт пен махаббаты жақтырмады...
Үлгі алып өр болыңдар соған ұқсап» –
Ащы бір күлкіліменен батыр ноян
Тез тартып көз қиығын әкетті одан
Басты кек жас кеудесін зіл тасымен,
Бір қайғы салмағын тең қорғасынмен.
Өзінің махаббатын ол ойлады,
Жүрегі тарс–тұрс ұрып соқты тулап.
Төгілді құмарлығы бойындағы
Атқылап ерінінен болып бұлақ.
Егерде қорықпаса ол етпей қауып.
Сөз емес жай ғана бір күрсінуде.
Тыныштықты кететіндей бұзып–жарып.
Сұлық түсіп кетті өзгеріп түсі мүлде,
Адымен кере сілтеп жөнелді тез,
Айтпады жлдасына жалғыз да сөз.
Көкпеңбек арасынан қалың тұман
Көрді олар бір обаны алда тұрған.
Тікенек, шалқан шөбі шыққан аңдап,
Бірдеме түсті көзге анадайдан,
Өсімдік ортасынан ағараңдап.
Қарақұс отыр ағаш түбірінде,
Секілді бүкіл орман билігінде,
Бірде ұшып, тыным таппай қонып бірде,
Кенеттен қалың ағаш қараңдады.
Көрді ол келе жатқан адамдарды,
Тұяғын тегеурінді жаза түсіп,
Қанатын қомдап алып кетті ұшып.
Бұлтқа еніп бірте–бірте құлдырады,
Қайықтай теңіздегі бұлдырады!..
Аулақта жалғыз өзі дөң басында
Айнала қалың шөптің арасында,
Оранып ақ кебінге өлік жатты
Жапанның құлазыған даласында.
Кей кезде сахараның желі ойнап,
Өңірін ақ кебіннің қозғар жайлап.
Арудың көркі болған әсем кеуде
Қардан да сияр еді салқын деуге.
Аймалап сол кеудеге асыр салып,
Асау жел адуындап өтті кейде.
Жел қонып, бірде қайта ұшады да,
Аймалап ару жанды құшады да.
Айқасқан кірпіктері, көз жұмулы,
Жатыр қыз суық ажал құшағында.
Мүсіндей бір кездегі нәзік қолы,
Көгеріп тас боп қатқан осы жолы...
Өлікке тура етіп барды Вадим,
Нендей күй тебірентті оның жанын.
Жүзінен өңі қашып, жатты сұлқ,
Жартастар кетті кенет жаңғырығып.
Әлде айқай, әлде зарлы дыбысы ма.
Ұқсайды басқанынан соңғысына.
Сол үнді құлақ түріп естінген жан,
Сезер ел адам күйін жараланған.
Күңіреніп құлазыған осы сәтте,
Ұғардай қайғы–шерді от боп жанған.
Ойласа жалғыз ғана махаббатты,
Ұйқыға кетер еді мәңгі тәтті.
Бірақ та батырдың өр көкірегін,
Қайтадан лапылдаған кек оятты.
Көп уақыт жерді құшып қалды жатып,
Белгісіз жұмбақ сырлы сөзді айтып.
Оны ұққан қасындағы қария еді,
Батырдың сыры оған жария еді.
Жас жігіт орнынан тұды атып:
«Деді ол мен көрмеген енді не бар,
О , Ингелот, сен дағы сүйіп пе ең жар? –
Қаршы өлген Леда түрі қандай,
Азыпты ажарынан түгі қалмай...
Қарашы о, қария, айтшы маған,
Кесіліп қатал үкім, құрылды арман.
Шыдатпай дүбірлейді кеудемде кек,
Қмірде тілемеймін басқа тілек.
Осында таптым және мұнда көмдім,
Мен үшін ең асылын дүниенің!..»
Семсерді ол суырды етпей сабыр
Касынан өліктің сол қазды қабыр.
Қария көкірегі шерге толы,
Білдіріп аянышын күрсінді ауыр.
Ол –дағы шерлі жанға медеу болды.
Мекені сұм өлімнің болды дайын.
Шым қыртыс, тас қоршады қабыр маңын.
Бишара марқұм болған сүйген жарын–
Лақытқа табыс етті жас жұбайын.
Содан соң тастады да топырақты,
Қабырдан өара шыммен бетін жапты.
Ұстіне алып барып тас орнатты.
Жас төкпей, қалтырамай, тұрып қалды.
Ақырғы парызын ол орындапты.
Сол күні махаббаты, ой– арман
Түтіндей кетті ұшып о да мәңгі.
Болды ол бұл жалғанның жетімегі,
Құлазып қалды адыра көкірегі.
Отырды құлпы тасқа етпей елең,
Маңдайын өтті сипап қолымен.
Қарай ма қайғы шіркін қал-жайыңа
Әжімді із қала берді маңдайында!
Дүрсілдеп асау жүрек қабындады –
Жуасып қиын оның бағынбағы!..
«О, қызым, жатқан жерің жайлы болсын! –
Деп қария ақырын күбірледі, -
Біздерге құдайлардың жазуы осы.
Бұл жерге кім де болса бір келеді.
Тағдырдың жазуына бағынбаған
Ең сорлы, ең ақылсыз өсер адам
Құлмыз ғой бәріміз де жалғыз соған!»
Екеуі тұрды-дағы жылдам жүріп,
Жоқ болды, кең жазыққа кетті кіріп!..
Көк төсін күн кезеді алауланып,
Алтын бұлт алыс көшіп барады ағып.
Ильмень тұр жер бетінде айнаға ұқсап,
Айдында толқындары асыр салып.
Ел қаптай Новгородтың қаласынан,
Өзеннің келіп жатыр жағасына.
Бар еді құдайлардың суреті,
Ертеде орнатылған дөң басына.
Олардың соғысының бейнелері,
Ағарып тым алыстан көрінеді.
Тұр олар осы арада жылдар бойы
Құрметтеп дұға оқитын халық оны.
Жақында осы араға князь келіп,
Өткен-ді тағзым ғып сәлем беріп.
Жанында варягтары қоршап қалың,
Құрбан ғып ықыласпен тартқан оған
Соғыста қолға түскен олжаларын
Құдайға құлшылық қып жаны сүйген.
Дөңестің жотасына сыйлықтарын
Аямай өздерінше мол ғып үйген!..
Тарқады тұрған қоршап қалың тобыр:
Ойнап от, той ұласып, шалқыды жыр,
Рурик масаттанған көңілді еді,
Қасында бурыл тартқан көсемдері.
Бұл не айқай, ойда жоқта шықты қайдан?
Мынау кім, құдіретті батыр ноян.
Рурикті айқасқа кім шақырады,
Сорлыны тұр ма тартып топырағы
Бастағы жез телпегін басыпты тот,
Қолында көк болаты шашады от.
Жыландай шашы иықта жалбыраған
Көзінде жалын шашып от ойнаған.
«Варяг, шық, дереу шық сен жекпе–жекке!
Жүрегім симай тұр өр көкірекке.
Үстіме қодан келсе құлат бәрін
Сендердің орындалсын мұраттарың.
Қазасы майданда өлген жауынгердің
Болмайды, құрығаны туған елдің.
Онсызда елім менің аяғында
Ұмытты жеңгендерін баяғыда!..
Қайғырма новгородтық өз еріңе ,
Жас алма ешуақытта көздеріне...
Еліме мен әкелдім өмір, бақыт,
Алмайсын азаттықты жаспен сатып!»
Өылышын қолда үйіріп жарқылдатты, –
Жалт етті қылыш жүзі жай сияқты.
Сөзі оның тебірентті барлық жанды,
Бірақ та қайнатпады бойда қанды!..
Орнынан тентек князь тұрады атып,
Соғыстың жүрген талай дәмін татып,
Суырды ақ семсерін жарқылдатып.
Басталды екі ортада қанды ұрыс,
Жүрегі кеудедегі таппай тыныш,
Князьға ұмтылды ер сілтеп қылыш,
Осылай тұңғиықтан күмбір қағып
Қайықты кимелейтін толқын қағып,
Қайыққа қаһар шашып атылатын,
Жеңілсе толқын оны батыратын.
Екеуі жекпе–жекке көп ұрысты,
Көрді де жарқылдаған көк қылышты,
Тұрды жқрт үрейленіп қорқынышты, –
Бірақ та құрды дұшпан салтанатын
Ажалы жас батырдың қалды жақын!..
Қалың қол шат боп әбден шуылдады,
Мақтанған князь беті дуылдады:
Өр кеуде асқақтаған ержүректі
Өлімге ұсындырды, тағдыр жетті.
Ақырын Вадим жерге құлады жай,
Жауын сыр алдырмай ыңыранбай. –
Бір өзі елі үшін қиды жанын
Ақырғы азат елдің Славянның.
Айнала шыққа оранған түн түнегі
Жапқан да күңгірт дөңнің көкірегін,
Өрмелеп көктің биік асқарына.
Жұлдыздар нұр сәулесін шашқанында.
Жарқырап сәулеленіп ай нұрымен,
Күмістей көл жатқанда айдыны кең.
Даланы кезіп өтіп көк тұманды
Соңырқап аңшы үйіне кеш оралды.
Жайласып отырған соң қос алдына
Жолшыбай көргендерін еске алды да,
Сөйледі жары менен достарына:
«Таңқалдым дөң сыртынан ғажап көріп,
Бір адам әлде неге тұрды еңкейіп.
Көтерді әлдекім күшін салып,
Ағарған шашын қалды көзім шалып,
Бір затты әлде нендей иығына артып,
Өзінің жөніменен кетті тартып.
Сол қарттың арқасында барады өлік,
Қарайып көзге түсті, қалдым көріп.
Ақырын жолдан шығып бұрылдым да,
Қарадым сапарына ай нұрында.
Көтеріп арқадағы жүгін зорға
Асыға жөнеп берді ну орманға.
Алдамшы түс сияқты таң алдында,
Ақыры ғайып болды ол жоғалды да!..»
Тұрғылас, осы өлкенің мекенімен,
Көрдің бе көл бойында көтерілген,
Жартасты жап-жалаңаш жалаң төсті
Жайқалған жасыл гүлі етегінен.
Мұңайып сары гүлді кепкен мүлде
Көріп пе ең арша ағашы түптерінде.
Жел көрмей, жарық көрмей көлеңкелі,
Өседі сазды жердің түкпірінде.
Сол жерде екі тас тұр қатарласып,
Үстерін құм топырақ қалған басып.
Айнала қаптаған шөп төңірегі,
Тастардың сұрғылт басы көрінеді.
Астында соның мәңгі көзін жұмып
Қалқаны, құшағында көк семсері.
Славян еліне де болып ұмыт
Жатыр жас еркіндіктің есіл ері!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу