Өлеңдер ✍️

  29.07.2021
  143


Автор: Сырбай Мәуленов

Ленинград ақындарына

Соққанда сойқан дауылдар,
Темірді ұнтап,
Тас жұтқан,
Қалдыңдар қалай, бауырлар,
Обыр оқ,
Жебір аштықтан.
Шапшыған ұйтқып жалындар,
Әр адым басқан жер көрдей,
Қалдыңдар қалай, бауырлар,
Жалынға сонда өртенбей,
Невадан басқа сенім жоқ,
Мұз ойған жұрттар, жата қап,
Қалдыңдар қалай өмір боп,
Бауырлар өлмей қаталап?
Қаланың үсті қанды түн,
Қаланың үсті қалың от,
Көкірегіңде жанды күн —
Өлеңдерің шамың боп.
Бір жұтым суды іштіңдер,
Бет тосып Нева желіне,
Трамвайлардан түстің де,
Аттандың майдан шебіне,
Бұйрығымен халықтың,
Бір өзіңе бұйырған
Сәулесін бөлдің жарықтың,
Безбенге түсті түйір нан.
Жолыңда орлар қазылды,
Жоқ қолда қағаз-қаламың,
Жүрегіңде сонда жазылды
Тарихы батыр қаланың.
* * *
Татьяна, Ольгалар ел есінде,
Қалды іздері Пулковтың дөңесінде.
Түсті олар аспаннан десант болып,
Матрос болды Балтықтың кемесінде.
Жүрді олар тағдырмен жұлқыласып,
Сыр бермеді дауылда сұрқы қашып.
Қан боранда Неваның мұзын ойып,
Су тасыды мойнына мылтық асып.
Бомбаларды жаудырды жау күнінде,
Ормандарда от болып жанды бірге.
Партизанмен күзетте қалды бірге,
Үзім нанмен үздікті тәулігінде.
Кейбіреуін таппайсың, жерден, көктен,
Болар мүмкін зымырап желмен кеткен.
Ұлы қырғын күндері ұмытылмай,
Жүректері жыр болды ел деп өткен.
* * *
Соғыста қалды оралмай,
Студент қанша достарым.
Тойларда бірге бола алмай,
Басқалар айтты тостарын.
Қызылорда вокзалы,
Ойменен тұнған түн есте.
Біреуің бетке ап Ломжаны,
Біреуің тарттың Брестке.
Әзілдесіп ойнаған,
Жөнелді желмен жастық шақ.
Сендерді кім бар ойлаған,
Қалар деп қатып тасқа ұқсап.
Телеграф сымдар жалғанбай,
Хат-хабар қолға тимеді.
Көрінді шамсыз қалғандай
Жан достардың үйлері.
Әр бірің бір-бір күнім ең,
Арманды қайран, достарым.
Тебіренемін түнімен,
Өткендей жырсыз бос таңым.
Келмеске сапар шектіңдер,
Келешек күнді қиялдай.
Өмірден ерте кеттіңдер,
Жар құшып, бала сүйе алмай.
* * *
Ростов қалып барады,
Менің он сегіз жасымның куәсі.
Ондай алып қаланы
Мен тұңғыш көргенмін туасы.
Бұл қала өртенеді деген
Ол кезде жоқ ойымда.
Шыныққан ерте денем,
Әскер боп Дон бойында,
Құм арқалап, ор қазамын,
Әрбір күн жылдан ауыр,
Бауырмал Дон казагы
Болған сонда туған бауыр.
Түн бойы көзін ілмей,
Түйетабан жапырақ жалбыраған,
Соғысты сезінгендей
Ростов қалғымаған.
Азовтың бұлты басқан
Бұлыңғыр бұ қалада,
Соғыс күндері сұрқы қашқан
Бұрын кеп түскен менің бұғанама.
Ростов қалып барады.
Самолет ағады —
Жарып ауаны.
Мен төменге қараймын,
Менің он сегіз жасым қалып барады.
Айқайласам оған даусым жетпейді,
Жылдар өткен өртеп ізін.
Қайта айналсам көрінбейді
Қайран менің он сегізім!
* * *
Баку.
Ескерткіштер көтерген жоталары.
Баку.
Түнде жанған вулкандай от аралы.
Каспий жерде күндей боп күркірейді,
Толқындары бұлттардай отамалы.
Жұлдыз, жұлдыз...
Басқа еш зат көрінбейді,
Толқын жалын толқытып жел үрлейді.
Имадедин Насими суреті
Мейманхана үстінде желбірейді.
Алты жүз жыл дүниеге ол туғалы,
Алты жүз жыл жырлады ел ол туралы.
Алты жүз жыл көз жасын көбік етіп,
Жоқтайды оны Каспийдің толқындары
Жүре алмады Ширванда,
Шемахында
Тарлық етті дүние кең ақылға.
Тоқтамыстың тоқсан мың қолы келіп,
Туған халқы тұрды оның көз алдыңда.
Көрді тағдыр қуғынын, азабын да,
Бағдаттың да қаңғырды базарында.
Адам деген құдай деп отырды ол
Өзінің бәйіті мен ғазалында.
Көнбеді ол ешкімнің әміріне,
Бас имеді табынып кәрі күнге.
Дарға асқанда тәкаппар тұрды ақын,
Мен,— деді ол,— жердегі тәңірің де.
«Құдай болсаң көрсет, деп қуатыңды», —
Сирияда өлтірді ұлы ақынды.
Батар айдай өңі оның бозарғанмен,
Шыққан күндей от шашты жыры ақырғы.
* * *
Екенсің жердей мықты
Сүйемін қарызыңның өтелгені үшін.
Сүйемін, Пенза, сені
Белинский мен Лермонтовты
Бала кездерінде көтергенің үшін,
Орманыңа
Отты бұлт түнеген
Белинскийдің жалынды сынындай.
Өзендерің күркіреген
Лермонтовтың дауылды жырындай.
Олардың өлімі де
Өмірге жақты шырақ,
Жүрген соң тірілердің көңілінде,
Олар басқалардан бақыттырақ.
* * *
Сәуледей ала көбе ақшамдағы,
Көшеді Түркстанның ақ шаңдағы,
Көрінеді Яссауи мұнарасы,
Көк бұлттың отауындай аспандағы.
Құйылған кембағалдар сел боп тері,
Атышулы мұнара жер-көктегі.
Көк сырлар Византия бояуы ма,
Болды ма, әлде, қазақ өрнектері?
Сақтаған қасиеттеп тастар атын,
Тарих па ерте кезден басталатын.
Кешкілік Қожахмет мазарына
Толғанып қарап тұрды Асқар ақын.
* * *
Майданның кештің қанды дауылдарын,
Арқырап асау күнде арындадың.
Көбіктей оқтын-оқтын күрсінгенде,
Жататын омырауыңды жауып жалын.
Соғатын долы толқын жарыңды ұрып,
Ол кезде кетуші едің жаңғырығып.
Тұнжырап көк орманың түнеретін,
Тұрғандай сенің кекті жаныңды ұғып
Басымды өзің үшін салып сынға,
Жағаңнан шықтым талай шабуылға.
О, Волхов, шаңқай түсте қадалып оқ,
Сорғалап қызыл қаным тамды құмға.
Қайыңның жұққан қаным қабығына
Тараған шығар бойлап тамырына.
Мен қазір барып көрсем сол араны,
Деп түсіп, жаза баспай танырмын ба?
* * *
Өтіпті-ау, Волхов, жиырма жыл,
Көрмегелі мен сені.
Жайқалыпты қырда гүл,
Қаныпты қанмен жер шөлі.
Кітабым болдың күнде ашар
Жатсаң да алыс жерде сен.
Өлеңім болдың сырласар,
Сусыным болдың шөлдесем.
Жалғыз қадам беріспей,
Жағада қанша жан қалды.
Ардағымен көріспей,
Аяулы қанша жар қалды.
Сүңгіді қара түнекке,
Жан достар қанша мерт болып.
Солардың бәрі жүректе
Сыздайды бүгін дерт болып
* * *
Назия өзенінің қабағында
Бір дөң бар тұрған ұқсап қарауылға.
Маршалдай жан-жағына көз салады,
Жатқандай қалың әскер қарауында.
Түнеріп терістіктің бұлты астында,
Боранмен қойнын ашып бұрқасынға,
Секілді өткен күннің ескерткіші,
Қабірлер қарауытып тұр қасында.
Сағым да құлаш жазбай қыр бүктеліп,
Көзге анық шалынбайды күңгірттеніп.
Жарқ етіп ағараңдап көрінеді,
Ойнаса найзағайлы бір бұлт төніп.
Айқасып сол дөңменен жебір дауыл,
Жантайған жанындағы небір қабір.
Солдаттай жарақаты құлпы тастар,
Бетіне із қалдырған жел мен жаңбыр.
Соғамын осы дөңге жылда айналып,
Ағады Назия өзен лайланып.
Қараймын қабірлерге қансыз, сөлсіз,
Қалғандай жүрек тоқтап, тіл байланып.
* * *
Жел желпиді толқынды қанатымен,
Уақыты жоқ Неваның алатын дем.
Әппақ түнде қарайды Петр жалғыз,
Аласұрып атылған ақ атымен.
Мүмкін оның есінде жауған оқтар,
Полтаваның түбінде жанған оттар.
Өзі тұрып қалғанда күндей болып,
Түндей болып ұшқан бір жарқанаттар.
Жер мен теңіз жалғасса аралығы,
Ол жұмыскер Петрдің даналығы.
Россияның ол тұңғыш зеңбірегі,
Россияның ол тұңғыш кораблі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу