Өлеңдер ✍️

  29.07.2021
  141


Автор: Сырбай Мәуленов

Махаббат аралы

Көкпеңбек таулар көшіне
Жарқылдап құшақ жайдым мен.
Секіріп келдің төсіне
Құшақтастым жасыл айдынмен.
— Соқты бір таудан жел кенет —
Дедің сен маған — түн мұздай.
Көк ерке көлге еркелеп
Қойнында ақтым жұлдыздай.
Жеткізбейді қырсығып
«Махаббаттың аралы».
Бір батамын, бір шығып
Бойымда қуат бар әлі.
* * *
Тауларының кетпейді
Жазы, қысы мұз-қары.
Бауырында көктейді
Қырғыздардың қыздары.
Ақ жанындай жайылған
Алдыңда адал тұз-дәмі.
Айнымайды ақ қайыңнан
Қырғыздардың қыздары.
Мұнаралы шыңдары
Құламалы құздары.
Қырғыз таудың жырлары —
Қырғыздардың қыздары.
* * *
Бір шыбықта орман шулап шарқ ұрар,
Шөкім бұлтта арайланған таң тұрар.
Түйір таста бүкіл алып тау тұрар,
Бір тамшыда бүкіл аспан жарқырар.
Адам жаны бір көргеннен ұғылар,
Жалғыз сөзден ақтарылар сыры бар.
Жалғыз сөзден тұла бойың қалтырап,
Жалғыз сөзден жан жүрегің жылынар.
* * *
Әркімнің айтатын өз сөзі бар,
Оны біледі ақын-ел.
Гүлдердің көктейтін кезі бар,
Оның аты — Апрель.
Жыр толғағы жетпесе өледі,
Гүл мезгілінен бұрын көктесе өледі.
* * *
Таулар күледі,
Төбесіне күн шыққанда,
Тастар күледі,
Төсіне көк қына гүл шыққаида.
Ақын күледі,
Айлар бойы дірілдеп.
Жүрегінен жыр шыққанда.
Көл күледі,
Айдынында аққулар жүзгенінде,
Тамшылар күледі,
Жайқалса гүл іздерінде,
Емен күледі
Қасқайып кеуде тосып түз желіне.
* * *
Гүлдер ұшып жатыр,
Күндер өтіп жатыр.
Жапырақтар түсіп жатыр,
Қаздар кетіп жатыр.
Жазылмаған қағаздар қалып жатыр,
Айтылмаған сөздер қалып жатыр.
Жер астында сабаздар қалып жатыр,
Сүйілмеген көздер қалып жатыр.
Адам күндей қайта шықса,
Адам гүлдей қайта шықса.
Қаздар кетпейтін болса,
Жаздар өтпейтін болса.
* * *
Кейіме маған, жан құрбым,
Толқыған теңіз күй атым.
Кейде бүлт, кейде жаңбырмын,
Құрыстап барып құятын.
Көзімнен мөлдір жас ағып,
Жабығам кейде, жылаймын.
Қаламын кейде қасарып,
Келмейді әлі құдайдың.
Көңілден кетпей алаңым,
Кейде бір сәби баламын.
Қар болып кейде жауамын,
Шырқаймын жел боп дала әнін.
Айнымай антқа берік боп,
Алаңсыз болсаң сен егер.
Ақкөңіл адал серік деп,
Жан құрбым, маған сене гөр.
* * *
Тұрмын сенің көркіңе
Ай нұрында сұқтанып.
Көнбей менің еркіме
Кетті көзден шық тамып.
Тек алмасын сол шықты
Ертеңгілік жұрт танып.
* * *
Жол шетінде шыбық бар,
Егіп едім биыл мен.
Шаршай қалсаң тынық бар,
Кешке шығып үйіңнен.
Онда менің жырым бар,
Онда менің сырым бар.
Соны шертіп жас шыбық
Құлағыңа сыбырлар.
* * *
Дерліктей шеберліктің қиясы бұл
Салғандай я пері, я сиқыр.
Курорттың корпусының маңдайында
Кішкентай қарлығаштың ұясы тұр.
Болса да өзі кіші, үміті ірі
Қарлығаш шырыл қағып тағаты кем.
Қиыршық құмды илепті күні-түні
Су тосып қос қияқтай қанатымен.
Ұя сал адамдарға жақын жерден,—
Деп оған қай құс екен ақыл берген.
* * *
Қарағайдың бойына
Жердің исі,
Көлдің исі,
Жаздың исі,
Қаздың исі тұр сіңіп,
Қабығынан
Сыртқа теуіп
Тамшылайды
Аспан түстес,
Таулар түстес
Бұла күшті тіршілік.
* * *
Көкіректе жарасы
Күрсінеді көл Мақпал.
Жасыл изен жағасы
Ақ бетеге, кер қаптал.
Зар еңіреп Мақпал қыз,
Кеудесінде қатқан мұз.
Өңі бөздей бозарып,
Өңменіне батқан сыз.
Көкте жүзген жеке айдай
Болыпты өзі көрікті.
Арманына жете алмай
Көлге түсіп өліпті.
Содан былай көлді бұл
Жұрт «Мақпал» деп атаған
Содан бізге келді жыр
Ұл алып қап атадан.
Қара, жасыл түріне
Мақпал десе мақпалдай.
Со бір көлдің түбінде
Шылау боп ол жатқандай
* * *
Қойғанында толқын лап
Арыстандай сайысып.
Қалады көпір солқылдап
Бүгіліп белі майысып.
Қабырғасы көпірдің
Қайыспайтын күні жоқ.
Өйткені, ол байғұстың
Көтеретін жүгі көп.
* * *
Ашыққан аңшылар
Асхана тапсын сенен,
Адасқан жолаушылар
Баспана тапсын сенен.
Қайтқан құс нөкерлері
Теңіз деп келсін саған.
Даланың бөкендері
Жем іздеп келсін саған.
Тапқандай бар арманын
Тәнті боп шықсын сенен.
Дүниеде адам барын
Әрқайсы ұқсын сенен.
* * *
Достық бөліседі,
Зуылдап атылған қорғасынды.
Достық бөле ішеді
Қайғыдан құлап түскен көз жасыңды.
Адам кенелмейді
Адал досты таппай.
Онсыз көгермейді
Ерте өлген жас бұтақтай.
* * *
Сары қымыз, ақ құрт беріп,
Аттандырды жолайғы ел.
Қарсы алды ақ бұлт болып,
Ақбет тауы, Торыайғыр көл.
Күрсінген күн тау басында,
Жүгірген жел көл басында.
Жоқтап ақын бабаны мен
Тұрмын жалғыз көр басында.
Көл шуылдап, жел сыбырлап,
Ақын жанын ашты келіп,
Тыңдады үнін көк құлазып,
Тау теңселіп, тас тебіреніп.
* * *
Шапты ышқынып шаң боратып топ киік,
Қалды бірі аяғынан оқ тиіп.
Көзінен жас, көкірегінен атылды
Жалын болып ішті өртеген от-күйік.
Шақырса да алға бастап жол тудай,
Шамасы жоқ жатып қалды ол тұрмай.
Қызыл аспан төңкерілді төбеде,
Көшті дала көгілдір жал толқындай.
Жара ауыр болар емес жан шыдап,
Бара жатты ол әлі бітіп қансырап.
Бар арманы жол үстіне құйылды
Қос көзінен жаңбыр болып тамшылап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу