Өлеңдер ✍️
Татар қызы Ғалибану
Торғайда сені көргенім,
Сонау бір бала шағыңда.
Борығын тарттық көлдердің,
Жүзгенде дала сағымға.
Тұрдық бір ашып омырауды,
Тосының төсеп желіне.
Тай болып шаптық қоңыраулы,
Торғайдың көшелерінде.
Айналып темір ошақты,
Құрт көже болса бөле іштік.
Көктегі кемпірқосақты
Көгендеп оймен бөлістік.
Ертемен тұрып жарысып,
Барған сәт көлге күн қызбай.
Жалт етті мерует шаңы ұшып,
Аспаннан аққан жұлдыздай.
...Өсіпсің енді сен-дағы
Шағалам, сен бол, шабыт құс.
Сәби боп қайта кел-дағы,
Еділге мені алып түс.
***
Апрель аспанынан
Ақтарылады ақшуақтар, сәулем.
Марттың соңғы түскен жас қарынан,
Сусып ағады ақ сыныптар, сәулем.
Ұзарады енді күн сапары,
Босанған қыс кермесінен, сәулем,
Көктем шырылдап тіл қатады.
Кішкентай торғайдың кеудесінен, сәулем.
Көп ұзамай құстар, көлдер табысады,
Ақ суырлы арқанның даласында, сәулем.
Аспан мен жер қауышады.
Ақ жауынның арасында, сәулем.
Ал, біздің жолдар ұзақ
Құс жолынан,
Жаз жолынан,
Жаңбыр жолын, сәулем.
Мүмкін туғызбаған шығар
Біздің жұлдыздарды,
Тағдыр оңынан, сәулем.
***
Қоңыр, сары жарасар кейде өңіне,
Ал ақ түспен кетесің керемет боп.
Менің бүкіл арманым көйлегіңе,
Қоныпты ғой шырайлы көбелек боп.
Қарайтын бір сыртынан сынай бағып,
Құлпыра бер жасарып, шырайланып.
Көкірегінен гүл сорып, шырын жұтып,
Көбелектей жүрейін шыр айналып.
даладай құдығына,
Тыққан барлық асылын,
Көздеріңнің тұнығында,
Сырлар жатты жасырын.
Сол тұнықта жауын қойдың,
Іше алмадым бір қанып.
Сол тұнықта қалып қойдым,
Шыға алмадым бұрқанып.
***
Түні бойы сені көріп,
Түні бойы күттім мен.
Түні бойы тебіреніп,
Көзімді ілмей шықтым мен.
Алкүрең бір көйлек киіп,
Өрнегі бар не түрлі.
Тұр екенсің сөйлеп күліп,
Гүлмен желпіп бетіңді.
Жүрек шіркін қабынды ұрып,
Қанасына сыя алмай
Демім бітіп әлім құрып,
Тұрдым сені қия алмай.
Сен түсіндің бе соны?
***
Қай тауларға шықсам да,
Қай жерлерде жүрсем де,
Қай ауаны жұтсам да,
Көңілім менің бір сенде.
Жүрсем мейлі жаныңда,
Жүрсем мейлі жырақта,
Сөзін сенің жадымда,
Үнің сенің құлақта.
Қайғыңменен солсам да,
Сенсің менің құт құсым.
Өзің әлсіз болсаң да,
Менің үшін мықтысың.
***
Тереземіз қарсы тұр,
Бір-біріне телміріп.
Қалқатайға баршы, жыр,
Қайтшы халін сен біліп.
Қорғап мөлдір жүзімді
Қарауыл жүр көзді ілмей.
Періштедей ізіңді
Барып қайтшы сездірмей.
Хабар айтшы сен келіп,
Жүрегімнің жыр құсы.
Ол да мендей өртеніп
Келеп ме екен сүйгісі.
Қайт тезірек сұра да
Өтеміз бе ұғыспай.
Тереземіз тұра ма
Батыс пенен шығыстай?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter