Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  138


Автор: Сырбай Мәуленов

Қыз арманы

(Баллада)
Қасірет басып қарт көңілден ақты үміт.
Жалғыз қызы өліп жанын жапты ымырт.
Іштей аяп елжіресіп тұрса да,
Қарияға қайрат беріп жатты жұрт.
Қайғы құрты қаптады оны андыздап,
Көңіл суып тән қажыды, қан мұздап.
Жатты қария төсегінде бүк түсіп,
Жалғыз қыздан айрылды да жалғыз қап.
Босағадан төрге дейін еңбектеп,
Көз алдында тұрды қызы көлбектеп.
Тұрды қызы жағасында өзеннің
Шал қиялмен құшты барып елбектеп .
Күркіреген күннің естіп дауысын,
Көктеммен бір жайлаймыз деп тау ішін,
Көшті халық, ал ескі жұрт ерекше
Көрінді ыстық қам көңілді шал үшін.
Құйын қиял салды ұйтқытып әлекті,
Болашағын бір ойланып шал өтті.
Қыз қабірін қоршады да айнала
Төңірегіне таңдап жасыл тал екті.
Өсті талдар тірілгендей жалғызы,
Қарт өңінде қан ойнада ал-қызыл.
Терезеге еңкейіп тұр жас терек.
Қайта өмірге оралғандай шал қызы.
* * *
Самолеттер биіксіз тұра алмайды,
Кемелердің толқында жаны кірер,
Ақын көңілі өлеңсіз тына алмайды
Өлеңі де, өзі де – бәрі әбігер.
Бірде шырқап биікке, бірде құлап,
Бірде шыдап күйікке, бірде жылап,
Мың адамның мінезін беремін деп
Жағады ол ойынан түнде шырақ.
Жазған жыры болмаса шебер нәзік,
Өзін-өзі көмер ол терең қазып.
Я болмаса қалар құр көлеңкесі
Болмас әуре ол қайта өлең жазып
* * *
Өзендер ағады,
Жердің тамырындай.
Бір кезде жоқ болады,
Даланың сығымындай.
Орманға жүгіреді,
Шертеді барып сырын.
Оралып кідіреді,
Ауына балықшының.
Құяды жасты талай,
Қоректік азық беріп.
Шабады қас тұлпардай
Бауырын жазып, керіп.
Қиялды ұшырады,
Қанбайсың су сырына.
Толқынын ұсынады,
Шөлдесең сусыныңа.
Тілемей тәңіріден,
Басқа бір бөтен үміт.
Ағасың ағынымен,
Көңілің көтеріліп.
* * *
Талихахан, атың қалай әдемі,
Көзінде ойнап жатыр аспан әлемі.
Бір өзіңде тоғысқандай бас қосып,
Барлық қыздың қияпаты, әдебі.
Үлбірейсің гүл секілді үзіліп,
Сөйлейсің сен сыпайы жай сызылып.
Көгілдірдің жүзгеніндей жүрісің,
Талай көздер талды-ау саған сүзіліп.
Ақ Шолпанның шашыраған шағында,
Тудың кербез көк Оралдың тауында.
Ақ Еділдің айдынына шомылдың,
Аппақ сүттей жаз айының таңында.
Қалды содан таңның сенде нұры ойнап,
Сол нұрыңнан гүлдер өрді бұл аймақ.
Сол нұрыңды шабытының оты етіп,
Толғанды ақын сен туралы жыр ойлап.
Қолаң шашың тал шыбықтай өрілген ,
Қара қасың айдай жаңа көрінген
Аппақ күлкің ақ сәулелер секілді
Ашық аспан омырауынан төгілген.
Сені көріп жыр жазбауға бар ма күш,
Сен боларсың аңыздағы арман құс.
Сұлулықтың тәңірісі - мадонна,
Аспанында қиялымның самғап ұш.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу