Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  102


Автор: Сырбай Мәуленов

Шаймұратов генерал

Башқұрттар кіреді ұрысқа
Артта қалады көк Орал.
Aт ойнатып алда барады,
Шаймұратов генерал.
(Қадыр Даян)
Башқұрттар бұлттай барады көшіп,
Қылыштары жарқылдап,
Омырауы ауаны есіп,
Ақбоз аттары аңқылдап.
Найзағайдың шартылындай
Салдыр-гүлдір үзеңгі,
Алдарында ар туындай
Шаймұратов жүзеді.
Қара бұлттай қаусырынған
Генералдың буркасы,
Жаралғандай тау суынан
Риясыз күлкісі.
Кекті жүзі айбын атып,
Қылышы ойнап қолында,
Келе жатыр Шаймұратов
Қанды майдан жолында.
Қалмасын деп жау аңғарып,
Аңғарынан астырттың,
Тиді түнде жалаң қағып,
Атты әскері башқұрттың.
Сілтеді олар Салаватша
Сапыларын суырып.
Қашты жаулар жарқанатша
Қара түнге тығылып.
Ерлер жауды жүр қылыштап,
Күні туып кек алар.
Дивизия туын ұстап,
Салады ұран генерал.
Бірде оңнан, бірде солдан
Өткендей-ақ өрт жүзіп.
Немістерді жүр генерал,
Ат бауырынан өткізіп.
Ортекенің ылағындай
Атылады аспанға ат.
Орал таудың қыранындай
Көздерінен жас парлап.
Ыза болып ол келеді
Қара қанды ағызып.
Қураймен бір тербеледі
Түнде орманда ән жүзіп:
«Башқұрттар кіреді ұрысқа,
Артта қалады көк Орал.
Ат ойнатып алға барады
Шаймұратов генерал».
* * *
Оқ пен от жерді үңгіді бәрі бірдей,
Төңкеріп тастайтындай әлін білмей.
Қайран жер аунап түспей қалды орнында
Денесі шұрқ-шұрқ тесік жауынгердей.
Хас өлім ашты талай жаңа жорық
Қайран жер қалды өмірге пана болып.
Қан тамған кеудесіне егін шығып,
Қайран жер асырайды ана болып.
* * *
Өзіндей ұяңсың сен ар-ұяттың,
Өзіндей қиялсың сен табиғаттың.
Өзендей көкірегімде ағып жаттың,
Жалындай көкірегімде ағып жаттың.
Кешкілік серуен құрып бақта жүріп,
Сыр шерттің ақ жаныңмен ақтарылып.
Нұрымен көздеріңнің қалды сонда
Жазылып жүрегіме автограф.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу