Өлеңдер ✍️
Есіл толқындары
Кең даланы қыдырып,
Сен келесің жырменен.
Жағалауды жүгіріп,
Көмкересің гүлменен.
Толқындайсың сен күліп,
Сарыарқаның белінде.
Ай төнеді телміріп,
Өзін сенен көруге.
Ел ырысы бүгінгі,
Тұрсың өзің атанып.
Құйдың нәрлі суыңды
Егіндікке апарып.
Алғыс айтар өзіңе
Орманның жас терегі.
Жайқалған күн көзіне
Жердің жасыл желегі.
* * *
Бұрқырап жол танабы,
Қонған гүлге шаң тұнып.
Жайлап оған барады,
Орынынан шал тұрып.
Жастан жаны ғашықтай
Аялап гүл бүршігін.
Алақанмен асықпай
Сүртеді шаң кіршігін.
Кейбіреулер жүр ойлап
Деп «шалдыкі ермек тек»,
Күлімдейді гүл жайнап
Осы нағыз еңбек деп.
* * *
Шығып едің ауырын
Бұл өмірдің көтеріп.
Тыным таппай,
бауырым,
Күркілдейсің жөтеліп.
Кеппейді ғой әудемде
Сызды жердің балшығы.
Көп жылдардың кеудеңде
Қалыпты бір сарсығы.
Құр қиялға беріліп
Қылма өзіңді кіріптар.
Тарқар сырқат серіліп,
Алдында үлкен үміт бар.
Дөңбекшіме түнімен
Өзіңді-өзің құса қып,
Туған жердің күнінен
Сәуле жина,
күш алып,
* * *
Саясыз таудан пайда жоқ
Сапсиып жалғыз тұрғанмен.
Құрақсыз көлде көрік жоқ
Дауылда жарын ұрғанмен.
* * *
Қайғының бұлты қаптаса
Тебіренбей қалай шыдарсың.
Жаныңды жайлап бір дауыл
Толқындай жарға ұрарсың.
Басыңа шығар қан атып,
Кеудеңді жалын орап ап,
Сауылдар жерге моншақтай
Көзіңнің жасы домалап.
Тағы саған оралып,
Жарқырар күндей жас үміт.
Ашуың кетер таралып,
Жаныңның бұлты ашылып.
* * *
Роза гүлдей құлпырып,
Раушан дүние тұр тұнып.
Тек қана бұлақ қиқу сап
Құлайды таудан жұлқынып.
Жайқалып жасыл жер жатыр,
Мейірін саған түсіріп.
Көбігін атып көл жатыр
Көзінің алды ісініп.
Тоймайсың қарап көркіне,
Дүние шіркін бір қызық.
Тұрасың гүлмен желпіне,
Сәуледен ғажап сыр тізіп.
* * *
Төбеде тұр мөлдіреп,
Аспанның айдын шалқары.
Көк бұлттар тудай желбіреп
Жүйткиді дала арқары.
Бәрі таныс бұл жердің
Ой-шұқыры, белесі.
Алыста қалған күндердің
Айналып соқты елесі.
Бүгінгідей тұр бәрі,
Айқара ашып құшағын,
Жалынды жастық жылдары
Құлаққа тосып құс әнін.
Жастықты қайта тапқан соң
Кеткендей бойда бар сырқат.
Көңілде толқын атқан соң
Айқайлап алам ән шырқап.
Шамы жанып тұрған үй
Біздің достық бөлмесі,
Сол арадан тулап күй
Естілмейді, ол несі.
Екі-үш үй өзі бір ауыл
Темір жолдың оң жағы.
Тасына біткен қына гүл,
Қара бұлттай орманы.
Анау оқшау қарағай
Ойнағанмын асылып.
Сол арада жағалай
Күлкі қалған шашылып.
Қалған соның түбінде
Жайдары жаз — жас шағым.
Қырмызы қызыл іңірлер
Көк қыжым барқыт аспаным.
Жастық-ау, өзің екенсің
Адамға біткен бақ,
талан.
Қайрылмай енді кетерсің
Палуандай бастан аттаған.
* * *
Бар ма достық баяғы
Болған бір кез біз жерік.
Көк ормандар саялы
Қурады ма күз келіп.
Көңілсіз бір күй шертіп,
Кезеді ме қырды жел.
Тартпайды ма сый көлкіп,
Толқынымен сырлы көл.
Үзілді ме қиылып,
Шіркін достық түйіні.
Кетті ие әлде үйіріп
Көп жылдардың құйыны.
* * *
Сөгілді бұлттың көбесі,
Көрінді көктің кемесі,
Алатау тұрды асқақтап,
Аспанды тіреп төбесі.
Ақты бұлақ жамырап
Жел есті бұл жер «құтым» деп,
Алатау қара шаңырақ
От жағып жатты түтіндеп.
* * *
Көп іздедім,
Келем дедің,
Келмедің сен,
кешіктің.
Соңына еріп өлеңдердің
Жаптым кілтін есіктің.
Кеттім енді жыр аулауға
Табиғаттың көлінен.
Тауға,
желге сұрау сал да,
Ізде шыңның өрінен.
* * *
Ерте келдім,
Еркеледім,
Көңілімді жықпадың.
Кеште келдім,
Ескермедің,
Қақпа алдынан шықпадың.
Махаббаттың жылуы,
Содан бері суыды.
* * *
Гүлдей жүзің құлпырып,
Үлбірейсің жібектей.
Ләззатпенен ынтығып
Сағынамын күн өтпей.
Ренжітпе, қойныңды аш,
Махаббатым айнымас.
Сырым мәлім өзіңе,
Ықыласым ауды бір.
Раушан жаз кезінде
Бүр жарған сен балғын гүл,
Ақылың сай нұрыңа,
Илан айтқан шыныма.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter