Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
28.07.2021
121
Бидайық
Жайқалады бидайық
Ленинград аэропорты алаңында.
Жайқалады бидайық
Пулковтың қабағында.
Жайқалады бидайық көз алдымда,
Жайқалады бидайық өз жанымда.
Қайдан келді бидайық, қайран қалдым,
Сарыарқаның сап-сары сәулесі ме?
Сонау өткен сұрапыл майдандарды
Сап-сары бидайықтар салды есіме.
Мен кетерде:— Далаңды сыйла, ұлым,—
Деп анам қарай-қарай қалып еді,
Жасын төгіп Торғайдың бидайығын
Жан қалтама ырым ғып салып еді.
Жараландым үш рет, жараландым,
Көп досымнан көз жазып дара қалдым,
Бидайығым қалған-ды осы өлкеде
Бір ұшына түюлі орамалдың.
Одан бері талай бұлт көшкен шығар,
Ол күндер емес тіпті естен шығар,
Мүмкін менің қанымнан
Ленинградқа,
Волховқа
Сап-сары бидайықтар өскен шығар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter