Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  384


Автор: Абай Қалшабек

ЖАЛҒЫЗДЫҚ


            (ЛЕРМОНТОВТАН)

Өмірдің сұмдық расында
Жалғыз өткізген сәттері.
Қуансаң бәрі қасыңда,
Қайғырсаң досың жоқ тегі.

Жалқымын мұнда мен зарлы,
Қайғы, мұң қысқан жанымды.
Тағдырға мойын ұсынған
Өткен күн бейне сағымды.

Келеді қайтып сол жылдар
Алтындай ескі арманмен.
Қазулы көрім алдымда
Не табам жерде қалғанмен.

Ол үшін ешкім құлазып,
Жыламас кәміл сенімім.
Туылғанымнан да әрі асып,
Қуантар менің өлімім.



Найзағайдың жарқылында,
Аққан судың сарқылында,
өнеге бар ұққанға.

Шыққан күннің батуында,
Оның қайтып атуында.
өнеге бар ұққанға.

Жасыл шөптің шығуында,
Оның шіріп құруында
өнеге бар ұққанға.

Туған жанның өлуінде
Шырағының сөнуінде
өнеге бар ұққанға.

Найзағайдың күркірінде,
Тамшылардың сіркірінде
Ақиқаттан хабар бар.

Осыларды ұға алмасаң,
Үдесінен шыға алмасаң
Оған қандай амал бар?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу