Өлеңдер ✍️
Көше сыпырушы
Жұмысқа жастай жұтынып,
Ерте тұрып азаннан.
Жүреді бір қарт сыпырып,
Көшені тұнған тозаңнан.
Күн құйса суық бұршағын,
Ағашты күтіп ем істеп.
Кей кезде көкшіл шыршаның
Қырқады шашын тегістеп.
Үстіне талдың су шашып,
Жапырақтарды жуады.
Торғайлар шалды жырласып,
Бұтақта мәз боп тұрады.
Жанынан күнде ағады,
Бастарын изеп барша адам.
Мақтанып іштей қалады,
Риза болып шал соған.
***
Екі шоғыр бұлт аспанға шықты ойнап
Жауады деп тұрады екеуін жүр ойлап.
Бірі жауып құя салды нөсерін,
Екіншісі өте шықты сырт бойлап.
Жауған бұлттан жауқазын боп із қалды,
Бірі жаумай жерден нұрын қызғанды.
Сол бір бұлттай адамдар бар ойласақ,
Өмірінде сыр ашпайтын ызғарлы.
***
Жаңа ғана көрінген
Жалт бұрылды күн алдап.
Күнге төсі керілген,
Алатау тұр тұмандап.
Жердің аппақ төсегі –
Жаңа жауған жатыр қар.
Көрінбейді кешегі,
Тауға қонған шатырлар.
Көңіл де енді бұйыққан
Бұлт жамылған аспандай.
Тұқырта кеп ыйықтан
Ауыр тұман басқандай.
Шолып арғы өңірді
Тастайсың бір көз қырын.
Жарқыратып көңілді,
Жатқандай бір өз күнін.
***
Тұманды күндей мұнартып,
Көлеңке болғым келмейді.
Еліме босқа жүк артып,
Тек ерке болғым келмейді.
Сіңірсем деймін жеріме
Маңдайдың терін ағызып.
Жасасам деймін еліме
Жанымның отын тамызық.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter