Өлеңдер ✍️

  26.07.2021
  175


Автор: Сәкен Иманасов

Мағжан

Өз көрін өзі барып тірі қазған,
армысың,
жыры маржан
Ұлы Мағжан,
тағдырың тап келгенін көрмеймісің,
кезеңге тілің арзан, дінің азған.
Ту-туден жетсе талып әлдебір үн,
елестер сенің ауыр, зарлы өмірің,
қара бұлт қам көңілің сияқтанып,
ізіндей шұбатылар зәндемінің.
Жан болып жаралдың да құсаң қалың,
жетпеді жеке самғап ұшарға әлің,
желмая, желге біткен екпініңмен
ешкімнің алдына да түсе алмадың!
Тиді ме,
тимеді ме тірі себі,
талантың тау ішінің ірісі еді,
жақпадың заманға да,
жаманға да,
солардың кешірмеді бірі сені!
Біреуі көре алмаса Даңқыңды асқан,
біреуі салды бұғау тартынбастан.
Сен болдың жаһандағы жалғыз ақын
туа сап "пәлесінен" халқың қашқан.
Жаралы жауынгер ең жорықтағы,
төбеңнен найза-қылыш төніп тағы,
міз бақпай,
қайда барсаң матап ұстап,
обыры обалыңнан қорықпады.
Қасықтап қасіреттің жұтып уын,
біржола тұтылдың да тұтылуын,
күн сайын қылқындырған қыл тұзақтан
қиындап бара жатты құтылуың.
Оп-оңай ие болып гүлді баққа,
біреуі ағайынның мінді ме атқа —
жақсыны алдына сап айдап көріп,
шетінен байлап беріп жүрді жатқа.
Өксітіп,
өкіндіріп,
қапы қыла.
тірідей талатқызды жат ұлына,
Ақынның Басы орнына
тілін кесіп,
шыңғыртты
шынжыр салып тақымыңа!
Отырып өз үйінде болдың өгей,
Ақынға ол не деп ең,
қорлық емей,
Бұлбұлын
бұлдырықтай көрмегенге,
арзан сөз,
ащы ызаға толды көмей...
Айналып ойың — ойран,
ми — қаңбаққа,
бір рет сайратқызбай Иран-бақта,
не дерсің,
ғазалыңа мүлгіп тұрып,
жендеттің азабына қиған хаққа!..
Көретін көкірегінде көзі бар жан,
Кісі едің сөзі маржан,
өзің арзан.
Тағдырың тап келгенін көрмеймісің,
кезеңге
көзі бағжаң, сезімі азған.
Кейде бір өнім ауып,
сәнім ауып
тұрғанда
соны ойлаймын ауық-ауық.
Сейіле қоймағандай көрінеді,
басынан ақындардың әлі қауіп.
...Заманды қанша жерден құстанала,
айналып екі жүзді ұстараға,
елу жыл бізге Сені жамандатып,
ақыры өзі келіп түсті араға.
Алтынның бүлінбесін көзі көріп,
ақыры түсті араға әзі келіп,
айналған әлдеқашан арзан мұңға,
берілді Мағжанның да сөзіне ерік.
Жүзінен талайлардың түршігіп жыр,
бір батып су түбіне,
бір шығып жүр.
Мәңгілік Мағжан үнін өшіре алмай,
біреулер әлі күнге қырсығып жүр!
Заманның сұрқын көріп —
құлқы мұз-қар,
менің де ішім бір өрт,
сыртым ызғар.
...Ақынын өз қолымен өлтіріп ап,
жоқтайтын
жүз жылдан соң
ғұрпымыз бар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу