Өлеңдер ✍️

  26.07.2021
  105


Автор: Сәкен Иманасов

Барарың, бармасыңды қалта біліп

Барарың, бармасыңды қалта біліп,
жатқаны той да тарқап,
тарқап үміт,
қастандық —
күле қарап қалады ол да,
кезігіп қара жолда сан тағылық.
Түтігіп, сен дегенде түсі қашып,
жатады ұрдажықтар ұшырасып,
олжалы орыннан да құр қаласың,
обырдан тұрмағасын күшің асып...
Білмеген кімге барып ұрынарын,
қаншама кезігеді ұры-қарың,
оған да құн төлейсің,
діңкелейсің
сүлдерің сүйретіле, құрып әлің!..
Жүрегің шайлыққанда барлығынан
қорқау да қос көрініп таңғы ұлыған,
басқан із, қашқан ізің шыр айналып,
тірейді жарға апарып —
алды күмән!
Қаныңды қайнап тұрған қан-жылым ғып,
сау етіп шыға келер сан зұлымдық,
амалсыз айлалыға тізгін беріп,
аз күңдік пайданы да қаржы қылдық!
Баяғы бақ пен дәулет тұнған абат,
еліңді, жеріңді де құл қанамақ,
барарың,
бармасыңды қалта біліп,
қалдық па қайырымсыз пұлға қарап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу