Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
25.07.2021
179
Арман-қиял, не жең мені, не жеңдір
Арман-қиял, не жең мені, не жеңдір,
арғы бетте арбау барын сезем бір,
керуен біткен кері айналып лезде,
ақсақ түйе алға түскен кезең бұл.
Амалың жоқ, енді билік соларда:
салдыр-гүлдір сазы бөлек қол арба...
Ақсақ түйе...
аяқтыға жол бермей,
тұлпарды да түсірмей тұр ол алға.
Қисық арба қисалаңдап түсті алға,
енді күн жоқ досыңа да, дұшпанға,
кімнің көзін оям дейсің кіжініп,
қайда бара қоям дейсің... ұшқанда!
Көк желкеңнен жаныштайды жат салмақ,
ей, ағайын, дабылыңды қақсаң — қақ!
Ақсақ түйе бара жатыр ақсаңдап,
сен қарайсың екі көзің ақшандап!
Кілт бұрылып кете де алмай сен дербес,
көп қазақтың бірі болдың керуенге еш, —
енді кімге өкпелейін, құдай-ау,
ақсақ түйе көпке дейін...
жол бермес!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter