Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  124


Автор: Сәкен Иманасов

Еңсем түгілі, етегімді елге бастырмай

Еңсем түгілі, етегімді елге бастырмай,
Өзім бар жерде өзгенің жағын аштырмай,
Пендені бетіме қаратып көрген жоқ ем мен,
Бес төбет келіп беттей алмайтын қасқырдай.
Патшаның қызы батып кіре алмас қойынға,
Бес жігітіңнің буы бар еді-ау бойымда,
Алаш ұлына асыртпап едім бастан сөз,
Тығыла күліп.., жығыла жүріп сойылға.
Қарасы түгілі, ханның алдында кішірмей,
Қарныма бола кісіге күнімді түсірмей,
Қаһарым болса қайғыға қарсы салушы ем,
Қара бір тастан қашай да салған мүсіндей.
Қиянат көрсем — қарайып қайта қаныма,
Жексұрындарды жолата қоймай маңыма,
Жағымпаздардың (өліп кете ме өзеуреп),
(Тұра қашпадым).., құлақ аспадым зарына.
Жүрейін десем пенделіктен де алшақтау,
Иттері ырылдап, биттері жыбырлап... шаршатты-ау!
Ар сатпау еді Аллаға берген антым да,
Қиындап барады, қайтейін, бірақ жан сақтау!
Көптен-ақ көзге үйіріле қоймай жырдан шық,
Көлі құрғаған көңілдің өзі тұр қаңсып. ...
Қабамын дей ме — қаптап келеді көп төбет,
Тісін ақсита тап-тап береді... бір қаншық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу