Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  133


Автор: Сәкен Иманасов

Сезіп жүрсің

Көзіңнен таса қылдың ба,
қалқам-ай, мені қас қағым,—
салмағын ішкі мұңның да
сезіпті сенен басқа кім?
Үндемей ғана отырып,
түріме қарап тоясың.
Айтайын десем өтірік,
оны да біліп қоясың.
Салды ма тірлік сарсаңға,
өзімнен бұрын ұғасың.
Біреумен ұрсып қалсам да,
айтқызбай біліп тұрасың.
Кінәлі болсам — болармын,
күнәлі болып көрмегем,—
Айтқызбай біліп соны әр күн,
ашуға ырық бермеп ең..
Кісідей болып сүймеген,
сен қайтер екен деймін де,
жұмыстан кейін үйге мен
кешігіп келсем кейбірде;
есігіңді ашып, еркелеп,
жүзіңді теріс бұрмадың:
"Келдің ғой бүгін ерте!" — деп,
күлімдеп қана тұрғаның...
Түбінде тұрып тұнықтың,
шөлдеген күнің құрсын-ау!..
Қылымси білмес
қылықтым,
оны да сезіп жүрсің-ау!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу