Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  113


Автор: Сәкен Иманасов

Жететіндей осы өлеңнің түбіне

Жететіндей осы өлеңнің түбіне,
неге сонша өліп-өштім бүліне?
Менен басқа ақын құрып қалып па,
азаптанып, арпалысқан күніге?
Күні бойы көк түтінге қамалып,
Кімге бола жан беремін, жан алып?
Жылауда ма,
күлуде ме мақсатым,
жүруде ме көптің бірі саналып?
Қазақ үшін керегі не өлеңнің,
өлеңдетіп қай құрметке бөлендім?
Алау болғам, жалау болғам дейін бе?—
Жыртығына жамау болғам жоқ елдің.
Кімге бола танды көзбен атырам,
күні бойы басты неге қатырам?
Мұздай болған қай көңілді жібітіп,
Қай жүректі бүлк еткізіп жатыр ән?
Лақтырып қағазды да,
қаламды,
кезіп кете берсем бе екен даламды,
Өмірдегі олқымды бір толтырып,
жуып-шайып көңілдегі алаңды.
Бір қызыл гүл көрсем бірақ даладан,
қайта келіп ақ қағазға қадалам.
Жететіндей осы өлеңнің түбіне,
түні бойы жан берем де, жан алам.
Қызығырақ бола түсіп енді өмір,
құшағыма тола түсіп енді өңір,
Жаза берем, жаза берем тағы да,
маза деген болмақ емес менде бір!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу