Өлеңдер ✍️
Мүмкін-ау
Мүмкін-ау...
мүмкін...
мүмкін,..
мүмкін бәрі —
мені де дүние шіркін бір тыңдары.
Кішілер жабырқаулы жанарымнан
түсінер жас аралас күлкімді әлі!
Ел қамын енді ойланар кемел іні,
түбінде түсінбесін неге мұны,—
күлмей де қайтер едің,
тәңірдің де
тайса егер тура жолдан төрелігі!
Қайда жүр қазекеңнің қалған ұлы,
елім деп еңіреген бар ма бірі?
Осылай өткені ме ендігі өмір,
біржола кеткені ме ар қадірі!
Маңырап лағы да, бұлағы да,
аңырап ата жұртың жылады ма,—
Өтпесе, өлесің бе, сезім,
сөзің
жетпесе періштенің құлағына!
Мұңымды мықтылардай ұқтыра
алмай,
шынымды жайын ауыз жұтты қандай?
Айналып күні — түнге,
үмітім де
ақырын ери-ери бітті қардай.
Торығып...
іздегенім шындық еді,
зорығып, сенімнің де сынды белі,
жүрмін бе, шоламын деп алысты мен,
түсе алмай дәл үстінен, кім біледі!
Жүрегім қанша болды жұлқынғалы,
жалған ба жас аралас күлкім бары.
Кетпесем бүгін өліп,
түбі келіп, мүмкін-ау,
дүниенің бір тыңдары!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter